Файл қосу

Айтыстың ақберені ақын шөже қаржаубайұлы қайда жерленген?


Айтыстың ақберені ақын Шөже Қаржаубайұлы
қайда жерленген?

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы
К.Байсейітова атындағы орта мектеп

Тарих бөлімі – тарих секциясы
Авторы: Сағатбекова Әсем
Жетекшісі: Сатмаганбетова ар Аманжолқызы

Зерттеу жұмысының мазмұны

1. Аннотация
.................................................................
................................3
2. Кіріспе
..........................................................................
...............................4
3. Зерттеу бөлімі
.......................................................................
.................5-21
3.1. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының Шөже орындаған нұсқасы ......5-9
3.2. Шөженің айтыс ақыны ретінде зерттелуі
.........................................10-13
3.3. Шөженің жырлары мен
нақылдары...................................................14-15
3.4. Шөженің
әндері......................................................................
.............16-17

3.4. Шөженің дүниеден өтуі және жерленген жері туралы деректер.....17-18
3.5. Ақтоғай азаматы, халық ағарту ісінің үздігі,
ақын Қасымхан Қаленовтің Шөже туралы естіген әңгімесі
..................19
3.6. Ақын Шөже Қаржаубайұлы туралы Рақым немересі
Ақпанбайұлы Шәженнің естелігінен
.....................................................20
3.7. Ақын Шөже Қаржаубайұлы туралы Ақпанбай немересі
Шәженқызы Ақпанбаева Торғайдың әңгімесі
.......................................21
3.8. Аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің байырғы қызметкері
Мина Кәдірбаеваның
естелігі..................................................................
21
3.9. ҚР еңбегі сіңірген мұғалім, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы,
тарихшы Асқар Сейдахметовтың әңгімесі
............................................21
4.
Қорытынды.................................................................
.................................21
5. Пайдаланған әдебиеттер тізімі
.................................................................22

А Н Н О Т А Ц И Я

Зерттеу мақсаты:

Туған жер, өскен ел тарихын кейінгі ұрпақтың терең зерделеп, білмей
қалу қауіпі барын – барынша айқындай отырып, кіндік қаны тамған топырақтан
өсіп-өнген асылдарымыз бен ұлыларымызды ұлықтап, кейінгі тарих бетінде
қалдыру.

Гипотезасы:

Егер де ұсынылған ұсыныс бойынша Шөже туралы толық зерттелсе және
оның сүйегі Ақтоғай жерінде екендігі нақтыланса,
біріншіден, туған өлке тарихына жаңа есім қосылар еді,
екіншіден, мәдениет мәйегі тарихи, мәдени ескерткіштерге жасалатын
Үкімет тарапынан қамқорлық мақсатындағы жөндеу, қалпына келтіру, анықтау
жұмыстары жүргізілер еді.

Зерттеу жаңалығы:

Бұл зерттеудің жаңалығы осыған дейінгі баспасөз материалдары және
басқа ұйымдардың ұйғарымымен Шөженің сүйегі, яғни қорымы біресе Нұра
ауданында десе, біресе Көкшетаудың, ал енді бірінде Қарқаралы тумасы
делінген әр түрлі ұйғарым өзгертіледі. Ақтоғай жеріндегі қорым мамандар
айналысуымен Шөже ақын қорымы екендігі анықталады және мәдени, тарихи
негізге бағытталған жұмыс шарасы іске асады.

Зерттеу нәтижесі:

Республикамыздағы мәдени-тарихи орындарға қамқорлық, есімі елге мәлім
тұлғаларымыздың әлі зерттелмей, беттелмей жатқан мол мұрасын жарыққа жинақ
етіп шығару ел бірлігі мен көреген саясаттың басты нәтижесі болып саналады.
Сондықтан, Шөже тарихын зерттеп, зерделеу нәтижесінде ақынға арнап мазар
салар едік және ақынның барлық қолда бар айтыстарын, зерттеуші Рашит
Каренов ағамыздың жинақтау жұмыстарын негізінде оқу әдістемелік жинақ етіп,
баспадан шығару болашақ ұрпақ үшін рухани қазына болады.

Практикалық қолдану саласы:

Осы жұмыс бойынша Шөже туралы болашақ ұрпақтың хабардар болуын
қамтамасыз етуге арналған авторлық бағдарлама және оның хрестоматиясын
құрастыруға және оны мектеп курсына кіргізуге аудандық Білім бөлімі,
облыстың білім басқармасы назарына ұсынуға болады.

Туған жер, өскен ел тарихын кейінгі ұрпақтың терең зерделеп, білмей
қалу қауіпі барын – барынша айқындай отырып, кіндік қаны тамған топырақтан
өсіп-өнген асылдарымыз бен ұлыларымызды ұлықтап, кейінгі тарих бетінде
қалдыру мақсатында Шөже Қаржаубайұлы туралы зерттедім.
Өткен ғасырда қазақтың өлең өнерін шыңға шарықтатып қазақ халық
әдебиетін сөз өнерімен өрнектеп, байыта түскен жыр жұлдыздарының бірі –
Шөже Қаржаубайұлы. Айтыстың тамаша майталманы Шөже Қаржаубайұлы шығармалары
толық дерлік зерттеле қойған жоқ. Оның жеке өлеңдері мен айтыстары
республикалық баспалардан жеке кітап болып шыққан жоқ. Баспалардан әр
жылдары басылып шыққан «Айтыс» жинақтарында Шөже өлеңдері, айтыстары ара –
тұра жарияланып келеді.
Ол жасында шешек шығып екі көзінен бірдей айырылған екен. Өзінің аса
дарындылығымен, әділдігімен, шыншылдығымен, шындықты тайсалмай бетке
айтатын өткірлігімен бүкіл қазақ даласында зор беделге ие болды. Суырып
салма ақын Кемпірбай ақынмен айтысында:
«Көзімен он жеті ақын түк қылған жоқ,
Білем, бұған сен ғамал таппасыңды-ай»-дейді.
Оның бойындағы бар міні соқырлығын қай ақын болса да бетіне басып,
соны сан мәрте қайталаса да Шөже оған мойымайды. Екіншіден, Шөже
Қаржаубайұлының ақындармен айтысқанда тағы бір көбірек сөз қылатыны оның
шыққан тегі жайлы. Балта мен Шөже айтысында Балта ақын:
«...Ежелден Қуандықтың құлы емес пе ең,
Тентіреп келдің қырғыз әлде қайдан?»-деп оның қазақ емес
қырғыз екенін айтады. Қазақ пен қырғыз халқы ежелден бір-бірімен туысқан
халық. Тарихи дәуірінде олар ортақ жауына қарсы бір жеңнен қол, бір жағадан
бас шығарып бірлесіп күресті. Қазақ батырларымен бірге қазақ ауылдарында
қырғыз жұрты да келіп мекен етті. Тіпті, басқаны былай қойғанда, біздің
облысымыздың әр ауданында нәсілі қырғыздан, өте ерте келіп қоныстанып,
қазақ болып кеткендер басшылық. Тарихи дәуір барысында басқа ұлтқа сіңсіп
кеткендер, сөз жоқ болып тұрған. Міне, Шөже де солай.
Шөже дүйім жұртқа даңқы тараған суырып салма айтыс ақыны. «Көзіме он
жеті ақын түк қылған жоқ» деуіне қарағанда, ол өз тұсында аты мәлім, аса
жүйрік ақындардың біразымен айтысқан. Шөжені сөзден тосып, жеңе алмайтын
болған соң, ақындар оның екі көзінің соқырлығына, Алатаудан келген
қырғыздығына тиісіп, сол міндерін алдына кесе көлденең тарта береді. Бұған
ол: « Соқыр қылды көзімді көрмесін деп, жамандықтың соңына ермесін деп» деп
оларға уәжді сөзбен орынды тойтарыс берген.
«Бес ғасыр жарлайды» деген үш томдық кітаптың бірінде Шөженің
«Дәукейге», «Бәйтікті мақтағаны», «Бәйтікті жамандағаны» сияқты өлеңдері
басылған. Ақынның қырғыз бегіне арналған бұл өлеңдерінде сырттай
қошеметімен бірге, сөз астарында мысқылын да аңғару қиын емес.
Шөже ірі ақын. Әйгілі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ең көркем
нұсқасы қазақ даласында Шөженің айтуымен тарады. Бұл классикалық еңбекке
тоқтауымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, 2002 жылы әйгілі жырдың 1500
жылдығы атап өтілді. Ол үшін арнаулы мемлекеттік деңгейде комиссия
құрылған. Дайын болған академиялық басылым мен зерттеу жинағына барлығы 7
мәтін енсе, соның бірі Шөже жырлаған мәтін екен.
Екіншіден, жырда кездесетін оқиғалар, кейіпкерлер біздің ауданмен
шекаралас жатқан Семейдің Аякөзінде, Қарақаралыда, осы аудан жерінде
болғандығы. Үшіншіден, аудан көлеміндегі жер, су аттарының жырдан алынып
қойылғандығы. Кейбірі осы күнге дейін өзгермей сақталған. Төртіншіден, аға
ұрпақ өкілдерінің көпшілігі, ата-бабаларымыз радио газет, теледидар жоқ
кезде осындай жыр, аңыз қиссаларымен сусындап өсті.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Шөже орындаған нұсқасы

ХІХ ғасырдағы көптеген ірі айтыс ақындарының тамаша бір ерекшелігі
көне эпикалық жырларды ауызша орындап, сақтап, кейінгі ұрпақтарға
жеткізуінде. Шөженің осы саладағы еңбегенің өзі оның атын әдебиетіміз бен
мәдениетіміз тарихында мәңгі сақтап қалуға мүмкіндік береді. Шоқанның
айтуынша, ақынның жыршылық репертуары мейлінше бай болған. Ол Шығыстан
келген діни және махаббат дастандарымен қатар, қазақтың қолтума жырларын да
шебер орындап, кейінгі дәуірге мейлінші толық та көркем дәрежеде жеткізіп
отырған. Соның бір дәлелі – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының атақты Шөже
варианты.
Қазақтың ауыз әдебиетінің бай саласының бірі – ғашықтық дастандары.
Қазақта «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты
ондаған ғашықтық дастандар бар. Қазақ халқының романтикалық және
психологиялық негізге құрылған лирикалық ғашықтық дастаны «Қозы Көрпеш –
Баян Сұлу», оның сюжет желісі шын өмірден алынған. Бұл дастанда қазақ
өмірі, әдет - салты кең қамтылған. Ол ғашықтардың бақыт және бостандық
жолындағы күресін жырлайды. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасын дүниежүзілік
поэзияның тамаша үлгісіне жатқызып, оны қазақ жеріндегі «Ромео-Джульетта»
деп атау әділ баға.
Бұл жырдың Шөже орындаған нұсқасы кезінде ел арасында көп тараған:
«...Қодар құл оқпен атып өшін алды
Сүйтіп қастық қылғандай несін алды.
Үйдегі Баяныма берейін деп,
Шұрқылтайдың түбінен кесіп алды.

Бәрекелді! Қодардың тентегіне,
Асау күрең жүрмейді жетегіне.
Қозыкенің басы деп тастап еді,
Баян жылап салады сандығына.

Сұлу Баян қолына айна алады,
Қозыкеден айырылып қиналады.
Өзімменен қосылып зарласын деп,
Ботасы өлген боз інген түйе алады.
Содан Баянның іші күйіп, тұра алмай, тас болып, ешкім тұрғыза алмай
жұртында қалғаны:
Баян жас бота белбеу белден шешті,
Қозыкеден айырылып қайғы түсті.
Баян Сұлу тұра алмай жұртта қалды,
Сарыбайдың ертең тұра ауылы көшті.
Баян Сұлу тұра алмай жұртта қалды,
Оны көріп Қодар құл қуаныш қылды.
Көш жөнеліп кеткенін көріп тұрып,
Жұртта қалған Баянға Қодар келді.

Баянды көріп, Қодардың айтқаны:
-Жылқыны көп жалшылар суарады
Сені көріп көңілім қуанады.
Алған байың өлді ғой сұлу Баян,
Енді сені мен алмай кім алады?

Баянның Қодарға берген жауабы:
Баян басын көтеріп тұра келді,
Жылап тұрып Қодарға жауап берді.
-Мен сенікі болайын Қодар-еке
Қозыкені бір көрсет маған, - деді.

Қодардың Баянға берген жауабы:
Баян жас, нанбаймысың маған деді,
Тимесең болар ақыр заман дейді.
Осы жерде маған тисең тура сөйле,
Тазшаңды көрсетейін саған дейді.

Баян сұлу қуанып тура келді,
Қодарменен екеуі бірге жүрді.
Ойдым-ойдым жер келді сұлу Баян,
Кел екеуіміз ойналық Баян деді.

Баян сұлу Қодарға жауап берді,
Қозыкені көруге алып жүрді.
Далада ойнағаның не болады,
Су басына барайық Қодар деді.

Қодардың қуанып берген жауабы:
-Айт дегеннен айтамын айда, Баян,
Қасыңда мендей жолдас қайда саған.
Алдыңда жарық болған ай ма Баян?
Тазаланып жатайын қойыңына,
Білегіме шашыңды байла, Баян.
Баян алдап Қодарды суға салды,
Екі кебіс су ішіп мейірі қанды.
Қодар бұлақ ішінде, Баян қырда,
Суға тоңдым, шығайын Баян деді.

Баян бұл сөзді есітіп тұра келді,
Бұйда пышақ қолына Баян алды.
Қодар суда жатқанда, Баян қырда,
Қодарды пышақпенен салып алды.

Судың ішінде жатып Қодардың берген жауабы:
-Баян жас мені есіңе алмадың ба,
Әуелі суға түс деп алдадың ба?
Екі бірдей бойыңнан тең айырылып,
Көзің ашық дүниеден өттің, Баян.

Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян,
Әке-шешем жылатып келдім, Баян.
Тіл ұшымен мені сен жақын қылып,
Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян.

Айда Баян, а Баян, неттім Баян,
Ептеп жүріп түбіме жеттің, Баян.
О дүниеде артыңнан еш қалмаспын,
Тікен боп араңа біттім баян.

Баян сұлу бұл жерде қуанады,
Тіліне Қодар құлдың кім нанады.
Баян жас шашын қиып жібергенде,
Қодар құл құдық түбіне домалады.

Баян Қодарды өлтіріп, Қозыкенің басына келіп жылағаны.
-Ботасы өлген боз інген артып келді,
Баян жас қайғы азабын тартып келді.
Қодар құлды құдықта өлтірген соң,
Қозыкенің басына қайтып келді.

Баян Қозыкені көріп зар-зар жылағаны:
-Шырағым, жатырмысың жер бауырлап,
Қаба жүнді, қайың оқ оны ауырлап.
Тұрар болсаң, тұр сана, шырағым-ай,
Баян жас алған жарың келдім зарлап.

Шырағым, жатырмысың жер бауырлап,
Алты батпан топырақ оны ауырлап.
Тұрар болсаң тұр сана, шырағым-ау,
Құдай қосқан қосағың келді зарлап.

...Қозеке амандаспай бұрын өлді,
Баян барып басыңды зар еңіреді.
Баян жас зар еңіреп отырғанда,
Үстіне топ керуен жетіп келді.

Қырық кісі керуен басы бұрын келді,
Жылап тұрған Баянды бұлар көрді.
Біз жүргенде жоқ еді сендей адам,
Нағылып зар жылаған жансың дейді.

Баянның керуенге берген жауабы:
-Біз тудық Қарабай мен Сарыбайдан,
Жүзіміз артық болды туған айдан.
Отыз бір жыл ортада ойнап-күліп,
Бүгін қаза жетіп тұр бір құдайдан.

Қырық кісі керуен басы мұны білді,
Сұлулығын көрген соң алмақ болды.
Сұлуға жалғыз тұрған жарамайды,
Қайсымызға тиесің айтшы дейді.

Баян сұлу қайғымен болды кәбәп,
Тамам керуен Баянға болып сәбәп.
Баян сұлу керуенге жарлық қылды,
Там тұрғызған кісіге тиемін деп.

Қыздың айтқан жарлығын керуен білді,
Қырық күнде Қозыкенің тамын қылды.
Баянның өзі барып көріп келді,
Қиямет-қайым болғанша тұрар деді.

Тамам керуен жиылып кеңес құрды,
Баянды аламыз деп көңілі тынды.
Қыздың жарлығын қылып болдық,
Қайсымызға тиеді келсін деді.

...Керуеннің басы болды,
Аламыз деп Баянға кісі салды.
Баян жас өз алдына жылап тұрып,
Керуенге жүзі таймай жауап берді.

Көп керуен разымын келгеніңе,
Белгісін тұрғыздыңыз өлгеніме.
Әрқайсыңа үлессем мүшес жетпес.
Тиемін ақылы артық жеңгеніңе.

Тамам керуен бір жерге жиылады,
Баян сарай қылмаққа бұйырады.
Тамам керуен Баянға жол таласып,
Ажал жетіп сол жерде қырылады.

Тамам керуен қырылды жол таласып,
Баян сарай салдырды жарлық шашып.
Құдайым бұл керуенге қор қылма деп,
Баян сым тас болыпты, құшақтасып.

Қырық кісі қырылды жол таласып,
Баян үшін өліпті төбелесіп.
Тамам керуен сол жерде өліп қалды,
Үш кісі үш ру елге барды қашып.

Бұл сөзді Құдай бізге өнер қылған,
Қозыкенің сарайын керуен қылған.
Үш кісі үш ру елге қашып барып,
Сол екен Қозыкені өлең қылған».

Белгілі ғалым Әлкей Марғұланның айтуынша, Шөже «Қозы Көрпеш – Баян
Сұлу» жырын Шоқанның өтінішімен Махмұт Қалихановқа 1864 жылдың наурыз
айында жаздырады. Жырдың соңында ақынның Шоқанға арналған мынандай бір ауыз
өлеңі бар дейді:
«Құдай береді сұлтанды кәміл қылып,
Данышпан, мәртебелі, әділ қылып.
Бұрын жазған жоқ едім дәл осындай
Әділ сұлтан жаздырды сапалы ғып».
«Егемен Қазақстан» газетінің 27 наурыз 2002 жылғы № 67 (22970) санының
6-шы бетінде М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры,
белгілі фольклорист-ғалым Сейіт Қасқабасовпен әңгімелескен газет тілшісі
Мейрамбек Төлепбергеннің ««Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының 1500 жылдығына
орай жазылған «Махаббаттың мәңгілік ескерткіші» деген көлемді мақаласы
жарық көрді.

Шөженің айтыс ақыны ретінде зерттелуі

Шөженің аса көрнекті айтыс ақыны екендігі М.Әуезов еңбектерінде әркез
аталып, жоғары бағаланып келді: «Радлов жинап бастырған «Қозы Көрпеш-Баян
Сұлу» жыры революциядан кейін 1925 жылы Москвада қазақша жеке кітап болып
басылған. Сәбит Мұқанов пен Х.Бекхожин 1939 жылы орта мектептерге арнап
құрастыратын хрестоматияда осы вариант үзінді түрінде басылған. Бұлардан
басқа Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтында Шөже ақын
айтты дейтін тағы бір көркем ескілеу нұсқасы бар. Бұл нұсқасы Мәшһүр Жүсіп
жинаған, әлі баспа көрген жоқ. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларының
ішіндегі айырықша назар салатын бір тәуір нұсқасы осы. Бұдан басқа Ғылым
Академиясында 1905 жылы Павлодар уезі, Баянауыл қазағы Молда Мұқан
Машақұлынан Жақыпбаев жазып алатын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының екінші
түрлі бір қолжазбасы бар. Бірақ, бұл вариант кейбір өзгерген сөздерін, кісі
аттарын айтпасақ, Шөже нұсқасынан алынған көрінеді.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларын көп басып, халыққа тартақан
орынның бәреуі – Қазандағы Құсаиновтар баспасы. Бұлар «Қозы Көрпеш – Баян
Сұлу» дастанының түрліше нұсқаларын 1878, 1890, 1896, 1909 жылдары қазақша
кітап етіп бастырған.
Осылардың бәрі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының қазақ арасына өте
әйгілі, көп тараған және халықтың аса қадірлеп сақтаған қазынасы болғанын
көрсетеді. Жырдың нұсқасы қанша көп болса, мұның айтуыншылары да сонша көп.
Бұлардың ішінде Шөже, Жанақ, Сынанбай, Бекбау сияқты халық ақындарының аты
айтылады. Қазақтың хикаялы жырларын сақтап келген кісілердің өзі осындай
жыраулар, айтушылар (М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы: Т.17.
Мақалалар, зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1985, 224-225 беттер).
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын көп зерттеп, оған үлкен мән берген
кісінің бірі – Сібір ғалымы Г.Н.Потанин. ол «Вестник Европы» деген журналда
(1890 жылы, 9 кітап), одан соң «Русское богатство» деген журналда (1896
жылғы №8 нөмірінде) бұл жырға тоқталып, жоғары бағалайды. Г.Н.Потанин «Қозы
Көрпеш – Баян Сұлу» жырын Батыс Европаның, орыстың, Шығыс елдерінің бірнеше
халық дастандарымен салыстыра келіп: «Бұл жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет
мұраларына жататын шығарма» - деп бағалаған. Осыған қоса орыс зерттеушісі
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын ел арасына кең таратып, біздің дәуірімізге
жеткізген Шөженің жыршылдық ерекшелігін ашқан. Аса ірі жыршы, қобызшы ақын
Шөжеге әр қырынан қараған.
«Ойды ой қозғайды» дегендей, ақберен Шөжені ерте көрген фольклорист
Г.Н.Потаниннің алғырлығына іштей риза боласың. Ізгі жүректі жандар бір-
бірін, өз замандастарын кезінде бағалай білгеніне қайран қаласың.
Кезінде халқымыздың эпикалық аңыздарының өрістеуіне Шығыстың ғұламасы
Әлішер Науаи дастандары зор ықпал жасаған. Сондықтан Шөже жырлаған «Қозы
Көрпеш – Баян Сұлу» жырының аталған нұсқасынан «Фархат-Шырынмен» ұқсас-
үндес сюжеттерді көруге болады. Науаи шығармалары қазақ еліне аңыз түрінде
жеткен. Ал, оны Шөже секілді білікті шайырлар таратып отырған.
Шөже Қаржаубайұлының ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен ел
шежіресінің асқан білгірі екенін кезінде Шоқан Уәлиханов атап көрсеткен.
Шоқанның айтуынша Шөже айтысқа қоса жыршылық өнерді көп дамытқан. Жанақ
дәстүрін бізге жеткізуші қобызшы ақын.
Ал Мұхтар Әуезов: «Барлық қазақ әдебиетінің өзі білетін естелігінен
Абай жалғыз ғана Маралбай мен Шөжені ғана нағыз –ақын» депті. Абайдың
Шөжеге деген ықыласын білген жазушы М. Әуезов Шөжеге «Абай жолы» романының
үшінші тарауын арнап оның ақындық тұлғасын ашып берген.
Шөже қазақ даласының көп жерін аралаған, екі көзі соқыр болса да
айтысқа аса жүйрік шешен, үлкен жиындарда Шөже бірден ондаған ақын мен
айтысып, түгел жеңіп кетіп отырған. Шөже ру айтысының ақыны, айтыс үстінде
бірде ру басы феодалды өлтіре сынаса, бірде ру басы феодалды мақтайды.
Бірақ Шөже де сыншылдық мотиві басым. Қарсы ақындар оның көзінің соқырлығын
айтып кеміте тиіссе де, сынға ұшыраған ірі феодал байлар күш көрсетіп
сабаса да, Шөже абыржуды білмеген, өткір, улы, ащы тілімен қарсы ақынға да,
жұдырығын жұмсаған байларға да сөзден есесін жібермеген. Шөже дуанбасы, әрі
Орта жүзге белгілі феодалдар Алшымбай, Құнанбайды парақор, ұры деп жебіріне
жетіп сықақтаған уақытта Шөженің сөзіне ыза болған Алшымбай тұра сала
ақынға қамшы жұмсаған. Сонда да Шөже тайсалмастан таяқты жеп жатып:
Япырай, бұл немене тарсылдаған,
Қаншық емес, төбет қой арсылдаған.
Тепкілей бер, сабай бер өлтірмессің,
Ашуыңды бас бірақ, қалшылдаған....
Ақ серкесі Бошанның Алшымбай таз,
Жаз шілдеде ұшады ит ала қаз.
Екі сөздің бірінде соқыр дейсің
Қасиетің бар болса басымды жаз
деп онан сайын Алшымбайды сөзбен буып қылқындыра түседі.
«Төмен қарап келе жатқан Абайдың құлағына жаңағы бір ауыз өлең әлі
айыққан жоқ. Бар сөзі есінде... ішінен қайта-қайта айтады. Жаттап апты.
Мынау жалғыз ауыз өлең бағана, күні бойы күмбездей боп үлкен көрініп
отырған екі шоқысын бір-ақ соғып, жермен-жексен етті. Тайпитып кеткен
сияқты көрінді.
«Алшеке, Алшеке» дегендері – «ақсақ таз» аталды. Алшынбай сылти
бастады, ақсақ екіні рас. Ал, «аға-сұлтан», «мырза» атанған өз әкесін –
«қарға!». Қандай қарға? Қарқаралының ең байлық, ел дариясының жалғыз
еркесі. Жақсы-жайлісін жапа-жалғыз қызықтап, шоқып жеп отырған қарға!...»
(4.118).
Алшымбай мен Құнанбайдың Шөжеге қарсы сайлап салған ақыны Балта – сен
соқырсың деп тиіскенде, бұған да Шөже бөгелмей, халыққа соқыр тыйышсыз
болса әуелі соқыр Құнанбайдан құтыл деп Балтаны да тоқтатып кетеді. Шөже
Жетісуды, қырғыз елін аралған кезде көптеген өлең, жыр, толғаулар айтқан.
Жетісуды, қырғызды аралғанда айтқандарына сақталғаны кейбір рубасы
батырларға арналған толғау, өлеңдері. Бұл өлең, толғауларында Шөже танысу,
сәлемдесу, мақтау сөзді айтып қоймай, Жетісу мен қырғыз елінің тарихынан
көп жайларды таратып жырлайды. Сонымен қатар Жетісу мен қырғыздың батыр,
бек аталған адамдарын сынап та отырады. Шөженің толғаулары, өлеңдері өте
мағыналы, көркемдік күші жағынан өткір, дәл айтылады. Мақтаса жеткізіп,
сынаса өлтіре масқаралап жырлау Шөже ақындығының негізгі бір қасиеті.
Шөжеге Абайдан соң аса үлкен ілтипатпен қараған Мағжан Жұмабаев. Ол
Ақан сері туралы мақаласында «Екі аяқты адамның ділмары, улы тілді, ұшқыр
ойлы Шөже» - деп келіп,оның өлендерін кейінгі ұрпаққа үлгі - өнеге етіп
ұстайды.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі – Сұлтан
– Махмұт Торайғыров өзінен бұрынғы қазақтың төрт ақынын өзіне пір тұтты.
«Кешегі бұқар жырау, Жанақ ақын, Шөже, Орынбай халыққа жайған даңқын» -деп
дәріптеді.
1956 жылы Алматыда Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспанасынан
жарық көрген белгілі сыншы, филология ғылымының докторы, профессор
Есмағанбет Исмайлов «Ақындар» атты монографиялық еңбегінің «Ақындық орта,
дәстүр мәселесі» деген бөлімінде жыр алыбы Жамбылдың шығармашылық жолына
Шөженің еткен ықпалын және оның ақындық әлемін деректі дүниелермен былай
дәлелдейді:
Жыр алыбы Жамбыл Жабаев Шөжені өмір бойы өзге ақындарға да, өзіне де
үлгі-өнеге тұтып, Сүйінбайдан кейінгі ұстазым деп білген. Жамбыл «Ақындарға
арнау» деген бір толғауында (1943 жыл):
«Ақындар, көз салыңдар,
Қиуаны шалыңдар
Қиқу салып талайдан,
Келе жатқан сарын бар.
Ұзын жолда біз өткен,
Өрене көп тәлім бар.
Сүйінбай мен Қатаған,
Қара өлеңді матаған.
Атын жаттай балалар,
Әлі күнге атаған
Кеншібай мен Орынбай,
Өлең сөздің қорындай.
Керуен көшкен жолындай...
Шөже менен Кемпірбай,
Өлең жырдың жұртындай.
Біз солардың өрені!» - дейді.
Осылардың қатарында Құл, Мәйкөт, Құлыншақ ақындарды атайды. Бұларды
Жамбыл, Сүйінбай қатарындағы идеялық творчестволық ұстаз тұрғысынан емес,
ақындық шеберлік, айтыс өнері дәстүрі тұрғысынан атайды.
Жас Жамбылдың Сүйінбайдан басқа үнемі кездесіп, ақындық өнер
жарыстырып айтысып, бірде аға деп сыйлап, үйреніп келген ақындары аз емес.
Бұл ақындар бір шеті Жалайырдан (қазіргі Талдықорған облысынан) шыққан
Бақтыбай ақын, Арқадан келген Шөже ақындар, Түркістаннан келген Мәйкөт,
Майлықожа ақындар, Дулаттан Әмір ақын, қырғыз – Қалмырза, Оразалы ақындар.
Бұлардың ішінде Жамбылдың айтыс өнеріне жетілуіне атақты Шөже ақынның
творчестволық ықпалы елеулі болғандығын атап айтуымыз керек. ХVІІІ ғасырдың
70-жылдарында Шөже Арқадан келіп, Жетісу елін, қырғызды аралаған шағында
Жамбыл сияқты талантты жас ақындардың көбі Шөженің қасына еріп жүрген.
Айтыстарда бөгелмейтін тұтқыйылдан сөз тапқыш алғыр шешен, шындықты
тайсалмай айтатын өткір тілді сыншыл, ел, рулар жайын, ел аузындағы өлең-
жыр қазынасы мол білетін Шөженің Жетісуға, қырғыз елін аралауы Жамбылдың
ақындық ортасына көп жаңа сөз өнерін, ақындық үлгіні қалдырған.
Сүйінбай, онан қала берді Шөже сияқты турашыл ақындардың дәстүрін
көрген Жамбыл әр мезгілде үстем таппен, болыстардың жағымпаз қылықтарын
жалтақтамай бетіне ашық айтып, өлтіре сынап отырған. Жалшысын сабаған
байдың қаталдығы, әйелін сабаған ожардың қылығы, кедейге зорлық істеген би,
болыстың қиянаттары, мен-менсіп, жұртты қорламақ болған дарақы байлардың
озбырлық мінездері – бәрі Жамбылдың өткір сынына, сайқымазағына душар болып
отырады екен.
Сабыр Қазыбайұлының «XV-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты жыраулар
поэзиясы «А-полиграфия» ЖШС Ақтөбе, 2004 жылы баспадан шыққан осы еңбегінде
Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895жж) Көкшетау облысының Қызылтау ауданында
немесе Қарағанды облысы Нұра ауданында туып өскен қазақтың атақты
ақындарының бірі. Ата-тегі қазақ емес сияқты деген. Осы кітапта Шөже күшті
эпик ақын болды, әсіресе ол жырлаған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры осы
халық мұрасының ең көркем үлгісі болып бағаланады. Елге көп тараған. 1860
жылы қағаз бетіне түсірілген. (143-149 беттер).
Құлыншақ Кемелұлы ақын, 1831 жылы туып, қазіргі Шымкент облысы, Созақ
ауданы жерінде өмір сүріп, 1911 жылы дүниеден өткен екен. Құлыншақтың әкесі
Кемел көзі ашық, көңілі сергек адам болған. Әке баласының қабілетін танып,
оның он бес жасында-ақ жұрт назарына ілінгеніне жіті көңіл аударады.
Сөйтіп, әке баласының ақындық бетін қақпай, түзу жол сілтеп, ел аралауына
ерік береді.
Сұлтанбектің толғауында әкесі Құлыншақты атақты Шөже ақыннан бата алып
келуге жібереді. Бұл жайды жырау:
«Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,
Үш тоғыз дүниемен жібереді.
Шөженің ақ батасын алып қайтты,
Адамзат батаменен көгереді.
Келген сыз киіндіріп, ат мінгізіп,
Баланы еркіменен қоя береді.
Күнде той, күнде жиын, күнде өлең ғой,
Күңірентіп жібереді жүрген жерді»,-
деп баяндайды.
Ал Сұлтанбек Құлыншақ ақынның жерлесі, әрі үлгісін алған шәкірті.

Шөженің жырлары мен нақылдары

Шөженің жоғарыда аталған толғаулары – негізінен, арнау өлеңдер. Онда
ақын көбіне адамгершілік идеяны көтереді. Мейірімді, әділ болуды ұсынады.
Бұл ақын толғауларының аз бөлігі. Ал, оның басым бөлігі әлеуметтік
мәселеге арналып, онда ақын көбіне келелі ойлар қозғап, келісті пікір
айтады.
Ақын пейілді, мейірімді, адамгершілігі мол, кемтарға қарағыш,
қысылған жерде қол берер, ағайыншылығы зор ерді арман етеді. Жағымсыз, қара
ниетті адамдарға қарсы шығады.
«Пейілі кеткен адамда
Еш береке болмайды.
Дәулеті қашқан байларға
Ырыс келіп қонбайды.
Ата-енесін зарлатса,
Зарлатқан жігіт оңбайды.
Ақын өлеңдерінде өткен өмірді аңсауға да, өткен іске өкінуге
де болмайтынын айтады. Кейбір өлеңдерінде елді алға, болашаққа мегзейді.
Бұған қарағанда, ақынның оптимистік идеялары да айқын. Ол өз басының
кемтарлық тағдырына көп көңіл бөлмей, өміршең туғызған.

Жолшораға айтқаны

Жолшора мен Шөже бір-бірімен құрдастай қатты қалжыңдасқан деген сөз
бар. Шөженің соқырлығын айналып келіп Жолшора бетіне салық қылатын дейді.
Сонда Шөже:
- Сен Жолшора болсаң,
Мен бейшара.
Сен қазы болсаң,
Мен қорғыланған.
Аяғыңнан алатын қара тазымын, -
депті. Ол кезде сөзге тоқтаған заман ғой. Содан кейін Жолшора Шөженің
көзіне соқтықпапты.

Көпбай болысқа айтқаны

Шөже ақын Көпбай дегенге сәлем беріп болған соң: «Көпе, жолың
болып келе жатқан тәрізді» десе керек. Көпбай: «Болыс сайлауынан келемін,
мен бүгін болыс сайландым», - депті. Сонда Шөже:
«Көпбайым, болыс болдым десеңші,
Пара жеуге қоныс болдым десеңші,
Байдың басын сыласаң, кедейдің жанын қинасаң,
Жаһанның түбі қоныс болды десеңші», - деген екен.

Шөже мен Аққалай
Шөженің Аққалай қызбен кездесуі тосын да қызық. Шөже арнайы
іздеп келсе, атақты Орынбай ақын үйде жоқ екен. Шөже келгенде Орынбайдың
қызы Аққалай алдына жібек орамал ұстап, оның екі шетін екі қызға кергізіп,
оперденің арғы жағында өлең айтып отыр екен. Сонда ақын қызға сөз қатады.
Шөже:
Дидарын сұлу қыздың көре алмаймын,
Көзім жоқ еріп тағы жүре алмаймын.
Жалғанда соқыр шіркін кемдік екен,
Қатын ба, қыз ба, сірә, біле алмаймын.
Қыз:
Қаржаубай сенің әкең шын жарлы едің,
Ішінде ауған қызрғыз сен жарлы едің.
Көзіңе көрінгеннен құн сұрайсың,
Көзіңнің шыққанында мен бар ма едім.

Ауылымның ақсақалы Алтай, Қарпық,
Қолында сырнайшының жезден тартық.
Кезбе де, соқыр да өзің болғаннан соң,
Не болайын деп едің мұнан артық.

Екі ақынның өлеңінде де динамикалық қуат, тосыннан табылған ұтқыр сөз
көрініп отыр.

Шөженің он үш жасар қызбен айтысы

Түрі жөненін өзге айтыстарынан өзгешелеуі – бозбала жігіт Шөженің он
үш жасар қызбен сөз қағыстыруы. Мұнда әуелгі сөзді қыз бастайды. Оған Шөже
жауап береді.
Қыз қара өлең, жұмбақ өлең айтып жеңе берген соң, Шөже отырып:
- Тағы, тағы.
Тағының сартылдайды тіл мен жағы.
Япырмай-ай, мына қызың сөзге шебер.
Әкемнің көтере көр аруағы, -
дегенде, қыз тұрып:
- Тағы, тағы
Тағының сартылдайды тіл мен жағы.
Әкеңді бура шайнап, суыр жеген,
Тұрады қай жерінде аруағы? –
дейді.
Қыздың орайлы да, тегеурінді жауабынан кейін Шөже сөз
жарыстырмай сабыр етеді. Өйткені шынында Шөженің әкесі далада келе
жатқанда, кісіге шабатын бураға кезігіп қалады. Бура аузын сала бергенде,
Қаржаубай оның үстіне ырғып мініп алады. Бура үстінен түсіре алмай, суырдың
інінің аузына келіп, шөгіп аунайды. Барар жер таба алмай, Қаржаубай інге
кіреді. Бірақ, бура іннің аузынан тұрмаған соң, пышақпен ішін жарады. Сонда
бура тұрмай, іннің аузында өледі. Қаржаубай іннен шыға алмай, тұншығып
өледі. Міне, қыз осы жағдайды айтып бозбала жігіт Шөжені жеңіп кетеді.

Шөже мен бала
Шөже Алтай еліне барып, сонда бір ағып тұрған ақын, таз бала бар деп
естіп (баланың әкесі ақсақ, шешіс соқыр екен), соған бір ағып тұрған ақын,
та бала бар деп естіп (баланың әкесі ақсақ, шешесі соқыр екен), соған бір
ауыз өлеңін айтайын деп, жол жетекшісі екеуі қой бағып жүрген балаға
келеді. Сонда Шөже балаға:
Басында таз тақияның кішкене екен,
Қолы сынғыр бір олақ пішкен екен.
Әкең ақсақ болғанда, шешең соқыр,
Құдайым қыр соңыңа түскен екен, -
депті, бала да іркелместен:
Әзілдесіп қалайық әзіл сөзбен,
Өлсек орап қояды мақта бөзбен.
Ел ақтап бұл Алтайға келіп едің,
Не таптың екеуара жалғыз көзбен? –
дегенде, Шөже жанындағы кісіге:
-Сенің көзің де мүкіс пе еді, - деп, балаға үндеместен жөніне жүріп
кетіпті.

Шөженің әндері

Шөженің орындаушылық қабілеті де мол болса керек. Ол жырларды өзіндік
бір әуенмен әндетіп орындайтын адам болыпты. Кейде ән де шығарып жүріпті
деседі.
Белгілі «Балқурай» атты ән ел арасында Шөженің есімімен тараған:

Ай-күнім, Айман айым, денің сау ма,
Шырмалған ақ шабағым қиын ауға.
Алыстан аласұрып келдім жетіп,
Болсын деп шыбын жанып саған сауға.

Қайырмасы:
Қару – жарақ тағынып,
Айырылды деп неғылып,
Айман айым, жұлдызым,
Жаңа таптым сағынып.

Кешіктім көп отырдым тас қамауда,
Қапамен дәурен өтті күн санауда.
Жеткенім осы-ау болды, кешірерсің,
Салсам мен тон тонауды кан талауға.

Ақынның әуезді туындыларынан бізге жеткені «Шөже» әні:

Қаржаубайдың баласы ем атым Шөже,
Тамағыма жақпай тұр күйген көже.
Жеті жаста Құдайым көзімді алып,
От басында отырмын болып еже.

Қайырмасы:
Ах-ау, қаудыр, қаудыр-ай-ау...
Шорман байдың баласы Мұсы мырза,
Бұл ісіңе болмай тұр халқың ырза.
Соқыр келсе басыңды көтермейсің,
Біз соқыр жеп кететін қасқырмыз ба?

Сен бәйтерек болғанда біз көбелек,
Дүниенің төрт бөрышы дөп-дөңгелек,
Асылғанда бұтағың көтермесе,
Құр бәйтерек болғаның неме керек?

Қайырмасы.

А.В.Затаевич 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың 500 әні мен күйі»
кітабында Шөженің төрт әнін жариялаған. Мұны Қаныш Сәтбаев, Мұқатай
Ержанов, Хасен Табиннің айтулары бойынша жазып алып, нотаға түсірген.
Мамандардың ойынша оның әндері әлі толық жинала болмаса керек.

Шөже Қаржаубайұлының дүниеден өтуі және жерленген жері туралы
деректер:

Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895ж.ж.) шығармашылығы толық
зерттелмегендіктен оның туған, өлген жері жөнінде толық дерек жоқ екеніне
біраз тоқталып өткенді дұрыс деп ойлаймын.
«Бес ғасыр жырлайды» атты үш томдықта Шөже Қаржаубайұлының туған жерін
Көкшектау облысының Қызылтау ауданында кедей семьясында туып өскендігі
жайлы дерек айтылады.
Қазақ Совет Энциклопедияының VII томдығында 275-бетте былай деп анық
жазылған: Шөже Қаржаубайұлы (1808 ж. Қарағанды облысының Нұра ауданында
туған, 1865, сонда) М. Жармұханбетовтың 1962 жылғы және 1965 жылы шыққан
ғылыми құжаттарына сүйеніп берілген мақала. М. Әуезовтің «Абай жолы»
романының 1954 жылғы II томдығына да сүйенген.
Нұра ауданында туғандығы туралы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының ғылыми қызметкері А. Канафияұлы 1992 жылы шыққан «Қазақ
тілі мен әдебиет» журналының 5-6 санындағы «Айтыстың аққан жұлдызы» деген
мақаласында нақтылы дәлелдейді.
Сонымен бірге кейінгі жылдары Қазақстан мектебі журналының №2, №3, №4
2000 жылғы сандарында «Шөже айтыстарының текстологиясы» берілген.
Қазақ Совет Энциклопедиясының көрсетіп отырған сілтемесі болмаса Шөже
Қаржаубайұлының қай жерде дүниеден өтіп, қайда жерленгендігі туралы дерек
жоқ. Мүмкін әдебиетші қауым білмегенімен Нұра ауданының жерінде тұратын
көне көз қариялар, ақынның ұрпақтары бар болса білетін шығар.
Мерзімді баспасөз мәліметтеріне сенсек арқаның Шөже Қаржаубайұлының
туған, өлген жылдары әртүрлі, туған жері де әртүрлі жазылып жүр.
1986 жылы қайтыс болған полковник Қасенов Сағат былай дейді: «Шөже
Қаржаубайұлы Нұра бойындағы 1803 жылы Қаржаубай атты сіңіре шыққан кедей
шаруаның жанұясында дүниеге келді десе, ал 1989 жылы Алматыда «Жазушы»
баспасы шығарған, 1965 жылы шыққан «Айтыс» кітабының бірінші томындығында
Е.Исмаилов «Шөже 1805 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданында туып-өскен.
1805 жылы қайтыс болған» дейді.
Қарағанды университетінің оқытушысы, Халықаралық ақпараттандыру
Академиясының академигі, экономика ғылымының докторы, профессор Рашид
Каренов Шөже Қаржаубайұлының 200 жылдығына орай «Азия-Транзит» журналының
№2, 2004ж. санында 34-38 бетте, №5 санында 36-38 беттерде, №7 санында 18-25
беттерде осы ақын шығармашылығын жан-жақты саралаған.
Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастығы таяуда Рымбала
Омарбекова «Орталық Қазақстан» газетінің №17-18 санындағы 2 бетіндегі
«Мәдениет мәйегі шығармашылық пен жаңашылдық» атты мақаласында «Қарақаралы
ауданындағы Шөже ақынның бейітін, Нүркен – 2 қорымын, Ақтоғай ауданындағы
Бегазы кешенін жөндеу, қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары
жүргізілді» делінген ой айтылған.

Ақтоғай азаматы, халық ағарту ісінің үздігі, ақын Қасымхан Қаленовтің
Шөже туралы естіген әңгімесінен:
... Әйткенімен өзім куә болған мына бір жайды айта кетейін. 1954 жылы
Ақтоғай ауданының Шұбартау ауылында тұратын Рақымов Ақпанбай деген тобықты
ішінде Ақсары Бөртебай тұқымынан шыққан ақсақал қайтыс болды. Сол кісінің
өсиеті бойынша Тоқырауын өзені бойындағы Әлібек тоғаны деген жердегі әкесі
Рақымның кесенесіне әкеп жерледік. Бұл Рақым ақсақал аса ауқатты адам
болған. Ол кісінің басына тұрғызылған кесененің өзіне де 100 жылдай уақыт
өткен, бірақ әлі бұзылмаған.
Рақымнан Ақпанбай, Қызылбай, Ақбай деген балалары болған, тек жанында
бәйбішесі (руы қырғыз), Ақпанбай баласы және ағайындары Кәрібектің әкесі
Шөкей, Сабырбай – Төлеубек әкелері Әрін жатыр. Соның жанында сол кісінің
немере туысы Жүніс ақсақалдың да әкесінің кесенесі бар екен. Жүніс ақсақал
Ақпанбайдан жеті жас үлкен екен. Сол кезден 40-45 жылдай бұрын Жүніс кесене
ішінен қабырын қазып дайындап қойыпты. Батыр тұлғалы еңгезердей денелі, ақ
көңіл бала мінезді Жүніс ақсақал өзіне дайындап қойған қабірдің ішіне
жатып: «Балалар, мына орнымның ұзындығы, ені тар болмай ма, мені жерлегенде
азырақ кеңейтіп жібересіңдер ғой» деп өтініш еткен еді. Інісінен жеті күн
кейін ол ақсақал да қайтыс болып, өзінің қалаған орнына жатты. Сол Жүніс
ақсақал інісі Ақпанбайды жерлеген күні:
- Мына Ақпанбайдың әкесі Рақымның жанында атақты соқыр Шөже
жерленген. Бірде Қоянды жәрмеңкесіде барғанда Қарқаралыдан соқыр
Шөже кездесіпті. Ауылға ақындармен айтыстырамен деп Рақым Шөжені
ерте келсе керек. Шөже келгеннен ауырып, іші тиылмай жеті күн
жатады. Ақыры сол іш аурудан сол үйде дүние салады. Рақым әкесі
жерленген кесенеге Шөжені де жерлеген. Қазір 76 жасқа келіп отырған
Ұлы Отан соғысы ардагері, көп жыл есеп қызметінде еңбек еткен Шәжен
Ақпанбайұлы да әкесі Ақпанбай ақсақалдың айтқанын алдымызға
көлденең тартады. Біздің естіген, білгенімізді ол кісі де растайды.

Ақын Шөже Қаржаубайұлы туралы Рақым немересі Ақпанбайұлы Шәженнің
естелігінен:

-Мен, Ақпанбаев Шәжен 1925 жылы туғанмын. Руым тобықты, оның ішінде
атамыз Ақсары боламыз. Бөртебай көпес деген арғы үлкен атадан тараймыз.
Менің әкем Ақпанбай – үлкен әкем Рақым деген кісінің мазарының
жанында. Рақым әкем менің 2-3 жасымда қайтыс болыпты.
Біздің негізгі қыстауымыз Орта Дересін болады. Рақым дәулетті малға
бай адам болған. 12-13 адам ұстап, қәзіргі «Әлібек» деп аталатын тоғанды
өзеннен бастап Балқашқа қарай 15-16 км жерге тоған қазып, егін салып күзде
Орта Дересінге көшіп, мұз қата Талдықорған жаққа астық, балық артып қыста
саудамен айналысып, жазда келіп егін, малмен шұғылданған.
Рақым үлкен әкем әлді, аухатты – дәулеті бар кісі болған. Қырғыз
елінен оның ішінде «Нөкіс» деген атадан Игілік ұста деген кісінің
қарындасына үйленеді. Қайыншылдап жүріп, мал бағулы, егін салуы болған
соң, Қырғыз еліне, 7 ауыл дейтін қара руына, Қарқаралы жағына, Семейге
дейін қыдырып жүріп, Шөженің тоқтасқан, жағдайының төмендеген шағында кез
болып, ауылдағы Шыбыке шешен, Шалхармен айтыстырып, еріккенге ермек жасау
үшін елге қолына әкеледі. Бұл ақын Шөже келер жылы қайтыс болған.
Қазіргі өзі жатқан, ол үш ата Әрін, Шөкей, Шыбыке, Шалхар туыстарының,
немерелеріне соққан бейіттің Балхаш жағындағы қабырғаның сыртына оңаша
жерленген.
Бұл туралы 1940-1941 жылдары мен Балхашта 5-6 класта оқығанда әке –
шешем Қаратал совхозында тұрған. Мені оқуға, не демалыста келгенде өгіз
арбамен тасып жүріп, Әлібек тоғанының үстімен Әуезбақы деген жермен
жүргенде, жолшыбай бейітке соғып дұға жасап жүретінбіз. Сол уақытта ұлым
есіңде жүрер біздің бар жақын ағайындар үлкен әкең, шешең осында. Мына
сыртындағы оңаша жатқан руы қырғыз Шөже деген. Ағайынмен дауластырып әңгіме
үшін әкеліп едім. Қайтыс болған соң осы араға оңаша жерледім деп үлкен әкең
айтқан деп, өз әкем 4-5 рет өткенде жолда дұға оқып жүріп айтқаны есімде
еді. Кейінде 1950-1953 жылдарда машинамен өткенде жол – жөнекей соғып
жүрдік. Менің Шөже ақын туралы білетінім осы.
Ал, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын Шөжеден ауылдағы малшы болған,
Молдабаев Сламбек жаттап алып, ел арасында айтып жүргенін естідім. Кейіннен
С.Молдабаев Ақпанбай әкемнің Несібелді деген қарындасын алды.
Ақын Шөже Қаржаубайұлы туралы Ақпанбай немересі Шәженқызы Ақпанбаева
Торғайдың естелігі:
-Осы әкем Шәжен әңгімесін естіген соң ауданның азаматтарымен
пікірлестім, Шөже ақын шығармашылығын зерттеуге кірістім.
Кейінірек аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінде «Өлі риза болмай,
тірі байымайды» (12 маусым1999 жыл.) деген мақала жаздым. Мақсатым –
Тоқырауын өзені бойында атақты адам Шөже жатқанын, аудан азаматтары,
жастар білсе деген ой еді. Үлкен әкелерім кесенесінде осындай алып
адамының еш белгісіз жатуына алаңдадым. Міне толғантқан аты мәшһұр ақынның
тағдыры тұйықталар тұсы әкелерім өмір кешкен кезеңмен шектесіп, Әлібек
толғанындағы әулет қорымына жерленуі болды. Сонымен қатар, Шөже сынды
айтыс өнерінің бітімі бөлек шайыр тілді, ұшқыр ойлы өкілінің тал бесігіміз
Тоқырауын топырағында пырағы жай тапқанын естіп біле тұра, үнсіз қалуға
дәтім жетпеді.
Ендігі айтарым, халқымыз ардақ тұтқан аяулы перзентінің тағдыр айдап
әкелген, Ақтоғай жеріндегі зиратына белгі қойып, құрмет көрсетсек біздің
аруақ алдындағы елдік, адами парызымыздың өтелгені емес пе?
(«Тоқырауын тынысы» газеті. Оқырман ой айтады бөлімі.12 маусым 1999 жыл.)
Содан әр түрлі жағдайлармен 1999 жылы белгі жасатып қойдым да, ал оны
орнату сәті 2001 жылдың тамыз айында орындалды. Тағы аудандық газетке
«Тоқырауын тынысы» газеті. Руханият бөлімі. 12 маусым 1999 жылы.
«Ескеріткіш тақта орнатылды» деген тақырыпта мақала бердім. Онда тағы
қосымша деректер енгізілді.
Зерттеп жинақтай келе мынандай жұмыстар істелді. Олар:
• Ақын басына белгі қойылды.
• Аудандық газеттерге жазылды, ал ауданда ұзақ жылдар газет қызметкері
болған Мина апамыз № «Тоқырауын тынысы» газетінде мақала жазды.
• «Азия – Транзит” журналына ақынның туғанына 200 жыл толуына орай Рашит
Кареновтың көлемді мақалалары жарық көрді.
• Ақпанбаева Торғайдың осы ақынға арналған Облыстық білім департаменті
Қарағанды Әкімі жанындағы мемлекеттік және білім беру қызметкерлерінің
біліктілігін арттыру және қайта дайындау институты тарапынан
«Айтыстың ақберен шебері Шөже Қаржаубайұлының шығармашылық жолы» атты
шағын кітапшасы және осы негізінде «Айтыс өнері» бағдарламасы жарық
көрді.
«Тоқырауын тынысы» № 14 (6854) 4 сәуір 2002 жылғы газетінде Ақтоғай
аудандық газетінің байырғы қызметкері Мина Кәдірбаева анамыз «Рухы
ұрпақтармен үндескендей» тақырыбында жазған мақаласында: «Айтыстың ақберен
шебері Шөже Қаржаубайұлының шығармашылық жолы» атты ұстаз Торғай
Ақпанбаеваның зерттеу еңбегі көп адамның ризашылығын туғызуда. Ертеректе
оқыған бір кітабымда жазушы Сәбит Мұқанов Шөже ақынның зираты қайда екені
белгісіз, Сарыарқада қалды деп жазғанын оқып едім. Сол даңқты Шөженің
зираты ұзақ уақыттан соң зерделі ұрпақтың арқасында елге белгілі болуы өте
ұлағатты іс. Халқымыздың ақберен ақыны өз рухымен осы елдің ұрпағын да
желеп-жебеп жатар деген сезіммен, әрі Торғайдың тындырымды ісіне
ризашылықпен газетке осы пікірімді жолдауды жөн көрдім деп» - пікір
айтылған.
«Тоқырауын тынысы» газетінің 2 мамыр 2002 жылғы санының 7-бетінде «Тарих-
тағлым» деген бөлімінде Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген мұғалім,
Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, тарихшы Асқар Сейдахметовтың «Жақсы
өнеге тудырған ойлар» атты мақаласы жарық көрді. Онда: Торғай Ақпанбаеваның
ақберен шебері Шөже Қаржаубайұлының шығармашылық жолы» деген танымдық
зерттеу еңбегі жарық көрді. Осы еңбекте эпостық жырдың көрнекті ақыны
Шөженің өмірі, шығармаларынан мағлұмат берілген.
Қорыта келгенде Шөже творчествосын жинау, зерттеумен айналысқандардың
ақын, туған жері, өлген жері туралы мәліметтер бір-біріне ұқсамайды. Шын
мәнінде тек Шөже ақын ХІХ ғасырдың басында туып, соңына дейін өмір сүргені,
шын мәнінде Қарағанды облысы ақыны екені анық. Ал жерленген жері туралы әр
түрлі деректер болғандықтан анықтау мүмкіндігі бар ма?
Анықтау жұмысы тек ғалым археологтар еншісі деп ойлаймын. Осы
зерттелген жұмыстарға қойылатын алдағы мақсат:
1. Археологтармен байланыс жасап, пікірлесу қажет.
2. Шөже еңбектерін жинақтау
3. Егер анықталса басына мазар орнату.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. М. Әуезов Шөжеге арнаған «Абай жолы» романының үшінші тарауы
2. Ж.Жабаев «Ақындарға арнау» (1943 жыл)
3. Есмағанбет Исмайлов «Ақындар» атты монографиялық еңбегі
4. «Бес ғасыр жырлайды» үш томдық кітабы
5. Қазақ Совет Энциклопедияының VII томдығында 275-бетте
6. «Қазақ тілі мен әдебиет» журналының №5-6 санында 1992 ж.
«Айтыстың аққан жұлдызы» мақаласы
7. Қазақстан мектебі журналының №2, №3, №4 2000 жылғы сандарында
«Шөже айтыстарының текстологиясы»
8. Рашид Каренов Шөже Қаржаубайұлының 200 жылдығына орай «Азия-
Транзит» журналының №2, 2004ж. санында 34-38 бетте, №5 санында 36-
38 беттерде, №7 санында 18-25 беттерде
9. Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рымбала
Омарбекованың «Орталық Қазақстан» газетінің №17-18 санындағы 2
бетіндегі «Мәдениет мәйегі шығармашылық пен жаңашылдық» атты
мақаласы
10. Т.Ақпанбаева «Айтыстың ақберен шебері Шөже Қаржаубайұлының
шығармашылық жолы», 2002 жыл
11. Ж.К. Каракузова «Изучение эпопеи М. Ауэзова «Путь Абая» в русской
школе», Алматы «Рауан»1991 г.
12. «Абай» энциклопедиясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 бет.
13. «Егемен Қазақстан» газетінің 27 наурыз 2002 жылғы № 67 (22970) санының
6-шы беті
14. Сабыр Қазыбайұлының «XV-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты жыраулар
поэзиясы «А-полиграфия» ЖШС Ақтөбе, 2004 жыл.
15. «Тоқырауын тынысы» газетінің 2 мамыр 2002 жылғы санының 7-бетінде
«Тарих-тағлым» деген бөлім
16. «Тоқырауын тынысы» № 14 (6854) 4 сәуір 2002 жылғы газетінде Ақтоғай
аудандық газетінің байырғы қызметкері Мина Кәдірбаеваның пікірі

Ұқсас жұмыстар
Ұлылар есімі мәңгі өлмейді
Хіх ғ. і жар.қазақ әдебиеті мен оның бағыттары
Хіх ғасырдың і-жартысындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті
Қола дәуірінің қоғамдық құрылысы, жеке меншіктің пайда болуы
Зар заман ақындарының шығармашылығы
Бұғауға бағынбаған жырлар
Аға тіл менен ана тіл
Өлең барда, кие тұтар өнер барда мәңгілік Манаптың шоқтығы биік
Туған әдебиет жанашыры
Жүз жыл жырлаған жүрек (әдеби кеш)
Пәндер