Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Әркез анамызды сыйлап, құрметтейікші достар

Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Аралбай селосы

Тақырыбы:
Ана - өмір тірегі

Бекенова Индира Қонысбекқызы
Жангелдин орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Марқұм анам Майра Әпетқызының
рухына арнаймын.

Ана - өмір тірегі

<<О, дүние, төсіңді аш мен келемін, алынбаған ақым бар сенде менің>>- деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай барлық адам баласы мына дүниеге шыр етіп келетініміз хақ. Ал сол сәтте ерекше мейіріммен балапанын бауырына басып, елжірей қарайтын жан ол - АНА. Ана - жер бетіне шуағын төккен күндей, барлық жанға бірдей, пейілі әркез көлдей, сабырлы да сырбаз жан емес пе?! Даналығы, адалдығы, кеңдігі, бәрінен бұрын <<құлыным>> деген даусын айтсаңшы...
Сәл артқа шегініс жасайтын болсам, бала күнім қаз қалпында көз алдымнан тізбектеліп өтуде. Сонау кішкене кезімде апасының соңынан екі елі ажырамайтын, еркелігі бір басына жетіп артылатын нағыз шолжаңбайдың өзі едім. Әлі есімде апамды бір үй қонаққа шақыра қалса, болмаса шаруасы шығып аудан орталығына барар болса <<мен де барамын>> деп жолға жиналатынмын. Апам болса, үйдегі аға-әпкелерімнің қарсылығына қарамастан <<үйдің кенжесі ғой жүре берсінші>> дейтін еді. Сол кезде үстіне (сиса) көйлегін киіп алып, басына ақ бантик таққан, самайынан балапан шашы желбіреген кішкене қара қыз өзінің назын анасының екі етпегеніне мәз-мейрам болып томпаң қағып кете баратын. Қайран сол күндер!..
Ана құшағына тең келер шуақты, жұпар иісті таба алмассың, сірә. Бойындағы күш-қуатын, мөлдір тұнық махаббатын, ізгі мұратын баласына арнаған жаны жібек асыл жандар.
Ана деген құдіреттің алдында адам баласы қашанда кішік. Қиналсаң қасыңнан табылатын дос, қуанышыңды бөлісер жақының әркез қасыңда болғанға не жетсін, шіркін!..
Баласы қанша жасқа келсе де, ол ана алдында сол сәби қалпында қалады екен. Менің анам да мені қашанда сәби көріп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргізіп өбектеп өтті өмірден. Қайран, асыл Анам-ай!
Мен өзім анама деген сағынышымды мына өлең жолдарымен түйіндегім келеді.

Аналардың бәрі де маған ыстық

Дүние адамзатқа бес күн мекен,
Өмірің қарбаласпен өтеді екен.
Күнгей мен көлеңкесі қатар жүрер,
Бұл өмір сонысымен жұмбақ екен.

Аялдап, кідірмейді уақыт деген,
Дегбіріңді алады тық-тық деумен.
Сұрықсыз мына өмірге сәуле шашқан,
Ананың пәк жүрегі не деген кең?!

Ия, ия! Ана - құдірет, Ана - көктем,
Аналар тіршіліктің дәнін сепкен.
Іздесең бақыт, жұмақ ей, адамзат,
Ананың ақ батасын алумен тең.

Құндақтап, нәрестесін әлпештеген,
Ойламай балапанын күн кешпеген.
Қарамай шаштың ағы-қарасына,
Баласын <<ер жеткізем>> деп көксеген.

Құшағы аналардың айқара кең,
Ашады жақсы-жаман бәріңе тең.
Тіршіліктің тұтқасы қамқор ана,
Бойында дархандық бар далама тең.

Өмірде ана - бақыт, ана - жақұт,
Ананың алақаны бізге мамық.
Ішсек те сылдыр-сұйық қара көже,
Ана қолынан ішкенің қандай бақыт!?

Мөлдіреген қос жанар сондай ыстық,
<<Айналайын>> деп тұрар құрақ ұшып.
Таусылмайтын махаббат, мейірімі,
Аналардың бәрі де маған ыстық.

Әркез анамызды сыйлап, құрметтейікші достар!

Ұқсас жұмыстар
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған. 6-сынып
8-наурыз мерекесіне қатысты өткізілген сыныптан тыс іс-шара
Тақырып Әлемнің жарығын сыйладың сен маған
Кештің барысы
Ана тіршілік тірегі
Кім сағынар сендерді келгеніңше, Құлындарын көзімен көргенінше
Балалар сендерге ертегі ұнайма
Мереке күніңмен
Қадірлейік қасиетті Ананы
Кештің көрнекілігі
Пәндер