Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Адамгершілік тұрғыда

Махамбет аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі

<<Өзін-өзі тану>> пәнінің математика, физика
пәндерімен ықпалдастығы

Ақтоғай орта мектебінің
<<Өзін-өзі тану>> пәні мұғалімдері
Бердімұратова Ағайша Қайырқұлқызы
Сағындықова Оңаш Жолдасқызы

2015 жыл

Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарда үлкендер мен бала арасындағы сыйластық, махаббат пен мейірімділік, шапағат шуағы мен ізгілік нұрына бөленуі тиіс.Өйткені біз баланы адал еңбек етіп, елін, халқын сүюге тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан ұл-қызымызға көзбе-көз айтқан сөзіміз, берген тәрбиеміз жүректен жүрекке жетсе, қандай ғанибет!>> деп С.А.Назарбаева айтқандай қазіргі мектептердің міндеттерінің бірі - кез келген жасөспірімге білімді меңгерту ғана емес, оның рухани - адамгершілік қасиеттерін танып, ішкі жан дүниесіне әсер ету арқылы жас ұрпақтың өзін - өзі дамытуына жол көрсету.
Рухани-адамгершілік тәрбие - дұрыс дағдылар мен әртүрлі жағдайларда өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым - қатынас мәдениетінің тұрақтылығы. Рухани - адамгершілікке тәрбиелеу дегеніміз оқушы өміріндегі орнын, жауапкершілігін түсініп, өзін-өзі жетілдіріп, айнала қоршаған адамдар мен кез-келген затқа, жан-жануарларға және экологияға жақсылық тілеп, қайырымдылық жасауға тәрбиелеу. Сондықтан рухани-адамгершілік білімі жеке тұлғаны қалыптастырудың негізі болып табылады. Жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы - руханилық. Өзін-өзі жетілдіретін тұлға үнемі ізгілік ұстанымдарын өз бойында шыңдап, жетілдіруге ұмтылады.Тұлғаның руханилық санасы - өмірдің мәнін, өз тағдырын халықтың тағдырымен ортақ деп түсіну қабілетін дамыту, жақын адамдарының алдындағы жауапкершілігін сезіну, өзінің жеке басына тән азаматтық және адамгершілік парызын орындау. Жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, жас жеткіншектерге берілетін білім негіздері олардың жеке даралық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін рухани адамгершілік қағидалары жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының, өзін-өзі жүзеге асыруының аса қажетті шарты болып табылады.
Осы тұрғыдан келгенде еліміздің барлық мектептерінде тәжірибеден өтіп жатқан өзін-өзі тану пәнінің оқыту мен тәрбие үрдісіндегі орны өзгеше. Оның өзгеше болатын себебі, бұл пәннің мазмұнын мектептегі басқа пәндердегідей ғылыми тұрғыдағы білім негіздері емес, керісінше руханилық бағдардағы тәрбиелік мәнді ұғымдар, оқушылардың өзіндік <<Менін>> қалыптастыруға ықпал ететіндей дәрежедегі адамгершілік құндылықтар қамтиды.
Өзін-өзі тану пәнін оқытуда оқыту үдерісіндегі ұтымдылық көрсететін оңтайлы әдіс-тәсілдерді пайдалану білім сапасының қажетті деңгейіне жетуге негіз болады. Ол өзін-өзі тану пәні мен өзге оқу пәндерінің инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы өзара сабақтасып, ықпалдасуын қажет етеді. Оқу пәндерінің өзара ықпалдасуы пәнаралық байланысты дамытуды ғана емес, ол сонымен қатар әр пәннің өзіндік мақсаты мен міндетінің айқындала, толыға түсуін де қамтамасыз етеді. Сол себепті мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастау алып, үздіксіз білім беру жүйесін тұтас қамтитын және болашақ 12 жылдық білім беру жүйесіне негізгі пәндердің бірі ретінде ендірілгелі отырған <<Өзін-өзі тану>> пәнін әртүрлі пәндермен ықпалдастырып өткізуге болады. Қазіргі кезде көп айтылып жүрген интеграция яғни салалас пәндердің өзара ықпалдасуы олардың мазмұндық, құрылымдық, ғылыми-теориялық, лингво-семантикалық және жалпыпедагогикалық аспектілерінің кірігуімен ерекшеленеді. Кіріктірілген пәндердің өзара байланысын төмендегідей белгілеріне қарай сипаттауға болады:
* ықпалдасу негізділігінің пәндік мазмұнға, оқыту нысаны мен әдістеріне сәйкестігі;
* білім мазмұнын сұрыптауда білім, білік дағдыларының құндылықты бағдарлы мәнділігін сақтау ұстанымының ескерілуі;
* оқушылардың компетенттілігін, тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологиялық әдіс-тәсілдердің жиынтығы болуы қажет.
Пәнаралық ықпалдасудың қазіргі оқыту үдерісінде толық, жартылай және блоктік деп аталатын үш түрі ұсынылады. Салалас пәндер мазмұнындағы оқу материалдарының бір курс төңірегінде топтасуы толық ықпалдасу деп аталады. Оқу материалдарының бір тақырып аясындағы ең өзекті мәселеге топтасуы жартылай ықпалдасуды білдіреді. Ал блоктік ықпалдасу дегеніміз жалпы білім беру бағдарламаларының жеке пәндік бағдарламалармен ұштастырылуы.
Қай пән болмасын кіріктірілген сипатта қызмет ете алатындықтан <<Өзін-өзі тану>> рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын өзге пәндермен ықпалдастыруда пәнаралық, пәнішілік байланыстар мен оқушының іс-әрекеттік қызметін арттыруға баса назар аударылады. Осы орайда өзін-өзі тану пәнін физика пәнімен ықпалдастыруда 10 сыныптағы өзін-өзі тану пәні бойынша <<Тылсым дүние ғажайыптары>> тақырыбын өткен кезде адам мен әлем тұтастығы туралы жаратылыс құпиялары мен табиғи апаттардың тіршілікке тигізетін әсері туралы баяндадым. Яғни адамдардың дұрыс әрекет жасамауынан табиғат апаттары пайда болады,экологиялық өзгерістер туады. <<Дүниеде бар зат жоқ болмайды, жоқтан бар пайда болмайды>> деген физикалық ұғымды оқушыларға ой тастау бағытында қоя отырып ,өз пікірлерін айтуға мүмкіндік бердім. Баршамызға белгілі жер әлемдегі құбылыстар сәт санап әр уақытта күнде өзгерісте, жаңғыруда. Бұл заңдылық. Өзгермейтін бір ғана заңдылық-адами қарым-қатынас пен адамгершілік ілімі.
<<Өзін-өзі тану>> - тұтастықты, адамдықты, руханилылықты қамтамасыз ететін метапән. Су - ақпаратты жан-жақты тасымалдаушы, ол кристалл күйінде адамның сөзін, ойын қабылдап алады екен. 11 сыныпта <<Жақсы сөз- жан шуағы>> атты тақырыпты өткен кезде екі стақанға су құйып, біреуіне жақсы сөздер айтып, екіншісіне жаман сөздер айтып тәжірибе жасаттым. Жақсы сөздерден құрылған кристалл әдемі, үйлесімді формада болады. Ал жаман сөздерден түзілген кристалл - ұсқынсыз, байланысы жоқ, симметриялы емес, үйлесімі жоқ кристалдар түзеді. Адамның денесі 70% судан тұратының ескере отырып, сөз бен ойдың адам денсаулығына қаншалықты әсер ететіндігіне қорытынды жасауға болады. 10 сыныпта <<Жарасымды қарым-қатынас>> атты тақырыпта <<Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе оның басқа адамдармен қарым-қатынасы>> деген дәйексөзді талдау барысында физика пәніндегі магнит өрісінің әсерімен байланыстырдым.
Балалардың күнделікті ойнайтын үрмелі шарларын қолымызға қолғабымызды киіп, үйкелегеннен кейін қолымызды алшақтататын болсақ, шарымыз ешқайда ұшып кетпей алақанымызға келіп жабысады. Кез - келген заттарды бір - біріне үйкелеп, соңынан бір - бірінен алшақтататын болсақ, бәрі бір - біріне тартылады.
Яғни бұдан шығатын қорытынды: Рухани жақын адамдар бір - біріне ренжісіп көңілі қалып жатса да, кейіннен түсінісіп сыйластықта бола алады.
Ауаның құрамы туралы. Әр тыныс алған сайын жұтатын ауамыздың құрамын ойланып көрейік! Ауаның құрамында 21% оттегі, 78% азот, 1% басқа газдардың қосындысы бар. Ауаның құрамындағы 21% оттегінің мөлшері кішкене көбірек болғанда күн сәулелері арқылы келетін радиациялар салдарынан Жер беті тұтанып, лаулаған отқа айналып, ал аталмыш мөлшерден кішкене азырақ болғанда, оттегінің аздығынан тыныс ала алмай, бұл дүниемен қош айтысып кетер едік.
Атмосферадағы ауа үздіксіз алма - кезек табиғи жолмен тазаланып, адамның игілігіне айналады. Яғни адамдар рухани тазарып тұрса ғана жарасымды қарым-қатынаста болады.
Қазіргі уақытта қоршаған ортаның ластанғаны, жоғалып - құру жағдайында екендігі жиі айтылады. Әйтсе де мұны жою немесе түзету оңай шаруа емес екендігі де белгілі. Егер де ғылымда табиғатты тазалауға арналған құрал ойлап табылса да, мұның өзі сыртқы тазалықты сақтау болып қалмақ. Ал адамдарды улап жатқан газ, түтін, улы заттар адамзаттың рухани әлеміне де өз кесірін тигізуде. Адамдардың көпшілігі түрлі ауруға ұшырауда, бұл тек ауа, су, тамақтың ластануынан ғана болып жатқан жоқ. Егер адам баласының рухани әлемі мұншама ластанбаған болса, адамдар барлық сыртқы уларды жоя алатын еді. Бірақ ауру ішкі ластанудан, яғни ойдың, сөздің, істің ластануынан басталады. Осы ішкі ластану сырттай көрініс табады. Нағыз сыртқы өзгеріс ішкі өзгерістен соң пайда болады. Демек, сыртқы әлем рухани әлемнің нақты және материалдық бейнесі. Сондықтан ауырмай, таза болу үшін адам ішкі тазалығына мән беруі керек, яғни ойы, сезімі, тілегі, мұраты таза болғанда ғана, сыртқы әлеммен үйлесімділік болады.
Сондай-ақ, математика пәнін өзін-өзі тану пәнімен ықпалдастыруда 6 сыныптағы <<Ынтымақ түбі-береке>> атты тақырыпты өткенде <<Игілік-басы ынтымақ,ынтымақты елде күншуақ>> деген дәйек сөзді мына есеп берумен байланыстырдым. <<Ағасы, інісі және қарындасы бірлесіп қардан аққаланы 12 минутта жасады. Қардан жасалған осы аққаланы, егер ағасы ғана жасаса, 24 минутта, егер інісі ғана жасаса 40 минутта жасайды. Егер осы аққаланы қарындасы ғана жасаса, қанша уақытта жасайды?>> Адамгершілік тұрғыда: Жалғыз адам бір өзі жұмыс жасағаннан гөрі бірігіп жасаса, жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Бір адам жалғыздан - жалғыз көп жұмысты бітіре алмайды, жасаса да қызықсыз, әрі қажыр-қайратын тауысып барып ұзақ уақытта аяқтауы мүмкін. Ал көп болса, жұмыс әрі қызықты, әрі тез, әрі тиянақты бітеді. Бұл адамды достыққа, бірін-бірі бауырмалдыққа, сыйлауға, қамқор болуға, ұйымшыл болуға жетелейді. 8 сыныпта <<Кешірімділік - көңіл кеңдігі>> тақырыбында М.Мақатаевтың
Қандай рахат!
Жүрейік, достар, күнде өстіп,
Ренжу деген, ренжу білместік.
Бауырларым-ау!
Бәріміз бірге күн кештік,
Арамызға біздің қай жақтан келді күндестік>>
өлең жолдарын талдай отырып, геометрия пәнімен байланыстырдым. Шеңбер дегеніміз - бір нүктеден бірдей арақашықтықта орналасқан тұйық қисық сызық. Адамгершілік тұрғыда: Егерде біз осы шеңбер бойымен жүретін болсақ, еш уақытта шегіне жете алмаймыз. Айталық, біреу сізді ренжітті, оны кешірудің орнына керісінше қарсы әрекет етіп оны ренжіттіңіз, сөйтіп оның шегі болмайды. Егерде ренжіткен адамды кешірсек, онда шексіздік үзіліп, біз бақытты өмір кешкен болар едік.
9 сыныпта <<Адам және қоғам>> тақырыбын өткен кезде қоғамдағы адам өмірінің жақсы болуы өзіне байланысты. Егер өмірде дұрыс жоспар құрып, үнемшілдікпен өмір сүре білсе, бақытты бола алады. Қазіргі өмірде адамдардың несие алып, оны қайтара алмай жүргенін, мына мысал арқылы түсіндірдім. <<Асқар жаңа көлік алу үшін Альянс Банктен 27%-бен 2 млн. тенге алып, 3 жылда қайтармақ болды. Асқардың несиесінің өсімі қандай?>> Адамгершілік тұрғыда болашағын дұрыс болжай алмаған Асқар алға қарай қиналып, өмір сүреді. Яғни қанағатшылдық, өз өмірін жоспармен , есеппен құра білу тұрғыда оқушыларды ойландыру.
<<Тақ сандар өзін-өзі тану пәнінде>> атты тәрбиелік шарада 5-6 сынып оқушыларын сандар арқылы топқа бөліп алдым. <<1,3,5,7 >> сандарға қатысты ұғымдар , мақал-мәтелдер т.б. жазуға тапсырма берілді. Оқушылар берілген тапсырмалар бойынша жұмыстарын орындай отырып, мән-мағынасын аша білді.
Қорыта келе, қай пәнді алсақ та, оның тәрбиелік, дамытушылық бағыты өзін-өзі тану пәнінің бес құндылығына бағытталады. Яғни, <<Өзін-өзі тану>> пәні баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді. Ендеше барлық пәндерге де өзін-өзі тану пәнінің сабақ құрылымдағы тыныштық сәті, топпен жұмыс, әуен тыңдай отырып пікірлесу элементтерін кіргізсе, сабаққа деген оқушылардың қызығушылығы мен сүйіспеншілігі артады.

Ұқсас жұмыстар
Топтарға бөлу. Оқушының әрекеті
Жас ұрпақты ұлтжандылық рухта тәрбиелеудің қуатты құралы - тіл
ӘСЕМДІК ҰҒЫМЫ
Пәннің әлеуетін арттыру мақсатында басқа пәндермен пәнаралық байланыс жасап оқытуды тәжірибеге енгіздік
Ұлттық тәрбиені білім беру үрдісіне ендірудің маңыздылығы
Қазақ отбасындағы адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы
Дүниетанымның логикалық аспектісі
Шараның тақырыбы
Азаматтық
Ұқыпты оқушы
Пәндер