Сабақ жоспары :: Қазақ тілі

Файл қосу

Абай құнанбаев. табиғат лирикасы


Сабақтың тақырыбы: Абайдың табиғат лирикасы.
Сабақтың мақсаты: Абай өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру,
білімдерін кеңейту, қазақ поэзиясының асқар биігі Абай бейнесіне,
шығармашылығына құрмет, мақтаныш сезімдерін ояту.
Білімдік: табиғат жыршысы Абай лирикаларының тақырыптары және олардың
өзіндік ерекшеліктерін таныту;
Тәрбиелік: туған жерінің, Отанының әсем табиғатын қорғауға, оған қамқорлық
жасауға тәрбиелеу;
Дамытушылық: оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру, сөйлеу мәдениетін
жетілдіру.
Сабақтың түрі: дәстүрлі.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың әдістері: ой қозғау, сұрақ – жауап, топтастыру, «Төрт жолды өлең»,
«Сиқырлы таяқша» талдау.
Көрнекілік: интерактивті тақта, Абай суреті, Абайға қатысты кітаптар,
бүктемелер, топтық белгілер.
Қолданылған технология: сын тұрғысынан ойлау стратегиясы.

Сабақтың барысы.

І. Ұйымдастыру:
- Оқушылармен сәлемдесу;
- Түгелдеу;
- Оқушыларды топқа бөлу, назарын сабаққа аудару;

Үй тапсырмасын сұрау. Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын «Кім
жылдам» ойыны барысында зымыран сұрақтар арқылы сұрап бекіту.(Карточкамен
жұмыс)
1. Абай қай жерде, қашан туылған?
2. Абайдың руы, қандай ортадан шыққан?
3. Ақынның шын есімі кім?
4. Ең алғашқы сауат ашқан молдасы?
5. Одан кейін білім алған ордалары?
6. Оның халық әдебиетін сүйіп өсуіне кімдер себепкер болды?
7. Поэмалары.
8. Абай кімдерді аударған?
9. 17 – қарасөзінде «Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті»
10. Ұлы ақын туралы жазылған роман – эпопея қалай аталады?

Жаңа білімді меңгерту.

І. Ой қозғау.
«Қазақтың классикалық әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты
асқар биігі» Мұхтар
Әуезов.

«Абайдың табиғат лирикасы, әсіресе жылдың төрт мезгілін суреттейтін
өлеңдері – күшті ақындық шеберлікпен, зор мәдениетпен жазылған аса сұлу,
сырлы жырлар.» Зейнолла Қабдолов.

( Қазақ әдебиетіндегі дарынды тұлғалардың Абайға арналған пікірлерін
слайдтан оқи отырып, оқушылар Абай ата туралы не білетіндіктерін ортаға
салып, төмендегідей топтастырады.)

[pic]- Оқушылар, Абайдың табиғат туралы қандай өлеңдерін білесіңдер?

ІІ. Мағынаны тану. (Кіріспе сөз)

Қазақ халқының тарихында Абайдың алар орны ерекше. Абай – жаны нәзік,
сүйкімді жан. Ол жан нәзіктігін, табиғат сұлулығын ұштастыра білген.
Абайдың дүниежүзілік озық поэзиядан алған тағы бір үлгісі – табиғат
лирикасы. Табиғат – адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Оны
әлемнің классик ақындарының бәрі де жырлаған. Біреулер таза пейзаждық
суреттер жасаса, екінші біреулер табиғат арқылы қоғамдық өмірді,
тартысты, өз көңіл – күйін суреттейді. Абай да табиғатты өзінше жырлаған.
Абайдың табиғат лирикасы үлгісіндегі өлеңдерінде ақынның ой-сезімі, жан
дүниесі де терең ашылған. Ол өзінің шығармаларында жыл маусымдарын:
қысты, күзді, көктем мен жазды қайталанбас, соны бояулармен бейнелеп
берді. Туған ел табиғатын сипаттауда оның суреткерлік шеберлігі айқын
аңғарылады. Абай пейзажды адамның тұрмыс кешетін табиғи ортасы, мекен-
жайы ретіңде ала отырып, әлеуметтік өмірмен, қазақ халқының көшпелі
тұрмысымен тығыз байланыстыра көрсетеді.
Табиғат лирикасының ішінде өзгелерден тақырыбы жағынан оқшаулау тұрған
өлең-саятшылық өнерді өте көркем, келісті бейнелейтін «Қансонарда
бүркітші шығады аңға» Бұл өлеңңнде Абай аңшының құс салып түлкі алуын
түрлі түсті бояумен бейнеленген суреттегідей көзге айқын елестете
сипаттаған. Бірақ қылқалам шеберінің қолынан шыққан суретті дайын, тұтас
қалпында тамашалап, ал өлеңді оқығанда осы баяндалған, қимыл-әрекетке
толы оқиға белгілі уақыт мөлшерінде көз алдымыздан үздіксіз өтіп
жатқандай әсер аламыз.
Кейде қазақ аулының тұрмыс жағдайын сипаттауға көбірек мән беріліп,
табиғат тек халық өмір сүретін орта болып екінші қатарда ғана көрінеді.
Мысалы, «Күз» (Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан), «Қараша желтоқсанмен
сол бір-екі ай», «Қыс» (Ақ киімді, денелі, ақ сақалды) атты өлеңдерінде
ақын көшпелі тұрмыстың ауыртпалықты жағын көбірек айтады, ал «Қараша,
желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңінде әлеуметтік теңсіздікті де ашып
көрсетеді. Ал «Жаз» (Жаздыгүн шілде болғанда), «Жазғытұры» (Жазғытұры
қалмайды қыстың сызы) өлеңінде елдің кең далада, табиғат аясында бой
жазып, жаны жадырап отырған кезін бейнелейді. Бұларда жарқын бояулар,
ауыл өмірінің жақсы жағын айту, көтеріңкі леппен суреттеу басым келеді.
Ақын көшпелі елдің өмір-тұрмыстың ауырлығын, көлеңкелі жағын да, сонымен
қатар ауыз толтырып айтарлық күнгей жағын да көре білген. Бірақ бір
өлеңде айтқанын басқа өлеңінде қайталай бермейді. Олай болса, бір кездегі
осы өлеңдердің кейбіреуін (мысалы, «Жаз» өлеңін) бөлек алып, қоғам
өміріндегі қайшылықты, кедейдің ауыр халін көрсету жағы әлсіз деп сын
айтушылық, әрине, орынды болған деуге келмейді. Абайдың табиғатты
бейнелейтін өлеңдерінен мол өмір шындығын, теңдесі жоқ суреткерлікті
көреміз. «Желсіз түнде жарық ай» дейтін өлеңінде ақын жазда өзен жағасына
көшіп келіп қонып отырған мал баққан ауылдың өмір-тұрмысын шебер
сипаттайды. Қазақтың даласы, түні айы, тауы, өзен суы, жапырағы жайқалған
ағашы, жазғы жердің көк майса жасыл шөбі, көшпелі елдің қонған қоныс
жайлауы, баққан малы, түн күзететін сақ малшылары, жастардың пәк, таза
сүйіспеншілік сезімі, махаббаты, жастығын, алғашқы махаббатын сағынып
еске алған қазақтың осындай айлы түнде ауыл сыртында, аулақта жолығатын
шағын армандауы-осының бәрі бар болғаны 20-ақ жол өлеңнен көңілге нәзік
лирикалық сезім ұялатқандай айқын елес береді.
Оның жылдың төрт мезгілі жайлы өлеңдері 1886-1890 жылдар аралығында,
ақынның әлем поэзиясын тереңдеп оқып, үлгі тұтқан кезінде жазылған.
Абайдың бұл тақырыптағы тұңғыш өлеңі – «Жаз»(1886) Мұнда жазғы табиғаттың
көркем көрінісі мен неше алуан қызықты құбылыс асқан шеберлікпен
суреттеледі. «Жаз», «Жаздыгүн шілде болғанда» өлеңінде де жаңа қонысқа,
жайлауға көшіп келген ауылдың тұрмыс-тіршілігінің тұтас бір көрінісі бар.
Бірақ мұнда тынымсыз әрекет, қимыл-қозғалысты сипаттау шеберлігі таң
қалдырады. Жыр өлшемімен жазылған жеңіл, ойнақы ырғақты өлеңде ақынның
құлын-тайлардың шапқанын бұлтылдап деп, үйрек-қаздың жоғары-төмен ұшып
жүргенін сымпылдап деп, үй тігіп жатқан қыз-келіншектердің жүрісін
былқылдап, күлгенін сыңқылдап деп, ондаған осындай сипаттама сөздерді
бірыңғай ұйқастыра тізбектеп келтіруі абыр-сабыры көп өмір көрінісі көз
алдымыздан өтіп жатқандай әсер етеді.
«Қыс» табиғатын Абай бұдан өзгешелеу стильде суреттеген. Бұл-нағыз
классикалық поэзия үлгісінен туған өлең. Мұнда да табиғат қозғалыс-
әрекеттегі күйде алынады. Бірақ бұл әрекет табиғаттан гөрі. Адамның-жанды
тіршіліктің әрекетіне ұқсайды.
Абайдың табиғатты суреттеудегі жаңаша ізденісін, өсу-өрлеуін танытатын
туындылары-бұдан кейінгі кезекте жазылған күзге арналған екі өлеңі «Күз»,
«Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай».(1889) Бұл өлеңдерде өмір мен
табиғат шындығы жаңаша идеялық-көркемдік тұрғыда берілген.
«Жазғытұры» (1980) өлеңінде де Абай бұл мезгілдің өзіне тән суреттерін
жасайды. Мұнда табиғат әлеміне кірген жаңалықтың иесі-«ата-анадай
елжіреген күннің көзі» көбірек айтылады. Ақын сезімі қыстан қысылып
шыққан ел қуанышына ортақтасады.
Абай қай өлеңде болмасын табиғат пен қазақ халқының өмірін байланыстыра
жырлаған. Кемеңгер ақын мәңгі қайталанбас бейнелі сөз өрнегін
жасады.(Абайдың өмір жолы слайдтан көрсетіледі)

Оқулықпен жұмыс. (Бірінші өзім нақышына келтіріп, мінерлеп оқып
беремін. Әрі қарай әр топ өздері таңдаған мезгілдеріне сай кітапта
берілген өлеңдерді мәнерлеп оқиды)
І Топ. ІІ Топ.
ІІІ Топ.
«Жаз» «Күз»
«Қыс»
І Топ: «Жаз» өлеңіндегі мезгілдің ерекшелігі.
ІІ Топ: «Күз» өлеңіндегі күзгі ауыл көрінісі қалай бейнеленген.
ІІІ Топ: Ақын суреттеуіндегі қыс мезгілі қандай?

Сөздік қоржын. (Дәптермен жұмыс)

|« Жаз » |« Күз » |« Қыс » |
|Аңшылы – Абайдың |Шомшы – астық екпеген |Ұшпа – шашыранды бұлт. |
|Күреңтөбел аты. |ауылдың басқа жерге |Қондыбай, Қанай – ру |
|Айқайшы шал - Әнет |түйемен барып астық |аттарымен аталатын |
|Бармақ деген шал. |алып қайтуы; |ауылдар. |
|Бозбалалар – Абайдың |Күзеу – күздік ауыл |Домбығу – үсік шалу. |
|Ақылбай, Әбдірахман |қонатын жер. | |
|деген балалары. | | |

Өлең құрылысына талдау ( әр топқа кесте таратылады, тақтамен жұмыс)

Өлеңнің тақырыбы: Жаз.
Идеясы: Жазғы табиғаттың көркем көрінісі..
Лирика: Табиғат.

|Шумақ |Тармақ |Бунақ |Буын |Ұйқас |
|16 |12 |3 |8 |Аралас |

Өлеңнің тақырыбы: Қыс.
Идеясы: Мал баққан қазақ даласының қысқы тіршілігі.

Лирика: Табиғат
|Шумақ |Тармақ |Бунақ |Буын |Ұйқас |
|6 |8 |4 |11 |Қара өлең |

Өлеңнің тақырыбы: Күз
Идеясы: Көшпелі елдің күзгі тіршілігі мен табиғаттың жүдеу көрінісі.

Лирика:Табиғат
|Шумақ |Тармақ |Бунақ |Буын |Ұйқас |
|6 |8 |4 |11 |Қара өлең |

«Ән тыңдау» (Сергіту)
«Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» деп өзі айтқандай,
Абай әніне құлақ түрсек.(«Желсіз түнде жарық ай» әні Саймов Саламаттың
орындауында)

ІІІ. Ойтолғаныс.
«Сиқырлы таяқша» стратегиясы арқылы оқушыларға ой тастау.
- Оқушылар, енді Абай өлеңдеріндегі суреттелген табиғат көрінісі мен
қазіргі заманның табиғат көрінісі қандай екен? (- Сорға айналған дала.
- Ауа ластанған. – Жан-жануарлар азайған. – Су көздері таза емес. – Түрлі
аурулар таралуда) Бұған не себеп болды? (Экологияның бұзылуы. – Арал
теңізінің тартылуы. – Атом сынағының орналысуы. – Табиғат байлықтарын
тиімсіз пайдалану. – Адамдардың табиғатты қорғамауынан.) Сабақты пысықтау
үшін 2 топқа «Абай», «Табиғат» «Қар» тақырыбына «Төрт жолды өлең»
құрастыру берілді.
Мысалы:
Зат есім: Қар
Сын есім: Ақ, ұлпа
Етістік: Жауады, ериді, борайды
Сөйлем: Далада ұшқындап қар жауады.
Сабақты бекіту.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абайды тану арқылы біз Қазақстанды
әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз, Абай әрқашан ұлттық ұранымыз
болуы тиіс» деген қанатты сөзімен сабағымды қорытындылаймын.
Үй тапсырма:
«Жазғытұрым» өлеңін жаттау. «Табиғатым мекенім» тақырыбына эссе жазып
келіңдер.

[pic]

-----------------------
Көсемсөз зергері

Ұлт мақтанышы

Табиғат жаршысы

Қазақ поэзиясының асқар биігі

Абай

Сыншы

Сазгер

Ғажайып суреткер

Аудармашы


Ұқсас жұмыстар
Ақынның табиғат лирикасы
Абайдың табиғат лирикасы туралы
Сатылай кешенді талдау жасау
Абай құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы
Абай Құнанбаев Ғылым таппай мақтанба
Қыс . Абай Құнанбаев
Жай бөлшектерін қысқартыңдар
Абайдың табиғат лирикасы
«қыс» ашық сабақ
Махаббат лирикасы
Пәндер