Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп...(конференция сабақ) 7-8 сыныптар



Ақжал негізгі мектебі


Тақырыбы:

-4390-1133<<Құйрықты жұлдыздай
жарқ етіп...>>
00 <<Құйрықты жұлдыздай
жарқ етіп...>>

( конференция - сабақ. 7-8 сыныптар )

Өткізген: Кушкимбаева Т.Р.


2012-2013 оқу жылы

Тақырыбы: <<Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп...>>
Мақсаты:
* Қазақ халқының біртуар перзенті Шоқан Уәлихановтың өмірі мен өскен ортасы, тәрбиесі жайлы тереңірек таныстыру;
* оқушының өз бетімен ізденушілік қабілетін ұштастыру, тұжырымды пікір айта білуге үйрету;
* Шоқан өмірін үлгі ете отырып, оқушыларды саналылыққа , еңбексүйгіштікке, өз елін, отбасын сүйе білуге тәрбиелеу.
Түрі: конференция - сабақ.
Көрнекілік: <<Шоқан Уәлиханов>> атты журнал, слайд - шоу, Шоқан салған суреттер.
Әдіс-тәсілдері: сұхбат түріндегі сұрақ-жауап,шағын сахналық қойылымдар.
Барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі
2. Мұғалімнің кіріспе сөзі
1-жүргізуші: Әр уақыттың әр кезеңінде халықтың біртуар данышпандары дүниеге келген. Ондай дана перзенттер біртұтас бір тарихи кезеңдегі халықтың мәдени өлшеміне, рухани биігіне айналып отырған. Сондай адамдардың бірі - ХІХ ғасырда өмір сүрген, кейінгі ұрпаққа рухани-әлеуметтік мұра қалдырған, әлем мойындаған дана ғалым - Шоқан Уәлиханов.
1-оқушы: Әлемді шолып ой көзбен,
Тереңге сүңгіп бойлаған.
Қайғыны жазып бойды езген
Толғанған әр кез ойлы адам.
Тарихшы елді зерттеген,
Сапармен барып Қашқарға!
2-оқушы: Тауларын кезіп Тянь-Шань,
Манасын жазған қырғыздың.
Жете алмай кеткен сан қыран
Нақ жұлдыз еді бұл біздің.
Жоңғардың батыс сілемін,
Мекендеп қалған мәңгілік.
Туған жер жауып кілемін,
<<Алтынемел>> тұр жаңғырып.
3-оқушы: Ғылым оқып, білгенше,
Тыным, тыныштық таппаған.
Дүние кезіп көргенше
Рахат іздеп жатпаған.
Құйрықты жұлдыз секілді
Туды да көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді
Мін тағар жан болмады.
2-жүргізуші: Ия, қазақ сахарасында <<құйрықты жұлдыз >> атанған Шоқан Уәлиханов есімі мәңгі ұмытылмайды. Шоқанның таланты телегей теңіз, оның ғалымдық өрістері ұлан-байтақ биіктерге серпілтіп жатады. Сіздердің назарларыңызға <<Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп...>> атты кешімізді ұсынамыз.( баяу күй орындалады)

4-оқушы: 1835 жылдың қоңыр күзі еді.Ел жайлаудан қозғалып,күзетке келіп қонған-ды. Жер бетін дымқыл тұман басып,арагідік қара сұр бұлт төмен сырғи көшеді. Ертелі-кеш мал-жанды бүрсеңдетіп ызғырық жел соғады.Осыған қарап ақсақалдар жағы-<<тырна жоғары ұшады, быйыл қыс жылы болуға тиіс>>,-деген болжам айтысады.
Киіз үй пана болмай бара жатқан соң, жұрт қыстауларына тарап қона бастаған.
Аға сұлтан Шыңғыс төре Құсмырындағы қыстауына жеткенше асықты.Олай болатын себебі де бар еді.зайыбы Зейнеп ай-күні жетіп отырған екі қабат. Көп кешікпей әйелі босанды. Зейнептің бұл тұла бойы тұңғышы еді. Жас нәретені жерден көтеріп алып,бауырына салған әжесі Айғаным болды. Төренің қуанышында шек болмады,ақыры ұлан-асыр той-томалаққа айналды. Бүкіл ауыл жас нәрестеге Мұхаммедқанафия деген ат қойды. Ене мен келін сәбиді бәйек болып күтіп, қырқынан шығарып,бесікке бөледі. Бала ерте еңбектеп, шоқиып отыратын халге жетті. Сол кезде әжесі көбіне балаға <<Бесік жыр>>, <<Әлди бөпемді>> айтып береді екен.
Сахналық көрініс: (Әжесі <<Бесік жырын>> айтып отырады. Жанына кішкентай бала келіп, шоқиып отырады. )
Автор сөзі: Ана сәбиінің шоқиып отырғанын қызық көріп,
Анасы: <<тұла бойым тұңғышым>>, <<жан серігім>>, <<шоқиған жаным>>, <<шоқиған ботам>>
Автор сөзі: деп жиі еркелететін көрінеді. Міне, содан бөбектің о бастағы Мұхаммедқанафия аты былай қалып, Шоқан атанып кетіпті.
1-жүргізуші: Ауызша журналымыздың 1-беті <<Тектіден текті туар қайталанбас...>>
5-оқушы: Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың кіндік қаны тамған Құсмұрын бекінісінің ескі жұрты қазіргі Қостанай облысы, Семиозер ауданы, <<Шөптікөл>> кеңшарының Киров бөлімшесіне 3-4 шақырым жерде. Шоқан туған жылы Аманқарағай дуанының осында ауысуына орай, жаңа дуан Құсмұрын болып атанып кеткен. Шоқанның әкесі майор дәрежесіндегі Шыңғыс Уәлиханов сол кездері Құсмұрын дуанының аға сұлтаны болған. <<Қара шаңырақ>> иесі саналған.
Шоқан, яғни Мұхаммедқанафия Құсмұрын бекінісінің аға сұлтаны үшін арнайы салынған ағаш үйде өмірге келген. Бұл 1835 жылдың қараша айының бір күні еді.
Шоқанның анасы Зейнеп - қазақша хат таныған, өз заманының көзі қырағы қыз-келіншектерінің бірі еді. Оның әкесі бала жасынан шешендік өнерімен ел ішінде аты аңызға айналған, кейіннен Сібір қазақтары арасынын алғаш рет сұтандық әкімдікке қолы жеткен, атақты Шорман би.
Шоқанның тағы бір інісі- Мақы (Мақажан)Уәлиханов(1844-1923) суретші болған. Петербургтегі көркемөнерпаздар академиясының шеберханасында суретшілік қызметін атқарған. Мақы Петербургте 11 жыл тұрған. Қазақстанның атақты суретшісі Шота Уәлиханов Мақының немересі.(Бикеш апай Шота Уәлиханов туралы мәлімет айтады)
Шоқан орта жүз ханы Абылайдың шөбересі. Біз Абылай ханды ақылын, айбарын халқының азаттығы жолында жұмсаған ұлы күрескер және сандаған шайқастарда батырлығымен талайды таң қалдырған ержүрек жауынгер ретінде жақсы білеміз. Абылайдың ұлы Уәлидің кіші әйелі, Шыңғыстың шешесі, Шоқанның әжесі - Айғаным. Айғаным немересі Шоқанды 5-6 жасынан ертегі, қиссаларды тыңдатты, сұлулықты қастерлеуге, табиғатты сүюге оқуға ынтасын арттыруға көңіл аударған.
Шоқанның әйелі - Айсары. Шоқан өлгеннен кейін қазақтың әмеңгерлік ғұрпымен өзіне тетелес інісі Жақыпқа қосылады. Айсары Жақыптан Рабиға есімді қызды болады.
2-жүргізуші: Келесі бетімізде ғұлама Шоқанның қыр-сырымен танысасыздар. 2-бет. Ғұлама Шоқан
6-оқушы: Шоқан әкесі Шыңғыс төренің ауылында С.М. Семенов, А.И. Шренк, С.Сатников, Н.Ф.Костылецкий т.б ғалымдардың болуы Шоқанның ғылымға деген көзқарасына әсер етті.
Шоқан- әдебиет зерттеушісі, очеркист-жазушы.Фальклоршы, тарихшы. Шоқан 1854 жылы экспидиция құрамымен Қазақстан, Жетісу, Жоңғария, Тарбағатай, Алакөл өңірінен т.б жерлерді аралайды. Сонда ол <<Жоңғария очерктері>>, <<Қытай империясының батыс провинциясы>> және <<Құлжа қаласы>>, <<Қырғызстан туралы жазбалар>>, <<Ыстықкөл сапарының күнделіктері>>, <<Қазақ поэзиясының түрлері>> деген бірнеше еңбек жазды. Бұл еңбектерде жергілікті халықтың тарихы, әдет-ғұрпын зерттеген. Шоқан әдебитші ретінде ауыз әдебиті ескерткіштерін жинап, жазып алудан бастайды. Осы әдебиет үлгілерін тұңғыш рет орыс, Еуропа қауымына таныстырып, тарихи мәңгі өшпейтін мұра қалдырды. Осы еңбектері ХІХ ғасырдағы әлемдік озық ескерткіштер қатарына қосылды.
К.Н.Потанин Шоқан жөнінде <<Өз халқының әдебиетін өркендетуге жол салып беретін еді>>, - деп көрегендікпен айтқан еді. Қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинау және зерттеу жөнінде Шоқанның еңбегі зор. Сонымен қатар ол түркі тілдес халықтардың фольклоры туралы да пікір айтқан. Қырғыздың Манас эпосының <<Көкетай ханның өлімі және оның асы>> деген бөлімін хатқа түсірген.Қазіргі уақытта <<Манас>> эпосы әлемдік мәдениетке қосылған зор үлес ретінде бағаланады. Фольклорлық материалдар Шоқанға қазақ халқының рухани-мәдени байлығын терең зерттеп білуге негіз болды. Ауызша ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыздар мен жырлардың үлгілері үлкен қазына екендігіне Шоқан баса назар аударған. <<Қозы- Көрпеш - Баян сұлу>>, <<Ер Көкше>>, <<Ер Қосай>> жырларын, мақал, аңыз, ертек, шежірені, Жанақ, Шөже, Шал, Тәттіқара секілді ақындардың шығармаларын қағазға түсіріп алған.
7-оқушы: Шоқанның бала кезінен қатты құмартқан өнерлерінің бірі - сурет салу болған. Шоқанның балалық шағы әкесі Шыңғыстың туған жері - Көкшетаудағы Сырымбет тауының етегінде өткен.Жазғы демалыс кездерінде Шоқан ауылы Сырымбетке баратын. Бұл сапарлары оған үлкен ләззат беретін, сонымен қатар халық тұрмысының көріністерін суретке салып бейнелеуіне мүмкіндік беретін.
Ән: <<Көкшетау>>
1-жүргізуші: Келесі кезекте Шоқан саяхаттарына береміз.
3 - бет. Шоқан саяхаттары.
8-оқушы: Шоқан - Қазақстаннан шыққан тұңғыш саяхатшы. Шығыс Түркістанда, Орта Азияны зерттеген ойшыл, кемеңгер ғалым. 1855 жылы ол генерал Гасфорттың сапарына қатынасып, Жетісу, Тарбағатай, Орталық Қазақстан, Іле Алатауын аралайды. 1856 жылы Ыстықкөлдің топографиялық суретін түсіреді. Кей сапарға Семенов Тянь-Шаньскиймен бірге барады. 1850 жылы Құлжаға барып Қытаймен сауда байланысын жақсартып, екі ел арасында келіссөз жүргізеді. 1857 жылы Уәлихановтың Алатау қырғызына барған сапары Қашқар экспедициясына дайындық іспетті болды. Ол 1858-1859 жылдары Қашқарияға барып, әлемге алты шаһар елінің тарихын ашады. Сол сапардан келген алтын құты Дрезден көрмесіне қойылды. Қашқария туралы мәліметтер Шоқанның Дүниежүзілік география ғылымына қосқан зор жаңалығы еді.
4-бет. Шапағаты нұр құйған жүректерге.
9-оқушы: Шоқанның өмірі - ең үлгілі өмір. Ол не бары 30 жасқа келіп қайтыс болды. Ер жеткен шағының көпшілігін әскери қызметте, саяхатта өткізген Шоқанның 6-7 жыл ғана жазумен айналысуға мүмкіндігі болды. Сол аз жылда оның соншалықты көп көріп, көп жазып, өлмес мұра қалдырғанына, жазған еңбектерінің ғылыми тереңдігіне, соншалық кең көлемді білімді аз жылда қалай алғандығына қайран қалмасқа болмайды.
2- жүргізуші: Ғалым туралы айтылған пікірлерге көңіл бөлейік.
10-оқушы: <<Шоқан тұлғасы таусылмайтын сырға бай, ғажайып тұлға ғой. Кейде өзіңмен өзің болып ой кешіп отырғанда, Шоқан өмірде рас болды дегенге сеніңкіремейтінім рас. Келте ғұмырына соншалықты мол еңбекті қалай ғана сыйдырған десеңізші?...>> (Ш.Айтматов)
11- оқушы: <<Әлемдік ориеталистикада бір ауыздан мойындалатын саңлақ ғалымдар көп емес. Санаулы ғана. Сол санаулылар ортасында бірегей тұлғалардың бірі- қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов деп білемін>>(Қоңыр Мандоки)
1-жүргізуші: <<Шыңғыстың сүйген ұлы Шоқан еді,
Империя - патша жұрты тәмам көрді.
Өнері топтан асқан жігіт еді,
Сұм тағдыр сапар жолда қаза берді >>, - деп жырлады Ақан сері.
12-оқушы: Шоқанның ең жақын жолдастарының бірі Ядринцев былай дейді: <<Қазақ даласындағы шалдармен әңгімелесіп, Шоқанды еске түсіргенде, олардың аппақ сақалдарын ыстық жаспен жуып егілгендігін өз көзімізбен көрдік. Шоқан өз елінің мақтаны әрі сүйікті ұлы. Ол жұртшылықтың жүрегінде тап осы дәрежеде сақталған еді >>.
13-оқушы: Ия, Шоқан артына өлшеусіз мұра қалдырды. <<Ғалымның хаты өлмейді>> - деген Шоқанның өмірі мен ғылыми қызметі ешуақытта өлмек емес. Ғасырлар өткен сайын оның бейнесі тұлғаланып, келер ұрпақтың алдынан шықпақ. Өйткені ол барша халықты жүрегімен сүйіп, оларды ұлтқа, нәсілге, жынысына бөлмей бүкіл адамзат үшін аянбай еңбек етті.
5-бет. Шоқан - қазақтың жарық жұлдызы.
2-жүргізуші: Шоқан Уәлиханов туралы шығыстанушы ірі ғалым И.И.Веселовский <<Шоқан Уәлиханов жарқыраған жарық жұлдыздай жарқ етті. Орыс ориенталистері оның өмірге келген таңқаларлық құбылыс екенін бір ауыздан мойындады және оның түрік халықтарының тағдыры туралы ұлы маңызды жаңалықтар ашады деп күтті>> деген еді.
1-жүргізуші: Шоқан небәрі 30 жасқа толар - толмастан қайтыс болды.Сондықтан да шығыстанушылар оның өмірін аққан жұлдызбен, жарық жұлдызбен, дала жұлдызымен теңеп келеді. Шоқан - ғасырларға қызмет ететін ұлы тұлға.
6-бет. <<Шоқаны бар ел - шоқтығы биік ел>>.
2-жүргізуші: Шоқан бізбен бірге, біздің жүрегімізде. Қазіргі күнде Ұлттық Ғылым академиясының Тарих, Археология және Этнография институтына, Республикамыздың бірнеше мектептері мен Алматыдағы №12 қазақ орта мектебіне, кеңшарларға, ауыл-селоларға, көшелерге Ш.Уәлиханов есімі берілген.
14-оқушы: 1969 жылы биіктігі 8 метр, тұғыры габбрс тасынан өрілген, Ұлттық Ғылым академия ғимаратының бас корпусына қаратып орналастырылған Шоқан ескерткіші қоладан құйылды. Оны жасаған мүсінші Х. Наурызбаев пен сәулетші Ш.Уәлиханов осы ескерткіш үшін мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ал Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі биіктігі 4234 метрлік шыңға да ұлы ғалым есімі берілді.
15-оқушы: 1985 ж елімізде ұлы ғалымның туғанына 150 жыл толу мерекесі кеңінен аталып өтті. Өнер иелері Шоқан бейнесін сомдап, тұлғаландырды. Соның ішінде Әбілхан Қастеевтің <<Шоқан Уәлиханов>> атты акварельдік картинасын бөліп атауға болады. Содай-ақ М.Аманжолов, Қ.Оспанов, Ү.Әжиев, М.Зулфұхаровтар шығармашылығынан Шоқан Уәлиханов тақырыбы кең орын алады.
16-оқушы: Театр сахнасында Шоқан ролін тұлғалаған актерлерден Ж.Шаниннің 1955-1957 жылдар аралығындағы ізденістері мен Н.Жантөрин жасаған Шоқанның парасатты да пайымды, ақылды да зерек, сымбатты да сыпайы досқа таза,дұшпанға ымырасыз кейпін анық бере білген.
17-оқушы: Шоқан жайлы алғашқы фильм 1957 жылы түсірілген. 1985 жылы Асанәлі Әшімовтың жетекшілігімен <<Шоқан Уәлиханов>> атты 4 сериялы телевизиялық көркемфильм жасап шығарылды. Онда Шоқанның 12 жасынын өмірінің соңына дейінгі тағдыры қамтылған. Шоқан роліндегі Сағи Әшімовтың таланты айдан анық көрінді.
2-жүргізуші: Бейнелеу өнерінің өзге түрлерінен гөрі салыстырмалы алғанда мүсіндеу өнерінде Шоқан образы айтулы дәрежеде өз шешімін тапқан. Мысалы: Шоқан Уәлихановтың Алматыдағы ескерткіші.
18-оқушы: Ғ.Мүсірепов былай дейді: <<Тілегім келер күнге нық басқан қадамымызбен Шоқанның Шоқандығы, Ұлының ұлылығын үлкен мақтанышпен жыр етіп отырмын. Ұлы перзентін басына асқақтата көтерген халықтың ғана шоқтығы биіктей түсетінін ұмытпсақ деймін! Шоқаны бар ел - шоқтығы биік ел>>.
1-жүргізуші: Қымбатты оқушылар, Ұстаздар және қадірменді қонақтар! Мектебімізде өздеріңізбен бірге ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановқа арналған кеште біз Шоқанды қыр-сырынан таныдық деп білеміз. Енді осы білгендерімізді қорытындылай келе <<Шоқан кім?>> кластерін құрайық.
Шоқан- демократ ғалым, дін зерттеуші, әдебиет зерттеуші, барлаушы, суретші, полиглот, күй зерттеуші, географ, тарихшы, құқықты зеттеуші, этнограф ғалым, саяхатшы, т.б ( балалар жазып шығу керек)

Мұғалімнің қорытынды сөзі: Ия, айта берсек, Шоқан таусылмайтын жыр, сарқылмайтын сыр. Халқымыздың ұлы перзенті, өз елінің теңдігі мен өрлеп дамуы, елдік дәрежесі туралы армандап кетсе, ұрпақтары сол армандарды бүгінгі таңда жүзеге асырып, егеменді еліміз дүниежүзілік өркениетті елдердің қатарында тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Еліміздің шоқтығы биіктей түссін, Шоқандай жастар арқылы көркейіп, гүлдене берсін!
Хор: <<Атамекен>> әні


Ұқсас жұмыстар
Шоқан қазақ тұңғыш
Ш.уәлиханов өмірі мен шығармашылығы
Шоқан Уәлиханов Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы
Қазақтың көрнекті ғалымы- шоқан уәлиханов
Шоқан мұраларын зерттеушілер
Көп таңбалы санды бір таңбалы санға көбейту және бөлу, сәйкес қалдықпен бөлу
Шығармашылық тапсырма. Үйге тапсырма
Оқушыларды түгелдеу
Оқушы тәрбиелеу
Қазақ халқының ұлы ғалымы
Пәндер