Махамбет өлеңдері

Кулагино орта мектебі

Қанатқалиев Бекнұр

Махамбет өлеңдері

(54 өлең)

8а-сынып
1. Қайда бар

Қаршыға құсты көп көрдім

Қайрылып қазға қараған.

Қатын-бала, қара орман -

Баршасын жауға алдырған,

Құрулы жатқан жебеге

Құрсағынан шалдырған, -

Асыра келіп ойласам,

Бұл фәнидің жүзінде

Махамбеттей зарығып,

Мұңды болған қайда бар?!

Ақсұңқар құстың баласы

Артымда қалған алғаным -

Қытайы қызыл көйлегі

Күнге қойсаң оңар ма?

Мұндай қорлық болар ма?

Ақсұңқар құстың баласы

Қасңыр тартқан жемтікке

Ағармай көзі қонар ма?

Асқар, асқар, асқар тау!

Асқар таудың су бүркіті

Ылдидың аңын шалар ма?

Лашын, сұңқар жүн төксе,

Далада қалған сүйек деп,

Шеніне қарға жолар ма?

Мен - ақсұңқардан туған құмаймын,

Бір сұңқарға жұбаймын.

Сауырыма қамшы тигізіп,

Шаппай неғып шыдармын?!

Түбін қазған мен бір бәйтерек -

Толқуменен құлармын

2. Аймақ көл

Аймақ та аймақ, аймақ көл

Дария болып шалқымас

Аяғы төмен аққан соң.

Айдан жарық нәрсе жоқ -

Сәулесі түспес жаһанға

Қараңғы түнек жапқан соң.

Арыстаннан күшті аң болмас -

О да өледі, жігіттер,

Мергендер таңдап атқан соң.

Алалы жылқы, ақтылы қой -

Аңдыған бөрі жемей ме

Иесі ұйықтап жатқан соң?!

Шақырғанмен келер ме

Кешегі менің арыстаным,

Өзі шын барар жерін тапқан соң?!

Егізінен айырылып,

Мен бір аққу болдым халықтан соң.

Мен - қарақұстан туған қалықпан

3. Мен - қарақұстан туған қалықпан,

Сөйлер сөзге жалықпан.

Көп ортаға алғандай,

Көп соңыма түскендей,

Көптің несін алыппын?

Тыңдай отыр, әлеумет,

Мен әлде де көптен анықпын.

Мен - атайы жүйрік баласы,

Алты үдірім жер шаптырсаң да жалықпан!

4. Күн болған

Таудай болған талаптың

Назары қайтқан күн болған.

Жібектен бауы көнеріп,

Ақсұңқар ұшқан күн болған.

Бағаналы боз орда

Еңкейіңкі күн болған.

Телегей-теңіз шалқыған

Қоғалы көлдер суалып,

Тізеге жетер-жетпес күн болған.

Жапанға біткен бәйтерек

Жапырағынан айрылып,

Қу түбір болған күн болған.

Алқалаған жер болса,

Азамат басы құралса,

Мәшурәт кеңес сұралса,

Мәшурәт берер ер едік -

Исатайдан айрылып,

Алқалай келген кеңесте

Дем құрыған күн болған.

5. Айныман

Айтса-дағы айныман

Көлденеңнің сөзіне.

Әшкере болған ісім бар

Жайылған жұрттың көбіне.

Кеткенім жоқ олжа үшін,

Кетіп едім елімнен

Атаңа нәлет Жәңгірдің

Қан жылатқан заңы үшін.

Баданамды баса бөктеріп,

Қасыма жаттан жолдас ертіп,

Күн-түн қатып жүргенім -

Ана Нарында жатқан

Жас баланың қамы үшін.

6. Шегініс

Толғай-толғай жүгірген,

Топырақты суырған,

Ертеден салса, кешке озған,

Ылдидан салса, төске озған

Томаға көзді қасқа азбан

Қой мойынды көк жұлын -

Көк жұлынды жетелеп,

Қисық жерден төтелеп,

Қабырға, қол сөгіліп,

Арғымақ ат бүгіліп,

Әзіреттен ант ішіп,

Ақыретті жанға байланып,

Талай жүрдік далада

Әділ жаннан түңіліп.

7. Мінкен ер

Мінкен де мінкен, мінкен ер,

Бұл сықылды неткен ер?!

Құралайдың күнінде

Еркек қойдай бөлініп,

Көлденең жатқан Жайықтан

Қырқарланып өткен ер.

Күншығыстың астында,

Күнбатыстың тұсында

Қарындасым бар-ды деп,

Қабырғасын сөксе де,

Қанын судай төксе де

Қайыспас қара нар-ды деп,

Маңдайынан күн өтіп,

Жауырынынан жел өтіп,

Күн астымен жеткен ер!

Біз неткен ер, неткен ер? -

Сергелдеңмен өткен ер.

Ойыл менен Дендерден,

Сағыз бенен Жемдерден

Одан да талып өткен ер.

Арқада Әлім бар-ды деп,

Қайыспас қара нар-ды деп,

Оған да келіп жеткен ер.

Тайманның ұлы Исатай

Ағайынның басы еді,

Алтын ердің қасы еді.

Исатайды өлтіріп,

Серкесінен айрылып,

Сергелдең болған біздің ел!

Желден де желгір ақбөкен

Желден де желгір ақбөкен

Озса да орғып көлденең,

Құралайына қарайлап,

Оққа ұшпай ма сол үшін?

Ұялы бүркіт күн ұзын

Қалықтай самғар шөже үшін,

О да бір торға түспей ме

Шөжеге керек жем үшін?!

Дертке дауа іздеген,

Тірліктен үміт үзбеген

Сергелдең болар емі үшін.

Асыл туған арулар

Жанын пида етпей ме

Шын сүйіскен теңі үшін?!

Аттанып едім көп үшін,

Көптің жинап мол күшін,

Дұшпанда кеткен сол көптің

Ежелден бергі кегі үшін.

Таршылық басқа түскенде

Қапаланам мен-дағы

Қаумалаған қасымда

Қарындастың кемі үшін!

8. Жалғыздық

Бұл дүниенің жүзінде

Айдан көркем нәрсе жоқ -

Түнде бар да күндіз жоқ.

Күннен көркем нәрсе жоқ -

Күндіз бар да түнде жоқ.

Мұсылманшылық кімде жоқ?

Тілде бар да дінде жоқ.

Көшпелі дәулет кімде жоқ?

Бірде бар да бірде жоқ.

Азамат ерлер кімде жоқ?

Еріскен күні қолда жоқ.

Заманым менің тар болды -

Тура әділдік биде жоқ.

Бәрін айт та бірін айт -

Қаумалаған қарындас

Қазақта бар да менде жоқ.

Менің атым - Махамбет

Менің атым - Махамбет,

Жасқұстағы Жәңгір хан

Ісінен болдым құса-дерт.

Атасы өткен Айшуақ -

Соның көзі көрді ғой:

Менің атам Өтеміс

Елдің қамын жеді ғой.

Біз бір енеден бір едік,

Бір енеден екі едік -

Екеуіміз жүргенде,

Бір-бірімізге ес едік.

Бір енеден үш едік -

Үшеуіміз жүргенде,

Толып жатқан күш едік.

Бір енеден бес едік -

Бесеуіміз жүргенде,

Алашқа болман деуші едік.

Өтемістен туған он едік -

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік!

Біз ер едік, ер едік,

Ен Нарында жүргенде

Талма талтүс шағында

Тай жеген тарлан бөрі едік . . .

Біздің жайды сұрасаң,

Ерте көшіп, кеш қонған

Санаулы сәнді орданың бірі едік!

9. Уа, Нарын

Абайламай айрылдым

Аржақтағы елімнен -

Анау Нарын деген жерімнен.

Тірі кеттім демеймін -

Кем болмады өлімнен.

Теңім үлгі алмады

Аузымдағы желімнен.

Істеген ісім кетті далаға.

Қашан өтіп шығам деп,

Қайғырамын мен-дағы

Жайықтан арғы жағаға.

Басқа қысым түскен соң

Қайрылмастай күн болды

Қатын менен балаға,

Ата менен анаға.

Барсаң, сәлем айта бар -

Жаудан аман бас қалса,

Қара орман малым садаға!

Біткен істің міні жоқ

Атай да Матай екі құм,

Шауып келсем басыңа,

Көзім түсер елім жоқ.

Елім-күнім - екі атым,

Еңіреп келсем, тілің жоқ.

Біткен істің міні жоң,

Бітірген ердің кемі жоқ,

Тура ажалдың емі жоқ.

Арқада жортқан ақ киік -

Атып алып, етін жеп,

Ішіп қандым сорпасын -

Сапырулы сары быладан

Еш те бір жерде кемі жоқ.

Жасыл ала үйрек, қоңыр қаз

Жайқай ұшқан көлде жоқ.

Тар қолтықтан оң тисе,

Тарыққанда қайрылар

Қарындасым менде жоқ.

Балдағы алтын ақ болат -

Салайын десем, қын да жоқ.

Қанатынан қайрылып,

Ит алған қуда сын да жоқ.

Мен - тауда ойнаған қарт марал

Мен - тауда ойнаған қарт марал,

Табаным тасқа тиер деп,

Саңсынып шыққан қиядан.

Қайыңның басын жел соқса,

Қаршыға құс қайғырар,

Балапаным суға кетер деп,

Мамығын төккен ұядан . . .

Ол-дағы біздей болған сорлы екен!

10. Нарында

Әдірә қалған Нарынның

Теңіз деген суы бар,

Жағасында жағалай біткен

Қамыс деген нуы бар.

Еңіреген ердің қолында

Жібектен желбіретіп ұстар туы бар.

Хан ұлымен алыстың,

Қарсы тұрып шабыстың -

Бізге біткен бес еркектің буы бар.

Әдірә қалған Нарынның

Жайық деген суы бар.

Жағасында жары бар,

Қабағында қары бар.

Көрмегенді көргізген,

Көн кемеге мінгізген,

Қынама бешпент кигізген,

Зәбірлігін тигізген

Ортасында Жәңгір деген ханы бар.

Қырлығында оба бар.

Көлдеуінде қоға бар,

Жыңғылы мен талы бар.

Қонса қонақ жегендей

Жаясы мен жалы бар.

Айтып-айтпай немене -

Әдірә қалған Нарында

Бас пайданың бәрі бар.

Қапыда кеткен дүние-ай,

Алақандай Нарында

Ата менен ана бар,

Іні менен аға бар,

Қатын менен бала бар,

Қарындас халқым жаңа бар.

Жалғыз ұлым Махмұт

Бекетай құмның ішінде

Жалғыз бір қалған со да бар.

Біздің анау Нарында

Бір төбелер бар еді-

Айналасы ат шаптырса жеткісіз,

Қиқулай ұшқан қырғауыл,

Күніне құлан да басып өткісіз,

Күндіз келген қонағы

Кешке үйіне кеткісіз.

Қойды мыңға толтырған

Сол Нарынның құмдары,

Түйені жүзге толтырған

Көкпекті шайыр шымдары.

Жатып қалған тайлағы

Жардай атан болған жер.

Жабағылы тоқтысы қой болып, қора толған жер.

Аш-арығым тойған жер,

Жылаған бала қойған жер.

Шортаны қара бақандай,

Бақасы сары атандай,

Балдырғаны білектей,

Баттауығы жүректей,

Қымыздығы күректей,

Сонасы қоңыр үйректей -

Ондай қоныс маған жоқ,

Құдайым қылды - амал жоқ.

11. Шашылу

Сөйлесем, даусым аңқыған,

Сөйлеуге жүрек талпынған,

Атасы Беріш болса да

Артық пайда көрмедім

Егіз бенен Балқыдан. -

Алақандай Нарында

Мүкәммалым шашылды

Шағалалы көлдей шалқыған,

Аспанда ұшқан ақ сұңқар,

Қолымда тұйғын, лашын.

Қосылған жаста арудың

Көре алмай кеттім құлашын.

Арпа жемес арғымақ

Ақ селеу отқа зар болар.

Миуа, шекер жемеген

Алғаным менен балаларым

Қоңырсыған, дүние-ай,

Қой етіне зар болар.

Қатын қалса - бай табар,

Қарындас қалса - жай табар,

Артымда қалған ақсақал

Алқалы кеңес құрған күн

Ақылменен ой табар.

Кейін қалған жас бала,

Күдер үзіп біздерден,

Көңілі қашан жай табар?!

12. Ұлы Арман

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?

Еңсесі биік боз орда

Еңкеймей кірер күн қайда?

Қара бұланның терісін

Етік қылар күн қайда?

Күдеріден бау тағып,

Сауыт киер күн қайда?

Күмбір-күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда?

Толғамалы ақ мылтық

Толғап ұстар күн қайда?

Алты құлаш ақ найза

Ұсынып шаншар күн қайда?

Садақ толы сай кез оқ

Масағынан өткізіп,

Басын қолға жеткізіп,

Созып тартар күн қайда?

Кертбұғадай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?

Бізді тапқан ананың,

Асыраған атаның

Ризалықпен жайласып,

Қолын алар күн қайда?

Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғынға бие біз байлап,

Орнықты қара сабадан,

Бозбаламен күліп-ойнап,

Қымыз ішер күн қайда?

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген

Арғымақ туған асылды

Барыстай жал-құйрығын таратып,

Бауырынан жаратып,

Тұяқтан ұшқан тозаңын

Арқадан жауған қардай боратып,

Басын көкке қаратып,

Құлағын істей қадалтып,

Баптап мінер күн қайда?

Желп-желп еткен ала ту

Жиырып алар күн қайда?

Орма мылтық тарс ұрып,

Жауға аттанар күн қайда?

Алаштағы жақсыдан

Батасын алып, дәм татып,

Түлкідейін түн қатып,

Бөрідейін жол жатып,

Жауырынына мұз қатып,

Жау тоқтатар күн қайда?

13. Толғау

Еменнің түбі сары бал,

Еріскен көңіл бәрі бал.

Жоғарыдан төмен төгейін,

Керегіңді теріп ал.

Қасыма ерген жолдастар,

Антыңды бұзып айрылма,

Зейініңді бермен сал.

Жапанға біткен жасылды-ау,

Жамандардың басы сау.

Жаманды байқап қарасаң,

Күндердің күні болғанда

Өз басына өзі жау,

Арғымақ жақсы ат мініп,

Жеке шығып елімнен,

Толықсып толғау толғасам,

Іштегі қызғын басылды-ау!

Өлең айтып толғадым

Көкірегімді басарға.

Махамбеттей мұңдыға

Енді келер күн қайда

Ханға құрған шатырды

Сүңгімен түртіп ашарға?!

Алтын жақса жарасар

Жылтыраған күміске.

Он екі ата Байұлы

Жиылып келсе бұл іске,

Алты сан алаш ат бөліп,

Тізгінін берсе қолыма,

Заулар едім бір көшке!

14. Мұңайма

Ханның ісі қатайды,

Азамат ерден бақ тайды.

Қанды көбе киініп,

Бір аллаға сиынып,

Ұрандап жауға тигенде,

Кім жеңері талай-ды.

Жолдастарым, мұңайма!

Жайықтың бойы көк шалғын

Жайықтың бойы көк шалғын -

Күзерміз де жайлармыз.

Күлісті-сынды күреңді

Күдірейтіп күнде байлармыз.

Құдай істі оңдаса,

Ісім жөнге келгенде,

Қамалаған көп дұшпан

Әлі де болса, қойдай қылып айдармыз,

Жолдастарым, мұңайма!

15. Әрәйнә

Әрәйнә, жігіттер, Әрәйнә!

Арғымағың жарай ма?

Астыңа мінген арғымақ

Аяңдай түсіп, марай ма?

Арғымақ дейтін жығылғыр,

Найза бойы жар келсе,

Жабыдайын жалтаңдап,

Түсер жерін қарай ма?

Күшіген жүнді шал жебе

Жауына қардай борай ма?

Ел шетіне жау келсе,

Азамат ердің баласы

Намысына шыдай ма?

Жаттан көмек сұрай ма?. .

Арғымақ жалғыз, Ер малсыз,

Алланың не берері болжаусыз,

Жолдастарым, мұңайма!

16. Жақия

Исатай шыққан бас болып,

Хан ұлымен қас болып.

Арыстанымның баласы

Адағанда ел таппай,

Адасқанда жөн таппай,

Арманда қалды жас болып.

Мен Нарыннан кеткенмін

Мен Нарыннан кеткенмін,

Нарынды талақ еткенмін.

Қуатымның барында

Ағыны қатты Жайықты

Тіземмен бұзып өткенмін.

Жаныма айла болар деп,

Назарды тастап, Шүренге

Күнім үшін жеткенмін.

Жақияны жауға ұстап бергендей,

Шүрен, саған не еткенмін?

Қайтеріңді өзің біл,

Алдыңда кеңес еткенмін.

17Мінгені Исатайдың ақтабан-ай

Мінгені Исатайдың ақтабан-ай,

Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай.

Зеңбірек үш атқанда дарымады,

Құдайдың міне қара сақтағаны-ай!

Мінгені Исатайдың көгілдірді-ай,

Әскерін Барша құмға төгілдірді-ай.

Мыңды алған бірді беріп ақтабанды

Жыландай белге соққан бүгілдірді-ай.

Баласы Исатайдың Жақия-ды,

Жақия жауды көрсе ақияды.

Түлейде түнде жортқан жолбарыстай

Алдырдым жолдасымды қапияда-ай!

18. Көшер еді-ау біздің ел

Сонау Еділден бергі жатқан жердейін,

Қонар еді-ау біздің ел

Арқада қоныс шөлдейін.

Құралыдан қалған көп тентек

Бүлдірмегей еді елімді

Лашын құс, бүркіт шайқаған көлдейін.

Ащының бойы көк тоғай,

Жайламас еді біздің ел,

Жері жаман сусыз деп.

Жабыдан айғыр салмады,

Баласы оның сынсыз деп,

Базарға сатсаң құнсыз деп.

Балдағы алтын ақ болат,

Асынбас еді біздің батырлар,

Көкпен де сауыр қынсыз деп . . .

Ер қабыланын жөнелтіп,

Елсізде қаңғып қалған шақ,

Кім айтады бізді мұңсыз деп?!

19. Қақақулап шақырмай

Қақақулап шақырмай,

Қанды көбік түкірмей.

Бұзбай құлан пісірмей,

Мұз үстіне от жақпай,

Қу найзаға сүйеніп,

Ңұр далада зар қақпай,

Жалғыз жүріп ат бақпай,

Қабағыма қарыс сүйем мұз қатпай,

Қапыда қалған қасқамын,

Қақ жүректен найза түйретпей!

Жалғыз қалдым, Адасып қалған үйректей.

Қарағай шаптым шандоздап

Қарағай шаптым шандоздап,

Хан қарасын жоям деп.

Жолбарысша жорыттым,

Етіне құлан тоям деп . . .

Қыран құстың баласы

Ұшса, келмес ұяға.

Асыл ердің баласы,

Жауды көрсе шыдамай,

Көзін салар қияға.

Ермін деген жігітті

Кеңшілікте сынама.

Келмейтұғын нәрсеге

Жаныңды қинап жылама.

Ер қабыланын жөнелтіп,

Елсізде аңырап қалған шақ -

Біздерден ақыл сұрама!

20. Шонты биге

Әй, Шонты би, Шонты би!

Домбыра тартсам, келер күй.

Шын ажалың жетпесе,

Ажалдан бұрын өлмессің,

Жалаңаш бар да жауға ти!

Ажалдан бұрын өлмессің,

Тілесем - тілек бермессің,

Жыласам - көзімнің жасын көрмессің.

Алақандай Нарында

Мүкәммалым шашылды.

Жүр десем оған жүрмессің.

Құр әңгімеден басқа

Еш нәрсені білмессің!

21. Мұнар күн

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн,

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн,

Бұлықсып жүрген ерлерден

Бұрынғы бақыт тайған күн,

Қатарланған қара нар

Арқанын қиып алған күн,

Алма мойын аруды

Ат көтіне салған күн,

Бұлаңдай ерді кескен күн,

Буулы теңді шешкен күн,

Сандық толы сары алтын

Сапырып судай шашқан күн -

Түс қыла гөр, құдайым,

Біздей тақ мейманасы тасқанға

Біздің ер Исатай өлген күн!

Он сан байтақ бүлген күн!

Орта белін сырлаған

Оқ жаңбырдай жауған күн;

Оң қанатын теріс жайып,

Лашын қуға төнген күн,

Желпілдеген ала ту

Жиырылып ойға түскен күн;

Жез қарғылы құба арлан

Жез қарғыдан айрылып,

Қорашыл төбет болған күн,

Аса шапқан құлаша ат

Зымырандай болған күн,

Арқаулының бойынан

Теріскей дауыл соққан күн;

Сағағы болат қылыштың

Балдағынан сынған күн.

Хас бәйтерек жығылып,

Жығылғаны естіліп,

Алыстағы дұшпанның

Қуанып көңілі тынған күн!

22. Тілек

Палуан жолбарыс секілді

Алысқанды алып ұрған білегім,

Қамалаған жаудан қайтпаған

Қайнаған қара болаттай

Қарсы біткен жүрегім!

Ертеден кешке дейін зарласам,

Бермей ме екен құдайым

Біздей тарыққан ердің тілегін?!

23. Қоштасу

Маң-маң басқан сары атан

Маңыстап шығар өріске.

Бұрынғыдай қарыштап,

Қона алмадың қонысқа,

Келе алмадың келіске.

Қанша жылап жалынып,

Айтсам-дағы болмадың,

Исаеке, болдың еріспе.

Енді жалғыз кетемін,

Саладан-сала өтемін.

Қолыңды бер де аман бол,

Күн болар ма, болмас па

Енді айналып көріске.

Арғымаққа оқ тиді

Арғымаққа оқ тиді

Ауыз омыртқаның түбінен.

24. Ақ жүрегін тербетіп

Ақ жүрегін тербетіп,

Ер көңілін желдетіп,

Ақсүйектің баласын

Қара ұлына теңгеріп,

Қоңыраулы найза өңгердім.

Жетімдерге жем бердім,

Жесірлерге жер бердім.

Ақырында, дүние-ай,

Сол ерліктен не көрдім?!

Жолдасқа билік бермедім,

Кешегі хан үстіне барғанда,

Ақсүйектің баласы

Бақадай шулап тұрғанда,

Ерлікпенен алданып,

Өзіме-өзім қас қылдым.

Сырлы зерен аяқпен

Бал ұрттаған ер едім, -

Бұл уақыттар болғанда,

Көктей өтіп Жайықты,

Бір қасық ішкен қара су

Жұмасына ас қылдым.

Осы жақта мен өліп,

Артымда тірі сен қалсаң,

Жасөспірім Жақияны,

Жолдасым, саған тапсырдым.

25. Баймағанбет сұлтанға айтқан сөз

Кешегі Исатайдың барында

Алақандай Нарында

Басушы едім құлаштай.

Жәбір беріп, жала етсең,

Былғанған басым ыласқа-ай.

Мен бір шарға ұстаған

қара балта едім -

Шабуын таппай кетілдім,

Қайраса - тағы жетілдім.

Көрмес-келмес деп едім

Өз еркіммен бетіңді-ай.

Есігіңнің алдына

Ұрмай-соқпай келтірген -

Арманың бар ма құдайға -

Махамбет-сынды жетімді-ай?!

Еділ мен Жайық жер еді-ау

Мекен еткен шаруаға.

Жағасы қорған жай еді-ау!

Жай қоныстан айырылып,

Мен бір қаңғырып жүрген қарашы.

Қайта-қайта шақыртып,

Менде қандай ауыр ақың бар еді-ау?!

Мен ақсұңқар құстың сойы едім,

Шамырқансам, тақсыр, кетермін.

Кетпей де нешік етермін?

Бұл барғаннан барармын,

Қиядан орын алармын.

Еріскендей ер болса,

Соғысқандай жер болса,

Бірме-бірге келгенде,

Әлі де болса бір тәңірге жылармын,

Дұшпанға қылыш ұрармын.

Жазға бір ай қалғанда,

Аласапыран болғанда,

Бөліне көшкен еліңді

Бөріккен қойдай қылармын,

Жарыла көшкен еліңді

Жаралы қойдай қылармын.

Мен кеткенмен тек кетпен -

Сізден артық табармын.

Ашуыма көп тисең -

Өзекті жанға бір өлім -

Ордаңды талқан қылып шабармын.

Ей, таңсыр-ау, ей, таңсыр!

Боз орданы тіктім деп,

Боз ағашты жықтым деп,

Ханым, ханым дегенге

Көтере берме бұтыңды,

Көптіре берме ұртыңды.

Күндердің күні болғанда,

Өзіңнен мықты жолықса,

Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді.

Тәуекел хаққа бел байлап,

Қималы найза өңгеріп,

Бозбалаға жел беріп,

Атқа мініп шыққанда,

Ұлың, төре, сенің де

Көрер едім көтіңді!

Беркініп садақ асынған,

Біріндеп жауды қашырған,

Құм сағыздай созылған,

Құйқылжыған құла жирен ат мінген,

Құйрық-жалын шарт түйген,

Мен кескекті ердің сойымын,

Кескілеспей басылман.

Келелі қара бұлтпын,

Келе жаумай ашылман.

Алдыңа келіп тұрмын деп,

Ар-намысым қашырман.

Сүйегім тұтам қалғанша

Тартынбай сөйлер асылмын.

Ей, тақсыр-ау, ей, тақсыр!


Ұқсас жұмыстар
Махамбет шығармашылығы
Махамбет шығармаларын оқыту жолдары
Махамбет оқуы
Махамбет Өтемісұлы Жалғыздық , Мен құстан туған құмаймын
Махамбет Өтемісұлы өмірі, шығармашылығы
Махамбет өлеңдерінің тақырыбы
Буырқанған даланың дауылпазы
Ерлік пен елдік - махамбет ұраны
Тарланым өлеңін жаттау
Махамбет Өтемісұлының өлеңдері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz