Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Төлеген Айбергенов Мені ізде

<< Сендер менің бақытымның бұлағы...>>
Т.Айбергеновтың 85 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш

Мақсаты: Т.Айбергеновтың ақындық талантын жастар жүрегіне ұялату, туған халқының әдебиетіне, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін оятып, адамгершілікке тәрбиелеу; жырларды мәнерлеп оқу арқылы қазақ елінің ақындарының шығармашылығына қызығушылық оятып көркем әдебиет кітаптарын оқуға баулу.
Көрнекілігі: кітап көрмесі, бейнеролик, слайд презентация
Алғы сөз: кітапхана меңгерушісі студенттерді кештің мақсатымен таныстыру
1 жүргізуші:
- Сен менің өзімді көрсең,
Тұрысым осы менің.
Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең,
Шошыр едің!...

Сен онда ойланар ең,
Мен болып сезінер ең,
Мен болып оянар ең,
Мен болып көз ілер ең,
Жеткізе алмас ең бұны
Адамның сөзіменен.
2 жүргізуші:
- Сен мендегі достықты көрсең
Қалтқысыз сенетұғын.
Қайғыңды көтеруге
Қайғысыз көнетұғын.
Тек қана сол болар еді
Түсіңе енетұғын.

Сен мендегі махаббатты көрсең
Тұратын кіршік түспей,
Жүрегің қалмас еді
Бір рет ыршып түспей.
Көлдерге айналар ең
Көктемде мөлдіреген - деп жырлаған екен Төлеген Айбергенов.

1 жүргізіші: - Армысыздар, ардақты қонақтар, ұстаздар, студенттер!
2 жүргізуші: - Қайырлы күн, жыр сүйер қауым!
1 жүргізуші: - Қазақта ақын көп, бірақ аңызға айналғаны аз. Осы аңызға айналған ақындардың бел ортасында Төлеген Айбергенов бар десек еш қателеспейміз.
2 жүргізуші: - Адам ұрпағымен мың жасайды. Азғана өмір сүріп, артына мол мұра қалдырған әйгілі ақын Төлеген Айбергеновтың аты ел есінде.
1 жүргізуші: - Қазақтың қара өлеңіне өшпес із қалдырған біртіуар ақын Төлеген Айбергеновтың туғанына биыл 85 жыл.
2 жүргізуші: - Бүгінгі <<Сендер менің бақытымның бұлағы...>> атты әдеби кешіміз қазақ өлеңіне тұтас бір дәуір сыйлаған ақын Төлеген ағамыздың поэзиясына арналады.
1 жүргізіші: - Ендеше, бүгінгі әдеби кешімізді Төлеген Айбергеновтың <<Бір тойым бар...>> өлеңімен ашуға рұқсат етіңіздер!
Т.Айбергенов <<Бір тойым бар>> Жаңагүл
2 жүргізуші: (бейнебаян көрсетіліп тұрады беине баян алынды ) Кешегі Кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргін ұлт зиялыларымен қатар, қарапайым еңбек адамдарына да оңай тимеді. Жергілікті халық, жазықсыз қудалау саясатына орай, басқа аймаққа күшпен жер аударылуға мәжбүр болды. Бұл солақай саясаттың салқыны Айбергеновтердің де отбасын айналып өтпеді.
1 жүргізуші: - Ата - тегі Ақтөбе облысының, бұрынғы Табын, қазіргі Байғанин жерінде қоныстанған аталмыш өңір тумалары еріксіз шығыс жаққа қоныс аударды. Осылайша, Қарақалпақстанның Нөкіс қаласын тұрақтап қалған Айбергеновтер әулеті, жат елде өмірлерін жалғастырды.
2 жүргізуші: - 1937 жылы 8 наурыз күні талантты ақын Төлеген Айбергенов Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүние есігін ашты. Төлеген өлең жазуға құштар боп өсті. Қазақтың қара өлеңіне деген іңкәрлік, оны әдебиет әлеміне жетеледі.
1 жүргізуші: - 1954 жылы Төлеген Айбергенов сол кездегі Орта Азиядағы теңдесі жоқ айтулы Ташкент педагогикалық институты, қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенті атанды.

2 жүргізуші (слайд):
- Өмірді үлкен домбыра деп білем мен
Егіз туған екі ішектен тұратын,
Бірі - қайғы қабағында түнерген,
Бірі - шаттық әлдилеген мұратын

Бұл екеуі жұп жазбайды әуелден,
Қосып тартсаң, күй қалады құлақта.
Жаңыласың кеудеңдегі әуеннен,
Сыңар ішекпен тартам десең бірақ та - деп жырлаған Төлеген әдебиет сүйер қауымның аузына есімі ерте ілінген.
1 жүргізуші: - Төлеген Айбергеновтың алғашқы <<Арман сапары>> атты жыр жинағы 24 жасында жарық көрген. Ақынның 1965 жылы шыққан <<Өмірге саяхат>> атты кітабы қазақ поэзиясына тың леп әкелді. Поэзиялық шығармаларда Төлеген Айбергеновке дейін 18 буынды өлең ырғақтары болмаған.
Халық поэзиясынан, халық фольклорынан өте мол сусындаған, сонымен қатар өз заманындағы жазба әдебиетті керемет білген, шығармашылығында жыраулық дәстүрдің іздері, сарындары кездесіп отыратын ақынның шығармалары <<Құмдағы мұнаралар>> - 4 томдық жыр жинағы боп жарыққа шықты.

Т.Айбергенов <<Ана>> Райхан
2 жүргізуші: - Төлеген 1959 - 1962 жылдары Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім, 1962 - 1965 жылы Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор, 1965 жылдан Қазақстан жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеді. <<Ақ ерке - Ақ Жайық>>, <<Жаңғырған Маңғыстау>>, <<Қазақстан>>, <<Сені ойладым>>, <<Ақ қайыңдар>>, <<Бір тойым бар>> т.б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал.
Т.Айбергенов. Ән <<Атамекен>>
1 жүргізуші:
- Кеудемде жүрген, зердемде жүрген
ынтызар, ықылас оты үріп.
Сен мұны менен бетер ұқ,
түкпірімдегі дір ете қалған
осынау құйттай жүрекпен.
Келем мен бүгін қасиетті байтақ
Қазақстанымды көтеріп - деп жырлаған екен Төлеген Айбергенов.
2 жүргізуші: - Төлегеннің шығармашылығы қазақ даласында, Сарыағашта басталды. Оңтүстік өңір талантты ақынның өлеңдерін жақсы қабылдады. Себебі ол кісінің поэзиясында соншама Отансүйгіштікке біздің жас ұрпақты баулитын керемет бір ала құйын сезім болатұғын. Жергілікті радио- теледидардан көрініп жүрді.
1. Төлеген Айбергенов <<Туған еліме>>
2. Төлеген Айбергенов <<Ортаңа келді өз балаң>>

1 жүргізуші:
- Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым,
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем егер мен.
Ғұлама жылдар судырлатқан парағын...
2 жүргізуші: - Төлеген тағы бір арманның жетегінде жүрді. Бар ойы сол кездегі қазақ елінің астанасы Алматыға табан тіреу еді. Ақын жаны әдеби ортаны, рухани Астананы қалады. Көп ұзамай бұл араманына да жетеді. туа бітті талантымен Алматы жұртшылығын таң қалдырды.
1 жүргізуші:
- Бір көргеннен адам сыры байқалмас,
Байқаймын деп, бәлкім, ешкім айта алмас.
Кей жандар бар ұйып тұрған қатықтай,
Анау - мынау қозғағанға шайқалмас.

Көбінше оған аса көңіл бөлмейсің,
Бөлсең де, оның терең сырын көрмейсің.
Сондықтан да көп жағдайда қасыңда
ж ан сыры мол жан жүргенін білмейсің.
1. Төлеген Айбергенов <<Адамдар>>
2. Төлеген Айбергенов <<Біздің жігіттер>>
2 жүргізуші:
- Ана десе әйтуір мен өзге сөзді есітпен,
Құлағыма үн келеді қоңыраулы бесіктен.
Құлағымда ол үн менің көрген емес толастап
Өйткені сен жылауыма қарсы болдың о баста-ақ...
Өзің қаққан қоңырауда өмір жыры бар екен,
Оның үні тарқамайтын болды менің мерекем.
Сол үнменен тыным таппай бақытымды күреймін,
Өйткені мен мерекемнің тарқамауын тілеймін.

Төлеген Айбергенов <<Ана>>

1 жүргізуші:
- Жүрсем,тұрсам, өзің жайлы ойлаймын,
Түпсіз қиял тереңіне бойлаймын.
Еске түссе жылы сөздер сен айтқан,
Лапылдаған жалын шоқ боп жайнаймын.

2 жүргізуші:
- Көрмегелі жүзі болды сан айдың,
Саусақ бүгіп, күндерді өткен санаймын.
Бүгін келіп қала ма деп арайлым,
Жалтаң қаға күнде жолға қараймын.

1 жүргізуші: - Әр ақын, әр жазушы өлмес, өшпес мәңгілік тақырыпты сырт айналып өтпеген болар. Төлеген Айбергеновте осы махаббат тақырыбына мол қалам тартқан. Ендеше, махаббат өлеңі мен әніне кезек берейік.

1. Төлеген Айбергенов <<Мені ізде>>
2. Төлеген Айбергенов <<А-ға>>
3. Төлеген Айбергенов. Ән <<Мені ойла>>

2 жүргізуші:
- Мен марттағы найзағай күркүрімін,
Құрманғазы күйінің бір тілімін - деп жырлап өткен ақын өзінің аз ғана ғұмырында, аз ғана өлең қалдырды. Аз өлең қалдырса да, әрбір дүниесі інжу - маржандай ерекше көркем. Оның дәлелі <<Маңқыстау саздары>>.

1. Төлеген Айбергенов <<Сырласу>>
2. Төлеген Айбергенов <<Шевченко - мұнай ордасы>>
3. Төлеген Айбергенов. Ән <<Ақ ерке - Ақ Жайық>>
1 жүргізуші: - <<Шын дарын жаспен өлшенбейді. Нағыз поэзия иесінің том-том кітаптарының қалыңдығымен немесе санының көптігімен бағаланбайды.
Елуге келмесе елемейтін әдеттің қасаң заңдығын Төлеген бұзды. Таласып - тартыспай, жалынып - жалбарынбай, буырқанған жырларымен бұзды. Өйткені Төлеген Айбергеновтің жалын - жырлары оның тоқталмас өмір сапарындағы әр жолаушыға серік>> - деп жазыпты бір мақаласында Фариза Оңғарсынова.

Т.Айбергенов <<Қиырда>>(Космонавт монологынан үзінді)

2 жүргізуші: - Өшіп кеткен ақындар аз емес. 1967 жылдың 16 тамызында Төлеген Айбергенов, небары 30 жасында жалғаннан жалт беріп, бақиға озды. Дегенмен ақынның сағыныш тұнған жырлары халқымен бірге жасап келеді. Ақынның аз ғана жылдар ішінде артына қалдырған асыл мұрасы - тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың нәр алар рухани азығы.
Ақын шығармалары орыс, украин, қарақалпақ тілдеріне аударылған.
Сарыағашта Төлегеннің атымен мектеп аталса, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы Теңге кентінде Төлеген Айбергеновтың атына көше берілді.
1. <<Қазақстан>> арнасының бейнеролигі
2. Мұхтар Шаханов <<Айбергенов шыңы>>

1 жүргізуші: - Төлеген Айбергенов қазақ поэзиясы әлемінде Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов тағы басқа жас ақындарға ұстаз бола білді. Төлеген Айбергенов туралы талай естеліктер жазылды, талай естеліктер айтылды. Төлегенге өлең арнамаған қазақ поэзиясында ақын жоқ.
1. ЖҚКжЖТК І курс студенті Лесбаева Мадина <<Төлегенге арнау>>.
2. Мұқағали Мақатаев <<Төлегенге>>

2 жүргізуші:
- Сенделіп өрттей сезіммен
Лапылдап кетіп барамын.
Үзуге моншақ көзімнен
Жақындап кетіп барамын.
Құдіретіңе о,туған Жер
сеніп кетіп барамын.
Қимастық, сенің отыңнан
Теңселіп кетіп барамын.

1 жүргізуші:
- Алысты барам арман қып,
Ауырың болса арт, өмір!
Жолына жырдың құрбан қып,
Басымды тіктім әйтуір.
Сенімге мені бөлеген
Жандардың мынау алдында,
Қадірмен дос ең, о, өлең,
Ұятқа мені қалдырма.
2 жүргізуші:
- Төлеген соңына өлмес, өшпес мұра қалдырып кетті. Әрлі де нәрлі өлеңдерін қалдырды. Төлген Айбергенов творчествосы - өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры.

1 жүргізуші:
- Төлеген жырлары - қуаныш жырлары. Қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманның қуанышы. Әбіш Кекілбаевтің сөзімен қорыта айтқанда, <<Төлеген-сөз жоқ талант <<Дара талант, сара, талант>>.
2 жүргізуші:
- Қадірменді ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Халқының сүйіспеншілігіне бөленген қайталанбас тұлға, халыққа жаңа бастаулар, тың өзгерістер, оқшау құбылыстар, өзгеше жаңалықтар әкелген Төлген Айбергеновтің поэзиясына арналған әдеби сазды кешті ақынның <<Оқушым, риза бол>> өлеңімен аяқтағалы отырмыз.

Төлеген Айбергенов <<Оқушым, риза бол>>. Оқитын Бердібаев Нұржігіт

1 жүргізуші - 2 жүргізуші:
- Келесі кездескенше сау-саламатта болайық ағайын!

Ұқсас жұмыстар
Факультативтік ашық сабақ
Төлеген жырлары - қуаныш жырлары
Айбергенов жыр-көшімен сырласу
Аруана-бауыр дүние
Төлеген Айбергенов Ана өлеңі
Махаббат құндылығы туралы түсініктерін кеңейту. Іңкәр көңіл, нәзік сезім
Төлеген Айбергенов Аруана-бауыр дүние
Көктем туралы ақпарат
Шаһанов Танакөз поэмасы
Әбдірахман Асылбеков. Үйрену
Пәндер