Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Анамызға еркелеп

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Сыйынар ем Ана деген тәңірге»

Сабақтың мақсаты: Білімділік-8-наурыз аналар мерекесі жайлы мағлұмат беру.

Оқушыларды 8-наурыз мерекесінің ерекшелігімен таныстыру. Ананың қадір
қасиеті туралы мағлұмат беру.

Дамытушылық- Балалардың ой өрісін танымын, анаға деген сүйіспеншілігімен

құштарлығын одан әрі дамыту.

Тәрбиелік- үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу. Ананның
махаббатын аялауға, ана мейрамын бағалауға тәрбелеу.

Сабақтың типі: Шығармашылық, ізденіс сабағы.

Сабақтың түрі: Кездесу сабағы.

Көрнекі құралдар: Буклет, плакат, нақыл сөздер, интерактивті тақта т.б.

Сабақтың барысы: І Ұйымдастыру кезеңі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны

Мұғалім: Қадірменді ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі біздің жиналып
отырған себебіміз – алда келе жатқан көктемнің шуақты мейрамы – Халықаралық
әйелдер мерекесі – 8 наурыз! Сондықтан алғы сөзіміз – қасиетті Ана туралы.

Абзал аналар, апа-қарындастар, ару қыздар!

Аймақты нұрға бөлеп, жылы леппен аялап, өңірімізге көгілдір көктем де
келді. Халық осы күнді асыға күтеді. Өйткені, көктем жаңарудың басы,
тіршіліктің қайта түлейтін шағы.Табиғат ананың осынау мерейлі мезгілінің
аналар мейрамымен қатар келуінде терең мән бар. «Ізгілік атаулының бәрі
күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» - дейді халқымыз. Ана –
тіршіліктің алтын арқауы.

Сіздерді быйылғы көктем мерекесі, аналар мерекесі, ізгілік, сұлулық,
махаббат мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.Асыл ана
туралы қасиетті де құдіретті сөздер, аңыз-әңгімелер жеткілікті. «Жәннат –
ананың табанының астында» - деген қасиетті хадисте. Осы сөздердің астарында
теңіздей терең мағына жатқаны аян. Өмірдің мәні мен сәніне айналған ардақты
аналарға берілген ең лайықты баға

«Әйел, бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» - деген
халқымыз. Қандай нақтылы айтқан ой десеңізші. Шындығында әйелдер
қауымынсыз, мына әлемді елестету мүмкін емес.Иә, құдайдан кейінгі құдірет
иесі – ана. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бәріміз де бас
иеміз. Бүгінде ұрпақ өсіруімен қатар, ел еңсесін көтеруде өз үлестерін
қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай құрметке болса да лайық .

ІІ Негізгі бөлім

Ортаға барлық оқушылар шығады.Кешті жүргізушілер-Құдабай мен Бекзат
жалғастырады.

І-жүргізуші Бекзат: Біз ғана емес

Қадір тұтқан бабалар

Ана деген – тіршіліктің тірегі,

Мерекеңмен, қасиетті Аналар!

Ар ма, ағайын! Қайырлы күн, қымбатты жиналған қауым!

Құрметті ақ жаулықты аналар мен әжелер, кер маралдай керілген әпкелер,
қарындас, құрдастар, ұстаздар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен
құттықтаймыз мерекелік кешке қош келдіңіздер.

ІІ-жүргізуші Құдабай:

Ең күшті нәрсе не?-десе

-Ананың әмірі!- дер едім

Аналардың барлығын

Жердегі Тәңірі !-дер едім.

Өз басым аналарды осылай деп бағалаймын.Аяулы да қымбатты аналар мен
арулары-

мыздың төл мерекесі- 8-наурыз.Бір қолымен бесікті,екінші қолымен әлемді
тербеткен

аналар мен арулардың мерекесі көктемнің келуімен тұспа-тұс болып
отыр.Себебі

әлемді жаратушы-Ана.

І-жүргізуші Бекзат:Адамзатты жарататын-ана,ұлтты көбейтетін-ана,ұрпақты
ұластыратын-ана,еркекті ер ететін- әйел-ана.Бір сөзбен айтқанда дүниенің
тірегі-әйел-ана.Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті-Әйел-Ана
махаббаты.

ІІ-жүргізуші Құдабай: Тіпті табиғаттың өзі де бұл күнде біздің тамаша әйел-
аналарды даңққа бөлеп тұрғандай.Неге дәл осы күні әйелдердің халықаралық
мерекесі болып белгіленді екен?

І-жүргізуші Бекзат:Мұны білу үшін кезекті Әйгерімге берейік.

Әйгерім: Кейін шегініп, қалың тарихтың бір парағына көз салсақ, қасқайған
Нью-Йорк қаласы мен сол алып, батыр қаланың әділеттілікті талап еткен нәзік
жандыларын көреміз. 1857 жылдың 8 наурызында тігін және аяқ киім
фабрикасының жұмысшы әйелдері үміттерін үкілеп, ереуілге шығады. Бұл күні
тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алатын жұмысшы әйелдер
басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орны мен
еңбекақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етеді. Нью-
Йорктың жан-жағынан көтерілген әйелдердің өз үні бейнебір толқын іспетті
жан-жақтан естіліп, қоғамдағы әйелдердің орнын нақтылағандай болды. Осы
күннен кейін алғаш рет әйелдердің қоғамдық ұйымдары құрылып, олар өз
құқықтарын қорғауды қолға алды.

1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық
конференция өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы
Клара Цеткин 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде
тойлау керектігі туралы ойын ортаға тастады. Оның бұл ұсынысын өз құқықтары
үшін күресуге бел буған қалың әйелдер тобы іліп әкетіп, келесі жылы-ақ,
яғни 1911 жылдан бастап, Австрия, Дания, Германия мен Швейцарияда 8 наурыз
мейрам ретінде тойланды.Наурыз айының басында біздің еліміздің көп
аймағында әлі де қар жатады. Қыстағыдай ызғарлы, бірақ көңілімізді
көктемнің алғашқы мерекесі жылындырады. Бұл мерекенің жылдың басқа
мезгілінде болуы қисынға келмейтіндей, себебі, көктем секілді әйелдер де
адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды емес пе?

ІІ-жүргізуші Құдабай: Сынып балаларының орындауында «Менің анам
қандай?»тақыры-бындағы көріністі тамашалаңыздар.

Ортаға Ғазизбек шығып: «Жігіттер осы сендердің аналарың қандай, менің анам
ең жақсы адам»дейді. Сонда балалар шетінен өз аналарын мақтай жөнеледі.Осы
кезде Смайыл шығып: «Тоқтаңдар, достар,дауласпаңдар. Менің ойымша:

Ана – жұмақ, біз – шуақ, саябағы,Ана – шырақ, біз -сұрақ санадағы.

Ана – теңіз, біз– қайық тербетілген,Ана – бұлақ, біз– құрақ жағадағы.

Ана өмірді нұрландыратын,шаңыраққа шаттық нұрын себетін, бізге сенімділік
беретін,елге ырыс-құт сыйлайтын, бізді қандай болсақ та ,сол күйімізде
қабылдайтын ,жердегіқорғаушы-тәңіріміз.Сендер айтқан қасиеттерге барлық
адамның да анасы ие деп ойлаймын.Әр адам өз анасын өзінше жақсы
көреді.Ендеше сол аналарға алғыс білдіріп,бас иейік»-дейді.

Барлығы бірге бастарын иіп, «Анашым мен сені жақсы көремін» дейді.

Интерактивті тақтадан «Ана жүрегі» бейнебаяны қөрсетіледі.

Аружан: Шалқып, тасып әніміз

Жадырасын жанымыз,

Ана, сені құттықтап,

Әндетеміз бәріміз.

Оқушылар бірге «Мама» әнін орндайды.

І-жүргізуші Бекзат: Келесі кезекті Данаға береміз.

Дана:

Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі,
қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана
деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты
жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды,
оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір
есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын
ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең
жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Қайран ана, өз перзентін
әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық
болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан
ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің
киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі - балада, баланың көңілі - далада»
демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата-анасын сыйламайтын
адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана-тіршіліктің гүлі, отбасының
берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар
ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап,
құрметтейікші!

Барлықтарыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жер-дүниенің
жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің
мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт,
шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй
тілейміз! Барша туған-туыстарыңызды жылы жүрегіңіздің мейірімділігі мен
ыстық ықыласына бөлеуден шаршамаңыздар! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша
мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!

ІІ-жүргізуші Құдабай: Десек те уақытпен жарыспайды

Қиялға қиялымен қарыштайды

Шәкірттер шын жүректен тебіреніп

Өнерін аналарға бағыштайды-дей отырып
ананың қадірін онан сайын сезіне түсу үшін әдемі жыр жолдарын тыңдап
алайық.

Бибіфатима:Өмірде ана бұлақ, ана пана

Өмірді өркендетер ана ғана

Өсірген талай көксем,талай шешен

Талай ер,талай ақын,талай дана

Ана-ол біздің елде ардақты адам

Кіші де,үлкен де оны ардақтаған

Өзінің аяулысы-Отанды да

«Ана» деп біздің халық текке айтпаған

Құдабай: Алақанда әлпештеген мәпелеп

Ер жеткіздің ертіп жүріп жетелеп

Қарыздармын өзіңізге анашым

Парызымды өтеймін деп еселеп

Қажымайтын қайсар жанды данасың

Тербетіп қос қолыменбаласын да даласын

Қиындықтың төзе білген бәріне

Қартаймашы,қажымашы анашымІ

Клара:Күніңмен құттықтап теңдік алған

Қарыздармын мәңгіге ана саған

Ниетің қабыл болып жан анашым

Өркендеп өсе берсін бала-шағаң

Ана еңбегі белгілі бәрімізге

Өсірген әлпештеген асыл анам

Қашан да сізбен бірге сәніміз де.

Смайыл:Анамыз біздің мейірлі

Жүзіне біздер қараймыз

Ақ пейілді ананы

Жомарт жанға балаймыз

Анамызға еркелеп

Қуантуды қалаймыз

Әбен Айдана:Шуақты күнді көп көрген

Жүрегі терең көк көлден

Перзенті үшін шырылдап

Түн ұйқысын төрт бөлген

Анадан артық жан бар ма

Жүректен айтар ақ тілек

Күлімдеп саған қашан да

Тұратын бақыт,бақ тілеп

Анадан артық жан бар ма

Нұрмұхан:Адам бар ма ана сүтін татапаған

Алуан-алуан ауыр сынды атқарған

Адалдықты,ар-намысты сақтаған

Мен анамның сонысына мақтанам

Мадина: «Ана» деген ұлы адам ғасырдан

Саған талай даналар да бас ұрған

Мен жырлаймын,бір сіз үшін анашым

Жыр жазамын гауһар,жақұт,асылдан

Сіз бар жерде әлем гүлдеп,жайнайды

Көкте күн мен ай-жұлдыздар самғайды

Аналарды

Аман еткей Жаратқан

Деп тілеймін күндіз-түніақ таңнан

Нұрасыл: Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар -

Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.

Маздататын, жүректе от лаулататын,

Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.

Ұлданай:Ана сенсің нұрға бөлер жанымды

Ана сенсің гүлдендірер бағымды

Қуат беріп ,шуақ беріп жаныма

Ана сенсің түрлендірер әнімді

Көктем келсе жайқалады бақтарда

Құстар сайрап келеді біз жақтарға

Сен сияқты гүлденеді айнала

Қуанамын анашым сол шақтарға

Бақдәулет: Барша ана, құтты болсын мерекеңіз!

Әрқашан да ана, сізбен берекеміз!

Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,

Сонда біз кісілікке теңесеміз!

Абыл: Тәңірім кеше көрсін кесірімді

Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!

Ана,

Сен бақыттысың, тербете бер

Құба талдан иілген бесігімді…

Әйгерім: «Ана» сөзі қандай сенде сыр жатыр

Бұл дүниеге әкелдің сен сан батыр

Әкелдің сен өмірге ойшылды да

Құрметіңе ескерткіш саған қойсын да

Бар алқапқа аналар деп гүл өссін

Тартысқандар қоя тұрсын күресін

Аналарға табиғаттың сыйы ғой

Көктем деген мерекені білесің

ІІ-жүргізуші Құдабай: Бишілер бар біздерде қыздар тобы,

Мерекеге өнерімен келген бүгін.

Таң қалдырып, қанекей би билеші,

Қол соғып, демеу берсе көрермендер! - деп кезекті 7 «Ә» сыныптың байсалды
да байыпты бишілеріне береміз.

Ортаға Ұлданай,Аружан,Айдана,Бибіфатима шығып, «Қуаныш» биін билейді.

Аружан: Шалқып, тасып әніміз

Жадырасын жанымыз,

Ана, сені құттықтап,

Әндетеміз бәріміз.

Барлық қыздар бірге «Анашым» әнін орындайды

І-жүргізуші Бекзат:Кезекті оқушыларға береміз

Оқушылар өлең оқиды.

Бақытжан: Анасыздар, кең байтақ даласыздар.

Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.

Көлеңке жоқ көңiлінде, қылауы жоқ,

Үлбіреген жауқазын баласыздар.

Елшібаева Шолпан:

Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,

Жүрегіңе, жүрегімді жалғадым.

Өзің мына сыйға берген өмірде.

Ақ сүтіңді ақтап өту арманым.

Бекарыс: Ана дейміз бәріміз де аңқылдап

Ана дейді жас сәби де жарқылдап

Ана деген – бәйтерегі өмірдің,

Ана деген – алтын қазық, алтын бақ!

Абдулла Шолпан: Анасыздар, әр үйге панасыздар,

Бала десе от болып жанасыздар.

Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,

Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

Ғазизбек:Кезің жоқ мейірленіп тіл қатпаған,

Сөзің жоқ өнегесін тыңдатпаған.

Осынау дөңгелеген дүниеде

Жан Анам! кім бар сендей жақын маған?!

Дана:Ана сен ардақтысың,аяулысың

Сен маған әрқашан да қымбаттысың.

Қамқоршым боп жүрсің сен әр уақытта

Балаң сені аялайды алақанда.

Бал деп ауырып жүр жүрегіңде

Сенің ойың балада тілегіңде.

Ана сен күліп ойнап жүре берші

Әрқашан сен деп соғад жүрегім де

Бибарыс: Сенен өскен балалар,

Батырлар мен даналар.

Құттықтаймыз мейраммен,

Құрметті, жан аналар!

Аружан: Ана десем шешек ашып жанары,

Өмірімнің бастау алар ажары.

Ана деген тіршілікке пана боп,

Әрбір үйде жұлдыз болып жанады,

Бақберген: Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа

Өзім кепіл тот басып, тозбасыңа.

Екі жыр жазсам саған бірін арнап

«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

Икрам Айдана: Өр десек те сіздерді — лайықсыздар.

Төр десек те сіздерді — лайықсыздар.

Ер десек те сіздерді — лайықсыздар.

Зор десек те сіздерді — лайықсыздар.

Жарқын: О, аналар осындайсың бәрің де,

Осындайсың жасың-дағы кәрің де,

Сыйынатын болса өмірде құдірет,

Сыйынар ем ана деген тәңірге...

І-жүргізуші Бекзат:Келесі кезекті сергіту сәтіне берсек. «Ана өсиеті» деп
аталады.

Ортаға сынып жетекшісі шығып,бұл сәттің аналармен орындалатынын айтады.Яғни
әр анаға үрленген шар берілген,ішінде тапсырма.Аналар кезкгімен шарды
жарып, тапсырманы орындауы керек.

ІІ-жүргізуші Құдабай: Балаларыңыздың орындауында «Ана мен баланың қары-

зы » атты көріністі тамашалаңыздар.

Ортаға баласы(Бақдәулет), анасы(Ұлданай) шығып көріністі қояды.

ІІІ Қорытынды

Барлық оқушылар кезегімен аналарына алғыс білдіреді:

Аружан: Аналар сіздерге рахмет!

Шолпан: Жарық дүниеге әкелгенің үшін

Бақдәулет: Ақ сүт бергенің үшін

Әйгерім: Мейірімің үшін

Дана: Қамқор болғаның үшін

Айдана: Ауырғанда уайымдағаның үшін

Ғазизбек:Түнде бөлінген ұйқың үшін

Бекарыс: Әрбір сәтіме қуанғаның үшін

Бибарыс: Алғашқы сөзіме қуанғаның үшін

Шолпан:Алғашқы қадамыма қуанғаның үшін

Құдабай: Мені ойлап уайымдағаның үшін

Бекзат: Мен деп бетіңе түскен әжім үшін

Айдана: Үйдегі татулық үшін

Бақытжан: Үйдегі береке үшін

Абыл: Үйдегі молшылық үшін

Бақберген: Тәлім –тәрбиең үшін

Мадина:Үлгі-өнегең үшін

Клара:Мені кешіргенің үшін

Бибіфатима:Маған еткен еңбегің үшін

Ұлданай: Мен деп ағарған шашың үшін

Жарқын: Жүрекке түскен салмақ үшін

Смайыл:Маған қорған болғаның үшін

Нұрмұхан: Рахмет сізге!

Нұрасыл: Рахмет сізге!

Рахмет сізге ,Анашым!-барлығы бірге айтады.

І-жүргізуші Бекзат: Демеңіз біз өнерді аяп қалды,

Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.

Қош болып тұрыңыздар көріскенше

Осымен сабағымыз аяқталды

ІІ- жүргізуші Құдабай: Дей отырып ,біздің сыйлығымызды қабыл алыңыздар.

Аналар мен ұстаздарға балалар өздері дайындаған сыйлықтарын береді.

Сабақты М. Арапбаеваның орындауындағы «Ана туралы баллада» әнімен
аяқтаймыз.

Ұқсас жұмыстар
Қадірлейік қасиетті Ананы
Қош бол, сүйікті лагерім!
8-наурыз мерекесіне қатысты өткізілген сыныптан тыс іс-шара
Прогресшіл әлем әйелдері
МЕН және МЕНІҢ ОТБАСЫМ Төменгі сынып оқушыларына арналған әдеби-музыкалық кеш
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған. 6-сынып
Жүректің жылуын сыйлыйншы анама
Тынбай кетсем даламның атырабын ақбұлақ
Дара және күрделі етістік. 3 сынып
Менің моншағым
Пәндер