Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Оқыту әдістерін топтастыру

Сабақтың тақырыбы:
Оқыту әдістерінің туралы ұғым

Жоспар:
Оқыту әдістері, тәсілдері және құралдары туралы ұғым.
Оқыту әдістерін жіктеу проблемасы.

1. Оқыту әдістері ұғымының мазмұнын анықтауда құрал, жол, тәсіл сөздерін пайдаланудың синонимдік жағынан педагогикалық әдебиеттерде әр түрлі көзқарастар байқалады. Бұл сөздер бір-біріне жақын, бірақ әрқайсысының өзіне тән мағыналық не қолдану ерекшелігі бар сөздер.
Әдіс (методос деген грек сөзінен туады - зерттеу немесе таным жолы), тәсілдер жиынтығы. Әдіс педагогикалық әдебиеттерде тәсіл деп түсіндіріледі. Мысалы, швейцар энциклопедиясында әдіс ұғымын тәсіл деп түсінеді.
Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі.
Тәсіл - оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.Тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістіңжүзеге асуына көмектеседі.
<<Әдіс>> пен <<тәсілдің>> шекарасы өте жылжымалы, құбылмалы. Сондықтан, олардың шекарасын анықтау қиын. Өйткені, әдіс кейде тәсілге, ал әдістемелік тәсіл оқыту әдісіне айналады.
Мысалы:
Лабораториялық сабақтың мәнін және мағынасын анықтайтын әңгіме әдіс ретінде қолданылады.
Егер оқушылар лабораториялық тапсырманы өзбетінше орындауға кіріссе, ал мұғалім сол дербес жұмыс үрдісінде тек әңгіме элементтерін қолданса, әңгіме тәсіл ретінде пайдаланады.
Құрал дидактикада дербес терминологиялық мәні бар сөз.
Мысалы, дидактикада қолданылатын құралдар оқыту жабдықтары, оқыту ақпаратының көздері (оқытудың техникалық құралдары, оқулықтар, оқу құралдары, көрнекі құралдар).
Педагогиканың дидактика бөлімінде оқыту әдістерін жетілдіру мәселесіне көп көңіл бөлінді. Оқыту әдістері туралы әр түрлі анықтамалар да берілген.
Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылардың бірлесе жасайтын әрекеті (Г.И.Щукина).
Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің барысында білім алу жолдары (И.Д.Зверев).
Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным үрдісін жетілдіру (Ю.К.Бабанский).
Негізгі оқыту әдістерінің өзара байланысын профессор Р.Г.Лемберг <<Оқыту әдістері>> деген еңбегінде көрсетіп, әр әдістің психологиялық құрылымына ерекше көңіл бөледі.

Педагогикалық энциклопедияда "Оқыту әдістері" - мұғалім мен оқушылар жұмысының тәсілдері, солардың көмегімен білімді, іскерлікті және дағдыны игереді, оқушылардың дүниетанымы қалыптасады, қабілеттері дамиды, - деп жазылған.
Демек, оқыту әдістері бұл мұғалім мен оқушылардың оқу-тәрбие жұмысының міндеттерін ойдағыдай шешуге бағытталған өзара байланысты іс-әрекетінің тәсілдері. Оқыту әдісін осылай дидактика тұрғысынан түсіндіру жалпы философиялық анықтамаға сай келеді.
Сонымен, оқыту әдістері оқушылардың танымдық қабілеттерінің дамуына мүмкіндік туғызады, яғни оқушылардың ойын дамытады, өз бетінше ізденіп жаңа білімді игеруге ықпал жасайды.
Оқыту әдістері ғылыми таным әдістеріне байланысты, өйткені оқытуда ең бастысы оқушылардың танымдық іс-әрекеті. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді.
Ғылыми танымға қатысты бірсыпыра ережелер оқушылардың танымдық іс-әрекетінде қолданылатын оқыту әдістерінің ерекшелігін анықтайды. Бұл ережелер:
- оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді;
- оқыту әдістері шындықты тануға әрекет жасайды;
- оқыту әдістері теория мен практиканы жақындастырады;
- идея нақты өмір мәліметтерінен қорытындылады.
Осы ережелердің барлығы оқушылар көзқарастарының қалыптасуының, таным қабілеттерінің дамуының негізі болады.
"Оқыту әдістері" және "әдістемелік тәсіл" ұғымдары бір-бірімен тікелей байланысты. Әдістемелік тәсіл оқыту әдісінің элементі. Мысалы, жеке сөздерді түсіндіру, суреттерді демонстрациялау т.б.
Оқыту әдістері <<қалай оқыту керек?>> деген сұраққа жауап береді.
Оқыту әдістерінің басты қызметтері - оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.

2. Оқыту әдістерінің өзіне тән тарихы бар.
ХХ ғасырдың 20-жылдарында белгілі педагог-ғалымдар Б.Е.Райков, К.П.Ягодовский, М.М.Пистрак т.б. оқытудың түсіндірме, практикалық еңбек, эвристикалық, зерттеу, лабораториялық әдістерін жасады.
30-жылдары М.М. Пистрак, П.Н.Шимбирев, И.Т.Огородников оқытудың жаңа әдістерін ұсынды. Бұларға әңгіме, әңгімелеу, көрсету, демонстрация, лекция, кітаппен жұмыс, лабораториялық жұмыс жатады.
50-жылдардан бастап оқыту әдістерінің жіктеу проблемасына айрықша көңіл бөлінді. Грузин педагогы Д.О.Лордкипанидзе оқыту әдістерін топтастыруға әрекет жасады. Ол әдістерді топтастыру үшін білім көзін негізге алды. Д.О.Лордкипанидзе оқыту әдістерін үшке бөлді: сөздік әдістер, кітаппен жұмыс істеу әдістері, оқыту-практикалық сабақтар әдістері.
50-жылдардың аяғы, 60-жылдардың басында орыс ғалымдары Е.Я.Голант, С.Г.Шаповаленко, Н.М.Верзилин білім көзін негізге ала отырып оқыту әдістерінің жаңа жіктеуін үш топқа бөлді.
1. Сөздік әдістер тобы: әңгімелеу, әңгіме, түсіну, лекция, кітаппен жұмыс.
2. Көрнекілік әдістер тобы: демонстрация, иллюстрация, бақылау әдістері
3. Практикалық әдістер тобы: лабораториялық, практикалық, графикалық жұмыстар, әр түрлі жаттығулар.
М.Н.Скаткин мен И.Я.Лернер жасаған оқыту әдістері жіктеуінен кейбір ерекшеліктерін байқауға болады. Олар оқушылардың танымдық немесе логикалық ойлағыштық іс-әрекетін, әдістерді топтастырудың негізгісі деп қарастырады.
И.Я.Лернер мен М.Н.Скаткин оқытудың мынадай әдістерін ұсынады:
1. Түсіндірме - иллюстративті әдіс;
2. Репродуктивті әдіс;
3. Проблемалы баяндау әдісі;
4. Ішінара баяндау немесе эвристикалық әдіс;
5. Зерттеу әдісі
Оқыту әдістері күрделі, көпөлшемді, көпсалалы білім. Сондықтан оқыту әдістері объективті заңдылықтары, мақсаты, мазмұны, принциптері, оқыту формалары арқылы көрініс табады.
Оқыту әдісі мақсатқа жетудің саналы түрде қолданылатын тәсілі, ал мақсатқа жету мұғалімнің шеберлігіне оның оқыту процесін тиімді ұйымдастыра білуіне оқушылардың даярлық дәрежесіне, мұғалім мен оқушылардың белсенділік педагогикалық ынтымақтастығына байланысты.

2.Сабақтың тақырыбы:
Оқыту әдістерін топтастыру. Білім алу көзіне қарай топтастырылған әдістер.

50-жылдардың аяғы, 60-жылдардың басында орыс ғалымдары Е.Я.Голант, С.Г.Шаповаленко, Н.М.Верзилин білім көзін негізге ала отырып оқыту әдістерінің жаңа жіктеуін үш топқа бөлді.
1. Сөздік әдістер тобы: әңгімелеу, әңгіме, түсіну, лекция, кітаппен жұмыс.
2. Көрнекілік әдістер тобы: демонстрация, иллюстрация, бақылау әдістері
3. Практикалық әдістер тобы: лабораториялық, практикалық, графикалық жұмыстар, әр түрлі жаттығулар.

Сөздік әдістер тобы: әңгімелеу, әңгіме, түсіну, лекция, кітаппен жұмыс.
Әңгімелеу. Мұғалім оқу материалын бірізділікпен баяндайды. Ол үшін материалды айқын, сенімді етіп бейнелейді. Әңгімелеуде талдау, жинақтау тәсілдері пайдаланылады. Әңгімелеу әдісі көбінесе тіл, әдебиет, тарих сабақтарында қолданылады. Сабақтың қалған уақытында оқушылар мұғалімнің басшылығымен әр түрлі жұмыстарды өз бетінше орындайды.
Әңгіме әдісі сабақта сұрақ-жауап формасы түрінде қолданылады. Сондықтан оқытушы алдын-ала жоспар жасап, онда сұрақтардың жүйесін мұқият ойластырады. Бұл білім алушылардың білімін тақырып бойынша логикалық бірізділікпен анықтауды қамтамасыз етеді. Әңгімені осылайша өткізу оқушылардың ойлау белсенділігін арттырады. Оларды басты және өте маңызды мәселелердің мазмұнын, өзара байланысын анықтауға талаптандырады.
Оқушыларды болжауға бағыттайды, өз ойларын дәлелдеуге мәжбүр етеді, өтілген оқу материалын жүйеге келтіруге және жинақтап қорытуға мүмкіндік береді.
Түсіндіру. Мұғалім оқу материалын баяндауда оқушылардың белсенділігіне, ынтасына, білім деңгейіне сүйенеді, материалдың мазмұнын дәлелдейді, кейбір ережелердің, ұғымдардың, заңдардың мәнін ашады. Материалдарды түсіндіруге түрлі құралдарды, есептер шығаруды, жазып алуды кең түрде қолданады, оқушылар баяндау процесінде мұғалімнің сұрақтарына жауап береді, дәлелдеуге тырысады.
Лекция. Басқа әдістерге қарағанда лекцияның көлемі, күрделілігі, логикалық құрылысы жағынан өзгешелігі бар. Сондықтан лекцияны бастар алдында оқушыларға нақты сұрақтардан тұратын оның жоспары ұсынылады. Лекция сұрақтар бойынша логикалық бірізділікпен баяндалады. Әрбір сұрақтан кейін қорытынды жасалады. Лекцияда кейбір тың, құнды ғылыми әдебиеттерде осы уақытқа дейін жарияланбаған мәселелер баяндалады. Сонымен бірге талас және жалған теориялар жөнінде нанымды түсініктер беріледі. Оқушылар баяндалған материалдардың мазмұнын, дәлелдемені, нақты мысалдарды, негізгі қорытындыларды жазып алады. Лекция сабақтың 25-30 минут уақытын алады. Қалған уақытта оқушылар тақырыпқа сәйкес мұғалімнің көмегімен өз бетінше түрлі жаттығу жұмысын орындайды.
Кітаппен жұмыс. Оқу жұмысында қолданылатын құралдардың бірі - оқулықтар. Олар білімді тереңірек игеру үшін пайдаланылады. Оқулықтардың көмегімен оқушылар сабақта немесе оқудан тыс түрлі жаттығуларды орындайды. Оқушылар мұғалімнің көрсетуімен білімдерін толықтыру үшін жаңа ғылыми мәліметтерді басқа баспа құралдарын іздестіру қажет. Олар: түпдеректер материалдары, ғылыми кітаптар мен журналдар, энциклопедиялар, жинақтар, анықтамалар.
2. Көрнекілік әдістер тобына демонстрация, иллюстрация, бақылау әдістері жатады.
Демонстрация әдісі тәжірибелерді, приборларды, препараттарды, табиғи объектілерді, кинофильмдерді т.б. демострациялауға байланысты. Мысалы, сабақта кинофильмді пайдалану үшін оны алдын ала қарап, қандай мәселелерді фрагменттерге бөліп, оқушыларға түсіндіруді анықтау қажет. Сабақ соңында фильм бойынша қорытынды әңгіме жасалады.
Иллюстрация әдісінің көмегімен оқушыларға иллюстративті құралдарды көрсетуге болады (плакаттар, карталар, суреттер, таблицалар, схемалар).
Бақылау әдісін пайдаланып, оқушылар мұғалімнің тапсырмасы бойынша өз бетімен бақылау жұмысын жүргізеді. Бақылау жұмысы сынып бөлмелерінде химия, биология, физика пәндерінен, мектептің оқу-тәжірибе учаскісінде берілген тапсырмалар бойынша жүргізіледі. Бақылау мәліметтерін оқушы үнемі жазып отырады, ал оның нәтижесі сабақта талқыланады..
3. Практикалық әдістер тобы: лабораториялық, практикалық, графикалық жұмыстар.
Лабораториялық жұмыстар. Бұл әдісті мектеп жағдайында пайдаланып, арнайы құралдармен (микроскоп, өлшеу аппараттары, техникалық құралдар) жабдықталған кабинеттерде мұғалімнің басшылығымен оқушылар табиғи құбылыстарды, заттарды зерттейді. Лабораториялық сабақтарда тақырып бойынша жаңа оқу материалын ұғыну үшін мынадай тәсілдер ескеріледі:
лабораториялық сабақ тақырыбы және сабақтың міндетін анықтау;
сабақты өткізу тәртібін түсіндіру;
сабақтың нәтижесін жинақтап қорытындылау;
сабақтың нәтижесін талдау.
Практикалық жұмыстар. Практикалық сабақтар мектеп шеберханаларда, оқу-тәжірибе учаскілерінде оқушылардың өндірістік бригадаларында, т.б. өткізіледі. Практикалық жұмыстар физика, химия, биология, технология, т.б. сабақтарда да пайдаланылады. Оқушылар практикалық сабақтарда оқыту машиналарды, компьютер арқылы түрлі тапсырмаларды орындайды.
Графикалық жұмыстар. Оқушылар графикалық бейнелеу технологиясымен сурет, сызу сабақтарында танысады. Графикалық жұмыстар оқушыларды шыдамдылыққа, дәлдікке, материалды графика арқылы бейнелеуге үйретеді.
Жаттығулар. Жаттығулар білімді бекітудің, іскерлік пен дағдыны игерудің және оқушылардың ой-өрісін дамытудың негізгі әдісі.
Жаттығулардың түрлері:
ауызша жаттығулар (ауызша есептер шығару, анықтамаларды еске түсіру, т.б.)
жазбаша жаттығулар
арнайы жаттығулар бойынша лабораториялық жабдықтармен, өлшеу құралдарымен, есептеу техникасымен оқушыларды жұмыс істеу білуге үйрету.

3.Сабақтың тақырыбы:
Таным белсенділігі деңгейіне қарай топтастырылған әдістер.
Сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер оқыту процесін ұйымдастыруда зор рөл атқарады. Бірақ, оқыту әдістерін жіктеудің мұндай жүйесін оқушылардың танымдық іс-әректеін толық бейнелемейді.
Оқыту әдістерін жіктеудің басқа да түрлері бар.
И.А.Данилов пен Б.П.Есипов әдістер жіктеуін жасағанда оқыту процесінде іске асырылатын дидактикалық міндеттерді негіз етіп алды. Дидактикалық міндеттер: жаңа білімді меңгеру, іскерлікті, дағдыны қалыптастыру, білімді қолдану, білімді бекіту, шығармашылық іс-әрекетті дамыту, т.б.. Мысалы, жаңа білімді меңгеруде дидактикалық міндеттерге сәйкес, мұғалім сабақта ауызша баяндау әдістерін, ал іскерлікті және дағдыны қалыптастыру дидактикалық міндетін іске асыруда оқытудың практикалық әдістерін қолданады.
М.Н. Скаткин мен И.Я. Лернер жасаған оқыту әдістері жіктеуінен кейбір ерекшеліктерін байқауға болады. Олар оқушылардың танымдық немесе логикалық ойлағыштық іс-әрекетін, әдістерді топтастырудың негізгісі деп қарастырады. И.Я. Лернер мен М.Н. Скаткин оқытудың мынадай әдістерін ұсынады:
1. Түсіндірме - иллюстративті әдіс;
2. Репродуктивті әдіс;
3. Проблемалы баяндау әдісі;
4. Ішінара баяндау немесе эвристикалық әдіс;
5. Зерттеу әдісі
Түсіндірме иллюстративті әдісті ақпараттық-рецептивті әдіс деп те атайды, өйткені ол мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетін бейнелейді.
Мұғалім ауызекі сөздердің, көрнекі құралдардың, практикалық жұмыстардың көмегімен оқушыға білім берудің іске асырады. Сабақ барысында оқушылар тыңдайды, көреді, оқиды, бақылайды, әр түрлі тапсырмаларды орындайды.
Репродуктивті әдіс - бұл әдістің негізгі белгісі еске түсіру және тапсырмасы бойынша іс-әрекетінің тәсілін қайталау болады.
Осы әдісті жүзеге асыруда алгоритмдеу үлкен рөл атақарады. Көрсетілген іс-әрекеттің тәсілдерін және оқушыларға жарияланған білімді бірнеше рет еске түсіру арқылы тапсырмалар жүйесі бойынша мұғалім олардың іс-әрекетін ұйымдастырады.
Түсіндірме-иллюстративті және репродуктивті әдістері оқушыларды біліммен, іскерлікпен, дағдымен байытады, олардың ойлағыштық операцияларын қалыптастырады. Бірақ, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың кепілі бола алмайды. Бұл мақсатқа басқа әдістер арқылы жетуге болады.
Проблемалы баяндау әдісі - оқушыға өз бетімен білім алуына басымдық бертін әдіс. Сабақта мұғалім тақырып бойынша оқушыларға проблема - сұрақ қояды. Проблема шешудің түсінікті ғылыми жолдарын көрсетеді. Проблемалы баяндауға мұғалімнің іс-әрекеті оқушыларға проблемалық ситуация туғызатын проблемалар сұрақтар қою, танымдық есептер, тапсырмалар беру. Бұл оқушыларды әр түрлі ой-әрекетін орындауға итермелейді.
Ішінара іздену немесе эвристикалық әдіс - шағын зерттеу жұмыстарына жол ашатын әдіс. Бұл әдіс бойынша оқушыларды бірте-бірте проблемаларды өз бетінше шешуге жақындату үшін алдын-ала зерттеудің жеке кезеңдерін орындауға үйрету қажет. Мұғалім ізденудің жеке кезеңдерін орындау үшін оқушылардың қатысуын ұйымдастырады. Мұны ішінара іздену әдісі дейді. Кейбір әдіскерлер бұл әдісті эвристикалық әдіс деп атайды. Мұғалім тапсырманы құрастырады, іздену кезеңдерін жоспарлайды, проблемалық міндеттерді жеке проблемаға бөлшектейді, ал оқушылар бұл кезеңдерді орындайды. Оқушы материалдарды мұғаліммен бірігіп талдайды, оның көмегімен жаңа ұғымның мәнін ашады.
Зерттеу әдісі мәні жаңа проблемаларды шешуге байланысты оқушылардың іздену, шығармашылық іс-әрекеті тәсілдерін ұйымдастыру.
Зерттеу жұмысы ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысы сияқты кезеңдерге бөлінеді: бақылау, фактілерді жинау, оларды талдау, жазып жинақтау және т.б..
Зерттеу үшін оларға әр түрлі тапсырмалар беріледі. Зерттеу әдісі бойынша ауызша және баспа сөздер, көрнекі құралдар, практикалық лабораториялық жазба және графикалық жұмыстар, натуральді объектілер, т.б. қолданылады.
Зерттеу жұмыстарының мынандай түрлері бар:
А) оқушылар эксперименті;
Ә) ғылыми экспериментке қатысу;
Б) саяхат және фактілерді жинау;
В) архив мәліметтерін зерттеу;
Г) рефераттар, баяндамалар даярлау;
Д) қосымша әдебиеттерді зерттеу т.б..
Проблемалық, ішінара ізденіс, зерттеу әдістерінің ортақ белгілері - ізденіс.

Ұқсас жұмыстар
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер рефлексивтік есебі
Тәжірибелік әдістер
Жай бөлшектерге есептер
Орта мерзімді жоспар. 4 сынып
Диалогтік оқыту
Омж 11 класс
Балабақшада сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерін қолдану тәсілі
Талантты және дарынды балаларды оқытудағы әдіс-тәсілдер.
Бағалау парақшалары
Дарынды және талантты балалар туралы презентация
Пәндер