Жыраулар поэзиясындағы көне сөздер: XV-XIX ғасырлар - авторлық қолданбалы курс бағдарламасы (10-11 сынып)

Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Амангул Жаксылыковна Нахуанованың қолданбалы курсқа арналған авторлық бағдарламасы.
Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Аңқаты ауылы.
Түсінік хат.
Жыраулар поэзиясы- өздері өмір сүрген тарихи кезеңнің жемісі. XV-XIXғасырларда өмір сүріп, сол кезеңнің зор дүбірлі тарихи оқиғаның жалынды жыршысы, насихатшысы да болды. Жыраулар - халық бірлігін, ел тыныштығын тілеген жауынгер, күрескер ақындар. Олардың жырларының арқауы- ел тағдыры, ел жайы, халық тілегі. Өз толғауларында заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп, Отанын сүю, халықты бірлікке үндеу, ел қорғаны батырларды ардақтау, оларды халқына үлгі ету, татулыққа шақыру, елдің бейбітшілігін, тыныштығын сақтау сияқты әлеуметтік аса маңызды мәселелерді сөз етті. Жыраулар поэзиясында бұл күнде ұмыт бола бастаған немесе мүлде ұмытылған, я болмаса мағынасы өзгерген сөздер мен тіркестердің кездесуі табиғи да, заңды. Сондай сөздердің сырын біліп, қолданылған жердегі мағынасын түсіну, олардың түп-төркінін танып отыру өте қажет.
Уақыт өте келе әр заманның өз талабына сай осы көнерген сөздердің мағынасы ұмытыла бастаса да, «дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар» дегендей, бұларды қайтадан жаңғыртып, қазіргі ұрпақтың есіне салу әрбір адамның міндеті деп білемін.
Осы жұмысты жазуда оқушылардың іскерлік машықтарының шыңдалуына, әдебиет пәніне деген қызығушылықтарының артуына, шығармашылық ойлау деңгейлерінің көтерілуіне ықпал етуге тырысамын. Осындай ізденістің, шығармашылық жұмыстың нәтижелері талантты ұстаздың қажетіне жарар деген ниетпен осы еңбекті ұсынамын.
Пәннің мақсаты - XV-XIX ғасырда өмір кешкен жыраулар поэзиясындағы көне сөздердің шығу төркінін анықтау, кірме сөздерді ажырату, сөз мағыналарын ашып көрсету. Оқушының теориялық білімін практикамен ұштастыру, тіл дамыту мақсатында оқушыларға көркем шығарма оқытылып, оқиғалы шығарма мазмұнына қарап сурет салу, түрлі еркін тақырыптарға шығарма жазу. Сондай-ақ, ұйқас туралы түсінік беру, өлеңдерге талдау жасау, жыраулар мақамымен оқушылар өз бетінше өлең құру сияқты тәсілдер қолданамын.
Жыраулар поэзиясында халық даналығы, терең философия, ой жатыр. Сондықтан ойлы шәкірт қоғамда өз орнын ойып алары анық. Әдебиетті оқу арқылы бала шәкірт үлкен өмірде өз бетімен өмір сүруге үйренеді деп ойлаймын. Сондықтан бағдарламаны оқыту барысында қызықты пікірталастар, кездесулер, саяхаттар, оқырмандар конференциясы өткізіліп тұрады.
Тақырыптық жоспар.
Қазақ әдебиеті. Жыраулар поэзиясындағы көне сөздер.
(Аптасына - 2 сағат, жылдық сағат - 68 сағат)
10-11-сыныптар үшін.
Мәнерлеп оқу, жырау мақамы
бойынша жыр жазу.