Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Оқушыларды тарих сабақтарында отансүйгіштікке тәрбиелеу

Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу - бүгінгі алға қойылған басты міндет. Ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар - бүгінгі мектеп оқушысы.

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі идеялары Елбасының "Қазақстан-2030" стратегиялық жолдауында: "Олар... күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады",-делінсе, ҚР-ның "Білім туралы Заңында" "Білім беру жүйесінің басты міндеттері азаматтық пен ел-жандылықты, өз Отаны ҚР-на сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру" делінген. Осыған орай, бүгінгі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, жеке тұлға талабы, қоғам қажеттілігі.
Ерте заманда елім деп еміреніп, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысқан, Махамбетше айтқанда "Қара қазан, сары баланың қамы үшін соғысқан" батырларымыз аз болмады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Исатай, Махамбет, тағы басқа батырларымыздың ерен ерліктерін ерекше айтуға болады. Халық ауыз әдебиетінің бір саласына жататын ел қорғау, батырлық істер жайында туған халық мақалдары да халықтың бұл ой-тілегі, арман-мүддесі, патриоттық сезімі, ұлттық мақтанышы қандай екенін көрсетіп отырады. Осы тақырыптағы мақалдар, ең алдымен кімге болса да, туған жер, өсіп-өнген ел - Отанды аса қажетті, қадірлі, қымбат деп көрсетеді. Мысалы: "Ел іші - алтын бесік", "Туған жердің топырағы да ыстық", Туған жерден топырақ бұйырсын деп, отансүйгіштік сезімді дәріптеген халқымыз "Отанды қорғау - азаматтық парызың" дейді. Ал "Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі", "Елін суйген ер болар", "Ерлік білекте емес, жүректе" т.б. мақалдар өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысу, сөйтіп дұшпаннан Отанын қорғап қалу нағыз халқын сүйген әрбір адамның міндеті болатынын танытады.
Ұлттық зердемізбен ой-санамызға бойтұмар болар қасиетті рәміздеріміздің тарихын, мән-мазмұнын білу Отанын сүйген әрбір азаматтың перзенттік борышы. Себебі, мемлекеттік нышандар арқылы да оқушылардың бойына еліне сүйіспеншілік, мақтаныш, патриоттық сезімдер табанды сіңері хақ. Сондықтан да Туымыз, Елтаңбамыз сияқты халықтың қасиетті белгілерін оқушы қауымға қайталап оқытып отырудың артықтығы жоқ. Осы орайда сыныбымда "Менің елім - Қазақстан", "Менің Қазақстаным - менің болашағым", "Елімнің ардақты белгілері", т.б. тәрбие сағаттарын өткізіп, шәкірттерімді ұлтжанды, отансүйгіш рухта тәрбиелеуге өз үлесімді қосып келемін. Тарих тағлымына адалдық, би-шешендеріміздің үлгі-өнегесін беріктік, шешендікке, өз елін сүюге деген құштарлық сөз өнерінің бір саласы әдебиет пәні арқылы жүзеге асады. Көркем шығармалар, ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылықтарын оқыту жеке тұлғаның өз елінің ұлылары мен халықтың тарихын тануына кең жол ашады. Әдебиетімізде ондай шығармалар көптеп саналды. Солардың бірі букіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын тек поэзияда ғана емес, өмірде де, күресте де үлкен азаматтық пен қорғай білген Ж.Молдағалиевтің "Мен қазақпын" поэмасы. Ақын шығармасы өз ұлтын сүйетін жасқа үлгі болатын шығарма. Поэманың негізгі тақырыбы - еліңе, жеріңе, өз ұлтыңа деген сүйіспеншілік. Өз ұлтын сүю - ұлтжандылық. Ақынның елі алдындағы бірінші - халқын, ұлтын таныта білу.
XVIII ғасырда "Дала Демосфендері" деп аталған үш бидің бірі Қаз дауысты Қазыбек би: Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Жау аяғына басылмаған елміз, Дұшпан аяғына жаншылмаған елміз,-
десе, Жұбан ағамыз "Мен қазақпын" деп жырлап өтті. Ақын өмір сүрген кезең - кеңес дәуірі. Міне, сол кездің өзінде ақын атамыз қазақты бөліп алып, "Мен қазақпын" деп жырлады. Мұндай ерлік кез-келген адамның қолынан келмес еді",- деп ұғындыру оқушылардың поэманы оқуға деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. "Келешек кілті - жастарда" - дейді халық. Еліміздің бақыты үшін жастардың білімді де, іскер болып өсуі шарт. Сондықтан да мемлекетімізде біздің білім алуымыз бен салауатты өмір сүруімізге бар жағдай жасалуда. Осы қамқорлық менің туған еліме, оның халқына деген мақтаныш сезімімді еселейді. Себебі мен елімді сүйемін. Мен елімнің болашағына, нұрлы келешегіне сенемін. Ол үшін ұлан байтақ Отанымның гүлденуіне үлес қосуға әрқашанда дайынмын. "Туған жер" тақырыбында: Ауылым - құтты мекенім. Әрбір адам өзінің кіндік қаны тамған, өсіп-өнген, қасиетті топырағында аунап-қунап ер жеткен, туған жерінің көркеміне үлес қосады. Мен де ауылымның болашағынан көп үміт күтемін. Ер жеткен соң ауылымның бір бұрышына кірпіш болып қалансам деген арманым бар. "Менің елім" тақырыбында: "Менің Отаным, туған елім - Тәуелсіз Қазақстан!" деп бар дүниеге бар дауыспен айқай салғым келеді. Мен өз елімді барлық жан дүниеммен сүйемін. Мен үшін оның әрбір тасы, суы, тіпті жәндігіне дейін бәрі-бәрі ерекше. Отанға деген ұлы махаббаттың бүкіл құпиясы да сонда. "Отан" деген біз үшін аса қасиетті сөз, киелі ұғым. Мен өзімді өте бақытты адамдардың қатарына қосамын. Сондықтан да мен әр кун сайын:
Менің елім, менің елім!
Гүлің болып егілемін. Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің - Қазақстаным! - деп шаттана жар саламын, -
деп оқушы өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін мақтанышпен жазған. Қазақ елін, жерін сүюдің үлгісі болатын тұлғалар тарихта өте көп. Қазақстанда тұратын диаспоралардың таңдаулы өкілдері Герольд Бельгер, Асылы Османова, Надежда Лушникова, Зейнеп Ахметова т.б. қазақ жерін өз елі санап кеткен көптеген азаматтарды мысалға келтіруге болады. Қорыта келгенде, әдебиет пәні де жас ұрпақты елін сүюге үндеп, патриоттыққа тәрбиелейді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев <<Елімізге бойында ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дамыған, егеменді ілімізге аямай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет>>, - деп, жас ұрпақ бойындағы ұлттық патриотизмді қалыптастыру ісінің ел өміріндегі маңызына айрықша көңіл бөлген болатын.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінде: <<Қазақстандық отансүйгіштікті, толеранттылықты, жоғары мәдениеттілікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеу>> қажеттілігі көрсетілген. Мұндай мазмұндағы мемлекеттік талап-міндеттер бүгінде жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру ісінің жалпы ұлттық сипатқа ие болып отырғандығын көрсетеді.Қазақстан Республикасының <<Білім туралы>> Заңында <<Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; ... жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдайлар жасау арқылы ой-өрісін байыту; ...отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу; мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгерту; .... оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану>> деп атап көрсетілген /2/.Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың <<Тарих - жақсы мұғалім, ол халықтың өзін-өзі құрметтеуге қалай өтетінін есіне түсіреді>> деген айшықты ойы Конфуцийдің <<Тарихқа қарап, жаңаны жасауға қабілетті адам мұғалім болуға лайықты>> деген тұжырымымен үндесіп жатқандығы білім мен ұлттық тәрбиенің таусылмас қазына мен парасат қоры екенін тағы да айқындайды. Елбасының <<Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы - бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге деген берік сенім бар>> деген тұжырымы барлық негізге ие.
Қазақ халқының бір туар данышпаны Бұқар жырау <<Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, адамның ата-тегінен>> деген. Қазақ сонау ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан, тұқым қуалайтын барлық жақсы қасиеттердің жиынтығын <<тек>> деген ұғымға сыйғызып, ондай адамдарды <<текті>> деп бір ауыз сөзбен сипаттаған. Ұлттық ерекшеліктерін қатаң ұстап, ұрпақтан - ұрпаққа жеткізуіне осы тектілік негіз болғаны хақ. Тәрбиедегі негізгі түп - тектілік, оның тамырын, өмір тұрғысын дұрыс қалыптастыру ата-ананың негізгі міндеті. Ол міндетті дұрыс атқару үшін олардың өздері баласына өнеге болуы тиіс. Этнопедагогикалық проблемалармен айналысушы ғалым А.Э. Измаилов: <<Халық педагогикасы ұрпақтан-ұрпаққа көбінесе ауызша түрде жалғасып келе жатқан, халықтың тарихи және әлеуметтік тәжірибесінің жемісі, оның іс жүзінде тексерілген білімінің, мағлұматтарының дағдыларының жиынтығы. Халық педагогикасының ескерткіштері халық ертегілерінде, аңыздарында, жырларында, мақал-мәтелдерінде сақталып, ұлттық салттары, дәстүрлері арқылы өзінің көрінісін беріп отырады>> - деп атап көрсеткен .Халық қамын ойлаған ерлердің бірі дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы 1836 - 1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы басқарған шаруалар көтерілісінің ең сенімді қолбасшысы, халқының патриоты ретінде танылған. Ол көтерілісті көзімен көріп, соғыс, ерлік туралы тарихи шындықтың шынайы шежіресін жасаған. Отансүйгіштік маңызға ие поэзиямен өшпес мұра қалдырған біртуар күрескер ақын екенін көрсетеді Қазақтың гуманист, ағартушы педагогы Ы.Алтынсарин қазақ балаларына оқу - білім бере отырып, елдік, отаншылдық қасиеттерді дарытып, тек қана заман ағымына сай білімді патриот азаматтарды тәрбиелеудің маңызына көп көңіл бөлген .
Қазақ халқының ұлы ойшылы, философ Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы шығармаларының дені тәрбие, дін, саясат, қоғам, әлеумет, өмір философиясы секілді келелі мәселелерді қамтиды. Оның педагогикалық мұраларының мәні жеке тұлғаның өз еліне, жеріне, бауырларына, ұлтына адал еңбек етуге тәрбиелеумен сипатталады. Сондықтан ақын шығармаларының негізгі бағыты ұлт болмысын айқындауға бағытталады. Себебі Абай шығармаларында <<отаншылдық>> немесе <<патриот>> сөздері нақты кездеспесе де, оның отаншылдық идеяны насихаттайтын өсиеті көп. Әлі күнге дейін біз оны қазақ халқының патриот ақыны деп айтылуына жеткілікті көңіл аудармаймыз. Бұл тұрғыда зерттеуші ғалым М.Мырзахметов: <<Абайдың халық арасындағы орасан зор ықпалы бар әдеби мұрасын езілген халықтың ой - санасын, азаматтық сезімін ұштап жетілдіру бағытында, қазақ елін топқа, тапқа жіктемей ағартушылар ұстанған таным тұрғысынан танытуға ұмтылды. Абай - бүкіл қазақ атаулының ұлтжанды қамқоршысы>>, - деп келтіреді .
Шын мәнінде қазақ елі Абай өмір сүрген дәуірде қиын - қыстау кезеңді басынан өткізген болатын. Бұл кезеңде қазақ халқының іргесі сөгіліп, елді әркім билеп, Ресей империясының озбыр саясаты және жергілікті болыс - билердің солақай іс - әрекеті елдің тыныштығын бұзған аумалы - төкпелі заман болатын. Ақынның өзі бұл кезеңді:
<<Қалың елім қазағым, қайран жұртым,Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың>>, - деп сипаттайды. Мұның мазмұны ел бірлігін, оқу - білімді, отаншылдық тәрбие - тәлімді, ағартушылықты насихаттаумен түсіндіреді Қазақ халқының бостандығын аңсап, Кеңес өкіметінің әділеттілігі арқылы теңдік алуды мақсат тұтқан жалынды патриот Сәкен Сейфуллин өз еңбектерінде негізінен отансүйгіштік бағытты ұстанды. Оның көптеген еңбектерінде қазақ елінің тәуелсіздігін паш етті. Мысалы:<<Қажыма, ер көңілім, бәрі де өтер,Сан азап бір күнгідей болмай кетер,Жарқырап ататын таң әлі - ақ жетер>>, - деп, өз бойындағы шыдамдылықты бүкіл қазақ елінің жағдайымен салыстыра сипаттайды. Алайда С.Сейфуллин кеңес өкіметінің әділетсіздігімен репрессияға ұшырап, қаза табады. Бірақ оның отаншылдық рухындағы шығармалары өзінің құндылығын жойған жоқ Әрбір адам, бір жағынан белгілі бір қоғамның мүшесі бола отырып, ол сонымен бірге ұлттың (этностың) мүшесі болып саналады. Ұлт мәдениеті - ұлт мүшелерінің бәріне ортақ. Бүгінде әр ұлттың өзіндік мемлекеттік статусын алып, егеменді ел болуымен байланысты ұлт мәдениетінің өткені мен бүгінгісіне және болашағына көз жіберу аса қажет болып отыр. Сондықтан ұлттық мәдениеттің тарихына тереңірек көз жіберу - бүгінгі мектеп мұғалімінің басты борышы. Осы тұрғыдан қарағанда мектеп оқушыларын қазақ батырларының қаһармандық бейнесі арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеудің білімдік те, тәлімдік те маңызы зор. Халықтық педагогиканың негізгі мақсаты - өзінің бай тарихи тәжірбиесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбексүйгіштікке, өнерге баулу, жанұя, ауыл-аймақ, Отанның ар-намысын қорғай білетін жаны жайсаң азамат тәрбиелеу болған. Осы мақсатты іске асыру жолында отбасы мүшелерінен бастап, ауыл ақсақалдары, көне көз қариялар, ақын, жыршы, жырау, әнші, күйші, термеші сияқты өнер адамдарының белсене қатынасып, ұжымдық тәрбие ісін жүргізушілер болып келеді. Әсіресе, жыраулар өздерінің өлең-жырларымен ақыл-кеңес өсиет өнеге айтумен болды. Олар сол арқылы айналасындағы тыңдаушы қауымға ненің жақсы, ненің жаман екендігін сездіріп, неден бойды аулақ ұстау керек дегенді айтты. Сөйтіп жастарға ой салып, тәлімгер бола білді. Өкінішке орай бұдан бұрынғы сөз өнерін әлемде алдына жан салмайтын қазақ халқының бүгінгі ұрпағының сөзге шорқақ болуы, екі ауыз сөзді жазбай, иініне келтіріп айта алмауы кешегі кеңестік тоталитарлық саясаттың кесірінен деуге болады. Тілге-ойға деген тұсау адамдарды рухани жұтаңдыққа, жалтақтыққа, тіл мүкістігіне алып келді. Ұлттық намыссыз адамға М.Шаханов айтқандай, <<төрт анасын қадірлемеген жандардың бағы ешқашан жанбақ емес>> демекпіз. Сөзімізді түйіндей отырып, қоғамның жаңа даму жағдайында оқушылардың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді туған елін сүю, туған ауылды ардақтау, ақын - жазушылар мен ел қорғаған батырларды ардақтау, еңбек пен өнер, ғылым мен білімді сүюді үйрету.

Ұқсас жұмыстар
Жұмысымның нәтижесі
Тарих сабақтарында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту
Фараби өлеңдерін жатқа сұрау
Мектепте тарих сабақтарында сын тұрғысынан ойлауды қолдану арқылы тарихты меңгерту
Математика - тапқырлықты талап етеді
ТАРИХИ - МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ОҚЫП ҮЙРЕНУДІҢ МАҢЫЗЫ
Махамбет өлеңдерінің тілі
Батық ауылының тарихы
АӘД сабақтарында патриотизмді қалыптастыру жолдары
Исатай мен махамбет бастаған халық азаттық көтеріліс
Пәндер