Сабақ жоспары :: Сценарилер

Файл қосу

1 қыркүйек салтанатты жиын сценарийі

<<Бекітемін>>
Мектеп директоры:
_______________Айшуаков Е.М.

<<Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ>> атты салтанатты жиынның сценарийі.
Басталуы: 10-00
Мерзімі: 1 қыркүйек 2014 жыл
Сапқа тұрғызу.

Салтанатты жиынның ашылуы.
Армысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар және қонақтар! Шуақты қыркүйек айының алғашқы күні барша оқушы қауым алтын ұя мектебіне қайта оралып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балдырғандармен бірге сыңғырлаған қоңырау үнімен табысып отыр.
Бүгінгі сағынышқа, шаттыққа толы <<Алғашқы қоңырау>> мерекелеріңіз баршаларыңызға құтты болсын!
Ал ендеше барлығымыз да сағынышпен күткен <<Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ>> атты білім күніне арналған мерекелік шараны ашық деп жариялаймын.
Бүгінгі күні кең байтақ Отанымыз Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі білім ордалары - мектептерде 2014-2015 оқу жылының алғашқы қоңырау салтанаты жиынын өткізуде. Ел іргесі кеңіп, босағасы берік, шаңырағы биік болар, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіз, азат өңіріміздің әр жылы, әр күні өзіндік ерекшелігімен өтуде.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың <<Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ>> атты Қазақтан халқына Жолдауында ашып көрсетілген <<Қазақстан - 2050>> Стратегиясының ауқымды міндеттері күн санап жүзеге асырылып келеді.
Елдігіміздің ертеңі ошақтың үш тағаны секілді <<бір халық-бір ел-бір тағдыр>> деген үш сөзге сыйып тұр.
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан еліміздің ырыс-несібесі мол болсын, ағайын!

1-сыныптарды алаңға шақыру.
Халқымыз <<Ата-баба дәстүрі - асыл мұра>> дегендей <<Бала - бауыр етім>> деп баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, әрбір қадамына қуанып, шілдехана, бесік той, тұсау кесер, ашамайға отырғызу сияқты тойларын жасаған. Ал бүгінгі тойымыз бүлдіршіндердің 6-ға келіп, 1-сыныпқа қабылданып, <<Алғашқы қоңырау>> мерекесіне қатысу сәті.
Бұл той - баланың бал дәурен шағымен қоштасып, білімге талпынған қадамы.
Құрметті халайық, олай болса, ортаға алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерді шақырамыз.
Қарсы алыңыздар. 1-сынып оқушылары Сынып жетекшісі: Утенова Күміс Филанқызы. Сыныпта 17 оқушы.
(Музыка ойналады. Сынып жетекшілерімен 1-сынып оқушылары алаңға өтеді.)

ҚР Мемлекеттік рәміздерін енгізу.
Мазмұнына өнері жарасқан, тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін дей отырып, салтанатты жиынымызды Мемлекеттік туымызды көтеру құрметі мектебіміздің озат оқушылары Балмағамбетов Мәди мен Қайыржанова Айымға беріледі.
Назар аударыңыз!
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілсін!

Қонақтармен таныстыру.
Бүгінгі біздің қуанышымызға ортақтасу үшін мерекемізге келген құрметті қонақтармен таныс болыңыздар:
1. Хамзиев Мерболат Сағынайұлы аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары.
2. Жұмағалиева Толқын Қайыржанқызы аудандық білім беру бөлімінің әдіскері.
3. Уржанов Самиғолла Якупұлы <<Ақбұлақ>> селолық округінің әкімі.
Құттықтау.
Салтанатты жиынның алғашқы сөзі мектебіміздің басшысы Айшуаков Ерлан Мәлікұлына беріледі.

Ән-шашу.
Мерекелік салтанатты жиынымыздың құрметіне арнап Қайыржанова Айымның орындауындағы <<Мектебім>> әнін қабыл алыңыздар.

Бұйрық оқу.
Мектеп басшысының жаңа оқу жылының басталуы туралы бұйрығын таныстыру үшін сөз оқу ісінің орынбасары Тугарисова Гүлайым Балекенқызына беріледі.

Қонақтарға сөз беру.
1. Құттықтау сөз аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Хамзиев Мерболат Сағынайұлына беріледі.
2. Келесі құттықтау сөзі аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жұмағалиева Толқын Қайыржанқызына беріледі.
3. Құттықтау сөз кезегі <<Ақбұлақ>> селолық округінің әкімі Уржанов Самиғолла Якупұлына беріледі.

Мерекелік ән-шашу.
Өнерпаздар жарысып сан-салалы,
Жиын десе, той десе ән салады.
Салтанатты жиынның құрметіне,
Әуелеген әсем ән жолданады.
8-сынып оқушысы Муханова Мөлдірдің орындауындағы <<Егеменді Қазақстан>> әнін қабыл алыңыздар!

1-сынып бүлдіршіндерінің ән-шашулары.
Айқара ашқан есігін
Қайнары білім нұрының
Мектебің - алтын бесігің
Жылы ұяң міне сыныбың

Қаламсап алып қолыңа,
Достасарсың да әріппен
Шуағын себер жолыңа,
Жан серігің - әліппең - дей келе, бүгінгі мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1-сынып оқушыларына сәтті қадам, таудай талап тілей отырып, бүлдіршіндеріміздің өнерін тамашалайық.
(Ән айту, өлең оқу)

Ата-ана құттықтауы.
Оқитын әрі жазатын,
Білімге қол созатын.
Оқушы болдың, қарағым,
Білімнің кілтін ашатын, - деп сөз кезегін балапандарын ертіп келген құрметті ата-аналарымызға береміз. Ортаға 1-сыныптың ата-анасы Бақтыбаева Бақыт Аманбайқызын шақырамыз.

Ән шашу.
Мерекелік салтанатты жиынымыздың құрметіне арнап Оңғаралиева Ботагөздің орындауындағы <<Ұстазым>> әнін қабыл алыңыздар.

Әліппе тапсыру рәсімі.
11-сынып оқушылары 1-сынып оқушыларына <<Әліппе>> оқулығын табыс етеді.
11-сынып оқушылары:
Гүлзат:
Оқыған әпке, ағаңыз,
Қадірлі мектеп - бұл мектеп.
Сендердей біз де болғанбыз,
Есейдік, міне, қараңыз.
Құт болып алғаш қадамың,
Жағарсың білім шырағын.
Гүлнұр:
Биылғы жыл ерекше,
Ұғарсың оның шын мәнін.
Ботагөз:
Құттықтап білім күнімен,
Сыйланар сізге әліппе.
Бар білімнің бастауы,
Қадірлеп оны дәріпте.
(Әліппе оқулығын табыс етеді)

Алғашқы қоңырау соғу.
Жаңа оқу жылы құт болып,
Ізгілік оты жағылсын.
Бөбек пен түлек жұп болып,
Алғашқы қоңырау қағылсын.
Алғашқы қоңырауды күмбірлете соғу үшін ортаға мектебіміздің биыл түлеп ұшатын түлегі Оңғаралиева Ботагөз және мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршініміз Жұмабаев Санжар шақырылады.

Салтанатты жиынның жабылуы.
Осымен 1-қыркүйек білім күніне арналған салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймын. Білім күні құтты болсын. Еліміз аман, еліміздің беделі асқақ болсын!

Ұқсас жұмыстар
Мектеп деген тәрбиеші адамға
Кел, балалар, оқылық!
Соңғы қонырау сценарийі
1 қыркүйек 2014-15 оқу жылына сценарий
Алғашқы қоңырау
Мектепте Алғашқы қоңырау салтанатты жиынын өткізу туралы
Мектеп бітіру кеші
«Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты жиын сценарийі
Жас ұланға қабылдау бағдарламасы
Әли Қуан анам
Пәндер