Сабақ жоспары :: Қазақ әдебиеті

Файл қосу

Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер. баяндама


ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢ ӘДІС – ТӘСІЛДЕР:
ІЗДЕНІС ПЕН НӘТИЖЕ
ТӨРЕҚҰЛОВА ЛИДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ
№41 жалпы білім беретін орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
«Мектепке керегі-білімді,
педагогика әдістемесінен хабардар,
оқыта білетін мұғалім»
А.Байтұрсынов
Ұстаз... Ұстаздық - киелі әpi өте қарапайым мамандық. Жер
жаһанда адамзат баласы пайда болғаннан бepi әрбір пендені ойландырып,
толғандырып келе жатқан қоғам құрылып жатса да, қажеттігін жоймайтын бip
мәселе - баланы өмip сүруге дайындау. Бұл қиынның қиыны. Ceбeбi әр адам -
кайталанбас тұлға. Әр адамның жан дүниесі - өзінше бip әлем. Өмiрдің
ағымымен қоғамдағы саяси-әлеуметтік қарым-қатынас дамыған сайын, бүкіл
дүние жүзінде мемлекетаралық интеграция күшейген сайын ұстаздың қызметі
қиындай береді. Соған қарамастан кез-келген мұғалім өз кәсібінің шебері
болуы үшін оқыту әдіс-тәсілдерін түрлендіруге тырысады. Бұл, әрине сабақта
қолданатын технологиямен байланысты. М.В. Клариннің пайымдауынша,
педагогикалық технология – педагогикалық мақсаттарға жетуге қолданылатын
барлық жекелік инструменталдық және әдістемелік құралдарының жүйелі
жиынтығы және қызмет жасаудың реттілігі (Қ.Бітібаева, 32-бет).
Мұғалімдердің осы технологияларды түрлендіруі үшін және ең ыңғайлысын,
пайдалысын үйрету үшін білім беру жүйесінде сан алуан жұмыстар жүргізілуде.
Соның бірі- оқытудың Кембридждік бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі
міндеті – қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру
мен бағалауға көмектесу. Сондықтан оқыту мен оқудың қазіргі заманғы
әдістері мұғалімнің күнделікті тәжірибесі және кәсіби шеберлігімен өзара
байланыста қарастырылады. Мұнда негізгі мәселе тиісті сабақтарда
қарастырылатын жеті модульге сараланған (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық,
49-бет).
Сыни тұрғыдан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды
болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль
оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және
оймен қабылдауын көздейді. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы –
әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі.
Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады. Мақсаты
барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі
ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға үйрету.
Сабақты жаңашыл үрдіспен өткізу-оқушылардың білім сапасын арттырып, олардың
шығармашылық және ойлау қабілеттерін дамытып отырады, ал педагогтар үшін
кәсіби шеберліктерінің өсуіне жәрдемдеседі. Білімнің болашақта пайдаға
асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай
отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.
Мен дәстүрлі сабақтар мен бүгінгі тәжірибем негізінде өткізілген
сабақтарды салыстыра отырып, төмендегі айырмашылықтарды байқадым. Дәстүрлі
сабақтар үрдісіндегі мұғалімнің әдістері мен оқушының іс-әрекетін жеке-жеке
сараласақ, мұғалім тақырыпты өзі түсіндіреді, тақырыпты талдайды,
оқушыларға әр түрлі тапсырмалар беріп отырады. Ал оқушы мұғалімнің айтқанын
қайталайды, түсінгенін айтады, тапсырманы жеке орындайды. Ал Кембридж
бағдарламасындағы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін енгізген
сабақтарымда мұғалім оқушылардың сыни ойлауын дамытатындай тапсырмаларға
бағыттайды, ал оқушылар болса өз ойларын еркін айтып, пікірлерін қорғауға,
кез-келген мәселеге сыни көзқарасын білдіре алатынын аңғардым. Осы
салыстырудан сыни тұрғыдан ойлаудың негізгі қағидаларының шығармашыл тұлға
қалыптастыруға бағытталғандығын көреміз.
Сабақтарымның барлығында да АКТ, диалогтік оқыту, сыни тұрғыдан
ойлауға үйрету модулін қолданып отырамын және бұның қазақ тілі мен әдебиеті
сабақтарына оңтайлы екенін ұғындым. Александердің «балалар күннен-күнге
қолжетімділік артып келе жатқан анағұрлым кең коммуникациялық үдерістерге
тиімді және ойдағыдай қатысуға мүмкіндік беретін сыни тұрғыдан ойлау мен
зерттеу дағдыларын дамытуы керек» деген пікірін (Мұғалімдерге арналған
нұсқаулық, 51-бет) негізге ала отырып сабақ жоспарларыма осы сыни тұрғыдан
ойлауға үйрету модулін енгіздім. Бұл маған сабақтарымды жүйелі жоспарлауға
және тізбектелген сабақтар топтамасын құруға көмектесті. Сондай-ақ оқушылар
еркін сөйлеу, өз ойларын ашық айта білу, бір-бірінің пікірін тыңдау және
бағалауға үйренді.
Мектептегі тәжірибемде тақырыптарды меңгертуде сыни тұрғыдан
ойлауға үйретудің ассоциация, ЖИГСО, Венн диаграммасы, екі жақты күнделік,
синкуейн, түртіп алу, кластер, соңғы сөзді мен айтамын, еркін жазу, автор
орындығы әдістерін пайдаландым. Сондай-ақ өзара пікір алысу, талдау,
талқылау туғызу үшін сабақтарымда топтық жұмысты ұйымдастырдым және топқа
бөлуді әр сабағымда тақырыпқа сай түрлендіруге тырыстым. Мысалы, Абайдың
«Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңін меңгертуде оқушыларға бүгінгі
күндеріне сәттілік тілей отыра әр түрлі жемістерді таңдау арқылы топқа
бөлдім. Алма, алмұрт, шие мен лимонды таңдап топтарға бірікен оқушылардың
сол жемістердің адам психологиясымен сәйкестендіру қасиеттерін оқып бердім.
Мысалы, алманы таңдағандарға – сіз сынақ жасауға, жаңа бірдеңелерді іске
асыруға тым құмарсыз. Сіз көпшілік ортада болуды ұнатасыз. Сіздің
темпераментіңіз белсенді, өзіңізге не керегін білесіз және соған қол
жеткізесіз дегенді айттым. Бұл психологиялық тест болғанымен, оқушыларға
ерекше әсер етті. Олар тек сүйікті жемісін таңдап қана қойған жоқ,
өздерінің ерекше қаситеттерін естіп, көңілдері марқайып қалды. Ал «Жиырма
тоғызыншы сөзімен» танысқан кезде оқушылар туған күндерінің қай жыл
мезгіліне сәйкес келетінін анықтап, сол жыл мезгілі жазылған топқа
бірікті. Сонымен қатар, бұлай топқа бөлудің сырын сұрағанымда, оқушылар
бірден Абайдың жыл мезгілдеріне арналған өлеңдері бар екенін айтып,
өлеңдерден үзіндіні жатқа айтты. Мен осы жерде қай оқушының өткен
тақырыптарды кез-келген уақытта еске түсіре алатынын байқадым. Шәкәрім
Құдайбердиевті өткен кезде ақынның Абай ұрпағы екенін дәлелдеу мақсатында
Құнанбайдан тараған балалардың ауылдарымен топқа бөлдім. Осылай оқушыларды
топқа біріктіру жұмысынан кейін бірлесе отырып орындайтын әдістердің бірі-
ассоциацияны қолдандым. Сөзімді дәлелдей кетсем, мысалы Абайға арналаған
сабақтарда ақын туралы өз білетіндерін бірлесе отырып топтастырып,
таныстырылым дайындады, оны тақтаға шығып қорғады және менің ұсынған
нұсқаммен салыстырды. Мұнда мені сурет салуға бейім оқушылардың бейне мен
мағынаны ұштастыра білетінін аңғардым. Мысалы, бір топ ештеңе жазбаған,
оның орнына тоғызқұмалақ, кітап, медресенің суретін салған, қорғаған кезде
Абайдың кітапқа құмар, білімқұмар екенін, қазақ баласын оқу-білімді
үйренуге шақырғанын, тоғызқұмалақ оның сүйікті ойыны екенін айтты. Бала
бойындағы өзге де қабілеттерін, икемділігін анықтауға ықпал етті. Бұнда мен
бұл әдісті сабақтың басында қолдансам, кластерді сабақ соңында енгіздім.
Мысалы, Шәкәрім туралы кластер толтыруда бір топ тағы да өткен
сабақтардағыдай өз ойларын суретпен ұсынды, күннен-күнге бұл оқушының
көшбасшылық қабілетін, топқа оның ықпалы зор екендігінен байқадым. ЖИГСО
әдісін пайдаланып қара сөздерді меңгертуде 4 топқа қара сөздер, оның шығу
тарихы, жазылуы туралы мәтін тараттым, әр топ өздеріне тиісті бөлігін
оқыды, жұпта, топта талдады, көрші топтарға түсіндірді. Яғни, оқушылар сол
тақырыпты өздері түсініп оқыды. Қара сөздің мазмұнын талдау үшін топтар
өзара сұрақ қойды, онда Абайдың қара сөздерінің ерекшелігі, ақынның
прозамен байланысы, қара сөздердің тәрбиелік жақтары туралы мәселелер
талқыланды. Одан әрі оқушылар «Екі жақты күнделік» толтыру кезінде Абай
талдаған мақалдарды өз пікірлерімен салыстыра отырып талдады. Бұл әдістің
тиімділігі оқушылардың сыни ойлау қабілеттерін одан әрі шыңдайды. Бірақ
кейбір оқушылардың мақалдарды талдау барысында қиналатынын байқадым.
Сабақтарымның қорытынды бөлімдерінде әрдайым шағын ой толғау жазуды ұсынып
отырдым, яғни эссенің екі түрі бар: 5-минуттық эссе, 10-минуттық эссе, және
де ұзағыраққа созылған және көп еңбек сіңіруді қажет ететін шығарма болып
табылады. Менің қолданғаным 5-минуттық эссе болатын. Жазба тапсырманың бұл
түрі әдетте сабақтың соңында оқылған тақырып бойынша өз білімдерін қорытуға
көмектесу үшін қолданылады. Мұғалім үшін – бұл кері байланыс алу үшін
мүмкіндік деп білемін. Оқушылар Абайдың әндерін тыңдай отырып, «Абай
атамның әндері» тақырыбында эссе жазды, онда әндерінің өміршеңдігін және
жас талғамайтындығын атап айтты, ал қара сөздерді меңгерту кезінде «Абай
атаға..» тақырыбына хат жазды, ондағы мақсат-ақынның қара сөздерінің
тәрбиелік жақтарын ашық айту болды. Сондай-ақ Шәкәрім шығармашылығымен
танысқанда «Ел болашағы-жастар» тақырыбына да ой толғау жазды, мұнда
оқушылардың сөзі бір жерден шықты, яғни елдің болашағы өздері екенін жақсы
түсінді. Оқушылар өз ойларын еркін көсіліп жазды. Ал ой толғауларын
өзгелермен бөлісу үшін оқушыларды автор орындығына отырып оқуға шақырдым.
Бұл ретте дарынды және талантты оқушылардың жазу шеберліктерін, ой
еркіндігін аңғаруға мүмкіндік туды. Яғни, бұл әдістің оқушылардың бойына
өзін еркін ұстау, топ алдында ұялмау, сонымен қатар көшбасшылық секілді
қабілеттерін шыңдауға тиімді екенін байқадым.

Топтық тапсырмаларды беру кезінде топ арасында қызу пікірталас, түрлі
сыни ойлар тудыру - мұғалімнің шеберлігі. Мен мұны «Шәкәрім шыңына» шығу
әдісін қолданғанда байқадым. Шыңға жету үшін топтар бірнеше сатылардан өту
керек болды. Біріншші саты Шәкәрімнің Абай ұрпағы екендігін дәлелдеумен
басталды, әр топ Абай мен Шәкәрім арасындағы туыстықты өзінше дәлелдеп
берді. Әр сатының тапсырмалары әр түрлі болды: «Жастарға» өлеңін оқыды,
тақырыбы мен идеясын анықтады, сөздік жұмысын жүргізді, өлең құрылысына
талдады, көркемдік ерекшелігін айқындады. Барлық сатыда да топтардың
басымдығы өзгеріп отырды, олар Абай мен Шәкәрім арасындағы сабақтастықты
аша білді. Өлеңдегі ойлардың Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңімен
үндестігін баса айтты. Оқушылар ақынның сазгерлігіне келгенде тосылып
қалды, олар тек әндерінің бар екенін айтып аттарын атады да, пікірлерін
дәлелдей алмады. Мұндай тығырықтан шығудың жолын өзім ұсындым, тез арада
Бекболат Тілеуханның және Тамара Асардың орындауындағы Шәкәрімнің «Бұл ән
бұрынғы әннен өзгерек» бейнебаянын тыңдаттым. Оқушылар ән туралы өз
ойларын ортаға салды. Бұдан олардың әнді қазақ тілінде көп
тыңдамайтындарын, оның ішінде Б.Тілеуханның орндауындағы нұсқаның оларға
ұнамағанын аңғардым. Сонымен қатар екі нәрсенің ұқсастығы мен ерекшелігін
айырып айта алатындай сыни ойлары қалыптасып келе жатқанына қуандым.
Осындай тапсырмаларды орындауда Венн диаграмасының рөлі зор екенін ұғындым.
Ал Ахметтің «Екі шыбын» мысалымен танысқанда ең алдымен ақынның
аудармашылығы жайында мәтін тараттым, оқушылар түртіп алу әдісі арқылы
мәтінге белгі қойып, тереңірек білгілері келетін жерлерін ашып айту арқылы
сабақтың мақсатын анықтап алдық. Балалардың көпшілігінің Ахметтің мысал
өлеңдерін, оның негізгі астарларын ұғынғысы келетінін ескеріп, сабаққа
Ахметтің аудармашылығын меңгеру, мысал өлеңдердің мәнін ұғыну деген мақсат
қойды. Мен бұдан оқушылардың сабақтың мақсатын өздері анықтауға төселгенін
сездім. Мысалды рөлдерге бөліп оқығаннан кейін, сол жерде қойылым
дайындады. Екі топтың оқушылары мысалдағы оқиға желісін сахналаса, келесі
топ күнделікті оқушылар арасында кездесетін оқиғаны мысал желісіне ыңғайлап
қойылым дайындады. Яғни, екі оқушы үйге берілген тапсырманы бірігіп
орындайды, бірақ ертеңіне мұғалім сабақ сұрағанда барлық тапсырманы мен
орындадым деп, біреуі ғана жауап беріп, жақсы баға алады. Ал сабақ біткен
соң екеуміз бірігіп дайындалдық қой, неге жалғыз өзің орындағандай болдың
дегенде, екіншісі «әй, қойшы, сен не білетін едің» деп жауап қайтарады.
Балалар осы көріністерімен «біреудің еңбегін сырттай иемденіп жүретіндер»
туралы айтқысы келгендерін хабарлады. Мені өте қуантқан жағдай осы болды,
өйткені оқушылар оқып жатқан шығармаларын өмірмен байланыстыра алды.
Сонымен қатар оқушылардың сыни ойлау қабілеттерінің де артқанын байқадым.
Бұл әрине, осы бағдарламамен жұмыс жасау барысындағы менің де, оқушылардың
да жетістігі деп білемін. Сабақ барысында топтарға оқиға желісіне жарнама
жасауды тапсырдым, сондай-ақ жарнама агенттігінде қызмет жасайтын адамдарды
атап өттім, олар-басшы, хатшы, дизайнер, есепші және сауда менеджері.
Оқушылар бұл рөлдерді өзара бөлісіп алып, постер дайындады. Сырттай бақылау
барысында әр қайсысы өз қызметтерін белсенді түрде орындап жатқанынан өз
беттерімен мәселені шешуге дағдаланып келе жатқандарын аңғардым. Агенттік
басшылары топты ұйымдастырды. Жұмыс уақыты аяқталысымен, сауда менеджері
қызметін атқарушылар өздерінің жарнама агенттіктерімен таныстырды. Әр іс-
әрекетті хатшылар хабарлап отырды. Мысалы, бір топ агенттіктерін «Адалдық»
деп атап, мысалдағы оқиға желісін суреттеген. Содан кейін, топтардың
есепшілері шығып постер дайындауға қанша уақыт жіберіп, қанша шығын
шығарғандарын есептеп берді. Барлық сауда менеджерлері мен есепшілерді
тыңдап болған соң, әр топ мүшелерімен бірлесе отырып, бағалау критерийлерін
жазды, сосын сол бағалау арқылы әр топ қалған екі топтың жұмысына пікір
айтып, өз бағаларын берді, сөйтіп топтағы дизайнерлердің де еңбегі қалыс
қалмады. Балалар өз жұмыстарын қуана үлкен қызығушылықпен атқарып шықты.
Сабақ соңында әрқайсысы ұнаған адамдарының жұмысына дауыс берді. Бұл
сабақта олардың топтық жұмысы өте сәтті шықты деп ойлаймын. Ойтолғаныс
бөлімінде синкуейн немесе «бес жолды өлең» әдісі бойынша оқушыларға мысал
сөзіне сипаттама беруді сұрадым, балалар тапсырманы тез орындады.
Сабағымызды қорытындылау үшін «Соңғы сөзді мен айтамын» әдісі бойынша
оқушыларға бір-бір сөйлеммен аяқтаттым. Бірі бүгінгі сабақтан еңбекқор
болуды үйрендім десе, енді бірі шыбын секілді болмаймын деді. Өткізген
сабақтарымның нәтижесінде оқушылар бойындағы сыни ойлау, сынды айта білу
және оны көтере білу секілді мәселелердің шешімін таптым деп ойлаймын.
Сондай-ақ оқытудың жаңа әдістерін іс-тәжірибеме енгізу нәтижесі оқушылар
бойында мынадай қасиеттерді қалыптастыруға болатынын байқатты:
• әрбір оқушы өзінің жеке ойымен, өмірге деген көзқарасымен және ойлау
қабілетімен ерекшеленеді;
• бір-бірінің пікірлерін қабылдауға үйренеді;
• ойын жаңа ақпараттар арқылы білдіреді, өзіне белгіліні пайдалана алады;
• өз біліміне сүйеніп, мәселенің шешімін дұрыс тауып, ойын жеткізе біледі
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сыни тұрғыдан ойлауға
үйрету барысында мынадай қорытындыға келдім:
1. Оқушы өмірге деген өз ойын білдіру мүмкіншілігін біледі.
2. Жаңа білім бойынша өз жобалары, болжамдарын тыңдап, талқылауды үйренеді.
3. Білімді өз бетімен алуға деген ынтасы, шығармашылық жұмыстарға қабілеті,
танымдық белсенділігі артады.
4. Білім дәрежесі деңгейін саралау, өзіндікталдау, бағалауының деңгейі
қалыптасады.
5. Бір-бірімен ынтымақтастығы, пікірлерін айта білуге дағдыланады.
6. Оқушыларда жазу кезінде ғажайып ойлар пайда болады, онымен қатар өзінің
және өзгеледің пікірі мен тәжірибесіне құрметпен қарауға үйренеді.
7. Оқушылар өз ойымен, іс-тәжірибесімен, пікірлермен бөлісуге үйренеді, бұл
бағыт топпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Осындай сабақтар барысында оқушылар өздерінің, бір-бірінің ой-
пікірлеріне сын көзімен қарай отырып, жаңа тың идеялар туғызады. Сабақтар
баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуына,
шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Оқушылар мұндай сабақтарда
оқудың қызықты әрі жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға
үйрететіндігін, білімнің тереңдігі әрі тиянақтылығы артатындығын түсінді.
Сыни ойлауға үйретудің, АКТ, диалогтік оқытудың осындай ерекшеліктерін
ескере отырып, болашақта әріптестеріме де осындай жаңа әрі қызықты
идеялардың тууына мүмкіншілік беретін әдістерді өз сабақтарына енгізуге
ұсыныс білдіремін.

Қолданылған әдебиеттер:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ,
2012ж
2. Бітібаева Қ. Ғылыми жұмысқа баулу. Оқу-әдістемелік құрал, Алматы,
2012ж


Ұқсас жұмыстар
Шеберліктің белгісі- түрлі әдісті болу
Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту барысында оқушылардың танымдық қызметін белсендіру - оқытудың маңызды факторы
Мұғалімдер үшін оқу нәтижелері
Күй сиқыры
Әдебиетті оқыту - әдебиеттің мәнін, атқарар қызметін оқыту
Д.исабеков. ата үміті
Оқушылардың өзін - өзі бағалауы және топтағы мүшелерді бағалау
Ұзақ мерзімді жоспар
Қазақ тілі мұғ
Сын тұрғысынан ойлау, АКТ
Пәндер