Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Елін сүйген, елі сүйген- елбасы туралы ақпарат

Атырау облысы Индер ауданы
Махамбет атындағы орта мектеп

"Елін сүйген, елі сүйген- Елбасы"

Махметова Меруерт Асқарқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Жарсуат- 2013 жыл
Елін сүйген, елі сүйген- Елбасы.
Мен жас мұғалім ретінде осы тақырыпқа эссе жазудан бұрын көп толғандым. Толғандым да өз ойымды ақ парақтың бетіне түсіруді жөн деп шештім. Себебі <<...Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты-толыққанды,тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандайда тәуекелге барамын...>> деген жүректен шыққан сөздердің иесі туралы бір эссенің ішіне сыйғызу мүмкін еместігін білемін.
Осынау мол тебіреністен туған сөздердің авторы, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - мемлекеттігімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан өз заманының аса дарынды тұлғасы.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев - ұлттық дәстүрде тәрбиеленген, халқының бар қадір-қасиетін бойына жинаған,тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын,салт-дәстүрін жетік білетін,ұлтын жан-тәнімен сүйетін,оның мәртебесін өсіріп келе жатқан, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан ұлтжанды азамат, қалың елінің жанашыры, қорыққанға қорған,тарыққанға пана,зарыққанға сана бола білетін өз елінің шын перзенті, алдағыны болжай білетін,ертеңгісін де оза ойлай білетін көсем, елдің жүгін көтеріп келе жатқан қара нары, халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылған,өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең сөйлескенде сөз алатын,егескенде еңсесін басатын,елдескенде мейірімін шашатын сарабдал саясаткер.
Осынау ғасырлар бойғы армандап жеткен Тәуелсіздігіміздің әр жылы -- ғасырға бергісіз тарихи кезеңдер. Себебі, тәуелсіздік жолында еліміз үшін, оның болашағы үшін аса маңызды қаншама шешімдер қабылданып, қаншама айтулы тарихи оқиғалар жүзеге асты. Бабалардан мұраға қалған жердің иесі, егеменді елдің ертеңі - біздер, жастар, осы қол жеткізген табыстар мен жетістіктерімізді тек мақтан тұтамыз. Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп отырған біздер жан-жақты білім алып, мамандық иесі атанып, болашаққа жоспарлар құрудамыз...Міне, мұның бәрі Елбасының жас мамандарға жасап отырған қамқорлығы деп білемін. Қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлем алдындағы абыройының жоғары, беделінің асқақ, жүзінің жарқын, сөзінің өтімді, ойының ұтымды, пікірінің пайымды екенін әлем түгел танып отыр десе де болғандай.
Қазіргі таңда және болашақта еліміз бағындыратын талай асулар бар. Міне, осындай биік мақсаттар бізді тек алға жетелеуде. Мұны халқымыздың сан ғасырлар аңсаған арманының, қазақ арманының орындалғаны деп білемін. Сан ғасырлар аңсаған қазақ арманының шындыққа айналуына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев кепіл болды және мызғымас мемлекет қана емес, түбірімен жаңарған демократиялық қоғам құрды. Бүгінде әлемнің озық елдерінің үлгілеріне, тәжірибелеріне сүйене отырып, өзіндік жолын таба білген Қазақстан қоғамының қарыштап дамуының басты ерекшелігі де осында. Елбасымыздың айдай әлемге жасаған және де бір өзінің ғана емес, барша қазақ жұртын таңдандырған тағы бір қадамы - бүгінгі Астананың салынуы дер едім. Дүние қайран бір бөліске түсіп, ес жиналып, етек жабылмай жатқан шақта Елбасының астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі ойына бүкіл ел шошына қарады. Сенбеді, сенгілері келмеді. Ал, енді Сарыарқа төсіндегі тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі астанасы - Астана қаласына қарайық та, көз салайық. Айтар сөзің жоқ, ғажап! Таңдай қағып сүйсінесің. Астана тәуелсіздігіміздің лүп-лүп етіп соғып тұрған жүрегі емес пе?!Президентіміздің өз қолындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы бүгінгі адамзат алдындағы және де жалпы өркениеттің болашағы жолындағы ұлы ерлігі болатын.
Халқымыз ежелден <<Еңбек - ырыстың бұлағы, Еңбек - бақыттың шырағы>> дейді. Жастайынан еңбекке араласқан бала барлық нәрсенің қадір-қасиетін біліп, барды бағалауға үйренеді. Еңбектің бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Әрбір ата-ана баласының азамат болып өмірден өз орнын тапқанын қалайды. Осы тұрғыда айтайын дегенім Елбасымыздың <<Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам>> атты бағдарламалық мақаласы көптің көңілінен шығып, жалпыхалықтық қолдау табуда. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы - жастарды еңбекке баулу арқылы өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын, мемлекетшіл тұлға ретінде қалыптастыру болып отыр. Ұлт көшбасшысы өзі атап өткендей <<Бүгінде еңбек - ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында - алдыңғы кезекке ілгерілетуі тиіс>> деп бекер айтпаса керек. Еңбек мектебі әр азаматтың тұлғалық қалыптасуына, өмірден өз орнын табуына жолдама беретін үлкен өмірлік оқу орны екенін ерекше атап өткім келеді.Сонымен қатар мемлекет басшысы әрдайым жастардың тәрбиесіне де баса мән беріп келеді. Бүгінгі жетістіктерді еселей түсетін де, қоғамның дамуына серпін беретін де - жастар. Нұрсұлтан Әбішұлы елдік, мемлекеттік мәселеге жастарды тартудың үлгісін көрсетіп, тағы да жастарға алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсақ, <<балам>> дейтін жұрты бар екенін үнемі көрсетіп келеді. Әрине, бұл - ел Тәуелсіздігінің баянды болуының алғышарты деп қарастырғанымыз дұрыс болмақ.<<Қазақстан білім қоғамы жолында>> деген тақырыппен өткен интерактивті дәрісінде Елбасы өзінің сөзінде педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелеріне де тоқталып, Үкіметке тапсырма берді. Бұл біз үшін өте қуанарлық жағдай. Сондықтан мемлекет тарапынан ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар еселене берсе екен деймін. Жақсы ұстаздың еңбегі, тағылымы мен ғибраты мол өмір жолы қандай да бір жоғары марапатқа лайық айтылған. Тағылымы мол, мазмұны бай, берері көп, шын мәнінде педагогикалық талаптар артығымен сақталған бұл сабақты Ұлтымыздың көшбасшысы, даналығы мен даралығын, білімі мен іскерлігін, ақыл-ойы мен парасатын әлем таныған нағыз Ұстаз өткізді.
<<Қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Бүгінде әлем Қазақстанды жаһандық қауіпсіздіктің табанды жақтаушысы ретінде мойындады. Мен әлемдік бейбітшіліктің ұйытқысы болған Қазақстанның болашақтың ғылымына жол ашарына сенемін,>>- деді Елбасы <<Назарбаев Университетінде>> сөйлеген сөзінде. Оның дәлелі -- елімізде <<Назарбаев Университеті>>, <<Назарбаев зияткерлік мектептерінің>> бой көтеруі.
Парасаты мен пайымы, білімі мен біліктілігі мол, ел қамын жеген Президентіміз - біздің мақтанышымыз, əрі тірегіміз. Біз Елбасымен біргеміз, Елбасының саясатын толығымен қолдап, болашақта қазақ елін талай асулардан асырып,әлі де биік шыңдарды бағындыратынына сенімдімін. Бәрімізге мәлім желтоқсан айының бірінші жұлдызы қазақ күнтізбесі үшін жаңа мемлекеттік мерекемен -- Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күнін атап өтумен толықты. Елбасының халықтың əлеуметтік игілігіне бағытталған мемлекет құру жолындағы күш-жігерін ескере отырып, дәл осындай жоғары дәрежелі құрметке лайық тұлға екеніне ешкімнің дауы бола қоймас деп білемін.
Өз ойымды қорытындылай келе <<Ханның жақсы болмағы- қарашаның елдігі>> деп өз заманында Бұқар жырау жырлағандай, бүгінде Елбасымыз елдің тірегіне айналды. Біз Ұлт Көшбасшысының әрбір бастамасына үнемі қолдау көрсететін болсақ, еліміздің келешегі бұдан да жарқын боларына мен кәміл сенемін және өз ойымды мына бір өлең шумақтарымен аяқтаймын.
Ел көрген зобалаңды қуғын-сүргін,
Болмасын жаманшылық дүйім елім.
Бар ұлттың тілін тауып табыстырған
Елбасы, жұлдызыңыз жанды бүгін!
Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,
Жаманат жасыра алмас жатың тілеп.
Қарадан хан туған деп қадірлеген,
Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.
Абылайым бүгінгі сен емес пе?
Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!
Халқыңа тәуелсіздік нұрын шаштың,
Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.



Ұқсас жұмыстар
Тәрбие сағатының көрнекілігі
Елін сүйген,елі сүйген Елбасы
Елін сүйген, елі сүйген ЕЛБАСЫ ( Нұрсұлтан Назарбаев )
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың хатшысы
1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні
Ашық тәрбие сағаты Елін сүйген,елі сүйген Елбасы
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті
Елін сүйген елбасы 2 сынып
Елін сүйген Елбасы. Н.Ә.Назарбаев туралы
Менің тұңғыш Президентім ( Тәрбие сағаты )
Пәндер