Сөз -жібек жіп, ой -кесте

Кеш тақырыбы «Сөз -жібек жіп, ой -кесте»

Мақсаты: 1) оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдік деңгейлерін байқау, саралау; 2) оқушыларды адами қасиеттерге насихаттау, шыдамдылыққа, бірін-бірі тыңдай білуге, топ болып жұмыс жасауға тәрбиелеу;

3) тіл мен әдеби, логикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың рухани дүниесін, шығармашылық қабілетін дамыту, ізденуге, шапшаң ойлап, тез топшалауға дағдыландыру;

(Бұл сыныптан тыс іс-шара 8-10-кластар арасында ұйымдастырылады. Әр кластан бес оқушыдан құрылған топ қатыстырылады. Әр топтың аты, ұраны, топ басшысы болады. )

Сайысты жүргізуші:

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса,

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?!-деп қазақтың бас ақыны Абай атамыз жырлағандай, білім мен тапқырлықты, ақыл мен саналылықты насихаттайтын апталығымыздың соңғы күні 8-10-класс оқушыларымен ұйымдастырылып отырған ««Сөз -жібек жіп, ой -кесте»» атты тіл мен әдебиет сайысына қош келдіңіздер!

Сайыс үш кластың оқушыларынан құрылған үш топтың білім жарыстыруымен ерекшеленеді . Сайыстың кезеңдері мынадай:

  1. «Бізді таны!»Топты топ басшылары таныстырады (аты, ұраны, топ мүшелері) ;
  2. «Тіл - айна» бөлімі(Бұл бөлімде оқушылар адамзаттың ең қасиеттісі, қадірлісі тіл арқылы өз білімдерін, сана-сезімдерін, білім-біліктерін сынға салады. Тілдің адам мәдениетінің айнасы екеніне көз жеткізеді. Қойылатын сұрақтар салт-дәстүрге, қазақтың ырымдарына, әдеби-мәдени байлығына, тіл туралы айтылған ұлы тұлғалардың ойларына қатысты болады. Әр топқа бес сұрақ қойылады, ойлануға 10/15 секунд уақыт беріледі. )
  3. «Дара дарын»бөлімі(Бұл бөлімде оқушылардың жан-жақтылығы, интеллект деңгейі, эрудициясы сыналады. Әр түрлі тақырыптардағы қызықты логикаға құрылған тапсырмалар беріледі. )
  4. «Саған сенеміз!»бөлімі(Бұл бөлімде топ басшылары сайысқа түседі. Тез жауапқа құрылған он сұрақ қойылады. )

- Сайыс болған соң, жеңуші мен жеңілуші болары даусыз. Сондықтан сайысқа төрелік жасау үшін қазылар алқасын сайлап алайық. Директордың тәрбие істері жөніндегі орынбасары Қанатова Гүлназия апай мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Риза Өтежанова апай, 10 «Б»класс оқушысы Мұрат Айдана. Қазылар әр сайысты бағалап отырады, барлық сайыс бөлімдері аяқталған соң, жеңімпаз топты кеш соңында жариялайды. Қатысушыларға сәттілік жолдас болсын!

  1. Жайыңды көпке таныстыр,

Ақыл мен білім табыстыр.

Ұрандап намыс қоздырып,

Өзгемен білім жарыстыр, -деп, «Бізді таны!»бөліміне кезек береміз.

  1. Ана тілі -қазағымның қаймағы,

Тілің -сенің өміріңнің айғағы.

Енді, міне, «Тіл-айнада»сыналып,

Желбіресін топтарыңның байрағы. «Тіл -айна»бөліміне кезек беріледі.

І топқа сұрақтар:

1. «Тіл адамның даңқын асырады», «Адам тіл арқылы бақыт табады», «Тіл адамға жапа да шектіреді, абайламаса, басынан да айырады», «Жақсы болғың келсе, жаман сөз айтпа». «Көп сөзділіктен пайда да, жақсылық та көрмейді. Көп сөйлеме. Сабыр қып, әр сөзіңді салмақтай айт», «Он мың сөздің түйінін он сөзбен шеш», «Ақыл көркі - тіл, тілдің көркі - сөз, кісі көркі - жүз, жүздің көркі - көз!» Кімнің сөзі?

® (Жүсіп Баласағұн «Құтты білік»)

2. Мына аудионы тыңдаңдар да, қазақтың қай жазушысының, қандай шығармасы екенін, кейіпкері кім екенін толық айтыңдар. Шарты- қазақ туындыларын, өтілген авторлар шығармаларын есте ұстау дағдыларын дамыту, қазақтың ұлы тұлғалары туралы кез келген кезде ой толғай білу.

® (Ж. Аймауытов «Әнші»әңгімесі, кейіпкері -Әмірқан (Әміре Қашаубаев. )

3. Суретте не бейнеленген? Оның бөлшектерін атаңдар, осы атауға қатысты бірнеше тілек-баталар, мақал- мәтелдер айтыңдар.

® Бұл -ш аңырақ , ол бірнеше бөлшектерден тұрады:

Тоғын - шаңырақтың негізі. Қатты ағаштан жасалып, өрнектеледі.

Күлдіреуіш - Сәмбі талынан иіліп жасалады. Әр иінде 3 күлдіреуіштен 8-ге дейін болады.

Беріктік - Ол күлдіреуіштер ыдырап кетпеу үшін орнатылады, өрнектеледі.

Шаңырақтың көзі - Оған уықтың қаламы кіріп тұрады. Тоғын мен беріктікті шаңырақтың ішкі жағынан өрнектейді.

  • Шаңырағың биік болсын! Шаңырағың шайқалмасын! Шаңырақ жарастығы бұзылмасын! Қара шаңырақ иесі бол! . . .
  • Ер - шаңырақ, ел - уық.
  • Шаңырақ сәні - сыйластық.

4. Ең бірінші бақытым - Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің, -деген жолдардың авторы кім, ақын екінші бақытқа нені балайды?

® Авторы -М. Мақатаев.

Ал екінші бақытым - Тілім менің ,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей - кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

5. Мына клиптегі әнші кім, орындалған өлеңнің тақырыбын, авторын айтыңдар; «туған жер»сөзіне синонимдік қатар жасаңдар.

® Музыкасы -Е. Хасанғалиевтікі, «Атамекен»әні, авторы -Қадыр Мырза Әлі.

ІІ топқа сұрақтар:

1. «- Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады. ». Кімнің сөзі ?

® (Бөлтірік Әлменұлы -(1771-1854) қазақ тарихындағы әрі би-шешен, әрі жауынгер-батыр, палуан ретінде танымал болған көрнекті қайреткер. )

2. Мына әннің авторы кім? Ол туралы не білесіңдер?

® («Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер. Ол бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының бөктерінде 1858 жылы, 11 шілдеде дүниеге келген. Жиырмадан асқанда ел басқару ісіне араласады. Абай қайтыс болған соң, ақын аға өсиетімен 1905-1906 жылдары қажылық сапармен Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды. Әлем кітапханаларында білім қазыналарымен танысады. Дін мен философия, ғылым салаларын игереді. 1908 жылдан бастап елден шет кетіп, таза шығармашылық жұмыспен шұғылданады.

"Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі", "Мұсылмандық шарты" кітабы 1911 жылы Орынборда, "Қазақ айнасы" өлеңдер жинағы, "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек" поэмалары 1912 жылы Семейде басылып шығады. Орыстың ұлы жазушысы Л. Н. Толстоймен хат алысып, өзін оның шәкірті санайды.

1931 жылы бандылармен байланысты деген жалған айыптаумен кеңес қарулы топ мүшелерінің қолынан атып өлтіріледі.

3. Мынау қай құс туралы күй, қай фильмнен? Осы құс атауына қатысты бірнеше ырым-тыйымдар, мақал- мәтелдер айтыңдар. Қазақстанда олар қайда кездеседі, неше түрі мекендейді.

® Аққу құс. Н. Тілендиевтің «Аққу күйі», орындаушы -А. Үлкенбаева, Н. Тілендиев бұл күйді «Қыз Жібек»фильміне арнап жазған. Сыбырлақ, сұңқылдақ аққулар Көкшеде, Шығыс Қазақстанда, Ақтауда кездеседі.

  • "Махаббаттарың айдында жүзген қос аққудай болсын"
  • Аққуды атуға болмайды; аққуды атса, қан шығару міндет.
  • Аққу -құстың төресі.
  • Аққуды атпа, досыңды сатпа.

4. Абайдың қарасөзі тыңдалады, нешінші сөзі екені анықталып, шығарма ішінен идеясын табу міндеттеледі. (19-сөзі, идеясы -естілердің сөзін ескерген кісі өзі де есті болады. )

5. Мына екі өлеңнің айырмашылығы неде?

А) Алыстан «Алаш!» десе, аттанамын,

Қазақты «Қазақ» десе, мақтанамын.

Болғанда әкем -Қазақ, шешем -Қазақ,

Мен неге Қазақтықтан сақтанамын!

Ә) Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш»деген атты аламын.

Сүйгенім - қазақ өмірі, өзім - қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

® Жауабы: Авторларында, 1-өлең М. Дулатовтікі, 2-өлең С. Торайғыровтікі.

ІІІ топқа сұрақтар:

1. Хан Әз Жәнібек халықты жиып:

- Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады? - депті.

Үш арсызды, үш ғайыпты, жетімді атаңыздар.

® Үш арсыз : ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.

Үш ғайып : қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып

Жетім үшеу емес, бесеу кейде жетеу аталады:

Оты жоқ жер жетім,

Басшысы жоқ ел жетім.

Елінен ауған ер жетім,

Тыңдаушысыз сөз жетім,

Жоқтаушысыз қыз жетім,

(Аққу-қазсыз көл жетім,

Қатары жоқ шал жетім. )

2. Аудиодан тыңдаған шығарманың авторын атау, шығарма кейіпкерлері кімдер, оқиға қайда, қалай өтетінін еске түсіру. (Ғ. Мүсірепов «Ананың анасы»әңгімесі, Әйтілес ақсақал, Жуан балуан, әйел, қызы . . . )

3. «Мен қазақпын»атты Е. Құдайбергеновтің орындауындағы клип көрсетіліп, өлеңнің авторы, оның шығармашылығы туралы сұралады.

® Жұбан Молдағалиев (5. 09. 1920 жылы туған, Орал облысы, Тайпақ ауданы, Сайқұдық ауылы) - қазақ ақыны, жауынгер, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, "Мен Қазақпын" поэмасының авторы. Оралда ауыл шаруашылық техникумын (1940) бітіріп, 1940-47 жылы Кеңес Армиясы қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысты.

Одан кейінгі жылдары: "Лениншіл жас" (1948-52), "Қазақ әдебиеті" (1955-56) газеттері мен "Жұлдыз" журналы (1958-63) редакцияларында, Қазақстан Жазушылар одағында (1953-54; 1963-71ж. 1-секретарь) қызмет іетеді. Алғашқы өлеңі ("Ленин тірі") Орал қаласындағы "Комсомол ұрпағы" газетінде (1939) басылды. Тұңғыш жинағы "Жеңіс жырлары" деген атпен 1949 жылы жарық көрді. Жұбан Молдағалиевтің көптеген поэмаларында азаматтық сарын мен көңіл күйі лирикасы басым. Жұбан Молдағалиев 7-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. Ж. Молдағалиев екі рет Еңбек Қызыл Ту және 2-дәрежелі Отан соғысы, "Құрмет Белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталған. 1988 жылы қайтты.

4. Мынау кімнің, қандай шығармасы бойынша, қай киностудияда түсірілген?

® (М. Әуезовтің «Көксерек»әңгімесі бойынша «Қырғызфильм» киностудиясында түсірілген. "Көксерек" көркем фильмі 1973 жылы көрермендерге жол тартты. Бүкілодақтық тұсаукесері 1974 жылы 8 сәуірде Мәскеу қаласында өтті.

Фильм драмалық оқиғаларға толы. Ата-анасынан ерте айырылған Құрмашты ағасы Аханқұл (Сүйменқұл Чоқморов) бауырына басады. Фильмде Құрмаштың көрген қиындықтары, оның ағасы Аханкұлдың қаталдығы, әжесінің (Әлиман Жанғорозова) мейірімі, Құрмашқа пана болған Хасеннің тағдыры айқын бейнеленген. Фильмнің бас кейіпкері Құрмаш (Қамбар Уалиев) қасқыр бөлтірігін асырап, оған «Көксерек» деп ат қояды. Фильм соңында Құрмаш қайтыс болады.

5. Қазақтың ұлттық ойындары нешеге бөлінеді, бірнеше ұлттық ойындарын атап, олардың қалай ойналатынына түсінік беріңдер. ( «Ақсүйек», «Көкпар», «Қыз қуу», «Хан талапай»т. с. с. )


Ұқсас жұмыстар
Панно дайындау
Жануарлардан алынатын табиғи талшықтар. жүн және жібек маталар. маталардың қасиеттері
Жоба бойынша кестелеп тігу
Мата туралы түсінік
"кесте тігу өнері. "
Машина тігістері
Сәукеле тігу. Ұлттық бас киім түрлерімен таныстыру
Жүн және жібек маталар туралы түсінік
Жібек мата
"ал, қанеки, қыздар" атты сайыс
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz