Қазақ тіліне тән дыбыстар

Тәжірибелік сабақ №1. Тақырыбы: Фонетика

Лексикалық тақырып: «Астана - Қазақстанның бас қаласы»

Сабақтың мақсаты: студенттерге қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесі, қазақ алфавиті туралы түсінік беру. « Астана - Қазақстанның бас қаласы» мәтінінің мазмұнын игерту.

Негізгі ұғымдар: Фонетика, алфавит, дауысты дыбыстар, дауыссыз дыбыстар, қазақ жазуы, Астана, Қазақстан

Сабақтың жоспары:

1. Фонетика туралы ұғым

2. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар жүйесі

3. Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар жүйесі

4. Қазақ тіліне тән дыбыстар

5. Қазақ алфавиті

6. Астана - Қазақстанның бас қаласы

1. Фонетика (гректің phonetikos - «дыбыс» деген сөзінен алынған) - тіл ғылымының тілдегі дыбыстық жүйесін зерттейтін саласы. Ол тіл дыбыстарын, екпін мен буынды, олардың құрамын, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтарын зерттейді.

2. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар жүйесі

Сөз дыбыстардан құралады. Бірақ дыбыс болған жердің бәрі сөз болып қалыптаса бермейді. Дауысты дыбыстар дегеніміз - ауа өкпеден кедергісіз шығып, үннен тұратын дыбыстар. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың жасалуы сөйлеу мүшелерінің қатысына қарай: жуан және жіңішке, ашық және қысаң, еріндік және езулік дауысты дыбыстар болып алты топқа бөлінеді.

Дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке болып бөлінуі тілдің қатысына байланысты болады. Жуан дауыстылар дегеніміз - тілдің ұшы кейін тартылып, үсті дөңестену арқылы жасалған дауысты дыбыстар. Оларды кейде тіл арты дауысты дыбыстар деп те атайды. Жуан дауыстыларға: а, о, ұ, у, ы дыбыстары жатады. Жіңішке дауыстылар дегеніміз - тілдің ұшы ілгері қарай созылып жатуы арқылы жасалған дауысты дыбыстар. Оларды кейде тіл алды дауысты дыбыстар деп те атайды. Жіңішке дауыстыларға: ә, ө, ү, і, е, э, у дыбыстары жатады.

Дауысты дыбыстардың ашық және қысаң болып бөлінуі жақтың ашылу қалпына байланысты болады. Ашық дауыстылар дегеніміз - жақтың кең ашылуы арқылы жасалған дауысты дыбыстар.

Ашық дауыстыларға: а, ә, о, ө, е дыбыстары жатады. Қысаң дауыстылар дегеніміз - жақтың тар ашылу арқылы жасалған дауысты дыбыстар. Қысаң дауыстыларға: ы, і, и, у, ұ, ү дыбыстары жатады.

Жасалу жолындағы ерін мен езудің қатысына қарай дауысты дыбыстар еріндік және езулік болып бөлінеді. Еріндік дауыстылар дегеніміз - еріннің дөңгеленіп алға қарай созылуы арқылы жасалған дауысты дыбыстар. Еріндік дауыстыларға: о, ө, у, ұ, ү дыбыстары жатады. Ал езулік дауыстылар дегеніміз - езудің кейін тартылуы арқылы жасалған дауысты дыбыстар. Езулік дауыстыларға: а, ә, е, э, ы, і, и дыбыстары жатады.

Сонымен, дауысты дыбыстар жүйесінің кестесі

Еріннің қатысына қарай : Еріндік (О, Ө, У, Ұ, Ү) , Езулік (А, Ә, Э, Ы, I),

Иектің, жақтың қатысына қарай: Ашық( А, Ә, Э, О, Ө, Е ), Қысаң ( У, Ұ, Ү, Ы, I, И ), Тілдің қатысына қарай Жуан ( А, О, Ы, И, Ұ, У), Жіңішке (Ә, Ө, I, И, Е, Ү, У) деп сараланады

3 Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар жүйесі

Дауыссыз дыбыстар дегеніміз - өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырап шығуынан жасалатын дыбыстар. Дауыссыз дыбыстар үн мен салдырдың қатысына қарай катаң, ұяң, үнді болып үш топқа бөлінеді. Салдырдан жасалған дауыссыз дыбыстарды қатаң дауыссыздар деп атаймыз. Қатаң дауыссыздарға: п, ф, к, қ, т, с, ш, щ, ч, х, ц дыбыстары жатады. Үн мен салдырдың қатысы арқылы жасалған дауыссыз дыбыстарды ұяң дауыссыздар деп атаймыз. Бұларда үннен салдыр басым болады. Ұяң дауыссыздарға: б, в, г, ғ, д, ж, з, һ дыбыстары жатады. Қатаң мен ұяң дауыссыздардың бірімен-бірі жұп құрайтындары бар. Мұндай жұп болып келетін қатаң - ұяң дауыссыздарға: б-п, в-ф, г-к, ғ-қ, д-т, ж-ш, з-с дыбыстары жатады. Үн мен салдырдың қатысынан жасалып, бірақ салдырдан үн басым болатын дыбыстарды үнді дыбыстар деп атаймыз. Үнді дыбыстарға: л, м, н, ң, р, й, у дыбыстары жатады.

4. Қазақ тіліне тән дыбыстар

Қазақ тіліне тән дыбыстардың саны - 9. Олар: Ә, І, Ө, Ұ, Ү, Қ, Ғ, Ң, Һ .

Ә - жіңішке, ашық, езулік дауысты дыбыс. «А» дыбысының жіңішке түрі. Оның дыбысталуы ағылшын тіліндегі [ æ ] дыбысының дыбысталуына ұқсас, мысалы, mар [ mæр ] - карта деген сөзіндегідей. Бұл дыбыс сөздің кез-келген жерінде кездеседі: басында, ортасында және соңында. Мысалы: ә же, д ә птер, кін ә .

І - жіңішке, қысаң, езулік дауысты дыбыс. «Ы» дыбысының жіңішке түрі. Тез, қысқа және анық айтылады. «Біз» немесе «кім» сияқты сөздерінде тіпті айтылмайды десе де болады. Бұл дыбыс сөздің кез-келген жерінде кездеседі: басында, ортасында және соңында. Мысалы: і с, ер і н, кіс і .

Ө - жіңішке, ашық, еріндік дауысты дыбыс. «О» дыбысының жіңішке түрі. Дыбысталуы орыс тіліндегі «Ё» дыбысына ұқсас, «лётчик», «тётя» сөздерінде сияқты. Бұл дыбыс сөздің басында және ортасында ғана кездеседі. Мысалы: ө лең, к ө л.

Ұ - жуан, қысаң, еріндік дауысты дыбыс. Ол жуан және қысқа айтылады. Орыс тілінде мұндай дыбыс жоқ, дегенмен ол «О» мен «У» дыбыстарына ұқсас. Бұл дыбыс сөздің басында және ортасында ғана кездеседі. Мысалы: ұн, жұлдыз

Ү - жіңішке, қысаң, еріндік дауысты дыбыс. «Ұ» дыбысының жіңішке түрі. Жіңішке және қысқа айтылады. Бұл дыбысты айтқанда ерін ілгері қарай созылады. Бұл дыбыс сөздің басында және ортасында ғана кездеседі. Мысалы: ү й, г ү л.

Қ - қатаң дауыссыз дыбыс. Оның дыбысталуы орыс тіліндегі «X» дыбысына ұқсас. «Қ» дыбысы жуан дауысты дыбыстармен ғана қолданылады. Бұл дыбыс сөздің кез-келген жерінде кездеседі: басында, ортасында және соңында. Мысалы: қ а қ па қ .

Ғ - ұяң дауыссыз дыбыс. Оның артикуляциясы «Қ» дыбысының артикуляциясына ұқсас. «Ғ» дыбысы жуан дауысты дыбыстармен ғана қолданылады. Бұл дыбыс сөздің басында және ортасында ғана кездеседі. Мысалы: ғ алым, а ғ а.

Ң - үнді дауысты дыбыс. Орыс тілінде мұндай дыбыс жоқ. Оған ұқсас дыбыс ағылшын тілінде бар «to sing» - ән айту және «long» - ұзын сияқты сөздерде. Сөздің ортасында және соңында кездеседі. Мысалы: ерте ң , же ң іл.

һ - бұл дыбысы бар сөздер қазақ тілінде аз. Көбінесе бұл дыбыс одағайлар мен шығыс тілдерінен енген сөздерде кездеседі. Мысалы: а һ , у һ , қа һ арман, айда һ ар, Гау һ ар.

5. Қазақ алфавиті

Дыбысты белгілеу үшін қабылданған шартты белгіні әріп дейміз. Дыбысты айтуға, құлақпен естуге болады. Ал әріпті көруге, жазуға болады. Қазір дүние жүзінде көп тараған жазудың түрлері - латын, орыс, араб, қытай (иероглифтер) жазуы үлгісінде жасалған таңбалар. Сөздер жазу жүйесіндегі белгілі бір тәртіппен тізілген әріптер жиынтығын алфавит деп атайды («алфавит» сөзі грек алфавитінің алғашқы әріп атауларынан пайда болған: «альфа» және «бета») .

Қазіргі қазақ алфавитінде 42 әріп бар: 33 орыс тіліне ортақ және 9 қазақ тіліне тән дыбыстар берілген (ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і, һ) .

ТАПСЫРМАЛАР

№ 1-жаттығу. Мәтінді оқып, аударыңыз. Мазмұнын қазақша айтып беріңіз.

Қазақ жазуы туралы

Қазақ тілі өзінің тарихи даму жолында жазудың бірнеше түрін пайдаланған. Қазақ рулары туысқан түркі халықтарына тең ортақ Орхон-Енисей, Талас және көне ұйғыр жазуларын ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда қолданған. Бұл жазу тасқа қашалған жазу ескерткіштерінде ғана сақталып қалған.

Мұсылман дінін қабылдаған қазақ рулары араб жазуын пайдалануға көшті. Араб тілінде үш-ақ дауысты дыбыстың таңбасы болса, қазақ тілінде тоғыз дауысты дыбыс бар екені белгілі. Осы қиындықты ескеріп, 1924 жылы араб әріптеріне Ахмет Байтұрсынов ұсынған реформа жасалды. Жаңа араб жазуына негізделген алфавитті «жәдид» (жаңа) деп атап, оны қазақ елі 1929 жылға дейін қолданып келді.

Ал 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын әрпімен жазылған қазақ алфавиті пайдаланылды. Бұл алфавиттердің қайта-қайта өзгеруі сол кездегі тотолитарлық жүйенің саясатынан туған. Қазақ халқы араб әрпімен қалса, дін уағыздалып, ел ішіне кеңінен таралады деп есептеген.

Кеңес үкіметінің тұсында қазақ тіліне орыс сөздері орынды-орынсыз кеңінен енгізілді. Ал бұларды латын әрпімен белгілеу тағы да қиындық келтірді. Сол себептен 1940 жылы қазақ алфавиті орыс графикасына көшіріліп, осы бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді.

№ 2-жаттығу. Берілген сөздерді алфавит ретімен жазыңыз. Осы сөздерді қатыстырып «Ақтау қаласы» тақырыбында шағын әңгіме құрастырыңыз.

Облыс, қала, жол, көлік, дүкен, театр, шағын аудан, үй, ғимарат, теңіз, әуежай, Ақтау, Маңғыстау, кішкентай, мұнай, газ, өндіріс, оқу орындары, сауда, шөлдала, тау, ыстық, жел, климат, ауа-райы, әкім, университет, колледж, мектеп, балабақша, халық, ұлт.

№ 3-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқып, жаттаңыз. Өлең мәтініндегі зат есімдерді теріп, алфавит ретімен жазыңыз және олармен сөйлем құрастырыңыз.

Қазақстан

Арыстандай айбаттым,

Жолбарыстай қайраттым,

Аспандаған байрақтым,

Қанша жұлдыз жайнаттың,

Қанша бұлбұл сайраттың,

Қазақстан, ардақтым!

Әрбір тасы - киелім,

Әр уығы - жүйелім,

Ән кернеген жүрегін,

Күй кернеген тиегін,

Сары алтыннан сүйегің,

Қазақстан - жыр елім!

Шаңырағың - шырағым,

Топырағың - тұмарым,

Ғаламда жоқ сыңарың,

Ғажайыбым, жұмағым,

Басы таза бұлағым,

Басылмайтын құмарым,

Қазақстан - қыраным!

№ 4-жаттығу. Мәтінді оқып, орыс тіліне аударыңыз. Мәтін ішіндегі дауыссыз дыбыстардың түрлерін (қатаң, ұяң, үнді) ажыратыңыз.

Ұстаз лекциясында

Қоңырау соғылды. Аудиторияға қазақтың ұлы жазушысы, академик, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өзі кіріп келе жатты. Бәріміз уәделескендей, біз орнымыздан қалай тұрғанымызды, ол кіргенде бір кісідей қол шапалақтағанымызды өзіміз де аңғармаппыз. Мұқаң басын сәл иіп, кафедраға қарай жүріп бара жатты. Алғаш сәл бөгелгендей болды. Әйтеуір жүзі бал-бұл жанып, бізге риза көңіл білдіріп, залдың төріндегі столға келді де, оқитын лекциясын бастап жүре берді. Біз қазақ ауыз әдебиеті деген мұхитта Ұлы Әуезовпен бірге Арман кемесіне мініп ап, алысқа қарай тарта жөнелдік.

№ 5-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқып, жатта. Өлеңнен Ы, І әріптері бар зат есімдерді теріп жазыңыз, осы сөздермен сөйлем құрастырыңыз.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ -

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой -

Бес асыл іс, көнсеңіз.

(Абай)

№ 6-жаттығу. Көп нүктенің орнына Ы-І әріптерінің тиістісін жазыңыз. Мәтінді аударыңыз.

Қазақстан Республикасының Елтаңбасы

Б . . . зд . . . ң Елтаңбам . . . з - шеңбер . . . ш . . . нде. Шеңбер мағ. . нас . . . - т . . . рш . . . л . . . к, шекс . . . з өм . . . р дегенд . . . б . . . лд . . . ред . . . Елтаңбадағ . . . ең нег . . . зг . . . белг . . . - шаң . . . рақ. Шаң . . . рақ - үй, Отан деген ұғ . . . мд . . . б . . . лд . . . ред . . . Қазақ халқ . . . нда «Отан отбас . . . нан басталад . . . » деген мақал бар. Отбас . . . - шаң . . . рақ, с . . . зд . . . ң үй . . . ң . . . з. Шаң . . . рақ - қазақ ел . . . н . . . ң белг . . . с . . . , рәм . . . з . . .

Шаң . . . рақ әлемд . . . к геральдика тарих . . . нда тұңғ . . . ш рет пайдалан . . . л . . . п от . . . рған бейне. Шаң . . . рағ . . . бар елтаңба тарихта болған емес.

Елтаңба композицияс . . . нда - ай мүй . . . зд . . . , алт . . . н қанатт . . . п . . . рақ бар. Ұлтт . . . қ өрнек қазақ халқ . . . н . . . ң тұрм . . . с . . . мен өте байлан . . . ст . . . , ал ат, ж . . . лқ . . . , тұлпар - қазақ тұрм . . . с . . . н . . . ң нег . . . з . . . Елтаңбадағ . . . ең баст . . . белг . . . н . . . ң б . . . р . . . - бес бұр . . . шт . . . жұлд . . . з бен елд . . . ң ат . . . Елтаңбан . . . ң нег . . . зг . . . бояу . . . - алт . . . н түстес.

(«Қазақ елін . . . ң рәм . . . здері»)

№ 7-жаттығу. Көп нүктенің орнына У-Ұ-Ү әріптерінің тиістісін жазыңыз. Өзіңіз қалаған 10 сөзбен сөйлем құрастырыңыз.

Ай . . . ан, аққ . . . , аңқа . . . , ар . . . , а . . . ыз, әле . . . мет, ә . . . лет, ә . . . ежай, баста . . . ыш, ба . . . ырсақ, б . . . ын, б . . . ғы, б . . . зау, б . . . йрық, б . . . лб . . . л, б . . . рғышы, б . . . ркіт, б . . . ршік, г . . . лшоқ, г . . . іл, г . . . рсіл, ғ . . . лама, да . . . ыл, да . . . ыс, д . . . кен, той-д . . . ман, д . . . шпан, д . . . ние ж . . . зі, жаз . . . шы, жалға . . . , жаттығ . . . , жер . . . йық, ж . . . ма, ж . . . а, ж . . . зім, ж . . . рек, ж . . . мыртқа, ж . . . мыс, ж . . . лдегер, ж . . . мбақ, за . . . ыт, кер . . . ен, к . . . з, к . . . зетші, к . . . әлік, к . . . йе . . . бала, к . . . шік, к . . . рес, қ . . . рмет, қа . . . лы, қа . . . іп, қ . . . былыс, қ . . . ырдақ, қ . . . да, қ . . . ймақ, қ . . . мырсқа, қ . . . лпынай, мер . . . ерт, м . . . з, м . . . йіз, м . . . ғалім, м . . . лік, на . . . байхана, на . . . рыз, н . . . р, н . . . кте, оқ . . . лық, өмір с . . . ру, ра . . . ан, р . . . қсат, саңыра . . . қ . . . лақ, са . . . да, с . . . рет, с . . . хбат, с . . . л . . . , с . . . т, с . . . рақ, та . . . ық, тә . . . лік, т . . . ған-т . . . ысқан, т . . . лға, т . . . бір, т . . . йе, . . . ақыт, . . . әде, . . . лт, . . . лы, . . . стаз, . . . шқыш, . . . міт, . . . кімет, ш . . . ақ, ш . . . ғыл.

№ 8-жаттығу. У-Ұ-Ү әрпімен берілген сөздердің әрқайсысымен тіркесіп келетін зат есім сөздерін тауып, оларды берілген үлгі бойынша жазыңыз.

Үлгі : Уайымшыл адам, ұлан-байтақ жеріміз, үздік оқушы . . .

Уайымшыл, уақ, уақытша, улы, ұлан-байтақ, ұзын, ұлттық, ұлы, ұмытшақ, ұялы, үздік, үйленген, үлгілі, үндес, үлкен, үшінші.

№ 10-жаттығу. Мәтінді оқып, аударыңыз. У дыбысы бар сөздерді жазып, ондағы У дыбысының дауысты-дауыссыз дыбыс болуын түсіндіріңіз.

Қазақстан Республикасының Әнұраны

Мемлекеттік Әнұран - тәуелсіздік пен егемендіктің музыкалық рәмізі. Мемлекеттік Әнұран әр елде бар. Әнұран - мемлекеттің бірлік белгісі ретінде қабылданған салтанатты ұран өлең. Әнұран қоғамдасуға үндейтін, бірлескен іс-қимылға шақыратын, сана-сезімге психологиялық әсер ету жолымен жігерлендіруге , рухтандыруға бағытталады. Елдің намысын оятып, елдікке, бірлікке, еркіндікке шақыратын үндеу , ортақ қимыл-әрекетке шақыратын дабыл.

Қазақ халқының тарихында ол әртүрлі болған. Соғыс кезінде, жауға қарсы күресте батырлар атын да ұран ретінде қолданған, аруақты аталар мен аналардың атына құрылған ұрандар да болған. Өте көп тараған, барлық қазаққа ортақ ұран - «Алаш» сөзі болған, сондай-ақ « Аруақ » сөзі де ортақ ұран болған.

Қазақстан Республикасының қазіргі Әнұранының сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Әнұранның музыкасын жазған: Шәмші Қалдаяқов.

№ 11-жаттығу. Көп нүктенің орнына Г-Ғ әріптерінің тиістісін қойып, берілген сөздермен «Менің отбасым» тақырыбында шағын әңгіме жазыңыз.

Ата, әже, әке, шеше, а . . . а, жең . . . е, апа, жезде, қарындас, күйеу бала, іні, келін, на . . . ашы, жо . . . ары білімді, мұ . . . алім, . . . алым, заң . . . ер, дәрі . . . ер, е . . . де адам, а . . . айын-тума.

№ 12-жаттығу. Көп нүктенің орнына Н-Ң әріптерінің тиістісін қойып жазыңыз. Берілген сөздермен «Біздің университет» тақырыбында шағын әңгіме құрастырыңыз.

У . . . иверситет, и . . . ститут, дека . . . ат, факультет, мама . . . дық, кітапха . . . а, оқулық, дәрісха . . . а, ко . . . спект, дәптер, қалам, қары . . . даш, ә . . . гіме, ә . . . , бая . . . дама, бізді . . . топ, бірі . . . ші курс, дайы . . . дық, асха . . . а, де . . . е шы . . . ықтыру, зертха . . . а, де . . . гей, жа . . . а тақырып, же . . . іс, жи . . . алыс, за . . . гер, за . . . , зама . . . , ке . . . ес, кәсіпоры . . . , кү . . . делік, кө . . . іл-күй, мұ . . . айшы, эко . . . омист, қо . . . ырау, мәде . . . иет, мә . . . ерлеп оқу, . . . ұсқау, ойы . . . , студе . . . т.

№ 13-жаттығу. Көп нүктенің орнына Х-Һ әріптерінің тиістісін жазыңыз, Һ әрпімен жазылған сөздердің мағыналарын түсіндіріңіз, олармен сөйлем құрастырып жазыңыз.

Айда . . . ар, а . . . уал, ба . . . адүр, баспа . . . ана, гау . . . ар, жа . . . ан, жи . . . аз, жедел . . . ат, қа . . . ар, қа . . . арлы, қа . . . арман, қол . . . ат, мұ . . . ит, ра . . . мет, сұ . . . бат.

№ 14- жаттығу. Көп нүктенің орнына К-Қ әріптерінің тиістісін қойып жазыңыз. Мәтін мазмұнын толық біліңіз.

Астана - Қазақстанның бас қаласы

Қазақстан Республикасының бас қаласы - Астана. Ол - бұрынғы Ақмола қаласы. Қала 1824 жылы салынған. Тың және тыңайған жерлерді игеру құрметіне Ақмоланың аты 1961 жылы 24 сәуірден бастап Целиноград деп аталды. Қазақстан Республикасының астанасы - ең алғашында Орынбор қаласы, сонан кейін Қызылорда, 1929-1997 жж. аралығында Алматы қаласы болды. 1997 жылдың 16 желтоқсанынан бастап, Қазақстанның астанасы Ақмолаға көшірілді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1997 жылдың 16 желтоқсанын бастап Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы болып жарияланды.

Ал Президенттің 1998 жылдың 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қазақстан Республикасының өмірінде бұл - төртінші астана. Астана қаласының тұсаукесер тойы 1998 жылы 10 маусымында салтанатты түрде аталып өтті. Бұл той құрметіне 20 теңгелік металл ақша шығарылды. Той күндері «Бас қала - Астана балалар көзімен» деген тақырыпта асфальтқа сурет салу конкурсы, «Таңғажайып әлем» атты балалар мерекесі, балалар көркем өнерпаздарының концерті өткізілді. Республика Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Жаңа астана - тарихи оқиға. Бұл - елдің өз тәуелсіздігін алып, көк байрағын көтергенмен бірдей қуаныш», - деді. Астананың Ақмолаға көшірілуіне бірнеше себептер болды. Олар: Алматының қиын экологиялық жағдайы, зілзала, сел қауіптері т. б. 1998 жылдың 10 шілдесінде өткен Қазақстан Республикасының астанасының тұсаукесер тойынан бері Астана - егеменді Қазақстан мемлекетінің астанасы болып саналады. Астана - ХХ ғасырдың ең жас астанасы ретінде тарихқа енді. Астанамыздың өсіп-өнгені жақсы, қай ел болмасын, бірінші әсер оның астанасын көргенге байланысты болады.

Мәтін бойынша пысықтау сұрақтары:

  1. Астана қаласының бұрынғы атауы?
  2. Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы болып қашан жарияланды?
  3. Ақмола қаласының аты Астана болып қашан өзгертілді?
  4. Астана қаласының тұсаукесер тойы салтанатты түрде қашан аталып өтті?
  5. Той күндері қандай конкурстар мен балалар мерекесі өткізілді?
  6. Астананың Ақмолаға көшірілуіне негіз болған бірнеше себептерді атаңыз.
  7. Қазақстан Республикасының алғашқы астаналары болған қалаларды атаңыз.

Өтілген материал бойынша тест сұрақтары:

1. Қазақ рулары араб жазуын қашаннан бастап пайдаланған?

А. Маусым жарлығынан кейін

Ә. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін

Б. Мұсылман дінін қабылдағаннан кейін

В. Ұлт-азаттық көтерілістен кейін

2. Араб тілінде дауысты дыбыстың қанша таңбасы бар?

А. 9

Ә. 6

Б. 3

В. 5

3. Қазақ елі 1929 жылға дейін қандай алфавит қолданып келді?

А. шағатай

Ә. латын

Б. төте жазу

В. араб

4. Қазақ елі 1940 жылға дейін қандай алфавит қолданып келді?

А. араб

Ә. шағатай

Б. төте жазу

В. Латын

5. Қай ақынның өлеңі?

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

А. Ахмет

Ә. Мағжан

Б. Шәкәрім

В. Абай


Ұқсас жұмыстар
Тән дыбыстарды қайталау
Суреттер аялдамасы
Дауысты дыбыстардан өткенді қайталау
Менің педагогикалық психологиям
Дауыссыз дыбыстар, түрлері
Фонетика тест сұрақтары
Езулік дауыстыны тап
Сурет саламын. Қайталау
Тіл дыбыстары сөйлейді
Нәтиже сабақ. Сабақтар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz