Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Оқытудың белсенді әдістерін топтастыру

ЖОО-дағы психологиялық пәндерді оқытудағы жұмыс бағдарламалары
Психология пәнінің оқытушысы психология ғылымының теориясын ғана емес, тәжірибесін де меңгеруі қажеттігі психологияны оқыту әдістемесі пәнінінің негізін құрайды. Психология пәнінің оқытушысы үшін студенттерге психологиялық білімді берудің әдістері мен тәсілдері, құралдары мен мүмкіндіктері өте мол. Осыларға оқытушының педагогикалық бай тәжірибесі мен тұлғалық сапалары, ізденімпаздық талабы мен шығармашылық қабілеті үйлесіп жататын болса, ондай оқытушы тек пән оқытушысы ғана болып қалмай, психолог маман ретінде де қалыптасып, өзінің жеке әдістемелік іскерлігін дамытуда биік деңгейлерге жете алады.
Психологияны оқыту әдістемесі жайлы зерттеулер психологияны оқытуды жетілдіруді мынадай бағыттарда қарастырады:
- психологияны оқытуда белсенді әдістерді пайдалану;
- психология пәнінің мазмұнына өзгерістер енгізу, яғни ғылыми-теориялық мәселелерге өмірлік тәжірибелер призмасы арқылы қарау;
- психологиялық теорияларды жеке адамдық міндеттерді шешуде пай - далану деңгейінде түсінуге қол жеткізу.
Болашақ маманның кәсіби қалыптасуы туралы зерттеулерге сүйенсек, әр мамандықтың ерекшелігіне сай студенттердегі қабілет мазмұны да әртүрлі болып қалыптасады. Мысалы, гуманитарлық бағытта даярланатын маман өз кәсібіне қатысты мынадай құрылымдық мазмұнды меңгергені жөн: біріншіден, мамандығына байланысты терең білім; екіншіден, өз бетімен іздену арқылы кәсіби білімін көтеру мәдениеті; үшіншіден, адамдармен жұмыс жасауға психологиялық жағынан дайындық.
Сонымен, болашақ мамандардың дайындығын жетілдіру мен оқыту сапасын арттыру жоғары оқу орны үшін тек педагогикалық қана емес, сонымен бірге психологиялық мәселе:
1) оқу материалдары адам психологиясына зор талап қояды. Себебі, шындықтағы құбылыстардың сыр сипатын, мән-жайын ұғыну өте күрделі әрекет;
2) жоғары мектеп оқытушысы тарапынан жылылықты сезіну студенттің өзінің <<керектігін>>, өмірдегі орнын, орнықтылықты сезінуіне мүмкіндік береді;
3) студенттерді оқу процесіне тартудың психологиялық жолы -оқытушының студенттермен байланыс орната білуінде;
4) психологияны оқытудың басты мақсаты - студенттердің психологиялық ойлау икемділіктерін қалыптастырып, алған психологиялық білімдерін түрлі психикалық фактілер мен құбылыстарды ғылыми негізде түсіндіре білуде, сонымен катар адамның тұлғалық дамуына аса қажетті психикалық өзгерістерге ықпал етуде қолдана алуға үйрету. Сондықтан, психология пәнінің өзіндік ерекшеліктерін пайдалана отырып, инновациялық мүмкіндіктерді жасаудың жолдары сан алуан;
- психология курсын оқытудың мазмұны мен әдістемесін студенттің тұлғалық сипатына (тұлғалық жетістіктеріне) негіздеп қайта кұру арқылы әр студенттің қайталанбас тұлға екендігіне көз жеткізу;
- студенттің өзіне-өзінің сенімділігін арттыру;
болашақ мамандығына қажетті сапаларды меңгерту;
- басқалармен өзара дұрыс қарым-қатынасты ұйымдастыра білуге, оларды түсінуге, дау-дамайсыз ортақтаса білуге, қарым-қатынас мәдениетіне үйрету.
Психология пәні жоғарғы оқу орнындағы барлық мамандық бойынша оқытылып, болашақ мамандардың психологиялық сауаттылығы бүгінгі күннің басты талаптарының біріне айналды. Көп салалы психология курсының қай-қайсысы болмасын студенттің тұлғалық дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Психология пәнін студенттерге меңгертуде жоғарғы мектептің психология пәнінің оқытушысы тек педагог қана емес, психолог маман сапасында да көріне білуі біз мән беріп отырған қазіргі заманғы маманды даярлауда басты рөл атқарары анық.
Сонымен қатар <<психологияны оқыту әдістемесі>> психология ғылымының негізгі базалық саласына жатады және <<психологияны оқыту әдістемесінің>> пәні білім беру (оқыту мен тәрбие) үрдісін ұйымдастырудың психологиялық заңдылықтары, құралдары мен тәсілдері болып табылады.
Білім беру (оқыту мен тәрбие) үрдісін ұйымдастырудың психологиялық заңдылықтарын кейбір жалпы алғанда көптеген оқушылар үшін осы үрдісті ұйымдастырудың тәсілдері мен психиканың қалыптасу және даму ерекшеліктерінің аралығындағы қатынасы деп түсіндіреді. Психиканың қалыптасу ерекшеліктері туралы сұрақ-қоршаған ортадағы және генетикалық факторларының күрделі қатынасы туралы-психологияны оқыту әдістемесінің төңірінде ғана емес, сондай-ақ педагогика, медицина, философия, дидактика және т.б. ғылым саласында да осы құралдармен және эксперименттік ізденістермен таныстыру маңызды. Осы білімдер келешекте студентке психологияның аталған іргелес ғылымдарды тиімді игеруге, сонымен қатар оқытушы ретінде нәтижелі қызмет атқаруға мүмкіндік береді.
Соның салдарынан темпераментімен, қабілеттерімен, мінезімен, ой түрі мен, тұтастай т.б. психикалық даму деңгейімен айрықшаланатын оқушылар мен жұмысқа дайындық жүргізу барысында студент-психолог өзінің педагогикалық іс-әрекетін компонентті орындауда, тек психологияны оқыту әдістемесі саласында бүгінгі педагогикалық-психологиялық біліммен қаруланған жағдайда ғана нағыз маман бола алады.
Психологияны оқыту әдістемесі оқу үрдісінде алған фактілік материал мен теориялық білім берудің практикалық жағдайында (оқушылардың психологиялық таңдауы, педагогикалық-психологиялық диагностика және психикалық дамудың прогностикасы, оқытудың сәттілігінің болжамдануы және жақсы оқытуды қамтамасыз етуге қажетті психологиялық жағдайды анықтау, ата-аналармен жұмыс және т.б.) көптеген практикалық міндеттерді шешуге маңызды мәні бар.
Алған білімдердің орта білім беру жүйесіндегі реформаның психологиялық ерекшеліктері, мектептегі білім берудің ұлттық үлгісі, білім берудің дифференциациясы мен индивидуализациясы, оқушылардың кәсіптік бағдарын ұйымдастырудың психологиялық ерекшеліктері, білім берудегі информатизацияның психологиялық ерекшеліктері, тәрбие және оқыту жүйесі дамуының бүгінгі кезеңдегі психологияның рөлі мен орны, психологияны оқыту әдістемесі ғылыми практикалық пән ретінде және оның педагогикалық пәндер жүйесіндегі алатын орны, пәнге жалпы сипаттама және психологияны оқыту әдістемесі курсының мақсаттары деген сұрақтарға сенімді бағдарлануға мүмкіндік береді.

2. Психологияны оқыту үрдісінің сипаттамасы, оқытудың формалары

1.Жалпы оқу пәні бойынша сабақты жоспарлау және ұйымдастыру.
2.Оқытудың міндеттерін құра білу, әрі сынып және сыныптан тыс жұмыстардағы оқытудың мазмұнын ұйымдастыру.
3.Түсіндіру, меңгеру және бақылау міндеттерін шешуге оқу уақытын бөліп, реттеу.
4.Сабақты ұйымдастырудың және оқытудың белсенді әдістерінің топтық формаларының ерекшеліктері.

Жалпы оқу пәні бойынша сабақты жоспарлау және ұйымдастыру. Білім мазмұны оқу жоспарларында, бағдарламаларында, оқулықтар мен оқу құралдарында айқындалады. Оқу жоспары - оқу орнында игерілетін оқу пəндерінің құрамын, оларды меңгеру бірізділігі мен кезек тəртібін, əр пəн бойынша жылдық, апталық бөлінген сағат санын, оқу жылының бас-аяқ мерзімі жəне апта, айларын анықтап беретін құжат. Оқу жоспарлы түбір (типтік) жəне нақты оқу мекемесі тарапынан жасалған оқу жоспары болып бөлінеді. Түбірлі оқу жоспарында мектеп (ЖОО) қабырғасында оқу жылдарына орай жүргізілетін барша оқу пəндерінің тізімі беріледі. Игерілуі қажет пəндер оқу жоспарында үш топқа бөлінеді: 1) міндетті (базалық-мемлекеттік бөлік), 2) оқушылар қалауы бойынша (аймақтық бөлік) жəне 3) мектеп (ЖОО) кеңесі бекімімен өтілетін пəндер (мектептік (ЖОО) бірлік). Түбір оқу жоспарында əрқилы білім саласына, факультативтерге, оқушылар таңдауымен енген курстарға арналған сағаттар бөлігі өрнектеледі.
Түбір жоспар негізінде жеке ерекшеліктерін ескерумен мектеп (ЖОО) өз оқу жоспарларын жасайды. Оқу формаларына қарай күндізгі, ауысымды, сырттай, қашықтықтан оқыту жоспарлары да əр қилы келеді. Оқу жоспарлары негізінде оқу бағдарламалары түзіледі. Оқу бағдарламалары өз ішіне:1) нақты пəнді оқу жөніндегі түсініктемені; 2) оқушылардың (студенттердің) біліміне қойылатын талаптарды; 3) əр сыныпта (курста) пəн бойынша өтілетін материалдардың тақырыптық жоспарын; 4) пəн курсы бойынша білімдер мен тақырыптар тізімін, яғни бағдарламаның өзін; 5) пəнге орай оқу жабдықтары мен көрнекі құралдар тізімін; 6) қажетті əдебиеттер ауқымын; 7) бақылау сұрақтарын, 8) курстық, дипломдық жұмыстар тақырыбын (ЖОО да)-қамтиды.
Оқу бағдарламаларының түбірлі (типтік), оқу-жұмыс (рабочие) жəне авторлық түрлері ажыралады. Түбір бағдарламалары Мемлекеттік білім стандарты негізінде нақты пəн бойынша құрастырылады. Оларды ұсыныс сипатында қабылдауға болады. Оқу - жұмыс бағдарламалары түбір жоспары негізінде түзіліп, мектептің педагогикалық кеңесінің (ЖОО да жетекші кафедра) шешімімен бекиді. Бұл бағдарламалар білім стандартының талаптарына сəйкес, сонымен бірге ол нақты оқу орнының мүмкіндіктерін ескерумен жасалады. Авторлық оқу жоспарларында білім стандартының талаптары міндетті сақталады, бірақ оқу материалын ұсынудың өзгеше қисыны, оқу барысында оқып-зерттелетін құбылыстар мен процестерге автор тарапынан өзіндік көзқарастар болуы мүмкін. Мұндай бағдарламалар көбіне таңдамалы курстар мен факультативтерде қолданыс табады. Оқу бағдарламаларын құрастырудың педагогика тарихында екі əдісі белгілі: концентрлі жəне тізбекті.
Концентрлі əдіске орай бір оқу сатысында өтілген оқу материалы алдағы жоғарылау сатыларда күрделірек күйде жəне оқылады. Бұл əдісті қолданудың қажеттігі оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру принципін сақтаудан туындайды.
Тізбекті əдіспен түзілген оқу бағдарламаларында əр кезекті оқу сатысының материалы өткен жылдардағы игерілгендердің қисынды жалғасы ретінде қабылданады. Мұндай оқу өзінің үнемділігімен еленеді. Білімдік оқу материалының нақты мазмұны оқулықтар мен оқу құралдарында ашылады. Оқулық мектептік (ЖОО) білім ақпаратының көзі əрі оқу жабдығы, білімдену мақсаттары мен мазмұнын айқындайды. Оқулықтың басты көрінісі - мəтінде. Мəтін келесі бірліктерден құралады:
- негізгі (тұғыр терминдер, олардың анықтамалары, негізгі деректер, құбылыстар, оқиғалар; заңдар, теориялар жəне жетекші идеялар жəне т.б. баяны);
- қосымша (құжаттар, хрестоматиялық жəне анықтамалық материалдар, өмірнама деректері, статистика мəліметтері ж.т.б.);
- түсініктеме (кіріспе, ескертулер, сөздіктер, көрсетпелер ж.т.б.)
Оқулықтарға қосымша оқу құралдары дайындалады. Мұнда оқулық материалдарының кейбірі мазмұн тұрғысынан тереңдей түседі, кеңейеді. Оқу құралдары - бұлар хрестоматиялар, есеп жинақтары, атластар, жаттығу жинақтары жəне с.с.
Оқытудың міндеттерін құра білу, әрі сынып және сыныптан тыс жұмыстардағы оқытудың мазмұнын ұйымдастыру. Жеке тұлғаның қалыптасып дамуы үздіксіз сипатта болатыны бізге мәлім. Оның жүзеге асыуы тек сабақ жүйесінде ғана емес, сабақтан тыс жүргізілетін әр түрлі тәрбиелік әрекеттермен ұштасады. Ол әдетте сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыс болып бөлінеді. Сыныптан тыс тәрбие жұмысы тұлғаның әлеуметтік қалыптасуын қамтамасыз етуде оған жағдай туғызатын мұғалімдердің басшылығымен ұйымдастырылған және сабақтың мақсатымен өзара байланысты болып келетін тәрбие жұмысының дербес түрі. Ол әртүрлі тәрбие әрекеттерінің жиынтығы ретінде балаға кең көлемде тәрбиелік ықпал ете алады.
Сыныптан тыс тәрбие жұмысының мақсаты тәрбиенің жалпы мақсатын орындауға бағытталған-балаға қоғамда өмір сүруге қажетті әлеуметтік тәжірибені меңгерту және қоғамдық тұрғыдан қабылданған құндылықтар жүйесін қалыптастыру, сабақ үстінде жүзеге асыратын тәрбие міндеттерін толықтыру және тереңдету, олардың қабілеттерін неғұрлым толық ашу, белгілі бір нәрсеге қызығушылығы мен ынтасын ояту, қоғамдық белсенділіктерін шыңдау, дүниетанымын қалыптастыру, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруды көздейді.
Міндеттері:
1. Балада өзіне қатысты жағымды қатынасты қалыптастыру және ондағы өзін-өзі бағалаудың әділдігін қамтамасыз ету.
2. Балада ынтымақтастық, ұжымдық өзара әрекет ету дағдысын қалыптастыру. Егер де балада өзіне қатысты жағымды көзқарасы бар жағдайда жолдастарымен тіл табысу, олардың пікірін тыңдау, көмектесу біліктілігі қалыптасқан жағдайда онда толығымен ұжымдық өзара жағымды әрекеттесу дағдысы қалыптасады.
3. Балада әр түрлі көркем өнер әрекеттерінің түрімен тікелей танысу арқылы ондағы қажеттілікті қалыптастыру. Оған қызығушылықты баланың дара ерекшеліктерін және қажетті біліктілік пен дағды дәрежесін ескеру негізінде қалыптастыру. Басқа сөзбен айтқанда, сабақтан тыс жұмыста бала өзіне пайдалы әрекетпен шұғылдануы тиіс және оны өздік тұрғыдан ұйымдастыра алуы қажет.
4. Баланың дүниетанымының компоненттері: адамгершілік, эмоционалдық, ерік-жігерін қалыптастыру. Сабақтан тыс жұмыстарында бала адамгершілік түсінік арқылы қоғамдық мораль және мінез-құлық нормаларын меңгереді. Эмоциялық сала шығармашылық әрекетте эстетикалық көзқарас арқылы қалыптасады.
5. Баланың таным қызығушылығын дамыту. Баланың таным қызығушылығын дамыту бір жағдайда, ол оқу процесінде жұмыс істесе, екінші жағдайда балаға тәрбиелік ықпалын күшейтеді. Жоғарыда аталған міндеттер сабақтан тыс жұмыстардың негізгі бағыттарын анықтайды. Соның ішінде псхологиялық үйірмелер мен тренингтерге қатысу сыныптан тыс оқытудың бір түрі болып табылады.
Мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың әрқайсысының тұлғасын қалыптастыруда, ең алдымен психологиялық-педагогикалық, басшылықты дұрыс ұйымдастырған жағдайда және мұғалімдермен оқушылардың мызғымас ынтымақтастығына қол жеткізгенде мүмкін болмақ.
Түсіндіру, меңгеру және бақылау міндеттерін шешуге оқу уақытын бөліп, реттеу. Диагностика (грек. <<диа>> - мөлдір, таза және <<гносис>> - ілім) - оқылатын нысан немесе үдеріс туралы алдын-ала ақпаратты алудың жалпы тәсілі.
Соңғы жылдары жоғары мектеп тәжірибесінде диагностикаға педагогтардың оқыту, тәрбиелеу және білім беру нәтижелерін өлшейтін арнайы қызметінің жүйесі ретінде қарауға көп көңіл бөлуде.
Оқыту нәтижелерінің диагностикасы - білім алушылардың жүйелі түрде меңгерген білім, іскерліктері мен дағдыларын анықтау, талдау және бағалау. Оқытудың нәтижелілік - бұл диагностикалау кезінде көздеген мақсаттың жүзеге асу деңгейін көрсету дегенді білдіреді.
Бақылау - білім алушылардың оқу іс-әрекетінің нәтижесін көрсететін білімін, іскерлігін бағалау, өлшеу, анықтау.
Білім алушылардың білім, іскерліктерін бақылау, бағалау әрқашан оқыту үдерісінің құрамдас бөлігі болып табылады. Диагностика жеке бағытталған сипатқа ие болады, яғни, нақтылы білім алушының оқу жетістіктері басқа білім алушының емес, белгілі бір уақыт аралығындағы өзінің жетістіктерімен ғана салыстырылып, талдалуы болып отырады. Әр адам өзіне тән тұлғалық-психологиялық ерекшеліктерімен, ойлаудың белгілі бір деңгейінде болатыны, өзіне тән ес, есте сақтау қабілеттерімен ерекшеленетіні аян. Диагностика мен бақылау оқытушылық, дамытушылық сипатта болу керектігін ұмытпау керек, сонымен қоса өзін-өзі бақылаумен қосылып, ең бірінші білім алушының өзіне қажетті, пайдалы болуы тиіс.
Диагностика мен бақылау обьективтілік, жүйелілік, көрнекілік принциптеріне сүйенеді.
Обьективтілік принципі оқу бағдарламасының негізгі бөлімдерін қамтитын тапсырмалардың, сұрақтардың, тестердің ғылыми негізделген мазмұнына байланысты болады, білім алушылардың теориялық білімдері мен практикалық іскерліктерін тексеруді қамтамсыз етеді.
Жүйелілік принципі оқыту үдерісінің барлық кезеңдеріне - білімді о баста қабылдаудан бастап оны практикада қолдана алуына дейін диагностикалық бақылауды жүргізу қажеттілігімен анықталады. Жүйелілік диагностикалауды жүргізуге кешенді түрде қарауды талап етеді, ондағы бақылау мен тексерудің, бағалаудың әдістері мен құралдары, формалары өзара тығыз байланыста, бірлікте болып, бір мақсатқа бағынады.
Көрнекілік (жариялылық) принципі білім алушылардың білім, іскерлік пен дағдыларын бір талаптар аясында тексеруден тұрады. Көрнекілік принципі тексерудің, оларды талдау мен талқылаудың нәтижелерін жариялап, талдауды қажет етеді.
Оқыту нәтижелерін диагностикалаудың негізгі қызметі:
-талдамалық - оқушының оқу жағдайын және сипатын талдау;
-бақылау-бағалаушылық - білім алушылардың білімділік жағдайын бағалау мен бақылауды жүзеге асыру;
-түсіндірушілік - білім алушылардың білімділік деңгейіне түсініктеме беру, нормадан ауытқушылық болса оның себептерін түсіндіру;
-дамытушылық - білім алушылардың оқыту нәтижелерін диагностикалау олардың өз бетімен білімдерін арттыруына, өз-өздерін жетілдіруге себеп болады;
-ақпараттық - білім алушыларға олардың оқыту нәтижелерінің деңгейі туралы ақпарат беру;
-прогностикалық - білім алушылардың білімділік деңгейін ары қарай арттырудың мүмкіндіктері мен болашағын болжау және шамалау;
-ұйғарымшылдық - білім алушының білімділік деңгейін ары қарай арттырудың жолдарын анықтау;
-кері байланысушылық - диагностика тиімділігін бағалау мен қателерді жоюдың білімділік диагностикасының нәтижелері туралы ақпаратты алу мен талдау.
Осылайша, диагностика ұғымы бақылауға қарағанда неғұрлым кең. Диагностикалауға бақылау, тексеру, есепке алу, бағалау, мәліметтерді жинақтау, оларды талдау, рефлексия, оқыту барысын түзету, оқу үдерісін ары қарай жетілдіруді болжау жатады.
Диагностиканың негізгі дидактикалық қызметі педагог пен білім алушылар арасында кері байланысты қамтамасыз етіп, оқу материалын меңгеруі жайлы ақпараттар алу, дер кезінде білім алушылар біліміндегі кемшіліктерді анықтап, күшті және әлсіз жақтарын тауып, түзету жұмыстарының жоспарын белгілеп беру болып табылады. Педагогиканы оқыту барысында маңызды және жауапты кезеңдердің бірі білім алушылардың оқыту нәтижелерін бақылау мен бағалау, оны түзету кезеңдері болып табылады. Оқытудың тиімділігі бақылаудың саны мен сапасына, толықтығына, дер кезінде ұйымдастырылуына, айқындылығы мен обьективтілігіне байланысты.
Бақылауды жүзеге асыру үшін қолданылатын ұғымдар мәнін, тиімділігіне әсер етуші факторларды анықтау қажет. Қазіргі таңдағы педагогикалық теориядағы <<бағалау>>, <<бақылау>>, <<тексеру>>, <<белгілеу>> ұғымдары қатаң түрде қалыптасқан жоқ. Олар өзара араласып, өзара алмасады, бір мағынасынан келесіде басқа мағынада қолданады. Осы түсініктердің әрқайсысына жеке тоқталайық.
Олардың арасында ортақ қолданылатын <<бақылау>>, ол білім алушылардың білім, іскерлік, дағдыларын өлшеуді, анықтауды білдіреді. Анықтау мен өлшеу <<тексеру>> деп аталады. Сондықтан тексеру бақылаудың құрамдас компоненті болып табылады. Тексерудің негізгі дидактикалық қызметі оқытушылар мен білім алушылар арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, оқу материалын игеру жайлы объективті ақпарат алу, дер кезінде білім алушылар біліміндегі түзетуді қажет ететін кемшіліктерді анықтап отыру. Тексеруден басқа бақылаудың құрамына <<бағалау>> (үдеріс ретінде) мен <<баға>> (нәтиже ретінде) енеді. Бағалар белгілер түрінде (шартты белгілер, бағаның сандық түрлері) тіркеледі.
Студенттердің үлгерімін бағалау олардың білім, іскерлік, дағдыларын тиімді игерудің критерилеріне сай жүргізіледі. Ең маңызды критерилері деп көлем, жүйелілік, ұғу, беріктік пен пәрменділік (ұтымдылық) саналады. Бұлардың әрқайсысына жеке тоқталайық:
-білім көлемі - студенттің жеке бөлім, модуль, тақырып немесе жеке сабағы бойынша меңгерілетін фактілер, түсініктер, ережелер, заңдар жиынтығы;
-білімнің жүйелілігі - оқылатын пәннің қисынын, оның идеясы мен заңдылығын түсіну, оқылған материалды белгілі бір тәртіппен орналастыра білу іскерлігі, бір фактіні, ұғымды, ережені екінші бір фактімен, ұғыммен, ережемен дұрыс байланыстыра білу;
-білімнің ұғынықтылығы - пікірдің айқындылығы мен дұрыстығы, әр қырлы сұрақтарға жауап бере білу іскерлігі, түсіндіру және практикалық міндеттерді шешу үшін теориялық білімді қолдану;
-білімнің беріктігі - оқылған материалды есте мықтап ұстау және игерген білімін түрлі жағдайларда дұрыс қолдана алу;
-білімнің пәрменділігі - алған білімді әр түрлі танымдық және практикалық іс-әрекетте қолдана алу, теория мен практиканы өзара байланастыра білу.
Білім алушылардың үлгерімін бағалаудың негізі болып бақылау нәтижелері болып табылады. Бұл жағдайда олардың жұмыстарының сандық та, сапалық та көрсеткіштері есепке алынады. Сандық көрсеткіштер балл мен пайыздық мөлшерлеме түрінде, ал сапалық <<жақсы>>, <<қанағаттанарлық>> т.б. бағалау пікірімен тіркеледі. Әрбір бағалау пікіріне алдын ала келісілген, тағайындалған балл, көрсеткіш сәйкес келеді (мысалы, <<үздік>> немесе <<өте жақсы>> деген бағалық пікірге 5 баллы сәйкес келеді).
Факторлардың көптүрлілігі субьективтілікке әкеліп соғады, сонымен қатар оқытушыға білім алушының іс-әрекетіне сәйкес бағаны қою кезінде ерекше жауапкершілік жүктейді. Ортақ талаптар мен обьективті амалды қамтамасыз ету мақсатында педагогика ерекшелігін есепке ала отырып студенттердің жауабын бағалау критерийлері белгіленді. Осыған дейін қолданылып келген амалдарды жинақтай отырып, жауаптарға қойылатын бағалардың критерийлерін құрастыруға болады.
<<Өте жақсы>> (балдар - 3,67-4,0; % тік мазмұны - 90-100%; әріптік жүйе бойынша - A-, A) деген баға үшін пәннің оқу бағдарламасына сай меңгерген білім көлемінің тереңдігі; негізгі әдебиеттерді білуі; берік білім мен дағдыларды айқын байқататын дұрыс әрі нық әрекеттер; оқу материалын толық, анық, сауатты әрі қисындық бірізділікпен құра білу; тәжірибелік сұрақтарды талдау барысында теориялық білімді еркін қолдана алу жатады.
<<Жақсы>> (балдар - 2,67-3,33; % тік мазмұны - 75-89%; әріптік жүйе бойынша - B-, B, B+) - деген баға үшін осы талаптар, бірақ студенттің жауабында оқытушыға ескерту, түзету жасатуға негіз болатындай көрсетілген кейбір талаптар бойынша біраз қателіктер кездеседі.
<<Қанағаттанарлық>> (балдар - 1,0-2,33; % тік мазмұны - 50-74%; әріптік жүйе бойынша - D, D+, C-, C, C+) деген бағада осы талаптар, бірақ студент жауабында оқытушы көмек ретінде түзетіп, ары қарай жауабын айтуға жетекшілік жасау үшін ескертпелер, түзетулер қолданатын қателіктер кетеді.
<<Қанағаттанарлықсыз>> (балдар - 0; % тік мазмұны - 0-49%; әріптік жүйе бойынша - F) деген бағада - бағдарламаның негізгі сұрақтарын баяндауда пәнді дұрыс түсінбегенін білдіретін қателердің кездесуі; практикалық міндеттерді шешу барысында оларды шешудің жолдарын білмеуі; материал жүйесіз әрі сенімсіз баяндалады.
Бақылау психологияны оқытудың қажетті компоненті болып табылады. Біріншіден, ол сыртқы кері байланысты қамтамасыз етеді (педагог бақылауы) және, екіншіден, ішкі байланыс (білім алушының өзін-өзі бақылауы). Бақылау ақпаратты алуға бағытталған, педагог оны талдай келе психологияны оқыту үдерісіне қажетті түзетулерін енгізеді. Өзгертулер мазмұнға, оқыту әдістері мен формаларына, білім алушылардың оқу іс-әрекетіне және т.б. енгізіледі. Өзін-өзі бақылау білім алушыға өзінің <<артық>>, <<кем>> жақтарын көруге, білімінде кездескен әлсіз тұстарды байқауға көмектеседі және де олардың орнын толтыру жұмыстарын арттыра түседі.
Сабақты ұйымдастырудың және оқытудың белсенді әдістерінің топтық формаларының ерекшеліктері.
Сабақ - бұл жастары шамалас, құрамы тұрақты оқушы топтарымен оқытуды ұйымдастыру формасы, тұрақты кесте және бәріне ортақ оқыту бағдарламасымен сабақ өткізу. Бұл формада оқу-тәрбие процесінің барлық компоненттері - мақсат, мазмұн, құралдары, әдістері, ұйымдастыру және басқару қызметі және оның барлық дидактикалық элементтері қарастырылады. Біртұтас дидактикалық жүйе ретіндегі оқыту процесіндегі сабақтың мәні мен мақсаты мұғалім мен оқушының ұжымдық-жекелей өзара қарым-қатынасына алып келеді, соның нәтижесінде оқушылар білім, білік және дағдыны иемденеді, олардың қабілеттері, қызмет тәжірибесі, араласуы мен көзқарастары дамиды, сонымен қатар мұғалімнің педагогикалық шеберлігі жетіледі. Сонымен, сабақ, бір жағынан тұтастай алғанда оқытуды қозғаушы форма түрінде, екінші жағынан, оқытудың заңдылықтары мен принциптерінен туындайтын, мұғалімнің сабақты өткізуді ұйымдастыруына қойылатын негізгі талаптарымен анықталатын оқытуды ұйымдастыру формасы түрінде анықталады. Мұғалім оларды басшылыққа ала отырып, сабақты оқыту процесінде оқушылардың тұрақты құрамымен мектептің күнделікті нақты жағдайында шешілуге тиісті дидактикалық міндеттердің (білім беру, тәрбие, даму) жүйесі ретінде дайындалады.
Педагогикалық процестің біртұтастығы тұрғысынан сабақты оны ұйымдастырудың негізгі формасы ретінде қарастыру қажет. Сыныпты-сабақтық жүйенің барлық артықшылықтары тек сабақта ғана көрініс табады.
Педагогикалық процесті ұйымдастыру формасы ретіндегі сабақтың артықшылықтары оның фронтальды, топтық және жекелей жұмыстарды сабақтастырудағы мүмкіндігінің молдығында: мұғалімге материалды жүйелі және ретімен түсіндіруге, оқушылардың танымдық қабілеттерінің дамуын басқаруға және ғылыми көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік береді, оқушылардың, басқа да қызмет түрлерін, соның ішінде сыныптан тыс және үй тапсырмаларын, сондай-ақ оқушының мақсатқа жетудегі негізгі құралы және қызмет тәсілін таңдау және құрудың шарты ретінде көрінеді.
Сабақ сапасын арттыру барлық мұғалімдерді толғандыратын маңызды мәселе. Бұл ретте білім деңгейінің төмендеу себептерінің бірі - күнделікті сабақты өткізудің стандарты, көптеген мұғалімдердің сабақ үрдісін түгелдей дерлік жаулап алған дәстүрлі сабақтарды айтуға болады. Күн сайын өтетін, тіпті тамаша көрнекіліктер арқылы болса да, жаңа сабақты түсіндіру, үй тапсырмасын сұрау және қорытындылау сияқты жаттанды кезеңдерден тұратын классикалық немесе дәстүрлі сабақ студенттерді жалықтырады, білімге ынтасын төмендетері сөзсіз. Сондықтан, әр мұғалім өз жұмысында сабақты жандандырудың әдіс - тәсілдерін іздестіруді, бұған студенттерді тарта білуді, олардың белсенді шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыра білуі міндет. Бірақ, бұдан жаңа әдіс - тәсілдер дәстүрлі сабақтарды толық алмастыруы керек деген ой тумауы керек. Олар дәстүрлі сабақтарды толықтырып, жандандыра түсуі, студенттің білімге қызығуын арттыруы тиіс, сонда ғана оқу үрдісі жетілдіріле түседі.
Тәжірибелі, іскер мұғалімдердің авторлық сабақтарының дәстүрлі сабақтар сияқты қандай да бір шаблон, стереотиптік жүру жолы жоқ десек артық емес. Оның түпкі мақсаты - білім сапасын көтеру, оқыту үрдісін жандандыру, оны бірізділік пен формализмнен аулақтау. Әрбір педагогтің тілегі осыған саятын болғандықтан, әрқайсысының оқытудың белсенді әдістерін қолдануда өз деңгейін, студенттер деңгейін, оқу аудиторияларының, материалдық базасын және өтілетін сабақ материалының тарау ішіндегі алатын орны мен маңызын ескере отырып, сәтті пайдалануға толық мүмкіндігі бар.
Оқытудың белсенді әдістерінің пайда болуы мен дамуы оқытудың алдына жаңа міндеттер қоюға ықпал етеді. Студенттерге білім берумен ғана шектелмейді. Бірге олардың бойында танымдық қызығушылық пен қабілеттің шығармашылық ойлаудың дербес ақыл - ой еңбегімен айналысу шеберлігі мен дағдыларының қалыптасуы мен дамуына ықпал жасайды. Қазақстан Республикасының „Білім туралы" заңында білім беру жүйесінің міндеттері баяндалған. Солардың бірі ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар ғылым мен практика жетістіктер және де тұлғаның қалыптасуына дербес дамуына және кәсіпкерлікті меңгеруіне бағытталған. Шығармашылықты рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, білім алуға қажетті жағдайлар туғызу болып табылды. Бұл тапсырмаларды жүзеге асырудың қаншалықты тиімді болуы оқытудың сапасына студенттердің жоғары кәсіби дайындығын қажет ететін түрлер мен әдістердің таңдалуына байланысты болады.
Оқытудың белсенді әдістерін топтастыру. Оқытудың белсенді әдістері оқу процесінің әр түрлі кезеңдерінде пайдалануы мүмкін. Білімді тұңғыш игеру кезінде, білімді бекіту және жетілдіру кезінде, шеберлік пен дағдыны қалыптастыру кезінде. Оқытудың меңгерілген әдістерін белсенді және белсенді емес деп бөлуге болмайды. Танымдық іс-әрекет белсенділігінің алуан түрлі тәсілдерін пайдалана отырып, оқытушы студенттердің танымдық белсенділігін көтеруге қол жеткізеді.
Оқытудың белсенді әдісі мен түрлеріне мынаналарды жатқызуға болады: іскерлік ойындар, проблемалық, студенттердің баяндамалары мен ақпараттық хабарлары, кері байланысты дәрістер, дәріс - диалог, тренинг, дөңгелек столдар, пікірталас, ұжымдық - танымдық, оқу және т.б.

Ұқсас жұмыстар
Оқытудың интерактивті әдістері
Сыни тұрғысынан ойлау
Балабақшада сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерін қолдану тәсілі
Тәжірибелік әдістер
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер рефлексивтік есебі
Оқыту әдістерін топтастыру
Инновациялық технологияларды қолдану ерекшеліктері
Компьютерлік оқытудың тиімді жолдары
Педагогикалық технология әдіс-тәсілдерінің іс-тәжірибеде жүзеге асуы
Химия сабағында оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру жолдары
Пәндер