Сабақ жоспары :: Қазақ әдебиеті

Файл қосу

Ежелгі дәуір әдебиеті


Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағдары бойынша оқитын
11-сынып оқушыларына арналған бағдарлама.

Ежелгі дәуір әдебиеті
Бағдарлама қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы қазақ тілі мен әдебиеті
пәндеріне бағдарланған 11- сыныптың оқу жоспарындағы мектеп компонентінің
есебінен жүргізілетін вариативті курсқа арналған.

Бағдарлама Атырау облысы Қызылқоға ауданы Б.Аманшин атындағы қазақ орта
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдістемелік бірлестігінде талданып,
мақұлданды.
Аннотация

Ежелгі дәуір әдебиеті. Жалпы білім беретін орта мектептің 11-сыныбына
арналған.
Бағдарламада сонау сақтар мен ғұндар заманынан бастау алатын бай
әдебиетімізді жас ұрпаққа таныту,әр баланың туған әдебиетіміздің тереңіне
жүзіп, тұнығын сіміріп өсу,балғын жастың жүрегінде еліне деген мақтаныш
сезімін ұялату мақсаты көзделген.Елі үшін мақтанатын баланың рухы жоғары
болмақ.Ұсынылып отырған бағдарлама осыған қызмет етуді мақсат тұтқан.
Бағдарлама халқымыздың бай мұрасын жас жеткінге жеткізем дейтін әр ұстазға
көмек ретінде ұсынылады..
Б.Аманшин атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі Сыдықова Светаның «Ежелгі дәуір әдебиеті» қолданбалы курсының
бағдарламасына
Пікір
Өткенді білмей,келешек жоқ
Қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірін оқытуда біршама қиындықтар туындап
жүргені анық. Біріншіден, ежелгі дәуір әдебиетін меңгеруде әдебиеттік
түсініктер мен тарихи сананың қызметін қатар пайдалану керек
болады.Екіншіден,ежелгі дәуір әдебиетін тарихи ұғым түсініктермен,тарих
пәні бойынша алуға тиісті біліммен интеграциялап оқытуды қажет етеді.Сол
кезеңдердегі тарихи-әлеуметтік жағдай,дәстүр,өмір,қоғамдық сана сияқты
мәселелерге табан тіреп барып қана әдеби өрімдер өріп шығаруға
болады.Үшіншіден,бүкіл ежелгі дәуір әдебиетіне тән дүниелерді толық оқыта
отырып, оның мән-маңызын аңғартқан жөн.
Осы сияқты талаптарды ұстанған кезде ежелгі дәуір әдебиетін оқытуда мектеп
бағдарламасында бөлінген сағаттардың терең мұхиттан маржан тергендей аздық
етері сөзсіз.Осы орайда ұстаз ұсынған бағдарламаның ұстаздар қауымына
тигізер көмегі ұшан- теңіз .

Пікір иесі: қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдістемелік бірлестігінің
жетекшісі Қалдаяқова Ақбөпе

Түсінік хат.
Ұсынылып отырған бағдарлама «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім
берудің мемлекеттік жалпыға міндетті «Қазақ әдебиеті» оқу пәні
(А.РОНД,2002) стандартының 7.2 пунктіндегі «Мектептің жоғары сатысының
қоғамдық-гуманитарлық»бағдарындағы білім мазмұны негізінде жасалған.
Бүгінгі таңда, біздің Х-ХІХ ғасырлар аралығында, Ұлы далада туып-өскен,
дүниежүзілік өркениетке үлкен үлес қосқанымен, тарих қойнауларында қалып
қойып, аты-жөні соңғы кезге дейін белгісіз болып келген ұлы тарихи
қаһармандарымыз бен зиялыларымыздың мәңгі өлмес рухани құндылықтарымен
танысуымызға мүмкіндік туып отыр.
Халқымыздың ұзақ жылғы тарихында ұтқанынан ұтылғаны,тапқанынан жоғалтқаны
көп. Енді соны игеретін, ұрпағымен табыстыратын кез келген сияқты. Егеменді
ел болғаннан кейін,еліміздің тарихына,әдебиетіне, мәдениетіне қайта үңілер
сәт туды.Бұрын жасқана атап жүрген рухани өкілдер,бүгінде біздің
мәдениетіміздің нағыз қайнар бастаулары болғаны белгілі.Ендігі жерде
ұрпағымызға өткенді жаңғыртып,ғасырлар қойнауларында жатқан көненің
көзін,асыл сөзін аршып алар кез келді.
Сондықтан қазақ халқының ата-тегі саналатын сақтар мен ғұндардан
бастап,төл әдебиетімізге дейінгі аралықтағы әлемдік асыл мұраларды таныту
мақсатында 11-сыныптың қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған қолданбалы
курстың бағдарламасын «Ежелгі дәуір әдебиеті» деп алғанды жөн көрдім.
Бағдарлама «Ежелгі дәуір әдебиеті» курсының қызметі мен мақсаттарын
жүзеге асыруға бағытталған,атап айтқанда,ол оқушының әдеби оқырмандық
мәдениетін жетілдіруді,ежелгі дәуір әдебиетінің туындыларын өз халқының төл
мәдениеті ретінде елжандылықпен меңгере алуын,алған білімдерін әлемнің
ғылыми бейнесін түсіне білуде әлеуметтік мәні бар мәселелер мен әр түрлі
жағдаяттарда пайдалана алуын,оқушының шығармашылық дамуын,әлеуметтенуін
және қазақ халқының әдеби мұралары арқылы шәкірт бойына адамгершілік,
ізгілік,әсемдік,Отансүйгіштік және іскерлік қасиеттерді қалыптастыруды
көздейді.
Бағдарлама төмендегідей бөлімдерден тұрады:
Оқу пәнінің мазмұны мен құрылымы.
Оқу материалдарын тақырыптық жоспарлау.
Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар.
«Оқу пәнінің мазмұны мен құрылымы» бөлімінде курста оқылатын оқу
материалдарының тізімі мен көлемі ұсынылады.Олар мынадай бөлімдерден
тұрады.
1.Заманымыздан бұрынғы жазу-сызулар,аңыз-жырлар
2.Түрік қағанаты дәуіріндегі әдебиет (V-VIII ғ.ғ)
3.Оғыз дәуіріндегі әдебиет (ІХ-Х ғ.ғ)
4.Ислам дәуіріндегі әдебиет (Х-ХІІ ғ.ғ)
5.Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет (ХІІІ-ХІV ғ.ғ)
Бұл құрылым «Ежелгі әдебиет» деп аталатын қазақ әдебиетінің түпкі төркінін
танытатын дәуірдің белгілі мұраларымен оқушыларды кең көлемде таныстыруға
мүмкіндік береді.
«Оқу материалдарын тақырыптық жоспарлау» бөлімінде бағдарлы курс
материалдарының тізбесі мен олардың қысқа сипаттамалары,белгіленген оқу
уақыты берілген.
«Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар» бөлімінде берілген
стандарттың деңгейіндегі бағдарлы пәнді меңгеруіне және оқытудың
бағдарішілік мамандануына,оқушының жеке білім траекториясын құруына
көмектеседі.
Ұсынылып отырған бағдарламаның білім мазмұнына қазақ халқының ата-тегі
саналатын сақтар мен ғұндардың қаһармандық дастандарынан бастап, қазақтың
өзіндік төл әдебиеті қалыптасқанға дейінгі әдеби мұралар тұтас қамтылған.
Атап айтқанда,бағдарламада біздің заманымызға дейінгі дәуірдің өзінде-ақ
қазақ елінде,жерінде мәдениет белгілерінің болғандығын,рухани мұралардың
жасалғандығына және сол әдеби мұра,жазу өнерінің қазіргі түркі тектес
халықтарға ортақ екендігіне ,дәлірек айтқанда , «Ежелгі әдебиет»(VІІ- ХІV
ғ.ғ) деп аталатын жеті ғасырды қамтыған әдебиетіміздің ұзақ тарихына
қатысты ескерткіштер мен шығармаларды танытуға баса көңіл бөлінді.

Курстың мақсаты:

1 .Оқушылардың бейіндік білім алуын жүзеге асыру;
2.Оқушының болашақ кәсіби іс-әрекетін саналы және жауапты түрде таңдай
білуіне жағдай туғызу;
3. Дүниежүзіндегі адамзаттық қауымдастықтың қомақты аумағын құрап,өркен
жайып отырған түркі тектес халықтардың ортақ мұрасы боп табылатын бұл
шығармалар-ұлтымыздың айнымас куәсі,тарихымыздың терең тамыры болатындығын
таныту;
4 .Оқушыларға қазақ халқының ата-тегі саналатын сақтар мен ғұндардан
бастап,төл әдебиетімізге дейінгі аралықтағы әлемдік әдеби асыл мұраларды
таныту;;
5 .Оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып,оларға азаматтық,адамгершілік
елжандылық,көркемдік-эстетикалық тәрбие беру;
6.Оқушыларды халқымыздың ұлттық құндылықтарын сөз өнері тұрғысынан
қабылдауға қажетті білім,білік дағдыларымен қаруландыру.
7.Оқушылардың өзіндік білім алуын жүзеге асыру;
8.Оқушыларды орта және жоғары оқу орнына дайындау.

Міндеттері:

1.Дара тұлғаның еркін,үйлесімді дамуын және креативті ойлау қабілетін
арттыру;

2.Оқушылардың үздіксіз білім алуға деген ынтасын іс-әрекеттік тұрғыда
дамыту;

3.Оқушылардың әдеби оқырмандық мәдениетін қалыптастыру;

4.Ежелгі дәуір әдебиетінің шығармалары арқылы оқушыларға ұлттық
құндылықтарды таныта отырып, сөйлеу шеберлігін арттыру;

5.Оқушының алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде,күнделікті өмірде, қандай
да бір теориялық әрі практикалық жаңалықтарды шешуде қолдана алу
қабілеттілігін дамыту.

Оқу материалдарының мазмұны мен құрылымы

Заманымыздан бұрынғы жазу-сызулар,аңыз-жырлар:Алып-Ер Түңға(б.з.б.VII-
II),Тұмар патшайым(б.з.б.VІ ғасырға дейін .),Ширақ батыр( б. З. б.VI
ғ.),Сақ патшасы-Зарина сұлу(б.з.б.Vғ.),Мөде батыр( б.з.б.209-174ж.ж.).

Түрік қағанаты дәуіріндегі әдебиет(V-VIIIғ.ғ.)
Көкбөрі туралы екі аңыз,Орхон ескерткіштері.

Оғыз дәуіріндегі әдебиет(ІХ-Х ғ.ғ.)
Қорқыт ата(VI-VIII ғ.ғ.), «Өлім мен өмір»тақырыбы, Алып Бамсы,Төбекөз
дәуді өлтірген Бисат батыр,Салор Қазан Ордасының шабылуы туралы жыр, «Оғыз
қаған жыры», Оғыз мифтері және Авеста.

Ислам дәуіріндегі әдебиет( Х-ХІІІ ғ.ғ.)
Сыр бойы әдебиет. Әл-Фараби.Ахмет Йасауи «Хикметтер»,Ахмет Йасауидің
пәлсафалық ойлары, Ахмет Жүйнеки(ХІІ-ХІІІ).
Қарахан әдебиеті. Жүсіп Баласағұни «Құтты білік» дастаны, «Жаз»
өлеңі,Махмұд Қашқари «Түркі тілдерінің сөздігі».

Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет(ХІІІ-ХІV ғ.ғ)
«Рабғузи қиссалары», Рабғузи әңгімелерінде көрінетін адамгершілік идеясы,
«Жүсіп-Злиха» дастаны, «Жұмжұма»,Хорезми «Махаббатнама»,Құтб аудармасы
«Хұсрау уа Шырын».

Оқу материалдарын тақырыптық жоспарлау
(Аптасына 1сағат, барлығы 34 сағат)
Заманымыздан бұрынғы жазу-сызулар,аңыз-жырлар 3сағат
Кіріспе. Қазақ мәдениеті біздің дәуіріміздің арғы жағындағы скиф-сақ
тарихынан басталып, түркілер тарихына жалғасатындығы.Түркі тектес
халықтардың 26 әріптен тұратын әліппесі.
Сақтар өмірінің қазақтың тұрмыс-тіршілігімен ұқсастығы.
Алып-Ер Тұңға( б.з.б.VII-II ғ.ғ.)
Алып Ер Тұңға-түркі мемлекетін ұйыстырған көсем.Тақырыбы.Мазмұны мен
идеясы.Алып-Ер Тұңғаға арналған жоқтау.Қазақтың дәстүрлі жоқтауларымен
ұқсастығы.
Тұмар патша (б . д. б.VI ғ.),Сақ патшасы- Зарина сұлу( б.з.б.V ғ.)
Ел намысын жат жұртқа бастырмаған Тұмар мен Заринадай сақ қыздарының
ерлігі.Тұмар-көрікті де ақылды, ат үстінде ойнаған жауынгер әйел.
Жастайынан атқа мініп,соғыс өнеріне машықтанған дала сұлуы, патша қызы-
Зарина сұлу. Мидия Ханзадасы мен Зарина сұлудың махабаты.Зарина сұлудың өз
бақытынан ел бақытын артық санауы.Ел намысын жоғары ұстаған Заринаның
ерлігі.Ежелгі қаһармандық ерлік жолдары,олардың ғажап ерлік жорықтары мен
шайқастары сөз болады.
Қосымша оқуға: «Қобыланды батыр» жыры.
Ширақ батыр( б. з. б. VI ғ.)
Өз елі үшін жанын қиған Ширақ батырдың ерлігі. «Ширақ батыр» оқиғасының
тақырыбы мен идеясы .
Әдебиет теориясы: Тақырып пен идея туралы білімдерін кеңейту,дамыту.
Мөде батыр( б.з. б. 209-174жылдар)
Ғұндардың ханы Мөде батыр туралы.Мөденің ел тыныштығын сақтаудағы істері,
өз байлығынан гөрі елдің байлығын қорғауды мақсат еткен батырдың ерлігі
туралы түсіндіріледі.Ғұндар ордасы Еділ мен Жайық өзендері аралығында
орналасқанын,ғұндарды бертін келе түркілер деп атап кеткендігін .
Шығармадан көрінетін адамгершілік қасиеттер.
Пәнаралық байланыс. Бейнелеу өнері. Ежелгі дәуір әдебиетіндегі суреттер.

Түрік қағанаты дәуіріндегі әдебиет( V –VIII ғ.ғ )(6 сағат)
Көкбөрі туралы екі аңыз.
Көкбөрі туралы аңыздар.Қазақтың ата-бабалары өздерін Көкбөрінің
ұрпақтарымыз деп есептегендігі.Түркілердің шығу тегін Көкбөріден
тарататындығы.Жамбылдың ұстазы Сүйінбай ақынның «Бөрілі менің байрағым»
өлеңі.
Орхон ескерткіштері.
Тастағы жазудың тарихы.Жырдағы тұлғалардың суреттелуі . Өз халқының
тәуелсіздігі, намысы үшін түн ұйқысын төрт бөлген ерлердің үрдіс қимылы,
дамылсыз жортуылы. Орхон ескерткіштері туған дәуірдің тарихи шындығы.Орхон
ескерткіштері мен қазақ эпостары арасындағы ұқсастық, ортақ
қасиеттер.Ежелгі түркілер сақтар мен ғұндардан кейінгі тарих сахнасына
шығып, дүниені дүр сілкіндірген халық екендігі.Олар батысында Византия
елімен, оңтүстігінде Персиямен,Үндістанмен, ал шығысында Қытаймен шектесіп
жататын орасан үлкен мемлекет құрғанын.Ұлы түрік мемлекетінің осылайша
құрылғанын айту.Тасқа жазылған «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларының маңызы
туралы сөз ету.
Пәнаралық байланыс. География.Кіші Азияны мекендейтін халықтар.
Қосымша оқуға: Т.Жұртбай.Дулыға .1- кітап.Алматы,Жалын,1994
Оғыз дәуіріндегі әдебиет (ІХ –Х ғ.ғ.) (7 сағат)
Қорқыт ата (VI- VIII ғ.ғ.) Қорқыт туралы ел арасына кең тараған аңыздар.
«Қорқыт ата кітабы»-оғыз тайпасының туған жерін,елін қорғаған батырларының
ерлігін,адамгершілігін,ата-ананы құрмет тұтуын, тағы басқа сол сияқты ізгі
қасиеттерін жырлайтын шығарма.Қорқыт нақылдарындағы өмірден түйгені көп
кәрі дананың бейнесі.
Пәнаралық байланыс. Музыка.Қорқыттың күйлері. Қазақстан тарихы.Оғыз
мемлекеті.
«Алып Бамсы» жыры
Жыр тақырыбының ел бірлігін, тыныштығын, елді сыртқы жаудан қорғау,халық
қамын ойлаушы батырды армандау мүддесінен туатындығы.Сол арманның Алып
Бамсы бейнесі арқылы көрінуі.
«Алып Бамсы» жыры мен «Алпамыс батыр» жырының ұқсастығы мен
айырмашылығы..
«Төбекөзді өлтірген Бисат батыр»жыры
Жырдың қаһармандық сипаты,елжандылық мәні.Бисат батырдың адамгершілік
тұлғасы.
Ежелгі аңыздардағы ортақ мифологиялық кейіпкер Төбекөзбен «Одиссеядағы»
Полифемнің ұқсастығы.
Қосымша оқуға: «Мың бір түн» ертегісіндегі –«Сандбадтың жетінші сапары.
Әдебиет теориясы: Мифтік образ туралы түсініктерін кеңейту.
Салор Қазан Ордасының шабылуы туралы жыр.
Жырдың басты идеясы.Жырдағы Қара қойшының соқталы бейнесі.Оның тұлғасының
халықтың жиынтық образын жасауы.Ата-анасына деген перзент махаббаты.
«Оғыз қаған жыры», Оғыз мифтері және Авеста
Жырдағы оқиғалардың құрылым жүйесі.Оғыз қағанның жорықтары.Жырдың тарихи
негізі.Жырдың тақырыбы мен идеясы.Авеста кітабы-Орта Азия,Кіндік Азия
елдерін мекендеген халықтар әдебиетінің,оның ішінде қазақ мифологиясының
қайнарларының бірі .
Пәнаралық байланыс.Қазақстан тарихы. Түркі тайпалары.
Әдебиет теориясы:Тақырып пен идея.
Қосымша оқуға: «Қобыланды батыр» жыры

Ислам дәуіріндегі әдебиет ( Х-ХІІ ғ.)( 7 сағат)
Сыр бойы әдебиеті. Қазіргі Орта Азия мен Қазақстан жерін бір кезде мекен
еткен түркі халықтарының тарихында қоғамдық дамудың жаңа басқышы
болғандығын,осы кезде түркі қауымын айдай әлемге танытқанұлы ғұлама Әл-
Фараби,А.Йасауи,А.Жүйнеки тарих сахнасына шығып, әлемдік шығармаларын
туғызған, түркі халықтарының қоғамдық мәдени даму тарихында қайта өрлеу
ренессонас дәуірінің болғандығы айтылады..Шығыс ғалымдары Аплатон мен
Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп ат берген Әбунасыр әл-Фарабидің
еңбектері.Әл-Фараби-энциклопедиялық білімі бар ғалым.Әл-Фараби мен Абай
ойларының ұқсастығы.
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы.Әл-Фараби-ғұлама, ойшыл.
Қосымша оқуға: А.Машанов. Әл-Фараби мен Абай. Алматы, «Қазақстан»,1994
Ахмет Йасауи (ХІІ ғ.) «Хикметтер»
Сопылық ілімнің адамзат тәрбиесінде алатын орны.Сопылық ілімнің
ақын,ойшыл, ұстаз, бүкіл түркі жұртына имандық нұрын шашқан діни
қайраткер,сопылық ағымның ғұлама пірі Йасауи поэзиясында дәстүрлі жаңа бір
мазмұнда жалғасып,орын алуы.Түркі тілінің мәртебесін көтеруге қызмет
етіп,өз өмірімен үлгі болған ұстаз туралы. Ұстаздың пәлсафалық ойлары.
Ахмет Жүйнеки (ХІІ-ХІІІғ.) «Ақиқат сыйы» кітабы
Кітаптағы айтылмақ ойдың сабағы.А.Жүйнекидің қанатты сөздері.
Қарахан әдебиеті. Жүсіп Баласағұни(ХІ ғ.) «Құтты білік»
Дастанда көтерілген негізгі мәселе. Шығарманың тақырыбы мен идеясы.
Дастандағы адам мүмкіндігінің шексіз екендігі,адамның әділетке жете
алатындығы, мұсылмандардың қырқыншы парызы- ғылымның таным үрдісіндегі
рөлі.Тіл, білім,қайырымдылық,адамгершілік, бала тәрбиесі,көрші хақы,қонақ
күту,ел басқару,адамшылыққа қарама-қарсы қылықтар жөніндегі көтерілген
мәселелер.
Баласағұни- арабтың аруз өлшемін түркі поэзиясына алғаш кіргізген
ақын.Қазақ әдебиетінде табиғат лирикасының бастаулары Баласағұни
еңбектерінде.Абай мен Баласағұнидың табиғат жайлы өлеңдеріндегі ұқсастық.
Пәнаралық байланыс. Қазақстан тарихы. Қарахан мемлекеті.
Қосымша оқуға: Абай Құнанбаев «Жаз», «Жазғытұры» өлеңдері.
Махмұд Қашқари (ХІ ғ. ) «Түркі тілдерінің сөздігі»
Махмұд Қашқари- орта ғасырдағы түркі тайпаларынан шыққан ірі ғалым,ауыз
әдебиетін жинаушы,араб,парсы мәдениетін,араб грамматикасын жетік білген
адам. Қазақ даласының мекен-жайлары жөніндегі деректер.Жиі кездесетін
деректер жөніндегі деректер.Махмұд Қашқари жинаған түркі мақал-
мәтелдері.М.Қашқари жинаған 875сөз, 60 мақал-мәтелдің қазіргі қазақ тілінде
ешбір өзгеріссіз қолданылуы . Ғалымның табиғат туралы көзқарасының қазақ
әдебиетінің бергі дәуірлеріндегі Ыбырай ,Абай өлеңдерімен үндесіп келуі,
суреттеу тәсілдерінің бірдейлігі.
Қосышша оқуға: Түбі бір түркі тіл.( Аударғандар: Қ. Бекетаев, Ғ.Ибатов).
Алматы, Ана тілі,1993.
Пәнаралық байланыс. География.Қазақстанның жер-су атаулары.Қазақстан
тарихы.Түркі тайпалары.

Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет ( ХІІІ- ХІV ғ.ғ.) (5 сағат)
«Рабғузи қиссалары»
Мұсылман елдеріне кең тараған шығыс әңгімелерінің жинағы.Мұнда
табиғат,жаратылыстың пайда болуы жайындағы мифтік әңгімелер,пайғамбарлар
және адамдар жайындағы деректі,дерексіз әңгімелер,ауыз әдебиеті үлгілері,
өлеңдер топтастырылғандығы. Лұқпан бейнесінің қазақ фольклоры мен
әдебиетінде орнығуына Рабғузи сюжеттерінің көп ықпалы болғандығы.Рабғузи
әңгімелеріндегі адамгершілік идеясы. Рабғузи әңгімелерінің қазіргі ертегі-
аңыздарда кездесуі.
Қосымша оқуға: Қазақ ертегілері.
Пәнаралық байланыс. Халық ауыз әдебиеті.Ертегілер,аңыз әңгімелер
«Қисса-Жүсіп» дастаны
Дастан оқиғасының түп-төркіні заманымыздан бұрынғы Египетте тараған Иосиф
аңызынан,Тауратқа кірген Иосиф пен Потифардың жұбайының оқиғасынан
жетілдіріп,Иосиф пен Ассенеф жайлы шығарма етіп жазған грек апокрифінде
жатырғандығы.Қиссаның жазылу уақыты туралы.Дастанның тақырыбы мен идеясы.
Әдебиет теориясы: Сюжет пен композиция туралы білімдерін дамыту.
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Алтын Орда мемлекеті
«Жұмжұма» дастаны
Дастан оқиғасындағы имандылық тәрбиесінің рөлі.
Хорезми «Махаббатнама»
Дастанның жазылу стилі.Дастанда көрінетін ренессанстық белгілер.Шығармада
қолданылатын араб-парсы поэзиясының түрлері:бәйіт,ғазал,мәснәуи,қыта,
фард.Назирагөйлік үрдіс туралы.
«Хұсрау уа Шырын» (Құтб ақынның аудармасы)
Дастанға арқау ретінде алынған негізгі қаһармандар туралы. Нағыз ғашықтық
қиссалар жүйесін қалыптастырған шығарма.Өмірдің өтпелілігі туралы.
Шығармашылық жұмыстар ( 6сағат)

Алып Ер Тұңғаға арналған жоқтауды қазақ әдебиетіндегі Абайдың ұлы Әбішке
және Жамбылдың ұлы Алғадайға арнаған жоқтауларымен салыстыра зерттеу.
Орхон ескерткіштерінің көркемдік ерекшелігі
«Алып-Бамсы» жырының «Алпамыс» жырымен ұқсастығы (дебат)
«Кемел мемлекет» арманы (эссе)
Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет (мәнжазба)
Өтілген тақырыптар бойынша сұрақтар (сынақ тапсыру)

.
Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
Оқушы:
- қосымша оқып,талдауға ұсынылған шығармаларды өз бетімен оқып,мұғалім
басшылығымен зерделеп меңгеруі;
- оқып зерделенген туындының тектік, жанрлық сипатын білуі;
- оқып зерделенген шығармалардың идеялық-көркемдік мазмұндағы
мәнін,сюжет элементтерінің мәнін,олардың бір-бірімен себеп-салдарлық
байланысын білуі;
- тақырыбы бір-біріне үндес шығармалардың кейіпкерлерін,оқиғаларын
(анықтайтын мәселемен байланыстыра отырып) салыстыра пайымдай алуы;
- көркем шығарманың негізгі мазмұнын,идеялық-тақырыптық мәнін, рухани
қажеттілік пен төзімділік сияқты нысандарды ұстана отырып,көркем
мәдени құндылықтар жөнінде пікір алмаса алуы;
- көркем туындының кейіпкері жайлы бір мақсатты көздей отырып қойылған
жағдаяттық сұраққа жауап беруде өзіндік көзқарасын азаматтық
белсенділік тұрғысынан білдіре алуы;
- көркем шығарма кейіпкерлерінің әрқайсысының жекелік және жалпылық
сипаттарын анықтай отырып, бас кейіпкер бейнесін аша білу және оқиға
мен кейіпкерлер арасындағы байланысты қоршаған орта,әлеуметтік
жағдаяттарда тани алуы;
- алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде,күнделікті өмірде қандай да
бір теориялық әрі практикалық жаңалықтарды шешуде қолдана білуі;
- оқыған, талданған шығарма немесе өз бетімен оқыған туындысы жайлы
тезис, рецензия,пікір жаза білуі және ғылыми тұжырымдар жасай алуы
тиіс.

Пәнаралық кіріктіру: Қазақстан тарихы, География, Музыка, Бейнелеу өнері.
Кәсіпке бағдарлау: журналист, филолог, әдебиетші,қазақ тілі мен
әдебиетінің маманы, ғалым-филолог,тарихшы,тілші,елтанушы,зерттеуші.

Курстың тақырыптар бойынша сағаттарға бөлінген мазмұны

|р/с|Сабақтың тақырыбы |Сағат саны |Мерзімі |
| |І бөлім.Заманымыздан бұрынғы | | |
| |жазу-сызулар, аңыз-жырлар 4сағат | | |
|1 |Кіріспе | | |
| |Алып-Ер Тұңға( б.з.б.VII-II ғ). |1 | |
|2 |Тұмар патша (б.з.б.Viғ.), Сақ |1 | |
| |патшасы-Зарина сұлу (б.з.б. Vғ.) | | |
|3 |Ширақ батыр (б.з.б.Vғ.),Мөде батыр|1 | |
| |(б.з.б.209-174ж.ж) | | |
|4 |Алып Ер Тұңғаға арналған жоқтауды |1 | |
| |қазақ әдебиетіндегі жоқтау | | |
| |үлгілерімен салыстыру | | |
| |ІІ бөлім. Түрік қағанаты | | |
| |дәуіріндегі әдебиет(V-VIIIғ.ғ.)7 | | |
| |сағат | | |
|5 |Көкбөрі туралы аңыздар |1 | |
|6 |Орхон ескерткіштері.Тастағы |1 | |
| |жазудың тарихы | | |
|7 |Жырдағы тұлғалар |1 | |
|8 |Орхон ескерткіштері туған |1 | |
| |дәуір,ондағы тарихи шындық | | |
|9 |Орхон ескерткіштерінің табылуы |1 | |
| |және ашылуы | | |
|10 |Орхон ескерткіштері және қазақ |1 | |
| |эпосы | | |
|11 |Мәтінмен жұмыс.Орхон |1 | |
| |ескерткіштерінің көркемдік | | |
| |ерекшелігі | | |
| |ІІІ бөлім. Оғыз дәуіріндегі | | |
| |әдебиет(ІХ-Хғ.ғ.) 8 сағат | | |
|12 |Қорқыт ата (VI-VIIIғ.ғ.) |1 | |
|13 |Қорқыттың нақыл сөздері |1 | |
|14 |«Алып Бамсы» жыры |1 | |
|15 |«Өлім мен өлім» тақырыбы |1 | |
|16 |Төбекөзді өлтірген Бисат батыр |1 | |
|17 |Салор Қазан Ордасының шабылуы |1 | |
| |туралы жыр | | |
|18 |«Оғыз қаған жыры» |1 | |
|19 |Мәтінмен жұмыс. «Алып-Бамсы» |1 | |
| |жырының қазақтың «Алпамыс» жырымен| | |
| |ұқсастығы(дебат) | | |
| |IV бөлім Ислам дәуіріндегі әдебиет| | |
| |(Х-ХІІғ.ғ) 8 сағат | | |
|20 |Сыр бойы әдебиеті. Әбунасыр |1 | |
| |әл-Фараби (870-950) шығармалары | | |
|21 |Ахмет Йасауи (ХІІғ.) «Хикметтер» |1 | |
|22 |Ұстаздың пәлсафалық ойлары |1 | |
|23 |Ахмет Жүйнеки(ХІІ-ХІІІ ғ.) «Ақиқаи|1 | |
| |сыйы» кітабы | | |
|24 |Қарахан әдебиеті. Жүсіп Баласағұни|1 | |
| |(ХІғ) «Құтты білік» дастаны. | | |
| |«Жаз» өлеңі | | |
|25 |Махмұд Қашқари «Түркі сөздерінің |1 | |
| |сөздігі» | | |
|26 |Жиі кездесетін есімдер жөніндегі |1 | |
| |деректер | | |
|27 |Мәтінмен жұмыс. «Кемел мемлекет» |1 | |
| |арманы (эссе) | | |
| |V бөлім. Алтын Орда дәуіріндегі | | |
| |әдебиет (ХІІІ-ХІV) 7 сағат | | |
|28 |«Рабғузи қиссалары» |1 | |
|29 |Хорезми «Махаббатнама» дастаны |1 | |
|30 |«Жүсіп-Злиха» дастаны |1 | |
|31 |«Жұмжұма» дастаны |1 | |
|32 |Құтб аудармасы «Хұсрау уа Шырын» |1 | |
| |дастаны | | |
|33 |Мәтінмен жұмыс. Алтын Орда |1 | |
| |дәуіріндегі әдебиет(мәнжазба) | | |
|34 |Өтілген тақарыптар бойынша |1 | |
| |сұрақтар (сынақ тапсыру) | | |

Курсты ұйымдастыру формасы: лекция,семинар,конференция, дебат,
ойталқы,кіріктірілген сабақ,саяхат сабақ,қойылым сабақ.

Курсты оқытуды аяқтау формасы: берілген шығармашылық тақырыптар бойынша
жоба дайындату, мәнжазба, тезис, шығармаға рецензия жазғызу,баяндама,ой
толғау.

Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі
(әр бөлім сайын оқушы білімі сарапталып отырады)

|р/с |Оқушының |Берілген |Алған білімінің|Шығармашылықпен |Болашақ |
| |аты-жөні |білімді |дайындық |жұмыс жүргізе |мамандығына |
| | |меңгеруі |деңгейіне |білуі |дұрыс бағдар|
| | | |қойылатын | |жасай алуы |
| | | |талаптарға сай | | |
| | | |келуі | | |
|1 | | | | | |

Бағалау ұпай санымен есептеледі.
Ең жоғарғы ұпай «5»
Ең төменгі ұпай «2»

18-20 ұпай жинаған оқушы бағдарлы пәнді өз деңгейінде меңгеріп,болашақ
мамандығына дұрыс таңдау жасаған.

14-16 ұпай жинаған оқушы бағдарлы пәнді толық меңгерген,бірақ мамандық
таңдауда асығыстық жасаған.

10-12 ұпай жинаған оқушы бағдарлы пәнді оқуға таңдау жасарда қателік
жіберген немесе жалқаулығы басым.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. А.Қыраубайқызы. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы, Мектеп ,2001
2. Н.Келімбетов. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. 1981
3. А.Аманжолов. Түркі филологиясы. Алматы, Санат, 1996
4. М.Жолдасбеков. Асыл арналар. Алматы, Жазушы, 1986
5. Ә.Хасенов .Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны.Алматы,Қазақ
университеті,1997
6. Т.Жұртбай. Дулыға.1-кітап. Алматы, Жалын, 1994
7. Қорқыт ата кітабы.( Аударған Ә.Қоңыратбаев). Алматы, Жазушы, 1986;
Аударған Б.Ысқақов. 1994.
8. Ахмет Йасауи. Хикметтер. Алматы, Өнер, 1995.
9. Жүсіп Баласағұни. Құтты білік. Алматы, Жазушы,1986
10. Түбі бір түркі тілі. (Аударғандар:Қ.Бекетаев, Ғ.Ибатов). Алматы, Ана
тілі,1993.
11. Х.Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, Санат, 1997.
12. А.Машанов. Әл-Фараби және Абай. Алматы, Қазақстан,1994
13. Ә.Дербісәлиев. Қазақ даласының жұлдыздары. Алматы, Рауан, 1995.
14.А.Қыраубайқызы Ежелгі дәуір әдебиеті «Өнер» баспасы,2008ж
Оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі

Оқушылар үшін:
1.Т.Жұртбай. Дулыға. 1-кітап. Алматы, Жалын,1994
2.А.Машанов. Әл-Фараби мен Абай. Алматы,Қазақстан,1994
3.Түбі бір түркі тілі.(Аударғандар:Қ.Бекетаев,Ғ.Ибатов). Алматы, Ана
тілі,1993
4.А.Қыраубайқызы. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы, Мектеп, 2001

Мұғалімдер үшін:
1. М.Жолдасбеков. Асыл арналар. Алматы, Жазушы, 1986.
2. Х.Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, Санат, 1997.
3. Ә.Дербісәлиев. Қазақ даласының жұлдыздары. Алматы, Рауан, 1995.
4.А.Аманжолов. Түркі филологиясы. Алматы, Санат,1996.
5.Ә.Хасенов. Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны. Алматы, Қазақ
университеті, 1997.

Автор туралы мәлімет

Мұғалімнің аты-жөні: Сыдықова Света Өтебайқызы
Туған күні, айы, жылы: 19.05.73
Туған жері: Жангельдин селосы
Білімі: жоғары
Бітірген оқу орны: Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті
Бітірген жылы: 1995
Мамандығы: Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі
Қызметі: мұғалім
Еңбек өтілі: 14 жыл
Санаты: І
Шығармашылық ізденісі: «Бұлақ көрсең көзін аш» ұстанымымен дарынды оқушы
қабілетін ұштау.
Қоғамдық қызметі: «Жас ұстаздар мектебінің» жетекшісі
Қосымша атқаратын жұмысы: 9ә-сыныбының жетекшісі, кабинет меңгерушісі
Жетістіктері: аудандық «жыл мұғалімі-2006» сайысының жүлдегері І
орын,аудандық пед оқу-2006 ІІІ орын,Облыстық Ұлы Абайдың 160 жылдығына
арналған конференцияға баяндама дайындап, баяндамасы «Абай-ұлы ақын, ойшыл»
деген атпен жинаққа еніп,Х.Досмұхамедұлы атындағы университет ректорының
Алғыс хатымен марапатталған.
Аудандық педагогикалық оқулар-2009 байқауында ІІ орын алып, облыстық пед
оқу-2009 байқауында ОКБАжҚДИ-дің Құрмет Грамотасымен марапатталған.Аудандық
«Инновациялық –педагогикалық идеялар аясында қолданбалы және элективті курс-
2009» бағдарламаларының сырттай байқауында әдістемелік орталықтың Алғыс
хатымен марапатталған.
2008 жылы ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп әкімшілігінің Алғыс хатымен
марапатталған. 2009 ж ҰБТнәтижесімен аудан әкімінің ақшалай байрағына ие
болған.
Жұмысының нәтижесі: ҰБТ-2008 қазақ тілі пәні бойынша сапа-86%, ҰБТ-2009
қазақ тілі пәнінен сапа-88%, қазақ әдебиеті пәнінен сапа-100%. Аудандық
олимпиада -2005-2006 Мәдіғалиева Г І орын, 2006-2007 Мәдіғалиева Г ІІ
орын, 2007-2008 Оразғалиева Ж ІІІ орын, 2008-2009 Маратова ІІ орын,
Шекіртқали Г ІІ орын. Смағұл А «Астана- Ақ Орда» атты аудандық жас ақындар
мүшәйрасында ІІІ орын. Облыстық шығармалар байқауы-2007 «Есірткісіз
болашақ» Шекіртқали Г ІІІ орын.Грантқа түскен оқушы-
Ж.Оразғалиева.Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің филология
факультетінің ІІ курс студенті.


Ұқсас жұмыстар
«ежелгі дәуір әдебиеті» факультативтік курсының бағдарламасы
Абай өлеңдері
Оғыз қаған
Ежелгі дәуір әдебиетінің дәуірлері
Қазақ әдебиеті сабағы
Күлтегін жырының батырлар жырына ұқсастығы
Қожа ахмет иассауи "диуани хикмет" 9-сынып
Қорқыт ата кім
Қамбар батыр жыры
Қожа Ахмет Йасауи Диуани хикмет
Пәндер