АКТ негізінде оқыту құралдары оқушы мұғалім

1, 2-Лекция

Дәріс тақырыбы: АКТ және оны оқу процесінде қолданудың дидактикалық мүмкіндіктері

Жоспары:

  1. Кіріспе. Пәнді оқытудың мақсат-міндеттері
  2. Оқу процесінде қолданылатын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.
  3. АКТ-ны оқу процесінде қолданудың дидактикалық мүмкіндіктері.
  4. Ақпараттық-коммуникациялық-технологиялық құзыреттілік.
  1. Кіріспе

Қазіргі таңда елімізде болып жатқан өзгерістерге байланысты әлеуметтік және материалдық құндылықтарды жасауда жан-жақты үйлесімді дамыған, өз алдына жауапты шешімдер қабылдай алатын, белсенді шығармашылық әрекет жасауға қабілетті тұлғаны қалыптастыру - көкейкесті мәселе болып отыр. Сабақ өткізу барысында оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін сабақ беру әдісінің тиімді түрлерін, озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру, өткенді бекіту, оларды тапқырлыққа баулып, зейінін, байқампаздығын, ойлау қабілетін дамыту, дүниетанымын кеңейту мақсатында компьютерлік технологияларды қолдану арқылы білімнің жинақтаушы, қорытындылаушы және үйлестіруші қызметтерін жаңаша атқаруға болады.

Біздің қоғамымыз дамудың жаңа кезеңіне көшіп келеді, бұл кезең ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты барлық ақпараттық коммуникациялық технологиялар педагогтер қызметінің барлық салаларына кірігіп, оның табиғи ортасына айналып отыр. «Білім берудегі АКТ» ұғымы «инновациялық технологиялар», «қазіргі ақпараттық оқыту технологиялары», «компьютерлік оқыту технологиялары» және т. б., тіркестермен тығыз байланысты.

Ақпарат ұғымы әртүрлі мағынада түсіндірілетіні белгілі. Біздің түсінігімізде ақпарат кең мағынада - әлемнiң келбетi, ал тар мағынада - кез келген объект немесе субъект жөнiндегi мәлiмет.

Ақпараттың қасиеттері: тұтыну кезінде көлемі азаймайды; пайдалану кезінде тұтынушылар санына шек қойылмайды; бір орыннан екінші орынға тасымалдау процесі жылдам жүргізіледі; қандай да бір мазмұндағы ақпарат әртүрлі формада ұсыныла алады т. б.

Ақпараттандыру - азаматтардың ақпараттық тұтынушылығын қанағаттандыру үшiн тиiмдi шарттарды құру процесi. Басқаша айтқанда, ақпараттандыру - ақпараттық-техникалық құралдарды (мысалы, компьютерлiк техникаларды) бағдарламалар, әдiстемелiк құралдар кешенiмен жабдықтау. Көп жағдайда пайдаланушылар ақпараттандыруды „компьютерлендіру” ұғымымен бірдей түсінік ретінде қарастырады. Компьютерлендiру - бiлiм беру жүйесiн компьютермен жабдықтау. Бұл екi ұғымды бiрi-бiрiнен бөлiп қарауға болмайды. Бiрақ, компьютерлендiру ұғымы ақпараттандыру ұғымының құрамына кiредi.

Адам ақпаратты сезім мүшелері арқылы қабылдайды, мидың және орталық нерв жүйесінің көмегімен ақпаратты өңдейді, есте сақтайды. Адамның ойша есеп шығаруы, мәтінді бір тілден екінші тілге аударуы ақпаратты өңдеу процесінің мысалдары. Ақпаратты өңдеу процесі адамның ақыл-ой іс-әрекетіне байланысты.

Қандай да бір нәтижеге жету мақсатындағы ақпаратқа қатысты іс-әрекеттер тізбегінің жиынтығы ақпараттық процесс деп аталады.

Білім беру жүйесінің барлық формаларын ақпараттандыру процесі жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологияларды (АКТ) меңгерту және оны жаппай тарату процесстерімен сипатталады. Мұндай технологиялар қашықтан оқыту мен ашық білім берудің жаңа жүйелерінде оқытушы мен оқып үйренушінің арасында қарым-қатынас орнату мен мағлұмат алмасу үшін белсенді қолданылады.

АКТ - ақпаратты өңдеудің әр түрлі алгоритмдерін, әдістерін, механизмдерін және түрлі құрылғыларын сипаттайтын ортақ түсінік. Олардың қоғамдық мәніне жасалған талдаудан АКТ-ның келесідей тұжырымдары айтылады:

  1. Жаңа АКТ қоғам дамуының ең маңызды стратегиялық факторы болып табылатын ақпараттық ресурстарды белсеңді және тиімді пайдалану мүмкіндігін береді;
  2. Өркениеттің дамуы, жұмыс істейтін тұрғындардың көпшілігінің еңбек объектілері мен нәтижелері материалдық құндылық емес, ақпарат пен ғылыми білім болып табылатын ақпараттық қоғам бағытында іске асуда. Сонымен қоса АКТ қоғамда болып жатқан ақпараттық үрдістерді тиімді ету және көп жағдайларда автоматтандыру мүмкіндігін береді;
  3. Ақпараттық үрдістер, басқа, одан да күрделі өңдірістік немесе қоғамдық үрдістердің маңызды элементі болып табылады. Осыған байланысты АКТ қоғамдық немесе өңдірістік технологиялардың сәйкес құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады;
  4. Телекоммуникациялық технологиялар, ақпараттық технологиялардың бір бөлігі бола тұра, адамдар мен мекемелер арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз етуде, сондай-ақ жаппай ақпарат тарату мен дайындау жүйесінде маңызды роль атқарады;
  5. АКТ қоғамды тұлғаландыру, оның білім беру жүйесі мен мәдениетін дамыту үрдісінде негізгі орын алады. Сондай-ақ, оқытатын ақпараттық құралдарды пайдалану, кадрларды қайта дайындау және олардың квалификациясын өсіру жүйесі үшін де, өзіндік білім алу жүйесі үшін де тиімді әдіс болып табылады.

Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен білім беру жүйесін ақпараттандыруды жүзеге асырумен айналысатын үш негізгі мекеме бар: Ақпараттандыру орталығы - цифрлық білім беру ресурстарын жаңа форматта, жаңа технологиялармен шығарады. « Жаңа ақпараттық технологиялар » акционерлік қоғамы электронды білім беру жүйесінің негізгі платформасын, инфрақұрылымын дайындайды. Ал Біліктілікті арттыру орталығы ұстаздарға цифрлық білім беру ресурстарын және электрондық оқыту жүйесін пайдалануды үйретеді, оларға бағыт-бағдар көрсетеді.

Пәннің мақсаты : Студенттерге компьютерлік технологиялардың негізгі ұғымдары мен оларды математиканы оқытуда пайдаланудың әдіс-тәсілдері жайлы теориялық білім беру, практикалық тұрғыдан белгілі бір компьютерлік орталарда жұмыс істей білуге дағдыландыру және қолданбалы бағдарламаларды есептер шығаруда пайдалана білуге үйрету.

Пәннің міндеттері :

  • компьютерлік технологиялардың негізгі ұғымдары мен оларды математиканы оқытуда пайдаланудың әдіс-тәсілдері жайлы теориялық білімдердің негізінде студенттердің АКТ жайлы білімін жетілдіру;
  • алынған теориялық білімдердің негізінде компьютерлік орталарда жұмыс істей білуге дағдыландыру;
  • қолданбалы бағдарламаларды есептер шығаруда пайдалана білуге үйрету.

Пәнді оқығанда күтілетін оқу нәтижелері:

  1. АКТ-ның негізгі ұғымдары мен оларды математиканы оқытуда пайдаланудың әдіс-тәсілдерін біледі;
  2. Оқу үдерісінде компьютерді пайдаланудың мақсат-міндеттерін біледі және АКТ құзіреттіліктің мәнін түсінеді;
  3. Компьютерлік бағдарламалардың түрлерін ажыратады;
  4. Математиканы оқытуда компьютерлік технология мен электронды білім беру орталарын пайдалана алады;
  5. Компьютерді қолдану арқылы математикалық есептерді шығарады және олардың шешімдерін талдайды;
  6. Сабаққа қажетті ЦБР-ларды анықтап, сабақ жоспарын түзеді.
  7. Математика сабағында компьютерді пайдалану қажеттілігін негіздей алады.
  1. Оқу процесінде қолданылатын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар

Маңызды жаңа АКТ құралдарына бағдарламалық қамтамасыз етілген компьютер мен ақпарат орналасатын, өңделетін, таратылатын телекоммуникация құралдары жатады. Білім беру жүйесінің ақпараттық ортасы үшін негізгі АКТ құралы - дербес компьютер. Оның мүмкіндігі өзінде орнатылған бағдарламалық құралдарға байланысты.

Бағдарламалық құралдардың негізгі категориялары - жүйелік бағдарламалар, қолданбалы бағдарламалар және бағдарламалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын құрал-саймандар. Жүйелік бағдарламаларға, біріншіден, дербес компьютер қолданушысының бағдарламалармен және барлық басқа бағдарламалық құрылғылармен қарым-қатынасын қамтамасыз ететін операциялық жүйелер жатады. Сонымен қатар бұл категорияға қызметтік және сервистік бағдарламалар да жатады. Ал қолданбалы бағдарламалар - ақпараттық технологияның саймандары (мәтінмен, графиктермен, кестелік мәліметтермен және т. б. жұмыс істейтін технологиялар) болып табылатын бағдарламалық қамтамасыз ету.

Білім берудің заманауи жүйесінде мәтіндік процессорлар, электронды кестелер, презентация дайындау бағдарламалары, МҚБЖ, графикалық пакеттер және т. с. с. әмбебап кеңселік қолданбалы бағдарламалар мен компьютерлер, жергілікті және интернет желілер, интерактивті тақталар, мультимедиялық құрылғылар және т. с. с. АКТ құралдары кең тараған. Аталған құралдармен қатар компьютерлік желілер мен оның АКТ құралдарының арасындағы басқа да баламалары пайда болуынан білім беру жаңа сапаға ие болуда. Оның негізі - интернет жүйесі. Бүгінде интернет ауқымды желісі арқылы әлемдік ақпарат ресурстарына (электрондық библиотекалар, мәліметтер қоры, файлдар қоймалары және т. б. ) жылдам қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Интернеттің әйгілі ресурсы - WWW бүкіл әлемдік өрмегінде білім беруге арналған екі миллиардтай мультимедиялық құжаттар жарияланған деген дерек бар. Мұндай желіде АКТ-ның басқа да құралдарын пайдалану мүмкін. Олардың қатарына электрондық пошталарды, сілтемелер тізімдерін, жаңалықтар топтамаларын, чаттарды жатқызуға болады. Нақты уақыт режимінде сұхбаттасу үшін байланыс орнатылғаннан кейін дыбысты, суреттерді, пернетақтадан еңгізілген мәтінді және кез келген файлды жіберу мүмкіндігін беретін арнай бағдарламалар жасалынған. Арнайы бағдарламалық қамтамасыз етілген құрылғылардың көмегімен Интернет арқылы аудио және бейнеконференциялар өткізуге болады.

Телекоммуникациялық желілерде ақпараттарды іздеу тиімділігін қамтамасыз ету үшін жасалынған автоматтандырылған іздестіру құралдары да бар. Олардың мақсаты - компьютерлік желілердің ақпарат ресурстары туралы мәліметтерді жинап, қолданушыларға жылдам іздеу қызметін ұсыну. Іздестіру жүйелері арқылы бүкіл әлемдік өрмектің құжаттарын, мультимедиялық файлдарды және бағдарламалық қамтамасыз етуді, адамдар және мекемелер туралы мекен-жайлық ақпаратарды іздеуге болады. Сондай-ақ, АКТ желілік құралдарының көмегімен оқу-әдістемелік және ғылыми ақпараттар алуға, консультациялық көмек беруді жылдам ұйымдастыруға, ғылыми зерттеу жұмыстарын модельдеуге, нақты уақыт аралығында виртуальды сабақтар жүргізуге үлкен мүмкіндіктер бар.

Сонымен, ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдаланудың мәні компьютерлік техниканың мүмкіндіктерін баланың жеке тұлғасын дамыту проблемасының маңына топтасқан дидактикалық-әдістемелік проблемалық міндеттерді шешуге бағындыру болып табылады. Ал оның мазмұны: мәтіндік процессорлар (Word), электронды кестелер (Excel), презентация дайындау бағдарламалары (Power-Point), МҚБЖ (Access), графикалық пакеттер (Paint), қолданбалы бағдарламалар пакеттері және т. с. с. кең тараған бағдарламалық пакеттер; компьютерлік желілер, Интернеттің ауқымды желісі; білім беру орталары, электрондық библиотекалар, мәліметтер қоры, файлдар қоймалары және т. с. с. білім ресурстары; интерактивті тақталар мен технологиялар.

  1. АКТ-ны оқу процесінде қолданудың дидактикалық мүмкіндіктері

Заманауи ақпараттық қоғамға өздігінен дербес, сыни тұрғыда ойлай алатын, туындаған проблемаларды көре білетін және оларды шығармашылықпен шеше алатын адам қажет. Ол өздігінен белсенді әрекет етуге, шешім қабылдауға, өмірдің өзгермелі жағдайларына икемді бейімделуге қабілетті болуына мүдделі. Сондықтан қазіргі қоғамдағы білім берудің мақсаты - адамды интеллектуалдық және адамгершілік тұрғыда дамыту. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін оқушыға да, мұғалімге де білім беру жүйесінің стратегиялық бағыты айқын көрсетілуі тиіс. Оған оқу процесінің тиімділігі, сабақтардың жүйелілігі мен сапасы, бағдарламаның орындалу барысы, білімнің тереңдігі, бүкіл оқу-тәрбие жұмысының дұрыс жоспарлануы және АКТ-ның өз дәрежесінде пайдаланылуы игі ықпал етеді.

Білім беруде АКТ-ны қолдану жағдайында субъектілердің ақпараттық әрекеттесуі өзіндік тасымалдауды қажет етеді. Яғни, білім берудегі дәстүрлі ақпараттық өзара әрекеттесудің мазмұндарын АКТ-ны қолдану жағдайына тасымалдау қажет. Бұл төмендегі бағыттарды қамтиды:

  • білім беру процесіндегі субъектілер арасында ақпараттық өзара әрекеттесу құрылымы;
  • ақпараттық өзара әрекеттесудегі оқу ақпаратының мазмұны;
  • оқушының/мұғалімнің ақпараттық қызмет түрі.

И. В. Роберттің көрсеткен сүлбелері бойынша түсіндірме берейік. Білім берудің дәстүрлі жағдайында ақпарат алмасу кері байланыс орнату мүмкіндігі бар екі субъект (оқушы мен мұғалім арасында жүреді (1-сүлбе) .

оқушы

мұғалім

1-сүлбе

Енді, оқытудың интерактивті құралдарының пайда болуына орай, оқушымен де, мұғаліммен де кері байланыс орната алатын үшінші субъект (АКТ негізінде қызмет атқаратын оқыту құралы) пайда болды (2-сүлбе) .

оқушы

мұғалім

АКТ негізінде оқыту құралдары

2-сүлбе

Оқу ақпаратының дәстүрлі мазмұны шектеулі, ал АКТ негізінде қызмет жасайтын оқыту құралдарының күрделілігі жағынан да, мазмұны жағынан да әртүрлі деңгейде болатын оқу ақпарат көздеріне ие болу мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда, оқушы оқу ақпаратының мазмұнын өзінің дайындық деңгейіне сәйкес өз қалауымен таңдауы да мүмкін. Мұндай 2-сүлбе жағдайында білім беру процесін жаңаша ұйымдастыру ғалымдардан оның философиялық, педагогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін терең зерттеуді, заманауи талаптарына қарай білім беру технологиялары мен әдістерін, дүниетанымның ұстанымдарын қайта қарастыруды, рухани-адамгершілік құндылықтарға бетбұрыс жасауды талап етеді.


Ұқсас жұмыстар
Сабақтар топтамасына жеті модульді ықпалдастыру
Топтық шешімнің талқылануы
Жаңа ақпараттық технологияларда
7.1.Процент
Сөздерді сипаттау
Электрондық оқулық жасау және пайдалану мүмкіндіктері
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы сабақтың тиімділігін арттыру
Ақпараттық технология
Ақпараттық коммуникациялық технологиялар
Менің досым
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz