Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Қалыптастырушы бағалау әдістері

Адиева Лаура Самиголлиевна
№41 мектеп-лицейдің география пәні мұғалімі
Абишева Алина Муратовна
<<ӨРЛЕУ>> БАҰО>> АҚ БҚО Кәсіби даму институты>>
Орал қаласы, Қазақстан
Білім сапасын арттырудағы қалыптастырушы бағалау тапсырмаларының тиімділігі.

Қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын өз бетінше құрастыру үшін мұғалімге келесі қадамдарды ұсынуға болады:
Алдымен: пәннің оқу бағдарламасымен, оқу жоспарымен танысу, оқу мақсаттарына талдау жасау;
Екінші: оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттары негізінде бағалау критерийлерін құрастыру;
Үшінші: тапсырма құрастыру кезінде саралауды қамтамасыз ету үшін бағалау критерийлерін ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкестендіру;
Осыдан кейін бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес тапсырмалар құрастыру;
Соңында әр тапсырмаға оның орындалу кезеңдерін сипаттайтын дескрипторлар құрастыру. Мұғалім тапсырманы оқу мәнмәтінін, оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып таңдайды немесе құрастырады. Келесі кезекте қалыптастырушы бағалау тапсырмасын әзірлеу кезеңдерін толығырақ қарастырайық. Жоғарыда келтірген алгоритмге негізделетін болсақ, тапсырма әзірлеудің 1-кезеңі оқу бағдарламасын, пәннің ұзақ мерзімді жоспарын талдаудан басталады. Тақырыптар аясындағы оқу мақсаттарына талдау жасап, бағаланатын оқу мақсаты/мақсаттары таңдалады. Тапсырма әзірлеудің 2-кезеңі - оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттарының негізінде бағалау критерийлерін құрастыру
Бағалау критерийлерін анықтау үшін келесі сұрақтардың төңірегінде ойланып көрейік:
Практикада объективті бағалау бар ма?
Бағалаудың шынайылығы неден көрінеді?
Бағалау шынайы болуы үшін қандай талаптарды орындау керек?
Бағалау критерийі деген не?
Бағалау критерийлері қандай болуы керек?
Бағалау критерийі - білім алушының оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын белгі. Бағалау критерийі оқу мақсаттарына жету қалай тексерілетінін көрсетеді, яғни, оқушы оқу мақсаттарына жеткенін көрсету үшін нені орындау қажеттігін сипаттайды. Сондықтан бағалау критерийлері өлшемді, оқушының оқу мақсаттарына жету деңгейін анықтайтындай болуы керек. Сонымен қатар бағалау критерийлері орындалатын, яғни оқу мақсаттарына сәйкес анықталған болуы тиіс және оқу мақсаттарының аясынан шықпауы керек. Олар мұғалім мен оқушы үшін нақты, анық және түсінікті болуы тиіс.
Оқу процесіне қатысушылардың барлығы оқушы оқу мақсатына қандай нақты әрекет арқылы жеткенін көрсетуі қажет екендігін түсінуі тиіс, мысалы атау, анықтау, көрсету, шешу.
Оқу мақсатына сәйкес қанша бағалау критерийі болуы тиіс?
Бағалау критерийлерінің санын көбейтпеген жөн. Әдетте, оқу мақсатының маңызды тұстарын бағалау орынды болып табылады. Сондықтан бағалау критерийлерінің санын азайтыңыз, барлығын қамтуға тырыспаңыз. Оқу мақсаттарының деңгейі мен көлемін есепке алыңыз Тапсырма әзірлеудің 3-кезеңінде, тапсырмаларды саралауды қамтамасыз ету үшін бағалау критерийлерін ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкестендіру қажет.
Ойланып көрейік.
Ойлау дағдыларының деңгейлері: бұл неліктен маңызды?
Ойлау дағдыларының деңгейі - әрбір деңгейі ойлау дағдыларын анықтауды қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаттарының иерархиялық өзара байланыстағы жүйесі.
Дағдыларды дәл анықтау критериалды бағалаудың маңызды аспектісі болып табылады. Критериалды бағалау жүйесінде ойлау дағдыларының деңгейлері үш топтың аясында қарастырылады:
білу және түсіну;
қолдану;
жоғары деңгей дағдылары (талдау, жинақтау, бағалау).
Бағалау критерийлерін Блум таксономиясы бойынша тиісінше ойлау дағдыларының деңгейіне дұрыс сәйкестендіру, мысалы бағалау критерийі <<Білу>> немесе <<Түсіну>> деңгейіне сәйкес келетінін анықтау, мұғалімге күтілетін нәтижеге бағытталған оқушы әрекетін дұрыс таңдауға және соған сәйкес келетін тапсырманы әзірлеуге көмектеседі.
Бағалау критерийлерінің сапасын бағалау үшін бірқатар талаптар белгіленген тексеру парағын қолдануға болады, мысалы:
Бағалау критерийі оқу мақсатымен байланысты
Бағалау критерийі нақты, анық және тиянақты
Бағалау критерийі бақылауға болатын (өлшенетін) нақты әрекетті сипаттайды
Бағалау критерийі ойлау дағдыларының деңгейіне сәйкес келеді
Бағалау критерийі күтілетін нәтижелерді көрсетеді
Тексеру парағын бағалау критерийлеріне сараптама жасау үшін пайдалануға болады.
Тапсырма әзірлеудің 4-кезеңі - бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес тапсырмаларды әзірлеу .
Бағалауда қолданылатын тапсырмалар бірқатар талаптарға сәйкес құрылуы тиіс, атап айтқанда:
тапсырма оқу мақсаттары, бағалау критерийлері мен ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес болуы керек;
тапсырма оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келуі керек;
тапсырмалар сараланған болуы керек, яғни оқушылардың жеке ерекшеліктерін, нақты айтқанда қабылдау мен ойлау, жұмыс істеу қарқыны, пәндік және пәнүсті дағдыларының қалыптасу деңгейінің ерекшеліктерін ескеру маңызды.
тапсырмалар оқушыларды танымдық әрекетке ынталандыратындай алуан түрлі, нақты және түсінікті болу тиіс.
Бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмалар түрлері және оларды әзірлеу ерекшеліктері, тапсырмаларды әзірлеуге қойылатын талаптар туралы алдағы сабақтарда толығырақ жеке қарастырамыз.
Тапсырма әзірлеудің 5 кезеңінде әр тапсырмаға дескрипторлар құрастырылады.
Дескриптор дегеніміз не және оны әзірлеу барысында нені ескеру керек?
Дескриптор - тапсырмаларды орындау кезіндегі нақты қадамдарды көрсететін сипаттама.
Мұғалімнің қабылдаған шешімі объективті болу үшін тапсырмаларда қолданылатын дескрипторлар анық және нақты болуы қажет. Дескрипторлар тапсырманы орындауда оқушыға нақты қай жерде қиын болғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл оқушыларға тиімді кері байланыс беруге және қайталап оқуға арналған бағдарламалық материалдың қажетті көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
Қалыптастырушы бағалау теориясына сәйкес процеске қатысушыларды есепке ала отырып, үш позицияны ұйымдастыру қарастырылады: мұғалімнің бағалауы, өзін-өзі бағалау және өзара бағалау..
Мұғалімнің бағалауы
Мұғалімнің бағалауы кері байланыс түрінде қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
Өзін-өзі бағалау
Мектепте білім алушылардың дағдыларды бойға сіңіруі және өзін-өзі бағалау тәжірибесі жинақталуы қажет. Білім алушылардың өзін-өзі бағалауын ұйымдастыру кезінде негізгі назарды өзін-өзі реттеуіне, өз бетінше білім алуына ынталандыруға аудару керек.
Өзара бағалау
Өзара бағалау тиімді қалыптастырушы бағалау өткізуге қатысты көптеген мүмкіндіктерді ұсынады. Ол білім алушылардың бір-біріне көмектесуіне, өз жұмысын жетілдіруіне бағытталған. Бұдан басқа өзара бағалау тек кері байланыс алатын білім алушыларға ғана емес, сонымен қатар кері байланыс беруші білім алушыға да пайдалы.
Қалыптастырушы бағалау әдістері
Күнделікті тәжірибеде білім алушылардың ілгерілеуін, меңгеру деңгейін өлшеу үшін қалыптастырушы бағалаудың түрлі тәсілін қолдануға болады: <<Екі жұлдыз, бір тілек>>, <<Қолмен белгі беру>>, <<Бағдаршам>>, <<Жинақтау парақшасының индексі>>, <<Бір минуттық эссе>>, <<Сөйлеу үлгілері>>, <<Үш минуттық үзіліс>>, <<Ауызша бағалау>>, викториналар, сұрақтар және т.б.
Қалыптастырушы бағалаудың әдістерін, оқу әрекеттерін ұйымдастырудың әр кезеңінде, тақырыпты түсіндіру, тапсырманы орындау, білім алушыларға кері байланыс беру кезінде қолдануға болады. Қалыптастырушы бағалаудың әдістерін жеке, жұптық және топтық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде де қолдануға болады.
Қалыптастырушы бағалаудың ажырамас элементі мұғалім тарапынан және білім алушылар арасында қойылатын сұрақтар (сауал, диалог, әңгімелесу және т.б.) болып табылады. Сондықтан сұрақтарды тиімді құрастыру техникасын меңгеруі, сыныпта диалогті қолдану мәдениетін дамытуы маңызды.
Қалыптастырушы бағалау әдістерін жеке, жұптық және топтық жұмыстарда қолдануға болады.
Қалыптастырушы бағалау шеңберінде мұғалімнің күнделікті жұмысының мазмұны қандай?
Мұғалім құрастырылған бағалау критерийлеріне сәйкес, объективті көзқарасты ұстана отырып, оқушылардың оқудағы ілгерілеуін бақылайды, соның негізінде оқушыларды және ата-аналарды кері байланыспен қамтамасыз ете отырып, пәнді оқу мен түсінуде көмекші рөл атқарады, оқушыларды оқуға ынталандырады.
Мұғалімнің күнделікті тәжірибесіндегі қалыптастырушы бағалаудың негізгі стратегиялары:
оқу мақсаттарын және бағалау критерийлерін анықтау және білім алушыларға ұсыну;
білім алушылардың оқуы туралы дәлел жинауға бағытталған сынып ішіндегі оқу қызметін ұйымдастыру;
білім алушылардың дамуына ықпал ететін конструктивті кері байланыспен қамтамасыз ету;
білім алушыларды оқу процесінде бір-біріне білім көзі ретінде тарту;
оқыту және оқу процесінде коллаборативті орта құру;
білім алушыларға өз оқуын <<өзі құрушы>> болуға мүмкіндік беру.
Білім алушылардың оқу мақсаттарына қол жеткізу деңгейлері мен олардың ілгерілеуі оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында және игеру деңгейін анықтау үшін бақылануы тиіс.
Кері байланыс беру
Кері байланыс сабақтың əр кезеңінде қолданылады, мұғалімнің білім алушылармен үздіксіз өзара əрекет етуін жүзеге асыруға, нəтижесінде оқу процесін түзетіп, сабақты əрі қарай жоспарлауына мүмкіндік береді.
Кері байланыс беру кезінде мұғалім де, білім алушы да ұсынылған сұрақтарды негізге алғаны дұрыс.
Мұғалім:
- Білім алушы оқытудың қай сатысында?
- Олар білім алуда неге талпынады?
- Бұған жетуге көмектесу үшін не істеу керек?
Оқушы:
- Мен оқудың қай сатысында тұрмын?
- Нәтижеге қалай қол жеткіземін?
- Кемшіліктерімді жою үшін не істеуім қажет?
Аталған сұрақтарға толық жауап беру тиімді кері байланысты көрсетеді.
Кері байланыс беру кезінде мұғалімдерге:
білім алушылардың жақсы жақтарын ескеруі;
тапсырманың дұрыс орындалмағанын нақты түсіндірмей тұрып, <<бұлай емес>>, <<дұрыс емес>> деген сөздерді қолданбауы;
білім алушылардың жұмысын жетілдіру немесе кемшілік тұстарын жөндеудің жолдарына ұсыныс беруі;
кері әсер ететін сөздерді, білім алушыларды кекету, келемеждеуге қатысты сөздерді мүлдем қолданбау ұсынылады.
Қажет болған жағдайда кері байланыс ауызша, жазбаша, графикалық немесе кез келген басқа түрде берілуі мүмкін. Аталған процесс құжаттаманы қажет етпейді.
Бұл туралы <<Негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау б Қалыптастырушы бағалау процесін жүзеге асыру үшін мұғалім:
сыныптағы мәдениетті сақтауға және тиімді өзара әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға көңіл бөлуі;
қалыптастырушы бағалауда қолданылатын әдістердің әр түрлілігін және сапасын арттыруы;
кері байланыстың тиімді формасын қолдануы;
қалыптастырушы бағалауды қолдану процесін көрсететін сабақ жоспарын құруы;
рефлексия жасап, тәжірибені жетілдіру үшін сабаққа талдау жасауы қажет.

.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық: Оқу-әдіс. құрал. /О.И.Можаева,А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциялауымен - Астана: <<Назарбаев Зияткерлік мектептері>> ДББҰ, 2016. - 54 б.
Өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық: Оқу-әдіст. құрал /<<Назарбаев Зияткерлік мектептері>> ДББҰ /О.И.Можаева, А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциясымен.Астана, 2016. - 46 б.

Ұқсас жұмыстар
Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар
Әріптестерді бағалау
Қалыптастырушы бағалаудың шарттары
Оқушы ынтасын арттырудағы бағалаудың ролі.
Мәтінді есептерді шығару
Сөйлемнің түрлеріне жаттығу жұмысы
Сабақтың тақырыбы. Сабақтың басы
<<оқыту үшін бағалау мен оқуды бағалау>> модулі бойынша <<қалыптастырушы (формативті) оқыту әдістері>>
Болашақ мектеп
Қағаз ақша
Пәндер