Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Ұлтты тану - ұрпақ борышы

<<Ұлтты тану - ұрпақ борышы>>
Танымдық тәрбие сағатының сценарииі
МҰСАҒАЛИ С.С.
Мақсаты: 1. Оқушыға қазақ елінің тарихы, мәдениеті, ұлттық құндылықтары, дәстүр - салты, айтулы тұлғалары жайлы ақпарат беру. 2. Жас ұрпақ бойында тәуелсіздіктің ел өмірінен алар орны, Қазақстанның өткені мен бүгініне қысқаша шолу жасап, Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін, жауапкершілік қасиеттерін дамыту.
Тәрбиелік шара <<Бойтұмар>>, <<Баба дәстүр>>, <<Ата тарих>>, <<Тұлға>>, <<Ел болашағы - біздің қолымызда>> атты бөлімдерден құралады.
Көрнекілікке арналған сөздер:
<<Атадан жеткен асыл сөз>> айдарымен интерактивті тақта арқылы немесе басқа да заманауи жаңа техникаларды пайдаланып экраннан әр бөлім атауларын және төменгі сөздерді көрсетіп отыру.
<<Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.>>
Ш. Уәлиханов
<<Рухани әлемі кең, рухы берік ел - қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл.>>
Ш. Мұртаза
<<Қазақтың бүкіл тарихы - бірігу, тұтастану тарихы. Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық.>>
Н. Назарбаев
<<Бостандыққа апарар жалғыз жол - ұлттық ынтымақ қана.>>
Ә. Бөкейхан
І. Бойтұмар бөлімі Жүргізуші: Бойтұмар - қазақ халқында қасиетті нәрсе. Сондықтан оны әр адам көздің қарашығындай сақтап, жанынан тастамай, қастерлеп ұстаған.
Ендеше осы Бойтұмар бөлімінде айтылған ұғымдарды жас ұрпақ бойға тоқып, жүректе жаттап, қаншалықты құрметтесе, соншалықты өз елінің лайықты азаматы бола алады.
Атап айтсақ, дінімізді сақтау, ұлтымызды, мемлекетімізді қорғау, мақтан ету, ана тілімізді дәріптеу, ең бастысы тәуелсіздігімізді бағалау - біздің қасиетті бойтұмарымызға айналуы тиіс.
1 - оқушы: Үміт күтіп өр кеуделі жастардан, Айбатынан жау сескеніп, жасқанған. Ұрандатып, бірлікке елді шақырған Қазақ ұлты - алты алаштан басталған.
2 - оқушы: Қазақ осы - ұятты күшті өлімнен, Талай ғасыр ерлігімен көрінген. Елін, жерін дұшпанына таптатпай Ұлы, орта, кіші жүзге бөлінген.
3 - оқушы: Ұлтын, халқын өмірінің мәні еткен, Қилы заман, асулардан сан өткен. Қасым, Есім, Тәуке,Абылай, Керей мен Жәнібек, Жәңгір тағы талай хан өткен.
4 - оқушы: Тәуелсіздік таңы арайлап атқанын, Көрді ұрпағы бақыты мол шақтарын. Сан мың ұлттың басын қосқан бірлікпен Қазақстан - тәуелсіз ел, мақтаным.
5 - оқушы: Елдігімді үлгі тұтар баламын, Тот баспайтын сынығындай алтынның. Келген бізге ақ сүтімен ананың Қазақ тілі - ана тілі халқымның.
6 - оқушы: <<Алға қазақ!>> заманыма тән ұран, Бойтұмар қып, тәрбиелік мән ұғам. Ата заңым, ұлттық теңгем, рәмізім Көк байрағым, елтаңба мен әнұран.
7 - оқушы: Күннен күнге өркендеген жас қала, Ел кіндігі, елордасы, бас қала. Целиноград, кейінгі аты Ақмола Дәл бүгінде асқақ, әсем Астана.
( Осы бөлімге сәйкес өлеңдерде айтылған барлық мәліметтер, суреттер экраннан көрсетіледі)
Музыкалық нөмір________________________
ІІ. <<Баба дәстүр>> бөлімі
Жүргізуші: Дәстүр - белгілі бір ұлттың, халықтың ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, тарихи қалыптасқан, әлеуметтік ортадағы мәдени - тұрмыстық құндылықтар. Осы құндылықтарды тереңірек біліп, күнделікті өмірде қолдану, сақтау - өскелең ұрпақтың басты парызы.
8 - оқушы: Егемендік - ел тірегі, азат күн, Ұрпағына ұлы мұра, ғажап күн. Бабалармен бірге болған сан ғасыр Ұмытылмас салт - дәстүрі қазақтың.
9 - оқушы: Алтын - күміс әшекеймен бағы бар, Ұлттық киім, ою - өрнек жағы бар. Төл мейрамы, мерекесі елдіктің Әдет - ғұрып, ырымдары тағы бар.
10 - оқушы: Ер жігітке көкпар тарту - басты арман, Алтыбақан - шыққан өнер жастардан. Отбасылық талай думан, мереке Шілдехана, бесік тойдан басталған.
11 - оқушы: Қайран дала, талай батыр таптаған, Бастан өткен қилы заман, ақ табан. Қазақ осы - зергер, ұста боп қоймай Қыран, тазы, жүйрік тұлпар баптаған.
Музыкалық нөмір__________________________
ІІІ. <<Ата тарих>> бөлімі
Жүргізуші: Тарих - еліміздің өткен өмірі, жүрген жолы. Сол тарихқа жүгінсек, ата - баба армандаған тәуелсіздікке қол жеткізу - өз жолымызды тауып, көшімізді түзеуге мол мүмкіндіктер ашты.
Биыл тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойланбақ.
12 - оқушы: Жоңғарлар тұтқиылдан жай тастады, Бөгенбай қарсы шығып ойқастады. Ерекше орын алды тарихымда Бұланты, аңырақай шайқастары.
13 - оқушы: Патшалық кезең болған тағы мықты, Пенделер атаққұмар жағыныпты. Ресей құрамында Қазақстан Орталық саясатқа бағыныпты.
14 - оқушы: Зиялы қауымға ұран тастағандар, Жанқожа, Есет - жауын жасқағандар. Исатай,Махамбет пен Сырым батыр Азаттық қозғалысын бастағандар.
15 - оқушы: Кеңестік билікке жұрт көнген жылдар, Бетке ұстар талай боздақ сөнген жылдар. Саяси қуғын - сүргін, ашаршылық - Қасірет ел басына төнген жылдар.
16 - оқушы: Отаршылық - дәуірдің тас қамалы, Елдің үміт - сенімін жасқамады. Тәуелсіздік - ызғарлы желтоқсанда Құрбан болған жастардан басталады.
17 - оқушы: Ақындары жыр дастан жаза алатын, Ардақтаған айбынды азаматын. Тәуелсіздік - ұлтымның мақтанышы, Мойындатқан әлемге қазақ атын.
Музыкалық нөмір ______________________
ІV. << Тұлға >> бөлімі
Жүргізуші: Халықтың ел болып жасамағы, ұлт болып өсіп - өркендеуі сол елдің өз ішінен шыққан тарихи тұлғаларға байланысты.
Әр ғасырда жарқ етіп көрінген елді сөзімен ұйытқан, ерлігімен таңдандырған, еңбегімен дамытқан, көш бастаған тұлғалар - ақыны да, батыры да, қоғам қайраткерлері де бәрі халқының болашағы үшін игілікті іс атқарғандар.
18 - оқушы: Көріпкел, әрі күйші баба болған, Жерұйық іздеп елге пана болған. Он бесінші ғасырда Асан қайғы Халық қамын ойлаған дана болған.
19 - оқушы: Өнердің өшпес ізін салдырғандар, Қолына домбыраны алдырғандар. Тәттімбет, Құрманғазы, Дина әжеміз Күйші боп мол мұрасын қалдырғандар
20 - оқушы: Өнерлі өрге жүзер салтымызда, Еңбегі мәлім мынау жалпыңызға. Шәкәрім, Абай, Шоқан, Ыбырай мен Жамбыл бар жүз жасаған халқымызда.
Жүргізуші: Енді өздеріңе таныс жекелеген тұлғалар туралы не білесіңдер?
( Одан әрі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Мұқтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Әбілхан Қастеев, Әлекей Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Аманжолов, Дінмұхамед Қонаев, Күлаш Байсейітова, Ілияс Есенберлин, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Нұрғиса Тлендиев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Тоқтар Әубәкіров, Нұрсұлтан Назарбаев туралы оқушылар қысқаша баяндап өтеді. )
Музыкалық нөмір _______________________________
V. <<Ел болашағы біздің қолымызда>> бөлімі ( Ой бөлісу, білімді бекіту бөлімі)
Жүргізуші: Міне, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған танымдық тәрбие сағаты өз мәресіне жақындап қалды. Соңғы бөлімнің мақсаты осы шараға қатысқан оқушылардың өзіндік пікірін, қоғамға қатысты қөзқарасын, дүниетанымын байқау.
Сұрақтар:
* Туған жер неліктен ыстық адамға, несімен қымбат? Туған ел, жер туралы қандай мақал - мәтел білесің?
* <<Ұстазы жақсының ұстамы жақсы>> деген даналық сөздің мән мағынасы неде?
* <<Жақсы дос - жан азығы>> дегенді қалай түсінесің? Достық туралы мақал айт.
* Отбасындағы әке мен ананың рөлі қандай?
* Қазақтың қонақжайлық қасиеті туралы не айтар едің ?
* Киіз үй түрлері мен атаулары қандай?
* << Қасиетті қара шаңырақ>> деген сөздің мағынасын түсіндір.

Музыкалық нөмір __________________________
Соңында мұғалім тәрбиелік шараны өз сөзімен қорытындылап, аяқтайды.





Ұқсас жұмыстар
Мен, Қазақстанның патриотымын! тәрбие сағаты. 2-сынып
Жас ұрпаққа тәрбие беру, Шығыс халықтарының ежелден келе салт - дәстүрлері
Тарихы терең төлтаңбам
Ұйымдастыру мин
Тіл ұлттың қасиетті белгісі
Сумоншақ пен моншақтан сырға жасау
Қазіргі заман мұғалімі
Елімнің іргесі берік болсын
Тіл - мемлекет тірегі
Жаңа ғасыр азаматы - дені сау, рухани бай адам
Пәндер