Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Ішкілік - жаман әдет

Ішкілік - жамандықтың көзі

Ислам - адам рухына нәр, әлсіреген сезімге дауа, нәпсіге қарсы күресте қуат береді. Ислам адамзатты тек жақсылыққа үндеп, қоғамға зиянды нәрселерден сақтануға шақырады. Адам баласы үшін зиянды нәрсенің бірі - алкогольді ішімдіктер.
"Ішімдік" сөзі араб тілінде "хамр" және "мускир" деп аталады. Араб тілінде бұл сөздер азы немесе көбі ішкен кезде мас қылатын ішімдіктерге айтылады. Ислам діні барлық мас қылатын ішімдіктерді харам етіп, ішуге тыйым салған.
Оған дәлел - ең әуелі "Нәхл" сүресінің 67-аятында:
- Құрма ағашының жемістерінен және жүзімдерінен арақ, әрі жақсы қорек жасап аласыңдар. Рас, мұнда ойлаған елге анық үлгі бар - делінген-ді.
Бұл аятта ішкілік пен халал ризықтың бір-бірінен айырмашылығы болатындығы, жүзім мен құрмадан дәмді тағамдар, тәтті сусындармен қатар адамды мас ететін ішкілікті де жасау мүмкін екені ишара етілді.
Кейін "Бақара" сүресінің 219-аятында:
- "Мұхаммед (с.ғ.с.)! Олар сенен ішкілік пен құмар ойнаудың үкімін сұрайды. Сен: "Оларда үлкен күнә мен адамдарға пайда да бар, алайда оның күнәсі пайдасынан тым басым", - деп айт", - деген насихаттық мағынадағы алғашқы үкім енді.
Бұл аяттағы "хамр" сөзі - адамдарды ақыл-есінен айырып, оларды түрлі жамандықтарға жетелейтін ішкіліктер.
Адамдардың көбі осы аяттағы: <<Адамға пайдасы бола тұрып>>, - дегенін оқып: <<Арақтың пайдасы да бар екен. Пайдасы бола тұрып оған неге тыйым салынады? Арақ та нан сияқты бидайдан жасалады. Демек, оны ішсек болады!>>, -деген ойға барады. Пайдасы дегеніміз - арақ ішкен адам уақытша болса да, уайым-қайғысын ұмытып көңілі көтеріледі. Алайда, бәрібір зияны шаш-етектен. Ол:
1. Бастың ауруы;
2 . Көздің бұлдырауы;
3. Ақыл-сана, абырой, намыстан айырылуы;
4. Ағзаның ауруларға қарсы тұратын күш-қуатының жойылып, әлсіреуі;
5. Отбасы мен жұрт арасындағы дау-жанжал;
6. Ми, бауыр, жүректің зақымдалуы;
7. Ішкілік әсерімен істелген зорлық-зомбылық, ұрлық, кісі өлтіру сол <<алданыш ләззаттың>> орнын артығымен басады.
Адамдардың өзара рахым, мейірімділік қасиеттерінен айырылып, жанжал шығару, сана мен дененің қатар улануы, үлкен қылмыстарға баруының барлығын Құран ішкілік пен құмар ойнауға байланыстырады. Мұндағы мақсат - адам баласын ішкілік ішу және құмар ойнаудан сақтандыру.
Жоғарыдағы аят енгеннен кейін мұсылмандардың біразы ішкілікті тастаған. Алайда <<пайдасы да бар деп айтты>> деп ішкіліктен тартынбай, әлі де ойын-сауықпен жүргендер де баршылық еді. Соның бірі - ұлы сахабалардың бірі Абдрахман ибн Ауф (р.а.) бір күні кешкі аста шарап ішіп, шам намазына имамдыққа өтті. Намазда <<Кәфирун>> сүресіндегі: <<Сендер (яғни, кәпірлер) құлшылық еткен нәрселеріңе мен құлшылык етпеймін>>,- деп оқудың орнына, ішімдіктің әсерінен: <<Сендер (яғни, кәпірлер) құлшылық еткен нәрселеріңе мен де құлшылық етемін>>,- деп, аяттағы төрт жеріндегі сөзде <<етпеймін>> деген мағынаны пайда ететін <<лә>>, яғни <<етпеймін>> мағынасындағы сөзді тастап кетті. Мағына бүтіндей өзгеріп кетті, шамалы ақылы барлардың естері шықты. Осыған байланысты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.):
-<<Ей, мүміндер! Не айтып жатқандарыңды білмейінше мас күйде намазға жақындамаңдар!>>, - деген аят түсірілді (<<Ниса>> сүресі 43- аят)

Бұған қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген:
"Ішкілік (яғни, адам баласын ақыл-есінен айыратын нәрсе) - барлық жамандықтың көзі!"
"Ішкіліктен аулақ болыңдар! Өйткені, ол - бүкіл жамандықтың кілті!"
Хадисті Ибн Аббастан (р.а.) Имам Хаким және Имам Байһақи риуаят етті.
Әбу Дарда (р.а.) айтады:
"Расулуллаһ (с.ғ.с.) маған:
"Ішкілік ішпе, өйткені, ол бүкіл жамандықтың көзі", - деп бұйырды. Хадисті Әбу Дардадан (р.а.) Имам Ибн Мажәһ риуаят етті.

Бір отырыста ішкілік әсерімен қызу күйге түскен муһажирлер (Меккеден Мәдинаға қоныс аударған мұсылмандар) мен ансарлардың (Мәдиналық мұсылмандар) әрқайсысы өздерін мақтай бастады. Мақтанудың соңы қызғаныш, реніш, төбелеске ұласты. Қару қызметін дастарханда жатқан мүжілген сүйектер атқарды. Ертесіне мастығы тарап, есін жинаған мұсылмандар істеген істерінен опық жеп, өкінішті күйге түсті. Осы оқиғадан кейін <<Мәйда>> сүресінің 90-91 аяттары ауқи етіліп, ішкілікке толық тыйым салынды:
- <<Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойнау, пұттарға табыну, оларға мал шалу және бал ашатын шыбықтар ластық, шайтанның істері. Одан сақтаныңдар. Сонда ғана Аллаһтың азабынан құтыласыңдар. Негізінен, шайтан арақ және құмар ойыны арқылы араларыңа алауыздық, әрі кек салып, Аллаһты еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды>>.
Осы аяттар түсірілгеннен кейін Мәдинадағы мұсылмандар үйлеріндегі бөшке-бөшке толы ішкіліктерінің барлығын да төккен болатын. Әнас ибн Мәлік (р.а.) бұл оқиғаға қатысты: <<Ішкілікке тыйым салынғаннан кейін біз үйлеріміздегі арақ-шарапты көшеге шығарып төктік. Төгілген ішкіліктің көптігі сонша бірнеше күн бойы Мәдинада төгілген ішкіліктің иісі мүңкіп тұрды>>,- деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина тұрғындарынан үйлеріндегі арақ-шарапты шығаруын бұйырып, ыдыстардағы ішкілікті өз қолымен төкті.
Ішкілік ішу - жамандыққа жол ашу. Ішкілік дайындайтын және оны ел арасына тарататындар халықтың санысын улап, оның болашағына қиянат етуші, ең қауіпті де қатерлі қылмыскерлер. Сондықтан да Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
"Ішкілік - бүкіл жаманшылықтың көзі!"- деп, ішкіліктен қол үзбегендерге ескертіп:
- <<Аллаһ тағала арақты, оны ішуші мен құйып берушіні, сатушы және сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келуші мен алып келтірушіні және арақтан күн көргенді лағынеттеді!>>, - деген сөзін айтты.
Осы оқиғадан кейін сахабалардың ешбірі де ішкілік ішпеген, әрі оның саудасымен айналыспаған.
Аятта арақ-шарапқа тыйым салған себебін ашық айтқан.
Ал осы замандағы медицинада да, ғылымда да арақтың, яғни ішікілік пен маскүнемдікке салынудың зияны мен зардабы жан-жақты дәлеледеніп көрсетілген.
Ішкілік ішпейтін әйелдерге қарағанда, оны аз болса да татып алатын әйелдердің дүниеге келтірген сәбилерінің 100 пайызының:
1. 89 пайызы әлсіз болып дүниеге келеді;
2. 84 пайызы болашақта психикалық қиыншылықтарға ұшырайды және басы тиісті мөлшерден кіші болады;
3. 80 пайызында сөйлеу мүшелерінде кемістік болады;
4. 51 пайызының аяқ-қол саусақтары қисық болады;
5. 46 пайызының жыныстық мүшелерінде;
6. 41 пайызының есту мүшелерінде кемістік болады.
7. 29 пайызы жүрек ауыруына шалдыққан күйде туылады;
8. 25 пайызында көру қабілеті төмен болады;
9. 10 пайызының бүйрегі толық істемей туылады.
Жалпы, дәрігерлер: "Ішкілікті қолдану нәтижесінде сәбидің бойында 850-ден астам түрлі аурулар пайда болады", - деген қорытындыға келген.
Қолдан түсік жасағанды, біреуді ұрып, қол-аяғын сындырғанды заң жүзінде жазалайды. Яғни, сау баланы мүгедек етіп, қолдан ауру етсе, оған жаза қолданады. Бірақ, аяқ-қолсыз, яки ақылсыз баланың дүниеге келуіне себепші маскүнем ана, не әкені заң қалай жазалайды? Рас, ондайлардың жазасын заң бере алмайды, ондайларды Аллаһ тағала жазалайды.
Араққа салыну туралы әңгіме қозғалса, "бізді басқалар бұзды" дейміз. Бұлай айтуымыздың жөні бар ма? Қол-аяғы байланып, күштеп аузына арақ құйылып жатқан кім бар? Өз дінімізді қараңғылық деп, Батыстың адам табиғатына жат "мәдениетін" жөн көрмегенімізде, халықты ішінен ірітіп жатқан ұрлық, зорлық-зомбылық, қарттар және жетімдер үйлері секілді жетістіктерге қол жеткізер ме едік?!
Осының барлығы, біріншіден - түсінбеушілік, екіншіден - дінге деген күпірлік пен екіжүзділіктің салдары.
Түсінбеушіліктен істеген күнәні Аллаһ тағала кешіреді. Ал біліп, түсініп тұрып қасақана істеген күнәні ше?
Бізге көп жағдайда: "Бұл күнә ғой, мұны неге істейсің?", - десе, "Мен оны білмедім", - деп жауап береміз де, сол "білмедім" деген нәрсемізді айналып барып тағы істейміз. Сонда кім болғанымыз?! Аллаһ тағаланың харам дегенін өзімізге халал еткен соң мұсылмандығымыз қайда қалады?
Адамгершіліктен айырылған, иманы әлсіреген, зікірден қалған жүрек - өлі жүрекке айналады. Нәтижесінде адам санасын иман емес, нәпсі билейді. Халал мен харамның айрымасы болмай қалады. Күнәға ойланбай барған пенде Аллаһ тағаланың азабын ұмытады. Нәпсінің құлы болу дегеніміз осы.
Көбінесе адам баласын нәпсі мен шайтанға тәуелді ететін - имансыздық.
Ал имандылықты зәулім ғимаратқа ұқсатсақ, оған кіру үшін алдымен жанына бару қажет. Оған барар жолдар түрлі пәлемен тоғытылған. Имандылық ғимаратына сізді біреу көтеріп кіргізбейді. Оған еңбектеніп кіру - пенденің міндеті. Бал ара ұясының есігіндегі күзетші аралар жаман гүлге отырған араны ұясына кіргізбейді екен. Сол сияқты имандылық ғимаратына да аузынан арақ иісі мүңкігендер кіргізілмейді. Олардың орны имандылық сарайы емес, тозақ!
Нәпсіні тәрбиелеудің бірінші шарты - тәубеге келу. Тәубеге келу дегеніміз - басы ауырғанда: "Болды! Мен енді ішпеймін", - деп, ертесіне арақты көргенде көзі жайнау емес. Тәубеге келу дегеніміз:
1. Күнә істеуден бас тарту;
2. Күнә істегеніне өкіну;
3. Тәубеге келгеннен кейін күнәлі ісін қайталамау.
Осы үш шартты орындаған жан шынайы тәубе еткен болып, оның күнәлары кешіріледі.
Американдық академик, профессор доктор Жулиус Херш өзінің маскүнемдікке қатысты еңбегінде былай деген: "Мұхаммед (с.ғ.с.) Құран арқылы арақты шектеп және ғасырлар бойы үлкен бір адамзат тобын арақтың зардабынан қорғай білген. Бұл нәтижеге XX ғасырдағы өркендеген Америкада әртүрлі ұран мен ғылыми дамуға қарамай қол жетпеген".
Әлбетте, сөз соңында айтарымыз, көкірегінде иманы бар адам Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғарыда келтірілген ескертпелеріне құлақ асып, Аллаһ тағаланың қаһарынан сақтанудың амалын жасайды. Атам қазақтың "Арақ - атаңнан қалған ас емес"- деп айтқан сөзін де естен шығармай, жадында ұстаса, әрбір мұсылман отбасының берекесі кіріп, тыныштығы бұзылмасы анық еді.


Ұқсас жұмыстар
"жігіттің сұлтаны кім?" саралаңыз
Салауатты өмір салтын қалыптастыру
Асықты жілік
Арғы ата
Топ сағаты
Әдептілік- әдемілік . оқушыларды әдептілікке, сыпайлыққа тәрбиелеу
Жігіт сұлтаны сайысы
Ата аналар жиналысы "мәдениеттілік"
Темекінің зияндары
Әдептіліктен озбайық
Пәндер