Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.
Мақсаты: Оқушыларды
адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, әдептілікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу. Ойлау, есте сақтау қабілеттерін және сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік: Жаман әдеттен аулақ болуға, тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Міндеттері: Жақсы, жаман туралы түсінік беру;
жақсы мен жаманды салыстыра білу іскерліктерін дамыту;
Көрнекілігі: медиапроектор, слайдтар, қанатты сөздер, үнтаспа,мақал-мәтелдер.
1. <<Есімдер аллитерациясы>>
Нұсқау: Алдымен өз есімдеріңіздің алдына адамның бойында бар жақсы қасиеттің біреуін айтып, өзіңіздің мінезіңіз туралы айтып кету керек.
Мысалы: Мен салмақты - Сабинамын. Ақкөңілмін, тез ашуланам.
Мен мықты - Мансурмын.Көпшілмін,тез ашуланам ,тез басылам.
Асықтың түсі бойынша топқа бөлінеді :
Автор :Жасы үлкен ата мен оның немересі үйдің алдында ырсылдап, алпарысып жатқан екі итке қарап отырыпты. Иттердің біреуі ақ, екіншісі қара. 12 жасар немере өзін білгелі осы иттер үнемі атасының үйі алдында алпарысып жататын. Атасы көзін алмай қарайтын ірі иттер еді бұлар.
Немере: <<Ата, иттеріңіз соншалықты үлкен -- үйіңізді қорғауға біреуі де жетер еді ғой, неге екеуін ұстайсыз? Ал түстері ше -- неге біреуі ақ, екіншісі қара болуын қаладыңыз?>> деп атасынан сұрады.
Автор:Жасы 70-ке жеткен ата немересіне күлімдеп қарады да:
Атасы:<<Ол иттерім, мен үшін екі таңба, балам.>> -- деді.
Немересі: -- Ненің таңбасы?
Атасы : Жақсылық пен жамандықтың. Тура осы иттер ұқсап, ішіміздегі жақсылық пен жамандық үнемі күресіп жатады. Иттерге қараған сайын соны ойлаймын. Сол үшін оларды қасымда ұстаймын.
Автор:Кішкентай бала, күрес болса онда жеңген мен жеңілген де болуы керек деп:
Немересі:"Қалай ойлайсыз, осы күресті қайсысы жеңіп шығады екен?"
Автор:Атасы балаға қүлімдеп қарап:
Атасы:"Қайсысы дейсің ба, балам? Мен қайсысына көп тамақ берсем -- сол!"
Асықтың түсі бойынша топқа бөлінеді :
1-тапсырма <<Мақал-мәтелдер сайысы>>
-Балалар енді екі топтан кім көп мақал-мәтел біледі екен ?
2-тапсырма Қазақтың ырымдары. <<Аулақ бол жаман әдеттен>> сайысы
-Тамақ ішіп отырған адамның ыдысына шыбын, көбелек т.б. жәндік түсіп кетсе, оның несібесі көп болады.
-Жаяу аттылы немесе көлікпен келе жатқан адам жығылатын болса, тұрғаннан кейін оны сол жерде <<ұшық-ұшық>> деп ұшықтайды.
-Адам құлағы шуылдағанда жанындағы кісі қай құлағы екенін дәл тапса, оны біреудің мақтағаны, ал таба алмаса, жамандағаны болып шығады.
-Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады.
-Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл - қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым.
-Тізені құшақтамайды. Бұл - <<Ұрпақсыз қалдым>>, <<қу тіземнен басқа құшақтар қалмады>> деген жаман ырымды білдіреді.
-Жуған қолды сілкісе, ырыс несібе кетеді.
-Адамға қарап қолды шошайту әдепсіздік болып саналады.
-Саусақты, қолды, орынсыз ауызға салуға болмайды, бұл да әдепсіздік белгісі.
-Екі қолды төбеге қойып отыруға болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана төбесіне қолын қойып отырады.
-Мықыныңды таянба. Бұл қайғы-қасірет шақырады деген жаман ырымды білдіреді.
-Есікті керме. Үйге ешкім кірмесін деген белгісі.

3- тапсырма <<Мен ақынмын>>
Мирас :
Мені үлкендер әдепті де мақтайды,
Мінезімнен теріс қылық таппайды.
Ал егер жалқау болсаң тілазар,
Ондай әдет жақсылыққа жатпайды.
Мансұр:
Қарсы алдынан кесіп өтпей көлденең,
Қашанда мен үлкендерге жол берем.
Абайсызда қалса біреу сүрініп,
Сол заматта сүйеніш боп қол берем.
Илияс :
Тілін алып кішінің де, кәрінің,
Көңілінің шығып жүрмін бәрінің.
Ата - ананың айтқан сөзін тыңдауды,
Әдептілік белгісі деп таныдым
Алтынбек Ән: <<Туған күн>>
<<Иә, жоқ>> ойыны
Мен бәріне әрқашан,
Көмектесуге дайынмын
Осындай іс болғанда
Мен әрқашан деймін иә - иә - иә!
Үлкендерді сыйлаймыз ба?
Ағаш отырғызамыз ба?
Анамызға көмектесеміз бе?
Балаларды ұрамыз ба?
Інімізді киіндіреміз бе?
Мысықты бағамыз ба?
Құсқа жем саламыз ба?
Ауаны ластаймыз ба?
Гүлге су құямыз ба?
Ұяны бұзамыз ба?
Тәртіпті боламыз ба?
Жақсылық жасаймыз ба?
4-тапсырма <<Жақсылық пен жамандыққа байланысты постер қорғау >>
5. Шегенің ізі видеоролик
Мінезі жаман бір жас жігіт болса керек. Ешкім оны түзей алмапты, қателігін айтқан сайын ызалана түсіпті. Бір күні әкесі оған іші шегеге толы бір жәшік беріп: <<Маңайындағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір - бір шегеден қағып отыр>>, - деп табыстапты.
Алғашқы күні - ақ баласы тақтайға көп шеге қағып, табыстапты. Келесі күндері де аз болмапты. Осы қарқынымен, әлгі тақтайды толтыруға аса көп уақыт жұмсамапты. Тақтайдың толғанын көргенде әкесі оған: <<Енді сол достарыңмен жеке - жеке татулас. Әр татуласқан сайын бір шегеден суырып отыр>>, - дейді.
Біраз күндер өтіпті. Бір күні қараса, қағылған бар шеге суырылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: <<Балам, жарайсың, жарадың, - депті, - алайда мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы? Шегелерді суырғанда қалып қойған орындарын, қарайған көп тесікті көріп тұрсың. Тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмады. Достарыңмен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр реніш сөз көңілде мына шегенің орны тәрізді бір - бір дақ қалдырып отырады, сондықтан ешкімнің көңіліне кірбің ұялатпағайсың, балам>>, - деген екен ұлын сабырға шақырып, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтыра.
Иә, реніш артынан риясыз кешірілсе жақсы, әйтпесе, көп жағдайда жан сыздатар, еске түскен сайын көңілді қаралап, жанды жаралайтын із тастап кететіні, ащы да болса ақиқат.
<<Алдыңа келсе, атаңның айыбын кеш>> деген бабаларымыз әрқашан кешірімді негіз етіп ұстаған. <<Бір ашуыңды маған бер>>, <<Тентегімді жөнге салуды өзіме қалдыр>>, <<Бір білместік өтті>>, егер бала болса << ісінің шалалығы>> деп, жас болса << жастық шақта кімнің басынан не өтпейді>> деп, үлкен кісі болса << жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма>> деген секілді сөздермен әйтеуір екі жақты өз рәуішінде бітістіруге, араларын татуластыруға, артын тым ушықтырмауға тырысқан.
Тілек шамы
10. Қорытынды
Адамгершілік қасиеттер өз бойындағы жақсы мінез - құлық, жақсы әдет, жақсы әдептен құралады. Ол ананың ақ сүтімен, әкенің үлгі - өнегесімен, ата - әжеңнің берер үлкендік, ақсақалдық тәрбиелерімен бойыңа сіңеді. Мектепте ұстаздар өмірдегі жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдықтың айырмасын танып білуге көмектеседі, өмірде дұрыс бағыт таңдай білуге үйретеді.
Оны саралап, таңдап, бағалап, байыптап, өзіңе керегін ала білу, жақсылыққа үйреніп, жамандықтан жирену өзіңе байланысты. Жақсы адам боламын, өмірде мақсатыма жетемін десең бойыңдағы қасиеттерді ізгілендіріп, адамгершілікке ұмтылған жөн.

Ұқсас жұмыстар
Құрметті балалар
Әдептілік тобы
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен жайлы ақпарат
Мен осындай баламын
Дыбыстар әлемі. 5 сынып
Кей оқушы
Қожа бейнесі
Оқушылардың ұраны
Сен кім
Материалды түсіндіру кезеңі. Сабақтың тақырыбы
Пәндер