Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Сын есімнің шырайлары

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ

ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ НЕГІЗДЕРІ пәні

№9-лекция

Лекция тақырыбы: Сын есім, оның түрлері. Шырайлары.

Лектор: ф.ғ.к., доцент Қошанова Н.Д.

Түркістан
№9-лекция
Лекция тақырыбы: Сын есім, оның түрлері. Шырайлары.
Лекцияның оқыту нәтижелері: 1. Мектеп жас ерекшелігін сақтай отырып, бастауыш сынып қазақ тіліне арналған теорияның негізі қаланады, тілдің фонетикасынан, лексикологиясынан, морфологиядан және синтаксистен жүйелі білім алады.
2. Тілдің қоғамдық мәні және оның ойлаумен байланысы туралы қорыта алады, әрбір сабақта теорияны практикамен ұштастыруда балалар мен жасөспірімдерге тәрбиелік мәні зор көркем шығармалармен жұмыс жасай алады.
3. Сөз мағынасын айыруды, сөзжасамның негізгі тәсілдерін және морфемаларды, сөз таптарын, әр сөз табының грамматикалық түрлену жүйесін біледі.
Лекция мазмұны: Қазақ тілі - өте бай тіл. Оның құрамында мыңдаған сөздер бар. Ол сөздер мағынасын, сұрағына, атқаратын қызметіне қарай тоғыз топқа бөлінетіні белгілі. Соның бір тобы - зат есім деп аталса, келесі тобы сын есім деп аталады. Сын есім заттың құбылысын, сын сипатын, көлемін, түр-түсін, сапасын білдіреді.
Сын есімнің мынадай ерекше белгілері бар:
Заттың түрін, түсін білдіреді: ақ, көк, қара т.б.
Заттың көлемдік, аумақтық, салмақтық белгісін, сынын білдіреді: биік, кіші, тар, ұзын т.б.
Заттың сапалық белгісін, сипатын білдіреді: жақсы, жаман, сараң, тентек т.б.
Заттың дәміне, иісіне т.б. сипаттарына байланысты белгілерін білдіреді: ащы, тұщы т.б.
Затқа, қимыл, іс-әрекетке, мезгіл, мекенге қатысты сынды білдіреді: балалы, білімді, көтеріңкі т.б.
Сын есім қандай? қай? деген сұрақтарға жауап береді.
Сөйтіп, заттың сынын, сапасын, сипатын, түр-түсін, көлемін білдіріп, қандай? қай? деген сұрақтарға жауап беретін сөз табы сын есім деп аталады.
Сын есімнің жасалуы
Сын есім құрамы жағынан негізгі сын есім және туынды сын есім болып бөлінеді. Ешбір қосымшасыз негізгі түбір күйінде жұмсалатын сын есімді негізгі сын есім дейді. Мысалы: қара, көк, биік, таза, т.б. Бұл сияқты сөздер - әрі қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі түбірлер.
Басқа сөздерден жұрнақ арқылы жасалған сын есімді туынды сын есім дейді. Мысалы: Көш - пе -лі, кеш - кі, өнер - лі, т.б. Құрамы жағынан туынды сын есім негізгі түбір мен қосымшадан (жұрнақтан) тұрады, демек туынды сын есімдер жұрнақтар арқылы жасалған сын есім болып табылады. Туынды сын есімдер жұрнақтар арқылы есім сөздерден де, етістіктерден де жасалады. Мысалы: Қыс - қы, сөз - шең, су - сыз т.б. сын есімдердің түбірі зат есім болса, толық, көтеріңкі, ауыспалы т.б. сын есімдердің түбірі - етістік . Сондықтан да сын есім жасайтын жұрнақтар екі топқа бөлінеді: Есім сөзден сын есім тудыратын жұрнақтар және етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар. Сын есім сондай-ақ қосарлану және тіркесу арқылы жасалады. Мысалы: Үлкен - кіші, жақсы - жаман, қара - көк, ақ сақалды т.б. бұлар құрамына қарай күрделі сын есімдер деп аталады. Бір ғана түбірден негізгі немесе туынды түбірден тұратын сын есімдер дара сын есімдер деп аталады.
1. Есім сөздерден сын есім тудыратын жұрнақтар
Есім сөздерден сын есім тудыратын негізгі жұрнақтар:
- лы, -лі, -ді, -ды, ты, -ті : тау-лы, орман-ды, тас-ты т.б.
- сыз, - сіз: үй-сіз, су-сыз т.б.
- ғы, -гі, -қы, -кі: жаз-ғы, тауда-ғы, қыс-қы т.б.
- лық, -лік, -дық, -дік, тық, -тік : азамат-тық, аудан-дық т.б.
- шыл, -шіл: жер-шіл, көк-шіл т.б.
- шаң, -шең: бой-шаң, сөз-шең т.б.
- дай, -дей, -тай, -тей: ат-тай, тау-дай т.б.
- кер, -қой, -қор, -паз, ымпаз, -імпаз: табыс-кер, әуес-қой т.б.
- и, -ы, -і: тарих-и, қазақ-ы, түрк-і т.б.
Ескерту: 1. Көрсетілген жұрнақтардың кейбірі басқа сөз таптарында да кездеседі. Мысалы: -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы зат есім де жасайды: жақсы-лық, т.б. - сыз, сіз, -дай, -дей, -тай, -тей, -шаң, -шең т.б. үстеуде кездеседі. Мысалы: ақы-сыз берді, ат-сыз келді.
Мұндай сөздер сөйлемде білдіретін мағынасы мен қызметі арқылы ажыратылады.
Араб-иран тілдерінен енген - кер, -қой, -қор, -паз жұрнақтары үндестік заңына бағынбайды. Өйткені, бұл жұрнақтардың жуан-жіңішке сыңарлары жоқ.
2. Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар
Етістіктен сын есім тудыратын негізгі жұрнақтар:
- ғақ, -гек, қақ, -кек, -ақ, ек: ұрыс - қақ т.б.
- ық, -ік, -қ, -к : тол-ық.
- ғыш, -гіш, -қыш, -кіш: жаз-ғыш, біл-гіш т.б.
- ғыр, -гір, -қыр, -кір: өт-кір, ал-ғыр тб.
- шақ, -шек: ұрын-шақ, сүрін-шек т.б.
- ыңқы, -іңкі, -ңқы, -ңкі: бас-ыңқы, көтер-іңкі т.б.
- ынды, -інді, -нды, -нді: жаса-нды, асыра-нды т.б.
- малы, -мелі, -балы, -белі, -палы, -пелі: көтер-мелі, ойна-малы т.б.
- ымды, -імді, -мды, -мді: жара-мды т.б.
- аған, -еген: қаш-аған, сүз-еген т.б.
-улы, -улі: қаңтар-улы т.б.
-ма, -ме, -па, -пе, -ба, -бе: боя-ма, сыз-ба, қатыр-ма т.б.
Сын есімнің мағыналық түрлері
Мағынасына қарай сын есім сапалық және қатыстық сын есімдер болып екіге бөлінеді. Сапалық пен қатыстық сын есімдердің айырмасы, ең алдымен, білдіретін мағынасына байланысты болады.
Негізгі түбір сын есімнің өзінен болып, заттың сынын, түр-түсін, тікелей анықтайтын болса, ол сапалық сын есім болғаны. Мысалы: көк, ащы, қызғылт, жап-жасыл, қысқа т.б.
Сын есім басқа сөз табынан да жасала береді. Зат есім, етістік, есімдік, үстеулерге сын есім тудыратын жұрнақтар жалғанып туынды сын есімдердің жасалуын қатыстық сын есім дейміз. Қатыстық сын есім мағынасы өзіне негіз болған түбір сөздің мағынасымен байланысты, соған қатысты болады.
Мысалы: Өнерлі жігіт - өнердің неше түрін білетін жігіт екенін немесе жігіттің өнерінің молдығын көрсетеді. Сонымен, заттың түр-түсін, сын-сапасын тікелей анықтайтын сын есімді сапалық сын есім дейміз. Сапалық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғана алады. Ал заттың сын-сипатын, әр түрлі белгісін басқа сөз табының қатысы арқылы білдіретін сын есімді қатыстық сын есім дейміз.
Сын есімнің шырайлары
Сындық, сапалық белгінің басқа бір сындық, сапалық белгілерден артық-кем екенін білдіретін сын есімнің түрін сын есімнің шырайлары дейміз. Мысалы: сары деген түстің сарғыш, сарырақ, сарылау, тым сары, сап-сары сияқты бір-біріне жақын түстері бар. Міне, осындай бір тектес сапалық сынның бірінен екіншісінің артық не кемдігін, әр түрлі дәрежеде болатынын білдіруді сын есімнің шырайы деп атайды.
Сын есімнің шырайы салыстырмалы, күшейтпелі мағынада жұмсалады. Шырайдың жасалуының екі түрлі ерекшелігі бар: біріншіден, сын есімнің шырайлары сапалық сын есімдерден ғана жасалады, себебі бір тектес сынның әр түрлі дәрежеде болуы тек сапалық сындарға тән, ал қатыстық сындарда ондай қасиет болмайды. Мысалы: таулы, үйсіз т.б. Сындар бір заттың екінші затқа, қимылға қатысты сипатын ғана білдіреді, сынның әр түрлі дәрежесі болатын шырай мәні жоқ: таулы-рақ, үйсіз-деу сияқты етіп айтуға болмайды. Екіншіден, шырай түрлері сапалық сын есімдерге белгілі қосымшалар жалғануы арқылы және күшейткіш буын үстеуі немесе күшейткіш үстеулер тіркесуі арқылы жасалады. Сөйтіп, шырай жасауға негіз болатын тұлға - сапалық сын есім.
1. Салыстырмалы шырай. Біркелкі сындардың бірінен екіншісінің не кемдігін салыстыру арқылы көрсетілетін шырай түрі салыстырмалы шырай деп аталады. Мысалы: үлкен - үлкенірек.
Салыстырмалы шырай мынадай жұрнақтар арқылы жасалады.
рақ, -рек, -ырақ, -ірек: жақсы-рақ.
лау , -леу, -тау, -теу: жақсы-лау.
Бұл екі жұрнақ барлық сапалық сан есімдерге жалғанып, салыстырмалы шырай жасай береді. Сондай-ақ, жекелеген сапалық сын есімдерге ғана жалғанып, салыстырмалы шырай жасайтын да жұрнақтар бар. Олар:
- ғыл, -қыл, -ғылт, -қылт, -ғылтым, -қылтым: ашқыл-тым т.б.
- шыл, -шіл, -шылтым, -шілтім: ақ-шылтым т.б.
- ғыш, -ілдір: көгілдір т.б.
- аң, -қай, -ша, -ше: бозаң, қоңырқай, сұрша, көкше т.б.
2. Күшейтпелі шырай. Біркелкі сындардың бірінің екіншісінен өте артық не өте кем екендігін көрсететін шырай түрі күшейтпелі шырай деп аталады. Мысалы: үлкен-үп-үлкен - тым үлкен т.б.
Күшейтпелі шырай екі түрлі жолмен жасалады.
1. Күшейтпелі шырай сапалық сын есімдердің алдына күшейткіш буындардың үстелуі арқылы жасалады. Мысалы: биік - біп-биік.
2. Күшейтпелі шырай сапалық сын есімдерге өте, тым, аса, ең, тіпті, нағыз, нақ, шымқай, ыңғай, кілең сияқты күшейткіш үстеулердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: өте күшті , тым биік т.б.
Сын есімнің сөйлемдегі қызметі
1. Сын есім әдетте сөйлемде анықтауыш болып тұрады. Мысалы: Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан (А. Қ.) деген сөйлемде сұр және суық деген сын есімдер (қандай?) бұл деген зат есімді анықтап тұр.
2. Сын есім жіктік тұлғада тұрып, сөйлемнің баяндауышы да болады. Мысалы: Сен бір артық көркемсің (Ж). Әлсіз адам сүріншек. Бұл сөйлемдерде көркемсің (2-жақ), сүріншек (3-жақ) сөздері жіктік тұлғада баяндауыш қызметін атқарып тұр.
3. Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл іс-әрекеттің сынын білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп, пысықтауыш болады. Мысалы: Өлең мен сөзді желдей құйындатқан (Ж).
4. Сын есім әдетте көптелмейді, септелмейді, тәуелденбейді. Егер сын есімге көптік я тәуелдік я септік жалғауы жалғанса, онда сын есім зат есімнің орнында жүреді. Осындай сын есімнің сөйлемде зат есімнің орнында жұмсалып, зат есімнің қызметін атқаруын сын есімнің заттануы дейді. Мысалы: Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат деген сөйлемде жақсыдан, жаманнан деген сын есімдер шығыс септік жалғауында тұрып, зат есімнің орнына, яғни адамнан дегеннің орнына заттанып қолданылған. Заттанған сын есім атау септік тұлғасында тұрып, бастауыш болады. Мысалы: Ұялшақ сыбағасынан құр қалады.
5. Сын есім барыс,табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде келіп, заттанып, толықтауыш та болады. Мысалы: Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез (А.) деген сөйлемде білімдіден (кімнен шыққан?) талаптыға (кім болсын кез?) деген сын есімдер заттанып келіп, толықтауыш қызметін атқарып тұр.
Заттың санын, саналу ретін білдіретін сөздер сан есім делінеді. Сұрақтары: Қанша? Неше? Нешінші? Нешеуі?. Сан есім дара, күрделі болып келеді. Мысалы: бір, он, жүз - дара; жиырма жеті, он тоғыз -күрделі сан есім.
Сан есім мағыналық жағынан іштей 6 топқа бөлінеді:
1. Есептік сан есім заттың нақты санын білдіреді: бір, екі, үш т.б. неше? қанша? деген сұраққа жауап береді.
2. Реттік сан есім заттың рет санын білдіріп, нешінші? деген сұраққа жауап береді: тоғызыншы, он бесінші.
Жинақтық сан есім нешеу? деген сұраққа жауап беріп, заттың жинақталған санын білдіреді, бірден жетіге дейінгі сандар ғана жинақтық сан есім саналады: біреу, екеу..., жетеу, яғни - ау, -еу жұрнақтары арқылы жасалады.
Болжалдық сан есім заттың санын дәл атамай, шамамен көрсетеді: ондаған, жүздеген т.б.
Топтау сан есімі заттың санын топтап көрсетеді: бес-бестен, төрт-төрттен т.б.
Бөлшектік сан есім заттардың бөлшегін білдіреді: үштен бірі, оннан екісі т.б.
Сан есімнің негізгі сөйлемдегі қызметі - анықтауыш. Мысалы: Екі достың бірі ыңғайлы, бірінің ебі жоқ (жұмбақ). Біз екеу едік деген сөйлемде - баяндауыш болса, Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді (мақал) деген сөйлемде бастауыш. Кездесіп жетпіс үште іздегенім (Ж.). Біз екі-екіден бөліндік деген сөйлемдерде сан есімдер пысықтауыш қызметінде жұмсалып тұр. Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар деген сөйлемде - толықтауыш.
Сан есімнің емлесі.
1. Күрделі сан есімнің әр сыңары бөлек жазылады: бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жыл. 2. Реттік сан есім араб цифры арқылы жазылса, саннан кейін сызықша қойылады. Жыл және ай аттарымен тіркескенде, сызықша қойылмайды. 3. Рим цифры арқылы таңбаланған сан есімге сызықша қойылмайды.
Есімдік
Есімдік - зат есім, сын есім, сан есімнің орнына қолданылатын сөз табы. Мұхтар - жазушы. Ол - "Абай жолы" романының авторы деген сөйлемде Мұхтар сөзінің орнына қолданылған.
Мағыналарына қарай есімдіктер 7 топқа бөлінеді. Олар мыналар:
1. Жіктеу есімдігі мен, сен, сіз, біз (біздер, сіздер, олар). Жіктеу есімдігінің жекеше, көпше түрі бар, септеледі, жіктеледі. Үш жақта айтылады:
І жақта айтылатын есімдіктер - мен, біз;
ІІ жақта айтылатын есімдіктер - сен, сіз, сендер, сіздер;
ІІІ жақта айтылатын есімдіктер - ол, олар;
2. Сілтеу есімдігі: бұл, осы, ол, сол, анау, мынау, сонау, осынау, ана, мына, міне, әне.
3. Сұрау есімдігі: Кім? Не? Неше? Қашан? Немене? Қане? т.б.
4. Өздік есімдігі: өз. Бұл есімдік көбінесе тәуелдеулі түрде қолданылады: өзім, өзің, өзіңіз, өзі.
5. Жалпылау есімдігі: бәрі, барлық, барша, күллі, бүкіл, бүтін, түгел.
6. Белгісіздік есімдігі: бір, әлдебір, әлдекім, кей, пәлен, түген, біреу.
7. Болымсыздық есімдігі: еш, ешкім, ештеңе, ешнәрсе, ешқайсысы, ешқандай, дәнеңе.
Есімдіктер сөйлемнің барлық мүшесінің қызметін атқара алады.

Оқытудың техникалық құралдары: интерактивті тақта, сызба - кестелер
Лекция оқудың тәртібі, оқыту әдістері мен түрлері: баяндау, проблемалық, сұрақ - жауап, түсіндіру, кіріспе лекция
Әртүрлі күрделілік деңгейдегі тапсырмалар (сұрақтар) және оларды бағалаудағы ұпайлардың үлестірілуі:
Күрделі деңгей:
1. Сын есім, оның түрлерін анықтап, шырайларының жасалуын түсіндіріңіз
2. Сөз таптарының дербес сөздер, көмекші сөздер болып бөлінетіндігін түсіндіріңіз
3. Сан есім, оның түрлерін анықтап, жасалуын түсіндіріңіз
4. Сөз таптарының дербес сөздер, көмекші сөздер болып бөлінетіндігін түсіндіріңіз

Орта деңгей:
1. Сын есім тудырушы жұрнақтарды түсіндіріңіз
2. Сын есімнің шырай категориясын анықтаңыз
3. Сан есім тудырушы жұрнақтарды түсіндіріңіз
4. Есімдіктің түрлерін анықтаңыз
Жеңіл деңгей:
1. Сын есімнің мағыналық түрлерін айтыңыз
2. Сын есімнің синтаксистік қызметін санамалаңыз
3. Сан есімнің мағыналық түрлері түрлерін айтыңыз
4. Сан есімнің синтаксистік қызметін санамалаңыз
БӨЖ және ОБӨЖ тапсырмалары, олардың түрлері мен орындалуына қойылатын ұпайлардың үлестері:
:: 1.Сын есімнің синтаксистік қызметі
:: 2.Сан есімнің синтаксистік қызметі
Әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер:
1. Фромкин В., Родман Р., Хайамс Н. Тіл біліміне кіріспе. 10-басылым, Халықаралық басылым. Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018.
2. Мағжан С. Тілдің әлеуметтік сипаты. Оқу құралы. Түркістан, 2016
3. Жылқыбай Г. Қазіргі қазақ тілі морфологиясының теориялық курсы. Түркістан, 2019
4. Мағжан С. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Оқу құралы. Түркістан, 2020
5. Шалабай Б. Қазіргі қазақ тілінің синтаксисі. Оқуқұралы, - Алматы, 2012, -189 бет.
6. Қошанова Н.Д. Қазіргі қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің сөйлем мүшелік қызметі. Оқу құралы. Түркістан 2016
Қосымша әдебиеттер:
1. Байтұрсынов А. Қазақ тіл білімінің мәселелері. - Алматы, 2013
2 Жұбанұлы Қ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. - Алматы, 2013
3 Балақаев М. Қазақ тіл білімінің мәселелері. - Алматы, 2008
4 Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар. - Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2016
WEB сайттар тізімі
1. https://www.twirpx.com/file/2552698/
2. https://melimde.com/lekciya-30-safat-seminar-8-safat-soj-97-safat-barli-safat-sani.html
3. http://kazneb.kz/site/catalogue/view?br=126762

Ұқсас жұмыстар
Жабайы аңдар. сын есімнің шырайлары
Күшейтпелі шырай жайлы ақпарат
Салыстырмалы шырай
Сын есімнің түрленуі
Етістіктің жасалуы
Сын есім. 8 сынып
Оқушылардың әрекеті
Қазақ тілінен бақылау жұмыс дәптері
Созылыңқы өткен шақты меңгерту сөйлем құрлымы, жасалу жолы
Қазақ тілінен емтихан билеттері (6 - сынып)
Пәндер