Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Анамның тілі - алтыным менің

Анамның тілі - Ай, Күнім менің

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға
дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл
ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Б.Момышұлы

... Тіл - қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса, сөз болмайды. Сөз болмаса, адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану - әрқайсымыз үшін парыз.
Қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы - ана сүтімен дарыған ана тілі ғана. Ол - қазақ тілі.
Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы - домбыраның күмбір қаққан сазындай, асқан әуезділігі - шырқап салар әндей. Туған тіл бізге ана сүтімен бірге берілген, біз сондықтан "Ана тіліміз" дейміз. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Бірақ өз ана тіліңді құрметтеп, сол тілде сөйлеу - сенің перзенттік парызың. Осы орайда ақын Қадыр Мырза Әлидің:
Ана тілің - арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте, -
деген өлең жолдары әркімге ой салары анық.
Қазақ тілі - бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы да халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады.
Ал қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың өзіндік себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің бірнеше сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, Жоңғар шапқыншылығының халқымызға тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың тілдеріне қысым жасап келгені белгілі. 1989 жылы қабылданған "Тіл туралы" Заңда "Тіл - халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі"делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында "Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады" деп жазылған. Қазақ тілі -- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, тағы басқа елдерде тұратын қазақтардың ана тілі.
ХХ ғасырдың ұлы жемісі - қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз - ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде - ұлт та жоқ. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды. Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз - өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анаңдай сүю. Ана тіліне деген сүйіспеншілігін: Сүйемін туған тілді - анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Шыр етіп жерге түскен минутымнан, Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деп Сұлтанмахмұд ақын шын жүрегімен елжірей жырлап өткен. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. "Өнер алды - қызыл тіл", "Тіл - тіршілік тірегі", "Тіл қаруы -- сөз, сөз қаруы -- ой"деген мақал-мәтелдері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Сол сөз арқылы Абайдың даналығына, Махамбеттің батылдығына, Бұқардың ақылгөйлігі мен халқына деген жанашырлығына, Абылайдың данышпандығына, Бөгенбай мен Қабанбайдың ерліктеріне сүйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз. Қай кезде болмасын тіл мәселесі - ана тілінде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі - бәрі көрініп тұр. Қазақтың даласы қанша кең болса, тілі де сондай бай.
Қазақ тілінің қайығы кері қарай жүзіп бара жатыр дей алмаспыз. Даму бар. Алға жылжу байқалады. Дегенмен ана тіліміздің адымдап дамуына өзіміздің де кері әсер беріп жататын кездеріміз бар. Қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуі мұң. Алқақотан отырғанда да, алқалы жиында да арамызға өзге ұлттың бір өкілі кіріп келсе, бәріміз шүлдірлеп <<түсінікті>> тілге көшеміз. Әрі-беріден соң биік шеңберден қазақ тілі деп қайғы жұтатын кейбір қайраткерлердің балалары, немерелері қазақ бақшасына, қазақ мектебіне бармайды. Мұны сорлылық емес деп көріңіз.
<<Ұлттың тілі - ұлттың ділі>> демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы - ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру - әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.
Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы - отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш, ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз. Ақын Оразақын Асқар <<Тәуелсіздік тартулары>> жинағына енген өлеңінде:
Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,
Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.
Құтылмайсың барлық тілді білсең де,
Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей...
Ана тілінде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар, -
деген. Ақын бұл өлең жолдары арқылы өз тілің өзге тілді үйренуге басты тірек екенін білдірген.
Қазақстан - көп ұлтты мемлекет. Қай ұлттың өкілі болмасын Қазақстанда тұрады екен, оны қасиетті де киелі Отаным деп мойындап, оның гүлденуі үшін қызмет етуі тиіс. Қазақ елінде, қазақ жерінде, қазақ тілі - мемлекеттік деңгейде өркендеуі қажет, оған тек қазақ халқының ұрпақтары ғана емес, бүкіл Қазақстан елінде өмір сүріп жатқан адамдар үлес қосу керек. Мемлекеттік тілді игеру деген сөз - мемлекет азаматы болып өмір сүру деген сөз, өзің өмір сүріп отырған мемлекетте және сол мемлекетті құрған халыққа <<азаматпын>> деп берген уәдені орындау деген сөз.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыр мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Елбасымыз әр жылғы халыққа жолдауында, Ассамблея жиындарында, журналистермен болған сұхабаттарында тіл саясатына байланысты стратегиялық бағыттарды айқындап келеді. Осы шаралар барысында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып, құжаттар дайындалды. Соның бірі - <<Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы>>. Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты - мемлекеттік тілдің әлемнің экономикалық, мәдени, білім, саяси кеңістігінен орын алуына және қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметтерін жетілдіруге жағдай жасау.
Қазақ тілі - халқымыздың ұлттық тілі және әлемдегі ең бай тілдердің бірі деп саналады. Тіліміз республика Конституциясына негізделіп және ол қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылады. Мемлекеттік тіл Қазақстан халықтарының ынтымақтаса түсуінің негізі болып табылады. Ал ол деңгейге жету үшін тілдің күнделікті қажеттілігі арта түсу керек. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының "Ана тілінде екі сөздің басын қоса алмайтындар ендігі жерде ойланулары қажет" деген сөзі тек қазақ ұлтын ғана емес, көпшілікті де ойландыруы тиіс. Қазақ тіліне түбегейлі көшу әлі өз дәрежесінде емес. Қазір де біз жаһандану үрдісіне төтеп беру үшін өзіміздің рухани, мәдени ерекшеліктерімізді, ескерткіштерімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. <<Тілден асқан байлық жоқ>> тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тек тіл байлығы. Қазақ тілі - аса бай тіл, икемді тіл. Орамын, бұрамын тауып, қисымын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашауға да болады. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Даласындай байтақ та бай тілімізге деген сүйіспеншілікті Ш.Смаханұлының өлеңінен сезінуге болады:
Анамның тілі - Айбыным менің, Анамның тілі - Ай, Күнім менің. Сүйемін байтақ елімді туған, Сүйемін мәңгі өмірді думан.
Қорыта келгенде, қазақ елі аман болса, қазақ тілі де жасай бермек. Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықыласы тереңдей түсуде. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, айымыз оңынан, жұлдызымыз солынан туып тұрған шақта біз осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы - қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биіктігіне көтерген жөн. Бұл міндет - сіз бен біздің перзенттік парызымыз.

Ұқсас жұмыстар
Қасиетті менің ана тілімде
Тіл – елдігіміздің іргетасы атты бүкілмектептік сап
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Рақмет, анашым!
Ана бақыт, ана күн
«анашым деп мақтанам»
Ана - өмір шуағы
Әлпештеген баласын, айналайын анашым
Қадірменді көрермендер
Туған тілдің тұғыры
Пәндер