Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

5-сыныптарға арналған жаттығулар,олардың ерекшеліктері

5-сыныптарға арналған жаттығулар, олардың ерекшеліктері
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде жаңа заман талаптарына сай оқыту технологиясын жетілдіру талаптары қойылып отыр. Соған орай педагог мамандар оқытудың әлемдік жетістіктеріне барлау жасап, оқытудың ең тиімді әдіс - тәсілдерін зерттеп, оқу үрдісіне тәжірибе жүзінде сынап келеді. Оқыту саласында әлемдік деңгейде танылған озат оқыту технологиялары қазіргі мектепте, жоғары оқу орындарында кеңінен қолдау тауып, жан - жақты пайдаланылып келеді. Бірнеше оқыту әдістерін салыстыра қарастыру арқылы әр мұғалім өздерінің мүмкіндігі мен бейімділігіне қарай оқытудың жаңа технологияларын таңдап, сұрыптап өздерінің күнделікті білім беру, оқыту әрекеттерінде қолданып отырады. А. Байтұрсынов өзінің <<Қай әдіс жақсы>> мақаласында: <<Әдіс - керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы - жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай. Мәселен, сауаттау әдісін алсақ, бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы, оларға тиіс деп айтуға болмайды. Екеуінің тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс екіншісіне қолайлы болуы мүмкін>>, - дейді. Сондықтан Н.А. Крупскаяның даналығында <<Мұғалім ең алдымен өзі оқытатын пәнді білуге, ал онан соң оны жеткізе алатын болуға тиіс. Білімді оқушыларды қызықтыру үшін қажет жағынан бастап, түсінікті формада айтып жеткізу, ең басты мәселеге тоқтала білу, ең мәнді нәрсені екінші қатардағы мәселеден ажырата білу, осының бәрі нақты мысалдар келтіре отырып айтып беру - зор өнер... Бұл өте үлкен өнер, мұның өзі жұрт ойлайтындай оншалық оңай емес>>, - деп көрсетілгендей ұстаздық еткен жан жалықпай үнемі шығармашылық ізденісте болып, педагогикалық іс - тәжірибесін замана талабына ағымдап отырғаны абзал. Осындай оқыту технологияларының арасында әдіскер - оқытушылардың арасында кеңінен қолданып жүрген әдістердің бірі - жаттығу әдісі. Қазақтың педагог - ағартушысы және жазушысы Ы.Алтынсарин: <<Жаттығу әдісі оқушыларды білім алуға үйретіп, дүниетанымын кеңейтетін әдіс>>, - деп есептеген. Қазақ тіліне деген қызығушылық мұғалімнің тиімді әдістерді таңдауы арқылы тіл үйренушінің жақсы оқуына, материалды жақсы ұғып алуына ықпал жасайды. Оқытушының іздеген әдісі шәкірт санасына дарып, оның білім алуына жағдай жасаса, оқытушының еңбегі нәтижелі болатыны сөзсіз. Оқушының дүниетанымын кеңейтіп, рухани дамытып, жан - жақты білім беруде жаттығулардың өзіндік алатын орны бар. Жаттығулар жүйесі деген ұғымның өзі 1930 жылдары Кеңес әдістемелігінде алғаш рет пайда болған. Орыс ғалымы А.А.Миролюбов жаттығулар жүйесінің тарихи жолын қарастырып зерттеген. Ғалымның тұжырымдауынша, сол жылдарды тілдерді оқыту ісі біршама жетістіктерге қол жеткізгеніне қарамастан, кемшіліктер де кездескен, сондықтан жаттығулар жүйесі мәселесін анықтауға ғалымдар саналы түрде бет бұрды. Ә.Исабаев: <<Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері>> атты көмекші оқу құралында қазақ тілі материалдарының өзіндік белгілері жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы дәлелденеді, - дейді. Жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде әсерлі ұйымдастыру мұғалімнің әдістемелік шеберлігіне және ізденіс деңгейіне байланысты. Жаттығулар жүйесін қалыптастыруда түрлі қолданылған әдістердің теориялық - практикалық тұрғыдан мұғалімдер тарапынан жетілдіріп және оның ғылыми әдебиеттерде талдануының маңызы зор. Жаттығу іріктеу - сипаты, міндеті, дидактикалық тараптары анықталғаннан кейінгі басты мәселелердің бірі. Қ.Сарбасова жаттығу іріктеуде мынадай талаптар ескерілуі тиіс дейді:
* Жаттығудың өтілген тақырыпты пысықтауға, бекітуге бағытталуы.
* Жаттығу кездейсоқ болмай, белгілі бір ретпен келуі, жүйелі ұсынылуы.
* Жаттығу оқушының қызығуын, ынтасын арттырарлық болуы.
* Өз беттерінше жұмыс істеуге дағдыландыру.
* Шығармашылық сипаттағы жаттығулардың ( түсіну сезімі арқылы) болуы.
Қазақ тілін оқытудың кешенділігі онда өзара тығыз байланысқан элементтер мен бірқатар дидактикалық талаптар мен шарттардың міндетті түрде орындалуын талап етуімен ерекшеленеді. Қазақ тілін дамыта оқыту - үлкен жүйе деп танылып, оны құраушы кіші жүйе жаттығулар жүйесі жасалынды. Қазақ тілін дамыта оқыту технологиясындағы жаттығулар жүйенің табиғатына сай, ішкі құраушы деңгейлерге бөлінеді. Өйткені тілді теориялық деңгейде меңгеруі барысында оқушылар бір қабаттық жаттығу түрін орындаумен көзделген мақсатқа жете алмайды, себебі, бір деңгейде орындалатын жаттығулар оқушының теориялық ойлауын дамыта алмайды. Қазақ тілін дамыта оқытуда жүйеленген жаттығулар оқушылардың ауызша және жазбаша орындауына арналады. Қазақ тілін оқытудағы жазба жаттығулары екі үлкен топқа бөлініп қарастырылады:
* Қазақ тілін тілдік материал ретінде меңгеруге арналған жаттығулар.
* Жазу сауаттылығын ( каллиграфия, орфография ) қалыптастыруға және жазба тілді дамытуға арналған жаттығулар.
Бірінші топтың жаттығуларын орындау барысында оқушының жазу сауаттылығы дамиды, ал екінші топтағы жаттығуларды орындауда оқушылар қазақ тілі заңдылықтарын таниды. Демек, практикалық әдістердің ішінде жаттығудың алатын орны ерекше. Жаттығулар кеңінен қолданылатын әдістердің бірі. Соның ішінде 5 - сыныпта <<Фонетика>> саласын оқытуда жаттығу жұмысының мәні зор. Тақырып түсіндірілгеннен кейін жаттығу жұмыстары орындалады. Әрбір мұғалім оқушылардың керекті дағдыларын қалыптастыратын және қалыптасқан дағдыны тілдің басқа да ұқсас құбылыстарына да қолдана алатын жаттығу әдістері білгені жөн. Жаттығу нәтижесінде оқушылар алған теориялық білімдерін практикада тез де дәл қолдана алу дағдысына ие болады:
* Біріншіден, оқушының білімін нақтылайды, әрі нығайтады;
* Екіншіден, өздігінен жұмыс істеуге жаттықтырады, ой қабілетін арттырады.
Сабақтағы жаттығу жұмысы оқушылардың қандай тілдік материалмен жұмыс жасауына қарай: фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік болып бөлінеді: Фонетикалық жаттығулардың міндеті - оқушылардың айтылған буындар мен дыбыстарды айыра алуын және оларды дұрыс, анық айтып берулерін қамтамасыз ету. Морфологиялық жаттығулардың міндеті - ана тіліміздің морфологиялық құрылысын оқушыларға саналы түрде меңгерту. Синтаксистік жаттығулардың міндеттеріне ( пунктуациялық жаттығулар қосылады, яғни мәтіндегі қойылған тыныс белгілерді талдау, қойылмаған тыныс белгілерді, тілдегі нүкте, үтір, сызықша сияқты белгілерді) қою болып табылады. 5 - сыныпта оқушылар қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, лексикасын және грамматикалық жүйесін курс ретінде игере бастайды. Осы сыныптан бастап оқушылар қазақ тілінің ғылыми курсының негіздерін жүйелі түрде меңгереді. Оқушылардың ойлауын дамытудың негізгі компоненттері - мақсаттылық, мазмұндық, операционалдық, мотивациялық өзара жүйелі түрде байланысты болады. Фонетика - лингвистиканың үлкен бір тарауы. Ол әр дыбысқа тән қасиеттерін, ерекшеліктерін, тіл дыбыстарының жүйесін қарастыратын ғылым. Тіліміздегі дыбыстардың заңдылықтарын, айтылу және жазылу нормаларын, таза қазақ тілінде дыбысталуын білмей тұрып, тіл білімінің басқа салаларын толық меңгеріп кету қиынға соғады. Оқушылардың тіл дыбыстарын алған білімдерін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттығуларда мынадай талаптар қамтылуы тиіс:
* Жаттығу нәтижесінде неге қол жететінін оқушының өзі жақсы білуі керек. Мұғалім оқушыларға әр түрлі жаттығу жұмыстарды қандай ұқыптылықпен, шапшаңдықпен орындауға тиіс екенінің үлгісін көрсету керек;
* Әрбір жеке жаттығуды орындағаннан кейін оқушы нәтижесін білу керек. Өзінің нені үйреніп, қалай ілгері басқанын сезіп, ішіндегі кемшіліктерді біліп, оларды жою үшін не істеу керектігін білуі керек;
* Мұғалім жаттығулардың формасын өзгертіп, оны түрлендіру арқылы оқушылардың барлық көңілін, назарын сол жаттығуларға аударады. Жай фонетикалық талдауларды орындау арқылы, күрделіге өздері көшкенін байқамай қалатын дәрежені қалыптастырған жөн;
* Тақырыпқа сәйкес жаттығуларды дұрыс іріктеп беріп, тұрақты дағды жасауға жаттығу саны емес сапасының ерекше маңызын көрсете білу;
* Жаттығуларды орындауда оқушылардың әрдайым бір қиындық кездестіріп отыруы керек. Оқушыны бір күрделі дағдыға жаттықтырмас бұрын, оған әуелі осы күрделі дағдыны құрайтын элементтерді жеке - жеке меңгеру қажет.
Демек, оқушы фонетиканы оқу арқылы әдеби тілдің түрлі дыбыстық заңдылықтармен танысады, дауысты, дауыссыз дыбыстардың жетілуін оңай ажыратумен бірге, түрлі орфографиялық ережелерді есіне сақтап, сауатты жазу дағдысын меңгереді. Олай болса, 5 - сынып оқушыларын оқытудың ерекшелігі - осы сыныптағы оқылатын білім мазмұнымен байланысты. Лексика деген грамматикалық атау 5 - сынып оқушыларына бүтіндей таныс емес, жаңа категория болып табылады. Сондықтан оқушыларға тілдің лексика бөлімінің қарастыратын объектілерінен мәлімет береміз. Тілдің ең кішкене бөлшегі - сөз. Өмір тіршілігінде кездесетін заттар мен құбылыстар адам баласына сөз арқылы танылады. Демек, сөз адам баласының ұғымдарының қағаз бетіне түсірілген белгісі. Лексика тілдегі сөз атаулыны, олардың мағыналарын тексеретін бөлім. Лексика сөздердің алуан түрлі мағыналарын қарастырады, сондықтан лексикада берілген сөздің тура және ауыспалы мағыналарын, көп мағыналары сөздерді омоним, синоним, антонимдерді кейбір грамматикалық категориялар сияқты жеке күйінде өтуге болмайды. Себебі, сөздердің мағыналары үнемі сөйлем ішінде, мәтінде сараланып, танылады. Сондықтан әр мұғалім лексиканың категорияларын қазақ тілі оқулығында берілген мәтіндермен тығыз байланыста өту қажет. Демек, оқушылардың әдеби тілдің нормасында жатық, көркем сөйлеулерінде лексика тарауында дұрыс бағыт беруге көңіл бөлінеді. Мектепте ана тілін оқыту сапасын көтеру, оқушылардың мәдениетті жазу, сөйлеу дәрежесін арттыру тек фонетика, грамматиканы білдірумен ғана орындалмайтындығы лексикология білімінің жете зерттелуіне байланысты айқындалып, оны кең түрде бағдарламаға енгізді. Лексика тарауы бағдарлама бойынша 5 - сыныпта оқытылады. Лексикалық ұғымдар 5 - сыныптарда арнайы өтілумен бірге, тілдің өзге салаларын оқыту барысында да қайталанып, жаңа материалды толықтыру, түсінікті ету үшін қажет болады. Ол үшін лексика туралы алған ұғым әрқашан грамматиканы оқыту барысында кеңейтіп, практикалық маңызы ашыла түсуі керек. Себебі, жеке сөз ешқашан өз бойындағы барлық мүмкіншілікті толық таныта алмайды. Лексиканы оқыту әдістемесінде мынадай төрт қағида басшылыққа алынады:
* Сөз мағынасын сөздің аңғаратын болмысымен салыстыру;
* Лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаны салыстыру;
* Семантикалық - мағыналық принцип;
* Диахрониялық принцип.
Демек, мектепте лексиканы оқытуда бұл аталған қағидалардың тиімділігінің үлкен мәні бар. <<Фонетика>>, <<Лексика>> тарауларынан өтілген материалдарды қайталау сабағынан кейін сөзжасамның ғылыми - теориялық негіздері туралы мағлұмат ұсынылады. Сөздердің жасалуының нақты тәсілдері мен жаңа сөз тудыру жолдары осыдан кейін оқылатын тіл білімінің <<Морфология>> саласын меңгертуде негіз қалайды. Себебі, әр сөз табының жасалу жолдары туралы мағлұмат осы білімге сүйеніп беріледі. Сөз таптарының алдында сөз түрлерін оқытудың мақсаты оқушыны үлкен тақырыпты меңгеруге даярлау болып табылады. Оқушы атауыш, көмекші, одағай сөздердің әрқайсысының да адам ойын білдіруде үлкен рөл атқаратынын, сондықтан оларды өз орнымен қолдану қажеттігін осы білім арқылы түсінеді.
Фонетика
1 - жаттығу. Төмендегі сөздердің мағыналарын анықтап, олардың жуан, жіңішке буынды сөздер болып бөліну себебін түсіндіріңіз. Қиын, өрік, қуан, өрік, қора, мектеп, дала, қала, ірімшік, ұн, ырыс, буын, киін, беру, ертегі, тиін, жүру, жолдас, арыс. (М.Серғалиев)
2 - жаттығу. Төмендегі сөздердің мағыналарын анықтап, буынға бөліп көшіріп жазыңдар да, олардың қандай буындар екенін ажыратыңдар. Бала. Шаруалар. Мейірім. Келешегіміз. Сабыр. Құрылыс. Мәлімдеме. Сыйлық. Қайың. Алатау. Жарыс. Мәдениет. Керемет сапар. Сұлулық. Күнтізбе.
3 - жаттығу. Төмендегі сөздерді оқып, көп нүктенің орнына тиісті әріптерді қойып, сөздерді көшіріп жазыңдар. Ө...імдік. Жол...арыс. ...р...мш...к. Се...ім. Ж...л...ас. Әс...м. К...рес. Б...стық. Ү...ірме. Көрм.... Ас...қ.
4 - жаттығу. Төмендегі кісі аттарының жазылу емлелерін есте сақтап, оларды алфавит ретімен жазыңдар. Фариза, Ырыскелді, Раушан, Орынша, Сақып, Тоқмырза, Еркебұлан, Жұлдыз, Ахмет, Үміт, Гүлім, Зейнелбек, Ұлжан, Әсем, Досжан, Назым, Мәулен, Өтеген, Хамит.
5 - жаттығу. Берілген сөздер ішінен ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпалдарды топтап, жазылу себебін түсіндіріңдер. Жанпейіс, жүрегі, өзімшіл, емшан, аспен, тоқтық, көктемгі, басқа, табамын, Боранқұл, Қазанқап, жазса, көршілер, ашса, Талдықорған. (Б. Қалиұлы. <<Қазіргі қазақ тілі>> ) 6 - жаттығу. Қалаған суретіңізді таңдай отырып, сөйлем ішінде қазақтың төл дыбыстары кездесетін шағын мәтін құраңыз.
7 - жаттығу. Адасқан әріптерді орнына қойып, буын түрлерін ажыратыңдар.
Үлгі: м т е е р к е - керемет н и м ә т д е е - т л е д и р е д а - ж р а п ы қ а - б д о с т а н ы қ -
8 - жаттығу. Төменгі жырдан алынған үзіндіні мәнерлеп оқып, буын түрлерін анықтап, тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңдар. ...Саған айтпай сөзімді кімге айтайын, Ұялмай үйге қайтып бос қайтайын Өлсем де атап берші тір тояйын Мағшардағы күнжін мән тартайын ( <<Қозы Көрпеш - Баян сұлу>> жырынан)
9 - жаттығу. Сөйлемді оқып шығып, мағынасын түсіндіріңіз, ондағы тыныс белгілерін тексеріп, буынға бөліп оқыңыз. Ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәйір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?
10 - жаттығу. Қала және облыс атауларын әліпби бойынша оқып шығыңыз. Астана, Павлодар, Талдықорған, Семей, Жезқазған, Тараз, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Көкшетау, Атырау, т.б.
11 - жаттығу. Мына кірме сөздерді қатыстырып бірнеше сөйлем құраңдар. Білім, күн, сабақ, телефон, талап.
12 - жаттығу. Әріптерді ретімен жазып, сусын атауларын жазыңыз. Түс - сүт 1. Ымызқ - қ . . . . 2. Нрышы - ш . . . . 3. Парша - ш . . . . 4. Рнайа - а . . . . 5. Еписп - п . . . .
13 - жаттығу. <<Сөздер тізбегі>> ойыны. Сөз қандай әріпке аяқталса, сол әріптен басталатын жаңа сөз жазып, дыбыстық талдау жасаңыз.

right7620нан
00 нан
left7620 алма
0 алма
center7815 айран
0 айран
алма

14 - жаттығу. Мына сөздердегі көп нүктенің орнына берілген жұп дауыссыздардың тиістісін жазыңдар. (тт, фф, нн, лл, дд, сс, кк, бб, пп, мм) Мемлеке...ік, экспор...аушы, ше...ету, шар...ы, ха...ама, аген...ік, толеран...ылық, сипа...ама, өкіле...ілік, құжа...ану, қасе...і, келі...өз, жа...ай, и...овациялық, бірі...ен, әлімже...ік, әлеуме...ік, а...еста...ау, ауқа...ы, а...ект, а...арат, айы...ұл, аба...андыру, абонен...ік.
Лексика
15 - жаттығу. Сөйлемдерді оқып, құрамынан тура және ауыспалы мағыналы сөйлемдерді ажыратыңдар. 1. Тура ағаш - үйге тіреу, тура жігіт - елге тіреу. (Мақал) 2. Айдар, Айдар ақ Айдар, Жағаң - сурет, суың - бал. (Ж.Саин) 3. Ақымақ - шаппамен бауыздар, ақылды - мақтамен бауыздар. (Мақал) 4. Қызды ауылдың иті жатпас.(Мақал) 5. Орыстың ғалымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. (Абай)
16 - жаттығу. Төмендегі сөз тіркестерінің құрамынан көп мағыналы сөздер мен омоним сөздерді тауып, олардың қандай мағынада қолданылып тұрғанын анықтаңдар. а) Адамның көзі қырағы, істің көзін білу керек, көз бояу, иненің көзі тар, терезенің көзі. ә) Киім жағасы, өзен жағасы, ағасы бардың жағасы бар. б) Егін ор, орға түсіп кетпе. в) Белі ауырады, қойлар анау белде жайылып жүр. г) Малға күтім керек, қолыңды шипа суына мал. ( Қазақ тілі мен әдебиеті журналынан. №86, 2006ж.)
17 - жаттығу. Төмендегі сөздерді оқып, құрамынан омоним, синоним, антонимдерді жеке - жеке топтап жазыңдар. Үлгі: Омонимдер: Антонимдер: Синонимдер: Күрес, Көп - аз Өсу, даму Айтыс, Бар - жоқ Пысық, ұл, аз, қыз, өсу, әйел, даму, ширақ, тірі, бар, өлі, жоқ, келбетті, ауыр, көрікті, ақ, реңді, қара, өркендеу, жұмсақ, кедей, еті тірі, қатты, ұсақ, ар, күрес, айтыс, өр, қыр. ( Қазақ тілі мен әдебиеті журналынан. №86, 2006ж.)
18 - жаттығу. Төмендегі сөздерді оқып, мағыналарын анықта да, архаизм сөздерді бір бөлек көшіріп жазыңдар. 1. Әмеңгерлік. Рабфак. Ояз. Тасаттық. Низам. (М.Серғалиев). 2. Қорамсақ. Ескілік. Хан. Феодал. Уәзір. Сақ. Кент. Би. Қазы. (А. Айғабылов. Методикалық жинақ. Алматы, 1982ж.)
19 - жаттығу. Төмендегі сөздерді мағыналарын қарай топтап, олардың қай пәннің атаулары екенін айтыңдар. Дыбыс. Қосу. Жапырақ. Тау. Пионер. Тамыр. Көбейту. Екпін. Бастауыш. Глобус. Кесте. Карта. Сөз. Әріп. ( Методикалық жинақ. Алматы, 1982ж.)
20 - жаттығу. Төмендегі сөз тіркестерінің мағыналарын түсіндіріңдер. Сырдың суы сирағынан келмеу, қонышынан басу, аяғы аспаннан келу, бармақ басты, мойнынан су кету,қабақ шыту, ит болды, қоян жүрек, тайға таңба басқандай, тасбақа жүріс, қой ауызынан шөп алмас. (М.Серғалиев)
21 - жаттығу. Төмендегі мақал - мәтелдерді оқып, олардың қандай мағынада қолданылып тұрғанын түсіндіріңіз. Таспен ұрғанды аспен ұр. Елінен кетсе, ер - жетім, егінші кетсе, жер - жетім. Құлқынның құлы болғанша, халқыңның ұлы бол. Өзі өтірікші өзгенің шын сөзіне сенбейді. Көліне қарай - қазы, қасына қарай - жазы. Бас жарылса - бөрік ішінде, қол сынса - жең ішінде. ( Мақал - мәтелдер)
22 - жаттығу. Омоним сөздерді тауып, қай сөз табынан жасалып тұрғанын түсіндіріңдер. Үлгі: Жағам дейсің қара ( сын есім) Әліңе бірақ қара. ( етістік) 1. Күйе, күйе, күйе ме? Күйеге қолым күйе ме?(... ...) 2. Жоғалсаң да атың, Жоғалмасын атың. ( ... ...) 3. Айыбымды кеш, Келсем де үйге кеш. (... ...) 4. Дәл осы орында, Сабағыңды орында. (... ...)
23 - жаттығу. Мәтіннің тақырыбын анықтаңдар. Оның кімге арналғанын айтып, синоним сөздерді теріп жазыңдар. Әйгілі қазақ композиторы Әбілахат Смағұлов 1925 жылы қазанның 25- інде Қостанай қаласында өмірге келген болатын. 17 жасында ұстазы А. Сапақовтың өлеңінде Туған ел деген ән жазған болашақ ұлы сазгер. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде өзі сұранып, майданға аттанды. Ал музыкалық оқуын өз жүрек қалауымен Құрманғазы консерваториясының композиторлық бөлімінде оқыды. Алайда, өз өмірінде 200 - ге жуық ән жазған Ә. Еспаев сазгерлер одағының мүшесі. Алматыда қазанның 7 - сінде әйгілі сазгер Әбілахат Еспаевтың <<Ұстазым менің, ұстазым>> деп аталатын ән кеші өтеді.
24 - жаттығу. Төменде берілген мақал - мәтелдердің антонимдік қатарын толықтырыңдар. 1. Үлкенге - ________ , _________ - ізет. 2. Әдепті бала -_______ бала, ________ бала - сорлы бала. 3. Дос_______айтар, Дұшпан_______ айтар. 4. Көз - ________, Қол - __________ .
Сөзжасам
25 - жаттығу. Мына сөздерден қос сөз жасап жазыңдар. Азық - Ақ - Сән - Ата - Күш - Жора - Той - Ата -
26 - жаттығу. Берілген сөздерден негіз сөз бен туынды түбір сөзден сөзжасамдық жұп жасаңыз. Той Өш Жүз Толық Сен Өн Тыным ( Қазақ тілі мен әдебиет журналы, №12, 2006ж.)
27 - жаттығу. Мына біріккен сөздерді қатыстырып, бірнеше сөйлем құраңдар. Досжан, қысқа жақын, жан жолдас, биыл, Ақжар, кемпірқосақ, Көкшетау, жалақы, әнқұмар, онкүндік, әлдеқандай. ( М.Серғалиев)
28 - жаттығу. Берілген сөздерден күрделі сөз құрап жазыңдар. Көз, әсем, жер, асау, бел, тіл, қадір, қызыл, ислам, торы, боз, тың.
29 - жаттығу. Берілген сөйлемдерден зат есімдердің қандай септікте септеліп тұрғанын түсіндіріңіз. 1. Еріншектің ертеңі бітпес. 2. Оқығанның білімі көп. 3. Асан кітапты дауыстап оқыды. 4. Жорықта жолдастың қамын өз қамыңдай ойлау керек. 5. Нұрғали жолдас жаудың пулеметін құртуға командирден рұқсат сұрады. 6. Қасым жолдастарымен экскурсияға кетті.
30 - жаттығу. Берілген бір түбірге әр түрлі жұрнақ жалғау арқылы бірнеше туынды түбір жасаңдар. Көз, көр, ал, тас, жаз, оқы.
31 - жаттығу. Берілген сөздердің әрқайсысы бірнеше мағынада жұмсалатындай етіп сөйлем құраңдар. Ақ, кілт, көз, шаш, суық, шық, жарық. ( Б. Қалиұлы. Қазіргі қазақ тілі)
32 - жаттығу. Сөз құрамына талдаңыз. Үлгі: Болатбек - болат + бек. а) Үшқоңыр, Ұзынағаш, Ақтөбе, Талдықорған, Қаратал. ә) Айжан, Нұрлыхан, Бақытгүл, Медетхан, Керімбала. б) отансүйгіш, көзайым, көктас, қарабалық.
33 - жаттығу. Берілген сөздерге жақша ішіндегі жұрнақтардың қажеттісін таңдап, зат есім жасаңыз. Бас ( -шақ, -шылық, -дас), одақ ( -лас, -тес, -тас), хат ( -лік, -шы, -ше), жеңіл (-ші, -дік, -тас), пікір ( -шек, -дық, -лес), маман ( -дық, -дас, -шілік), көшбас (-тік, -шы, -лық), қажы ( -шек, -ші, -лық ).
34 - жаттығу. Төмендегі сөздерді зат есімдердің есімдерден жасалынуы және етістіктен жасалынуы тұрғысынан берілген бағанға ажыратып жазыңыз. Білім, ғаламдық, мәртебелік ғарышкер, күйзеліс, жомарттық, тойым, орналасқыш, аялдама, өлшеуіш, келісім, кәмелеттік.

Есімдерден жасалған
Зат есімдер
Етістіктерден жасалған
Зат есімдер
1.
1.
2.
2.
3.
3.
4.
4.
5.
5.
6.
6.
35 - жаттығу. Берілген мысалды басшылыққа ала отырып, түбір сөзге қажетті жұрнақ пен жалғауды жалғаңыз. Мысалы: бар ( -ып) + (-ты) Бейне (тас, қас, бас) + ( па, қа, ке) Әкім (ші, ке, ға) + (лық, лік, дық, тік) Тұрақ (сыз, ғыз, қыз ) + ( дық, дік, тық, тік) Сенім (ғар, гер, қар, кер ) + ( лік, лық, дық, дік ) Мейірім (ді, ты, ті ) + ( лық, лік, тық, тік ) Айқын ( да, де, та, те ) + ( ма, ме, ба, бе ) Салтанат (ды, ді, ты, ті ) + (лық, лік, тық, дік ) Шығарма (шы, ші, қы, кі ) + ( лық, лік, тық, тік ) Тұжырым ( да, де, та, те) + (ма, ме, ба, бе)
Түйін сөз Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі жаңа өзгерістер мен білім беру саласында қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту үдерісін жаңа ағымға ілестіру - маңызды мәселе. Қазақ тілі сабақтарында жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану - оқушылардың шығармашылық қабілетін, танымдық қызығушылығын арттыратын, олардың өз бетінше ой қорытуына жағдай жасайтын, мұғалім мен оқушы арасында ерекше қарым - қатынас тудыратын оқытудың жаңа түрі. Қазақ тілін оқытудың әрбір кезеңінде қолданылатын әдіс - тәсілдерді тиімді пайдалану сабақтың құрылымын жақсартады және оқу мақсаттарын нәтижелі шешуге әсер етеді. Қазақ тілін оқытуда жаттығулар жүйесі мәселесі мейілінше көп ізденісті талап етеді, өйткені бұл мәселені зерттеу ісі соңғы уақытта ғана қолға алынып, толық зерттеліп біткен жоқ, яғни әлі де зерттеуді қажет етеді. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналған - ұлттық білім беру жүйесін жаңаша сипатта дүниежүзілік білім беру орталықтарының озық тәжірибелерін пайдалана отырып, оқытуды жаңаша технологияға негізделген тиімді әдіс - тәсілдер арқылы ұйымдастыру білім сапасын көтеруге септігін тигізері даусыз. <<Еліміздің ертеңі - бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры - ұстаздың қолында>> - деп Елбасымыз айтқандай, ұстаздарды өз отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, еліміздің болашағына, оның гүлденуіне аянбай үлес қосатын жас жеткіншектерді даярлау міндеттері күтіп тұр. Сондықтан да мұғалім сабақ беруде оқушылардың оқу белсенділігін арттыруда түрлі әдіс - тәсілдерді қолдана отырып оқыту тиімді болып табылады.

Ұқсас жұмыстар
Логикалық есептер
Негізгі буындағы информатика курсының мазмұны
Қозғалыс техникасының элементтерін үйрету
Жалқау немере
Жалқау немере , Мен таңдайтын мамандық
Бастауыш сыныпта информатика пәнін оқытудың маңызы
Барлық сағат саны сағат саны мерзімі
"web-дизайн" қолданбалы курс бағдарламасы
Зертханалық сабақ
Оқу жоспары
Пәндер