Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Сыни тұрғыдан ойлауға оқыту

В2- 1 сабақ бойынша рефлексивті есеп.
Бүгінгі таңдағы оқыту үрдісі жаңаша идеяларды, жаңа әдіс-тәсілдерді талап етеді. Көрнекті педагог В.А. Сухомлинский <<Сабақ жасөспірімнің интелектуалды өміріне құр ғана сабақ болып қоймас үшін, ол қызықты болуы шарт. Осыған қол жеткенде ғана мектеп жасөспірімдер үшін рухани өмірдің түлеген ошағына, мұғалім осы ошақтың құрметті иесімен сақтаушысына айналады>> деп айтқан еді.
Әрбір сабақ мұғалімнің шығармашылық жұмысы. Ол мұғалім қолданған әдіс-тәсілдер арқылы ерекшеленіп, шәкірт жүрегінен орын алады.
Сабақта пайдаланып жүрген әдіс-тәсілдер оқушылардың оқуға деген ынта-ықыласының, дағды мен ой-өріс, білім, біліктерінің артуымен сипатталары сөзсіз. Білікті болу, қазіргі жаңа инновациялар мен технологияларды білу. педагогикалық шеберлікті игеру, баланың базалық білім талабына сай оқыту. Мұғалімнің күнделікті жұмысының барысы да осы. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында педагогикалық шеберлік ортығында үш айлық курс, үшінші деңгей бойынша курстың бірінші бетпе-бет кезінде үйренген Кембридж бағдарламасының жеті модульін қолданып өткен бір сабағыма аналитикалық талдау жасадым.
Мен сабақ беретін 7 <<А>> сыныбында тарих пәні бойынша <<Отырықшы және көшпелілердің материалдық мәдениеті>> деген тақырыптағы тізбектелген сабағымның екіншісін өттім. Оқып үйренудің негізгі мақсаты: Екі мәдениеттің арасындағы ерекшеліктерді білу.
Оқып үйренуден күтілетін нәтеже: Отырықшы мен көшпелі мәдениеттің айырмашылығын және үздіксіз байланысын білу.
Сабағымды топтық жұмыс үлгісінде өткізетін болғандықтан, оқушыларды шаттық шеңбер бойына шақырып, ынтымақтастық атмосферасын құрудан бастадым. Оқушылар шеңбер бойында тұрып айтылған тілектің соңғы әріпінен басталатын жаңа тілек айтты. Әрбір соңғы әріпінен басталатын жаңа тілек оқушыларды жадыратып тастады. Шеңбер бойында тұрған оқушыларға бүгінгі сабағымыздың да топтық үлгіде болатындығын айта отырып, әр сабақта түрлі әдіс бойынша топқа бөлінетіндігімізді айттым. Осы арада топқа бөлу үшін 1,2,3,4 сандарын қайталай отырып топқа бөлдім. Және оқушылардың көңіл күйлерінің қандай екендігін сұрадым. Олар жақсы, тамаша деген жауаптарын айтты және топтарға бөлініп отырды. Оқушылардың назарын сабаққа аудару үшін:
-Балалар, өткен сабақта қандай тақырып өткен едік, кім айтады? деп сұрақ қойдым.
-Көшпелі және отырықшы мәденеттердің байланысы - деп Ж есімді оқушы жауап берді.
Үй тапсырмасын <<Домино>> ойыны арқылы тексеретіндігімді айтып, ойын ережесін түсіндірдім. Балалар тез жинақталды, өйткені бала ойын ойнауға үнемі ынталы. Бірақ шебер ұстаз сол ойын арқылы өзінің көздеген мақсатына жетуге ұмтылады. Бала ойын ойнау арқылы бір-бірімен диалогтық қарым қатынасқа түседі және сыни тұрғыдан ойлауы дамиды. Бұл тапсырма жұптық жұмысқа негізделді. Оқушылар тез арада домино тасы үлгісіндегі парақшаларды дайындады. Парақшаның бір тұсына сұрақ жазып, келесі парақтың бір тұсына осы сұрақтың жауабын жазып, қасындағы сыныптасына береді. Сәйкестендіріп болған оқушылар бірінің жұмысын бірі қайта тексереді. <<Қара жәшік>> ішіндегі жұмыс сыныптасын және өзін-өзі бағалау (Мұғалімге арналған нұсқаулық 56-бет) Тапсырманың орындалған сәтінде формативті бағалауды жүргізіп отырдым. Яғни оқушылар бір-бірін бағалады.
Оқыту мен оқуда ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану
Қызығушылықты ояту. Үйрену процесі-бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Оқушы жаңа ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады және кеңейте түседі. Сондықтан да, сабақта қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығынан тексеруден бастадым. Сол мақсатпен ойларын бір тұжырымға келтіру үшін және қызығушылықты арттыру үшін бейнефильм көрсетілді.

АКТ - оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын түсінуін, жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызда құрал болып отыр. Сондықтан оқыту барысында осы технологияларды тиімді пайдаланы маңызды болып саналады. (Мұғалімге арналған нұсқаулық 57-бет)
Бейнефильм көре отырып оқушыларға өз ойларын айту үшін мынадай сұрақтар қойдым:
-Мәдениет дегеніміз не?
-Қала мен дала тұрғындарының материалдық мәдениетінің айырмашылығы қандай?
Менің қойған сұрағыма жауап берген Н есімді оқушым өзінің сөйлеу мәнері терең екенін білдірді. Өзінің ойын ашық, еркін жеткізді. Ал А есімді оқушым ойын өмірмен байланыстыра айтты. Тақырыпты тереңдей білу мақсатында алдағы уақытта түрлі тапсырмалардың болатындығын айтып өттім және әрбір тапсырмадағы әрекеттерін топбасшылардың бағалау парақшасына белгілеп отыратындықтарын хабарладым. Топбасшысына әділ және дұрыс баға қою керектігін айтып өттім. Топбасшы да өзіне артылған жауапкершілікті сезінді.
Мағынаны тану бөлімінде тақырыпты одан әрі тереңдету мақсатында РАФТ әдісі бойынша тапсырма бердім. РАФТ стратегиясы дегеніміз - оқушы қандайда бір нысанды алып, сол рольге еніп өз ойын жазуы. Бұл стратегияны қолдануда оқушы сол зат туралы ойын жазба түрде бірінші жақта хабарлайды.
РАФТ әдісі оқушылардың ойын дамытып қана қоймай, шығармашылыққа жетелейтін әдістің бірі. Тапсырманы орындату үшін тақырыпты бөліп бердім.
І топқа- Қала тұрғындарының материалдық мәдениеті.
ІІ топқа-Көшпелілердің материалдық мәденеті.
ІІІ топқа-Қыш құмыра жасау. Металл өңдеу.
ІV топқа- Сауда және ақша айналымы.
Мақсат берілген тапсырманы жұптаса оқып, оқып шыққан соң ойларын ортаға салу. Және сол ойды <<Мен>> деген тұжырыммен сол кезеңге еніп дәптерге жазба түсіріп, автор орындығына отырып жазбаны оқу керек.
Тапсырманы өте қызықты етіп беруім оқушыларымды ынталандырды, өйткені бұл әдіспен дәстүрлі сабақтарда тапсырма берілмеген болатын. Сондықтан болса керек балалар қызу іске кірісті. Оларға тағыда бір ескеретін жағдай мәтінге оқулықтағы мәліметтерді кірістіре отырып жазу керектігі айтылды. Сондықтан да оқушылар тақырыптағы әрбір мәліметке мән берді.Топтағы қызу әңгіме мені қатты қуантты. Ал дәстүрлі сабақта мен оқушылардың сабақ үстінде шулағандарын қаламайтынмын.Бұл жағдай мүлдем басқаша. Оқушылар бір-бірімен қызу зерттеушілік әңгімеге кірісті.Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде:
1. Әркім ақылға қонымды мәлімет ұсынады;
2. Әркімнің идеясы пайдалы деп саналғанымен, мұқият бағаланады;
3. Қатысушылар бір-біріне сұрақ қояды;
4. Қатысушылар сұрақ қояды және айтқандарын дәлелдейді;
5. Топтағы қатысушылар келісімге жетуге тырысады (олар келісімге келуі де, келмеуі де мүмкін, ең бастысы - келісімге ұмтылу);
Оқушылар дәптерге түсіретін мәліметтерді талдады. Дайын мәтінді топтағы хатшы дәптерге түсірді. Бірінші топ басқа топтарға қарағанда тапсырманы дер кезінде аяқтады. Ал қалған үш топ белгіленген уақыттан сәл кешіге орындады. Тапсырманың нәтижесі мені қатты қызықтырып тұрды. Өйткені оқушы сонау ерте заманға еніп, өмір тіршілігін сипаттайтын болды. Тапсырма барысында оқушылар диалогтық қатынасқа түсті.
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер.

Александер (2004) оқытудағы әңгімелесу-қарым-қатынас жасаудың бір сарынды үдерісі емес, керісінше идеялар екі жақты бағытта жүреді және осының нәтежесінде оқушының білім үдерісі алға жылжиды деп тұжырымдайды. (Мұғалімге арналған нұсқаулық 40-бет)
Сыныпта қолданған диалогтық тәсілім оқушыларымның әңгіме құруына, басқаны тыңдай білуіне, пікір алмасуына, ойын бүкпесіз ашық айтуына, сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінің қалыптасуына, оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерінің дамуына үлкен септігін тигізді деп түсіндім.
Диалог барысында оқушылар сонымен қатар олардың мұғалімдері де келісілген нәтежеге жету үшін күш жігерін жұмсайтын және Мерсер (2000) сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе пікір алмасу барыссында тең құқылы серіктестер болып табылады.
(Мұғалімге арналған нұсқаулық 39-бет)

Тапсырманы орындау өз мәжесіне жетті. Әр топтан бір-бір оқушы шығаратындықтарын айтып өттім. Бірінші топтан қала тұрғындарының материалдық мәдениеті жайлы Н. есімді оқушым ортаға автор орындығына отырып, өзінің көне қаланың тұрғыны екендігін айта келе, өз өмірін сипаттай бастады. Күнделікті өмірі қалай өтетіндігін, қандай кәсіппен айналысатындығын, тұрғын үйін қалай салғандығын және қаланың қай бөлігінде тұратындығын айтып өтті. Ол өзінің әңгімесін оқып болған соң, басқа топ мүшелері өздерінің қызықтыратын сұрақтарын қойды. Мысалы, өзінің кәсібі отбасы қажеттіліктерін өтей ала ма? деген сұрақтар қойды. Сұраққа оқушы өзінің ашық пікірі арқылы ойын жеткізді. Тапсырма бойынша келесі топтан шыққан Н. есімді оқушым көшпелілердің материалдық мәдениеті бойынша өзінің әңгімесін оқу үшін автор орындығына отырды. Және әңгімесін айта келе Н. есімді оқушым өзінің шығарған төрт қатар өлеңін де оқыды:
-Малшымен кең даламда мен мал баққан,
Шаруам дөңгеленіп елге жаққан.
Малым қоңды, шаруа жайлы, көңілім шат,
Қой төлдетіп, жылқы өсіріп, ешкі баққам.
Н. есімді оқушы үздік оқитын оқушылардың қатарында. Ойы зерек, топтық жұмыста өзінің білімділігімен көзге түсіп отырады. Осы берген тапсырмам арқылы мен оқушының дарындылығын жандандыруға септігін тигіздім деп ойлаймын.
Егеменді еліміздің білім сапасын бағалау обьективті бақылауға алынып, талантты және дарынды балаларды оқытуға ерекше мән беріліп келеді. Адам бойына біткен дарындылық - ақшаның күшімен немесе шоқпардың ұшымен емес, мыңнан бірдің ішінде бойында ерекше қасиет пен қабілеттілік Алланың берген баға жетпес сыйы мес пе?
Фриман (1998) тексету парақтары мұғалімдерді шатастырып, дарынды, талантты балаларды анықтау барысында қате бағыт беретіні жайында зерттеулерден мысал келтіреді. Бірақ тексеру парағында зерттеулерге негізделген және ең үздік оқушыларды анықтайтын сенімді өлшемдерді тиімді қолдануға болады. (Мұғалімге арналған нұсқаулық 69-бет)
Н. есімді оқушымды басқа оқушылармен салыстыра келе оның бойында проблеманы тез шешуге деген құштарлығы қабілетінің ұшқырлығы және тапсырманың күрделілікке деген сүйіспеншілігін байқадым.
Талантты және дарынды балаларды оқыту
Фриманның ең үздік оқушыны анықтайтын
Сенімді өлшемдерін тиімді қолдану:
Өз білімін жетілдіру - олар оқыту үдерісінің
қалай жүретінін басқалардан гөрі жақсы біліп,
өздерінің оқуын реттей алады.
(Мұғалімге арналған нұсқаулық 69-бет)

Рафт әдісі бойынша берілген тапсырманы орындау үшін ІІІ топтан Қ. есімді оқушым автор орныдығына отырды. Ол да өзінің ойын жетік жеткізе білді. ІV топтан шыққан С.есімді оқушым Тараз қаласының саудагері екендігін баяндады және сауданы үш жақты жүргізетіні айтылды. Сауданың үш жақты түрімен айналыса отырып, өзінің бай саудагер екендігін айтып өтті. Оқушының сыни тұрғыдан ойлау қабілетінің тереңдігі мені қатты қуантты.
Сыни тұрғыдан ойлауға оқыту - баланы сыни тұрғыдан ойлауға қабілетінің дағдылануын, қасындағы заттың қалай жасалғандығын оның ішкі құрылыстарының қандай тәсілдермен құрастырылғандығын зерттеуді талап етеді.
Сыни тұрғыдан ойлау - бақылаудың , тәжиірбенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім.
Сыни тұрғыдан ойлауға оқыту.
(Мұғалімге арналған нұсқаулық 49-бет)


Тапсырма бере отырып мен оқушыны сыни тұрғыдан ойланта алғандығыма көңілім толып, олардың әрекеттері үшін мақтау сөзімді айтып, формативті бағалау жүргіздім. Білім беру үшін бағалаудың негізгі мақсаты - бағалау арқылы даму, түсіну арқылы оқушылар мен мұғалімдер арасындағы жетістіктер болып табылады. Білімді бағалау деген сөз - оқушылардың нені білетіндігін және неге қабілетті екендігін, сонымен қатыр осы баға арқылы өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін бақылауы болып табылады. Жеке тұлғаның өзін - өзі бағалай алуды меңгеруі, өзін - өзі құрметтеудің жоғары деңгейі <<Мен>> бейнесінің айқын қалыптасуына сыни ойлаудың болуы көмектеседі. Әрбір тапсырмада оқушыны бағалау парақшасына бағалап отыру керектігін топбасшысына және бір айтып өтіп, өзім тақтаға шыққан оқушыны смайликтер арқылы бағаладым.
Оқыту үшін бағалау, оқуды бағалау


Бағалау реформасының тобы (2002 Александер) оқыту үшін бағалауға мынандай анықтама береді.: Оқыту үшін бағалау - бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі. (Мұғалімге арналған нұсқаулық. 54-бет)
Оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес оқыту
Теориялық білімді негізге ала отырып, оқушыларды әрбір әрекеті үшін формативті бағалап отырудың тиімді екендігін байқадым. Үлгерімі төмен оқушыларымның жақсы сөз, мақтау естуі үшін еңбектенгендері мені қуантты. Олардың аз да болса жеткен жетістігі атап өтіліп , ол оқушыдан бұдан да жақсырақ әрекет жасай алатындығын айту оқушы үшін өте қажетті дүние болды. Осы тапсырмадан соң <<Көңілді қимылдар>> сергіту сәтін жүргіздім. Оқушылардың ойын қайта жинақтай келе, <<Тапқырлық>> әдісі арқылы тапсырма болатындығын, ол үшін тапқыр, зерек, терең ойлы болуы керектігін атап өттім. Тапсырмаларды түрлендіріп отыруым оқушылардың ынтасын арттырғандай болды. Өйткені қандай тапсырма болса да , соның нәтижесіне жетіп, содан кейін не болды екен деген қызығушылықпен қарады. Оқушылар сұрақтарға мен көрсеткен әріп бойынша жауап берді. Тапсырмадан соң топ бпсшысы сол топтағы оқушылардың не ұққанын, өз тобының әрбір мүшесінің әрекетіне жауапты екендігін, яғни тек өзін ғана ойламау керектігін ұғынды. Кохлберг: Өнегелі даму теориясы
4-кезең. Әлеуметтік тәртіпті қолдау.
Өнегелі дамудың бұл сатысында адамдар
пайымдау жасағанда қоғамды тұтас қарастырады.

Сабақты қорытындылау үшін Венн диаграммасын толтыру тапсырмасы берілді. Оқушылар отырықшы және көшпелі халықтардың материалдық мәдениетінің айырмашылықтарын ажыратты.
Топ басшыларының берген мәліметі және оқушылардың өздерінің топтаған жұлдызша, смайликтерін біріктіре отырып, жиынтық бағалауды қойдым. Үйге тапсырма берілді. Мен <<Қара жәшіктің>> төртінші тармағы <<Кері байланысты>> (Мұғалімге арналған нұсқаулық. 56-бет) қамтамасыз еткім келді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін оларға стикер тараттым.<<Не білдім?>>, <<Не қиын болды?>> деген ой жазылып, Тілек ағашына жапсырылды.
Менің тізбектелген сабақтарыма тәжірибе алмасқысы келіп, қатысқан мұғалімдер көп болды. Сабақ аяқталған соң сабағыма кірген мұғалімдер және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Муталиева Мөлдір апайдың өзі қатысып, сын-пікірін білдірді.
Мұғалімнің көшбасшылығын дамытуға әсер етудің ерекше түрі - өзгерістер енгізу үшін әріптестермен стратегиялық шешімдер қабылдауға негізделген.
Оқытудағы басқару және көшбасшылық



Тізбектелген сабақтарымның екінші сабағында сәтті болған тұстары:
1) Оқушы жаңа тақырыпты топтағы талдау бойынша нәтижеге жетті.
2) Берілген тапсырманы қолданған әдіске негіздей білді.
3) Материалды игеру деңгейін анықтай отырып, өз-өздерін тексеріп, бағалай білді.
4) Сабағымның сәтсіз тұстары:
<<Тапқырлық>> әдісі арқылы тапсырма берген кезімде, зерек оқушылар тез жауап беріп, баяу оқушылар қалып қойды.
Сабағымды өте отырып, өзіме түйген ойым: оқушылардың бойында метатанымдық қабілеттерді игерту керектігі.
* <<Материалды есте сақтау және түсіну>> ұғымдарының әртүрлі әдістері бар екеніні мойындап, мағынасын ажырата алуға үйренеді. (Мен мұны есте сақтай аламын ба? Маған мұны есте сақтау қажет пе?)
* Материалды сараптап, оны күрделірек деңгейі мен назар аудару талаптарының дәреежесі бойынша бөлуге қабілетті. (Мына фрагмент қарапайым, ал келесіге назар аудару керек).
* Материалды игеру деңгейін анықтай отырып, өз-өздерін тексеруге және тестілеуге қабілетті (мен мұны дұрыс түсіндім бе ?).
* Қай кезде мұғалім араласу қажет екенін біледі. (Мен тығырыққа тірелдім және менің стратегияларым нәтижесіз болып шықты, сондықтан маған көмек қажет).
Метатану әдісін игерген оқушылар оқыту мен оқудың үздіксіз үдерісінің жалпы мүддесіне мұғалімдермен тең әрекеттеседі. Және ақыр соңында мұғалімнің қызметін өзі атқарады. (Мұғалімге арналған нұсқаулық. 34-бет)
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық.
2. Қазақстан тарихынан әдістемелік журналдар
3. Қазақстан тарихы 7-сынып оқулығы

Ұқсас жұмыстар
Оқушыларға интернет туралы ағылшын тілінде айтуға үйрету
Жеті модуль бойынша оқытудың тиімділігі
Қазақ тілінен орта мерзімді сабақ жоспары 10 сынып
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету жолдары
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін сабақта тиімді қолдану
Менің досым
Оқушыны ойлану үшін ойлауға үйрету
Орта мерзімді жоспар дүниетану 3-сынып
Сыни тұрғыдан ойлау
Механикалық энергия
Пәндер