Файл қосу

Ахмет байтұрсынұлы және "қазақ" газеті

-449580169545Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы,
Қаратоғай селосы, Қаратоғай орта мектебі
Тарих пәнінің мұғалімі Еримбетов Рустем Калбайулы


Ахмет Байтұрсынұлы және <<Қазақ>> газеті

Қазіргі кезенде қазақ тарихының күрделі мәселелерге толы ақтаңдақтар беттері зерттеліп бір жолға түсуде. ХХ ғ. І жартысы Қазақстан үшін түрлі саяси-мәдени өзгерістерге және дүрбелеңге толы болды. Бірінші дүниежүзілік соғысының зардаптары және 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы көтеріліс, қазақ зиялыларының бастамасымен ұлтымыздың алғашқы газет-журналдардың шығуы, Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылуы, азамат соғысы, 20-30жж ашаршылық, кеңес үкіметінің қазақ жеріне орнығуы, қуғын-сүргін, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы секілді ірі тарихи оқиғалармен сипатталады. Бұл Қазақстан тарихының осы кезеңінің күрделі екендігін көрсетіп тұр. Бұл уақытта қазақ зиялыларының саяси бейнесі айқын көрінді. Бұл қатарда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышпаев, М.Шоқай, С.Торайғыров және Халел, Жақанша Досмұхамедовтер секілді елін сүйген азаматтар болды. Олар қазақ жерінің және Ресей мен Орта Азияның білім ордаларынан сусындалған ХХ ғасырдағы қазақ оқығандарының жаңа буыны еді. <<Қазақ>> деп өткен бұл тұлғалардың өмір тарихы көрсеткендей алаш зиялыларының өз ісінің майталман шебері екендігіне көз жеткіземіз. Алаш зиялыларының бірі - А.Байтұрсынұлы қазақ тіл ғылымының тарихында ойып тұрып орын алды. Ол өмір бойы қазақ ұлтының және қазақтың тілінің абыройы үшін басын бәйгеге тікті. Ахмет Байтұрсынұлының саяси-мәдени және ағартушылық саласындағы еңбектері, бұл келер ұрпаққа қалдырған мол мұрасы болып табылады. Ахмет Байтұрсынұлы - халқымыздың біртуар азаматы және ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі, сонымен қатар <<Алаш>> партиясы мен <<Алашорда>> үкіметінің белді мүшесі болды. Тарихшы Манаш Қозыбаевтың айтуы бойынша А.Байтұрсынұлы <<ХХ ғасырдың ұлы реформаторы>> болатын. Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдағы Торғай уезіне қарасты Тосын облысының 5-ауылында, Сарытүбек деген жерде 1873 жылы 28 қаңтарда дүниеге келген. Жас кезінен білімге құштар А.Байтұрсынов ауылда жүріп хат таниды. Сауатын ашқан Ахметті ағасы Ерғазы Торғайдағы екі кластық орыс - қазақ училищесіне оқуға береді. Ол аталған училищеге 1886 жылы түсіп, оны 1891 жылы бітіріп шығады. Бұл кезде болашақ ақын 18 жаста болатын. Орыстың оязынан және сотынан әбден қорлық көрген ағалары Ахметтің орысшаға аса жетік болғанын қалады. Училищені бітіргеннен кейін А.Байтұрсынов Орынбордағы Ыбырай Алтынсарин ашқан мұғалімдер мектебіне түседі. Оны 1895 жылы үздік бітіріп, А.Байтұрсыновтың ағартушылық жолы басталады.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілі және қазақ әдебиетінің ғылыми түрде қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай зор үлес қосты. Қазіргі таңда осы саладағы бүкіл қазақ жұрты қолданып жүрген терминдердің басым көпшілігі Ахмет Байтұрсынұлының есімімен байланысты. Ол <<Алаш>> партиясының, <<Алашорда>> үкіметінің белсенді мүшесі ретінде саяси істермен де шұғылданды. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің еңбек жолында қазақ зиялыларымен жақсы қарым - қатынаста жасады және <<Қазақ>> газетінің бас редакторы болды(1913-1918жж). Қазақ халқының саяси және мәдени оянуын мақсат еткен алаш зиялылары қазақ тілінде газет - журнал шығарудың ұлттық рухты оятуда маңызды рөл атқаратын ерте түсінген болатын. Осы еңбектерінің нәтижесінде 1913 жылдан бастап <<Қазақ>> газеті жарияланды. <<Қазақ>> газетінің жарық көруіне қазақ зиялыларының ішінде Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтардың еңбегін ерекше атауға болады. Ресейдің отаршылдық саясаты кезде қазақ ұлтының оянуын насихаттайтын газет шығару батырлықтың көрінісі болып табылатын. Оны қазіргі кездегі жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Өйткені ХХ ғ. бас кезіндегі халықтың сауаттылық деңгейі мен биліктің ұлттық баспасөзге көзқарасы өзгеше болатын. <<Қазақ>> газеті жарияланбастан бұрын Ресей патшалығындағы халықтардың ішіндегі татарлар 1906 жылдан бастап өз тілінде онға жуық газет - журналдар жариялана бастады. Жарияланған баспасөздерде А.Байтұрсыновтың да мақалалары жарық көрді.
Қазақтың ұлттық баспасөзінің толыққанды алғашқы екі басылымы 1911 жылы жарияланды. 1911 жылдың 11 - ші қаңтарда Троицк қаласында Мұхаметжан Сералиннің басшылығымен бірінші саны жарық көрген <<Айқап>> журналы және сол жылы 16 - шы наурыздан бастап Бөкей Ордасында Шәңгерей Бөкеев пен Елеусіз Бурин бастаған <<Қазақстан>> газеті жарияланды. <<Айқап>> газеті 1915 жылдың тамызына дейін 83 саны жарық көрді. Оның таралымы 900 - 1200 данаға дейін жетті. <<Қазақстан>> газетінің 5 - ші санынан бастап Орал қаласында жарияланатын болды. 1913 жылдың шілдесіне дейін 18 саны жарық көрді[2,с.54]. Ал қазақ тіліндегі тұңғыш газет <<Серкенің>> өмірі тіпті қысқа болды. 1913 жылы қазақ оқырмандарына - <<Айқап>>, <<Қазақстан>>, <<Қазақ>>, <<Ешім даласы>> атты төрт басылымы ұлттық мәселелерде және мәдениет пен саясатта ой тастады. Бұл басылымдардың ішінде ең көп тиражбен баспадан шығарылған <<Қазақ>> газеті болды. <<Қазақтың>> басқа қала емес Орынборда шығуы, әрине кездейсоқтық емес-ті. Орынбор ХХ ғасырдың басында орта Еділ сағасы мен Орал өңірінде Қазаннан кейінгі мәндегі ірі саяси, сауда және мәдени орталыққа айналған ірі қала болатын.
Архив мәліметтеріне сүйенсек <<Қазақ>> газетін шығаруға рұқсат 1913 жылдың қаңтар айына берілген. Орынбор губерниясының губернаторы, генерал - лейтенант Сухомлинов губерниялық жандармериясының бастығы, генерал Бабичтің А.Байтұрсыновтың газетке редакторлық қызметке қашан бекітілгендігі туралы сауалына берген жауабында 1913 жылдың 5 қаңтарын көрсетеді. Ал <<Қазақтың>> алғашқы саны бір айдан кейін, яғни 2 ақпан күні жарық көрді[3,с.147]. Бұл тек Ахметтің еңбегінің нәтижесі емес, сонымен қатар Әлихан, Міржақып секілді ұлт зиялыларының бірлескен қажырлы еңбегінің жемісі еді. Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуінің достықтарының басты тірегі - қазақты сүю болды.
Ахмет халықтың қараңғылықтан шығарудың жолының негізгі құралы газет екендігін түсінді. Оны <<Қазақ>> газетінің алғашқы санынан айқын көруге болады. Ол дамыған елдердің бұқаралық ақпаратқа баса көңіл аударатынын халқына жеткізгісі келді және халқын сауаттылыққа шақырды. <<...газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды>> - деп қарапайым мысалмен келтірген болатын[4, с.10,11].
<<Қазақ>> газеті қазақ өміріндегі кез - келген мәселені көтеруге тырысқан. Тіпті <<Қазақ>> басқармасындағы сатылым кітаптарының тізбесі: авторлары, еңбектері, бағасы жарияланып отырды. Ахмет Байтұрсынов көбінесе мәдени-ағарту саласында мақалалар жазып отырды. Өзінің бастауын 1913 жылдың 2 ақпанынан алған <<Қазақ>> газеті 1918 жылдың наурызына дейін қызмет етті. Осы аралықта оның 265 саны жарық көрген болатын. Алғашқы жылы оның таралымы 3 мың дана болса, кейінгі жылдары 8 мыңға жетті. Сонымен қатар газет таралымы қазақ жерімен шектелмей, Ресейдің т.б. шетелдердің ірі қалаларында (Мәскеу, Томск, Уфа, Петербург қалалары мен қоса Түркия мен Қытай қазақтарына) шығып тұрды. Газеттің жылдық бағасы 3 сом, жарты жылдығы 1 сом 75 тиынды құрады. Оның бір жолата ғылыми жұмыстармен айналысуына <<қуғындалу>> кесірін тигізді. Бізге жеткен мынадай ғылыми еңбектері мәлім: 1) Тіл құралы, 1-бөлім. Фонетика; 2) Тіл құралы, 2-бөлім. Морфология; 3) Тіл құралы, 3-бөлім. Синтаксис; 4) Әдебиет танытқыш; 5) Баяншы, методологиялық жазбалар; т.б.[5, с.19,20]. Ахметтің қолжазбаларының біршамасы тінту барысында немесе дүрбелең кезеңдерде жоғалып, қолды болып кетті. Оған мысал Ахметті тергеу жұмыстары кезіндегі тінту құжаттары дәлел. 1929 жылғы 29 маусымда жүргізген тінту хаттамасы. Ол былайша басталады. << Мен, Біріккен саяси Бас басқарманың өкілетті өкілі Саенко Университетская, 83 үйде тұратын Ахмет Байтұрсыновтың пәтерінде тінту жүргіздім. Тінту кезінде табылған, әрі тергеу ісіне қажетті деп алынған заттар тізімі төмендегіше:
Төрт қойын дәптер,
Бір блокнот (кіші көлемде),
2 кіріс - шығыс кітапшасы,
Алфавит кітабы,
<<Төреқұловқа Байтұрсыновтан жауап>> деп аталатын қолжазбасы,
<<Абай шығармасы>> дейтін кітап,
<<Көне түрік жазбаларының нұсқалары>> дейтін кітап,
12 баспа қағаз шамасында қазақ тілінде жазылған хаттар [6, с.160].
Ахметтану саласы бойынша Р.Сыздықова, Ж.Ысмағұлов, Р.Нұрғали, С.Дәуітов секілді әдебиетші - ғалымдардың еңбектері елеусіз. Ал қазақтың тіл білімінің көсемінің қоғамдық - саяси бейнесін қалыптастыруда отандық тарихшылардан К.Нүрпейісов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Қ.Атабаев орны ерекше атап өтуге болады. Елі, халқы үшін алдағы кездескен барлық кедергіге қарамай, тек алға жүрген бабамыздың есімі ұмыт қалмаса екен. Ахмет Байтұрсынов қазақ халқының мәңгі есінде!

Ұқсас жұмыстар
Ахмет байтұрсыновтың ғылыми-педагогикалық мұрасы
Алғашқы қазақ басылымдары
Міржақып дулатұлы "шешенің балаларын сүюі" 8 сынып
Сабақтардың тақырыбы Тұңғыш ғалымдар
Сұрақ жазу
Оқиғаның басталуы
Аққу, Шортан һәм Шаян сайыс сабақ
Ахмет байтұрсынұлы "өгіз бен бақа"мысалы 5 сынып
Шығарма мазмұнын түсінесің
Абайдың өлеңдері
Пәндер