Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Ақын өмірі

Жумагалиева Рая Рахимовна.
Батыс Қазақстан облысы
Жаңақала ауданы
Мәстексай ауылы
С.Меңдешев атындағы ЖОББМ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

8 - сынып.
Сабақтың тақырыбы :Махамбет Өтемісұлының <<Жалғыздық>> өлеңі
Сабақтың мақсаты: білімділік - өлеңнің авторы туралы мәлімет беріп, өлеңнің айтайын деген ойын, Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің мақсатын, соғыс сипатын, көтеріліс басшыларының ерлік, батырлық тұлғаларын түсіндіру, өлеңде кездесетін тұрақты тіркестер, теңеу сөздерді талдау; тәрбиелік - оқушыларды елін, жерін, Отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеу, ерлік пен елдікті, батырлықты дәріптеу, олардың бойында қызығушылық, ізденушілік қабілеттерін арттыру; дамытушылық - өлеңді мәнерлеп оқу дикциясын жетілдіру, сөздік қорын байыту, шығармашылыққа баулу.
Сабақтың көрнекілігі: ақын портреті, шығармалар жинағы,ақын туғандары туралы кесте.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ.
Сабақтың әдісі: түсіндіре баяндау, сатылай кешенді талдау, топтастыру, еркін сөйлеу әдістемесі.
Пәнаралық байланыс: тарих, география, қазақ тілі, өмірмен байланыс.
1. Кіріспе.
а) Ұйымдастыру кезеңі.
ә) Үй тапсырмасын сұрау тест әдісі бойынша жүреді.
2. Жаңа сабақ өту.
... Жасырмай ойымды айттым талай-талай
Қайтейін кетті бәрі қарайламай.
...Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар - ай! (Мұқағали Мақатаев)
Сабақ жоспары:
1. <<Туады ерлер ел үшін>> Махамбет өміріне шолу
2. Асқақ рухты ақын жыры - көтеріліс айнасы;
3. Сатылай кешенді талдау;
4. Топтастыру;
5. Қорытынды. <<Ел қамын жеген ерлердің ,
Сөз білген жанда хақы бар>> еркін сөйлеу әдістемесі бойынша
оқушылардың ақынға өз шығармашылығын арнауы.( шығарма,
өлең)
Өткен сабақ тақырыбы бойынша Махамбеттің портретін көрсетіп, бұл киімдерді тек батырлар киетінін еске түсіріп, ақынның жауынгерлік келбетіне тоқталу.
<<Өтемістен туған он едік>>. Ақын өмірі.
1803 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Нарын құмы, Жасқұс деген жерде өмірге келген. Шыққан тегі Байұлы ішіндегі Беріш руынан. Әкесі Өтеміс Құлманиязұлы ауқатты, беделді би болған. Махамбет Қосуан есімді екінші әйелінен туған. Ол мұсылманша, орысша хат таныған. ХІХ ғасырдың І жартысындағы отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісті ұйымдастырушы. 1838 жылы көтеріліс жеңіліске ұшырып, Махамбет аз ғана жасағымен Жайықтың арғы бетіне өтіп, бас сауғалайды.
- Бүгін балалар, біз Махамбетті ақындық қырының жаңа беттерін көреміз, ақынның жорық жырларынан кейін туған <<Жалғыздық>> өлеңімен танысамыз. Демек, Махамбет тек жорық жырларын жырлаушы ақын емес, қабырғасы қайысып қайғыдан қан жұтса да сол күйін өлеңге сыйғыза білген ақын.
Махамбеттің 80-ге жуық өлеңі бар, мұрасының көбі бізге жетпеген. Оның өлеңдерін шәкірті Қуан жырау жатқа білген екен. Одан Мұрат Мөңкеұлы үйренген. Одан Ығылман Шөреков жаттаған. Бірқатар өлеңдерін жинаған ақын - Шәңгерей Бөкеев.( аталған адамдардан Шәңгерей Бөкеевтің суреті қосымша көрсетілді.)
Ең алғаш Махамбет өлеңдері 1908 жылы Қазан қаласында <<Мұрат ақынның Ғымарқызы уғылына айтқаны>> дейтін жинақта жарық көрген.
Сонымен қатар күйші-сазгер, домбырашы. Олай дейтініміз - Махамбеттің <<Жорық>>, <<Жайық асуы>>, <<Қайран,Нарын>>, <<Исатайдың Ақтабаны-ай>>, <<Кішкентай>>, <<Ақтабан>>, <<Жұмыр қылыш>>, <<Өттің дүние>>, <<Өкініш>>, <<Қиыл қуғыны>> т.б. күйлері бар.
Электронды оқулықтан Махамбеттің шыққан тегі, өскен ортасы, өмірінен мәліметтерге қайта шолу жасалып, Махамбеттің << Өтемістен туған он едік>> деген сөзіне тоқталу. Бұл - жаңа сабаққа өтер жол.
Махамбет өз сөзінде айтқандай, Өтемістен он ұл тараған екен. Олар:
1. Тоқтамыс
2. Бекмұханбет
3. Махамбет
4. Исмайыл
5. Досмайыл
6. Қожахмет (Ахмет)
7. Әйіп
8. Хасен
9. Сүлеймен
10. Ибрайым
- Балалар, біз бүгін Махамбеттің <<Жалғыздық>> атты өлеңін өтеміз. Өлеңді оқымас бұрын сұрақтар беремін.
1. <<Жалғыздық>> деген сөзді естігенде есімізге не түседі?
2. Қандай сезімде боласың?
Оқушылар әр түрлі жауаптар, пікірлер айтады.Олай болса, ақын өмірде бауырдан жалғыздық көрмеген, өмірдің өзінен рухани жалғыздықтың күйін кешкен екен, сосын Махамбеттің <<Жалғыздық>> өлеңін мәнерлеп оқимын.
Бұл өлеңді ақын көтеріліс жалыны басылып,өзі жалғыздықта, қуғында жүргенде шығарған.Арманының орындалмайтынын сезген ақынның көңіл - күйі оның жалғыздық жайлы, заманы, өмірде әділдіктің жоқтығы туралы, күн мен ай, дәулет хақында философиялық толғанысынан танылады. Өлеңде синтаксистік егіздеу өте ұтымды қолданылған.
Өлеңді мәнерлеп оқу.
Сатылай кешенді талдау.
1. Авторы: Махамбет Өтемісұлы, ХІХ ғасыр, көрнекті ақын, әділетсіздік, теңсіздікке қарсы шыққан шаруалар көтерілісінің ұйымдастырушысы.
2. Өлең тақырыбы: Ел қамын жеген ердің жалғыздық күйі.
3. Жанр түрі: Поэзия ( өлең)
4. Идеясы: Арманына жете алмаған ақынның өмірде әділдіктің жоқтығына наразылығы, ақынның ішкі жан күйініші.
5. Шумақ саны: 1
6. Тармақ саны: 16
7. Бунақ саны: 2
8. Буын саны: 7-8
9. Ұйқас түрі: қайталама шұбыртпалы ұйқас.
10. Әдеби теориялық ұғымдар:
Троп.
Эпитет- көшпелі дәулет, азамат ерлер,тура билік
Фигура.
Аллитерация- Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да , менде жоқ.
Эпифора - Айдан ару нәрсе жоқ
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Синтаксистік егіздеу - Айдан ару нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Да, де - күшейткіш мәнді демеулік шылауды салыстыру құралы ретінде қайталай қолдану арқылы өлеңге ерекше екпін берген.
11.Түсіндірмелі сөздік.
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ, - халықтың иманы аузында, бірақ бір - біріне рақымшылығы, көмегі аз.
Көшпелі дәулет - адамның бірде молшылықта, бірде жоқшылықта өмір сүруі.
Тура билік биде жоқ - <<Тура биде туған жоқ
Туғанды биде иман жоқ>> - деген халық мақалын алып отыр. Елдегі әділетсіздіктің орын алғанына ақынның наразылығы.
12.Тәрбиелік мәні: Елім деген ерлердің елінен пана таба алмай, халқына жаны ашыған ердің жалғыздықта қалып, азамат ерлерінен айрылған жан тебіренісін жеткізу арқылы, алдағы күнге артылған зор үміт пен сенімнің ұшқынын аңғарту, болашықтың жарқын болары әділдік пен теңдікке жеткен күн деген ақын арманы. Ақынның қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір, селдей серпінді сөздері қараңғыда алдан жарық күнді қармаған қалың қазақтың ақ жүрегіне толқу салды, ер көңіліне жел берді.Теңдікке жеттік, демек, ақын арманы орындалды деуге хақымыз бар.
Топтастыру: Ақынның шығармашылығын қорыта келе, Махамбет бейнесін
қалай көреміз?
Махамбет Өтемісұлы.

Батыр. Ақын. Күйші. Қайраткер. Шешен

Шаруалар көтерілісін ұйымдастырды
Жорық жырларымен көтерілісшілерге тың күш пен жігер берді.
<<Жұмыр,Қылыш>>, <<Өкініш>>, т.б. күйлері ел арасына тараған.
Елдің саяси ісіне араласты, мұсылманша, орысша сауаты болды,
Мірдің оғындай , өткір қылыштай сөздерімен хан алдында тайсалмай сөйлеп, халық тілегін жеткізе білді.

Қорытындылау: Ақынға арналған оқушы шығармашылығы.
<<Махамбет оқулары - 2014 >> байқауының аудандық турында ІІ орын алды.
Абатова Сандуғаш Абатқызы. <<Махамбет сынды батырым>>

Тарихымда жаңа бет жазылмаған,
Жырларымен жігерлі жалындаған.
Пасық Жәңгір ісіне тоқтау айтып
Ақтарудан ащы ойды тарылмаған
Махамбет сынды батырым!
Кең даланы әскерімен шулатқан,
Жүрегінде қайғысы бар мың батпан,
Жайық бойын азат етіп дұшпаннан,
Намыс қанын әр қазақта тулатқан,
Махамбет сында батырым!
Қыран көзді, қалың қиғаш қабағы,
Кең жауырынды, жүректі, әділ талабы,
<<Толарсақтан саз кешсе де>> ешқашан,
Түспеген қолдан қаруы менен қаламы,
Махамбет сынды батырым!
Елден шыққан жаудың болды құрбаны,
Сатқындықтан мерт болды ел қорғаны,
Ет жақыны басын шапқан сол күннен,
Қайғы бұлты бейбіт күнді торлады.
Ал, бүгінде -
Қайғы бұлты сейілді,
Тәуелсіздік - шешті барлық түйінді.
Махамбетті дастан етіп жырлаған
Жас буынға азат елім сүйінді.
Мың тағзымның бірі деп сен қабылда,
Асыл елім, менің осы жырымды!

Бағалау.
Үйге тапсырма. << Шығармашылық ізденіс>> (ақын туралы ақпарат құралдарынан тың
деректер жинау)

Ұқсас жұмыстар
Күнтізбелік жоспар. 10 сынып жаратылыстану- математикалық бағыт
Қасым аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы
Махамбет шығармаларын оқыту жолдары
Абай- ұлы тұлға, кемеңгер ақын
Сатылай кешенді талдау жасау
"қадір мырза әли" 8 сынып
Олжас Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылығы
Төлеген Айбергенов Ана өлеңі
Оқушыларға өлеңді мәнерлеп оқыту
Зар заман
Пәндер