Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Көрнекілік қағидасы

Дәріс№ 4. Кәсіптік оқыту жүйесіне қолданылатын жалпы дидактикалық ұстанымдары (қағидалары)
Мақсаты: Кәсіптік оқыту жүйесіне қолданылатын жалпы дидактикалық қағидаларды сипаттау.
Жоспары:
1. Негізге алынатын және жалпыдидактикалық қағидалар туралы түсінік.
Еңбекке және кәсіптік оқытуда негізге алынатын қағидалар (оқу мен өнімді еңбектің байланысы, политехникалық, кәсіпке бағдарлау, жасампаздық, шығармашылық) және олардың кәсіптік оқыту іс-әрекеттерде жүзеге асуы.
2. Жалпы дидактикалық қағидаларының кәсіптік оқыту үдерісінде қолданылу ерекшеліктері.
3. Оқыту қағидаларын анықтау тәсілдеріне, педагогикалық қағидалар функцияларына талдау жасау, олардың оқыту үдерісіндегі орны.
Кәсіптік оқыту қағидаларына деңгейлі талдау жасау және оқыту үдерісін ұйымдастыру.
1. Парадигмалар мен принциптер. Өзіндік таным принциптері. Шығармашылық байланыс принциптері.
Көрнекілігі: оқу құралдары, буклеттер, әдістемелік нұсқалар, кестелер.
Пәнаралық байланыс: <<Кәсіби педагогика>>, <<Педагогика>>.
Дәрісті өткізу формасы: Проблемалық оқыту, визуальды, бинарлы лекция.
Тірек ұғымдар: <<қағида>>, <<ереже>>, <<арнайы қағидалар>>
Пайдаланылған әдебиеттер
Негізгі әдебиеттер
1. Жолдасбекова С.А., Узахова А.С., Байбатшаева А.Е. Кәсіптік оқыту әдістемесі. (қыздар үшін) 5В012000 - Кәсіптік оқыту мамандығы студенттеріне арналған оқу құралы. Шымкент. М.Әуезов атындағы ОҚМУ. 2016 ж- 125 б.
2. Камалов Ю.Н. Кәсіптік оқыту әдістемесі. (Ұл балдар) 5В012000 - Кәсіптік оқыту мамандығы студенттеріне арналған оқу құралы. Шымкент. М.Әуезов атындағы ОҚМУ. 2014 ж - 125 б.
Қосымша әдебиеттер
1. Сыздықов О., Пошаев Д.Қ., Ортаев Б.Т. <<Технология>> пәнін оқыту әдістемесі. 5В012000-Кәсіптік оқыту мамандығына арналған оқу құралы. - Алматы: Нұрлы әлем, 2010.-394б.
2. Өстеміров К. Кәсіпке оқыту әдістемесі. ЖОО студенттеріне арналған оқу құралы. А.: 2005. - 225 б

1. Негізге алынатын және жалпыдидактикалық қағидалар туралы түсінік. Дидактика - оқыту, жалпы оқыту, кәсіптік білім беруді зерттейді. Педагогикалық зерттеулерде қағидаларды келесі құрылымда көрсетеді: оқытудың қағидалары (білімгерлердің әртүрлі іс-әрекеттерін қамтамасыз етеді), оқытудың мазмұны мен әдістерін іріктеу қағидалары (дидактикалық қағидалар, олардың мәні, бағыттылығы). Сондықтан да, оқыту қағидалары дидактикалық қағидалары негізінде қарастырылады. Сонымен қатар қағида дегеніміз - негіз, көзқарас, пікір деген ұғымдарды білдіреді. Қандай болмасын ілімнің, ғылыми көзқарастың негізгі басы, алғашқы жағдайы болады. Оқыту қағидалары - оқытудағы пікір, көзқарас.
Жасөспірімдерді тәрбиелеу және оқыту мақсатына сәйкес оқытудың сипатын айқындайтын негізгі басшылық ережелер. Қағида/принцип (латын сөзі) - басшылыққа алатын пікір, негізгі талап, қағида. Дидактикалық қағидалар - оқытудың мазмұнын, ұйымдастыру түрлерін, әдістерін оқытудың мақсаты мен заңдылықтарына сай анықтайтын қағидалар жүйесі. Оқыту қағидалары дидактиканың категорияларына жатады. Олар оқыту заңдарын және заңдылықтарын пайдалану әдістерін сипаттайды. Дидактика тарихында зерттеушілер оқыту қағидаларын, негізгі қағидаларды белгілеуге көп күш салды.
Дидактикалық қағидалар нақтылы тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты. Қоғамның оқытуға қойылатын талаптары өзгеріп отырғандықтан, кейбір қағидалар секіріп (табиғатқа сәйкестік, саясаттық), кейбіреулері жаңадан пайда болады (кіріктіру, ізгілендіру). Кейбір ғалымдар оқыту қағидаларының санын қысқартуды ұсынса, басқалары, керісінше, кеңейтуді ұсынып келеді. Заманауи қағидалар оқу үдерісінің барлық құрамдас бөліктеріне (логикасына, мақсатына, міндеттеріне, мазмұнын қалыптастыруға, түрлері мен
әдістерін таңдауға, ынталандыруға, нәтижелерді жоспарлау мен талдауға) өз талаптарын ұсынады.
Кез келген оқытушы дидактиканың қағидаларын басшылыққа ала отырып оқытудың мазмұнын, амал-тәсілдерін және ұйымдастыру формаларын таңдап, шәкірттерін жоғары нәтижелерге жеткізуі шарт. Оқытушы дидактикалық қағидалары дұрыс таңдаса, оқытуды дұрыс ұйымдастырса сабақ тиімді және нәтижелі болары даусыз. Білімгерлердің қол жеткізген білімділік деңгейі және олардың танымдық бағыты ескеріле отырып, кәсіптік білім беру жүйесінің тұлғалық бағдар беруге бейімделуін басты сұрақтардың бірі деп есептеуге болады. Тұлғаға бағдарлану қағиданы білімгерлердің кәсіпке деген қызғушылығын арттыру, кәсіби қабілеттерін қалыптастыру, логикалық ойларын дамыту арқылы орындалады. Бұл аталған міндеттердің оң шешімін табу үшін білімгерлерді дамыта оқыту әдістемесін ұтымды игергенде ғана мүмкін болады. Оқыту мен дамудың өзара байланысы туралы мәселе өте ертеден зерттеле бастаған. Көрнекті психолог Л.С. Выготский өз кезегінде осы проблеманы шешу жолдарын талдай келе, баланы оқыту мен дамытудың өзара байланысының негізгі үш бағытын көрсете келе, дамыту оқытуға, ал оқыту өз кезегінде дамытуға ықпал етеді деген қорытынды жасайды. Бұл жерде оқыту жаңа құрылымдардың ескі құрылымдарға бойлай енуі ретінде түсініледі, сондықтан оқыту дамытудың соңына ілесіп қана қоймай, жаңа туындылар аша отырып, оның алдында болуы керек.
<<Дамыта оқыту>> терминіне әдіскерлер сақтықпен, үлкен жауапкершілікпен қарайды. Баланы дамыту психикалық, ал оны оқыту әдістемелік үдеріс. Демек, баланың психикалық дамуын психология ғылымы зерттейді және ол міндетті түрде психологиялық зерттеулер нәтижесіне сүйенеді. Дамыта оқыту қағидаларын жалпы және арнайы деп бөлуге болады.
Арнайы қағидалар жүйенің жекелеген элементтерімен қатысты болады.
Жалпы қағидалар білімгерді кәсіби дамытуға бағытталады.
Дидактикалық ережелер - оқыту қағидасын қолданудың жекелеген кандай да бір жағын ашуда басшылыққа алынатын ережелер. Мысалы, көрнекілік қағидасын іске асырудың бір ережесі: түрлі көрнекіліктерді қолдануға болады, бірақ олардың санын көбейтудің қажеті жоқ.
Кәсіптік оқытудың дидактикалық қағидаларының жүйелігі. Қағидалар - оқу-тәрбие үдерісін құруды, сабақ беру мен оқытудың бүкіл барысын айқындап, басшылыққа алатын қағидалар. Оқытып-үйретудің негіздеріне немесе оқытуды дидактикалық қағидаларына мыналар жатады: оқыту үдерісінің мақсаттылық қағидасы, оқытудың ғылымилық қағидаcы, түсініктілік қағидаcы, жүйелілік және бірізділік қағидасы, саналылық пен белсенділік қағидасы, саналылық пен белсенділік, көрнекілік қағидасы. Білімнің ғылымилық қағидасын осы заманғы техникалық білімгерлердің біліміне сүйене отырып, оқыту үдерісін ұйымдастыру деп түсіну керек. Жалпы тәрбиелеу үдерісінде оқытып-үйретудің сипаты еңбекке баулуға байланысты. Бұл шеберханалардағы сабақтарды білімгерлерге идеялық-саяси, адамгершілік, еңбек, дене, ақыл-ой, эстетикалық тәрбие беру міндеттерін кешенді түрде шешумен түсіндіріледі. Дамытып оқыту қағидасы жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуге оқышыларды ғылыми біліммен, сарамандық шеберлікпен және дағдымен жарақтандыруға олардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұған кәсіптік оқыту пәнін оқыту бағдарламасының мазмұны сәйкес келеді. Онда тігін бұйымдарын конструкциялау мен модельдеу, тігін мәдениетіндегі қарапайым ақауларды жөндеу, технологиялық нұсқау карталарымен жұмыс істеу және әр түрлі практикалық жұмыстарды орындау жөніндегі мектеп білімгерлерының дербес қызметтері көзделген.
Теорияны тәжірибемен байланыстыру қағидасы. Кәсіптік оқыту сабақтарының ерекшеліктері сол оларды таза күйінде теориялық және тәжірибелік деп бөлу мүмкін емес. Білімгерлерге теориялық деректер белгілі бір тәртіп бойынша беріледі; яғни бағдарламаның жаңа тақырыбын оқып, білгеннен кейін өткен материалды тәжірибемен бекіту, алынған білім негізінде білімгерлерде сарамандық шеберлік пен дағдыларды қалыптырастыру ісі ескерілуі тиіс. Технология сабақтарында теорияны тәжірибемен байланыстыру қағидасын іске асыруға қолайлы жағдайлар жасалған. Өйткені бүкіл теориялық материалдар білімгерлеріне тәжірибелік тапсырмаларды дұрыс орындау үшін беріледі. Технология сабақтарында білімгерлер теориялық материалды зерттеп қана қоймай сонымен бірге практикалық жұмыстарды да орындайды. Сабақ мақсатының айқындылығы оның ұйымдастырылуына, мазмұн көлеміне, білімгерлерді оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен құралдарын таңдауына да байланысты. Сабақ барысында бірнеше дидактикалық мәліметтердің біреуі басым келіп, ол бүкіл сабақтың барысына ықпал етуі мүмкін. Мысалы, тігін бұйымдарын модельдеуге арналған сабақтардың басты міндеті - білімгерлердің шығармашылық және конструкторлық қабілетін дамытуға олардың модельдерді жасауға өз бетінше шешім қабылдауға қолайлы жағдайлар жасау. Басқа қалған міндеттер қосалқы болуы мүмкін, дегенмен кейде осы қосалқы міндеттер сабақтың барысына ықпал ете алады.
Оқытушы сабақ өткізгенде, ол алдымен басты және қосалқы мақсаттарды айқындайды және сабақ барысында оған жету үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Тәрбие берудің мақсаты еңбекке сүйіспеншілікпен қарау, еңбек адамдарын құрметтеу, адамдардың еңбек нәтежиелеріне сыйластықпен қарау, материалдар мен тағам өнімдерін ұқыптылықпен және үнемді жұмсау, аспаптарға, құрал мен басқа да оқу заттарына ұқыпты қарау, эстетикалық талғамды, көпшілік ортасындағы мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу болып табылады. Сондай-ақ, сабақтар кәсіптің бағдарын анықтауды, адамдардың енбек қызметінің алуан түрлері және олардың өндірістің жалпы жүйесіндегі рөлімен танысуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сабақтың мақсатын - білімгерлерді материалды салыстыруға, талдау жасауға, қорытуға үйрету деп түсінуге болады. Мақсаттарды жүзеге асыру үшін білімгерлерге шығармашылық жобалар беріледі, соның нәтижесінде олар оқыту материалының ерекшелігін, мазмұнын, жүйелілігін және оқытуға қойылатын талаптарды айыра білу қабілетін дамытады. Оқытуға қойылатын талаптардың бастапқы белгілі жүйесінен оқыту үдерісінің бірнеше қағидалары туындайды. Соның бірі оқыту үдерісін ұйымдастыруда пайда болатын мақсатты қою қағидасы.
Оқыту үдерісінің мақсаттылық қағидасы. Әрбір сабаққа дайындалу үшін ең алдымен оның мақсаттары анықталады. Мақсатсыз сабақ жақсы нәтиже бермейді. Оқыту әдістерін, формаларын, сабақты өткізу түрлерін таңдап алу, оқыту үдерісінің мақсаттарына байланысты болады. Оқыту мен тәрбие жұмыстарын осындай мақсатпен ұйымдастыру оқытушы мен білімгерлердің іс-әрекеттерінің үнемі жоспарлы түрде өтуіне игі әсер етеді.
Оқытудың ғылымилық қағидаcы. Бұл қағида табиғат, қоғам, мәдениет, ойлау дамуының заңдылықтарын білуді талап етеді. Ғылымилық қағида оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жасағанда ескеріліп, оқыту үдерісінде жүзеге асырылады. Ғылымилық қағидасы білімгерлердің таным қабілетін дамытуға, дүниеге көзқарасының жоғары адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына әсер етеді. К.Д. Ушинскийдің айтуы бойынша, оқыту - бұл баланың байқағыштығының, ойының, тілінің, есінің, қиялының дамуы, баланы еңбекке, өмірге дайындау. Оқыту ғылыми ережелер мен теориялардың білімгерлердің көзқарасы мен сеніміне ұласуымен сипатталады. Оқыта отырып тәрбиелеу - бұл баланың өмірге, білімге қатысы, ақыл-ойының қабілеттілігі, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы. Сонымен, білім беру, тәрбие оқытудың бірыңғай үдерісінде іске асырылады. Бұл үш категория бірін-бірі өзара нығайтады, толықтырады.
Түсініктілік қағидаcы. Түсініктілік қағидасы оқытуды білімгерлердің дайындық деңгейіне сай ұйымдастыруды талап етеді. Сонымен бірге, білімгерлерге тапсырма <<ең таяу даму зонасына>> сәйкес берілуі тиіс, яғни тапсырманы оқытушының басшылығымен терең ойлап орындауды білімгерлерден талап ету керек. Егер тапсырма аса ауыр болса, онда білімгерлердің ықыласы төмендейді, сенімі кетеді, күшіне зиян келеді.
Түсініктілік қағидасынан оқыту ережелері туады. Мысалы:
1. Жеңілден қиынға көшу. Бұдан білімгерлерді таным іс-әрекетіне бірте-бірте үйрету, яғни нақты фактілерден жалпы қорытындыға көшу ұғымы туады. Дара фактілерді жинақтау негізінде жеке нәрседен жалпы қорытындыға көшуді индуктивті жол деп атайды. 2. Қарапайымдылықтан күрделілікке көшу. Мәселен, білімгерлерге бұйым дайындауды түсіндіру үшін, алдымен көрінісі қарапайым бұйымды әзірлеуді таныстыру қажет. 3. Белгіліден белгісізге көшу деп білімгерлердің өткен сабақтан алған біліміне сәйкес жаңа сабақ материалын меңгеруін, яғни өткен сабақ үстінде білімді терең түсініп, игеруін айтады.
Жүйелілік және бірізділік қағидасы. Оқыту үдерісінде оқу бағдарламалары мен тақырыптық жоспарда көрсетілген тақырыптар бойынша теориялық және практикалық мәселелер бірізділікпен белгіленеді. Жүйелілік және бірізділік қағидасы оқыту үдерісінде балаларды үнемі өз бетімен жұмыс істеуге (сабақ үстінде, үйде кітаппен, зертханаларда, шеберханаларда және тағы басқа), сонымен бірге балалардың білімін жүйелі түрде тексеріп отырып есебін алып отыруда, оларды күнделікті сабақтарға дайындықпен келуге де үйретеді. Бұл қағида жалпы пәндерді оқыту жүйесінде де қолданылады.
Саналылық пен белсенділік қағидасы. Саналылық пен белсенділік дегеніміз білімді саналылық және белсенділікпен қабылдап, оның өмір және практикамен байланысын тереңдету, оқылатын фактілер мен құбылыстардың мәнін түсіну болады. Сабақ үстінде берілген тапсырмаларды білімгерлердің саналылық пен орындауы, олардың белсенділігін арттырады. Әрбір іс-әрекетін орындауда білімгерлер оның теориялық және практикалық мәніне терең түсінуі қажет.
Мысалы: Технология сабақтарында білімгерлердің ережелерді теория тұрғысынан терең ұғыну қажет болса, практикалық іс - әрекет арысында іскерлік пен дағдыны саналылықпен игеруін көрсетеді. Бұл әрекет болашақ мұғалімдердің біліктілік сипатын құрайды (сурет 1).

Сурет 1. Білімнің өмір практикасымен байланысы
Ауыл шаруашылық дақылдарын өсірудің теориясын жете түсінумен бірге, оларды қалай өсіруді практикалық тәсілдерін шәкірттер жақсы білуі қажет. Білімгерлердің дүние танымын тереңдетуге, белсенділік сезімін оятуға ғылыми-техникалық даму кезеңіндегі оқутудың жаңа үдемелі әдістері мен формалары ықпал жасайды. Сонымен бірге, саналылық және белсенділік қағидасын іске асыруда оқытушы мен шәкірттердің бірлесіп істейтін шығармашылық жұмыстары да игі әсер етеді.
Көрнекілік қағидасы. Көрнекілік қағидасын алғаш зерттеп, оған мәнді үлес қосқан Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский тағы басқа. Осы қағида негізінде Я.А. Коменский алғашқы оқытудың әдістемесін жазды. К.Д. Ушинский көрнекілік жайындағы ілімді дамыта келіп, көрнекілік балалардың психологиялық ерекшеліктеріне жауап береді, балалар заттар-
дың пішіні, дыбысы, бояуы арқылы ойлайды деді. Оқыту үдерісінде сөз бен іс, теория мен практика өзара байланысты болады. Әр түрлі көрнекілікті қолданудың нәтижесінде сабақ әрі түсінікті, әрі қызықты болып өтеді. Мысалы, жоғары сыныптарда сабақты демонстрациялап өткізу өте тиімді және нәтижелі болады. Көрнекілік абстракты ұғымды игеруге әсер етеді. Сонымен, көрнекілік қағидасын оқыту материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді терең оқытуда, берік есте сақтауда алатын орны ерекше. Соған сәйкес көрнекіліктердің келесі түрлері қолданылады:
Табиғи көрнекілікке табиғи түрдегі бұйымдар жатады: қыздар үшін тігін машиналары, тігіп әзірленген бұйымдар т.с.с.
Заттармен бейнелеу көрнекілігі: муляж, геометриялық фигура, макет, портреттер, мүсін үлгілері және тағы басқа.
Символикалық көрнекілікке схемалар, диаграммалар, тақырыптық, графикалық кестелер жатады. Экранды-динамикалық көрнекілік шындық дүниені бейнелейді. Олар: диапозитивтер, интербелсенді тақталар, диафильмдер, оқу теледидары.
Дыбысты-технологиялық көрнекілікке радиоқабылдағыштар жатады. Көрнекі құралдар оқу материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді есте жақсы сақтау және жеңіл түсіну үшін қолданылады.
Оқыту үдерісінің бағыттылық қағидасы - жеке адамның әр жақты дамуына, оқыту мен тәрбие үйлесімділігіне ықпал жасайды. Кешенді ықпал жасау идеясы қоғамдық құрылыстың өз табиғатынан шығады, оқыту мен тәрбие жұмысы жүйесінің тұтас, мызғымас бірлігі.
Ақыл-ой, адамгершілік және еңбек тәрбиесін тығыз бірлікте қамтамасыз ету педагогикалық үдерістің бағыттылық қағидасының негізін құрайды. Адамның білімге, әртүрлі іс-әрекетіне сенімділігіне, сонымен бірге ақыл-ой тәрбиесі қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек үдерісінде дамиды. <<Еңбек білім беру мен қатар жүрмейінше, саяси және қоғамдық тәрбие мен қатар жүрмейінше, тербиелік пайда келтірмейді, бейтарап үдеріс болады>> - дейді А.С. Макаренко.
Оқыту үдерісінің басты идеясы - оқыту және тәрбиелеу жұмысында мақсаттың, міндеттердің, қағидалардың, заңдылықтардың мазмұны, әдістері мен формаларының бірлігі, тұтастығы және өзара байланыстылығы. Бұл идеяны іске асыру үшін ең алдымен ғылымның соңғы жетістіктеріне сәйкес әр түрлі жабдықтармен, оқыту машиналарымен, технологиялық құралдарымен, атап айтқанда, символикалық экранды-динамикалық дыбысты-техникалық құралдармен жабдықтау, оқыту және тәрбие үдерісінің сапасын және тиімділігін арттырады. Оқыту мен тәрбие үдерісінде моральдық-психологиялық жағдайдың да мәні өте зор. Сабақ үстінде, тәрбиелік шараларды өткізу үдерісінде тәрбиешілер мен білімгерлер арасындағы бір-біріне тілектестік, жанашырлық, қомқорлық және қиын жағдайларда өзара көмек іс-әрекетінің сапасына тиімді ықпал жасайды.
4. Парадигмалар мен принциптер. Өзіндік таным принциптері. Шығармашылық байланыс принциптері.
ТҰЛҒА ЭТИКАСЫ ЖӘНЕ МІНЕЗ ЭТИКАСЫ
Қабылдауды зерттеуден бөлек, АҚШ-та 1776 жылдан бері шыққан жетістікке арналған әдебиеттерді оқып шықтым. Өзіңді жетілдіру, танымдық психология, өз-өзіңе көмек беру тақырыптары бойынша жүздеген кітапты, мақала мен очерктерді ақтардым. Осылайша еркін әрі өмір салты демократияшыл авторлар өмірде нені жетістікке жетудің кілті санайтыны туралы жалпылама түсінік қалыптасты.
Жетістікке жетудің екі жүзжылдық тарихын оқи отыра, мынадай таңғаларлық жаңалық аштым. Өз отбасымыздағы жағдайды және осындай жағдаймен бетпе-бет келген, өзім талай рет көрген басқа да көптеген отбасының проблемаларын саралай келе байқағаным - соңғы елу жылдағы жетістікке жетуге арналған кітаптардың дені атүсті жазылған екен. Мұндай кітаптарда көбіне имидж қалыптастырудың техникасы, тез әсер ететін арнайы тәсілдер сипатталады. Олар кәдімгі <<әлеуметтік аспирин>> не <<пластырь>> тәрізді. Өткір, өзекті тұрған мәселені ғана шешеді. Осындай тәсілдердің арқасында кейбір проблемалар аз уақытқа өзектілігін жояды. Алайда асқынған дерт ошағы сол күйінде қалады. Уақыт өте қайта қозып, мазалай бастайды.
Керісінше, алғашқы жүз елу жыл бойы жазылған әдебиет осы айтылғандарға мүлдем кереғар. Осы аралықтағы кітаптың барлығы біз әдетте <<Жетістікке жету негізіндегі мінез этикасы>> деп атайтын тақырыпқа арналған. Бұл әдебиеттерде тұлғаның тұтастығы, қарапайымдығы, адалдығы, ұстамдылығы, азаматтығы, әділеттігі, төзімділігі, еңбексүйгіштігі, өмірсүйгіштігі тәрізді қасиеттерімен қоса, <<алтын ережеге>> бейілдігі нақты тиянақталған. Мұндай әдебиеттердің арасындағы ең мақтаулысы - Бенджамин Франклиннің өмірбаяны. Кітапта, негізінен, кейіпкердің нақты ұстанымдары мен дағдыларын қалыптастыру үшін өзін қалай тәрбиелегені туралы баяндалады.
Мінез этикасы тиімді өмір сүрудің негізгі принциптерінің бар екенін үйретеді. Адамның тек осы принциптерге сүйене отырып қана шынайы бақыт пен толайым табысқа жететінін көрсетеді.
<<Тұлға>> этикасы тәсілінің басқа бағыттары айқын манипуляция немесе өтірікке құрылған. Олар сізге амалын тауып, өзге адамға ұнауға немесе бөтен адамның ісіне жорта қызығушылық танытып, одан қажетті мәліметті біліп алуға түрткі болады. Өзіңе керек кезде қолыңдағы билікпен өзгелерді қорқытып-үркітіп, дегеніңе жетуге болатынын көрсетеді.
Кейде мұндай әдебиеттер табысқа жетудегі мінездің маңызын мойындайды. Алайда оны басты рөлге шығарып, катализатор ретінде емес, оқшау қарастырады. Бұл жағдайда мінез этикасын сылтаурату - жай шарттылық, бос сөз, шын мәнінде, тез ықпал ету тәсілдеріне, күш стратегиясына, адаммен сөйлесу мәнеріне, позитив ойлау қабілетіне мән береді.
Осы тұлға этикасын Сандра екеуіміз түпсана ықпалымен баламызға қолдануға тырысқан тактикаға негіз етіп алғанымызды ұғына бастадым. Тұлға этикасы мен мінез этикасының айырмашылығы жөнінде терең ойлана келе, балаларымыздың жақсы тәлімі мен тәртібі Сандра екеуіміздің тек әлеуметтік жағынан қанағаттануымыз үшін маңызды болғанын түсіндім. Кенже ұл біздің көңілімізден шықпады. Байқасақ, өзімізді мейірімді, қамқор ата-ана ретінде қабылдауымыз баламыз туралы ойымыздан басым болып кетіпті. Осы ойымыз оған қатты әсер еткен болуы керек. Біз баламыздың тағдырына алаңдаудың орнына, оның басындағы проблема туралы мазасызданып, қиындықты қалай жеңсек деп көбірек уайымдаппыз.
Осы жағдайды талқылаған соң, Сандра екеуіміз мынадай көңіл көншітпейтін қорытындыға келдік: мінезіміз бен мотивіміз, баламыз туралы түпкі ойымыз біздің әрекетімізге тікелей әсер етеді екен. Бізді алға жетелеген әлеуметтік мотивіміз ішкі құндылықтарымызбен қабыспағандықтан, ұлымызды шартты түрде жақсы көріп, оны өз қадір-қасиетін сезіне алмайтын жағдайға жеткізер едік. Сол себепті біз бүкіл назарымызды өзімізге, яғни өзіміздің мінез-құлқымызға емес, керісінше, өз баламызды қабылдаудағы ішкі уәжімізге аударамыз деп шештік. Баламызды өзгертуге тырысқанша, оған сырттай қарауға күш салдық. Оны өзімізден оқшау қарап, тұлғаның дара болмыс екенін мойындап, абырой-беделін бағалауға тырыстық.
Көп ойландық, дін мен дұғадан жігерлендік. Ақырында, ұлымыздың өздігінше бөлек, еркін, қайталанбас тұлға екенін мойындадық. Оның бойынан шексіз мүмкіндіктер көре бастадық. Ұққанымыз - соның бәрін баламыздың өмірлік ырғағына сай жетілдіру керек екен.
Білім - нені, не үшін жасайтыныңды анықтайтын теориялық парадигма. Икемділік қалай жасау керектігін түсіндіреді. Ал ниет - бұл мотивация: яғни жасағым келеді деп құлшыну. Белгілі бір дағдыны меңгергісі келетін адамға осы үш компонент қажет.
Егер мен қызметтестеріме, зайыбыма, балаларыма тек өз пікірімді тықпалап, олардың пікіріне құлақ аспасам, қарым-қатынасым тиімсіз деген сөз. Адамдар арасындағы қарым-қатынас принциптерін меңгермесем, бәлкім, басқаларды тыңдау қажет екенін білмей өтуім мүмкін.
Басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас орнату үшін олардың сөзін бөлмей тыңдау қажет екенін білсем де, мұқият, зейін қойып тыңдау қолымнан келеді деп айтпас едім.
Алайда тыңдаудың маңызды екенін мойындау және тыңдай білудің өзі аз. Мен қашан тыңдауға зауқым соқпайынша, яғни оған ықылас танытпайынша, білім мен икемділік дағдыға айналмайды. Дағдыға айналдыру үш бағытта қатар жұмыс істеуді қажет етеді.
Таным/болмыстың өзгеруі - ұласпалы процесс: болмыс танымды өзгертеді, ол өз кезегінде болмысты өзгертеді, солай спираль бойымен өсу жалғаса береді. Білім, икем мен ниетті жетілдіріп, көп жылдан бері қауіпсіздік белдеуіндей болған ескі парадигмаларды үзгенде ғана жеке бастың және тұлғааралық тиімділіктің жаңа өрісіне шыға аламын.
Сэр Уинстон Черчилль Ұлыбритания әскеріне қолбасшы болуға шақырылғанда, <<осы сәтті өмір бойы ширыға күттім>> деген екен. Дәл сол сияқты барлық дағдыларды қолдану тәжірибесі бізді синергияға жету дағдысына дайындайды.

Түсіне білген жанға, синергия - қалған дағдылардың бәрінің мүмкіндігі толық ашылатын, әрі нағыз сынға түсетін, ең жоғары тәртіптегі әрекет. Синергияның ең жоғарғы формасы біз өмірдің нағыз қиын сәттерімен бетпе-бет келгенде, адамның айрықша төрт қасиетін, <<Ұттым/Ұттым>> күйін және эмпатиялық коммуникация дағдыларын қатар жұмылдырады. Нәтижесі таңғаларлық. Біз бұрын-соңды болмаған жаңа баламаларды дүниеге әкелеміз.
Синергия - принциптерге сүйенген көшбасшылық. Оның мәні сондай-ақ ата-аналық міндеттерді адал атқару принципінде көрініс тапқан. Ол адамдардың бойындағы алапат күш-қуатты өршітіп, бір арнаға тоғыстырып, еркіне жібереді. Жоғарыда сипатталған дағдылардың барлығы бізді синергияның ғаламат күйіне бір қадам жақындата түседі.
Сонымен, синергия дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, бүтін мен оның бөлшектерінің қосындысынан да асып түседі дегенді білдіреді. Яғни олардың арасындағы байланыстың өзі осы бүтіннің бір бөлігі болып, оның үстіне басқаларына қарағанда, катализаторлық белсенділігі ерекше, айрықша ынталандырушы, біріктіруші және таңғажайып қалыпта көрінеді.
Солай бола тұра, синергияға қол жеткізудің жасампаз процесі арқылы тәуекелге бел буамыз, себебі сіз не боларын және оның қайда апарып тірерін нақты білмейсіз. Бұл жолда қандай қауіп-қатерлер күтіп тұрғанын алдын ала болжай алмайсыз. Түрлі оқиғаларға бас байлап, жаңалықтар мен жасампаздық рухына дайындықпен жолға шығу үшін өзіңізге сеніміңіз аса жоғары болуға тиіс. Өйткені сізге жайлы мекеніңізді тастап, мүлде жаңа да беймәлім әлемге қойып кетуге тура келетіні анық. Сіз ізашар, ізшіге айналасыз. Жаңа мүмкіндіктер, жаңа жерлер мен құрлықтар ашасыз, басқалар сіздің соңыңыздан ілеседі.

ОҚУ АУДИТОРИЯСЫНДАҒЫ СИНЕРГИЯ
Оқытушы ретінде мен мынадай қорытындыға келдім: нағыз ойдағыдай табысты сабақтар мен семинарлардың көбінде оқытушы мен студенттер хаос жарқабығының кемерінде қалт-құлт етіп тұрады. Синергия екі тарап тұтас дүние оның бөліктерінің қосындысынан көп дейтін қағидатты қабылдау үшін, шын мәнінде, ашық па, жоқ па - соны тексереді. Кейде оқытушы да, студенттер де нақты не болуы керек екенін біле қоймайтын кездер болады. Бәрі адамдар ашық болуға және бір-бірін танып, тыңдауға жетелейтін мамыражай ахуалдан өрістейді. Содан кейін ережесі бойынша сыни бағалау шығармашылыққа, қиялға және зияткерлік өзара іс-әрекетке ұласатын <<брейнсторминг>> басталады. Ғажайып сол кезде болады. Семинардың барысын бірден бағамдау қиын, бірақ қатысушылардың барлығы дерлік сезінетін жаңа серпіннен, тың идеядан және соны бағыттан туындайтын қуанышты құлшыныстың арқасында басқаша өрбиді. Бейне бір бүкіл топ бірауыздан ескі сценарийлерден бас тартып, жаңасын жазуға шешім қабылдағандай синергия пайда болады.

Мен университетте философия мен менеджмент стилі бойынша жүргізілген сабақтарды ешқашан ұмытпаймын. Семестр басталғанына үш апта өткен соң, студенттердің бірі жауап беру кезінде өте эмоциялы, терең күйзелісімен бөлісе бастады. Аудиторияның бұл кісіге құрметпен қарағаны, дәлірек айтқанда, оның жеке басын қадірлеп, батылдығын мойындағаны сезіліп тұрды. Осынау жалпыға тән сезім синергияның және шығармашылық талпыныстың нәрлі топырағына айналды. Айтылған әңгімеден әсерленген студенттер өзі байқаған дүниелерін, білген жаңалықтары мен күмәндарын айта бастады. Қалыпты әрі өзара сенімді ахуал мейлінше ашық болуға көмектесті. Үйде дайындаған тақырыпты талқылаудың орнына студенттер құрбыларының әңгімесіндегі мәліметке елең ете қалып, жоспарлы семинардың барысынан мүлде басқа жаңа сценарий түзуге кірісті.
Бұл мені де еліктіріп әкетті. Оның шығармашылық сиқырының әсері баурап алды. Өзімнің семинардың белгіленген құрылымынан біртіндеп алшақтап, мүлдем басқа қырына ауытқып бара жатқанымды сездім. Бұл - жай ғана қиялдың шарықтауы емес-ті; болып жатқан дүниеден, ескі ойлар мен жоспарлардан едәуір асып түсетін кемелдік, тұрақтылық пен терең мағына сезіліп тұрды.
Біз бұрынғы бағдарламадан бас тарттық. Оқулықтарды ысырып тастап, жаңа мақсаттар ойлап таптық. Жаңа жобаларды әзірлеп, жаңа міндеттерді белгіледік. Болған жайттың бізді шабыттандырғаны соншалық - бұдан кейінгі үш апта бойы басымыздан өткен оқиғаны тамсана айта бергіміз келді.
Біз оқып жатқан пәнмен - көшбасшылық принциптерін зерттеумен байланысты қорытындыларымыз бен білген-түйгендерімізді жинақтап, кітап жазуға бел байладық. Тапсырмалар өзгеріп, жаңа жобалар іске қосылды. Басқа шығармашылық топтар құрылды. Бәрі де бұрынғы оқу құрылымына қарағанда, анағұрлым пәрменді жұмыс істеді, әрі жұмысқа деген ынтасы мүлде басқаша болды.

Бақылау сұрақтары:
1. Кәсіптік оқыту қағидаларына түсінік беріңіз.
2. Кәсіптік оқытудың дидактикалық қағидаларының жүйелігі қандай?
3. Кәсіптік оқыту негізін қалаушы қағидалар (оқытудың өнімді еңбекпен байланысы, ғылымилық, саналық және белсенділік, білім, іскерлік және дағдыны қалыптасуы, жүйелілік және бірізділік) және олардың сабақ барысында жүзеге асу барысын мысалдар арқылы түсіндіріңіз.

Ұқсас жұмыстар
Бір орталықтанған монархиялардың құрылуы
Феодалдық құрылыстың ерекшеліктері
Шикізаттың технологиялық қасиеттері
<<технология пәнінен жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдері.>>
ЦБР топтамалары
Молекулалар массасы мен өлшемі
Электролиттік диссоциациялану теориясы
Компьютерлердің даму кезеңдері
Шығармашылық стратегиясы
Дербес компьютердің құрылғылары жайлы
Пәндер