Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Студенттерімізге қошемет

"Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады" атты студенттермен кездесу кешінің жүру бағдарламасы.

Қатысушылар: 9-11-сынып оқушылары, студенттер, ұстаздар.
Кештің мақсаты: Оқушыларға мамандық таңдауда бағыт-бағдар бере отырып, оқушыларды пікір алмасуға, өз ойларын ашық айтуға, жүйелі ойлауға баулу, оларды отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
Кеш бөлімдері:
1. Сұраққа жауап. /Студенттер сұрақтар таңдап, жауап береді./
2. Топтық жұмыс "Анықтамалық".
3. Психологиялық сәт. "Мен таңдаған мамандық" ойыны.
4. Ситуациялық жағдайлар.
5. Бір сөзбен тілек.

Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар және студенттер! Бүгінгі "Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады" атты студенттермен кездесу кешіне қош келдіңіздер! Биылғы мектебімізден түлеп ұшқалы отырған 11-сынып оқушыларын болашақта "Кім болам?", "Қандай мамандықты таңдағаным дұрыс?", "Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?" деген сияқты ойлар әлі де мазалайтыны анық. Мамандық таңдау кезеңінде оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу мақсатында кешегі түлектер, бүгінгі студент, болашақ маман иелерімен кездестіріп, ой-пікір алмасуды жөн санадық.
Алдымен, бір сәтке кейін шегініп, студенттеріміздің мектеп өміріне шолу жасасақ. Экранға назар аударайық.
/Экраннан студенттердің мектеп кезіндегі фотоларынан слайд көрсетіледі./
------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Жүргізуші: Қош келдің тәуелсіз ел қырандары,
Жақсы атың шартарапқа шығар әлі.
Өнеге үлгі болған кішілерге,
Ұстаздар шын пейілмен жыр арнады,- дей отырып, кешіміздің алғашқы сөз кезегі мектеп директоры Даурбаев Келдімұрат Түгелбайұлына беріледі.
/Алғы сөз/
--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Жүргізуші: Ия, уақыт деген зымыран! "Кеше ғана бала ең, келдің ғой талай жасқа", - деп ұлы Абай атамыз айтып кеткендей, алдарыңызда кеше ғана мектеп партасында отырып сусындаған шәкірттеріңіз таудай болып, жайқалған жасыл баудай болып үлкен білім ордаларының студенттері болып отыр. Көк байрағын желбіретіп, Әнұранын асқақтаған егемен еліміздің ертеңі мен келешегі.
Бұл жастар - ел бірлігін ойлайтын, өз Отанын қорғайтын, өркениет өсіретін, аға - апаларымыздың ісін ары қарай жалғастыратын болашақ азаматтар. Ертеңгі күннің құрығын қолға ұстап, жолға шыққан студент жастар қадамдарыңа нұр жаусын. Бүгінгі кешті өткізудегі басты мақсат студенттік өмірдің қызықты сәттері туралы сұрақтарға жауап алу еді. Сондықтан қазір кешіміздің қонақтары, мына сандықтан сұрақ таңдап, соған шынайы түрде жауап берсеңіздер.
/Студент қонақтар сұрақтар таңдап, жауап береді./
Қойылатын сұрақтар:
1. Қандай мамандықты таңдадың? Таңдаған мамандығың өмірде қажет мамандық деп есептейсің бе?
2. Таңдаған мамандығың қандай? Оны қай сыныпта оқып жүргенде таңдадың? Жүрек қалауыңмен таңдадың ба?
3. Қазіргі заманда ауадай қажет мамандықтар қай мамандықтар деп ойлайсың? Өзің таңдаған мамандықты соның қатарына жатқыза аласың ба?
4. Қай мамандықта оқып жүрсің? Бұл мамандықты таңдауыңа кім себепші болды?
5. Жақсы маман болу үшін адам нені біліп, нені үйренуі керек деп ойлайсың?
6. Студенттік шағыңда әттеген-ай деген кездер болды ма? Мысалы: мен бұл мамандықты бекер таңдаппын деген өкініштер сияқты.
7. Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан, қалай дайындауы керек деп ойлайсың?
8. Адам мамандықты қалай таңдағаны дұрыс деп есептейсің? Жүрек қалауымен бе әлде үлкендердің нұсқауы бойынша ма?
9. Бойыңда мектепте оқып жүргенде мына пәндерді тереңірек оқымаған екенмін деген өкініш бар ма?
10. Мектептегі қай пәндер өмірде маңызды екен деген ой туды?
11. Куратор мен сынып жетекшісінің айырмашылығы неде деп ойлайсың?
12. Таңдаған мамандығыңның қорқыныш тудыратын кездері болады деп ойлайсың ба?
Жүргізуші: Жауаптарыңызға рахмет.
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Жүргізуші: Студенттер, аяулы ақ мамандар,
Жыл сайын жасарғандар, жаңарғандар.
Қыз қуып терезеге қарағандар,
Білім қуып, бөлмеге қамалғандар.
Студенттер, аптыққан, пәк көңілдер,
Өкініштер, шаттықтар, тәтті өмірлер.
Ауылға жиі айтатын сәлемдері:
"Ақша сал", "Жетпей жатыр", "Ап жетіңдер!".
Студенттер, сарылып ой қуғандар,
Қарынды қанағатқа тойдырғандар.
Қара нанды достарымен қақ бөліп жеп,
Күн сайын, апта сайын той қылғандар.
Студенттер, болашақ жас мамандар,
Үй жоқ деп үйленуден қорықпағандар.
Бастарына тек кітап жастанғандар,
Студенттер ұстаздарға ұнағандар.
Сүрінгендер, кей жерде құлағандар,
Қайтадан тапсырам деп жылағандар.
Тәттіні, ащыны да татып тұрар,
Сонда да жандарыңда жанып тұрар.
Студенттік шақ қайтадан оралмайды,
Студенттер, студентер - ол, бақыттылар!
Ендеше, кешіміздің қонақтары студенттерімізге ду қол шапалақ!
Жүргізуші: Енді, мен оқушылардан 1,2-топтарға 5 оқушыдан және 3-топқа студенттерден 5 студентті ортаға шақырамын. Топтық жұмыс "Анықтамалық" деп аталады.
Топтық жұмыс тапсырмалары
1-топқа: /Оқушыларға/
1. Сессия соңы - Аласапыран
2. Университет - "Өмір мектебі"
3. Танысу - "Менің атым-Қожа"
4. Емтихан - "Қан мен тер"
5. 1-курс - "Әңгүдік"
6. 2-курс - "Пысық болдым, мінекей"
7. Диплом жұмысы - "Соңғы парыз"
8. Вахтерша - "Бандыны қуған Хамит"
9. СМС - "Жүректегі жазулар"

2-топқа: /Оқушыларға/
1. Бөлме - "Жетінші палата"
2. Замдекан - "Оң қол"
3. Дәріс - "Өліара"
4. Студенттік шақ - "Дүние- думан"
5. 3-курс - "Асуда"
6. 4-курс - "Қош бол, менің ертегім"
7. Семестр - "Біздің жақта қыс ұзақ"
8. Жатақхана - "Ақын. Періште. Махаббат"
9. Үйленгеннен соң - "Ол көктем оралмайды"

3-топқа: /Түлектерге/
1. Каникул - жылдың ең қысқа күндері.
2. Күнделік - үлкендерге көп көрсете бермейтін құпиям.
3. Математика - мен түгіл әкемнің де тісі бата бермейтін "жаңғақ".
4. Дос - бақылау жұмысында дәптеріне жазғандарын бақылатып отыратын я қыз, я ұл.
5. Сабақ - үзілісті зарықтыра күттіретін 45 минут.
6. Спорт секциясы - әжеме айтатын басты сылтауым.
7. "Апайға айтам" - қыздардың негізгі қаруы.
8. "Жоқ" - журналға түсетін белгі.
9. "Ұмытып кеттім" - мұғалімнің ең жек көретін оқушы жауабы.

Жүргізуші:Тапсырма орындалғанша ортаға Ержанова Индираны тамаша әнімен ортаға шақырамын.
---------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Жүргізуші: Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі өте көп. Әрине, таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы - адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс- табыс биігіне жеткізетін қанат. Абай атамыз айтқандай, "неге арналсаң, соны істе" деп, қашанда адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқан жөн.
Жүргізуші: Кешіміздің келесі бір бөлімі - Психологиялық сәт - "Психогеометрия". Қазір экраннан геометриялық фигуралар көрсетіледі. Осы жердегі барлық қатысушылар сол фигуралардың ішінен біреуін ғана таңдап, қолдарыңыздағы берілген бетшелерге бейнелеңіздер. Таңдалған фигуралар сіздердің бойыңыздағы қасиет, қабілеттеріңізді бейнелейді. Сонымен, тексеріп көрелік.
Квадрат. Сенде төзімділік, шыдамдылық, еңбекқорлық дамыған. Өз айналаңа адамдарды жинап ұйымдастыру, реттеу және жүйелеу қабілетің баршылық. Сенен үздік администратор шығады, бірақ саған өзіңнің кәсіптік мамандығыңды менеджментпен байланыстырмауға ұсыныс айтамын.
Зигзаг. Сенде әсемдікті көре білу қабілетің жоғары қалыптасқан, сондай-ақ шығармашылық қабілетің, ой-өрісің дамыған. Сенде табиғи өткір ойлылық бар, өз айналаңа қабілетті адамдарды жинай аласың. Сені шаблондар, ережелер, нұсқаулар қызықтырмайды. Бастаған істі аяқтауға төзімділіктің жоқтығы бөгет жасайды.
Шеңбер. Сенде адамгершілік жоғары дамыған. Сен өз әріптесіңді тыңдай аласың және оның қайғысы мен қуанышын бірге бөлісесің, басқаның ауыртпалығына жәрдемдесу қабілетің жоғары қалыптасқан. Саған жеке адамдар арасындағы кикілжіңдер тән емес, өзіңді олардан аулақ ұстайсың және саған менеджмент саласындағы мамандықтар сәйкес келмейді. сенен үздік психолог шығуы мүмкін.
Үшбұрыш. Саған басқарушылық қасиет тән. Өз көздеген мақсатыңа қол жеткізуге бар мүмкіншілігіңді жасайсың. Өзіңе сенімдісің және жеңіске, жетістіктерге, ұтыстарға оңай қол жеткізесің. Айтқаныңнан шықпайсың. Сен қоғамда, өмірде жоғары жетістіктерге қол жеткізесің, жұмысыңда жоғарыға көтерілуге бейімділігің бар. Саған менеджмент саласын меңгеру ұсынылады.
Келесі кезекте құрметті қонақтар, студенттер, таңдаған мамандықтарыңызды қаншалықты меңгеріп келесіз, соны анықтау үшін мынадай қысқа ғана ойын өткізгім келіп тұр. Бұл ойын "Мен таңдаған мамандық" деп аталады. Маған ортаға болашақ тілші, яғни журналистка мамандығының студенті, болашақ дәрігер студент, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім мамандығын алып шығатын студент керек. Қойылатын тапсырма:
1. Тілшіге: Берілген диалогтағы сөйлемдерді ретіне қарай орналастырып оқып шығу.
2. Дәрігерге: Берілген нұсқаулық қандай ауруды емдеуге берілген және ол қай дәрігер /оташы, терапевт, бала дәрігері т.с.с/
3. Мұғалімге: Берілген өлеңдегі әріптерді орнына қойып, өлеңді толық оқып шығу.
/Студенттер тапсырманы орындайды./
Жүргізуші: Рахмет жауаптарыңызға. Студенттерімізге қошемет!

Жүргізуші: Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы - күйлі,
Тыңдағанда көңілдің әсері бар,- дегендей келесі кезекті әсем әнге берсек.
----------------------------- орындауында тамаша әнді қабыл алыңыздар.
/Сазды сәлем/
--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Жүргізуші: Басталмаған қаланың дастаны әлі,
Бірінші жыл
Дала деп жас тамады.
Бірінші жыл ауылы естен кетпей,
Үшінші жыл қимайды бұл орданы.
Үш жыл бойы қызартып, имендіріп,
Біреуі үшін қуанып, күйген болып.
Бірін - бірі ұзатып өз қолынан,
Бірін - бірі қолынан үйлендіріп.
О, жастық - ай, алмайтын өлмей тыным,
Ойын - тойсыз өмірге көнбейтұғын.
Бірге барса баратын бір топ болып,
Жалғыз жүру дегенді білмейтұғын.

Жүргізуші: Кешіміздің келесі бөлімі - "Ситуациялық жағдайлар". ортаға 7 студентті шақырамын.
1-тапсырма: Группаластарыңызбен автобуста келесіз. Қалтаңызда ақша жоқ. Бірақ сабақтан қалмау керек. Түсетін аялдамаға жеткенде достарыңыз сізден бұрын автобустан түсіп кетті де, сіз кондукторға ұсталып қалдыңыз? Бұл жағдайдан қалай шығар едіңіз?
2-тапсырма: Жатақхана. Үзіліс кезінде досыңызбен жүрек жалғау үшін бөлмеге келдіңіз. Ақшаның, тамақтың таусылған кездерінің бірі. Бөлмеге кірсеңіз, тек 3 тілім нан мен 2 жұмыртқа ғана бар. Дәл осы сәтте ауылдас екі құрбыңыз есік қақты. Іште екендеріңізді біледі, бірақ тамақты бөлісіп жегіңіз де келмейді. Не істер едіңіз?
3-тапсырма: Жатақхана. Бөлмеде электр плитасын қосып, тамақ дайындауға тыйым салынған. Сіз дүкеннен келе жатып, коменданттың тексеріп келе жатқанын көріп қалдыңыз. Ал ол дәл сіздердің бөлмелеріңіздің қасына келді. Бөлмеде жасырын тамақ дайындап жатқан құрбыңызға қалай ескертер едіңіз?
4-тапсырма: Түнде достарыңызбен туған күнге барып, кеш оралдыңыздар делік. Мүлдем ұйықтамаған күйі университетке бардыңыз. 2-пар кезінде лекция оқылып жатқанда ұйқы қысып, көзіңіз жұмыла берді. Ал лекция оқып тұрған қатал профессор екенін жақсы білесіз. Бұл жағдайдан қалай шығар едіңіз?
5-тапсырма: Қалаға оқуға келген алғашқы күніңіз. Ұялы телефоныңызды үйге ұмытып, бес-алты аялдамадан кейінгі бір супермаркетке тамақ алуға кеттіңіз делік. Қайтар жолда жалдаған үйіңіздің нөмірі тарс есіңнен шығып кетті. Көшесі де есіңізде жоқ. Не істер едіңіз?
6-тапсырма: Жаңа Жыл қарсаңы. Бір бөлмеде тұратын досыңыз екеуіңіз бір-біріңізге сыйлық жасамақ болдыңыздар. Дүкеннен 2500 теңге тұратын иісі керемет иіссу ұнап қалды делік. Бірақ 500 теңгесін қайтар жолға таксиге деп алып қойдыңыз, өйткені ол қашықтыққа автобус сирек жүреді. Ал сатушы 2000 теңгеге иіссуды бермейтіні түсінікті. Бірақ ол сыйлық құрбыңызға анық ұнайтынын сезіп тұрсыз. Сіздің іс-әрекетіңіз?
7-тапсырма: Кешке бөлмеңізде шағын отырыс жасайтын болып келістіңіздер. Алайда қонақтар келерден жарты сағат бұрын кенет басыңыз қатты ауыра бастады. Дәрі ішсеңіз де қоймай, қызуыңыз әп сәтте көтеріліп кетті. Ештеңеге зауқыңыз соқпай тұр. Бірақ қасыңыздағы құрбыларыңыз қонақ күтуге дайын, дастархан жасаулы тұр. Тығырықтан қалай шығар едіңіз?
Жүргізуші: Жауаптарыңызға рахмет. Енді орындарыңызға отырмай тұрып, 1-ден 9-ға дейінгі кез-келген санды таңдауларыңызды сұраймын.
1. Жомарт және адамгершілігі жоғары жансыз. Сіз үнемі үздік болуға талпынасыз. Кеудемсоқтық қасиетіңіз де жоқ емес. Жұрт сырттай сізбен тіл табысу қиын деп түсінеді. Олай емес, тек сіз өзіңізбен-өзіңіздің табысуыңыз оңай шару емес. Сіз үнемі белсенді шаруа атқарасыз. Бірақ өзімшіл емессіз. Сіз өз әлеміңізді әдемілендіру үшін тынбай жұмыс жасайсыз. Сіз біреуді жаныңызға жара салғанша жақсы көресіз. Ал содан кейін... содан кейін де жақсы көруден танбайсыз. Сіздің ісіңіздің қадіріне жетіп жүрген жандар аздау.
2. Еліктіргіш және шыншыл адамсыз. Сіз біреуге көмектесуге қашан да дайын тұратын жауапкершілігі жоғары жансыз. Сіз адал жұмыс жасауды жақсы көресіз. Қандай да бір жұмысты өз міндетіңізге алудан қашпайсыз. Сіздің мінезіңіз көпке ұнамды. Сізде үнемі көптің көңілінен шығатын қызықты әңгіме таусылмайды.
3. Ақылды және ойшыл жансыз. Сіз сөзсіз ой адамысыз. Сіздің идеяңыз бен ойларыңыз аса маңызды. Сіз жалғыз қалғанда көп ойға берілесіз. Өзіңіздей үнемі ой үстінде жүретін жандармен сұхбат құрудан қашпайсыз. Сіз өзіңіз дұрыс деп жасаған нәрсені жасайсыз. Оған көпшілік бір ауыздан келісе қоймауы да мүмкін.
4. Зерек жансыз. Сіз өз ортаңызда сирек кездесетін жалғыз адамсыз. Сізбен қатар тұрар жан жоқ. Тіпті сізбен салыстыруға тұрарлық жан да.... Сізді көбі дұрыс түсіне бермейді. Сондықтан ондай жандардың ісі сізді үнемі ренжітеді. сізге жеке кеңістік құру қажет. Шығармашылығыңызды байыта түсіңіз. Өйткені жұрт сізді шығармашылығыңыз үшін қадірлейді.
5. Сенімді жансыз. Тәуелсіз жансыз. "Бәрін өзім жасаймын" деген қағиданы ұстанасыз. Тек өзіңізге ғана сенесіз. Сіз жақындарыңыз үшін қалай сенімді болудың құпиясын білесіз. Басқалардан тілеріңіз - олардың сізге адал болуы. Өйткені сіз адал адамдарды бағалайсыз, шындықты сүйесіз.
6. Мейірімді және сезімтал жансыз. Сіз адамдармен оңай қарым-қатынас орнатасыз. Досыңыздың саны көп. Олардың өмірін жақсарту үшін қолыңыздан келгенін аянып қалмайсыз. Сіз бар жерде кейбіреулер өздерін артық сезінеді. Сіз махаббатқа сенесіз, онсыз өмірдің мәні жоқ деп ұғасыз.
7. Бақытты және өзін-өзі еркін билейтін жансыз. сіз адамдарды айтқызбай-ақ ұғатын кішіпейіл адамсыз. Әр адам өмірде өз жолын салуы керек деп түсінесіз. Сіз кез-келген шараны, оқиғаны да қорқынышсыз қарсы аласыз. Көп мазаланатыныңыз тағы бар. Үнемі бос уақытты тиімді өткізесіз.
8. Әдемі және қайратты жансыз.Сіз көңілді де күлдіргі адамдардың қатарындасыз. Егер әңгіме қандай да бір оқиға жайында өрбісе, үнемі "Қолдаймын" деп қол көтеруге дайын жүресіз. Сіз таң қалудан да, таңдандырудан да жалықпайсыз. Бәрін біліп алғыңыз келіп тұрады. Егер сізге бір нәрсе қызық болып тұрса соның жай-жапсарын анықтағанша байыз таппайсыз.
9. Жолы болғыш адамсыз. Сіз үшін өмір - сыйлық. Сол сыйлықты сәтті пайдалану керектігімен бас қатырасыз. Өмірде қолыңыз жеткен жетістікпен марқаясыз. Жаныңызға жақын жанмен бар қуанышты бөлісуге әзір тұрасыз. Кешіре де, кешірім сұрай да аласыз.
Жүргізуші: Рахмет, орындарыңызға отыруға рұқсат.
Уақыт шіркін зымырайды шақтары.
Алдымызда ақ үмітпен атқалы.
Жастық жігер, білімі бар, сөзге бай,
Бозбала мен Бойжеткен ол күн мен ай,
1 - 2 ай сауық құрып күнде жай,
Сессияда ұйықтамаған күндер - ай.
Ауыл, ақша, сабақ, сосын вечер - той,
Өмір мәні махаббатқа жетер ме ой...
Үлгеретін ал осының бәріне, студенттер мықты халық екен ғой.

Жүргізуші: Асыға сәлем жолдап жүректен біз
Бірге өсіп ен жайлаған ұл менен қыз.
Тәтті әуенмен қосылған әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз.
/Сазды сәлем/
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

Жүргізуші: Еңбек етсең, ертеңгі- бақытыңа сенемін.
Масқатыңа жеткізер- уақытыңа сенемін.
Достық іспен қасты да- жеңеріңе сенемін,
Ақыл, сана білім мен- өнеріңе сенемін.
Арың- таза, ақ көңіл- адалдыққа сенемін,
Абыройлы, ақ ниет- адамдыққа сенемін!
- дегендей ел сеніміне кіретін құрметті мамандық иесі бола отырып, ілім- білім алуға барлық күш жігерлеріңді жұмсап, егеменді еліміздің ертеңі -болашақ маман иелері болуларыңызға тілектестік білдіремін!
Ал, оқушыларға айтарым: Әр адам болашағы үшін өзіне тиісті мамандығын алып, еңбек етуі керек. Мамандықты мектеп қабырғасында жүріп, таңдау жасағаны әбден дұрыс. Сондықтан, оқушылар, мамандықты дұрыс таңдай білуден кеш қалмайық. Бүгінгі кешімізді келген қонақтарымыз игі тілектерімен аяқтасақ.
/Сөздер беріледі. Сол сөздермен байланысты қысқа нұсқа тілек лебіздерін айтып шығады./
/Берілетін сөздер: мамандық, таңдау, жол, көшбасшы, ашық, білім, тәрбие, құрмет, ата-ана, құрдас, сәттілік, қуаныш, арман, студент, маман, биік, /
Жүргізуші: Рахмет! Бұл кешке келгеніңе достар,
Қатарыңның алды бол көшті бастар
Биіктерден әрдайым көріне бер.
Иесі болашақтың - сендер жастар!

Өмірлерің студенттік мәнді болсын,
Қызыққа әнге толсын, сәнді болсын.
Қайда барсаң жолдарың ашық болып,
Біліміңе бар әлем тәнті болсын!

Самғаңдар бейбіт елдің аспанында,
Зулайды жастық дәурен қас - қағамда.
Мектебің ұстаздарың алтын қазық,
Тілейді сәтті қадам жастарына. - дей келе бүгінгі студенттермен кездесу кешіміз осымен аяқталды. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп-көп рахмет! Жарқын күндерде кездескенше аман сау болыңыздар!

Ұқсас жұмыстар
Білімді ұрпақ - жарқын болашақ кепілі
Г.б.бақытбергенов, «мен өзімді мақтан етемін» психотренинг
Сен де бір кірпіш дүниеге..
Менің электронды поштам
Теңдеулерді шешіңіздер
Таң қалмаңыз
Құрметті студенттер
Аялы алақан. (әдебиеттік оқу) 2-сынып
Өмір бір - ақ рет беріледі
Бағалау өлшемдері
Пәндер