Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Қазақ отбасындағы адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы

«Жаңаөзен қаласындағы №13 жалпы білім беретін беретін бастауыш мектеп »
мемлекеттік мекемесі

Тақырыбы: «Қазақ отбасындағы адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы»

Дайындаған: Педагог-психолог
Дармағамбетова Багила Бегенишовна

2015/2016 оқу жылы

Баяндама

Тақырыбы: «Қазақ отбасындағы адамгершілік — рухани тәрбиенің маңыздылығы»

Қазақ халқында әуел бастан отбасы ең басты құндылықтардың
бірі саналған. Оған «Отан-отбасынан басталады» деген нақыл сөз дәлел бола
алады. Шындығында да отбасы –кіші бір мемлекет, яғни үлкен мемлекеттің
кішкентай бір құрамдас бөлігі. Ертең үлкен қамалдарды бағындыратын, елі
үшін еш нәрседен тайынбайтын, жұртына қамқор, патриот азамат осы отбасынан
шығады. Ал оны біздің халқымыз ертеден-ақ білген, соның үшін де «Жақсылықты
алдымен анаңа жаса, «Бала бауыр етің», «Әке асқар тау, ана-мөлдір бұлақ,
бала – жағасындағы құрақ» деген сияқты мақал-мәтелдерді ұрпағына аманат
етсе керек. Халқымызда баланың рухани-адамгершілік тұрғыда дамып, өзін
қоршаған ортаға мейіріммен қарауға тәрбиелейтін салт-дәстүрлері де
жетерлік.
       Қазақ   халқы  баланы  дүниедегі  барлық  асылдан  жоғары 
бағалаған.  Сондықтан   да халқымыз   «Балалы   үй – базар»,  «Босағасын  
алтынмен   соқсаң   да,   перзент   сүймей,  адамның   мейірі  
қанбас»,     «Ақыл   тойға   келген   қыз   емес   пе,  айлық    қолға   
ұстаған   мұз  емес  пе,   бала   артта  қалған   із  емес  пе?»  деп, 
барлық  асыл  сөздерін  балаға  арнаған. Қазақ  отбасы  көбінесе  көп 
балалы   болған  ғой.   Қазақ   отбасы  ата-әже,   әке-шеше,  балалар  - 
үш  ұрпақты  құрамнан  тұрған.  Ата-әже  мен  әке-шешенің  қарым-қатынасы 
жас  баланың  адамгершілік  жағынан  толысып,  жетілуіне  үлкен  үлес 
қосады  және  ізгілікті   іске   баулиды.
Жалпы қазақ халқындағы бүкіл салт-дәстүр отбасылық қарым-
қатынастарды реттеуге бағытталған десек артық айтпайсыз. Баланың рухани
кемел адам болуы үшін қазақ халқы салт-дәстүрлермен қатар тыйым сөздерді,
ырымдарды жиі қайталап отырған.
Біздің халық жетімін жылатпаған халық. Тіпті сонау ерте
кездегі қазақ халқы ертегілеріне көз салар болсақ «Баяғыда бір жетім бала
балыпты», деп басталатын ертегі кездеспейтін, бұл сарындас ертегілер кейін
пайда болды. Керісінше, «Баяғыда бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты,
тек бір перзентке зар болыпты» деп басталатын ертегінің көпшілігі. Бұның
өзі халқымыздағы отбасының, артында қалатын ұрпақтың, ол ұрпақтың сапасының
ең алғашқы орында тұрғандығының тағы бір дәлелі.
Қазақ отбасында ұл бала мен қыз баланың тәрбиесі екі түрлі. Ұл
бала мейірімді, ізетті болғанымен, керек жерінде ержүрек, батыл болуын
талап еткен. Сол бағытта тәрбие берген. Ал қыз баланың тәрбиесі мүлдем
бөлек. «Қыз жат жұрттық» екенін ертеден есте ұстаған қазақ қыздарын ерекше
құрметтеген.
Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық,
яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімді болуда отбасы
үлкен рөль атқарады. Шын мәніндегі кемел білімімен терең сусындаған және
сол білімін ұлт мұратына құрбан еткен азамат -азаматтың төресі. Ал ол
азаматты тәрбиелеп, ұясынан ұшырып, тұғырына қондыратын орта ол –отбасы.
Қай заманда, қайсы елде болса да жанұяның адамзат ұрпағына
ететін ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға
болмайды. Жанұя тәрбиесінің түрлері мен мүмкіндіктері көп, әсіресе
көргенді, ынтымақты, тату тәтті тұратын отбасында шаңырақ шаттығы-
негізінен, қоғамдық сананың адамгершілік, кісілік, қайырымдылық, әдептілік,
әділеттілік сияқты толып жатқан моральдық ұғымдарға негізделеді. Бала үшін
отбасында ең алдымен, әке-шешесінің, ата-әжесінің басқа да ересектердің
инабатты, кісілік үлгілерінің маңызы зор. Бала өз заманына тән кісілікті,
әдептілікті, қайырымдылықты, тіпті бұзақылықты да алғаш рет осы өзінің
отбасында меңгереді. Үй ішінде күнделікті айтылатын ұлағатты өсиеттері мен
ақылы, ал жастардың оларға деген сый құрметі, адал көңілі, әдепті
қылықтары, ерке-назы, жалпы алғанда, дұрыс қалыптасқан моральдық-
психологиялық қарым-қатынастар отбасы өмірінің ерекше рухани бір байлығы.
Осындай отбасында өскен балалар бақытты, олардың өмірден алатыны да, өмірге
беретіні де көп болады.
Балалардың бойындағы қабілеттің, қайсы нәрсеге бейімділігін, ол
қабілеттер мен бейімділіктер қашан, қай мезгілде пайда болатыны әлі де
толық шешіле алмай келеді. Соның салдарынан дүниеде миллиондаған адамдар
өздерінің болашақтағы орнын дұрыс таңдай алмай қиналады, сәтсіздікке
ұшырайды. Отбасы мен ата-аналардың осы проблемаларды шешуге тигізетін
пайдасы мол. Талапты жастарға мамандық таңдау үстінде дұрыс бағыт, кеңес
беретіндер негізінен, ата-аналар. Себебі, балалардың сырын да, қабілетін де
ата-аналарынан артық білетін адам жоқ.
Адамның ең асыл қасиеттерінің бірі - оның жұртқа ұнамды мінез-
құлқы. Ол қасиет негізінен отбасында қалыптасады. Отбасы тәрбиесінің
осындай ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін қоғамдық тәрбиенің міндеттері мен
ұштастыра білсек, оның берері мол.
Баланы тәрбиелеуге ата-ана жеткілікті мән бермесе, бұл істің
нәтижесіз болары күмәнсіз. Абай былай дейді: "Балаға көбіне үш алуан түрлі
мінез жұғады. Біріншісі-ата-анадан,, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі-
құрбысынан. Солардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек
жұғады". Сондықтан жұмыс қаншалықты қауырт болса да, қаншалықты шаршап-
шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін ұмытпауы тиіс. Балалардың болашақ
қадамы отбасында басталатыны бәрімізге аян. Бала жақсы әдетті болса да,
жаман әдетті болса да ең алдымен жанұяда алады..
Ата-аналар балаларын мәдениетті, кішіпейіл адал азамат етіп
өсіргілері келсе, ең алдымен олардың өздері кіршіксіз таза адам болуы
керек. Көпшілік жағдайда баланың бойында теріс қылықтардың пайда болу
себебін жанұядағы үлкендер өздерінің бойынан іздемейтіні өкінішті-ақ.
А.С. Макаренко ата-аналарға арнаған еңбегінде "Сіздің мінез-
құлқыңыз -жеткіншек тәрбиесіндегі бірден-бір шешуші құрал. Сіз қалай
киінсеңіз, басқалармен қалай әңгімелесесіз, қалай қуанып, қалай қайғырасыз,
достарыңызбен және қас адамдарыңызбен қалай қатынас жасайсыз, сіз қалай
күлесіз, газетті қалай оқисыз, радионы қалай тыңдайсыз, міне, мұның
барлығының да бала үшін маңызы ерекше"- деген болатын.
Ата-аналар шын беделге ие болған жанұяларда олардың жай ғана реніш
білдіруі, ескерту жасауы баланы теріс істерден сақтандыру үшін жеткілікті.
Беделдің болмауынан балалар ата-анасымен ашылып сөйлеспейді. Олардың
ескертпелеріне дөрекілікпен қарсыласумен жауап береді. Кішкентай күнінде
сәби ата-анасын жан- тәнімен қадірлейді, оларды бар зейінімен тыңдайды. Ал
ақылы кіріп жақсы мен жаманды ажырата бастаған жасөспірім үйдегі үлкендерге
енді ересек көзбен қарайды. Бірақ бұл жағдайды біздер, ата-аналар, үнемі
ескере бермейміз. Қорқытумен, күш көрсетумен балаға айтқанымызды істетуге
әуеспіз. Мұндай отбасында нашар мінез-құлықты балалардың өсетініне мән
бермейміз. Отбасындағы байсалды, бірқалыпты қарым-қатынас балалардың ата-
аналарына сенімі мен құрметін күшейтетінін ұмытамыз. 
Әрбір ата-ана баласының тәрбиесі үшін Отан алдында, мемлекет алдында
жауапты екенін ұмытпағаны абзал.
Алдында ешқандай қуанышы болмаса, адам жарық дүниеде
тіршілік етіп жүре алмайды. Адам өмірінің ең жақсы атышулы қозғаушысы-
ертеңгі қуаныш”- деген А. С. Макаренко. Олай болса әрбір ата- ана балаларын
ертеңгі қуанышты сезіне білуге тәрбиелеу қажет. 
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа-
адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай
адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен
ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың
бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік
құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен
педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани
-адамгершілік тәрбие- екі жақты процесс.
Қазіргі кезеңдегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, тұрмыстағы
күйзеліс, ұлтаралық қатынастардың шиеленісе түсуі, адамгершілік
құндылықтардың құлдырауы, білімге, адал еңбекке деген ынтасының азаюы,
отбасын құруға жауапкершілікпен белсенді қарамауы, зорлық-зомбылық пен
қатыгездіктің бел алуы т.б. мәселелері жастар тәрбиесіне жаңаша қарауды
талап етіп отыр. Сонымен қатар, қазақ халқының әріден келе жатқан
мәдениетін және білім, тәлім-тәрбие беру жүйесінің негіздерімен
жан-жақты танысу бүгінгі күннің
басты бағдары, талабы десек те болады. 
Тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында:
“Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек
екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс.
Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер
көмектеседі, солар арқылы ол жалпы азаматтық мәдениетке аяқ басып, өз
халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады.
Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезімен өткеннің тағдыры мен талаптарын,
объективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап,
оларды жинақталған бай тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-
аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек” екені айтылған. 
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек,
ол бала солай бола алады», — дейді
Мектепте баланы мектеп жасынан адамгершілікке,
имандылық пен өзіне-өзі қызмет етуге, мәдени- гигиеналық машықтарды
қалыптастыруға, еңбекке, бауырмалдыққа баулуға, патриоттық сезімді
қалыптастыруға үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуға бағытталған жұмыстар
жүргізіледі.
Ал барлық мектептерде жүргізіліп отырған өзін-өзі тану пәні
халқымызда бір дәстүрді ғылыми негізге түсіріп, пән ретінде оқытып, болашақ
ұрпақ игілігіне айналдыру ниетімен жасалған десек артық айтпаймыз. Өзі өзі
таныған адам, өз бауырларына, отбасына,туған туысына,халқына, қала берді
әлемге көзқарасы өзгеріп,өзіндік азаматтық көзқарасы қалыптасады. Елбасымыз
Н.Әбішұлы айтқандай: «өзгерістерден қорықпайтын,әлеуметтік жағынан
белсенді» ұрпақ тәрбиелеуде «өзін-өзі тану» пәнінің мәні мен маңызы зор.
Адам бойына кішіпейілділік, сыпайылық, рақымшылық, жанашырлық, сыйластық,
тілектестік сияқты қасиеттерді дарыту және өзгелерді қадірлей, сыйлай,
құрметтей білу, тыңдай білу, қолынан келгенше адамдарға көмектесу,
кешірімді болуды үйрету де «Өзін-өзі тану» пәнінің үлесіне тимек.
Сондықтанда «Өзін-өзі тану» пәнінің әрбір сабағы әр баланың шабытын
арттырып, сенімін ұялатып, өз қажеттілігін өзі өтей алу дәрежесіне
жеткізеді. Жалпы оқушыларға рухани –адамгершілік тәрбие беруде өзін-өзі
тану пәнінің рөлі ерекше.
Жалпы балаға рухани- адамгершілік тәрбие берудің бір бағыты
мектептегі үйірме жұмыстары да болып табылады. Әр түрлі үйірмелерге қатысу
баланың шығармашылығын дамыту арқылы оның өзіне сенімді адам қашанда рухы
биік, адамгершілігі мол болады деп сенемін.
Соңдай ақ мектепте тәрбиемен бірге оқу тәрбие жұмысы қатар
жүргізіледі. Бала тәрбиесінде тәрбие жұмысы аса маңызды...
Тәрбие жұмысын педагог мамандармен бірге ата-анада бірлесе
отырып жүргізсе келешек ұрпақтың өнегелі де, білімді болары сөзсіз.
Жасөспірім балаларды өнер, білімге баулып, тәрбиелеуде балалар
әдебиетіндегі ертегілер мен аңыз-әңгімелердің, өлең-тақпақтар мен мақал-
мәтелдердің, жаңылтпаштардың маңызы өте зор өйткені мұғалімнің немесе ата-
ананың ертегіні әсерлеп айтып, балаға жеткізуі баланың сол ертегі бойынша
түсінігін қайталап айтып беруі оның тек сөздік қорын молайтып қана қоймай
ақыл-ойын жетілдіреді. Бала жақсы кейіпкерлерге еліктейді, жаманнан
жиренеді, жақсы болуға, еңбекқор, адал болуға үйренеді.
Ата-аналармен жұмыс істеу көп ізденуді, еңбек етуді қажет
етеді. Соған қарамастан мектеп ұжымы  жыл бойы ата-аналармен әр түрлі
бағытта тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Ата-аналармен бірлесе жұмыс істеу
мақсатты түрде өте ұзақ мерзімді қажет ететін үрдіс екеніне көзіміз жетті.
Ата-аналарды балалармен бірге әр түрлі іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға
тарту бала үшін де, ата-ана үшін де, мектеп үшін де  игілікті іс
болатындығын көптеген жұмыстарымыз дәлелдеп берді.
Мектеп-отбасы ынтымақтастығын нығайту мақсатында мектебімізде «Әжелер»,
«Әкелер» кеңесі құрылып көптеген жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл кеңестердің
мақсаты:  жас ұрпақты рухани құндылықтарды бағалай білуге үйрету, мектеп
пен отбасы ынтымақтастығын қалыптастыру, бала бойында ата-анаға деген
құрмет пен сенімділік арттыру; Осындай мақсатта ата-аналармен, балалармен
психологиялық тұрғыда көптеген семинар-тренинг, дөңгелек үстел, ата-аналар
жиналыстарында бала тәрбиесіне қатысты баяндамалар оқылып, талқылап ортаға
салып отырамыз. Атап айтар болсам «Бала тәрбиесіндегі ата-ана
жауапкершілігі», «Отбасы –ұлағат ұясы», «Мектеп пен отбасының
ынтымақтастығы», «Әке- жауапты лауазым», «Әке деген ізгіліктің жолдары»,
«Ұрпақ –тәрбиесі баршаға ортақ», «Бала тәрбиесіндегі мадақтау мен жазалау»
т.б. Әрбір ата-аналармен жүргізілген әңгіме-кеңесте, семинар-тренинг
барысында бала тәрбиесі мәселесінде ата-ананың жауапкершілігі зор екендігі,
баланың отбасында адам баласына тән қасиеттерге дағдыланып ұяда көргенінен
өнеге алатындығы  сөз болды.
Бүгiнгi мектептің алдында тұрған басты мiндет – окушының
ұлттық сана-сезiмiн оятып, тәрбиелеп қана қоймай, оның бойына халықтық
педагогиканы, ғасырлар бойы қалыптасқан тiл, дiн, тәрбие, ұлттық салт-
дәстүр, үлгi-өнегенi, адамгершілік және рухани тәрбиені сiңiрту болып
табылады.
      Мектеп пен жанұя бірлігі тек жиналыс, сұхбаттармен ғана емес, осындай
игі шаралармен түрленсе ғана өзінің нәтижесін бермек. Ол мектеп үшін ғана
емес, әр баланың жүрегіне мейірімділік шуағын төгіп, қуаныш сыйларына
сеніміміз мол. Ата-аналар мұғалімдердің басты көмекшісі деуге болады.
Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек
жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат
тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиеттімді
мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым,
жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.
Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам
бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен. Шындығында бұл ақиқат. Олай болса,
жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-
әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап
қоя білуге тәрбиелеу — адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету
үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас
кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды.
Ол үшін Ақанның осы үш қасиетін бала бойына дарыта білсек-ұлы жеңіс болары
анық.
«Айналдырған тас» туралы аңызды тыңдап көріңіздерші: «Ел
кезіп жүрген бір адам келе жатса, алдында жатқан үлкен бір тасты көреді. Ол
таста «Аудар да, оқы» — деп жазылған жазуды көреді. Ол тасты әрең дегенде
аударып, екінші жағын қараса, «Өз білгеніңе назар аудармай, жаңа білім неге
іздейсің?» — деген жазуды оқиды», яғни бала тәрбиесінде туындап жатқан
мәселенің шешімі өзімізде екен.
Өз баламызға: мен сені жақсы көремін, мен сенімен біргемін. Бірге біз
барлығын да жеңеміз! — деуді бүгіннен бастайықшы, құрметті ата-аналар,
әріптестер!

Ұқсас жұмыстар
Толеранттық тәрбие отбасынан басталады
Адамгершілікке тәрбиелеу әліппесі
Ұрпақ тәрбиесіндегі рухани - адамгершілік мәселелері
Отбасылық тәрбиенің адамгершілік негіздері
Тәрбие жұмысын мультимедиялау
Жеке тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерінің дамуына ықпал ететін ізгілікті білім беру ортасын құру
Рухани - адамгершілік тәрбие
Отбасындағы бала тәрбиесі
Бала – отбасымен бақытты
Баланың тілінің дамуында рөлді ойынның маңыздылығы
Пәндер