Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Жаңа форматтағы педагог деген кім

Қызылорда облысы Шиелі ауданы <<№152 қазақ орта мектебі>> коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Эссе
<<Менің жаңа форматтағы педагог ретінде қалыптасуыма рефлексияның ықпалы>>

Дайындаған орыс тілі мен әдебиеті пәнінің ІІ деңгейлі мұғалімі Г.Әлихан

2015 жыл

<<№152 қазақ орта мектебі>> КММ
орыс тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі Г.Ә.Әлихан

Менің жаңа форматтағы педагог ретінде қалыптасуыма рефлексияның ықпалы

<<Елу жылда ел жаңа>>, - деп дана халқымыз айтқандай, еліміз өркендеп, өсіп келеді. Заманмен бірге адам да, талап та, қажеттілік те өзгеруде. Әлем өзгерісі білім саласы қызметкерлеріне де өз әсерін тигізуде. Оң өзгерістермен қатар, уақытпен бірге аяқ басу үшін мұғалімдер қауымы білімін шыңдауға күш салуда. Енді <<жаңа форматтағы педагог>> термині де қолданысқа енуде.
Жаңа форматтағы педагог деген кім? Менің түсінігімде, жаңа формациялы мұғалім - жаңалықтың жаршысы болуға ұмтылыс жасайтын, әлеммен бірге өзгеруге және білім саласына өзгеріс енгізуге дайын, үздіксіз ізденетін, еңбекқор жан.
Ізденіс түбі - игілік деп есептеп, мен де еліміздің білім беру жүйесіне түбегейлі өзгеріс пен жаңалық енгізуге жасалып жатқан қадамдарын құптай отырып, білім беруді дамыту бағдарламасына сәйкес Кембридж университеті мамандары мен Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырған үш айлық курсқа үлкен құлшыныспен бардым. Әрине, оқу барысында қиындықтар болды, өйткені жаңалықты бірден қабылдап, теория мен практиканы ұштастыру уақыт пен ерік-жігерді талап ететіні белгілі. Уақыт озған сайын мен іс-тәжірибемнің жүйеленіп, жетіліп келе жатқанын байқаймын. Өз жұмысымды саралап отырсам, көп уақытым сабақтың сапалы өтуін ойластыруға, оқулықтан тыс материалдарды да сабаққа кіріктіре пайдалануға жұмсалатыны байқалады, ал сабақты өткен соң жіберілген кемшіліктерді қалай жөндеуге болатыны мазалайды. Әрбір ісіме рефлексия жасау арқылы жаңа форматты мұғалімдер қатарын толықтыратыныма кәміл сенемін, өйткені мен деңгейлік курсты не үшін оқығанымды білемін: мен алдыма мақсат қойдым, сол үшін ұмтылып, еңбек етуге тиіспін және бастаған ісімді жетілдіріп, нәтижеге қол жеткізуім керек.
Жұмыс барысында көп нәрсе айқындалып келеді: белгілі нәтижеге жету үшін мол тәжірибе, ізденіспен қатар қажыр-қайрат пен ерік-жігердің қажеттігі сезіледі. Өйткені мұғалім әр бала үшін жауапты, оның болашағына, өмірге бейімделуіне бағыт беруші, жол көрсетуші, ал бұл бір күндік жұмыс емес және ерен еңбекті талап етеді.
Ауыл мектептерінің жағдайы көп ретте жоғары талаптарға сай келе бермейді, жетістікке бастайтын, нәтижелі оқуға қол жеткізуге баланың әлеуметтік жағдайы да әсер ететіні хақ.
Мен орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретіндіктен сабақ процесінде оқушылардың тілдік кедергіге тап болатынын жиі аңғарамын, сондықтан оқудағы жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы осы қиындықтан шығар жол іздеудемін және біртіндеп жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келемін. Оқушы қабілетін шыңдау, қызығушылығын ескеру, деңгейлік тапсырмалар дайындау, топтық, жұптық, жеке тапсырмалар түрін байланыстыра қолдану, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушыны жетелеу, сабақты түрлендіре білу - жетістікке жеткізер жолдар деп есептеймін.
Деңгейлік курстар менің санама жаңа ой құйды десем болады, өйткені бұрын қолданғанмен аса мән бермейтін әдістер енді жаңаша сипат алуда. <<Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек>>, - демекші, әр сабаққа кіргенде психологиялық жағдайға мән беретін болдым. Себебі көңіл-күйі орнықты, өзін жайлы сезінген оқушы нәтижелі жұмыс жасауға біршама жақын және дайын болатынына көзім жетті. Сонымен қатар, сабаққа өзгерісті біртіндеп енгізген дұрыс деген пікірдемін. Өйткені оқушы бір әдісті дұрыс қолдана алмай тұрып, басқасын үсті-үстіне ұсына беру де көп жағдайда балаға қиындық тудыруы мүмкін. Мен Джин Раддокше <<оқушы үніне>> құлақ тосуды, оны естуді үйрендім, кері байланыс барысында оқушыларға не ұнайтынын ескеруді үйреніп келемін. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: <<Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады,- дейді. Мен оқушыларымның кішкене де болса жетістіктерін, талпыныстарын ескеріп, мақтап, мадақтап, қанаттандырудың маңызды екенін жақсы түсінемін.
<<Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі - ниет керек, одан соң - күш керек, одан соң - тәртіп керек>>, - деген ұлы жазушымыз М. Әуезов сөздері қазір де маңыздылығын жоймаған. Мен деңгейлік курсқа алғашқылардың бірі болып баруға ұмтылдым, ниет еттім, ниетіме жеттім. Алған білімімді қолданудамын, нәтижеге жету үшін күш жұмсаудамын, тырысудамын. Мұнан әрі қарай да ізденісті тоқтатпай, әр ісімді жүйелеп, белгілі тәртіпке келтіре алсам, өнімді іс боларына сенімдімін. Ол үшін әр оқушы жүрегіне үңіліп, қабілет-қарымын анықтай білсем, көкірек көзін ашып, ақыл-ойына, санасына жол тапсам, соның бәрін елеп-екшеп үйлестіріп, шеберлігімді күннен-күнге арттырып отырсам, білімді ұрпақ саны көбейе түспек.
<<Басқа халықтардан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек>>, - деген ұлы ағартушы А. Байтұрсынұлы сөзі бәсекеге лайық ұрпақ тәрбиелеу - біздің басты мақсатымыз екенін тағы да еске салғандай. Жаңа формация мұғалімі зерттеуші де болғандықтан, барлық жағдайды ой елегінен өткізіп, көп жағдайды ескеруі қажет. Мысалы, әр сыныптың өз ерекшелігі бар, сыныптағы оқушы саны, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы, материалды қабылдау мүмкіндіктері және тағы басқалар.
Әдетте біз баланы жас шыбыққа ұқсатып, оны қалай исең, солай қалыптасады дегенді жиі айтамыз. Ол рас. Сонымен қатар, менің ойымша, қазіргі оқушы шыны секілді, оны дұрыс қолданбасаң, сынып кетеді, қайтіп бүтіндей алмайсың, яғни дұрыс бағыт бермесең, еңбегің зая кетуі мүмкін. Кейде оқушы қылыш секілді, оңды-солды сермей беруге болмайды, дұрыс сілтемесең, қателескеніңді білесің, ал дұрыс қолдансаң, өткірлене түседі, жарқылдайтын, жасымайтын алмасқа айналады. Бізге керегі де осы емес пе?! Өмірге лайықталған, заманына сай, білімі шыңдалған оқушы үшін, болашағымыз білімді ұрпақтар қолында болу үшін тер төгуге болады. Тек шыдамды, ізденуші, зерттеуші, шығармашыл, жаңашыл болудан қашпау керек. Бұл заман талабы. Атақты орыс педагогы К.Д.Ушинский сөзімен айтсақ: <<Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады>>.
<<Көш жүре түзеледі>> дегендей, осындай ізденіс барысында жаңа үлгідегі сабақтарымның барлығы керемет болмағанымен, сәтті сабақтар саны молайып келеді. Сондай шақтарда бақыт деген осы екен, еңбегімнің жемісін көре бастадым деген ойлар қуанышқа бөлейді. Оқушылар шаттанса, мен де шаттанамын, олардың көңіл-күйлері түссе, мен де қобалжып қаламын, ізденістерін байқасам, қуанамын.
Мен жаңа форматтағы педагогтардың бірі болып қалыптасып келемін. Оқушыларыма үйреткенімнен үйретерім көп. Көз алдымызда бәйшешектей құлпырып, қарлығаштай қанат қағып, жасындай жарқыраған жеткіншектеріміз үмітімізді ақтап, жан-жақты, бәсекеге қабілетті болып, елеулі жетістіктерге жетіп, қуантып жатса, бізге берілген адал баға деп есептер едім.
<<Мектеп бітіріп шыққан бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен, ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы>>, - деген бес арысымыздың бірі Жүсіпбек Аймауытов сөздерімен ойымды аяқтағым келеді.
Біз осындай нұрлы жүзді, саналы, зерек балалар тәрбиелей алсақ, түпкі мақсатымызға жеткеніміз.

Ұқсас жұмыстар
Дамыта оқытуды іске асыруда оқушылардың өзін-өзі және өзара бақылай отырып жеке-дара жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру
Жаңа форматты мұғалім
Мәтін файл
Сайыстың шартымен таныстыру
Ана тілі пәнінен қысқа мерзімді жоспар. сабақтар топтамасы. 3 сынып
Мұғалімдердің кәсіби деңгейінің негізгі көрсеткіші оның санаты
Білімді беріп отырған - мұғалім
Топпен жұмыс жасау
Табиғат құбылыстары. Ауа райы
Лепті сөйлем тобы
Пәндер