Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Дастарханнан аттама

Қызылорда облысы
Шиелі ауданы
Қарғалы ауылы
№241 орта мектеп
Тарих пәнінің мұғалімі
Құдиярова Зада

Тақырыбы: Отаным менің - Қазақстан
Мақсаты: Оқушылардың интеллектуалды білімдерін шыңдау. Отанымыздың басынан кешкен оқиғаларды, сан жылдар бойы еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлғаларымыз туралы алған білімдерін анықтап, елін сүюге, халқына қызмет етуге тәрбиелеу. Ұлттық сана, рухтық қасиеттерін қалыптастыру.

Көрнекілігі: Нақыл сөздер, тапсырмалар жазылған плакаттар

Сабақтың түрі: интеллектуалды ойын

Сабақтың әдісі: топтық сайыс

Сабақтың барысы:

Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен -
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Отан дейміз кең - байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.
Қазақстан біздің сүйікті - Отанымыз. Көрсең көз тоймас асқар шыңды таулары, айдын шалқар көлдері, жайыла аққан өзендері, ормандары бар. Осының бәрі Алтай менен Атырау, Ақжайық пен Алатаудың аясында құлаш жайып, жайнай түрленіп жасанып - жасарып жатыр.
<<Отан отбасынан басталады>> - деп халқымыз айтқандай Отан кең мағыналы, қасиетті ұғым. Әрбір адамның отбасы, тұрған мекені, өскен ортасы, аймағы, мемлекеті - оның жарық дүниедегі жансаясы, өмір өрісі, оттай жандырған Отаны.
Отанымызды сүйіп, аялау үшін еліміз, туған жеріміз оның тарихы, өткені мен бүгіні жайлы жақсы білуіміз қажет. Осы мақсатта 5- сынып оқушыларының Отанымыздың тарихын қаншалықты меңгергендіктерін байқап көреміз.
Тауды биік деме сен
Талаптансаң шығарсың
Жауды мықты деме сен
Білімді болсаң жығарсың - дегендей бүгінгі <<Отаным менің - Қазақстан>> атты интеллектуалды ойынымызды бастайық. Бұл білім сайысына 5 - сынып оқушылары қатысқалы отыр. Олар: 5 а - сыныбының <<Алғырлар>> тобы мен 5ә - сыныбының <<Тапқырлар>> тобы. Бұл білім сайысы 7 кезеңнен тұрады.
1-кезең Топты таныстыру
2-кезең Сергіту сәті
3-кезең Жұмбақ жылдар
4-кезең Жұмбақ оқиғалар
5- кезең Жұмбақ кейіпкерлер
6-кезең Тіл - өнер сайысы
7 - кезең Топ басшыларының сайысы
Әділқазы, аққазыға бір сәлем!
Әділдікке бас иеді бар әлем.
Жүйрік озар сайыстарда неше бір,
Сарапқа сап әділдікпен шеше біл! - деп сайыскерлеріміздің білімін бағалау үшін әділқазы алқасын сайлап алайық.
Сәлемдесу - игі дәстүр киелі,
Сөзбен қарап, кейде шешер шиені.
Жақсы сөзге жан семірер қашанда
Жолданады сайыскерлер сәлемі.
Сонымен, сайысқа қатысушы топтар өз сәлемдерін жолдайды. Яғни 1-кезең <<Таныстыру>> кезеңі. (5 ұпаймен бағаланады)

1. <<Алғырлар>> тобы.
2. <<Тапқырлар>> тобы.

Білім деген биік шың
Бақытқа сені жеткізер,
Білім деген ақылшың,
Қиындықтан өткізер - дей келе сайысымыздың 2- кезеңі <<Сергіту сәтін>> бастаймыз. Әр топқа 10 сұрақтан қойылады, әр дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.

І. <<Алғырлар>> тобына:
1. Жас кезінде <<Сабалақ>> атанған хан (Абылай хан)
2. Ежелгі елдерді байланыстарған сауда байланысы (Ұлы Жібек жолы)
3. Халықтың әдет - ғұрпын, салт - дәстүрін зерттейтін ғылым (Этнография)
4. Қазақстанның ең биік шыңы (Хан - Тәңірі)
5. Жаңа тас дәуірінің атауы (неолит)
6. Шоқанның шын аты (Мұхамедқанафия)
7. Ыстықкөлді ең алғаш картаға түсірген кім? (Шоқан Уәлиханов)
8. Ең алғаш қағаз қай елде пайда болды? (Қытайда)
9. Қазақтар кеңістікті не деп атаған? (Шартарап)
10. Шоқан Уәлихановтың қайтыс болған жері (Алтынемел)

2. <<Тапқырлар>> тобына:
1. <<Дарабоз>> атанған батыр (Қабанбай)
2. <<Алтын адам>> табылған жер (Есік қорғаны)
3. Абылайдың шын аты (Әбілмансұр)
4. Қырғыздардың атақты <<Манас>> жырын ең алғаш қағазға түсірген кім? ( Шоқан Уәлиханов)
5. Ежелгі тас дәуірінің атауы (палеолит)
6. Шоқан Уәлихановтың дүниеге келген жері (Құсмұрын)
7. Жер - су атауларын зерттейтін ғылым саласы (Топонимика)
8. Ең алғаш карталар қай елде жасалды? (Қытайда)
9. Ислам дінінің жыл санау үлгісі (Хижра)
10. Жер бетінде қанша этнос бар? (3000-дай)

Бәйгеге түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жанар ма?
Білім мен өнер жарысып,
Тәрбие, білім табар мән.
Бұл бәйге ойдың бәйгесі,
Кім жүйрік ойға, сол алда - деп келесі 3-кезең <<Жұмбақ жылдар>> кезеңін бастаймыз. Мына екі плакатта тарихи оқиғалардың жылдары берілген. Сол жылдары қандай оқиғалар болды соны жанына жазасыңдар. Әрбір дұрыс жауапқа 1 балл беріледі.

І. <<Алғырлар>> тобына:
1. Б.з.б. 530 ж ( Кир патшаның сақтарға қарсы жорығы)
2. 552 ж (Бумын қаған атағын алды)
3. 870 - 950 жж (Әл - Фарабидің өмір сүрген жылдары)
4. 1837 - 1847 жж (Кенесары бастаған көтеріліс)
5. 1858 - 1859 жж ( Шоқан Уәлихановтың Қашғарияға сапары)

2. <<Тапқырлар>> тобына:
1. Б.з.б. 55 ж (Ғұн мемлекетінің екіге бөлінуі)
2. 603 ж ( Түрік қағанаты екіге бөлінді)
3. 1771 - 1781 жж (Абылай ханның билік құрған жылдары)
4. 1836 - 1838 жж (Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс)
5. 1396 - 1404 жж (Қожа Ахмет Йасаудің басына кесене тұрғызылды)

Екі топ тапсырманы орындағанша мен сіздерге ертеде өз жерін қорғап қалған хан туралы аңыз айтып берейін. Ерте, ерте, ертеде біздің елді бір ақ көңіл, ақылды хан басқарыпты. Көрші қытай елімен тату тұрыпты. Сол себепті ол кедергі көрмей еліне сыйлы болыпты. Күндердің күнінде көрші елден атой салып елші келіпті. <<Уа, алдияр, мынау елдің хабары. Мұны естіп денем мұздап барады. Көршіңіз <<Егер тату болам десе менімен, ең жүйрігін берсін!>>-деп талап қойып отыр дейді. Өз елінің тыныштығын, тірлігін, екі елдің бірлігін қалаған хан, көп жүйріктің ішінен ойланбастан дүлдүлін таңдап береді. Бірақ, ханның бұл шешіміне билер ренжиді. <<Жоқ, жоқ ештеңеге ренжімеңдер. Ел бірлігі жолында бір жүйрікті қидым. Байлықтан опа таппаймыз. Еліміз тыныш болса, бір жүйріктің орнына жүз жүйрік келеді>>-деген екен ақлыды хан. Арада біраз уақыт өткен соң көрші елден елші тағы келеді. <<Уа, алдияр, көршіңіз менімен тату болам десе, сүйген жарын берсін>>- дейді. Бұл хабарға хан өте қиналады. Өзінің туған әйелін қимай хан көп ойланады. Өз елінің тыныштығын ойлаған хан ақыры адал жарын көрші ханға сыйлапты... Ханның бұл шешіміне ел ішіндегі билер тағы наразы болады. Бірақ хан <<айтқан сөздеріңе әрине, талсым жоқ. Егер тыныш болса елмен елдің арасы, адал, сұлу жар табылар шамасы>> деген екен. Уақыт зымырап өтіп жатады. Бір күні көрші елден суық хабар тағы келіп жетеді. <<Уа, алдияр, көрші хан егер тыныштығын қаласа, қасиетті туып - өскен жерінің бір бөлігін кесіп берсін>> дейді. Мұндай сұмдықты естімеген хан ашуға мінеді. Бұл қорлыққа шыдамаған хан ойланбастан шешім айтады. <<Халқым менің! Қасиетті туған жердің топырағын, алтын кенін қорғау үшін көрші елге соғыс ашамын. Жиналыңдар бәрің де!>> деп жарлық береді. Бұл жарлықты естіген билер <<Ұлы әміршім, көрші хан жүйрігің мен жарыңды сұрағанда, ойланбастан беріп едің, асылыңды үн - түнсіз бергенде, шағын жеріңді қоғағаның қалай>> дейді. <<Менің жүйрігім мен жарымды көршіге үн - түнсіз бергенім, олар менің өз меншіктерім. Ал қасиетті жер - сонау ерте заманнан ата - бабаларымыздың кіндік қаны тамған, олардың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған халықтың жері. Туған жеріміз менің меншігім емес, ол келешек ұрпақтыкі, елімдікі. Қасиетті даламның бір бөлігін басқа елге бергенше, жерімді қорғап өлгенім артық>> деген екен. Қасиетті ханның осы салмақты сөзі сол сәтте ел ішін аралап кетіпті. Міне содан бері біздің жеріміз атадан балаға мұра болып бізге жеткен екен. Міне, аңыз осылай аяқталады. Балалар, елін, жерін сүйген ата - бабаларымыз жерімізді ұрпағы үшін елін - жерін осылай қорғаған. Сендерге , көк теңбілді байрағымызды жоғары ұстаңдар! Еліңді, жеріңді әрқашан қорғаңдар демекпін.

Біреу озса сайыста, біреу артта қалады,
Ренжімей тараса, озбағандар жарады.
Жарыс заңы ежелден - жеңімпазды анықтау,
Озат болу шарты сол - еңбектену, жалықпау - дегендей ендігі кезең <<Жұмбақ оқиғалар>>. Әрбір дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі.
І. <<Алғырлар>> тобына:
Бұл оқиғаның қазақ халқына тигізген зардабы, қайғы - қасіреті, аштығы мен қайыршылық халге душар етуі өте ауыр болды. Мың - мыңдаған адам қырылды немесе тұтқынға айдалып кетті. Жүздеген, мыңдаған ауыл қатты күйзеліске ұшырап, мал - мүлкі талан - таражға түсті, бір кезде гүлденген қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды. Қазақтар басынан кешірген сол ауыр қайғы қасіреттің символы <<Елім - ай>> атты зарлы жыры болды. (<<Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама>>)
2. <<Тапқырлар>> тобына:
Бұл оқиға 1730 ж Балқаш көлінің оңтүстік - батыс жағындағы Итішпес Алакөл деген жерде болды. Оған қазақтың үш жүзінің жасақтары қатысты. Осы жерде қазақ жағынан Сабалақ (болашақ Абылай хан) Жоңғар жағынан Шырыш шығып, қазақ батыры жеңген. Мұның өзі қазақ жауынгерлерін арқаландырып, жігеріне жігер қосқан. Бұл шайқаста қазақтар жоңғарларға естерінен тандыра күшті соққы беріп, жеңіске жеткен. (Аңырақай шайқасы)

Ойын толқын жатқандай асып - тасып
Біреу мығым, біреулер шалыс басып.
Бұл ойынан өтеді ғұлама ойлар
Жеңсең де, жеңілсең де қалма жасып -дей отырып келесі кезеңіміз <<Жұмбақ кейіпкерлер>> кезеңін бастаймыз. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпайдан беріледі.
І. <<Алғырлар>> тобына:
1. 30 жыл қысқа өмірінде тарихи - этнографиялық материалдар жинап, артында <<қырғыз туралы жазбалар>>, <<Ыстықкөл күнделіктері>> деген еңбектерін қалдырған әйгілі ғалым. (Ш. Уәлиханов)
2. 27 жыл бойы солтүстікамерикалық үндіс тайпалары - ирокездердің арасында өмір сүріп, бірнеше тамаша кітаптар жазған белгілі этнограф. (Люис Морган)
3. Б.з.б. ІІІ ғасырда Қытаймен кескілескен соғыс барысында ғұн тайпаларын біріктіріп, ғұндардың билеушісі - шаньюй деген атақ алады. Кейін ол шексіз билікке - <<Аспан ұлы>> деген атаққа ие болады. (Мөде)
2. <<Тапқырлар>> тобына:
1. Абылайдың ең жақын кеңесшісі, әрі сенімді серіктестерінің бірі болған жырау, әрі дипломат, қазақ шежіресінің білгірі (Бұхар жырау)
2. Орталық Қазақстан жерінен қола дәуірінің теңдесі жоқ ескерткіштер кешені - Беғазы - Дәндібай мәдениетін ашқан қазақтың біртуар ұлы, академигі. (Әлкей Марғұлан)
3. 21 жасынан ол бүкіл Бұхара, Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ құрама жұртының бас биі болған. (Әйтеке би)

Келді кезек тапқырлықпен шешуге,
Жауаптарын күштілерге есуге.
Қазақ, орыс, ағылшынды білсеңіз,
Барлық ұпай шәкірт саған несібе - дей келе <<Тіл - өнер>> сайысымызды бастаймыз. Берілген сұрақтардағы көп нүктенің орнындағы сөзді тауып, оны екі тілге, яғни орыс және ағылшын тілдеріне аударамыз. Жауабын дұрыс тапса 1 ұпай, орыс тіліндегі аудармасы дұрыс болса 2 ұпай, ағылшын тіліндегі аудармасы дұрыс болса 3 ұпай беріледі.
І. <<Алғырлар>> тобына:
1. Жұт ................... ағайынды (Жеті - семь - seven)
2. Өзі сөйлей білмейді, салған ізі сөйлейді (қалам - ручка - pen)
3. Екі қолға ................ күрек (бір - один - one)
4. ....................... баласы болма,
Адамның баласы бол (атаның - дедушка - grandfather)
2. <<Тапқырлар>> тобына:
1. Өнер алды ...................... тіл (қызыл - красный - red)
2. Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген
Жүрегі бар да, қаны жоқ
Сөйлеп тұрған ішінен (кітап - книга - book)
3. Жылт - жылт етеді
Жылғадан өтеді (су - вода - water)
4. Батыр туса - ел ырысы,
......................... жауса жер ырысы (жаңбыр - дождь - rain)

Екі топ тапсырманы орындап болғанша біз көрермендермен <<Кім көп біледі?>> ойынын ойнаймыз.
1-сұрақ: Бұл термин ретінде б.з.б. ІҮ ғ көне заманды зерттейтін ғылым ретінде қолданыла бастады. Оның негізгі зерттеу нысаны - сонау ежелгі заманан қалған қалалардың орны, кен өндірісі мен шахталар, арықтар мен тоғандар, керуен сарайлар, әскери бекіністердің жұрты, үй іші заттары, обалар, зираттар. Бұл қандай ғылым?
Жауап: Археология ғылымы
2-сұрақ: Түркі халықтарының саяси және рухани орталығы. Бүл жерді түрік елінің билеушілері ежелден мекен еткен. Және бұл жерде қазақ жеріне сопылықты таратқан Қожа Ахмет Йасауи күмбезі бар. Бұл қай қала?
Жауап: Түркістан қаласы
3- сұрақ:Аңыз бойынша ауыр жағдайға тап болған парсы патшасы Дарийге сақ патшалары жұмбақ сыйлық пен елші жібереді. Сыйлық құрамында құс, тышқан, көлбақа және бес жебе болған екен. Парсылар бұлардың мәнін табуы керек еді. Осыған байланысты Дарий ғұламаларды жинап ақылдасты. Ақыры жұмбақтың шешімін табады. Бұның мәні <<Егер сендер, парсылар, құс тәрізді аспанға ұшып кетпесеңдер немесе тышқан секілді жер астына кіріп кетпесеңдер, көлбақа құсап суға түсіп жоғалмасаңдар, біздің жебеміздің астында қаласыңдар>> деген екен. Осы жұмбақтың шешімін тапқан кім?
Жауап: Парсының қарт қолбасшысы Гобри
4-сұрақ: Ғұндардың тастағы суреттерінде бұқа, бұғы, аққу бейнелері салынған. Олардың ойынша бұқа, бұғы, аққудың бейнелері нені білдіреді?
Жауап: Бұқа - күш пен билікті, бұғы - бақыт пен жақсылықты, аққу - үй ошағын сақтаушы
5 - сұрақ: Геналогиялық аңызға сәйкес, түркілердің алғашқы ата - бабасы - он жастағы ұл бала халықты жаулары қырған кезде жалғыз аман қалған екен - мыс. Баланы қасқыр асырап алып, кейінен сол баладан он ұрпақ тарайды. Қасқырдан тараған әулет деп оларды қалай атаған?
Жауап: <<Ашина>> (қасқыр) деп атаған.
6 - сұрақ: Ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Қазақ хандығы заманында мәдениеті мен экономикасы жақсы дамыған орталықтардың бірі болған. 1219 ж Шыңғысхан 150 мыңға жуық әскерін аттандырып, 1220 ж ақпанда монғолдар қаланы басып алады. Қаланың билеушісінің тамағына қорғасын құйып өлтіріп, қаланы бірнеше күн бойы тонап, қиратады.
Бұл қай қала және қала билеушісі кім?
Жауап: Отырар қаласы. Билеушісі Қайыр хан.

Көңілді тапқырлар, білгіштер
Бар өнерін алдарыңа салады.
Кім білімді, көп оқыған болса егер
Бүгінгі күн жеңімпазы болады - дей келе бүгнігі сайысымыздың соңғы кезеңі <<Топ басшыларының сайысы>>. Сұраққа тек <<>>иә>> немесе <<жоқ деп жауап береді. Әрбір дұрыс жауапқа 1 ұпайдан беріледі.
І. <<Алғырлар>> тобының басшысына:
1. Қазақ халқы ертеде сонау ежелгі тарихи әңгімелерді есіне сақтап, елге айтып отыратын адамдарды шежірешілер деп атады (иә)
2. Соғыс кезіне жалпы саны 1,5 миллиондай басқа ұлт өкілдері Қазақстанға қоныс аударды (жоқ, 2,5 млн)
3. Қазақстан Республикасында 14 облыс, 90-ға жуық қала, 200-дей қала тектес кент, 150-ден астам аудан бар. (иә)
4. Саналы адам осыдан 40 - 35 мың жыл бұрын неолит кезеңінде қалыптасты. (жоқ, палеолит кезеңінде)
5. Енисей аңғарынан табылған көне түркі жазба ескерткіштеріндегі жазулар финикиялықтардың руна жазуына ұқсас болғандықтан <<руна жазуы>> деп аталып кетті (жоқ, скандинавиялық)

2. <<Тапқырлар>> тобының басшысына:
1. Жазбаша тарихты тұңғыш рет қағаз бетіне түсіргендер тарихшылар болды (жоқ, жылнамашылар)
2. Тың игеру жылдары 3 млн-дай басқа ұлт өкілдері Қазақстанға көшіп келді. (жоқ, 2 млн)
3. Қазақстанда жануарлардың -155, құстардың -489, бауырмен жорғалаушылардың -49, қосмекенділердің -11, балықтардың -150 түрі бар. (иә)
4. Мезолит дәуірінде аң аулайтын қарудың бұрын болмаған жаңа түрі бумеранг пайда болды. (иә)
5. Әл-Фараби түрлі ғылым салаларынан 255 - ке тарта іргелі еңбектер жазып қалдырды. (жоқ,150)

Сайыстың соңында сөз әділқазыларға беріліп, жеңген топ марапатталады.

Бойларыңда от бар екен байқадым,
Жүректеріңде шоқ бар екенін байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып шарықтаңдар әрдайым.
Өрендер, өрлей берсін өнерлерің
Айналаң, бәрі сенің көрерменің.
Тілеймін, дәл осылай барлығыңның
Тек қана биіктерден көрінгенін, - деп бүгінгі интеллектуалды ойынымызды осымен аяқтаймыз.

<<Отаным менің - Қазақстан>> атты 5 - сыныптар арасындағы интеллектуалды ойынға қатысушы топтарды бағалау парағы

Р/с
Сайыстың кезеңдері
Алғырлар
Тапқырлар
1
Таныстыру кезеңі

2
Сергіту сәті

3
Жұмбақ жылдар

4
Жұмбақ оқиғалар

5
Жұмбақ кейіпкерлер

6
Тіл - өнер сайысы

7
Топ басшыларының сайысы

ҚОРЫТЫНДЫ:

Ойынның шарттары:

1. Таныстыру кезеңі - 5 ұпаймен бағаланады
2. Сергіту сәті - әр топқа 10 сұрақтан қойылады. Әр дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.
3. Жұмбақ жылдар - плакатқа екі топқа тапсырма берілген. Әр дұрыс жауабы 1 ұпаймен бағаланады.
4. Жұмбақ оқиғалар - әр топқа бір - бірден оқиға кезеңі бойынша сұрақтар беріледі. Әр дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.
5. Жұмбақ кейіпкерлер - екі топқа үш сұрақтан оқылады. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпайдан беріледі.
6. Тіл - өнер сайысы - екі топқа мақал - мәтел мен жұмбақтар берілген. Көп нүктенің орнына қажетті сөзді тауып немесе жұмбақтың жауабын тауып оны екі тілге аударады. Егер қазақшасын дұрыс тапса 1 ұпай, орыс тіліндегі аудармасы дұрыс болса 2 ұпай, ағылшын тіліндегі аудармасы дұрыс болса 3 ұпай беріледі.
7. Топ басшыларының сайысы - екі топтың басшыларына бес сұрақтан қойылады. Егер жауап дұрыс болса <<иә>> деп , дұрыс болмаса <<жоқ>> деп жауап береді. Әр дұрыс жауапқа 1 балдан беріледі.



№ 241 Қ. Әбдіқадыров атындағы орта мектебі

2012 жылдың 13 - 20 ақпан аралығындағы <<Бүгінгі білім - ертеңгі байлығың>> атты тарих, география, биология және химия пәндері апталығында 5- сыныптар арасында өткізілген <<Отаным менің -Қазақстан>> интеллектуалды ойынында белсенділік танытып, білімділігімен көзге түскені үшін
5 <<___>> сыныбының <<______________________>> тобы <<Білімді топ>> номинациясымен
м а р а п а т т а л а д ы.

Мектеп директоры: Мәдәлі Е

Мектеп директорының оқу - тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары: Достияров Қ

Тарих пәнінің мұғалімі: Құдиярова З

2012 жыл, ақпан айы
Қарғалы ауылы

Сабақтың тақырыбы: Дастархан дәмі - киелі

Сабақтың мақсаты: Оқушыларды ата - баба дәстүрін сақтай білуге, нанды қастерлеуге, ас ішу
тәртібін есте сақтауға, салауатты тамақтануға тәрбиелеу және сонымен
қатар қазақтың асыл мұрасына жататын ұлттық тағамдармен тереңдете
таныстыру, еңбекқорлыққа баулу.

Көренкілігі: Нақыл сөздер, ас түрлері

Сабақтың барысы:

Мұғалім: Әрбір халықтың өз тарихы бар. Сол тарихтан халықтың тыныс тіршілігінен хабардар боламыз. Көшпелі тұрмысты бақша егіп, мал шаруашылығымен айналысқан халқымыз да этнографиялық салтына қарай дастарханның да өзіне тән ерекшелігі бар. Сол ерте заманнан бері қазақ халқы өздері баққан малдың терісін, жүнін, етін, сүтін және тары, сұлы, күріш, арпа сияқты бақша дақылдарын ретімен өз тіршілігіне пайдалана біліп, тағам жасау өнерін де жақсы игерген. Қазақ халқы үшін дастарханнан, дәмнен үлкен еш нәрсе жоқ.
Біздің бүгінгі сабағымыз <<Дастархан дәмі - киелі>> деп аталады. Сабағымыз мынандай бөлімдерден тұрады:
І бөлім - Дастархан басында сақталатын ырым - тыйымдар
ІІ бөлім - Дастархан басындағы дәстүрлер
ІІІ бөлім - Ас ішу тәртібі
ІҮ бөлім - Бата беру
І. <<Дастархан басында сақталатын ырым - тыйымдар>>
1. Нанды бір қолмен сындыруға болмайды.
2. Тамақты жатып ішуге болмайды. Дені сау адам дұрыс отырып тамақтанады. Ал отыра алмайтын адам жатып ішеді. Сондықтан мүгедек адамның қылығын жасама. Дұрыс отырмаймын деп денсаулығыңды бұзып алма.
3. Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің. Дастарханнан аттама.
4. Әкесі отырғанда баласына бас атртылмайды.
5. Дастарханға бірінші нанды әкеліп қояды.
6. Ас ішкен ыдысты төңкеріп қоюға болмайды.
7. Ас ішіп болған соң <<тойдым>> деуге болмайды, <<қанағат>> деу керек.
8. Ертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама.
9. Қонаққа сынық ыдыспен ас беруге болмайды. Себебі сынық ыдыспен ас беру - қонақты сыйламағандық. Және сынық ыдыспен ас ішу - жаман ырым. Бұл жүзің сынып, көңілің жарым болсын дегенді білдіреді.
10. Ас ішу кезінде ізет, сыйласым, инабаттылық рәсімдері сақталу керек.
ІІ. <<Дастархан басындағы дәстүрлер>>
1. Халық қуанышты да, қайғыны да дастархан басында бөліскен. Өсиет айту, бата беру, достасу бәрі де дастархан басында шешілген. Сондықтан халық дастарханды <<Құттыхананың берекесі>> деп қасиет тұтады.
2. Сонымен бірге дастархан күнделікті отбасының тамақтануына, үйге келген адамға дәм таттыруға, той - тамаша, ас - су беруге жайылады.
3. Ас ішу кезінде сылпылдатпай, тәртіппен тамақтану, қасықты оң қолда ұстау, түзу отыру, тазалық сақтау рәсімдері орындалады.
4. Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалады.
5. Дастарханнан дәм татқандар татуласу, келісу сияқты рәсімдерді орындайды.
6. Күнделікті отбасының тамақтануынада ас қою, ас ұсыну, ас алу, ас қайыру, асқа бата беру рәсімдері орындалады.
7. Дастархан жанындағы адамдар жасына қарай отырады.
8. Тамақтанып болғаннан кейін дастархан басындағы еі үлкен әрі құрметті адам асқа бата береді.
9. <<Таспен атқанды аспен ат>> деп халық бекер айтпаған. Себебі, дастархан дәмі киелі. Оны татып, келісімін бұзса, астың киесі ұрады дейді.
10. Күнделікті отбасының тамақтануына жайылған дастархан басындағы асты ең алдымен ата - анаға, үлкенге ұсынады.
11. Тамақ ішер алдында, тамақтанып болған соң қолға су құйылады. Құйылатын су жылы болуы керек.
ІІІ. <<Ас ішу тәртібі>>
1. Тарта жесең, тай қалар, Қоя жесең, қой қалар, Қоймай жесең нең қалар - демекші тамақты шектен тыс көп ішуге болмайды.
2. Асыт асықпай, әбден шайнап жұту керек.
3. Тамақ ішіп отырғанда кітап оқуға, теледидар көруге болмайды.
4. Әр түрлі тамақта адам денесіне қажетті дәрумендер болады. Сондықтан талғаммен ішу керек.
5. Тамақтану жиілігі 3 немесе 4 - 4,5 сағат болу керек.
Салауатты тамақтанудың ережелері:
- Күнделікті мәзірде: жануар текті - ет, балық, жұмыртқа, сүт, ірімшік, май, айран және өсімдік текті - өсімдік майы, картоп, жеміс - жидек, ұннан, дақылдан жасалған өнімдер болу керек.
Дұрыс тамақтану тәртібі:
Таңғы ас калориялы болу керек, ірімшік, жұмыртқа, сүт ботқасын жеу керек.
Түскі аста көкөніс жеу керек. Көкөніс пен жемістерден салат, ет пен балық тағамдарына, макарон өнімдеріне көкөніс қосып жеу керек. Суысн: шырын, компот, кисель.
Түстен кейін сүт, қышқыл сүт өнімдері, кепкен нанмен, майсыз печеньемне, жеміспен компот ішу керек.
Кешкі асқа- сүт, көкөніс, ірімшік, жұмыртқа. Қышқыл сүт өнімдері мен жеміс жеу керек. Кешкі тамақты жатардан 2 сағат бұрын ішу керек.
Қазы, жая, омыртқа, көмбе деген,
Қуырдақ, сүр, мипалау тәтті неден?
Қарта, төстік, жая, шұжық, жаужұмырдың,
Қазағым қасиетін ерте білген.
Қазақтың ұлттық тағамдары адамға өте пайдалы. Қазақтың ұлттық тағамдарына сүттен жасалатын (ақ тағамдар), еттен жасалатын (қызыл тағамдар), ұннан жасалатын (дән тағамдар), тағам түрлері бар.
Сүттен жасалатын тағамдар: сүт, қымыз, шұбат, ірімшік, уыз, май, балқаймақ.
Еттен жасалатын тағамдар: қазақша ет, шұжық, қуырдақ, қазы қарта, сүр ет, бүрме, кеспе.
Ұннан жасалатын тағамдар: нан шелпек, таба нан, күлше, төңкерме, бауырсақ, құймақ.
Қазақ халқы ертеден асқа, тағамға үлкен мән берген. Халқымыз үшін сүт тағамдары ертеден - ақ кәделі болған. Сүт тағмдары ерте кездегі халықтың негізгі қорегі болып саналған. Ертеде жаугершілік заманда бітім жасалғанда, жас жұбайлар отау құрғанда, нәресте өмірге келгенде үлкен ақсақалдарымыз қолына ақ алып бата жасаған.
ІҮ. <<Бата беру>>

Асқа бата
Дастарханыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін!
Әумин!

Дастарханға бата

Әумин десең бердім бата
Қабыл етіп бір Аллаһ
Бақ-дәулет, берекет
Үйіңізге ұяласын.
Жаратқан Ием аман қылсын
Бізге берген шәйіңіз -
Жақсы болсын жәйіңіз.
Бізге берген етіңіз -
Қабыл болсын ниетіңіз.

Мақсатыңа жетіңіз,
Бізге берген тұз-дәміңіз
Таусылмайтын несібе болып,
Аман-сау болайық бәріміз.
Әумин, Аллаһу әкбар!

Дастарханға-шаңыраққа бата

Әуелі құдай оңдасын,
Аруақтарың қолдасын.
Бақыт пен дәулет, бас пен мал,
Басыңа мәңгі орнасын.
Төрт құбылаң сай болсын,
Саған қастық ойлаған
Ғұмырында оңбасын.
Ақылды бол, арлы бол,
Бақытты бол, малды бол,
Қатарыңның алды бол!
Әумин

Ой қорыту:

Дастарханға қойылған тағамның қалай пісіріліп, дайындалғаны, сүйкімділігі мен дәмділігінің айрықша маңызы бар. Дастарханның тағамның барлығы қолдан жасалған тағамдар болса өзінің сіңімділігімен, құнарлылығымен тіл үйіреруге әуес асе кендігін тағамдардың қадір - қасиеті, маңызы жайында айтады.
Бүгін сендер дастарханның қандай қасиетті ұғым екенін ұғына отырып, қазақтың ұлттық дәстүрінің бірі - ұлттық тағамдарымыз жөнінде және тағамдар жайлы ырым - тыйымдарды, тамақтану мәдениеті жайлы білдіңдер. Тағамдардың барлығы дастарханға өздігінен келмейді. Ол үшін көп еңбектену керек. <<Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілендей>>, - демекші еңбек етулерің керек. Сендердің еңбек еткендерің - ата - ананың айтқанын тыңдау, орындау, сабақты жақсы оқу. Еңбектерің жемісті, дастархандарың ырысты болсын деп бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз.

Ұқсас жұмыстар
Қазіргі тойларда дастархан жаю мәдениеті дәстүр
Имандылық-инабаттылық белгісі
Тамақтана білу-денсаулық кепілі сайыс сабақ 6 сыныптар
Математикалық кафе жайлы ақпарат
Кеш барысы
Математикалық кафе.
Кішкентай арулар атты қыз сыны сайысының сценарийі
«қыз – еркем, қылығымен көркем!»
_Қарым-қатынас мәдениеті. парыз туралы қасиеттерін дамыту
Аулақ бол жаман әдеттен жайлы ақпарат
Пәндер