Мархабат байғұт шығармаларындағы адамгершілік қағидалары

«Адам - Алланың сүйікті құлы. Адамдарды жақсы көрмегіміз ләзім. Өз басым адамдарды жақсы көремін, кез келген адам туралы жаман ойлап, жаман сөз айта бермейтін секілдімін. Адамдардың бір-біріне де, өзгелерге де мүмкіндігінше түсіністікпен қарағаны абзал. Шүкіршілік, шығармашылығымның негізгі арқауы - адал адамдар туралы, адалдыққа тәрбиелеу хақында. »

Мархабат Байғұт.

Әдебиет халықтың рухани азығының қайнар бұлағы болып табылады. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып, оның хайуанға айналатынын ертеден ұғынған халқымыз жан азығын ең әуелі нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруден бастайды, одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді.

Көркем әдебиет аясы кең әлем. Оны бір қалыпқа салып, өлшеп пішуге келмейтін таразыға тартып, бағасын шығару қиын. Әр туындының шын мәніндегі әділ төрешісі - оқырман ықыласы. Оқыған жанның жүрегіне жол тауып, көңіліне жылулық оята білсе, үлкеннің өткеніне деген сағынышын оятып, тәтті күндерін есіне оралтса, жасты балауса сезіміне сәуле түсіріп, қиялын қанаттандырып, алдағы күніне асықтыра алса, бұл құбылыс көркем шығарма деген құдіреттің басты қасиеттерінің бірі саналады.

Шығармаларында адам өмірінің тылсым құпияларын, адамгершіліктің асыл құндылықтарын, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, табиғат сырын, адам психологиясын, жасөспірімдердің өмірдегі болмысын жан-жақты бере білген жазушылардың бірі - Мархабат Байғұт.

Жазушы 1945 жылы 20 мамырда Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

Мархабат Байғұт республикалық «Жалын» бәйгесін екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» бәйгесін үш рет жеңіп алды. Ол - облыс әкімі «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 1996 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ұсынуына орай «Құрмет» орденімен марапатталды. 2004 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2007 жылы «Облыстың құрметті азаматы» атағы берілді.

Жазушының шығармашылық процесте көркем образ сомдауы, яғни характердің әуелгі қалпына толық мүсінделер шағына дейінгі даму жолын зерттеу қиялдағы кейіпкердің сыртқы кескіні туралы анық та кең ұғым жасай білуден басталатын тәрізді.

Жазушының қарапайымдылығы жан дүниесінің тазалығында болса керек. Мархабат ағаның бұл қасиеті жөнінде жазушы әріптесі, ақын Байдулла Қонысбек былай деп ой қозғайды: « . . . Ұзақ жылғы қарым-қатынастан байқағаным - Мархабатпен сөйлесе қалсаң, демаласың. Рухани тазару, рухани қуаттану әлеміне енгендей боласың. Сабырлы кейіппен асықпай қараңызшы, Мархабаттың жүзінен нұр төгіліп тұрады. Бұл - адамдарға, достарға деген мейірім нұры, ыстық ықылас пен сүйіспеншілік шуағы». Шынында да қаламгердің сөз қолданысында, тіл өрнектеулерінде жасандылықты, жаттандылықты кездестіре бермейміз. М. Байғұттың кез келген әңгіме, повестерін оқи қалсаңыз, өмірдің бір қиянына апарып ойландырып, қайтадан өз тіршілігіңе оралдырып қайта толғандырады. Жазушы шығармаларын оқи отырып, кейіпкерлер әлеміне еріксіз сүңгисің: Тәжен мен Ноқтабай ерегіскенде, арасына түсіп, екеуін достастырғың келсе («Интернаттың баласы» әңгімесі), енді бірде жанып жатқан составты құтқармақ болған Иванды өрттен өзің алып шыққың келеді («Дос пейілі» әңгімесі), ал көршісі ерлікпен қаза тапқан ұлының жылын өткізгелі жатқанда ерегіс шығаратын Келденге жекіп тастағың келіп тұрады («Үш үй» әңгімесі) .

Көркем шығарма материалы - тіл. Автор тілі қарапайым. Жалған жылтырағы жоқ, характер ашарлық табиғи тіл. Әрбір тілі өз орнында тұрып-ақ табиғи міндетін атқарады. Сондықтан жазушының шығармаларында алдымен басты назар аударатыны, ден қоятыны - Адам.

Адам тек қана тән емес, сонымен қатар үлкен қажеттілігі бар жан. Нақты өз аттарымен атайтын болсақ, жан деп отырғанымыз - рух, ал тән - нәпсі. Қазақта мынадай фразеологиялық сөз тіркестері көп кездеседі: рухани бай адам, адамның рухы, рухы жоқ, рухтанып кетті, ұлттық рух, рухани ұстаз, т. с. с. Осы тіркестерге мұқият зер сала отырып, “ рух ” деген нәрсенің адам денесіндегі бір қуат екендігіне көз жеткізуге болады. Оның адам бойында кездесетін барлық жақсы қасиеттері мен жасайтын барлық игі істерінің қайнар көзі екендігін аңғару қиын емес.

Жаратылыстың барлығы екі қарама-қарсы нәрседен тұрады: ақ - қара, күн-түн, ыстық-суық, тәтті-ащы, жақсы-жаман . . . Сол сияқты, адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер рухтан туындайды да, барлық жаман қасиеттер нәпсінің көрінісі болып табылады. Адам денесі бір болғандықтан, оның ішінде билік үшін үнемі осы екі қуаттың күресі жүріп жатады. Жақсыны, я жаманды таңдап жататынымыз да осыдан.

Асылында, жаман адам болмайды, бойындағы нәпсісі рухынан үстем болғандықтан, барлық ақылы, білімі, қайрат-жігері мен өнері нәпсінің құлына айналғандықтан, жақсы іс - әрекеттер мен көркем амалдардың табылуы қиын.

Рухтың мекені - адамның жүрегі. Жүректің жылуы, махаббат, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан тұрады.

Қазір адамдардың барлығының да көздері ашық, ғылыми-техникалық дамудың шарықтап тұрған кезеңі - компьютер дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Ол - рух қажеттілігі, рухани азық.

Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық, достық, махаббат, кішіпейілділік, төзімділік, имандылық, шыншылдық, мейірбандық, қайырымдылық сияқты адамгершілік құндылықтар - рух қажеттілігі мен рухани азықты толықтыратын асыл қасиеттер.

Рух қажеттілігі мен рухани азық тапшы осынау заманда жанға азық, көңілге медеу болар дүниені көркем әдебиеттен іздейміз. Іздеген дүниеңді Мархабат Байғұт шығармаларынан табасың да.

Ғылым мен техника өсіп, дамыған сайын адам баласы да, оның ішкі дүниесі де соншалықты күрделене түседі.

Осы күрделене түскен адам баласының жан дүниесін танып білуде онымен арнайы айналысатын көркем өнер. Әдебиеттің мүмкіншілігі молырақ. Әдебиет - адамның ішкі жан дүниесін танытады. Осы тұрғыдан алғанда жазушының: «Интернаттың баласы», «Таудағы аңдыз», «Патефон», «Үш үй», «Дос пейілі», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Қозапая» повестері мен әңгімелер атын атап, түсін түстеп айтуға тұрарлық.

Жақсы кітап оқысаң жаныңның жадырап, мол табысқа кенелгендей сыршыл бір күй кешетінің бар. Шығарма шеберлігінің арқасында ондағы әрбір кейіпкер сенің таныс-бейтанысыңа айналар еді. Таныс болатын себебі, әлгі кейіпкер типтес адамдарды қарапайым тірлікте өзіңнің де жиі кездестіріп жүретініңнен. Бейтаныс дейтініміз, оның бойындағы тұтасқан мінез бен сол мінезді ашар детальдардың сен үшін сонылығы, оқырман ретінде бір тұжырымға келіп үлгермеген идеяларыңның кейіпкер іс-әрекеті арқылы тосын қырынан ашылып жатуы.

М. Байғұтовтың «Интернаттың баласы» повесін оқу үстінде де талай-талай таныс-бейтаныс кейіпкерімізбен сырласып, ой бөліскендей болдық. Жазушының бұл повесінің тақырыбы - жасөспірімдер өміріне, солардың өсіп, қалыптасу сәттерін ашуға құрылады. Повестің негізгі идеясы өзінің діттеген жерінен шыққан. Жас адамның қалыптасу кезеңіндегі жақсылыққа, ізгі қасиеттерге деген ұмтылысы, жасөспірім балалардың өмірдің күңгірт жақтарымен өз жасына лайық дәрежеде күресе білуі оқырманын шуақты бір сезімге бөлейді.

Негізгі кейіпкер Ноқтабайдың сөзі осы идеяның түйіні тектес: «Тағдыр бізді талай ренжітті ғой, Нұрила. Мұным рас қой? Тағдыр көп ренжітті мені, сені, тағы басқаларды. Бірақ біз - мен, сен, Еркінбек, Тәжен, жаман тонды Жақсыбай, Бейсен фельдшер, тағы басқалар тағдыр ренжітті деп өмірге, уақытқа ренжіп көрмеген екенбіз, ойласам. Сөйтіппіз! Ренжімеппіз. Сонымыз жақсы, дұрыс болған екен-ау, Нұрила! Мен соған қуанамын». Ал, әлгі айтылған «өмірге, уақытқа ренжімеудің» арғы жағында терең азаматтық ой бар емес пе!

«- Бағаларың жаман емес көрінеді . . . - Үй ішіңнің жағдайын айттың. Жарайды, интернатқа алайық сені. Интернат дегеніміз - өзінше бір үлкен үй, айналайын. Сол үйдің жақсы бір мүшесі бол. Интернатта орын жетіспейді. Небәрі тоқсан орын. Егер жағдайың жаңағыдай болса, киім-кешек жағынан да қарасамыз» - деген интернат директорының сөзі тек Ноқтабай көңіліне ғана емес, оқырман көңіліне де үміт отын жағып, бүкіл повесте сөндірмей алып жүреді.

Повестегі Ноқтабай, Тәжен, Жақсылық /Жак Паганель/, Бақажан, Жақсыбайлардың қай-қайсысы болмасын жинақталған, сомдалған типтік бейне. Сонымен бірге, олардың әрқайсысының дараланған мінездері де бар. Ноқтабайдың бөлмелес достарының әрқайсысы дерлік жеке тип. Тағдырының қиындығын, отбасы жағдайындағы қолайсыздықтарды сыртқа білдіргісі келмей, «бөрі арығын білдірмес» . . . - деп күждиіп, өзін Тәж-палуан атандырған, бірақ Ноқтабай екеуінің арасындағы қалтқысыз танылған достық ниеттен кейін ұсабасына түскен Тәженнің де; жоқ-жітік семьядан шыққан балаларға астамшылықпен қарайтын, «төрт құбыласы түгел», кезі келсе, достарының арасына от салып, шағыстырып жүретін, масаң күйдегі дед Коляның қол сағатын шімірікпестен, лып еткізіп шешіп алатын, жап-жас болмысында тоғышарлықтың белгілері бас көтере бастаған Бақажанның да ; тілінің мүкістігінен қорғаланып, жұртпен көп араласпайтын, досқа адал, жүрегі таза, қиындау соққан семьясының жайын үлкендерше қабырғасы қайыса ойлайтын, Бақажанның ұрлығын абайсызда көріп қалып, соны айтпай, жасырып жүргені үшін өзін-өзі аясыз кінәлап, сол үшін қиналып, іштей жүдеп бітетін Еркінбектің де образдары белгілі дәрежеде жинақталған. « - Мына сағатты иесіне апарып бер, - деді Ноқтабай шыдай алмай. Байқасам (Бақажан) сасар емес.

- Жездем Жуалыда тұрады.

- Апарып беріп, кешірім сұра». Осы үзіндіден тоғышар Бақажанның мінезі мен адалдықтың туын жыққысы келмейтін Ноқтабай бейнесін көреміз.

Повесть кейіпкерлері туралы «Интернаттың баласындағы» гәптер мен кептердің көпшілігі өзімнің өмірімнен және бір бөлмеде жатқан «батырлардың» тағдырларынан алынған. «Шашынан күннің, одан соң айранның иісі шығатын» әпкемнің характері, қия жолмен етке айдалған жылқылардың шұрқырауы, ауылдан кеткісі келмей жардан құлауы, Ноқтабай ауруханадан шыққанда, әпкесі келін боп түскен үйдің кіргізбей қоюы, Тәжен Ошаевтың, басқа да балалардың аяныштылау тұрмыстары - бәрі болған нәрселер» - деді жазушы өз сұхбатында.

Жазушының «Төрт томдық шығармалар жинағы», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек» жинақтарына енген лирикалық шығармаларының әрқайсысы өзінше бір талдауды қажет ететін дүниелер. Сол лирикалық шығармаларының бірі - «Таудағы аңдыз». Повестің көтеретін жүгі - 1965 жылдардағы мектеп өмірі мен адамгершілік, достық пен махаббат. Алғаш бұл шығарманы қарасақ, тақырып оқиғаға онша қатыспайтын сияқты болып көрінеді. Ал бүкіл шығарманы оқып шықсаң, тақырыптың өте жақсы қойылғанын аңғарасың.

Автор мұнда екі оқушы баланың, Бауыржан мен Оқастың балалық шағынан бастап белгілі азамат болғанға дейінгі тіршілік-тынысын, өмірге деген көзқарасын, адамгершілік қасиетін қатар қойып, салыстыра отырып, өте нанымды етіп суреттейді. шығарманың негізгі оқиғасы орта мектепті бітірушілердің 20 жылдығына бас қосудан басталады да, автор сонша жылдан кейін шегініс жасап, базары мол балалық шақтың қызығы көп күндеріне көңіл бөледі.

Оқушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, бір арнаға түсіру үшін шыр-пыры шығып, жан-тәнімен кірісіп жүрген класс жетекшісі Есқали Сәрсеновтің образы шығармада өте жақсы шыққан. Ол тек мектеп өмірі мен бала тәрбиесіне ғана араласып қоймай, совхоздың шаруашылық жұмысына да қолғаьыс тигізеді.

Автор өзінің осы лирикалық повесінде әр кейіпкерлердің характерлеріне жеке-жеке тоқталып жатпайды. Боздақ жасында қыршын кеткен Бауыржанның сонау тау қойнауындағы бейітіне бару-бармау жөнінде класс ішінде тараған дау-дамайға әр кластастың қосқан пікірі, айтқан ойларына байланыстырып-ақ шығарма бойында әрбір кейіпкердің бейнелік, мінездік алғашқы ұшқындарын аша түскен.

Жиырма жылдық кездесу бағдарлама бойынша жүріп жатады. Барлығы бұрынғы кластарына кіріп, шартты түрде өз парталарына отырып, мұғалімдері класқа кіріп, журнал бойынша "оқушылардың" бар-жоғын "тексеріп отырғанда", кенет "Кәдірбеков . . . " деген фамилияның тұсына келгенде үнсіз қалады. Отырған "оқушылардың" барлығы адал ниетті, арманы таудай жігітті естеріне ала отырып, өздерінің бастарынан өткен балалық шақтарына сапар шеккендей болады. Алайда:

"- Ағай, тізімді одан әрі оқыңызшы, уақыт өтіп барады, - дейді осы кездесуді ұйымдастырып, оны басқарып жүргендердің бірі, - программамыз аса тығыз, ағай. "

Повестің бұдан кейінгі беттерінде автор әлгі ұйымдастырушыны таныстырып жатпай-ақ, осы секілді қысқаша диалог арқылы оның мінезін одан әрі аша түседі.

Программамен жүрсең бас жарылмайды, көз шықпайды және шартты түрде ұйымдастырылған іс-шаралардың ешқайсысынан да кешікпейсің. Әлгіндей программа бойынша өмірлері бір сарынды өтіп жатқан кісілерді көргенде:" - Сценарийлер бойынша өтіп жатқан өмірлерің құрысын, "- дегің келеді.

Қазағымызда:"Өлі риза болмай, тірі байымайды", - деген ұлы сөз бар емес пе?

"- Ағай! Балалар! Қыздар! - дейді осы кезде кездесуді ұйымдастырушылардың тағы бірі, - Бауыржанның бейітіне барып қайтсақ қайтеді, а? Гүл қойсақ . . . Жақсы болар еді, а?"

Міне, бұл жиналғандарды әрі-сәрі күйге түсірген және кімнің-кім екенін сынап өтер, тұтқиылдан қойылған тосын ұсыныс еді. Осы ұсыныстан кейін-ақ біраз адамның бет пердесі ашылып, мінездері мен істері айқындалып қалады.

Бірі әрі тартып билік соғып, бірі бері тартып уәж айтып, ақыры олар көлік тауып, тау арасындағы Бауыржанның бейітіне барып қайтпаққа бел байлайды. Енді оның бейітінің қай жерде екенін білмей дал болған кластастары, онымен кішкентайынан көрші үйде қатар өскен ожар мінезді Оқасқа қарайды.

«- Көрші үйде тұрмап пе еді? - дейді біреуі.

- Тұрса ше? Оны көршілер емес Селолық совет жерлеген, - дейді Оқас».

Осындай қысқа тіл қатысудан кейін Оқасқа деген жиіркенішті көзқарас қана қалыптасып қоймай, Бауыржанның тағдырына қатысты үлкен бір қасіреттің беті ашыла түскендей болады. Бауыржан бейітінің қай жерде екенін білмей дал болып тұрғанда «оқушылардың ішінен біреуі «- Мен білемін!»- дейді. Барлығы жалт-жалт қарасады. Сөйтсе, жол көрсетуші Айсұлу екен. Айсұлудың бұл қылығына таңданбаған кісі қалмайды. Өйткені, қиындау қалыптасып, өмірі қайғылы аяқталған Бауыржан тағдырының бір кілтипаны осы Айсұлуға байланысты болатын. Повесть барысында, Айсұлудың ішкі жан дүниесінде балалық шала көзқарас жетегінде жіберіп алған орны, толмас қателіктері үшін күйзеле өкіну сезімдері айтылып өтеді. Осы жерде мұғалім Есқали Сәрсеновтың риторикалық сауалын айтатын болсақ:

«- Оны еске алып, бейітіне гүл қойып қайтқандарыңа рахмет . . .

Осынша әңгімеге арқау ететіндей ол кім еді деушілер де табылар . . .

Осы кездесуді басқаша өткізулеріңе де болар еді. Бауыржанды еске алмай-ақ атқару мүмкін еді . . . Еске алып, ойға түсіргенімен, уақытты шығындап, сонау тау қуысындағы беткейге шығандалғаннан не түсті?! Кімге қандай пайда келді?! Кім қандай пайданы ойлады.

Кім неге зәру?" . . . Қарт ұстаз айтпақшы, кім не түйді, не аңғарды осы сапардан, кім қандай олжамен қайтты? Міне, осы секілді өзек жарды сауалдар авторды да толғандыратын секілді. " Бейіт басына барып, олжамен қайту " деген құлаққа ерсі естілетіні сөзсіз. Алайда, күйкі тірлік соңында жүріп кір басып қалған көңілдерін осылайша жиырма жылда бір рет те болса тазартып қайтуы "оқушылардың" қай-қайсысын ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Бір түрлі бәріміз қарыздар сияқтымыз . . . "- демейді ме кластастардың бірі. Ал олар түптеп келгенде ең бірінші өздерінің ар-ождандарының алдында қарыздар еді. Тәңірінің Бауыржанға қарағанда өзгелеріне жарық шуағын ұзақтау төккені үшін де, олар тайраңдап, программаға сәйкес қызық қуып, өтірік күліп, өтірік сөйлеп жүре берулеріне де болар еді. Бірақ олар олай істемеді. Ендеше, шынайы өмір мәніне үңілген жанға кластастардың бұл сапары, ең әуелі олардың өз жандарына өздерінің жасаған рухани қамқорлықтары екендігі түсінікті. Оның үстіне Бауыржан тағдыры - кездесуге жиналып отырған, жастары қырыққа жеткен "оқушылардың" балалық шақтары. Ал балалық шаққа саяхат жасау, адамның өткеніне көз жіберіп, жанын тазартар ғажайып күшінің бар екендігін саналы адамзат жоққа шығара алмас. Бауыржан бейітіне барар сапарларында әркім әрқилы ойға батып, бірі сонша жерге жол жүріп бара жатқандарына іштей ренжісе, екіншісі көпшілік дүрмекке ілесе берген еді. Ал қайтар жолда біріншілер де, екіншілер де сонау тау қойнауындағы кластастарының басына барып қайтқандарына қуанысып, бастапқы ойларының өте орынды болғанына риза еді.

Адам, негізі, өз табиғатындағы өзгерістер мен ұлы асуларды көбінесе аңғара бермейді. Осы сапарларында өз жаратылыстарына өздері жасаған қайырымдылықтарын, рух атаулының алдындағы иманды қадамдарын олар да баса байқамаған еді. "Бауыржанның әруағына жақсы болды-ау, "- дескен. Бірақ, олар өздерінің жан сарайларында болып жатқан жайсан жаңғыртуларды аңғармаған да болар. Аңғаруы шарт емес те шығар. Ең бастысы, сондай өзгерістердің адам бойында болғаны да!

Повесть барысында, әр кластастардың ойлары арқылы бас кейіпкердің өмір жолы айқындала түседі. Шығармада, сабақ айтқанда, жайшылықтағы бұйығылықтан арылып, жайнап шыға келетін, жас болса да өте зерек, ауыр қадамның ар жағында қамауда отырса да, жөн сұраған мұғалімге: "Қорықпаймын, ағай, жалғызсыраймын, "- деп тағдыр тауқыметіне мойынсұнған, үлкендерше жауап қайыратын жас баланың сөзі . . . Бәрі тұтаса келіп негізгі кейіпкердің бейнесін жан-жақты сомдай түскен.

"- Қорықпаймын, ағай, жалғызсыраймын. " Осы бір-екі ауыз сөз арқылы автор Бауыржанның өмірдегі жалғыздығын жақсы бейнелей білген. Ол өмірден қорықпайды, сол өмірдегі Қарт ұстаз айтпақшы: "Кім не түйді, не аңғарды осы сапардан, кім қандай олжамен қайтты?" Міне, осы секілді өзек жарды сауалдар авторды да толғандыратын секілді.

«Қаламгер шығармаларының қайсы бірін алсақ та, оларда есте қаларлықтай дәрежеде дараланған кейіпкерлер» деген белгілі сыншы Бақыт Сарбалаев. Міне, осы шығарма сол сыншының сөзінің растығын тағы да дәлелдей түседі.

Оқас пен Айсұлудың тойында сөніп қалған шамды жағамын деп жүріп бағана басынан құлаған Бауыржан, сол жарақаттан айыға алмады. Сол мең-зең болған күйінде өмірден өтеді. Ол өмірде не қызық көрді? Кімнен мейірім-шапағат көрді? Шын жүрегімен қуанды ма? . . . Шығарманы оқып шыққаннан соң, қыршын кеткен Бауыржан мен жасамыс шағына дейін перзент сүйе алмаған, жас ортасынан асқанда сопайып қара басы қалған мұғалімге жаның ашитыны сөзсіз. Рухани жан дүниелері ұқсас, адалдықтары алыстан сезіліп тұратын Есқали мұғалім мен Бауыржан - бақыт үшін жаралған жандар емес пе?! Бірақ, тағдыр шіркін кейде осылайша бейкүнә көңілді жандарды өмір талқысына артықтау салып жатады емес пе?


Ұқсас жұмыстар
<<ерлік - мәңгілік>>
Абай қарасөздері
Абай өлеңдерінің тілі және қазақ поэзиясына енгізген жаңалығы
Абай мен шәкәрімнің діни мұралары. 9-сынып
Алтынсарин шығармаларындағы адамгершілік тағылымы
ФИЗИКА МЕН ӘДЕБИЕТТІҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ӘЛЕМІ
Сөнбейтұғын нұры бол
«адамгершілік тәрбиесі— басты мақсат»
Өнегелілік туралы , Ерте есейген бала әңгімелерін мазмұндау
Тақырып Ұстаз - ұлы есім
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz