Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Абайға топтастыру


Мерзімі
Пән
Сыныбы
Пән мұғалімі
Тексерген
28

Абайтану
11

Сабақтың тақырыбы: А.Байтұрсынұлының <<Қазақтың бас ақыны>> деген мақаласының абайтанудағы орны
Сабақтың жалпы мақсаты: Абайдың өнегелі, өрнекті сөздерін тегіс тану, білу - абыройлы борыш, қасиетті парыз, А.Байтұрсынұлының <<Қазақтың бас ақыны>> деген мақаласының абайтанудағы орны туралы ұғындыру.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап
Сабақтың көрнекілігі:
1) Тұрсын Жұртбай <<Құнанбай / Тарихи және әдеби тұлға/>> Алматы <<Алаш>> 2004 ж
2) М.О.Әуезов <<Абайтанудан жарияланбаған материалдар>> Алматы <<Ғылым>> 1988 ж;
3) Өмірәлиев Құлмат <<Абай афоризмі>> Алматы <<Қазақстан>> 1993 ж.
4) Х.Ж.Сүйінішәлиев <<Абайдың қарасөздері>> Алматы 1956 ж.
5) Электрондық оқулық: <<Абай қарасөздерінің дауыстап айтылуын компьютерден тыңдату>>

I. Қызығушылықты ояту сатысы:
1) Оқушыларды түгендеу, үй тапсырмасын тексеру.
2) Өткен тақырыпты еске түсіру.
3) Абайға топтастыру.
II. Мағынаны ажырату сатысы. Жаңа сабақ

А.Байтұрсынұлының <<Қазақтың бас ақыны>> деген мақаласының абайтанудағы орны

Ахмет Байтұрсыновтың Абайға арнаған негізгі еңбегі <<Қазақтың бас ақыны>> (<<Қазақ>>, 1913, № 39-41) деп аталады. Бұл мақалада көптеген мәселелерге мән берілген. Абай шығармаларының Семей, Ақмола облыстарына таралып, Торғай жағында белгісіздеу болу себептері ашылады. Абайдың әдебиет тарихындағы орнын зерттеуші дәл анықтап, оны қазақтың бас ақыны деп керсетеді. Шыққан тегін, бабалары Ырғызбай, Өскенбай, әкесі Құнанбай, анасы Ұлжан, нағашылары Қаракесектің Бошан руынан шыққан Қаздауысты Қазыбек ұрпағының Бертіс би тармағынан өсіп-өнген күлдіргі, қалжыңның әйгілі ұсталары Қантай, Тонтай екендігін таратады. Абай қайда, қанша жыл оқыды, әлеуметтік іске қашан араласты деген сауалдардың жауабы бар. Жер аударылып келген оқығандар Е. П. Михаэлис, С. С. Гросс кеңесімен ақынның орыс жазушылары А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Н. А. Некрасов, А. Н. Толстой, М. Е. Салтыков-Щедрин, Ф. М. Достоевский, В. Г. Белинский, Н. А. Добролюбов, Д. И. Писарев, Батыс оқымыстылары Спенсер, Льюс, Дрепер шығармаларымен танысқандығы айқындалады.
Зерттеуші Абайдың жастық, жігіт шақтағы қалжың, ғашықтық өлеңдерден бірте-бірте терең мағыналы ғажап көркем поэзияға келгендігін дәлелдейді. Ақын шығармаларының үлгілеріне мән беріліп, <<Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы>>, <<Көк тұман алдындағы келер заман>> өлеңдері талданады. Ұлы ақын шығармаларын қазақ баласына түгел таныту үшін насихаттау, көпке тарату жолдары айтылады.

III. Ойтолғаныс сатысы
* <<Қазақтың бас ақыны>> туындысын мәнерлеп оқу, талдау.

ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ
Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ

Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, тіпті жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып, басылып шықканша, Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді.
Қай жерде ақындар жайынан, я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмоллаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім.
1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі.
Сондықтан Абай сөзцері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған. Абайдың қандай болғанын көзбен көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз. Сөзінің қандай екендігін сөйлеген соң өзінің де қандай екенін айтып, білдіріп өткеніміз теріс болмас.
Абай Семей облысының қазағы, руы тобықты. Ұлы атасы Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз деген өзен бойында туған екен. Ырғызбай халқының қолбасы, батыры һәм ел ағасы биі екен. Тобықтының аймағы аз кезінде Түркістаннан елін ертіп, ауып келіп, Шыңғыс тауы малға жайлы деп, қоныс еткен екен. Кіші атасы Өскенбай би халық арасында ғаділ би атанған. Өз елі тұгіл, басқа алыстағы елдер араларындағы зор дауларын Өскенбай бидің алдына келіп бітіседі екен. Өз әкесі Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған. Қазақты төрелер билеп, сұлтандар төрелерден қойылып тұрған заманда солармен таласып, қарадан сұлтан болған адам екен. Шешесі Ұлжан бәйбіше Қарқаралы уезіндегі Әбдірей, Мыржық деген жердегі қаракесектің бошан руынан, Бертіс бидің тұқымынан. Шеше тұқымы күлдіргі, қалжың, әзілге ұста, Қантай, Тонтай деген күлкімен сөгіп, қалжыңмен жеңіп, аты шыққан адамдар нәсілінен. Тонтай малды адам болған екен. Ауырғанында өзгелерден гөрі, қожа-моллалар көңілін жиірек сұрайтынын байқап жүреді екен. Өлер жолы қатты ауырып жатқанда, моллалар көңілін сұрай келіп отырғанда айтқан: <<Баяғыдан бері -- жазыла-жазыла хожа-моллалардан да ұят болды, енді өлмесе болмас>> деп.
Абай 1845 жылы туған. Жылы жылан екен. Ибраһим деген атын бұзып <<Абай>> деп ат қойған шешесі екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан кебірек айтылады. Абай он жасынан 13 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыған. Он үш жасқа шығарда Семейде Ахмет ЬІрзаның медресесінде оқыған. Медреседе оқып жүрген кезінде үш айдай орысша да оқыған. 4 жыл мұсылманша оқып, үш ай орысша оқып, сонымен оқуды қойған. Он бес жасында-ақ балалық қылмай үлкендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа араны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. Жиырма жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атана бастайды. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің білігі, шешендерінің сөй-леген сөзі, көсемдерінің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мәтелдер сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен.
Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы
шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, таспен би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған. Абай жұрт алдына білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген. <<Білімнен мал артық болушы ма еді?>> -- деп, Абай жұрттың онысына көнбей таласқан. Сөйтіп партия алаңына кіріп кеткен. Өнер-білімін партия ісіне салған. Білімнің қызығын жалғыз ғана Тобықтылар көріп, басқаларға пай-дасы тимей, болыстыққа құмар көп қазақтың бірі болып, бәлки сол күйімен өліп те кетуі ықтимал еді. Қазақтың бағына ондай болудан құдай сақтаған. (<<Қазақ>> 1913, № 39)

* * *
1880 жылдарда жер аударылып барған Михайлэс деген бір білімді кісімен, қазақ ғұрпындағы қағидаларды жиюға елге шыққан Гросс деген екеуімен Абай таныс болған. Бұлар Абайдікіне қонаққа келіп-кетіп жүрген. Абайдың тегін адам емес екенін байқап, олар болыстықтан гөрі жақсырақ нәрсе барлығын Абайға сездірген. Абайдай зерек адамға жөн сілтесе болғаны, онан арғысын өзі іздеп табады. Олар орыстың атақты ақындары Пушкин, Лермонтов, Некрасов барлығын, қара сөзді келістіріп жазғыш Толстой, Салтыков, Достоевский барлығын, сөз сыншысы Белинский, Добролюбов, Писарев барлығын Абайға білдірген, олардың кітаптарымен таныстырған. Өлең жазған Пушкин, Лермонтов, Некрасовтар қазақтың би-болыстардан гөрі қадірлі екендігін Абайға түсіндірген. Ғылымды жұртта өлең жазу, сөз жазу нағыз қадірлі істің бірі екенін Абай енді ұққан. Ақындық, өлеңшілік ел көзіне қадірсіз көрінсе, ол кемшілік ақындық пен өлеңшілікте емес, ақындықпен өлеңшілікті орнына жұмсамағандықта екендігін, ақындық пен өлеңшілікті қазақ ақындары, өлеңшілері қайыршы-тіленшілік орынға жұмсағаннан өлеңнің қадірі кеткенін Абай әбден білген соң, өлең жазуға түскен.
Абай жас күнінде күлкі үшін қалжың өлеңдер, қыздарға ғашық өлеңдер жазған, есейген соң арланып, тастаған екен. Михайлэс пен Гросқа кез болмаса, сол күйімен бәлки кетер еді. Қандай үлгілі, қандай мағыналы, қандай асыл, қандай терең сөздер жерге көмілер еді. Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды лақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер. Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет, ықыласпен күтіп алып, төр түгіл, тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай? Оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігін, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, маңызды, терең сөзден гөрі, мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп, өте шығатын жеңіл сөздерді тыңдауға құмар екендігін Абайдың өлең жа-йынан жазған сөзінде көрсетілген,Сол сөзінен Абайдың сыншылығы, өлең жақсы болуға не керектігін білетіні де көрініп тұр. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алса да, орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан да болса толық. Жалғыз-ақ бір міні бар: ол мін өлең бунақтары тексеріліп, орнына қойылмағандық. Оның оқығанда я әнге салып айтқаңда кемшілігі зор болады. Дауыстың аяғының бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді. Мысалы, төселіп, желіп келе жатып, шоқытып кеткен сияқты, тайпалып, жорғалап келе жатып, текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтарын, алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса түзеледі. Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын. Кейбіреулердің айтатын <<ауырлығы бар>> деген сөздер ол өлеңнің қисынын келтіре алмағаннан емес, өрнегінің жаңалығынан, қазақ өлеңдерінің дағдылы түрінен басқарақ болған соң, оқушылар жаттыққанша жатырқайды. Сонан ғана ауыр сияқты көрінеді.
Абайдың өзі тексергіш болған соң, оның өлеңін тексеріп, қате шығарып ешкім жарыта алмайды. Абайдың қандай сыншы, сөз тексергіш екендігін төмендегі сөзінен байқауға болады:
Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
(Қиыннан киыстырар ер данасы)
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы.
Айтушы мең тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы...
<<Қазақ>> 1913, № 40.

* * *

Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалғыз өлең емес. Көп нәрсені Абай сөз қылған, сол сөздерінің бәрінде де Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз. Абай сөзінен Әбубәкірдің <<шайды, кебісті әркім тұтынып кеткені асылды қорлау болды>> деп қайғырған сөздері табылмайды. Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтьфуға тырысқан, Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Мысалы, <<Аттың сыны>> деген өлеңінде сыпайышылық жүзінен құлаққа жағымсыз тиетін сөздер бар. Бірақ аттың сынына керек мүшелері болған соң оларын айтпаса, аттың сыны толық болып шықпас еді. Абайдың <<Аттың сыны>> деген өлеңін оқығаныңда көз алдыңда сол жақсы аттың өзі тұрғандай пішіні келіп елестейтіні -- жақсы атқа бітетін мүшелердің бірін қалдырмай жазғандықтан. Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар деп тайсақтап тартынбаған, хақихатты хақихат қалыбында, тереңді терең қалыбында жазған. Хақихатты тануға, тереңнен сөйлеуге бойына біткен зеректіктің үстіне Абай әр түрлі Европа білім иелерінің кітаптарын оқыған. Тәржіме халын жазушы Әлихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда Абай Спенсер, Льюис, Дрипр деген Европаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған. Сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар. Тіпті осының мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өлеңді алып қарасақ, айтылған пікірде, ол пікірді сөзбен келістіріп, айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса ол кемшілік оқушыда. Сондай түсінуге қиын көретін сөздерінің бірі мынау:
Көк тұман алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе
жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ көзім талған.

Ол күндер -- өткен күнмен бәрі бір бас,
Келер, кетер артына із қалдырмас.
Соның бірі -- арнаулы таусыншық
күн,
Арғысын бір-ақ алла біледі рас.

Ақыл - мен, жан -- мен өзім,тән -
менікі
<<Мені>> мен <<менікі>>нің мағынасы екі.
<<Мен>> өлмекке тағдыр жоқ әуел
бастан,
<<Менікі>> өлсе өлсін, оған бекі...

Абайдың осы сөзінің дұрыс қате айтылған, теріс айтылған, жұмбақ қылып, ашпай айтылған нәрсесі жоқ. Бәрі де дұрыс, түзу, орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік, ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайдың сөздері 1905 жылы кітап болып басылып шықты. Бірақ жұртқа таралмай жатыр. Басылған кітап Ақмола, Семей облысынан басқа облыстарға таралмай жатқаны кісі таңқаларлық іс. Абайдың сөзін Семей ләпкесіне қамап, жасырып қоймай, күллі қазақ баласы бар уалаяттардағы сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді. Абайды қолымыздан келген қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай бар кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз.
(<<Қазақ>> 1913, № 43.)

* Мақаладан түсінгендерін <<Екі түрлі түсініктеме күнделігі>> кестесіне толтыру.

Екі түрлі түсініктеме күнделігі
Үзінді
Үзінді жайлы пікір

Сабақты қорыту.

Үйге тапсырма: Мақаланы оқу.

Ұқсас жұмыстар
Абай құнанбаев «шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңі
Ұлттың ұлы жыршысы
Абайдың өмірі
А.құнанбаев "құлақтан кіріп, бойды алар"өлеңі
Абай бейнесі
Біржан сал Абай ауылында (талдау)
Абай құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы
"жазғытұры" абай құнанбаев
Тұрлаусыз мүшелер. толықтауыш
Біржан реферат
Пәндер