Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Бұлақ көрсең көзін аш жайлы ақпарат


Жалпы білім беретін Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебі






Эссе
<<Менің педагогикалық мұратым>>





Орындаған: Сапарова В.Б.- ЖББ Д.Нұрпейісова атындағы
орта мектебінің жоғары санатты қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі
















2013-2014 оқу жылы

Сапарова Венера Базарғалиқызы
Жалпы білім беретін Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы.

<<Бұлақ көрсең көзін аш>>
Адам жанына саналы біліммен қатар ізгі тәрбиені қоса бере алған жан ғана нағыз ұстаз бола алады. Өмір өткелдерінің қалтарысынан түзу жол сілтеп, сені биік белес, асқар шыңдардан ғана көргісі келетін және сол үшін тер төгер <<шынайы мейірім-нұрдың қызметшілерімен>> жолығу тағдырыңның тақтасына жазылса, сенің жолыңның болғаны... Бұл жағынан жолы болған жанның бірі -менмін. Менің өмірімде Венера Базарғалиқызындай ұстазымның болғаны менің бірінші бақытым -деп бастаған шәкіртімнің маған деген алғысқа толы осы хатын оқыған сайын жанарыма жас тұнады. Сағыныш жасы... Мақтаныш жасы...
Осы жолдарды оқысам болды сағымдай зымырап өткен балалық шағым көз алдыма қылаң береді. Сол естеліктермен бірге ұстаздарым енеді түсіме. Уақытпен санаспайтын, атқарған еңбегін ақшамен бағаламайтын, дүние-мүлік жимаған, сән-салтанат қумаған бар уақытын алдындағы шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, осы жолда жастық жалынын, күш-қуатын аямаған, қаталдығы мен қайырымдылығы, ызғары мен жылулығы қатар жүретін ұстаздарымның дені бақилық болғалы қай заман. Көздері тірісінде дұрыс бағасын беріп, алғысымызды да сездіре алмағаным өкінішті-ақ.
Біз оларды құлай сүйетінбіз, құдайдай табынатынбыз. Ол кезде бізде бір-ақ арман болатын. Ол- ұстаз болу. Біз мұғалім болып ойлайтынбыз, мұғалім болып ойнайтынбыз. Мұғалімше жүріп, мұғалімше сөйлейтінбіз. Бала біз тұрмақ күллі ауыл адамдары оларды үлгі тұтып, төріне отырғызатын. Ұстаздарым оятқан бала қиялымды ерттеп жүріп ,ер жеттім, сол қиялдың жетегіне еріп мұғалімдік мамандықты меңгердім, қиялыма қанат байлап, мектеп деген киелі мекеннің есігін аштым.
Өмірдің сан тарау соқпақтарын кеше жүріп, уақыт шіркіннің зымырап өтіп кеткенін де аңғармай қалыппын. Менен үлкен үміт күткен аяулы ұстаздарымның басына барып құран бағыштамадым, көздерінің тірісінде жүрекжарды алғысымды да жеткізе алмадым, бірақ менің ұстаздық жолындағы игі істерім сіздердің маңдай терлеріңмен ерте ағарған шаштарыңа соққан ескерткішім болсын деп тіледім.
<<Адамның адамшылығы жақсы ұстазынан>>-дейді хакім Абай. Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы дап те түйіндеген дана халқымыз. Бүгінгі күні мен қандай да бір жетістікке қол жеткізсем, ол-анамнан және анамдай болған ұстазымнан алған білім мен тәрбиенің жемісі. Ал Венера апайымның сүйікті шәкірті болу- менің жеңісім деп Амангүл өзінің жүрекжарды тілегін осылай жалғайды. Ал, менің жеңісім ше... Тек осы жылы ғана Алматы қаласынан Өрлеу біліктілікті артыру курсының ІІ деңгейлік бағдарламасын оқып сертификат алуым, 2012/13 оқу жылында өткен қазақ әдебиеті пәні бойынша мұғалімдерге арналған І республикалық қашықтық олимпиадасында <<Облыс бойынша ең жақсы нәтиже>>, <<Ең үздік сабақ-2013>> облыстық байқауының аудандық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша І орын алуым, осы жылы аудандық танымдық энциклопедияға енуім - <<Дер кезінде бұлақ көзін аша білген көркем келбетімен, әсем үнімен, терең білімімен, тәтті тілімен жанымды баурап алған ардақты ұстазым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахия Кенжекейқызының есепсіз еңбегі деп білемін. Сіздей терең дарияның суымен сусындаған менің нашар мұғалім болуға құқым да жоқ шығар, сірә....
Заманмен бірге адамдар да өзгеруде. Ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда балаларымыздың санасын қомақты қаржы, қымбат көлік, зәулім үйлер билеген заманда, оған барар жолды тек ақша шешкен заманда балаларымызды қаржысы мол заңгер, қаржыгер, экономист мамандығы қызықтыра бастаған кезде мұғалімдік мамандықтың көлеңкеде қалғаны жасырын емес. Ақпарат бетін ашып қалсаң-ақ бұның себебін біреу-жалақының төмендігінен, ал енді бірі-мұғалім беделінің төмендеуінен, енді бірі балалардың сабаққа ынтасының азаюынан деп түсіндіреді. Әрине, бұл себептерді жоққа шығаруға болмас. Бірақ, бұл мамандықты қалаған жан өз ісіне, алдында отырған періште сәбиге жан-тәнімен ғашық болуы шарт...иә иә .... Ғашық болғанда да ессіз-түссіз ғашық болу керек, кәдімгі сұлу қызға ғашық болған жігіт секілді. Сонда сен жалақыңның аздығын да, беделіңнің төмендегенін де елеп-ескермейсің. Сенде бір-ақ мақсат бар: ол алдыңда отырған баланың санасына білім нұрын, тәрбие сәулесін себелеу. Әрине,бұл жолда да атқарар қиыншылықтар аз емес. Қазіргі баланың сабақ оқуға деген құлшынысы мүлдем азайып, тіпті сабаққа деген ынтасы жойылған кезде, барлық еңбегіміз қағазбен бағаланып, бар уақытымыз қағаз толтырумен өтіп жатқан.кезде де, қонақтықта төр қалталыларға бұйырып, орынымыз есік жақта қалған кезде -бізге өзгеруге тура келді.
Біз неге өзгереміз?.... Заман өзгерді біз де өзгеуіміз керек.
Қоғам өзгерді, біз де өзгеруіміз керек.
Ертеңгі ұрпаққа ұялмай қарауымыз үшін - өзгеруіміз керек;
Шәкірттеріміз ертеңгі күннің тірегі болсын десек, біз өзгеруіміз керек;
Орнымыз төр болып, ел құрметіне бөленейік десек -біз өзгеруіміз керек;
Мектепке оң өзгерісті тек 3 айлық курсты оқығандар не болмаса әртүрлі жаңа тәсілді қолданғандар ғана өзгерте алады десек қателесеміз. Мұғалім өзгерісті өзінің жеке басынан бастау керек. Бұл жерде мұғалімнің дарындылығы, білімділігі ғана емес, сонымен бірге оның ұстанымы дарыны мен білімін балаға жеткізе білуі, баланың бойындағы шығармашылық қасиетті ұштай білуі шарт. Бұл орайда мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің рөлі ерекше екені даусыз. Әдебиет пәні - тәрбие пәні,ізгілік пәні. Ұлы ғұлама Әл-Фараби бабамыз: Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді - дегендей, тамшыдай білімнен, дариядай терең ғылымды бойына сіңірген шығармашыл, талапты, білімді, талантты тұлға қалыптастыру-әдебиет пәні мұғалімінің еншісінде. Баланы тынбай іздендіріп,сөз әлемінің қиялына жетелеу, бұлақтың көзін дер кезінде ашу да осы мұғалімдерден үлкен шеберлікті қажет етеді. Құдай берген дарындарымен қоса, ұстаздарынан алған тәлімдерін ұштастырып, өмірде тек өздерінің орынын тауып қана қоймай ұстаздарының атын да биікке шығарып жүрген оқушыларым аз емес. Атымды дәріптеп бірнеше жыл қазақ радиосынан, баспасөз беттеріне жыр арнап жүрген талантты шәкіртім бірнеше дүркін облыстық Абай, Мұқағали оқуларының жеңімпазы, Қарағанды қалалық Мұқағали оқуларының І орын иегері, ҚарМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін қызыл дипломмен бітірген шәкіртім Қаженова Амангүл; аудандық Жайық толқындары, Балдәурен сайыстарының жеңімпазы Қарағанды облысындағы Приозерск қалалық Мұқағали оқуларының І орын иегері қазір әскери қызметткер Набиханұлы Нұрлыбек, 2011 жылы <<Жұлдыздар отбасы>> жариялаған жыр мүшайрасынің І орын иегері, Орал облыстық <<Тәуелсіздік ел тірегі>> атты жыр мүшайрасының бас жүлдесін жеңіп алған, биылғы жылы Орал облыстық Мұқағали оқуларынан І орын иеленіп, Талдықорған қаласындағы Республикалық Мұқағали оқуларынан дипломант атанып қайтқан қазір <<Дәуір>> гуманитарлықакадемиясының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 3курс студенті Ермекқалиев Алтынбек сынды шәкірттерім келешекте тек менің ғана емес ел баласы болатынына мен кәміл сенемін. Осы жолда 30 жылға жуық еңбек етіп, әр сабағымда оларды сөз әлеміне бойлатып, қазақтың қасиетті салт-дәстүрлеріне тәрбиелеп, баба тарихына үңілдіріп,туған тіліміздің әуезді әуеніне шомылдырып келемін. Атымды аспандатып мектепте жүрсе де жүлделі орындарымен қуантып жатқан Абай, Мұқағали, Махамбет оқуларының жүлдегері өлеңдері баспа бетіне көрініп жүрген шәкірттерім, көркем сөз шеберлері -Бақиев Азамат, Жоламанов Базар, Қасымов Аманай, Амантаева Эльмира, Қанатқалиева Жанар, Әміржанова Айшагүл, Қамидолла Оразалы сынды шәкірттерімді мақтан тұтамын. Олар да жоғарыдағы аты аталған апа-ағаларындай биік белестерден көрінетін болса, еңбегімнің еш кетпегені.
Алдыңнан күні кеше жырақ кеткем,
Сенің жаның ізгілік, шуақ, көктем.
Ұстаз - анам, өзіңнің мейірімің,
Менің мынау жанымды шуақты еткен.
Ұстаз - ұлы, бастайды ғасырды алға,
Ұлассын ұлағатың ғасырларға.
Ұстаз - анам, дәл мендей шәкіртіңе
Өзіңнің алғысыңнан асыл бар ма?! - деген шәкіртім Амангүлдің жыр шумақтарынан артық қандай марапат керек ұстазға!
Шәкірттерім: Ғылыми жобалардың аудандық кезеңінің І орын иеленген Болатова Салтанат, Жұбан оқуларының аудандық кезеңінен І орын алған Сапарғалиева Ақбота, аудандық Шәкәрім оқуларының ІІ орын иегері Ғинаят Айгерім Орал қаласындағы педогогикалық лицейдің. Орал педогогикалық колледжінің үздік студенттері.Осындай әр шәкіртімнің қуанышы - менің қуанышым.
Менің наградам- олардың алғысы.
Жыл сайынғы ұстаздар күні менің құшағым гүлге, жүрегім балалардың махаббатына, құлағым олрдың құттықтау қоңырауына ал...көзім қуаныш жасына толады. Ең алғаш мұғалім болып мектеп есігін ашқан кезде менің мынадай педогогикалық кредом болған:
Жан-тәнімен ұстаздықты қалаған
Алдымда тұр сан тарау жол, сан арман
Арманым жоқ, шәкірттерімді шын сүйіп
Жүрегіне барар ізгі жол тапсам- деген бұдан 30 жыл бұрынғы балаң арманым орындалып, бұл күнде шәкірттерінің алғысына бөленген, балаша қуанып, әр мерекені баламен тойлайтын мен әлемдегі ең бақытты жанмын деп есептеймін.Сөзімнің соңын шәкіртім Бақиев Азаматтың :
Алдарыңда шәкірт боп жүз, мың ғалам
Солар үшін ас ішпей, мызғымаған.
Берген шығар сондықтан үлгі алсын деп.
Ұстаз деген асыл жан сізді маған - деген жолдарымен аяқтағым келеді.

Ұқсас жұмыстар
Бұлақ көрсең- көзін аш туралы ақпарат
Нұр себеле, ұлыстың ұлы күні Наурыз
Су – тіршілік нәрі
Табиғат пен адам
Бұлақ көрсең, көзін аш
"асыл сөз" бағдарламасы бойынша тіл дамытуға, шығармашылық жұмыстарға арналған тапсырмалар. 3-класс
Білімді тиянақтау. 4 сынып
Балалардың рахат табатын мекені тек өзен жағасы
Су. судың күйі. өқн. судағы қауіпсіздік шаралары. дүниетану, 2 сынып
Оқушының әрекеті. Сабақты бекіту
Пәндер