Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Сабақ бойынша рефлексиялық есеп

Сабақ бойынша рефлексиялық есеп

Жыл сайынғы сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері оқушыларымыздың жазба жұмыстарында ойды көркемдеп жеткізу сапаларының төмен екендігін растайды. Мәселені шешу жолдарын қарастыра келіп, оқушылардың сөздік қорын мақал-мәтелдермен және тұрақты тіркестермен байыту ең тиімді жол деп таңдадық. Себебі мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді жиі қолдану арқылы оқушылардың образды сөйлеу, көркем сипаттау, астарлы мағынаны айқындау, ойды тұжырымдау, диалогке сенімді қатысу, тез әрі ұтымды жауап беру, дұрыс шешім қабылдау, шешен сөйлеу дағдылары қалыптасып, дамиды. Сондықтан <<әрбір бөлім тақырыбына сәйкес фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді тыңдалым, оқылым тапсырмаларында ұсына отырып, айтылым және жазылым тапсырмаларында оларды орынды қолдануын қадағаласақ, оқушы тілі баюы тиіс>> деген қорытындыға келдік. Әріптестеріммен ақылдаса келіп, 2021-2022 оқу жылындағы кәсіби даму мақсатымды <<Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді қолдану арқылы оқушылардың сөйлесім дағдыларын дамыту>> деп белгіледік. Жылдар бойы дағдыландыру арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондықтан тәжірибені 8 - қазақ сыныптарының бірінде жүргізуді жөн санадық.
Әріптестеріммен кеңесе отырып, жаңа сабақты 8 <<Х>> сыныбында өтуді жоспарладық. Аталған сыныпта барлығы 25 оқушы: 18 ұл, 7 қыз. Темперамент бойынша 16 холерик, 7 сангвиник, 2 флегматик. Энергиялары өте жоғары, қимылдары шапшаң, эмоциялары құбылмалы. Мұғалімнен жан-жақты дайындықты, жылдам байқампаздықты, салмақты, сыпайы қарым-қатынасты талап етеді. Көпшілігі әзілмен, астарлап айтқанды түсінбейді, ескертуді де, сынды да тура айту керек. Аталған сыныпта сабақ жүргізетін А, Т есімді әріптестерімізбен бірлесе зерттеу кезінде байқағанымыз: сынып түгелге жуық нақтылықты ұнатады, математика, физика, химия пәндерінен ақпаратты тез қабылдап, мақсаттарға оңай қол жеткізеді. Тілдік пәндерге де көпшілігі ынталы, бірақ образды сөйлеуге бейімделмеген, көркем сөйлеу үшін дайын тілдік құралдарды ғана пайдаланады, жоғары деңгейде шығармашылық танытатын 3 оқушы ғана бар. Ақпаратты қабылдау жағынан оқушылардың 13-і аудиал, 5-еуі визуал, 3-еуі аудиал-визуал, 3-еуі кинестик, 1-еуі аудиал-кинестик екенін анықтадық. Белгіленген сыныптың тілдік дағдыларына байланысты тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің қолданыс жиілігін ескеретін тапсырмаларды құрастыруды басты мақсат еттік.
Әріптестерімнің кері байланысын басшылыққа ала отырып, сабақ жүргізетін сыныбымның қажеттілігіне сәйкес жеке зерттеу үшін Қазақ тілі пәнінің 8-сынып бағдарламасындағы <<Тамақтану мәдениеті: үнем мен ысырап>> бөлімі бойынша жүргізілетін <<Тамақты ысырап қылмау>> атты тақырыпты таңдадық. Аталған параллельде сабақ беретін әріптестеріммен ақылдасып, жаңа сабақтың тақырыбы мен өту барысын жоспарлауда алдыңғы өткен тақырыптармен, алдыңғы сабақтарда қалыптасқан дағдылармен сабақтастығын ескердік. Себебі бұл адамзат үшін өте маңызды жаһандық тақырыпты оқыту оқушылардың ынталарын арттыруға, дұрыс шешім қабылдай білу қабілеттерін дамытуға, фразеологизмдер арқылы оқиғаны сипаттау және мақал-мәтелдерді пайдаланып ойларын тұжырымдау дағдыларын қалыптастыруға арналған тиімді әдістерді қолдануға, жоспарлауға мүмкіндік берді.
Бұл сабақта тамақты ысырап етуден туындайтын мәселелер талданып, оның қарсысына үнемшілдік, қанағатшылдық қасиеттері қойылып, салыстырылып, баға беріледі. С есімді әріптесіммен ақылдаса келіп, сабақты оқушылардың тез ойлау, шапшаңдық қабілеттерін арттыру және тақырыпқа болжам жасату мақсатында <<Шашылған сөздер>> әдісі арқылы тақпақ құрастыру тапсырмасынан бастауды жөн деп шештік. А және Қ есімді әріптестеріммен бірлесе отырып, өткен тақырып пен жаңа сабақ арасында байланыс орнату үшін әрі өтілетін сабақ тақырыбы арқылы көтерілетін негізгі мәселені анықтау мақсатында жеңілден күрделіге негізделген ашық сұрақтар қоюды жоспарладық. Сұрақ қою әдісі арқылы оқушылардың өткен сабақтардан алған білімдерін қолдану, ойларын көркем жеткізе білу, тұжырымдай сөйлеу және болжау дағдыларын дамыту көзделіп отыр. Сұрақ қоюдың <<түрткі болу>> технологиясы оқушыларға мәселені анықтауға көмектеседі.
1-тапсырмада ұсынылған мақал-мәтелдердің арасынан үнем мен ысырапқа қатысты мақалдарды жұп болып теріп ала отырып, <<Т кестесінде>> тұсына түсінік жазу беріледі. Тапсырма оқушылардың іріктеу және анықтама беру дағдыларын дамытады.
2-тапсырмада мәтін сөйлемдерін жақша ішінде ұсынылған фразеологизмдердің сәйкесін белгілеу арқылы толықтыруды жоспарладық. Бұл тапсырманы жеке орындай отырып, оқушылар фразеологизмдер мағынасын дұрыс түсініп қолдана алатын болады. Тапсырманы орындау барысында оқушылардың салыстыру, таңдау қабілеттері артады. Әрі бұл тапсырма келесі тапсырманың дұрыс орындалуына көмектеседі.
3-тапсырмада оқушылардың қабілеттері мен әріптестерімнің кеңестерін ескере отырып, <<кейс-стади>> әдісін таңдадық, ол бойынша топтар өз жағдаяттарын сахналайды. Топ мүшелеріне топ ішіндегі жеке рөлдері бөлініп беріледі. Әр топта бір идея беруші - режиссер, екі мәтін құрастырушы редакторлар және үш рөлдерді сомдаушы әртістер рөлдері болады деп жоспарланып отыр. Топтық жұмыс арқылы оқушылардың өзара ынтымақтастығы мен жауапкершілігін арттыруды, алдыңғы тапсырмаларда игерген мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерді еркін қолданып, пікірталаста тез әрі дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуды жоспарладық. Жағдаяттар бойынша 1,2,3-топтар мәтін құрастырып, оны сахналаса, 4-топ бағалау критерийін құрастырып, өзге топтардың дайындық барысын бақылап, жұмыстарын бағалайды.
Сабақ соңында оқушылар <<3Қ>> әдісі бойынша бүгінгі сабақтың өздеріне қиын, қызықты және қызықсыз болған тұстарын айтып рефлексия береді, осылай оқушылардың оқу мақсаттарын игергендігін, жұмыс барысында қандай жетістіктер мен кемшіліктер болғандығын анықтап, келесі сабағымды жоспарлауға мүмкіндік аламын. Жалпы, сабақты әріптестермен бірлесе жоспарлау өтілетін сабақта тууы мүмкін проблемалардың бәрін алдын ала болжап, соған сәйкес іс-әрекеттерді егжей-тегжейлі жобалап, сабақты дұрыс құрылымдауға мүмкіндік береді екен. Әріптестермен бірлесіп жоспарлау барысында сынып ерекшелігіне сай туындайтын әрбір әрекетті детальды түрде елестетіп жоспарлауды үйрендім. Мұндай жоспарлаудан кейін көңіліме алдағы сабағым өнімді, нәтижелі болады деген сенім ұялады.
Сыныпта оқушылардың зейінін бір мәселеге шоғырландыру, тақырыпты болжау әрі бірден белсенді әрекетке жұмылдыру мақсатында қызығушылықты ояту сәтін <<Шашылған сөздер>> әдісі бойынша 1 минут ішінде тақпақ құрастыру тапсырмасымен бастадым. Бұл арқылы оқушылардың жылдам әрі ұтымды жауап беру, шығармашылық ойлау дағдылары дами түскенін байқадым. Сыныптағы оқушылардың үлгерімі әртүрлі болғандықтан, сабақтың басында өткен сабақты еске түсіру мақсатында жеңілден күрделіге қарай бағытталған <<түрткі сұрақтар>> қою әдісі арқылы жаңа сабақта қарастырылатын мәселе қандай болатынын анықтатып, өткен сабақ пен жаңа сабақ арасына байланыс көпірі орнатылды. Оқушылар сұрақтарға жауап беру барысында <<қуыс үйден құр шықпа>> дейтін қазақ міндетті түрде дастарқаннан нан ауыз тиетінін, қазақтың батамен басталып, батамен аяқталатын өзіндік дастарқанда отыру мәдениеті бар халық екенін, той дастарқанынан сарқыт алу арқылы ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесін шешетінін айта келіп, бұл дәстүрлерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Оқушылардың кейбірі жаңа сабақта бүгінгі тоқшылық замандағы ас та төк ысырапшылдық мәселесін қарастырамыз деп дұрыс топшылады. Тапсырма оқушылардың бұрынғы білімдерін қолданып, тұжырым жасау, болжау және мәселені анықтау дағдыларын дамытты.
Мағынаны тану кезеңіндегі <<Т кестесі>> тәсіліне құрылған 1-тапсырмада оқушыларға 13 мақал ұсынылып, олардың ішінен үнем мен ысырапқа қатысты мақалдарды <<Т кестесінің>> сол бағанына теріп жазып, оң бағанында оларға түсінік жазу тапсырмасы жұппен орындауға берілді. Тапсырманы орындау барысында оқушылардың іріктеу және анықтама беру қабілеттері арта түскенін байқадым Дегенмен осы тапсырманы орындау кезінде тапсырманы ұсынудағы өз тарапымнан кеткен кемшіліктерді түсіндім. Біріншіден, мақалдар саны тым көп болып кетті. Сондықтан тақырыпқа сәйкес емес мақалдарды мүлдем алып тастап, қалған мақалдар ішінен іріктеуді ысырап және үнемге байланыстылығына қарай топтатып жасатуым керек еді. Екіншіден, бір сағатқа жоспарланып отырған сабақ болғандықтан, уақытты үнемдеу үшін, бұл тапсырмада түсінік жаздыртпай, мақалдар мен дайын түсініктерді сәйкестендіру ретінде ұсынғанымда ұтымды болар еді.
Келесі тапсырмада оқушылар <<Мәтінді толықтыру>> стратегиясы бойынша өздеріне ұсынылған шағын мәтіндегі бос қалдырылған орындарды берілген тұрақты тіркестердің тиістісін таңдау арқылы толықтырды. Тапсырма белгілі дәрежеде күрделі болды. Себебі дыбысталуы әрі лексика-грамматикалық жағынан ұқсас келетін (мысалы, <<аяқ асты болып>> / <<аяқ астынан>>), кейбіреуінің құрамында көнерген сөздер кездесетін (мысалы, <<ит басына іркіт төгілген>> / <<қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған>>) тұрақты тіркестердің мәнмәтінге лайықтысын анықтау оқушылардың көпшілігіне оңайға түспеді. Ұтымды жағы Тапсырма оқушылардың салыстыру, таңдау қабілеттерін белсенді түрде арттыруға қызмет етті. Бұл тапсырманың топқа немесе жұпқа емес, жеке орындауға берілгенінің өзі де ұтымды болғаны аңғарылды, себебі бұл тапсырма оқушы білімінің тереңдеуіне, сабаққа қызығушылығы артып, белсенділігінің күшеюіне алып келді. Жылдам әрі дұрыс берілген жауаптар мадақталғандықтан, тапсырманы орындауға сынып түгелге жуық өте белсенді қатысты. Жауап берген оқушылар таңдалған тұрақты тіркестің де, таңдалмаған тұрақты тіркестің де беретін мағыналарын талдап көрсетіп отырды. Қателескен немесе қарама-қарсы пікірлер туған жағдайда өз тарапымнан бағыт-бағдар берілді. Осылайша оқушылар фразеологизмдерді мәтінде орынды қолдануды бір-біріне үйрете алды. Сыныпта тілдік деңгейі төмендеу Е, Т, С есімді оқушылар тапсырманы орындау кезінде мұғалімнің қолдауын аса қажет етіп отырды. Аталған оқушылардың тілдік деңгейлерін сатылап көтеруім үшін келесі сабағымда оларға сараланған жеке тапсырмалар беру керектігін түсіндім.
Соңғы тапсырмада, сабақ мақсатына жетудің соңғы кезеңінде, <<кейс-стади>> әдісі бойынша 3 топ өздеріне берілген жағдаяттар бойынша мәтіндер құрастырып, сынып алдында сахналады. Оқушылар алдыңғы тапсырмаларда игерген мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерді өмірлік жағдаяттарда қалай, қаншалықты қолдана алатындарын көрсетті. Оқушылардың бәрі де топтық жұмысқа белсенді әрі жауапкершілікпен қатысу үшін топ ішіндегі рөлдер 1 идея беруші - режиссер, 2 мәтін құрастырушы - редакторлар, 3-4 образды сомдаушы - әртістерге бөлініп берілген болатын, әркім өз рөліне сәйкес әрекеттер жасап, сол әрекеттері кезінде мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерді орынды қолдануға тырысты. Қалған 4-топтағы 6 оқушы тапсырманың бағалау критерийлерін құрастырып, сол бойынша әр топқа 2 сыншы - бағалаушыдан бөлініп, өздері қадағалаған топтағы әр оқушы өз рөлін қалай атқарды, көрініс жағдаятқа сәйкес болды ма, мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерді орынды қолдана алды ма, эмоциональды-экспрессивті лексика қалай көрініс тапты деген сұрақтар төңірегінде талдау жұмыстарын жүргізді. Тапсырма оқушылардың алған білімін қолдану, тез әрі ұтымды шешім қабылдау, талдау, талқылау, бағалау, рөлдерді сомдау дағдыларын дамытты. Тапсырманы орындауға оқушылар белсенді қатысқанымен, күтілген нәтижеге 80-85% деңгейде ғана қол жеткіздік дей аламын. Себебі сабақтың бастапқы кезеңінде уақытты тиімді пайдаланбағандықтан, ауқымды жұмысты талап ететін шығармашылық кезеңінде дайындалу уақытынан қысуға тура келді. Сонымен қатар тапсырманы түсіндіру кезінде басты мақсат рөлдерді сомдап, әртістік қабілетті көрсету емес, алдыңғы тапсырмаларда және өткен сабақтарда кездескен тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді жағдаят барысында орынды қолдану екеніне тағы бір рет назар аудартылмағандықтан, 1 топта оқушылар көріністің қызықтырақ болуына көбірек мән беріп, бай лексикалық қоры барын көрсету екінші планға түсіп қалды, яғни фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді шектеулі ғана қолданды. Бұған тағы бір себеп: жоспарлауда сынып ерекшеліктерін қанша қарастырғанымызбен, топқа бөлу кезінде осы топқа әртістік қабілеті жоғары балалардың жиналып қалуы. Олар өз қиялдарынан әсер алып, негізгі пәндік мақсаттан ауытқып, әртістік қабілеттерін қызықтап кететінін күтпеген едік. Демек, алдағы сабақтарды жоспарлауда сыныптың темпераменттік және ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін (көру, есту, ұстау арқылы) ескеріп қана қоймай, әсіресе топқа бөлуде, рөлдік тапсырмалар беруде әр баланың бойындағы зияттың басым бағыттарын, яғни бейімділіктерін назарда ұстауымыз керектігін түсіндім.
Сабақты зерттеу барысында түйгенім: таңдалған тапсырмалар мен оқу әдістерінің бәрі де оқу мақсатына жетуге жұмыс жасады. Тапсырмалардың бірінен біріне өту реттілігі де мақсатқа сатылап жетуге мүмкіндік берді. Алайда оқыту барысында уақытты тиімді пайдалана алмау нәтижесінде соңғы тапсырма жоспарлауда күтілгендей жоғары деңгейдегі нәтиже бермеді. Сондықтан алдағы уақытта осы сабақтағы ресурстарды дәл осы күйінде қалдырып, ал тапсырма шарттарына өзгерістер енгізілгені жөн. Бірінші тапсырмадағы мақалдар санын екі есеге дейін азайтып, түсінік жазудың орнына дайын түсінікті сәйкестендіру тапсырмасын берсек, ұтымды болар еді. Ал үшінші тапсырма бойынша әрбір топтың жағдаятында соған сәйкес пайдалануға тиісті мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, эмоционалды сөздер минимумын жазып қою керек деген қорытындыға келдім. Бұл - жағдаятпен жұмыс кезінде басты назарда не болу керектігін еске салып, мәтіндерін дұрыс құрылымдауға әрі тапсырманы тезірек орындауға көмекші болады. Алдағы уақытта кейс-стади әдісін пайдаланған кезде бұл өзгерісті басшылыққа алатын боламын.
Сабақ барысында формативті бағалау әр тапсырмадан кейін үздіксіз жүріп отырды. Қызығушылықты ояту кезеңінде тақпақты тез әрі дұрыс құрастырған оқушыларға <<Бәрекелді! Жарайсың!>> деген қошемет сөздер айтып, оқушылардың ынталарын арттырдым. Өткен сабақ пен жаңа сабақ арасында байланыс орнату мақсатында қойылған сұрақтарға берген жауаптарына конструктивті кері байланыс беріп отырдым. Оқушылар бұдан өздерінің жауаптарында қателескен немесе толық қамтылмаған тұстарын түзеуге мұғалім тарапынан дұрыс бағыт-бағдар алды деп есептеймін. Бірінші тапсырмада үнем мен ысырапқа қатысты мақалдарды теріп алып, оларға түсінік берген кезінде жұптар бір-бірінің жұмыстарын толықтырып, пікір айтты. Бұдан соң мен дұрыс жауаптарды тақтадан көрсетіп, кері байланыс бердім. Сөйлемдерді жақша ішіндегі тіркестердің тиістісімен толықтыру тапсырмасын орындағанда оқушылар бір-бірінің жауаптарының <<дұрыс>> немесе <<бұрыс>> екенін бас бармақ арқылы көрсетіп бағалады. Оқушылардың көпшілігі ойланып қалған тұстарда өз тарапымнан фразеологизмдердің мағыналарын ашып түсіндіріп кетіп, осы тапсырманы жылдам әрі дұрыс орындаған оқушыларды мадақтап, кері байланыс бердім. Бұдан оқушылар өздерінің әлсіз тұстарын толықтыруға мүмкіндік алды. <<Кейс-стади>> әдісі бойынша орындалған 3-тапсырманы бағалау белгілі бір топтың өзгелердің жұмыстарына сыни тұрғыдан жан-жақты талдау жүргізуі арқылы жүзеге асты. Олардан соң барлық топтардың жұмыстарындағы сәтті шыққан ерекше тұстары мен жекелеген оқушылардың жетістіктерін атап өтіп, орын алған кейбір кемшіліктерді ескертіп кері байланыс бердім. Бұл - оқушыларға өз жетістіктерін сараптауға мүмкіндік берсе, оқушылардың <<3Қ>> әдісі арқылы сабақтың қиын, қызықты, қызықсыз сәттерін атап рефлексия беруі менің алдағы сабағымды қалай жоспарлауға бағыт берді.
Осылайша сабақта нәтижелі бағалау үдерісі орнап, оқушылар сабақ мақсатына жетті. Өз тарапымнан конструктивті кері байланыс беру арқылы оқушылардың сабақтағы жетістіктері мен кемшіліктерін айқындадым, үздіксіз бағалау үрдісі оқушылардың сыни ойлау дағдысын дамытуына септігін тигізетінін байқадым. Берілген кері байланыстар нәтижелі болғанымен, кері байланыс беруде жетілдіретін тұстарым көп екен. Алдағы уақытта басқа әріптестерімнің сабақтарына жиі қатысып, кері байланыс беруде қандай әдістер тиімдірек екенін анықтауым керек деп шештім.
Әріптестермен бірге жоспарлаған сабақ нәтижелі болатынына көзім жетті. Сабақты жоспарлау кезінде сыныптың ерекшеліктері ескеріле отырып дайындалған ресурстар оқушылардың сыни ойлау, ойларын көркем жеткізу, тез әрі дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытты. Сабақты әріптестермен бірлесе жоспарлау мен талқылау сабақ сапасының жақсаруына әсер етті. Бірлесе жоспарлаған сабақтағы әрбір қадам айқын түрде сабақ мақсаттарына жетуге және оқушылардың белгілі бір қабілеттерін дамытуға бағытталған. Оқушылардың сабаққа берген кері байланысы біздің болжамдарымызды растады. Сабақты зерттеу нәтижелерін әріптестердің тәжірибесін дамыту мақсатында педагогикалық кеңесте ортаға салмақшымыз.
Әріптестеріммен бірге зерттеу сабақтарын жалғастыру арқылы:
бағалаудың түрлі әдіс-тәсілдерін үйренуді;
әріптестерімнің ұсыныстарын, кері байланыстарын ескере отырып, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді қолдану арқылы оқушылардың сөйлесім дағдыларын дамытуды әрі қарай жетілдіруді;
кері байланыс беру туралы ұсыныс бойынша семинар-тренингтерге қатысуды алдағы оқу жылына жоспарлап отырмын.

Сабаққа кешенді бағалау жасамапсыз.
Жоспарлау, бағалу, оқыту бойынша жалпы бағалу керек

Ұқсас жұмыстар
Көлемді өлшеу. тік бұрышты параллелепипедтің көлемі. куб сантиметр
Мектептегі іс-тәжірибе кезіндегі жоспар
Тақырып 9 санын қосу және азайту
Көшбасшы жоспары
Практикалық есептер шығару
Қайталау. есептер шығару
Қысқа мерзімді сабақ жоспары 3 - сынып
Есепті әртүрлі әдістермен шығару
Оқушылар мәтінді
Күкірт қышқылы
Пәндер