Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Ғажап туынды - киіз үй

ҚР, ШҚО, Күрщім ауданы, Барақ батыр ауылы,

«Барақ батыр негізгі орта мектебі» КММ

АШЫҚ САБАҚ

Тақырыбы:

«Ғажап туынды - киіз үй»

[pic]

Жауапты: бейнелеу пәнінің мұғалімі – Б.Б.Куркутов.

Барақ батыр ауылы. Ақпан 2014 жыл.

Сабақ тақырыбы: «Ғажап туынды – киіз үй».

Мақсаты:

1) Қазақ халқының ежелгі тұрағы киіз үй туралы мәлімет беру, бұрынғы
білімдерін толықтыру. Киіз үй құрылысымен таныстыру; 
2) Киіз үйдің маңызы жайлы ойларын дамытып; 
3) Ата дәстүрін ұмытпауға, әрқашанда қадірлеуге баулу. 

Көрнекілігі: киіз үй жасаулары – суреттер, жұмбақ, слайд. 

Сабақтың түрі: Практикалық сабақ.

Сабақтың өту барысы: 
І. Ұйымдастыру кезеңі. 
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.
ІІІ. Жаңа сабақ. Слайд бойынша

1. Жаңа сабақты түсіндіру. Жұмбақ айтудан бастау. 
Қаз қанатын жайды, 
Үйрек мойнын созды, 
Төбесіне аққу қонды /кереге, уық, шаңырақ/. 

Бүгінгі танысатын тақырып «Ғажап туынды – киіз үй».

2. Сұрақтар қойылады. 
1. Қандай киіз үй түрлері бар? /6 қанатты, 8 қанатты т.б./ 
2. Қазіргі кездерде тігіліп жүрген киіз үйді көресіңдер ме?/тойларда,
наурыз мерекесінде тігіледі/ 
3. Киіз үй құрылысын кім айтып береді? /кереге, уық, шаңырақ, желбау,
түндік, туырлық, есік, арқан, ши/ 

3. Киіз үй құрылысы: кереге, уық, шаңырақ, желбау, түндік, туырлық,
есік, арқан, ши. Киіз үй сүйегі, яғни керегесі мен уықтары көбіне өзен
бойындағы талдардан жасалады. Шаңырақ үшін түзу және бұтақсыз ағаш алынады.
Кереге - киіз үйдің қабырғасы. Кереге көз өлшемдеріне қарай «жел көз», «тор
көз» болып екіге бөлінеді. 

4. Киіз үй жиһаздары мен бұйымдары - үй тұрмысында қолданылатын
жабдықтар, халық арасында олардың алуан түрлері бар. Кейбір түрлері қазіргі
заманға дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Соларға тоқталатын болсақ:

Әбдіре - киім-кешек немесе басқа да бағалы бұйымдарды сақтауға арналған
сандық.

Адалбақан - киім т.б. үй мүліктерін ілуге арналған жабдық.

Ағаш төсек - жатып тынығуы үшін пайданылатын үй жиһазы. Ағаш төсектің
қазақ үлгісіндегі түрі - қайқыбас төсек. Ол негізгі үш бөліктен:

• төсектің басынан (жоғары және төменгі);
• қапталынан (алдыңғы және артқы);
• шабағынан тұрады.

Жастықағаш - жер төсекте жатқан адамның басын биіктету үшін жастықтың
астына қоюға ыңғайлап жасалған тиянақ ағаш. Жастықағаш - кәдімгі ағаш
төсектің сыңар басы (жоғарғы басы). Оның екі аяғы, жастықты жерге түсірмей
тұратын тақтай кермесі және жастықтың астына қоюға лайықтап жасалған көлбеу
тақтай төсеніші болады. Жастықағаш тұтас, ағаш төсекке қарағанда әрі
ықшамды, әрі жеңіл болғандықтан, көшпелі тұрмыста көп пайдаланылған.
Бөстек - адамдардың астына төсеуге арналған жұмсақ төсеніш. Ол малдың
(көбінесе ешкінің) не аңның иленген жұмсақ терісіне киізден астар салып
жасалады.

Жастық - адамның басына жастауға арналған үй жиһазы. Жастықтың ішіне
көбінесе құстың мамығы салынып, сырты матамен тысталады. Жастық көбінде
бір кісілік болады. Ал оның салт атқа мінгенде ер үстіне салатын түрін
"көпшік" деп атайды.

Көрпе - матаның арасына мақта немесе жүн (әсіресе түйенің) салып тіккен
жамылғы әрі төсеніш.

Құстөсек - құс жүнінен (мамығынан) жасалған жұмсақ төсеніш.

Жүкаяқ - жиған жүктің астына қоюға арналған ағаш тұғыр.

Асадал - тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған кебеже тектес ыдыс.

Кебеже - тамақ сақтауға арналған сандыққа ұқсас ағаш бұйым.

Сандық - киім-кешек, тағы басқа да заттарды салуға арналған, ағаштан
жасалған бұйым. Сандық - халықтар тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе
жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Көшпенді халық үшін ол өте-мөте қолайлы
болған.

Сандыққап - сандықты бүлінуден сақтау үшін сыртына кигізетін киіз қап.
Киізді сандыққа өлшеп пішіп, сандықтың қақпағына тура келетін бетінен
сандық сиярлықтай ауыз қалдырады да, қалған қосындыларын шуда жіппен тепшіп
тігеді. Жүкке жиналған сандық қап кигізілген кезде де сәнді көріну үшін
сандыққаптың алдыңғы бетіне кесте тігіледі, түсті асыл мата тұтылады.
Сандыққаптың сандық тұтқасына дәл келетін тұсы өлшеніп тесіліп, тұтқалар
сыртқа шығарылып қойылады. Бұл сандықты қабымен көтеруге қолайлы болады.
Сандыққаптың аузы матадан ызылған баулар немесе түйме арқылы жабылады.

Алаша - әр түрлі жүннен немесе әр түрлі түске боялған мақта мен жүннен
тоқылған төсеніш.

Текемет - бетіне түрлі-түсті ою-өрнек басылған киіз.

Сырмақ - киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш. Сырмақты түрлі-түсті
киізден ойып, өрнек салып та, сондай-ақ шымқай ақ киіздің бетіне ақ, қызыл,
сары маталардан ою бастырып та тігеді.

5. «Киіз үй жасаулары» атты өлең оқылады. 
Сағақты кереге 
Шаңырақ біреу, 
Шаңыраққа сексен уық болар тіреу 
Алты қанат боз үй дейсің мұны, 
Сынамаққа сұрай қалса біреу-мінеу. 
Ең алғаш күлдіреуіштен сығалар таң, 
Керегенің басында адалбақан 
Төрдегі текеметке малдас құрып 
Көнен хикаясын шертер атаң. 
Іргеден маңдай төсеп еспе желге 
Қымыз іш 
Сырқат қалмас еш денеңде. 
Кесе қап, аяқ қап пен әбдіре, сандық 
Артық мүлік болмайды көшпелі елде. 
Тап-таза, 
Ететұғын ауасы жас, 
Киіз үйге жұрттың ынтық болғаны рас. 
Жылы, жеңіл 
Тігуі, жығуы оңай 
Үй басуды үйренер зерделі жас. 

6. Видео көрсету. 3 мин.

ІҮ. Жаңа сабақты пысықтау. Практикалық сабақ. Сыныпты үш топқа бөледі.
1-топ. Киіз үйдің құрылысы постерге салып, қорғайды. 
2-топ. Киіз үйдің ішкі жасауларын постерлеріне бейнелеп, қорғайды. 
3-топ. Жалпы киіз үйдің суретін салып, шетелден келген қонақтарға
таныстырады. 

Ү. Сабақты бекіту. Сұрақтар қойылады. 
1. Киіз үй қандай бөліктерден тұрады? 
2. Кереге қандай ағаштардан жасалады? 

3. Киіз үйдегі қандай жасауларды білесіңдер?
4. Біздің құрметті Елтаңбамызда шаңырақ ненің белгісі? 

ҮІ. Сабақты қорыту. Міне, балалар, сабақтың байырғы бастамасы, киіз үй
құрылғысымен тереңірек таныстық. Қоршаған табиғат пен ғажайып гармониялық
үйлесім тапқан, негізінен төрт түлік мал өнімдері мен жергілікті табиғат
байлығының бірі – талдан тұратын, жинақы да жеңіл, қарапайым да қолайлы
халық баспанасы – киіз үйдің жалпы құрылысы міне, осындай. 

ҮІІ. Оқушылар еңбегін бағалау. 

ҮІІІ. Үйге тапсырма беру.

Ұқсас жұмыстар
Үстеудің емлесі
Сөз құрамы. түбір мен қосымша
Бір сөзден тұратын сын есімді
Жұрнақ
Киіз үй физикасы
Шаңырақ тобы
Сөздің тура және ауыспалы мағынасы. 5 сынып
Топтың ұраны
Есімшенің түрленуі
Туған жерге туыңды тік
Пәндер