Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Өзбек ұлтының өкілі

З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп лицейі

СЫНЫП САҒАТЫ

<<Толеранттылық достыққа бастар жол>>

Өткізілетін күні:01.09.2020.
Сынып: 7 <<вқ>>
Сынып жетекшісі:Ерімбет І.Б.

2020-2021 оқу жылы
Тәрбие сағаттың тақырыбы: <<Толеранттылық достыққа бастар жол>>

Сабақтың мақсаты:
а) Оқушыларды толеранттылыққа, саяси саналылыққа ,достыққа, адамгершілікке, саналылыққа, елінің мұрасын жалғастырушы азамат болуға тәрбиелеу.
ә) Елін, жерін, тілін, басқа ұлт өкілдерін, әдет-ғұрпын құрметтейтін, өз Отанын сүйетін тұлға
қалыптастыру.
б) Тілін дамыту, ойын жеткізе білуге үйрету. Отанды сүюге, басқа ұлт өкілдерін, ата заңымызды
қадірлеуге, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.

Пайдаланылатын ресурстар: ЗУМ конференциясы, уатсап.

Ән: "Мен қазақ "

Мұғалім: 1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені - Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл - ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.
Ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен.

Орыс мәдени орталығының екілі. Әрине, негізгі максатымыз - славян мәдениетін дамытуға, орыс тілін оқытуға, ұлттық салт-дэстүрімізді насихаттауға бағытталған. Біз елімізде ешқандай қақтығыс, төңкерістің болмағанын қалаймыз. Қазақстан әркашанда осындай тұрақты қалыпта болып, төбемізден күн күліп тұрса екен дейміз. Басқа бізге түк керек емес.
Барлық мерекелерде басқа халықтармен бірге өзіміздің өнерімізді көрсетіп, ән салып, би билеп, той тойлаймыз. Біз үшін басты мәселе - өзара түсіністігімізді дамыту. Қазақстан жасасын!
Орыс частушкалары айтылады.
1-оқушы: Алдарыңызға неміс ұлттык-мәдени орталығының өкілін шақырамыз, қарсы алыңыздар!
Неміс ұлтының өкілі неміс тілінде Гетенің, орыс тіліне Лермонтов, қазақ тіліне Абай аударған өлеңін оқиды. Өлеңмен бірге музыка ойналып тұрады.
Неміс халқы Сталиннің бұйрығымен Поволжьеден жер аударылған. 1957 жылдан бастап неміс тілінде радиобағдарламалар, 1966 жылдан бері "Фройндшафт" газеті шықты. 1980 жылы Теміртау қаласында неміс драма театры ашылды, кейіннен ол Алматы қаласына көшірілді.
2-оқушы: Ендігі сөзді ұйғыр мәдени орталығына берейік.
Ұйғыр мәдени орталығынын өкілі: Ұйғырларды таранчы деп атайды. Ұйғырлардың мекені - Шығыс Түркістан, қазіргі Шыңжаң Ұйғыр автономиясы, онда 12 млн. ұйғыр тұрады екен. Олар 3 топка бөлінеді: хотандык, турфандык, қашғарлық. Қазақстандағы, яғни Алматы облысы бойындағы жер аударылып келген ұйғырларды жетісулық деп атайды. Олардың алғашқы легі сонау 1876-77 жылдары Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Цин империясына қарсы көтерілістен соң бәрі Жетісуға өтуімен басталды. Қазақтардың кеңдігі мен бауырмалдығының арқасында біздің ұйғыр халқы да өсіп өніп, жақсы тіршілік кешуде. Қазақстанды өз Отаны санайды. Еліміз табиғи ресурстарға бай. Ал байлықтың ең үлкені - халықтар достығы. Біз осы достықты нығайтып, бір-бірімізді құрметтеп, еліміздің ертеңі үшін қызмет етуіміз керек. Жасасын, жүрегі кең, бауырмал қазақ елі!
Өзбек ұлтының өкілі: Өзбекті сарт деп те атайды. Ең алдымен өзіміздің Қазақстан Республикасының азаматы болғанымды мақтан тұтатынымды айтқым келеді. Қазақ пен өзбек бір тамырдан шыққан халықпыз ғой, қыз алып, қыз берісіп, тату-тәтті өмір сүрудеміз. Жүрегі кең, бауырмал қазақ елінен өз тарапымызға айтылған ауыр сөз, бөтен ой естіген емеспіз. Мен елімнің амандығын, осы бетпен алға жүре беруін тілеймін!
Бұралып гөзел біздің билегенде,
Өзбектің асқақ әні тербегенде,
Қол соқпай дәті шыдап тұра алар,
Құрбылар, айтындаршы қандай пенде?!
"Өзбек биі" видеосы қосылады
Кәріс халқынын өкілі сөз алады. Кәрістер коре сарам, часон сарам, ханчук сарам болып үшке бөлінеді. Кәрістердің Қазақстанға келуі сол сталиндік репрессия кезінде Қиыр Шығыстан депортацияға ұшырауынан басталады. (Осы кезде бір бала шығып корей ақыны Ен Сен Неннің өлеңін оқиды).
1937жыл еді.
Поезд жүйткіп келеді.
Терезеден тұрмын қарап таңдана:
Дала, дала, кең дала.
Содан кейін азаптан торыққаным есімде,
Содан кейін қазақтарға жолыққаным есімде.
Құшақ жайып қарсы алғаны есімде,
Құрмет қылып ән салғаны есімде.
Жоқ, ұмытпан,
Yenмыта алман жандарды ол,
Достықтың отымен жүрегімді жылытқан.
Қазакстан! Гүлстан! Ғажапстан! Күнстан!
Жеттім сенде арманыма аңсаған.
Қарыздармын. Бас иемін мен саған.
Бас иемін сенде туып,
Сенде ержетіп оқыған,
Саган келіп ес жинаған өзімдей
Кәрістердің атынан.
" Балбырауын " күйі.
Украин мәдени орталығының өкілі: Мүмкіндікті пайдалана отырып айтарым: қашанда жүзіміз жарқын, көңіліміз шат болып жүру үшін ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту, жалған айтпай берген уәдені орындау басты парызымыз екенін ұмытпайық. Құдайға шүкір, конституциялық құқығымыз да ел қатарлы қорғалуда. Біз қазақстандықтар бейбіт өмірде, жақсы тұрмыста адамша өмір сүргенді қалаймыз. Ешкім ешқашанда ұрыс-керіс, жанжал, айғай-шумен жақсы тұрмыс жасай алмайды. Жасасын достықты жақтаған Қазақ елі!
Украин әні орындалады.
Мұғалім: Түріктер сталиндік репрессия кесірінен Грузияның оңтүстігі Месхет деген жерден Қазақстанға жер аударылған. Түрік мәдени орталығы Алматыда 1991 жылы кұрылған.
Түрік мәдени орталыгының өкілі қазақ тілінде өлең оқиды.
Түркістан Түркістан - екі дүние есігі ғой,
Түркістан - ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңір берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе,
Түрікке азаматта ел жеткен бе?!
Кең ақыл отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?
Мағжан Жұмабаев.
Сөз алан дүнген халқыныц өкілі: Дүнген, лохуэй, хуэй (аудармасы - қайта келген халық), еліміз -- Қытай. 1758 жылы Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Цин империясына қарсы шыққан дүнгендер 1876-77 жылдардағы репрессияға ұшырамау үшін халық батыры Биянху бастап 4 мың адам тау асып Жетісуға келдік.
Содан бері қазак елінде өсіп өніп, тіршіліктерімізді бейбіт жалғастырып келе жатырмыз. Рахмет сағаң Қазак елі, Қазақ халкы!
1-оқушы:
Қайсарлығы қара тасты үгіткен,
Қаһарынан қас дұшпаны үріккен.
Қайрымдылығы тас жүректі жібіткен,
Арғы тегі Алаштан тараған, керегесін ағаштан кұраған елміз.
Тағдырдың тезіне, қолдан жасалған тозақтың өзіне шыдаған елміз.
Бабалар рухына бас иіп, Алладан медет сұраған елміз.
Халқы жомарт, даласы дархан, орманы қорған, таулары қалқан болған ақ бесік атамекені бар, сол мекенде жусанның жұпарын иіскеген, өздігінен ешкімге тиіспеген елміз.
Шыдамның шегіне жеткенде, намыс оты еті түгілі сүйегінен өткенде, кеудесінде жанар тауы жарылып, көзінің алды қанталап, өзіне қарай анталап тұрған жаудың алысқанының аузына ұрып, жұлысқанының жұлынын жұлып бір-ақ тоқтаған қазақпыз.
2-оқушы: Атырау-Алтай арасын, Алатау-Арқа даласын, Ана сүтін арда емген ақ пейіл қазақ баласы баяғы заманнан ата-жұрттың киесі қонып, осы даланың иесі болып келеді. Қазақ қазақ болғалы нені бастан кешпеді, жалындаған намысына су бүрікті, өшпеді, қылбұрау сап шыңғыртты, сағынды талай сындыртты. Өз ішімізден шыққан алауыздықтан бірін-бірі абақтыға тықкан күнді де көп көрдік. Талайды бастан өткердік. Тырнағын ішіне бүгіп келгенге сендік, бодандыққа үгіттегенге ердік. Ұлтының қамын ойлаған алтын айдар ұлдарымызды өз қолымыздан жығып бердік. Бүгінге қанагат, өткенге салауат айтып, жаңағы қаралы жылдар мен жаралы күндерді қарт тарихтың қойнына тапсырдық.
3-оқушы: Запыран жұтқан жылдар оралмасын, еліміз жоғалмасын, тоналмасын. Заман тыныш, санаң дұрыс, қайран елім, енді қайтіп көрмесінші бодандықты басың! Тамыры терең рухың тас жарып шықты қайтадан, даламды тербеп байтақ үн, оянып қайта ой-санам, арылып алаң күдіктен, болашаққа үмітпен қарап, өмір атты айдында өрге жүзіп кемеміз, қарқындап есіп келеміз.
4-оқушы: Қайта оралып өткенім, қайта жанып өшкенім, қайта түлеп көктедім. Ендігі бізге керегі ынтымақты-ырысты, берекелі-бірлікті, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған, татулық туын ұстаған, басынан бағы ұшпаған еліндегі таныштықты, жеріндегі ырыс-құтты сақтайтын, басқа елдер санасатын, түсінісіп жарасатын терезесі тең, керегесі кең ел еді. Алыс-жақын шетелдерде, бабаларым ат ізін салмаған мекендер де Қазақстанды танып, назарына алып жатыр. Бірлігіме әлі талай ел қызығар!
5-оқушы: Себебі сайын дала төріне, Сарыарқаның жеріне, сан ғасырлық тарихы бар елдігімізді білгізіп, Елордамызды тұрғызып алдық. Астананың келбетіне қарасаң, өзгеріс бар орасан. Сән-салтанат сұлулыққа малынған Сарыарқаның нақ төріне салынған көп қабатты зәулім үйлер ормандай, мәңгі биік рухымыз болғандай, ұрпақ үшін бой көтерген қорғандай, Елорданың келбетіне қазіргі қалай тұрсың толғанбай?! Жас қаламыз, Бас қаламыз, Астанамыз өсе берсін өскен сайын ұлтымыздың көгертеді көсегесін!
6-оқушы: Намыстан жаратылған нағыз ұлт дара тұрған қазағым өзің едің, қайрылма қанатыңнан, айырылма тіл-дініңнен, арайлы болсын бір күнің бір күніңнен. Ошағың қисаймастан, шаңырағың шайқалмастан түтінің түзу шықсын түндігіңнен. Жас мемлекет саналсақ та, жан берісіп, жан алсақ та, сұқтанған суық көзден ата-жұртыңды аман сақта нар ұлдары қазақтың. Өйткені біздің далаға ынтызар болмайтын кімдер, бүкіл әлем қызығар орнайды күндер. Ананың жасы, Арудың ары, Батырдың қаны төгілген бұл даланы көздеріңнің қарашығындай қорғай біліңдер, бізден кейінгі ұрпақ! Өйткені біздің мемлекет кешегі бабаларым табыстаған, сәт сайын сағат сайын қарыштаған Тәуелсіз Қазакстан!
Қазақстанның Әнұраны

Ұқсас жұмыстар
Ұлттық Бірлік күніне орай ЫНТЫМАҚ, БІРЛІК, КЕЛІСІМ – ЕҢ БАСТЫ БАЙЛЫҚ ЕЛ ҮШІН атты өзге ұлт өкілдерімен кездесу кешінің
Ұлттар достығы фестивалі, мерекелік сценарий
М.әуезов атындағы №6 жалпы білім беретін орта мектептің 6 класс оқушылары арасында өткізілген i «халықтар достығы - тірегіміз» фестивалі
Қазақ еліне рахмет
Қазақстандағы мекен еткен әр ұлт өкілдерінің дәстүрі,ұлттық киімі және өнері жайлы мағлұмат беру
Халықтар достығы - ел бірлігі. 8 сынып
Қазақстан тарих пәнінен емтихан тесті. 7 сынып
Тәуелсіздік тұғырым
Бір ел, бір тағдыр.(достық фестивалі)
Қазақстан халқы
Пәндер