Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Сұңқар құстың самғағаны әдемі

Тәрбие сағат тақырыбы: Табиға
тқа табын, Адам!
Тәрбие сағат мақсаты:
Білімділік: оқушылардың қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы түсініктерін кеңейту.
Дамытушылық: шығармашылық қабілеттерін, жақсылық жасай білу іскерліктерін, ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру.
Тәрбиелік: табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу, экологиялық тәрбие беру, Табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелеу.
Көрнекі құралдар: интерактивті тақтаға әзірленген слайдтар, табиғат туралы нақыл сөздер, өлең шумақтары, қабырға газеті, гүлдер, суреттер, <<Өзін-өзі тану>>бағдарламасы
бойынша дайындалған видео фильм.
Тәрбие сағаттың түрі: дәстүрлі емес, саяхат түріндегі ой-толғау сабағы.
Тәрбие сағаттың әдісі: әңгімелеу, түсіндіру, сұрақ-жауап, тілек айту, пікірлесу, шығармашылық жұмыстар.
Тәрбие сағаттың барысы: (Оқушылар дөңгеленіп отырады, орталарына әдемі гүл шоқтары қойылған)
Ұйымдастыру:
Қайырлы күн, балалар! Күнде таңертең сендер ояна салысымен , терезені ашып Табиғат Анаға көз салып қарайсыңдар. Дәл бүгінгі күні табиғат-Ана бізді несімен қуантады, бізге не айтады? Олай болса, мен сендерді Табиғат -Анаға саяхатқа бірге шығуға шақырамын. Келісесіңдер ме? Өте керемет!
Бүгінгі саяхатымыздың тақырыбы: <<Табиғатқа табын, Адам!>> деп аталады. Мақсатымыз: Біз бүгін, сендермен бірге қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы түсінігімізді кеңейтеміз, табиғатты сүюді, қорғауды, табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауды үйренеміз. Біз бүгін, табиғатпен сырласамыз, оны түсінуге тырысамыз. Біз бүгін, Табиғат-Анадан мейірімділікті үйренеміз! Табиғат адамзаттың, жалпы тіршілік атаулының ежелден өмір сүріп келе жатқан ортасы, алтын бесігі. Табиғат-сұлулықтың таусылмас көзі. Ендеше біз бүгінгі сабағымызды табиғатпен амандасудан бастаймыз. Барлығымыз орнымыздан тұрып мына өлең жолдарын бірге айтайық!
І слайд
Қайырлы күн, күнім, далам, орманым,
Қайырлы күн, гүлім, құсым, көлдерім.
Қайырлы күн, өсімдіктер, жәндіктер
Қайырлы күн, бар тіршілік иесі!

Өте жақсы! Барлығымыз орындарымызға отырамыз. Балалар, жалпы табиғат дегеніміз не? Оларға нелер жатады?
Оқушылар: Ауа, су, өсімдіктер, хайуанаттар, құстар, балықтар...
ІІ слайд
Ендеше, саяхатымыздың бірінші аялдамасы << Тіршілік атаулының бар арманы - ауа>>
деп аталады. Сөз кезегі оқушыларға беріледі.
1-оқушы. Табиғат байлықтарының ішіндегі бізге ең керегі - ауа.
Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат,
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен,
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат.
2-оқушы: Расында да ауадан қымбат еш нәрсе жоқ . Адам бар - жоғы бір-екі минут ғана дем алмай тұра алады. Сондықтан дана халқымызда << Ауадай қажет>> деген сөз бар. Ей, адамдар, Табиғат - ана саған дем ал деп ауаны сыйлады, өйткені ол өте мейірімді. Сен оның сенімін ақта, ауаны ластама!
3-оқушы: Болмасын ауа ешкімнің арман -мұңы,
Ауадан асқан жан жоқ жалғанда ұлы.
Ойлашы кімге керек боламыз біз,
Жұтудан таза ауаны қалған күні.
Мұғалім: Балақайлар, біз ауасыз өмір сүре аламыз ба? (жоқ) Ия, балалар, ауасыз өмірді елестету мүмкін емес. Ауаны ластамау әрқайсымыздың борышымыз. Ал тіршілікті сусыз елестету мүмкін бе?
ІІІ слайд
Ендігі екінші аялдамамыз <<Тіршілік көзі - су>> деп аталады. Табиғаттың көркін ажарландырып , жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі - су. <<Судың да сұрауы бар>> дейді дана халқымыз. Судың қаншалықты маңыздылығы бар екен ?

4-оқушы: Ақсу, Көксу, Сарысу,
Бұл - сумен түстеп танысу.
Ырғыз, Торғай, Аягөз,
Сай-саланың бәрі су.
Есіліп Есіл ағады,
Жайылып Жайық барады.
Сылаң қақса Сыр сұлу,
Шу шулап атой салады.

5-оқушы: Бұқтырма нұр боп шұлғиды,
Каналға Ертіс су құйды.
Қос теңізге қол артып,
Иіріліп Іле жылжиды.
Салатын еске еркені,
Судың да бар Тентегі.
Ойыл, Тобыл, Жем, Сағыз
Өрнектеп жатыр өлкені.

Сонымен су - табиғаттың жаны, қара жердің сәні дедік. Жанел мен Айғаным бізге тақпақтары арқылы Қазақстандағы барлық өзен, көлдерді айтып берді. Ал, осы біздің қаламызда қандай көлдер, өзендер бар? Ақсу, Қарасу, Қызылсу, Арыс өзендері бар. Тағы да бізде шипалы су бар. Ол қандай су білесіңдер ме? Балалар, ол Қошқар ата өзені. Оның суы өте мұздай. Оның емдік қасиеті бар. Ол өзенге түссеңдер, бүкіл аурулардан емделесіңдер. Ол су - өте шипалы. Сол себепті біз суды ластамауымыз керек. Көлге не болмаса өзендерге шомылуға барғанда суға және оның жағасына қоқыстарды тастамаңдар! Себебі судың бізге берер пайдасы мол! Ал табиғатты әдемілікке бөлеп тұрған не? Ол - өсімдіктер.
IV слайд
Келесі үшінші аялдамамыз <<Табиғат байлығы - өсімдіктер>> деп аталады. Табиғат байлығының бір тобы - жер бетіндегі әдемі өсімдіктер. Өсімдіктер, ағаштар табиғатымызды түрлендіріп тұрған түкті кілем сияқты. Халқымыз өсімдікті өмір өзегі деп алып, одан қамқорлығын еш аямаған. <<Әкеңнен мал қалғанша тал қалсын>> деген көрнекті сөз соның айғағы.
6-оқушы: Көзін ашып, бақ өсір бұлағыңа,
Айналсын құтты қоныс тұрағыңа .
Жайқалсын өлкемізде саялы бақ ,
Бөленіп күннің нұрлы шуағына.
- Балалар, айтыңдаршы сендер гүл өсіресіңдер ме? Ал көктем шыққанда бақшаға көкөніс егесіңдер ме? Баққа ағаштардың көшетін отырғызасыңдар ма?
- Ал қазір біз ойын ойнайық. Мен ойнаймын деген төрт оқушы шықсын. Қазір мен сендердің көздеріңді жұмып қоямын. Сендер өздеріңнің қалауларың бойынша бір өсімдіктің суретін саласыңдар. Мысалыға, гүл, ағаш, бұта, шөп.
Мұғалім: Расында да, өлкемізді саялы баққа айналдыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді. Балалар, өсімдіктер ауаны тазартады. Олар табиғатты әдемілендіре түседі. Сол себепті өсімдіктер өсіріп, оларды күте білейік! Ал сол әдемі табиғатымызды әсем әнге бөлейтін не, балалар? (Құстар)
V слайд
Олай болса келесі аялдамамыз <<Орман сәні құстар>> деп аталады. Бұл туралы не айтасыңдар?
9-оқушы. Табиғаттың сәні де, әні де қалықтай ұшқан құстар. Олардың әсем әндері бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді. Олар - біздің қанатты достарымыз. Олар табиғат сақшылары. Егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген. Олар батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген.
10-оқушы: Торғай - торғай тоқылдақ
Жерден тары шоқып ап.
Бөтегесі томпайып,
<<Шиқ-шиқ>> десіп отырмақ.
11-оқушы: Қарға қарға қарғалар,
Қар үстінде жорғалар,
Боран соқса долданып
Бұтаға келіп қорғанар.
Мұғалім:
Қазақтар аққуды киелі құс деген:
:: Аққу құсы әдемі құс болғандықтан, жалпы ақ түсті болып келеді - сұлулыққа теңеген. Қазақтың әдемі қыздарын аққуға теңеген.
:: Құстардың ішінен жұптасып өмір сүретін бірден-бір құс.
:: Егер Жұбынан айырылып қалса, не біреуі қаза болса, екіншісі адамша қайғырып,ауырып өлуге барған. Осы жағдайдан кейін екінші аққуға қосылмайтын болған.
Көгершін - көп халықтарда бейбітшіліктің белгісі, ол жер бетіне тыныштық пен береке әкелетін құс деп саналады. Бүгін біз сіздерге көгершіннің <<бейбітшілік құсы>> деген атаққа қалай ие болғандығы жайлы сөз қозғайтын боламыз.
Қарлығаш -- адамның досы, жанашыры, қай кезде де қамқор боп жүретін адал құс. <<Қарлығаштай өртіме қанатымен су сепкен>> деген теңеудің айтылуы да бекер емес. Қарлығаш әдеміліктің де символы.
Бүркіт - киелі, қастерлі құс. Қыран құстың жадағайын қазақ төріне іліп қоятын. Бүркітті ежелден <<қасиетті құс>> деп қастерлеп, <<дала сермеңдесі>>, <<көк тәңірісі>>, <<аспан перісі>>, <<қа-наттылар ханы>> деп құрмет тұтты.
Айтсақ әніміз, ардақтасақ сәніміз, табиғаттың көркі құстарды қорғау әрқайсымыздың парызымыз.
Құстарды табиғаттың әні десек, табиғаттың сәнін келтіретін тағы да нелер деп ойлайсыңдар?(Хайуанаттар)
VI слайд
Ендеше келесі аялдамамыз <<Табиғаттың сұлу мүсіні - хайуанатар>> деп аталады.
<<Ымды түсінбеген, дымды түсінбес>> деген ойын ойнаймыз. Балалар, қазір мен бірнеше баланың құлағына жануарлардың атын сипаттаймын. Сол балалар мен айтқан жануарды ыммен, қимылмен көрсетеді. Ал сендер болсаңдар сол жануардың не екенін табуларың керек. Түсінікті ме? Ойнаймыз ба?
- Балалар, сендер қандай жануарларды білесіңдер?
Балалар жылқы, түйе, қой, сиыр бұлардың бәрін төрт түлік деп атайды. Бабаларымыз төрт түлікке ерекше көңіл бөлген. Әрі ас-ауқаты, әрі киімі, әрі көлігі, қымызы - ем, әрі жегжат-жұратымен жасайтын алыс-берісінің көзі, байлығы болғандықтан, қазақ үшін осы төрт түлік мал аса қымбатты дүние болғаны белгілі. Қайда болмасын, бірін-бірі танысын-танымасын, кездесе қалған қазақ <<мал-жан аман ба?>> деп амандық-саулық сұрасқан.
Және де жабайы жануарлар бар. Оларға аю, түлкі, қасқыр, жолбарыс, кірпі, елік, арқар, бұғы, піл, жираф, т.б. жатады.
Мұғалім: Өте жақсы, балалар біз табиғаттың тамаша туындыларына саяхат жасадық. Табиғат-Ана адамзат баласына бар қажетті нәрсенің барлығын да беріпті. Ол бізге дем алсын деп ауа берді, ішсін, бар қажеттіне жаратсын деп мөлдір су берді, ғажайып жасыл әлем сыйлады, орман-тоғайымыз әдемі болсын деп құсы мен әдемі аңдарын берді, қысқасы біз өмірге қажеттінің бәрін Табиғат - Анадан алады екенбіз.
Ол қандай мейірімді, өзі қандай дархан кең болса да, жүрегі де дәл сондай қайырымдылыққа, мейірімділікке толып тұр. Олай болса біз, балалар дәл қазір Табиғат Анадан үйренген мейірімділігімізді бір-бірімізге арнаймыз.
VII слайд
<<Мейірімділікті табиғаттан үйрен>> немесе << Мейірімді жүрек>> ойыны. Әр бала қасындағы көршісіне, досына оның жақсы қасиетін білдіретін сөздерді жазып жүрекшені ұсынады. Мысалы: Сен мейірімдісің, Сен әдемісің, Сен ақылдысың!..т.б.
12-оқушы: Күн сәулесі төгілгені әдемі,
Алуан түрлі қызыл гүлдер әдемі.
Сылдыр қаққан мөлдір суда әдемі.
Биік - биік шыңдарым да әдемі.

13-оқушы: Айдын көлде аққу қандай әдемі
Сұңқар құстың самғағаны әдемі
Даланы әнге бөлеген құстарым қандай әдемі
Мөлдіреген көздері киігім қандай әдемі

14-оқушы: Ақ көрпеге оранған қысым қандай әдемі.
Масатыдай құлпырған көктем қандай әдемі
Асыр салып ойнайтын жазым қандай әдемі.
Сары түске боялған күзім қандай әдемі.

15-оқушы: Осылайша табиғатқа бір қарап
Табиғатпен сырласуда әдемі.
Жер-Ананы аяласаң жан-тәнмен
Боласыңдар сендер де, дүниедегі ең әдемі!
<<Табиғат менің - Жер анам>> атты видео фильмді көріп, ол туралы оқушылардың пікірлері тыңдалды.
Тәрбие сағатты қортындылау кезеңі: <<Жүректен жүрекке>> Оқушылар сабақ соңында табиғатқа тілек айтып, тақтада ілініп тұрған күннің сәулесіне кезегімен мынандай сөздерді апарып іледі.
Гүлдей бер, Жер-Ана!
Аспаның ашық болсын!
Аспаныңды бұлт торламасын!
Тоғайың аң мен құсқа толсын!
Суың мөлдір, таза болсын!
Өзен, көлің, теңізің балықтарға толсын!
Орманың қызыл, жасыл гүлдерге толсын!
Күнің жарық болсын!т.б.
Хормен :
Табиғат сені сүйеміз,
Басымызды иеміз!
Барлығы орындарынан тұрып, Табиғат-Анаға табынып, басын иеді!

Ұқсас жұмыстар
География әлеміне саяхат
Табиғатпен сырласуда әдемі
Суретін сал
Қазақ құсбегілері қолға үйрететін құстар
Жабайы аңдар. сын есімнің шырайлары
Ондық бөлшектерді қосу, азайту, натурал санға көбейту тақырыбын бекіту
Ү ү дыбысы мен әрпі
Құстар - біздің досымыз туралы ақпарат
Қанатты достар
1. ұлттық ойындар
Пәндер