Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Тәуелсіздік жүрмін сені бағалап

Тақырыбы: <<Біз - тәуелсіз елміз>>
Мақсаты:
- Еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата - бабаларымыздың ерлігін паш ету, оқушыларға желтоқсан құрбандарымен, желтоқсан оқиғасына қатысқан аға - апалардың ерлігін үлгі етіп көрсету.
- Оқушылардың туған өлкемізге деген сүйіспеншілігін, сезімдерін ояту.
- Елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге, шыншылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекілік: Интербелсенді тақта, шарлар, түрлі жайма қағаздар.
1. Қазақстан Республикасының гимні. Хор.
Мұғалім сөзі:
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді?
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.
- Тәуелсіздік таңы атты, тәуелсіздік күніне арналған <<Біз - тәуелсіз елміз>> атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
1986жылы 16 - желтоқсанда таңертең, Алматыда жаппай толқу басталды. Жастар алаңға жинала бастады. Алаңда <<Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсадық>>, <<Әрбір ұлтты өз көсемі басқарсын>>, <<Тәуелсіздік керек>>,- деген ұрандар айтылды. Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, көп күшпен алаңдағы жастарды қоршап алды. Алматыға әр аймақтардан әскердің арнайы бөлімдері жіберілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға <<Бұзақылар>>, <<Ұлтшылдар>>, <<Нашақорлар>>,- деген кінә тағылды. Көптеген студент жастар түрмеге қамалды, оқу орнынан шығарылды. Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира тағы басқалары сияқты қазақ жастары желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп құрбан болды.
<<Ой ашар>> сұрақ - жауап әдісі
- Отан дегеніміз не? Оны қалай түсінесіңдер?
- Біздің Отанымыз -....
- Біз қай ұлтпыз?
- Біздің ана тіліміз қандай тіл?
- Елбасымыз кім?
- Балалар, біз қандай елміз?
Иә, оқушылар, біз Тәуелсіз елміз. Сонымен қатар біздің рәміздеріміз бар. Кәне, рәміздерді атап шығайықшы.
(ту, елтаңба, әнұран)
Мұғалім: Кез келген мемлекеттік рәміздің ең маңыздысы -- Әнұран. Әнұран мемлекеттік салтанатты ән. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған.
Елтаңбада шаңырақ бейнелеген.Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар шаншылған. Жарық жұлдыз - Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын бейнелейді.Қанатты тұлпардың қазақтың аңыз ертегісінен алынған. Аңыз бойынша қанатты тұлпарға мінген алып батыр алты қанат аспанға ұшып, жеті қат жер астында түсіп халықты қасіреттерден азат еткен,еліміздің азаттығы мен жеңімпаздығының белгісі.Бидай сабақтары тоқшылықты, молшылықты білдіреді. Ал төменгі жағындағы <<Қазақстан>> деген жазу еліміздің ежелден әлемге танымал екенін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Көк түс- ашық аспанның,тыныштықтың белгісін көрсетеді.Тудың ортасындағы алтын күн - баршаға ортақ, бәріне нұрын шашып, сәулесін төгеді.Оның жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік тіршілік атаулыға ортақ. Алтын күнді қанатымен жебеп, өрге көтеріп ұшып бара жатқан қыран құс - ерлік белгісі. Матаның сол жағында ою -- өрнегі бар тік жолақ орналасқан. Бұл қазақ елінің әшекейі. Алтын күн, Қыран және ою- өрнек біздің халқымыздың ашық келешегі мен бай - берекесі, тыныштық пен байлықтың белгісі.
Ендеше, келесі кезекті оқушылардың Тәуелсіздікке арналған көркем сөз жырлармен тамашалаңыздар!

Рамазан
Тәуелсіздік елдеміз,
Қуанамыз күнде біз,
Ата - бабам қалдырған,
Қазақтың біз батырымыз сенсеңіз!
Алуа
Тәуелсіздік - бақыты ғой елімнің,
Тәуелсіздік - шаттығы ғой жерімнің.
Арманына жету үшін күрескен
Тарихта шежіре болып қалған екен.
Нұрислам
Біз бақытты баламыз,
Тәуелсіз елдің ұланы.
Мәңгі жасап, гүлденеміз,
Ұлы елдің қыраны.
Шахиза
Тәуелсіздік - бабам берген аманат.
Тәуелсіздік келешектің кепілі.
Тәуелсіздік жүрмін сені бағалап.
Тәуелсіздік өткен күннің өтілі.
Нұржан
Тәуелсіздік елімде,
Бақыт құсы самғап ұшты көгімде
Қазақ деген ғажап халық қашаннан,
Көк бөрінің ұрпағымыз тегінде.
Кәусәр
Мерекеге шығады
Бүкіл халық, біліп қой.
Отандастар ұғады
Тәуелсіздік - ұлық той.
Саян
Тәуелсіздік алған күн,
Ерекше боп мәңгілік
Ел жадында қалған күн.
Жасай берсін ұлы күн.
Ақтілек
Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын елімнің керегесі.
Татту-тәтті боп халқымыз әрқашан,
Кетпесін туған жердің берекесі.
Темірлан
Жарқырап атар таңы бар,
Жарқылдап айтар әні бар.
Әні бар, теңіз дәні бар,
Айналдым сенен Отаным!
Жәния
Астана біздің сәніміз,
Білім біздің нәріміз
Азат елдің тірегі
Болайықшы бәріміз.
Мұғалім: Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Біздің еліміз бүгінгі күнге сондай қиын-қыстау, даңқты жолдардан өтіп келіп отыр. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз. Ендеше тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болсын - дей келе, сыныбымыздың ұлдарын қарсы алайық.
Мұғалім: Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкері қарсы қойылды. Қыз жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Ербол, Ляззат, Сабира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірін үзді.
Тұрса да биік өр басын,
Қазаққа бақыт орнасын.
Сексен алтыншы жылғыдай,
Желтоқсан желі болмасын!
Күн кешіп лапылдаған жастарым,
Дүрліктірді желтоқсанның аспанын.
Жерді, дінді, тілді баба дәстүрін
Қорғау үшін көтерді олар бастарын.
Ендігі кезекте, биші қыздарымызды қарсы алайық.
Қорытынды
Тәуелсіздік күні - Қазақ елінің тарихындағы ең атаулы күн, қазақ халқының сан ғасырлық арманының орындалған күні. Тәуелсіздікті тұғырында нық ұстау үшін сапалы білім мен тәрбие керек. Бүгін біз дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті еркін мемлекетімізді құрып, Қазақстан Республикасы атанып, көк байрақ туымызды желбіретіп әлемге әйгілі болуымыздың өзі - осы Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы. Елімізді ішкі - сыртқы дұшпандардан қорғауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болмақ! << Қазақстанның Тәуелсіздігі баянды болсын!>> деп бүгінгі "Біз - Тәуелсіз елміз" атты тәрбие сағатымыз аяқтаймыз. Келгендеріңізге рахмет!
Хор: Желтоқсан елі

Мұнайлы ауданы
№1 орта мектеп

ТӘРБИЕ САҒАТЫ
(Тақырыбы: Біз - Тәуелсіз елміз)

Сынып: 1 <<А>>
Өткізген: Аңғалбаева Ж.

Мұнайлы ауданы, 2020 жыл

Ұқсас жұмыстар
Жақсы сөз жанға қуат
Мен болашақ оқырманмын
Желтоқсанның ызғары
Тақырып Мен өмірімнің жарқын болғанын қалаймын
Қазақ тілін білемін
Кітап ғажап дос
Қарғаның баласы
Менің бір досым
Тәуелсіздіктің шыңы
Стресс. 11 класс
Пәндер