Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Мұсылман құқығыны неізгі мектептері

Мектеп: №25 мектеп-гимназия
Сынып:9 А
Пән: Зайырлылық және дінтану негіздері
Күні: Мұғалімнің аты-жөні: Оштан Руслан, Сағындық Думан
Сабақтың тақырыбы: Ислам дініндегі бағыттар. Шариғат. Мұсылман құқығының негізгі мектептері (мазхабтар). Ханафи құқықтық мектебінің ерекшеліктері мен маңызы
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік: оқушыларға ислам дінінің негізгі бағыттары, Шариғат, сунниттік төрт мазхабтың қалыптасу себебі жайлы мағлұмат беру. Ханафи құқықтық мектебінің ерекшеліктері мен маңызын түсіндіру.
2. Дамытушылық: әлемдік діндердің халықтар мәдениетіне, дүниетанымы мен діни түсінігіне тигізетін әсері, рөлі жайлы оқушылардың дұрыс мағлұмат алып, салыстыра білуіне жағдай жасау
3. Тәрбиелік: ислам дінінің игілікке, ынтымаққа шақыратын, адамгершілікке үндейтін тұстарын көрсете отырып, оқушы бойында адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыру
Сабақтың түрі: конференция сабағы
Сабақтың әдіс-тәсілдері: оқушының баяндауы, сұрақ-жауап жүргізу, жүйелеу.
Жұмыс формалары: жеке, ұжымдық
Сабақтың жабдықталуы: қосымша материалдар, карта, суреттер, Құран сөзі жазылған плакат
Пән аралық байланыс: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі, тарих.
Сабақтың ұйымдастырылу барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың сабаққа қатысы, дайындығы тексеріледі. Мұғалім үй тапсырмасын қысқа шолып шығып, сарапшылар алқасын тағайындайды.
2) Сабақ мақсатымен таныстыру
Мұсылмандар Мұхаммед пайғамбар жолын ұстануды сүннет (ар.т. <<сунна>>) деп атайды. Әр істе пайғамбар сүннетін басшылыққа алатын мұсылмандарды сунниттер дейді. Әлем мұсылмандарының 90 пайызынан астамы сунниттік бағытты ұстанады. Бұл бағыттың негізгі ұстанымдары: Алла тағала жалғыз, оның теңі жоқ, Алла әзелден бар, мекенсіз, барлық нәрсенің жаратушысы; иманды тілмен айтып, жүрекпен қабылдау; иман мен амал өзара бөлек; адамдар ерікті және істеген жұмыстарына жауапты; пайғамбарлардың барлығы Алла тағаланың елшісі саналады. Шиғалар (шииттер). <<Шиға>> араб тілінде жақтас, көмекші және топ мағыналарын береді. Шиғалардың сунниттерден басты ерекшелігі Әли ибн Әбу Талибтен басқа исламдағы халифтарды мойындамайды. Сунниттер ұстанатын шариғат мектептеріне қарай төрт мектепке (мазхабқа) бөлінеді. Ол мектептер - <<ханафи>>, <<шафи>>, <<мәлики>> және <<ханбали>> дей келе, сопылық ағымның пайда болу себептеріне, Ханафи құқықтық мектебінің ерекшеліктері мен маңызына тоқтала келе <<Конференция>> сабағының өткізілетінін хабарлайды.
3) Оқушыларға берілген жаңа білімді, жаңа іс-әрекет тәжірибесін бекіту сұрақтары:
:: Ислам дінінің қандай бағыттары бар?
:: Сунниттік төрт мазхабтың қалыптасу себебі неде?
:: Шариғат дегеніміз не?
:: Ханафи құқықтық мектебінің ерекшеліктері мен маңызына
:: Мұсылман мерекелері мен жөн-жораларының маңызы қандай?
Бұл сабақ екі кезеңнен тұрады:
Даярлық бөлімі. Конференция сабағының болатыны туралы оқушылар алдын ала хабарландырылады. <<Ұйымдастыру комитеті>> сайланады, жүргізуші анықталады. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері конференцияға дейін дайындалуы тиіс мәселелерді, атап айтқанда, конференцияның өткізілу мерзімін, жарнама, ақпараттық хабарлама (конференция тақырыбы, жұмыс тәртібі, баяндамашылардың аты-жөні, баяндама тақырыптары) беру, жұмыс бағдарламасын құру, шақыру қағаздарын дайындап, тарату, секция төрағаларын бекіту, олардың жұмыс мәселелерін дайындау, төс белгілерін дайындау сияқты жұмыстармен айналысады.
Ойын бөлімі. Жүргізуші конференцияға қатысушы оқушылар орындарына жайғасқан соң пленарлық мәжілісті бастайды. Пленарлық мәжілісте күн тәртібіне қойылған өзекті сұрақтар бойынша белгіленген адамдар, яғни әр діннің өкілдері сөз алады (өз таңдауларына қарай бір тілде немесе әртүрлі тілде сөйлеулеріне болады). Пленарлық мәжіліс аяқталған соң секциялар жұмысын бастайды. Секция төрағалары баяндамашыларды жариялайды. Баяндамашыларға бөлінген уақыт белгіленеді. Барлық секциялар жұмысын аяқтаған соң, конференцияға қатысушылар қорытынды отырысқа жиналады. Конференция жұмысы қорытындыланғанда әркім өз ойын ортаға салады.
Барлық берілетін уақыт 45 минут болғандықтан регламент алдын ала белгіленіп, баяндамашылар көрсетілген уақытқа сай материал дайындайды.
4) Жаңа оқу материалдарымен танысу, баяндама тыңдау
Оқушылар баяндамасына кезек беріледі. Мұғалім өзі түсіндірмек болған мәселелер баяндамада айтылса, түртіп алып отырады. Баяндамалар тыңдалғаннан кейін, сунниттер ұстанатын шариғат мектептері (мазхабтар) ерекшеліктеріне, шиғалардың (шииттер) сунниттерден басты ерекшелігіне, сопылық ағымның пайда болу себептеріне тоқтайды. Оларды түсіндірген кезде баяндамаға сілтеме жасап, арқа сүйейді, жақсы тұстарын көрсетіп, көтермелейді.
Ислам дінінің қандай бағыттары бар?
Исламның негізгі бағыттары. Сунниттік бағыт. Мұсылмандар Мұхаммед пайғамбар жолын ұстануды <<сүннет>> (сунна) деп атайды. Әр істе пайғамбар сүннетін басшылыққа алатын мұсылмандарды сунниттер дейді. Сунниттер ұстанатын шариғат мектептеріне қарай төрт мектепке (мазхабқа) бөлінеді. Ол мектептер - ханафи, шафиғи, малики және ханбали.
Шииттер. Шииттердің суниттерден басты ерекшелігі олар Әли ибн Әбу Тәліптен басқа исламдағы халифтарды мойындамайды. Тіпті, араларында Әбу Тәліпті пайғамбар ретінде дәріптейтіндер де кездеседі. Әли әулетінен өрбіген он екі имамды дінбасылары ретінде ерекше құрметтейді. Әли халифалық құрған тұста саяси алауыздық себебінен пайда болған шииттік топ уақыт өте келе өз алдына доктринасы бар бағытқа айналды. Шииттер бүгінде көптеген топтарға бөлінеді. Олар Иран, Ирак, Иордания, Сирия, Ливан, Пәкістан, Әзірбайжан елдерінде кездеседі.
Шариғат дегеніміз не?
Шариғат - Құран мен сүннет арқылы мұсылмандардың орындалуы міндеттелген ғибадат, жөн-жоралғылар, рәсімдер жинағы. Сондай-ақ, мұсылмандардың иман негіздерін, адамгершілік мұраттары мен діни ожданын, олардың мінез-құлқын реттейтін қағидалар жиынтығын да шариғат деп атайды.
Шариғат (араб.) - тура, дұрыс жол деген мағынаны береді. Оны әр мұсылманға Құран мен сүннет арқылы орындалуы міндеттелген заң деп ұққан жөн.
Құран мен сүннеттегі ережелер негізгі мазмұнын құрайтын ислам шариғаты үш негізгі бөлімде қамтылады: 1.а) Ақида, яғни сенім мәселелері. Онда сенімнің шегі, ұстанымы, мұраты анықталады; 1.ә) Амалдық мәселелер. Мұнда мұсылманның негізгі парыздары мен тыйымдары нақтыланады. Намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты құлшылық жоралары баяндалады; 2) Ахлақ мәселелері, яғни көркем мінез, ғылымхал, жүріс-тұрыс, мұсылмандық міндеттер баяндалады; 3) Муамалат-Құқықтық нормалар. Мемлекет ісі, саясат, экономика, отбасы, сауда және т.б. қарым-қатынас нормалары қарастырылады.
Мазхабтардың қалыптасу себебі неде?
<<Мазхаб>> - баратын жол, лайықты көзқарас мағыналарын білдіретін араб сөзі. Мазхаб ислам дінінің әртүрлі сенімдік (иғтиқад) және құқықтық (фиқһ) ағымдарының әдістері мен қағидаларын, ұстанымдары мен көзқарастарын анықтайтын ұғым. Ислам тарихындағы барлық мазхабтар, негізінен, діни танымдық яғни, сенімдік; құқықтық және саяси бағытта пайда болған. Діни танымдық мазхабтар: Матуриди және Ашари мектептері; құқықтық мазхабтар: ханафи, малики, шафиғи және ханбали; саяси мазхабтар: сунниттер мен шииттер болып ерекшеленеді.
Мұсылман құқығыны неізгі мектептері. Ислам діні шалғайдағы өлкелерге таралғаннан кейін дін негізі сақталу үшін Араб халифатындағы әлеуметтік заңдар діни этикаға, дін қағидаларына негізделуі керек болды. Сол үшін хадистерді жүйелеу, қоғамдық, әлеуметтік, саяси, сауда-саттық мәселелерді Құран мен сүннетке жүгініп сараптау негізінде ислам шариғаты қалыптасты. Шариғат ғылымы VIII - IX ғасырларда толық қалыптасып, өзіндік тілдік, методологиялық жүйеге ие болды. Жекелеген мәселелерге Құран мен хадисте нақты жауап табылмаған жағдайдың өзінде қийас (салыстыру), иджтихад (іздену, зерттеу) тәсілімен құқықтық нормалар қабылданды. Шариғат, негізінен, екі міндетті жүзеге асырды: 1) мұсылмандардың Алла алдындағы парыздарын дұрыс орындауы; 2) адамдардың өзара экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық, саяси қарым-қатынастарын реттеуі. Шариғат ғылымының қалыптасуы кезінде исламда төрт құқықтық мектеп пайда болды. Бұл құқықтық мектептер мазхаб деп аталады.
Ханафи мазхабының негізін салған ән-Нұғман ибн Сәбит (699, Куфа қ. - 767 ж.). Құран мен хадистің білімдары Әбу Ханифаның қазір ғылымда белгілі бес еңбегі бар. Солардың ішіндегі ең негізгісі <<әл-Фиқһ әл-Акбар>> атты еңбегі. Ол кісінің тақуалығы, әділдігі, адалдығы, қайырымдылығы мен ғұламалығына қарап жұрт оны <<Имам Ағзам>>, яғни <<ұлы имам>> деп атап кеткен. Әбу Ханифадан <<Ілім соңында жүріп ренжіме>>, <<Өзге діндегілермен де сыпайы қарым-қатынаста бол>>, <<Кісінің қателігін көріп тұрып, сен де оны қайталама>>, <<Патша алдында көп сөйлемеңдер және оған шақырғанда ғана кіріңдер>>, <<Егер көршіңнің бір кемшілігін көрсең, өзгелерге жария етпе>> деген сияқты көптеген нақыл сөздер қалған. Бүгінде Ирак, Мысыр, Сирия, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Орталық Азия мен Қытайдағы мұсылмандар ханафи мазхабын ұстанады.
Малики мазхабының негізін қалаушы Мәлік ибн Анас (712 - 795). Ол да сахабалардан діни тәлім алып, құнды еңбектер жазған. Имам Мәліктің фикх бойынша жазған әйгілі еңбегі, алғашқы хадис кітабы <<Муатта>>. Малики мазхабы Медине қаласында қалыптасып, араб елдеріне, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыста кеңінен тарады.
Шафиғи мазхабының негізін салушы имам Мұхаммед ибн Идрис әш-Шафиғи (767 - 820) болды. Ол шариғат жайлы жеті томдық <<Китаб әл-умм>> хадистер жинағын, дін негізі жайлы <<Рисала фи илм әл-усул>> еңбектерін жазды. Имам Шафиғи мектебі Құран мен сүннетті шариғаттың біртұтас түпнұсқасы ретінде қарастырады. Қийас пен ижтихад тәсіліне тек қатты қажеттілік туғанда ғана жүгіну керек деп ойлайды. Шафиғи мазхабы барлық араб елдері мен Шығыс Африкаға, Кавказ, Қиыр Шығыс елдеріне және Ява аралдарына таралған.
Ханбали мазхабының негізін салушы Ахмед бин Ханбал (780 - 855). Имам Ахмад <<Китаб ал-зуһд>> деген кітап жазған. Бұл еңбекте тән құмарлығын шектеумен айналысатын сопылар мен шариғат білгірі факих (шариғаттың білгірі) ғалымдар арасында ортақ көзқарастардың болғаны баяндалады. Ханбали мазхабы Малики мектебі тараған өңірлерде Мысырда, Солтүстік Африка мен Андалусияда (Испанияда) кең өріс алды.
Сопылық танымның қазақ мұсылмандығындағы маңызы қандай?
Сопылық танымның қалыптасуы. Араб халифаты үстемдік еткен өңірлердің шекарасы кеңейіп, мұсылмандар қатарында зор байлыққа кенелуіне байланысты дүние рақатына көңілі ауып, мол байлыққа, дүниеге қызыққандар көбейе бастайды. Сол кезде пайғамбарлар мен сахабалардың өмір салтын үлгі еткен, ақиретті, Алланы көп ойлап, бос уақыттарын құлшылықпен өткізетін тақуалар да болды. Исламда тақуалық рухани дамудың ерекше бір жолы ретінде дамыды. Ол жол дами келе <<тасаууф>> немесе діни әдебиеттерде <<суфизм>> деп аталды. Тақуалық жолын таңдаған, пақырлықты ұстанған мұсылмандар да келе-келе сопы атанды. Суфизм сөзінің шығу төркіні жайлы бірнеше тұжырымдар бар. Соның бірі суфизм немесе арабша <<тасаууф>> <<сафа>>, <<суфи>> деген араб сөзінен, яғни таза, тазару мағынасынан шыққан дейді.
Кемелдікке жеткен сопылар мен дәруіштер көшпелі түркі тайпаларын ислам дініне тартты. Олар өздерінің діндарлығы, адамгершілігі мен даналығы арқасында халықтың ерекше құрметі мен ілтипатына бөленді. Тіпті түркі тайпалары арасында сопылар мен дәруіштердің халық жүрегінен орын алғаны сонша, оларды өздеріне жақын тартып, <<ата>>, <<баба>>, <<дәдә>>, ал әйел затын анасы ретінде <<ана>> деп атай бастады. Мәселен, Әулие ата, Хорасан ата, Арыстан баб (баба), Ысқақ баб (баба), Укаш ана, Домалақ ана, Қарашаш ана, Гауһар ана, т.б.
Мұсылман мерекелері мен діни жораларының маңызы қандай?
Мұсылман мейрамдары, салт-жоралары. Мұсылман қауымының арасында екі мейрам ерекше ілтипатпен атап өтіледі. Олардың бірі - Ораза айты болса, екіншісі - Құрбан айт мейрамы. <<Айт>> араб тілінде мейрам деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамдар мұсылмандар арасында татулықты орнату, туыстық, достық қатынасты нығайту үшін атап өтіледі.
Рамазан айт мейрамы. Бұл мейрам мұсылмандардың ораза тұтатын Рамазан айы аяқталып, Шәууәл айының бірінші күні басталады. Мейрам үш күнге жалғасады. Мұсылмандар алғашқы күні Айт намазын оқып, артынша амандық-саулық сұрасып, бір-бірін қонаққа шақырады, өзара жақсы тілектер айтысып ерекше қуанышпен атап өтеді.
Құрбан айт мейрамы. Үш күнге созылатын бұл мейрам мұсылман күнтізбесі бойынша, Ораза айтынан 70 күннен кейін Зұлхиджа айының оны күні басталады. Құрбан айтта мұсылмандар Айт намазын оқып, құрбандық шалады.
Мәуліт мерекесі. Мәуліт - Мұхаммед пайғамбардың туылған күні. Бұл күн ислам әлемінде Х ғасырдан бері аталып келеді. Мәулітте Құран оқылып, Мұхаммед пайғамбарға салауаттар айтылады. Пайғамбардың өнегелі өмір жолы жан-жақты насихатталады.
Қадір түні. Қадір түні - Құран кітабы түскен, адамдардың күнәсі кешірілетін, бір жылғы ырзығы белгіленетін, жақсылығының сауабы еселенетін, дұға тілегі қабыл болатын, жеті қат көктен періштелер түсетін, Алланың мейірімі жауатын ең қасиетті түн. Қадір түні Рамазан айының 27 түні болады. Бұл түнді мұсылмандар құлшылықпен, мінажатпен өткізеді.
Құрбандық шалу. Құрбандық шалу - мұсылмандар үшін Жаратушыға жақындау үшін жасалатын құлшылық міндеттердің бірі. <<Құрбан>> сөзінің араб тіліндегі мағынасы - жақын болу, жақындау дегенді білдіреді.
Құрбандыққа, негізінен, түйе, сиыр, қой немесе ешкі сойылады. Құрбан етінің үштен бірі отбасына қалдырылып, екінші бөлігі ағайын-туысқа, көршілерге немесе жолдас-жораларға беріліп, үшінші бөлігі мұқтаж жандарға, яғни тұрмысы төмен кедейлерге, жетім-жесірлерге таратылады.
Жаназа рәсімі. Жаназа - Ислам дінінде қайтыс болған кісіні о дүниеге аттандыру рәсімі. Дүниеден қайтқан кісіні шариғатқа сай жөнелту мұсылман жұртшылығының абзал борышы болып саналады. Қайтыс болған кісінің денесін жуу, оны кебінге орау, жиналған жамағаттың қатысуымен жаназа намазын оқу, жерлеу жаназа рәсімінің негізгі шаралары.
5) Сабақты қорытындылау және бағалау
Сарапшылар алқасы баяндамадағы құнды ойларды бағалап, қорытындылайды. Мұғалім <<Дінтану әліппесіндегі>> мазхабқа берілген түсінікті оқушылардың дәптерлеріне жаздырады, біздің елімізде мұсылман мейрамдарының тойлануы жайлы айта келіп, сабақты қорытындылайды. Оқушылардың сабақтағы білімі мен белсенділігі бағаланады, баяндамашыларды мақтау грамоталарымен мадақтауға болады. Аралық рефлексия арқылы бүгінгі сабақта оқушы нені біліп, нені меңгергендігін, тұрмыстық және әлеуметтік жағдайлардағы осы білімнің қажеттілігін сезінуіне бағытталуы тиіс.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Исламның негізгі бағыттарын атаңдар.
2. Шариғат ғылымы қалай қалыптасты?
3. Мазхаб деген не?
4. Сопылық ілімі туралы қандай мәліметтер білесіңдер?
5. Қандай мұсылмандық мереке біздің елімізде аталып өтіледі?
6. Жаназа деген не?

6) Оқушыларға үй тапсырмасын орындауға нұсқау беру
Оқушыларға үйден Мазхаб қалыптастырушы ғұламалардың өмір жолдарына зер сала отырып, сунниттер мен шииттердің ерекшеліктерін, шариғат мектептері (мазхабтар) ерекшеліктерін анықтап төмендегі кестені толтырып келу тапсырылады:

негізін салушы, таралған жерлері

<<Ханафи>>
<<Шафи>>
<<Мәлики>>
<<Ханбали>>

Айырмашылықтары:

Мұғалім оқушыларға <<Хикмет>> дәптеріне сабақтан түйген ойын тиянақтап жазып келуді, оқулықтағы тапсырмаларды өз қалаулары бойынша орындауды тапсырады.

Ұқсас жұмыстар
Мұсылмандардың қасиетті үйі - мешіт
Бұйымның ұзындығы
Бөлшектерді ортақ бөлімге келтіру
Оқу процесінде назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының тәжірбесін ескеріп қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізудің өзекті мәселелері
Тиімді сұрақ қою
Теріс бағыттағы діни ағымдар
Қасиетті Құран Кәрім жайында
Ақпарттық технологияны пайдалану
Оқушылар өздерінің шарадан
Діни ағымдардан аулақ болайық
Пәндер