Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Мектептің даму үдерісін жүзеге асыру

Құлманқұлова Сәуле Жәлиқызы
Т.Жүргенов атындағы №123 орта мектебінің
физика пәнініңмұғалімі
Қызылорда облысы,
Жалағаш ауданы

Мектептің даму үдерісін жүзеге асыру

Мен мектеп тәжірибесін өзгерту үшін басымдықты анықтау барысында мектеп мұғалімдері, ата-аналар, оқушылардан алынған сауалнама, сұхбат, пікір алысуларға сүйендім. Мектептегі тәжірибелі ұстаздар, бірлестік жетекшілері, ата-аналар комитетімен ақылдаса отырып, көпшіліктің қажеттілігін ескере отырып біз мектептің даму жоспарына <<Сын тұрғысынан ойлау модулінің әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру>> деген басымдықты енгіздік. Оның ішінде мен <<Сын тұрғысынан ойлау модулін пайдалана отырып оқушылардың ойлау белсенділігін арттыру>> тақырыбында зерттеу жүргіздім. Осы бағытта мектептегі 6А, 7Б кластарын зерттеу объектісі етіп алып өзімнің мектептегі тәжірибе кезеңін бастадым.Оқушылардың осы модульді пайдалана отырып ойлау белсенділігін арттыру үшін оларға сабақ беретін мұғалімдердің оқытудың жаңа әдіс-тәсілдердін меңгеруіне баса назар аудардым.Олардың жаңа әдіс-тәсілдерді өз сабақтарынаенгізіп, тиімді пайдалануы үшін өзімнің курстан алған ,үйренген жаңа білімімді үйретуге тырыстым.Тек өзімнің зерттеу бағытыма байланысты ғана емес, 7 модуль аясында не үйренгенімді, қандай ой түйгенімді ортаға салдым. Сын тұрғысынан ойлау модулінің қазіргі таңда білімді, білгенін өмірде пайдалана алатын шәкірт дайындауда алатын орны ерекше. Сыни тұрғыдан ойлау көңілге қонымды дәлелге ұмтылады. Сыни тұрғыдан ойлайтын адам мәселені шешудің жолын өзі іздеп табуға тырысады да, сол шешімдерді саналы дәлелдермен нақтылай түседі. Осы модуль бойынша жүргізілетін жұмыста мен оқушыларымның:
-өз бетінше тұжырым жасап, қорытындыға келуіне;
-ұқсас құбылыстардың арасынан тиімдісін таңдай білуіне;
-проблеманы шеше білуіне;
-пікірталасты жүргізе білу қабілетінің қалыптасуына ықпал жасауға тырыстым.
Менің жалпы оқу және тәжірибе барысында түйгенім, бұлай оқытудың бастапқы идеясы дайын, жаттанды білімменен сусындату емес, керісінше механикалық деңгейдегі сұрақтардан туындайтын жоғары деңгейдегі яғни сыни тұрғыдан ойлануға түрткі болатын <<не болар еді?>>, <<қалай өзгертуге болады?>>, <<егер де сен... не істер едің?>> деген сияқты сұрақтарға жауап бере отырып, өзі ізденіп өзі қызыға оқитын өздерінің ойын пікірталаста еркін айта білетін, өз біліміне өзі жауап беретін жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару.
Мақсатқа жетуді және күтілетін нәтижелерді алуды жоспарлау үшін 6 аптаға арналған көшбасшы мұғалімнің жоспарын жасап алдым. 1-аптада курста алған білімімді жинақтауды, жоспар жасау үшін неге басты назар аудару керек екендігін ойландым. Мектеп әкімшілігімен, тәжірибелі мұғалімдермен сұхбаттаса отырып мектеп қажеттілігіне орай алдыма оқушылардың сыни ойлау белсенділігін дамытып, ізденушілік дағдыларын қалыптастырамын деген мақсат қойдым. Бұған ата-аналар және оқушылармен жүргізген жұмыстарым да себеп болды. Ата-аналар қазіргі заман ағымына сай балаларының еркін пікір таластырып, проблеманы шешу жолдарын таба алатын, озық ойлы азамат болуын қалайды. Ал заманауи оқушы өз ойы мен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып , реттеп, дәлелдеп тұжырым жасай алуы керек. Сол себептен мен оқушыларымның пайымдауларынан осындай болсақ екен құлшынысты байқадым. Зерттеу барысында олардың бойындағы осындай алға ұмтылушылықты байқап, оны әрі қарай дамыту мақсатында осы модульді таңдап алдым. Себебі, сын тұрғысынан ойлау - Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сын тұрғысынан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді.(МАН, 17-бет) Сын тұрғысынан ойлау модулінің маған ұнаған жері баланың өзі ізденіп дәлелдеуі. Ол бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім - осы әрекетке бағыттаушы ұйымдастырушы.
* Мақсатымды жүзеге асыру үшін өзіммен пікірлес, жаңалыққа жаны құмар, білуге құштар мұғалімдерден топ құрып алдым. Мектеп тәжірибесінде жоспарланған 7 модульді енгізу үшін, мұғалімдер оны сабақта қолдана алатындай 7 модуль идеяларын үйрету бағытында жұмыс жүргізіп, олардың қажеттілігіне сай мәліметтермен қамтамасыз етуге тырыстым. Оларды өзімнің 6 аптаға жасаған жұмыс жоспарыммен таныстырдым. Оның ішінде коучинг және тәлімгерлік жоспары бойынша жүргізілетін жұмыстарға тоқталдым. Коучинг пен тәлімгерліктің орта мерзімді жоспары жасалды. Коуч пен ментор, коучинг пен менторинг туралы мағлұмат бердім. Коучингтің мақсаты мұғалімдерге сын тұрғысынан ойлаудың әдіс-тәсілдерін өз тәжірибелеріне енгізуге және қолдануға ықпал жасау екендігін түсіндірдім. Коучингтер өткізудің нәтижесінде мұғалімдер сын тұрғысынан ойлаудың әдістерін қолданудың тиімділігін түсінеді, меңгереді, дамытады, қолданады. Олар өз мектебіндегі әріптестеріне қажетті дағдыларын дамытуға көмектесу үшін және белсенді ынталандыруға мүмкіндік алу мақсатында коуч мұғалімге көмектеседі. Коучингке қатысатын шығармашыл мұғалімдерді анықтап алған соң, коучинг өткізуге қысқа мерзімді жоспар жасадым. Сонан соң <<Заманауи оқыту әдістемелерінің 7 модулі>> тақырыбында коучинг өткіздім. Бағдарламаның мақсаты мен мазмұнын таныстырып,сауалнама алып, сұхбат жүргіздім. Топтық жұмыстар ұйымдастырдым. Келесі коучингті <<Сын тұрғысынан ойлау модулінің әдіс-тәсілдерін практикада қолдана білу>> тақырыбында жүргіздім. Бұл коучинг-сессияның ерекшелігі, бұл жұмысқа мектептегі шығармашыл мұғалімдер ғана емес, көршілес Сырдария ауданындағы және қала мектептеріндегі 1-деңгей бағдарламасы бойынша оқып жатырған әріптестер де қатысты. Бұл коучингтен күтілетін нәтижеде мұғалімдер <<Сын тұрғысынан ойлау>> модулінің әр түрлі әдіс-тәсілдері туралы біледі, оларды оқу процесінде мақсатты түрде қолданады. Мен қатысушыларды тақырыппен және оның мақсатымен таныстырдым. Сағат тілі бойынша танысу рәсімін жасап, эмоционалдық көңіл-күй қалыптастыру үшін сергіту сәтін өткіздім. Сонан соң қатысушылар көңіл-күйді анықтайтын сын есімдер бойынша топтарға бөлінді. <<Идеялар мен түсініктер себеті>> әдісін пайдаландым. Модуль туралы сұрақтар жазылған слайд көрсеттім. Онда:
1) Сын тұрғысынан ойлау туралы не білесіз?
2) Блум таксономиясы туралы не білесіз?
3) Сын тұрғысынан ойлаудың қандай тәсілдерін білесіз? деген сұрақтар көрсетілді.
Қатысушылар топта талдап, дәйексөздерді стикерге жазып және постерде бейнеленген себеттерге салды. Жұмыстан соң рефлексия жасалды. Онда ойлау дағдыларына байланысты түйінді сөздер айтылып, ол сөздерден сын тұрғысынан ойлау: талқылау, проблемаларды шешу процесі ретінде және тиімді рефлексивті тәсіл ретінде анықталуы керек екендігі ескертілді. Сонан соң сын тұрғысынан ойлаудың әр түрлі анықтамалары жайында теориялық материал бердім. Әр топқа танысу үшін материалдар беріліп, сын тұрғысынан ойлаудың сипаттамасы туралы кластер жасаттым. Спикер жұмысты қорғады. <<Жүзім шоғы>> деген тәсілді пайдаландым. Көрші топтар бір-бірін <<2 жұлдыз,1 тілек тәсілі>> бойынша бағалады. Сонан соң топтарға өткен оқиғалар тізбегін хронологиялық тәртіппен орналастыру, логикалық тізбек жасау, <<Шатасқан логикалық тізбек>> тәсілі бойынша торт дайындау тапсырылды. Соңынан:
- Осы тәсілді сіз сабағыңызға қалай қолданар едіңіз?
- Сіз онан қандай нәтиже күтесіз?
- Бұл тәсілді қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
- Бұл тәсіл қандай дағдылар мен икемділіктерді жетілдіруге көмектеседі? деген сұрақтар төңірегінде рефлексия жасалды. Блум таксономиясы туралы ақпараттық материал беріліп, топпен флипчартте тапсырма орындау тапсырылды.Блум таксономиясы бойынша берілген сұрақтарды талдады.
1) сусыннан босаған ыдыстардың (баклажка) пайдасы бар ма?
2) осы ыдыстардан жасауға болатын бұйымдардың тізімін жазыңыз.
3) осы бұйымдардың қайсысын сіз тұрмыста көбірек пайдаланасыз?
Артынан <<Бұрыштар тәсілі>> бойынша 2 топтың бірі модульді жақтап, екіншісі даттайды, ал 3-топ тыңдай отырып таңдау жасайды.
Тәлімгерлік ете отырып тәлім алушының кәсіби дамуына көмек беру, таңдалған басымдық, мектепке енгізетін өзгеріс турасында білім сапасының артуына ықпал жасау, сабақтың тиімділігін қарастыру, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау белсенділігін арттыру мақсатында жұмыс істедім. Сын тұрғысынан ойлау модулінің әдіс-тәсілдері, смарт мақсат қою, орта мерзімді жоспар жасау, қысқа мерзімді жоспар жасау жөнінде таныстырылым жасадым.
Тәлім алушыларды 3-деңгей мұғалімдерінің 7 модуль бойынша өткізген сабақтарына қатыстырып, осы үлгілерге қарап сабақтарын 7 модульді ықпалдастырып өтуіне көмектестім. Тәлім алушым информатика сабағында <<Есептеуіш техникасының даму тарихы>> тақырыбы бойынша сабақ өткізді. Сабақ соңынан тәлім алушымен кәсіби әңгіме жүргіздім, сабаққа талдау жасадық. Оқу үдерісінің сапасын арттыруда тәлім алушының оқыту әдістемесіндегі сын тұрғысынан ойлау әдісін қалай пайдаланғанын, оның нәтижесі қалай болғандығын сараптадық. Бейнежазбадан оқу үдерісіндегі үлгірім динамикасын бақылап,оқушылардың кері байланыстарын көрдік. Тәлім алушы өзінің сабақтың мақсатына жеткен жетпегені туралы, сабақ барысы туралы әңгімеледі. Ол қандай тәсілдерді әлі де толықтыру керектігі жайлы айтты.Оқушы пікірі ескере отырып талданды.
Тәлім алушы үйренген жұмыстары, жіберген кемшіліктері тұрғысынан рефлексия жасауды үйренді. Бұдан кейінгі іс-қимылды болжап, сабақтан алған әсері, үйренгені туралы есеп жазды. Өз жұмыстарына есеп беру арқылы кері байланысты жүргізудің техникаларын үйренді, тиімді кері байланыс оқушыларға өз күші мен әлсіздіктерін түсінуге және өз оқуын жақсартуға қаншалықты көмек беретінін түсінді. Тәлім алушыға теориялық білім мен практиканы ұштастыру үшін өзіндік білім көтеру жоспарын құруға көмектестім. Тәлім алушыға өз идеясын ұсынып, пікірін айтуға мүмкіндік бере отырып, жоспардың тармақтарын талқыладық. Тәлім алушының үйренген жұмыстары, жіберген кемшіліктері тұрғысынан рефлексия жасалды. Бұдан кейінгі іс - қимылды болжап, сабақтан алған әсері, үйренгені туралы есеп жазды. Оқушылардан интервью алынып, жүргізілген жұмыстардың нәтижесін, қаншалықты тиімді, тиімсіздігін анықтадық . Өзгеріс енгізу қорытындысында мұғалімнің де, оқушының да белсенділігі артқандығын байқадым. Нәтижесінде тәлімгерлік жүргізу үдерісінде тәлім алушымның әдістемесін жетілдіріп, ол арқылы тәлім алушы мен оқушылардың сыни ойлау белсенділігін дамытып, білім сапасын арттыруға өзімнің үлесімді қостым ғой деп ойлаймын.
Lesson Study мұғалімдерді оқыту және олардың тәжірибесін дамытудағы ынтымақтастық тәсілі болып табылады және де іс-әрекеттегі зерттеу сияқты бірқатар циклдерді қамтиды. Бұл ең бастысы <<сабақты зерттеу>> немесе <<сабақты зерделеу>> үдерісі болып табылады. Зерттеу барысында барлық топ мүшелері толық көлемде және бірдей дәрежеде үдеріске тартылады. Тек бір мұғалім ғана сабақ беретініне қарамастан, зерттеу үшін бүкіл топ өзіне жауапкершілік алады және оқыту мен сабаққа берілген кез келген баға жеке мұғалімге емес, тұтастай барлық топтың жұмысына қатысты беріледі.(МАН,47-бет)
Осы бағытта өз тобымдағы мұғалімдер жиналып,нені, кімді оқыту керектігін анықтады. Сонан соң зерттеу сабағын жоспарлап, сабақ өтілетін сыныпты, бақыланатын 3 оқушыны белгілеп алды. Lesson Study топтамасының 1-сабағы 6 А сыныбында <<Масштаб>> тақырыбында өткізілді. Математика пәнінің мұғалімі зерттеу сабағын жүргізіп, қалған үшеуі бақылаудағы үш оқушыны назарға алып, сабақты қадағалап, қажет жерлерін түртіп алып отырды. Оқушылардың белсенді білім алуына әсер етіп, олардың ойлауына барынша ықпал жасайтын жұмыстың түрлеріне топтық жұмыс, жұптық жұмыс, оқулықпен жұмыс түрлерін, << ой қозғау>>, << ойлан, бірік, бөліс>>, <<құрастыр, одан кейін жауап бер>> әдістері қолданылып, деңгейлік тапсырмалар берілді. Оқушыларға білім алуға көмектесу үшін бағалауда мадақтау, өзін-өзі бағалау, жұптарда өзара бағалау, топтарда өзара бағалауды қолданды. Сыныптағы барлық оқушыларды жұмысқа тарту мақсатында қалың, жұқа сұрақтар, кеңейтілген тапсырмалар берілді. Оқушылар үйренеді деп жоспарлаған нәрселердің барлығын олардың үйренгенін байқау үшін сабақтың соңында оларға өздері қол жеткізген мақсатқа сәйкес келетін үш қалташаның біріне өзінің жұмыс парақтарын салуды тапсырды.Топ зерттеу сабағы аяқталысымен бірден талқылау жүргізді. Талқылау төмендегі құрылым бойынша жүргізілді:
-жоспарлау үдерісінде жасалған алдын ала болжамдарды салыстыра отырып, <<бақылаудағы оқушылардың>> оқуын қадағалау және болған айырмашылықтардың себебін белгілеу;
-сыныптың тұтастай оқытылуы;
-зерттеу сабағының барысы және оқу үдерісі;
-белгіленген және зерделенген негізге сәйкес келесі зерттеу сабағының мақсатын белгілеу;
-топпен келесі Lesson Study-ді жоспарлау.
Келесі Lesson Study <<Кері пропорционал шамалар>> тақырыбында өткізілді. Бұл сабақта топтық жұмыс, жұптық жұмыс, психологиялық тренинг жүргізілді, математикалық диктант алынды. Ой қозғау жасалып, Венн диаграммасы бойынша, <<бөшкеден шыққан басқатырғылар>> бойынша жұмыстар жүргізілді. Бағалау мадақтау, өзін-өзі бағалау, жұптарда өзара бағалау, топтарда өзара бағалау, бағдаршам әдісі бойынша жүргізілді. Егер оқушы сабақты жақсы түсінген болса жасыл түсті, ал түсінбесе қызыл түсті көтереді. Бұл сабақтан кейін де жоғарыдағы құрылым бойынша талқылау жүргізілді. Осылай әрі қарай жалғасып, Lesson Study топтамасынан кейін топ оқыту тәсілі мен оқу бағдарламаларына енгізілетін және көпшілікке таратылатын өзгерістерге келіседі.
Lesson Study тәжірибелі мұғалімдермен қатар, еңбек жолын жаңа бастаған мамандарға да кәсіби жетілуге көмектеседі. Себебі бірлесіп жоспарлау, бірлесіп қадағалау, бірлесіп талдау арқылы біз оқыту туралы бірлескен пікір қалыптастырамыз. Бұл жағдайда біз оқыту аспектілерін өзіміздің ұстанымымыз тұрғысынан ғана емес, Lesson Study дайындаған әріптестеріміздің көзімен де қарастырамыз, соның нәтижесінде біз Lesson Study барысында бақылаған нақты сабақты өзіміздің жоспарлаған сабағымызбен салыстырамыз. Бұл біздерге өзіміз әдетте мән бермейтін, елемейтін, әдетте <<шеттетіп тастайтын>> немесе болжамды білім ретінде сақталып қалатын нәрселерді аңғаруымызға түрткі болады.
Lesson Study тәсілін пайдаланатын көптеген адамдардың айтуынша, зерттелетін жекелеген оқушылардың оқудағы қажеттіліктері мен мінез-құлықтарына назар аударып, сол арқылы олар туралы көбірек біле отырып, біз өз оқушыларымыздың әрбіреуін анағұрлым жақсы тани бастаймыз. Демек, мықты және нашар оқушылардың аралығындағы <<орташа>> сыныпты оқытуға қарағанда, Lesson Study мұғалімге өз жұмысын болмашы ақпаратпен шамадан тыс жүктемей, барлығынан хабардар болып, өмір бойғы тәжірибесінде әрбір оқушының қажеттілігін ескеріп отыруға мүмкіндік береді. (Пит Дадли, 2011)
Ал енді жоғарыда атқарылған жұмыстардың қандай нәтиже беретініне тоқталайын. Коучинг үдерісі кезінде мұғалімдерге мақсат етілген нәтижеге қол жеткізу үшін тәжірибесі аздау әріптестерімен жүргізілетін жұмысты болжау және жүргізу мақсатында,ол жұмысқа арқау болатын тақырыпты алдын-ала анықтай алу қабілетін дамытуға көмектесуге басты назар аударылмақ.Ал, тәлімгерлік үдерісінде тәлімгерлік аяқталған соң тәлімгер мен тәлім алушының арасында орнаған қарым-қатынас біліктілігі төмендеу мұғалімнің өзіне-өзі көмектесуіне мүмкіндік алып, проблемалардың шешуін өзінше табуға көмектеседі. Мен мектептегі тәжірибе барысын қорытындылай келе, болашақта:

* Оқушыларды көбірек тыңдауды, ой-пікірімен санасуды;
* Тапсырмаларды түрлендіріп жасауды;
* Оқушылардың сыни ойлау дағдысын қалыптастыру үшін ашық сұрақтар беруді;
* Көмек қажет ететін оқушыларды сабаққа қызықтыра алуды
* Бағдарлама ерекшеліктерін, мүмкіндіктерін одан әрі зерттеп, оқу-тәрбие үдерісіне кеңінен, әрі тиімді етіп енгізу;
* Жаңа идеяларды тарату үшін желілік қауымдастықтың көшбасшысына айналу;
* Оқытудың әрбір кезеңінің басынан бастап соңына дейін алға ілгерілеудің болуын қамтамасыз етуді басшылыққа алдым.

Осы <<мектептегі тәжірибе>> кезеңінде өткізілген коучинг, менторинг,
Lesson Study тәсілімен жүргізілген сабақтардан алынған нәтижелер жалпы мақсатқа қол жеткізуге ықпал етті деп ойлаймын. Мұғалімнің шеберлік деңгейі жоғары болғанымен, ол оқушының қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыра алмаса білім күткен нәтижені бермейді.Тіл мен сананың, сөйлеу мен ойлаудың бірлігі әр адамның жеке басы қасиеті мен қабілетінің де даралығын танытатыны белгілі. Білім нәтижесі оқытудың белгіленген кезеңдерін аяқтағанда оқушылар нені біледі және нені істей алады деген сұрақтардың жауабымен анықталады. Біз оқып жатырған курс мазмұнында осы сұрақты мұғалімге де қатысты қарастырамыз. Осыдан келіп қандай жұмыс болмасын түбінде бір нақты күтілетін нәтижеге бағытталып жүргізілуі тиіс деген тұжырым жасадым. Нақты күтілетін нәтижеге қол жеткізу үшін, сол нәтижені мақсат етіп қоя білу керек. Сонымен бірге оларды белгілеудің критерийлері реттелуі, саралануы тиіс. Егер осылардың барлығы қамтылмаса, онда толық мақсатқа жету мүмкін емес.
Сөзімнің соңын Махатма Гандидің мына сөзімен аяқтағым келіп тұр: <<Егер сен болашақтағы өзгерісті көргің келсе - осы өзгерісті өз уақытыңда жаса>> деген екен. Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі болып жат қан үлкен өзгерістер еліміздің болашағына, оны жүзеге асыруда еңбек етіп жүрген менің әріптестеріме толағай табыстар әкелетініне сенімдімін.


Ұқсас жұмыстар
Мектептің нақты жағдайына сәйкес келетін өзгеріске негізделген рефлексивтік есеп
Ақпараттық технологиялар негізінде жаңа тұрпатты мұғалім даярлау
Күтілетін нәтиже
Өз мектебімде өзгеріс енгізу үшін маған не істеу керек?
Бағдарлы оқытудың оқушының жеке тұлғасын дамытудағы маңызы
Қазақ тілі пәнін оқытудың негізгі міндеттері
Орта қол ұстаз – баяндайды, жақсы ұстаз – түсіндіреді, көрнекті ұстаз – көрсетеді, ұлы ұстаз – шабыттандырады.
Smart оқыту - оқытудың жаңа түрі, қарқынды дамып келе жатқан бірегей үдеріс
Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру
Тәрбие үдерісі-тұтас педагогикалық үдерістің құрамды бөлігі
Пәндер