Сабақ жоспары :: Психология

Файл қосу

Балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі



Балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі

Жоспар
1. Бала тәрбиесі
2. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға
3. Отбасы – біртұтас мемлекет

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты
— балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын
бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне
мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі
даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген
адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы
ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса
керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.Шыр етіп сәби дүниеге
келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен
қоғамдық міндет тұрады.
Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін
үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық,
татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда
тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала
кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді.
Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің»
деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп
жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне
көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін
орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп
баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін
ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап,
терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген
тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына
дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін
түсіреді.
Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де
балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете
білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған
орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар
«Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен
сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге
тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй
шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы
жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа
біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала
алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы,
арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ
ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ»
дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.
Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.Негізінен жанұяның шырқы
бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан
азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы
айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір
аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс
жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей
беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен
іздейміз? Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі
қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл
жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Жас
шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны
ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады.
Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген
достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім
алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-
түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала
— әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.Шәкәрім
атамыздың « Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады,олар
барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл,таза жүрек.Бұл сапалар
адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» дегеніндей, құнды
қасиеттерге не рухани адамды қалыптастыру — шынында да оның туған кезінен
басталса керек.Ал адамның адам болып қалыптасуында ата-анамен қатар
тәрбиеші мен мұғалімнің де рөлі бар.
Қарапайым мысалға жүгінсек,мектепке келген кезінде сондай сүйкімді,
тілалғыш, жүрегі таза, сезімі пәк жас бүлдіршін орта немесе жоғары буынға
келгенде неге өзгеріп сала береді? Сондықтан мына бала қандай еді,қалай
өзгеріп кетті? Мынадай жаман әдеттерді қайдан үйреніп ала қойды? Неге
озбырлық жасуға бейім болып алды ?-деген сияқты сауалдар алдыңнан кесе-
көлденеңдейді. Әрине, оның себептерін жан-жақтан іздеуге болады. Ата-анасын
жүрген ортасын қосқанда оның тәрбиесіне мұғалімнен басқа бірнеше адамның
қатысы бар. Балаға жүрек жылуы қашан да қажет және ол ешқашан артық
болмайды.Ата-анасынан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала менің
ата-анам да осындай болса,деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан
таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді. Баласын
қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез келген ата-ананың қолынан келе
бермейді.
Біреу жақсы киіндіріп қояды, біреу тамағы тоқ болса болды деп, қалтасына
ақшасын салып бергеніне мәз. Біреулері өте қатал, айтқанын орындатады. Бала
қорыққаннан уақытша тыңдайды, бірақ ата-анасының уысынан шыққан соң өзін-
өзі ұстай алмайтын жағдаға жетеді.Мұғалім оқушыға материалдық жағдай
жасағанмен, оның өміріне азық болар ең қымбат асыл қасиеттер: адамзаттық
құндылықтармен, біліммен қамтамасыз етіп, қаруландырады. Алтын бесік —
отбасы болса,алтын ұя — мектеп.Иә, олардың алтынға балануы неліктен? Екеуі
де қасиетті, әрі қастерлі.Өйткені, отбасы Адамды дүниеге әкеліп,
қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақалы мен білімі
адамзаттық құндылықтармен толысқан, жан-жақты жетілген,өз бетімен өмір
сүруге бейім, қоршаған ортамен тікелей байланысқа шыға алатын, толыққанды
Адам етіп тәрбиелеп шығарады. Осы екі ортаның да мақсаты — ортақ, міндет —
біреу.
Демек , мұғалім мен тәрбиеші қаумының қиындықтарға жиі кездесіп, үнемі
толғаныста жүретініде содан. Сондықтан кез келген мұғалім баламен
байланысқа шықпас бұрын, оқу-тәрбие жұмысындағы қызметін өзін-өзі танудан
бастағаны жөн.Өзіңнің бала болғаныңды, өзіңнің ата-ана екеніңді, өзіңнің
ұстаз екеніңді ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырсаң,өзге алдындағы
жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды. Ғұлама Әл-Фараби
«Дүниедегі ең оңай нәрсе ақыл айту,ең қиыны өзіңді өзің түсіну»
десе,К.Маркс «Өзіңді өзің тану даналықтың бірінші белгісі» деп ескертеді.
Ең бастысы,баланың жан азығына зәру екеніні еш уақытта ұмытуға
болмайды.Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі
түрлі мінезбен туады.Біріншісі — ішсем,жесем,ұйықтасам деп туады.Бұлар
тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды,hәм өзі
өспейді, қуат таппайды. Екіншісі — білсем екен деп ұмтылып,одан
ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да
тұра жүгіріп, «ол немене ?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге
бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық
көрмейді. Мұның бәрі « жан құмары,білсем екен,көрсем екен,үйренсем
екен.»деген үлкен пәлсопалық ой жатыр. Яғни,балаға туғаннан тән азығы —
тамақ қандай қажет болса,жан азығы — жылулық, сүйіспеншілік те сондай
қажет.Ал оның қажетін қанағаттандырмай, түпкі мақсат ешқашан орындалмайтыны
белгілі жәйт. Мұны мұғалім де, ата-ана да әсте естен шығармағандары жөн.
Отбасында негізгі туыстық қатынас - ерлер жағымен есептелген.
Сонымен қатар әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан
туған балаларды жиен деп атап, балалар үшін шешесінің туыстары нағашы,
нағашы жұрт деп аталды. Қазақ салты бойынша жиенді ренжітуге болмайды,
сұрағанын беріп, көңілін жықпауға тырысқан.
Жалпы алғанда, қазақтың туыстық қатынас атаулары 90ға жетеді.
Көнекөз шежіреші қариялар бір атадан келесі атаның баласын, туыстық
тармақтарды еш қиналмастан-ақ тарқата береді. Осылайша, тарихи оқиғалар,
аңыз-әңгімелер атадан балаға жалғастырылады.
Туыстық жүйенің ең негізі, бел ортасы - отбасы саналады. Барлық
алыс-жақын туыстық – осы отбасынан есептеледі.
Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол – ата, әке, бала.
Аталар мен апалар ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы
болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке
бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша
көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі
заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік деп
есептеледі.
Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-
апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып
тәрбиелеп отырған.
Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз
қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп,
тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-апасын өз әке-шешесіндей санап, туған әке-
шешесін тек қана өскеннен кейін де танып жатады. Кейде тұңғыш немересі
кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жәйт
кездеседі.
Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы,
қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.
Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі
ұғымдармен сыйлы да құрметті.
Қара шаңырақ, үлкен үй деп атайтын әкенің үйіне болашақта кенже ұл ие
болып, қарттарды бағып-қағатын, көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да
сақталған. Ал үлкендері үйленіп үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан.
Жасы кіші болса да кенже иеленген үлкен үй басқа жасы үлкен туыстары үшін
де қадірлі, қасиетті үй ретінде саналған.
Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелегенде, Орта
Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары
мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін
жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген. Дегенмен, қазақ әйелдері үшін
басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша
сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады.
Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп,
болашақ үлкен өмірге дайындайды. Туыс ағыйындардың әйелдері – абысындардың
қарым-қатынасы өзара көмек пен түсіністікке, берекеге құрылады. Сондықтан
да, «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», - деген.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың
көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта
біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: « Оның әкесі немесе атасы
жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», - деп
мадақтайды.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында
ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен.
Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар
аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында
жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік,
аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған
әулеттер қазір де баршылық.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз
балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Кәмелетке толғанға дейін
бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алды. Ол ерінің
адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың
барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын
сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі. Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ»
деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы
жауапты болған. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.
Ұзатылып келген қалыңдық үйлену тойының ертеңінде бүкіл ру, әулет,
ауылға келін болып саналады. Өзі аттаған босағасының, рудың адамы санатына
қосылып кетеді.
Қазақ жақсы келінді қызынан кем көрмеген.
Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өлгенде аруағын
құрметтеу - жақсы келіннің әдептілігі мен тәрбиелілігінің айғағы.
Тұрмыстағы көргені мен түйгені, ақылдылығы, парасатты келінді есейе
келе, ауыл-үй құлақ салып ақылдасатын ана дәрежесіне көтереді.
Қызына құда түсіп, айттырған күннен бастап жігіт қыз ауылы үшін күйеу
атанып кете барады. Күйеу қайын жұртында төрге шықпайды, оған сыбағалы асы
деп асықты жілік пен төс тартылады.
Әрине, жасы егделеген сайын, күйеудің әлеуметтік мәртебесі де
жоғарылайтыны белгілі. «Күйеу қартайса құда болады», сөзі осы уақыт
аралығында күйеу жақтан әлденеше қыз алысып, қыз беріскендігін, күйеудің де
беделді адам бола бастағандығын айғақтаса керек. Қазақтың «Күйеуді қызым
үшін сыйлаймын» деген сөзінде де үлкен мән бар.
Әуезов М. Абай жолы: Бұл романда жазушы Құнанбайды асқан
сүйіспеншілікпен жетер жеріне жеткізе суреттейді. Құнанбай Абайға әке ғана
емес, заманның үлкен қайраткері, әрі үлкен тұлғасы. Ал, Абай ойы, Абай
даналығы, Абай тереңдігі – тазадан тазалыққа, биіктен биіктерге шақырар
жанның жарық жұлдызына айналған. Мұндай эпопеяны халқын шын сүйген адам
ғана жаза алады. Бұл эпопеясы болмаса қазақ өмірі, оның кім екендігі дәл
сондай құдіреттілікпен дүниеге танылмас еді. « Абай жолы» халқымыздың ақыл
– ойын биікке көтерген, әрбір отбасының сүйіп оқитын, тәлім-тәрбие алатын
туындысы болды.
Отбасының бала тәрбиесіндегі ролі
бала тәрбиесінде отбасы ықпалы басқа тәрбиелік ықпалдарға қарағанда ең
басым болып келуі;
өркениетті, зайырлы, құқықты қоғамның азаматын тәрбиелеуде отбасы
мемлекеттің негізгі буыны;
отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді
қалыптастыратын қоғамның ажырмайтын басты тірек – арқауы;
отбасы – жеке тұлғаны әлеуметтендіру міндетін жүзеге асырушы. Ол болашақ
жас азаматтың дене жетілеуіне, шынығуына, рухани және адами дамуына, ең
құнды жалпы адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты бағалауға,
еңбек ету дағдысын тәрбиелеуге ықпал жасаушы;
отбасы бала тәрбиесінде адамзат қоғамның тарихындағы ғасырлар сынынан
мүдірмей өткен ұлттық дәстүрлі жалғастырушы;
отбасының әлеуметтік міндеттерінің өзегі тәуелсіздікке ие болған Қазақстан
Республикасының мемлекеттік заңдарын құрметтеуші, елжанды азамат тәрбиелеу;
отбасы баланың мамандықты еркін және саналы таңдауына ықпал жасаушы;
отбасы өзінің ұрпағын болашақ отбасылық өмірге дайындаушы;
Енді бұрынғы қазақ қыздарының бойынан тәлім-тәрбиені, ізетті, сыйластықты
бәрін кездестіруге болатын еді. Үлкен кісі отырғанда оған жауап қайтару
былай тұрсын, көзіне тік қарамайтындай тәрбие еді ғой. Оған мысал осы
Әйгерім, Ұлпан, Данагүлдер емес пе? Тіпті, мұның өзі ескі заман болса да,
бертін келе Кеңес Үкіметі тұсында да қыздарымыздың тәрбиесі жоғарғы
деңгейде болғаны белгілі. Оған дәлел Меңтай, Таңшолпандар. Иә, қай туынды
болмасын сол заманның көрінісі ғой. Сол кездегі қыздарымыздың тәрбиесімен
қазіргі бойжеткендерімізді салыстыруға бола ма?
Осы орайда ойыма тағы бір оқиға түсіп отыр. Менімен бір топта оқыған таныс
құрбымның әңгімесі. Анасы «үлкен кісілерді сыйла, оларға құрмет көрсет,
көрген жерде көмектесуге тырыс» деп қанша ақыл айтса да, құрбымның бойынан
ондай қасиетті байқай алмадым. Өзінен үлкен кісілерді атымен атап,
кемшіліктерін айтатынына да таңмын.

Пайдаланылган әдебинттер
Акбарова Ж. Жанұядағы тәрбиенің ерекшеліктері //Бастауыш мектеп. –
2005. - №4. – Б.44-46
Атайбекова Ғ. Иманды жан - әдепті //Отбасы және балабақша. – 2005.
- №5. – Б.14-16
Ахметов С. Ата-ана не үшін өмір сүреді //Тәрбие құралы. – 2005.
-№3. – Б.76-77
Әділбекова Ш. Қоғам – отбасы берекесі //Қазақстан географиясы және
экология мектепте және ЖОО-да оқыту. – 2005. - №1. – Б. 22 -23
Әубакірова А. Отбасындағы сыйластық //Бастауыш мектеп. – 2005. -№4.
– Б.22-23
Бейсенбиева К. Бала – көңіл қуанышы // Отбасы және балабақша.-2000.-
№3-4.- Б.3-4


Ұқсас жұмыстар
Бала біздің болашағымыз
Күнсіз гүл өспес, күтусіз ұл өспес
Ата аналарды отырғызу
Баланың тәртібін
Ата-ана мен ұстаз, білім мекемесі арасында байланысты нығайту және ұстаз беделін арттыру
Сынып жетекшінің міндеті
Ата-аналармен жұмыс
Жанұя бақыты жаттығу
Бақытыңды балаңнан ізде
Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі
Пәндер