Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Әкеге қарап ұл өсер

Ақтөбе облысы,Мәртөк ауданы,
Қаратоғай орта мектебінің
тарих пәнінің мұғалімі
Көпжан Оразғали Мінәжұлы
Әкеге қарап ұл өсер
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, <<Адамның бақыты -- балада>> деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты -- тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. <<Адам ұрпағымен мың жасайды>> деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні -- өз ұрпағы.
Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол -- бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз -- ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер -- жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді.
Әр отбасы - жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы, отағасы - әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын - әке. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болып жатады.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір - шапағат көзі - әке. Әрине, ер азамат өзінің әкелік борышын ұмытпағанда, әсіресе әйелімен қабағы жарасып, тату, сүйіспеншілікте тұрғанда, оған деген көзқарасында халқымыздың ізгі дәстүрін, өнегелі өміршең салтын, діни жол - жосығымызды ескергенде ғана оның қадір - қасиеті, бүкіл отбасын, ауылды ағайын - туысты топтастырушылық мәртебесі арта түспек.
Әке - ол ұрпағының ең қастерлі символы. Әке иығына отбасының бар тағдыры мен тауқыметі жүктелген. Шаңырақтың материалдық базасын жасау, ұрпағының тәрбиелі, өнерлі, білімді болуына мүмкіндік туғызу, саяси көзқарасын қалыптастыру, Отанының адал перзенті болуға тәрбиелеу -- әкелердің басты міндеті.Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін <<үлкен үй>>, <<қара шаңырақ>> деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әке тәрбиесі арқылы, ұл мен қыз балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен қалыптастыратындығы да анық. Әсіресе, ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға қажет тағылымдарды, көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Сондықтан да, әке тәрбиесі дұрыс та, мейірімді болу керек. <<Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер>>, - деп бекер айтпаса керек.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: <<Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой>>, - деп мадақтайды. Отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар - жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері - баланың <<әдепті бала>> болып өсуі. Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: <<Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма>> деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген. Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған. Балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Аналардың балаларға: <<әкеңмен ақылдас>>, <<әкең біледі>>, <<әкеңнің айтқанын істе>> т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты <<Абай>> эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. <<...Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала - Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: <<Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!>> - дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі>>. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы - шынайы инабаттылық, әдептілік. Қазақ халқының " Ата - балаға сыншы" деген мақалы бар. Әр әке өз балаларының ерекшелiктерiн, қандай iске бейiмдiлiгiн дамытуға тырысып, ерте аңғарып, ән мен күй өнерiнен бейiмi болса, өнер қуған сал-серiлерге, үй шаруасына бейiм болса, үй шаруасының тiзгiнiн берiп, сөз ұғарлық ойы болса, жақсыларға жанастыратын. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында <<Бір бала бар - атадан өте туады, бір бала бар - кері кете туады>> деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі.
"Қатты тәртiп көрсе бала күнiнде,
Өнерiмен қуантады түбiнде.
Бала ненi бiлсе жастан, ұядан -
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер - бiлiм берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан,
Ата - анадан өсiп ұрпақ тараған,
Жақсы-жаман болса, бала - соларда"-, деп, ХI ғасырда Жүсiп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларының жеке ерекшелiктерiн жас күннен танып, соған қарай бағыт - бағдар, тәрбие берудiң маңызы ерекше. Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Сыйластық, түсiнiстiк, үлкен жауапкершiлiк сезiмдерi бар отбасы - бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берiлген тәрбие сiңiмдi және негiздi. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау -- ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала -- әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.Шәкәрім атамыздың << Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады,олар барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл,таза жүрек.Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді>> дегеніндей, құнды қасиеттерге не рухани адамды қалыптастыру -- шынында да оның туған кезінен басталса керек.
Үлкендердің баланың басынан сипауы, маңдайынан сүйіп, иіскеуі яки құшақтап арқасынан қағуы, көтеріп құшағында тербетуі - бәрі-бәрі балаға оң әсерін тигізеді. Бала үлкеннің бұл ілтипатынан өзін жақсы көретіндігіне сенеді әрі сол кісіге деген құрметі де артады. Құшақтап, басын сипаған кісіні өзінің қорғаушысы деп біледі. Зерттеушілер құшаққа алынып, құштарлана сүйілмеген, басынан сипалып, маңдайынан иіскелмеген балалардың кейбір психологиялық ауруларға ұшырайтынын дәлелдеуде . Балалар балалықпен қате жасайды. Ал үлкендер болса, олардан үлкен кісінің істейтін ісін күтеді. Қате жасаса дереу ұрсып, жазғыра жөнеледі. Көбіне балаларын тыңдауды қажеттілік деп те ойламайды. Бала болса, өз ісінің қателігін түсінбегендіктен ата-анасының яки үлкендердің не үшін ұрысқанын, яки жазалағанын түсінбей дал болады. Сөйтіп, үлкендер маған жамандық жасады яки ата-анам мені жақсы көрмейді деген ойға қалады. Міне сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен оған ұрысу, жазалау дұрыс емес. Ата-ана өзінің міндеті мен жауапкершілігін жақсы білуі керек.
* Мәдениетті адам тәрбиелеуге және өз баласын таза өмір сүруге бейімдеуге міндетті;
* Білім алуына көмектесуге міндетті;
* Жүйелі білім алуына жағдай жасауға міндетті;
* Үнемі ата-аналар жиналысына қатысуға, мұғаліммен кездесуге, баласының мектептегі өмірмен танысуға міндетті;
* Баланың өміріне, денсаулығына зиян келетін темекі, арақ, т.б. улы заттарды қолданбауға, олардың балаға зиянды екенін түсіндіруге міндетті;
* <<Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла>> деген қағиданы берік сақтауға міндетті.
Ата-ананың жауапкершілігі:
* Балаға арамза әрекет жасағаны үшін жауапты;
* Мұғалімге, мектептің педагогикалық ұжымына балағаттау және әдепсіз қарым-қатынас жасағаны үшін жауапты;
* Бала тәрбиесі үшін қабылданған барлық қаулылардың орындалмағанына жауапты;
* Баланың адамгершілік тәрбие алу үшін, өз жанұясында бірлік пен татулықты ұстануға жауапты;
* Мектептен кейінгі баланың білім мен тәрбие алуына бақылау жасауына жауапты;
* Кәмелеттік жасқа жеткенге дейінге баланың салауатты өмір салтына сай тәрбие алуына жауапты.
Қазіргі мектеп балаларына қарап отырып, тәрбиеге үлкен көңіл бөлу керек екенін ата-аналарға жеткізіп, <<Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер>> деп бабалар сөзін естеріне салғым келеді.
<<Ел ішінде сау келсең, тағылым айтпас ер ме едіңЖол көрсетіп сонда өлсең, арманым бар дер ме едің>>,-деп дана Абай тегін айтпаса керек. Әр халықтың тағылымы өзіне асыл мұра екендігін естен шығармай, бала тәрбиесінде қолдануды жетілдіре түссек, А.Байтұрсыновтың: <<Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын>>,- деген сауалына нақты жауап табылары сөзсіз.Баланы сеніммен тәрбиелеу - зор нәтиже береді деп ойлаймын. Балаңмен дос, сырлас бола біл. Ешқашан қаталдықпен адамды адам ете алмайсың. Қатыгездік баланы ашындырады, жүрегіне өшпенділік тудырады. Содан сырттай бағынышты көрінгенімен, ішкі қарсылығы өсе береді. Қарсылық қарсылықты туғызады деген физиканың заңы бар ғой. Қай уақытта да жұмсақ қаттыны жеңеді. Су жұмсақ, тамшылап тұрып, тасты теседі. Әке-шеше ретінде қоқаңдап, өз ойыңды тықпалай берсең, баланың тұлғалық қасиеттері ашылмай қалады. Бетінен қақпа, бірақ белін буып жолға сал. Дүниедегі мақсаттың да, міндеттің де ең үлкені - ол ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.


Ұқсас жұмыстар
"әкеге қарап ұл өсер " әкелер сайысы
Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер .Сөйлем мүшелері
Тәрбие тал бесіктен басталады. 9 сынып
Ананың көңілі балада
Қызым - қызғалдағым, ұлым - ізгі арманым жайлы
Тәрбие отбасынан басталады
Отбасындағы қарым-қатынас
Қазақ қыздары мен жігіттерінің киім үлгілері
Әкесі құрдастың баласы құрдас
Ананың ойы балада, Баланың ойы далада
Пәндер