Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТІ СӨЗ

Тақырыбы: АТАЛАР СӨЗІ-АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ.
Мақсаты: оқушыларды қазақ даласында өмір сүрген орақ тілді шешендердің асыл
сөздерімен таныстыра отырып, сөз қадірін түсінуге, туған тілінің құдіре-
тін сезінуге, ана тілін, ұлтын,Отанын қастерлеуге тәрбиелеу.
Пәнаралық байланыс: ана тілі, дүниетану, математика.
Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, топпен жұмыс, пікір-талас.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, үлестірмелі материалдар, билердің суреттері.
БАРЫСЫ:
1. Ұйымдастыру кезеңі.
Сынып оқушыларын екі топқа бөліп отырғызамын. 1-топ <<Мұрагер>>, 2-топ <<Ізбасар>>.
Күй <<Ата толғауы>> Н. Тілендиев.
-Балалар, біздің бүгінгі сабағымыздың тақырыбы <<Аталар сөзі - ақылдың көзі>>. Өзі аты айтып тұрғандай біз бүгін ата- бабаларымыздың шешендік өнері туралы айтамыз.
Шешендік өнер-дегеніміз белгілі бір уақиғаға байланысты тапқырлықпен, көркем тілмен айтылған және жұртшылық қабылдап,елге таратылған белгілі, үлгілі ойлар. Қазақтың шешендік өнері- бата, тілек, өнегелі өсиет сөздер, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
Қазақ халқы тілдің ой мен сөздің бірлігінен тұратындығын, оның мүмкіндігінің терең екенін ерте танып, оған үлкен мән бере тұжырым жасаған.Орақ ауыз, от тілді жыраулар поэзиясының атасы- Асан қайғы Сәбитұлы:
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Күмбірлеген күй, көкіректі жарып шыққан өткір өлең , асқақтата салған әнімен біздің ата-бабаларымыз өзінің жандүниесінің мұң- шерін, асқақ арманын тілі арқылы жеткізген.
-Балалар, қазақ тарихында өткен атақты қандай билер, шешендерді білесіңдер?

-Төле, Әйтеке, Қазыбек, Жиренше, Балаби, Әнет баба, Байбек, Байжігіт, Әлібек, Бөлтірік, Сырым батыр, Ескелді, Досбол шешен.
-Бүгін біз екі топқа бөлініп, осы ата-бабаларымыздың сөздерін қаншалықты біледі екенбіз, сол шешендік сөздерден сайыс өткізгелі отырмыз. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпайдан беріледі, сол топ жеңімпаз атанады. Сайыс бес бөліктен тұрады.
1. ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТІ СӨЗ.
Тақтада сұрақтар шығады, оқушылар жауап берулері керек.
1) Дүниеде не тәтті, не қатты, не жұмсақ?
Дүниеде ананың сүті -тәтті, ананың алақаны -жұмсақ, әкенің жүрегі- қатты.
2) Дүниеде не қымбат?
Алтын ұяң-Отан қымбат,
Құт-береке-атаң қымбат,
Аймалайтын апаң қымбат,
Мейірімді анаң қымбат,
Асқар тауың әкең қымбат.
Бәрінен де ұят пенен ар қымбат.
3) Сөз анасы, су анасы, жол анасы не?
Су анасы - бұлақ, жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ.
4) <<Әкім>> сөзін қалай ажыратып берген?
Ә дегенім- әділ бол,
К дегенім- күншіл болма, көпшіл бол,
І дегенім- ілтипатты бол,
М дегенім - менмен болма, мейірімді бол.
5) Үйде кім, елде кім қадірлі?
Үйде - қонақ, бала, қарт қадірлі. Елде - хан, әкім, ұстаз қадірлі.
6) Дүниеде не жетім ?
Жаңбыр жаумаса - жер жетім,
Басшысы болмаса- ел жетім,
Ұқпасқа айтылған - сөз жетім.
7) Дүниеде не қиын ?
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Шанышқылаған сөз қиын,
Жазылмаған дерт қиын.
8) Дүниеде тоймайтын не?
Көз - көруге, құлақ - естуге, жер - жауынға, дария - суға, аспан - буға, сері - серуенге тоймайды.
1. КӨП БІЛЕМ ДЕСЕҢ, АЗДАН БАСТАП ҮЙРЕН.
Екі топқа сөздер беріледі. Сол сөздер кездесетін мақал-мәтелдерді айтып жарысу.
Еңбек Жаңбыр
Тіл Батыр
Отан Ел

3. СӨЗДІҢ КӨРКІ - МАҚАЛ.
Екі топқа кезек-кезек сұрақтар қойылады. Оқушылар мақал-мәтелмен жауап беру керек.
А) Түкіріктен көл бола ма? - Көп түкірсе-көл.
Ә) Жыланды інінен қалай шығарамыз? -Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады.
Б) Тауық түс көре ме? - Тауықтың түсіне тары кіреді.
В) Сиырдың сүті қай жерінде? - Сиырдың сүті - тілінде.
Г) Қар жана ма? - Қалауын тапса қар жанар.
Ғ) Қылыштан өткір не? - Тіл - қылыштан өткір.
Д) Тастың жеңілі бола ма? - Керек тастың ауырлығы жоқ.
Ж) Адамда арқау бола ма? - Ас - адамның арқауы.
З) Білгенің қанша, білмегенің қанша? - Білгенің - тоғыз, білмегенің - тоқсан тоғыз.
И) Тұз астың дәмін келтірер, сөздің дәмін не келтіреді? - Сөздің дәмін мақал келтірер.
Сергіту сәті <<Ұландар>> әні.
4. ҚАСИЕТТІ, КИЕЛІ САНДАР.
Оқушылардан қандай сандар білетіні сұралады. Сол сандарға байланысты қандай ұғымдар бар?
<<Үш>> - үш Жүз, жігіттің үш жұрты, үш мұрат, үш тәтті, үш арсыз, үш би, үш бақытым, үш байлық, үш қуат.
<<Бес>> - бес асыл іс, бес қашық іс, бес қару, бес парыз.
<<Жеті>> - жеті ата, жеті қазына, жеті шелпек, жеті Жарғы, жетіген, жеті күн- бір апта.
<<Тоғыз>> - тоғыз жолдың торабы, тоғыз ай тоғыз күн, тоғыз планета.
Слайд. Көп жасаған қария,
Ақылы- теңіз, дария,
Көп өнеге сөзі бар,
Сөзі-соқпақ, өзі-нәр.
Ата салты ардақты,
Әрбір сөзі салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң,
Тістерсің бір күн бармақты.
5. БАБАЛАР СӨЗІ - ДАНАЛЫҚ КӨЗІ.
Оқушы: Тәуке хан Үш жүзден өзіне кеңесші етіп үш би алған екен. Ұлы жүзден Үйсін Төле би, Орта жүзден Арғын Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке би. Сол үшеуіне Қазанғаптың берген бағасы:
Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке,
Асқар тау Қазыбектей білімді еді.
Бірі - күн, бірі туған айдай болып,
Заманға сәйкестеніп келіп еді...
Хан: <<Би үшеу болса, дау төртеу болады>> деген сөз бар. Сондықтан үш бидің қайсысы аға би болуға лайық?
Төле би: Биік шыңның басына шыққан адам алды-артын, оң мен солын, яғни екі жағын түгел көреді. Етекте тұрған адам екі жағын зорға көреді. Бауырда тұрған адам бір жағын әрең көреді. Ал көпті көріп, көнені тоздырған адам сол биік шыңның басында тұрған адаммен пара-пар емес пе? Үлкенге жолды берсе, артық болмас деймін.
Қазыбек би: Аға әділ төреші бола алмайды , алдында айбынары жоқ, іні әділ төреші бола алмайды, артында именері жоқ. Дұрысында, алдында айбынатын ағасы бар, ізінде именетін інісі бар, екі ортада қыспақта қалып, қысылған адам ғана әділдігін айтар болар.
Әйтеке би : Ағасы келсе ардақтап, атын байлайтындай, мейманы келсе, құрметтеп оны жайлайтындай, тындырымды інісі болса, тыңғылықты жұмысы болса,ағанікі бас бағу, ал інісінің ісі басқару емес пе?
Хан: Бәрің тауып айттыңдар, аға би сайланбаса да болады.
Оқушы: Төле би - тауып айтады, Қазыбек би - қазып айтады, Әйтеке би - қауып айтады.
Слайд. Сәулелі сөз сөне ме?
Орны бөлек батаның.
Бізге тәлім, өнеге,
Ақ тілеуі атаның.
Қазыбек би бата береді.(Сайыс қорытындысы шығарылып, жеңімпаз анықталады.)

Ұқсас жұмыстар
Бала сұлтаны - 2015
Жігіт сұлтаны сайысы
Тоқымқағар дегенді қалай түсінесің
Жалғауларды ата
Тәртіп-тәрбие бастауы, тәртіпсіздік- өміріңнің қас жауы
Өмірде жетім болсаң есірме
Қазақ хрестоматиясының авторы кім
Өнерлі жігіт
Бабалары еккен шынарды балалары саялап..
Тың және тыңайған жерлерді игеру. 9 сынып
Пәндер