Сабақ жоспары :: Сценарилер

Файл қосу

Бабалар сөзі – тәрбие көзі

Бабалар сөзі – тәрбие көзі
Мақсаты: Оқушы бойына ақыл мен парасатты, сөз құдіреті мен көркем сөздің
мәйегін сіңіру.Ұлттық дүниетаным негіздерін қалыптастыру. Бабалардан қалған
ұлағатты, ғибрат аларлық сөздерді оқушыларға ұғындыру, сол сөздерден өнеге
алуға баулу. Ұлыларымызды құрметтеу, даналардың даралығын бағалау,
қастерлей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі:Қанатты сөздер, интерактивті тақта
Барысы:
1-жүргізуші:
Құрметті қонақтар, ұстаздар,сіздерді 6 «в» сынып оқушылары дайындаған
«Бабалар сөзі-тәрбие көзі» атты тәрбие сағатын бастауға рұхсат етіңіздер.
2-жүргізуші:
Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында өшпес жұлдыздай болып
есімі ерекше аталатын ірі тұлғалары болады.
1-жүргізуші:
Біздің тәрбиемізде ананың ақ сүтімен, бабамыздың қасиетті сөздерінен
бастау алады. Сондықтан да асыл сөздерді ғасырдан ғасырға жоғалтпай
жеткізіп, алтын қазынасына айналдырған бабалар мұрасы- мәңгілік мұра.
2-жүргізуші:
Халқымыз «Тәлім сөз- тәрбие құралы» деп бекер айтпаған. Сондықтан да әр
дәуірлерде өмір сүрген қазақтың ұлы ойшылдары мен көрнекті ақын-
жазушыларымыздың ұлағатты сөздері мен ой-пікірлеріне кезек берейік.
1-оқушы:
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек.
Харкет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
/ Абай Құнанбаев/
2-оқушы:
Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,
Мұрын иіс, тіл дәмнен хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек
/ Шәкәрім Құдайбердіұлы/
3-оқушы:
Ел үшін еңбек етсең халқың сүймек,
Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек.
/ Сұлтанмахмұт
Торайғыров/\
4-оқушы:
Қызмет қылсаң халқыңа,
Игі ат қалар артыңа.
Пайдалы басқа еңбектен,
Бас кетсе де тартынба !
/ Сәбит Дөнентаев/
5-оқушы:
Күн жылытпайтын суық көңілді сөз ғана жылыта алады.

/ Ғабиден Мұстафин/
6-оқушы:
Тумысында қанша зеректік болса да, ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді.

/Міржақып Дулатов/
7-оқушы:
Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім
қажет.
/Шоқан Уәлиханов/
8-оқушы:
Оқыса білім бұлағы,
Оқыса елдің ұланы,-
Тірілтіп, елге жан бітіп,
Елі үшін жұмақ қылады.
/Бейімбет Майлин/
9-оқушы:
Өмір барда ескірмес,
Бағасы құнды өрен сөз.
/ Жамбыл Жабаев/
10-оқушы:
Білім бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ әлдекімнің азығы.

/ Мұхтар Әуезов/
11-оқушы:
Оқу-білімсіз өнер де жоқ... өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек.

/Ғабит Мүсірепов/
12-оқушы:
Жақсылық жолға келе жатып, жаман әдет көрсетпе.

/Сәбит Мұқанов/
13-оқушы:
Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек.

/Мұхтар Әуезов/
14-оқушы: Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек:
Әуелі –надандық, екінші еріншектік, үшінші-зұлымдық

/ А. Құнанбаев/
15-оқушы: Жақсы тәртіп әдетке айналса-ырыс
Жаман тәртіп әдетке айналса-қырсық.

16-оқушы: Біз тәуелсіз Түркістан үшін керекті барлық қасиетті жас ұрпақтан
күтеміз /
Мұстафа Шоқай/
17-оқушы: Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген
үлгі өнеге білетіндігінен... Көпшілікті адамшылықта тәрбиелеу үшін, жас
буынды жақсылап тәрбиелеу қажет.

/ Мұхтар Әуезов/
18-оқушы: Қазақ тілінде « Таза» адам деген сөз үсті- басының тазалығымен
бірге. Ар-ұятының тазалығын да көрсетіп тұрады.

/ Ғабит мүсірепов/
1-жүргізуші: ...біздің қазақ ән құмар халық...Біреу қолында домбыра ұстап
ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі
шалына дейін қалмай қамалап. Айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-
бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады –деп
Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз айтқан екен.
2-жүргізуші:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй-деп ұлы Абай атамыз айтқандай, келесі кезекті әнге
береміз.
Ән: «Қазақтай ел қайда»
1-жүргізуші:
Көп жасаған қария,
Ақылы теңіз дария
Көп өнеге сөзі бар
Сөзі соңынан өзі нәр. Біздің халқымыздың ең құрметті өнері сөз өнері. Соның
бірі шешендік өнер.
2-жүргізуші:Солардың ең бастылары: от ауызды, орақ тілді, ақылы асып туған
билер: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.
1-жүргізуші: Көрініс : «Төле бидің шешендігінен үзінді»
Автор сөзі: - Шу өзенінің Балқошқа жайылымына бұдан көп жыл бұрын Үйсін
мен Арғын тайпаларының белді адамдары таласып қалады. Екі жақтың билері
татуласа алмай отырғанда топқа еріп келген он бес жасар Төле билік
айтушыларға көңілі толмай:
Төле би:
Ақты ақ деп бағалар
О, игі жақсы ағалар
Өзегі толса, ел біткен
Өзен бойын жағалар.
Төрдегі би: « Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен
без» деуші еді. Мына бала кім өзі?
Төле би: О, би аға он үште отау иесі емес пе?
Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске?
Төрдегі би:
Қой асығы демеңдер
Қолына жақса, сақа тұт
Жасы кіші демеңдер
Ақылы асса ,аға тұт
- Балам, ағалық билікті саған бердім.
Төле би: Сары табақтан сарқыны қайтады деген, билікті маған беріңіз. Шу
өзенінің оң жағын Үйсін, сол жағын Арғын жайласын.
Төрдегі би: - Үй баласы ма деп едім,
Ел баласы екенсің балам.
Бата береді:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір елдің баласы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қар беп қарала.
Өзегің талса, өзен бойын жағала.
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол,
Досыңа адал бол.
Төле бидің тапқырлығына риза болды.
1-жүргізуші: Иә, халқымыздың парасатты ойшылдары ғасырлар бойы бардың
парқын бағалауға, жақсының қадірін білуге үндеп келген екен.
2-жүргізуші: Әдебиетіміздің тарихында орны ойсырап, елге белгілі болған
ақын-жазушыларымызды бүгін еске алып , ерекше құрметпен атаймыз.
1-жүргізуші: ХІХ ғасырдың екінші жартысында, дәлірек айтқанда, соңғы
ширегінде қазақ әдебиетінде жаңа бағыт орнықты.
2-жүргізуші: Қазақ халқының үш ағартушы –демократтары Абай Құнанбаев,
Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, осындай бағыттың көшбасшылары болды.
Нұрлан: Шоқан Уәлиханов өзінің қысқа өмірінің ішінде Орта Азия мен
Қазақстан халықтарының тарихы, географиясы мен этнографиясына арналған
бірсыпыра еңбектері мен қоғамдық-саяси тақырыптағы толып жатқан
шығармаларын жазып үлгерді.Тамаша сөз зергері екені оның қазақтың халық
поэзиясының теориясы және қырғыздың « Манасы» туралы аяқталмаған
зерттеулерінен анық байқалады. Бүгінгі ұрпақ Шоқан есімін, қалдырған
еңбектерін әрдайым үлкен ризашылық сезіммен құрметтейді.
Сандуғаш: Ыбырай Алтынсарин – бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-
білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу
жолына арнаған көрнекті тұлға. Ол өзінің ағартушылық қызметі мен
педагогтік қайрат-жігерін елдің « желкілдеп өскен көк шөптей» жас ұрпағын
оқытып, тәрбиелеуге бар күш жігерін жұмсады.
Гүлзат: Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған
мақаласында Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп бағалады. Шынында да, Абай-
қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ суреткер ақын. Оның шығармаларында өз
тұсындағы қазақтың қоғамдық өмірінің, халық тіршілігінің шытырман шындығы
терең де көркем бейнеленген.
1-жүргізуші: -Шындықты ту етіп, халқының мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін
жырлап, жұртының жүрегіне шұғылалы сәулесін шашқан бабаларымыз бар емес пе?
2-жүргізуші: - Дұрыс айтасың, үстіміздегі жылы Алаш арыстары толық ақталып,
халқына қайта оралғандарына ширек ғасыр толады.
19-оқушы: Атыс-шабысқа , қуғын-сүргінге толы болған жиырмасыншы ғасырдың
басында қазақ халқы небір асыл ұлдарынан айырылды. Атап айтатын болсақ:
.20-оқушы: Бес арыс: Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев.
21-оқушы: Үш бәйтерек: Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин
1-жүргізуші:
Өзгеге көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтып қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
2-жүргізуші:
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйлі,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар-деп ұлы Абай атамыз айтқандай,
Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Әке туралы жыр» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші:
ХХ ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі , халқымыздың сүйікті ақыны,
қоғам қайраткері, халық жазушысы өмірін өлеңіндей, өлеңін өміріндей сүю,
шынын сырға бөлеп, сырын шынға балап толғану , өзі ғана сүймей, өзгені де
сүйсінтіп, өзі ғана толғанбай, өзгені, қалың жұртты толқыта жырлау – Қадыр
Мырзалиевтің шығармашылық асыл қабілеті, әрі ақындық асыл қасиеті бар.
2-жүргізуші: Қадыр Мырзалиев біздің дәуіріміздегі әлемдік аренаға шыққан
қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, мазмұнын сапаландыруға, көркемдік
деңгейін биіктетіп, мәртебесін көтеруге айрықша еңбек сіңірген, «Қазақтың
Қадыры» деп танылып, халқы ардақтаған бірегей тұлға, ерекше дарын иесі.
1-жүргізуші:
« Менің өмірім тек әдебиет»  деп білген ақынның өлеңдері де, тапқыр
сөздері де ондаған жылдар бойы қалың қазақтың аузында жүр. Жүре береді де!
Ақын үшін бұдан өткен мерей, бұдан өткен мәртебе бола ма?! Қазақ барда-
Қадыр бар!

2-жүргізуші: Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған «Өз елім » әнін қабыл
алыңыздар!
1-жүргізуші: Ірі тұлғалардың құдіретін мойындау, әдебиет пен өнер
жолындағы адалдықтың көрінісі- болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп
қадірлейтін қазынасы.
2-жүргізуші: Осымен « Бабалар сөзі-тәрбие көзі » атты тәрбие сағатымыз
аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Мұғалімнің қорытынды сөзі:
ХІХ ғасырда қазақ әдебиетін зерттеген орыс ғалымдары әдебиетіміздің
мазмұны мен көркемдік ерекшеліктері жайлы берген ғылыми бағаларының мәні
өте зор. Өйткені ол ғалымдардың барлығы да қазақ әдебиетінің нұсқаларын өз
күйінде оқып, өз құлақтарымен естіп, халық жыршыларынан өздері жазып алған
материалдарының негізінде өздерінің талғамдары мен түсініктерін ешбір
бояусыз айтуға күш салған.
Түркі әлемінің құндылықтарын ашуға жол салған шығыстанушы- түрколог
ғалым Василий Васильевич Радлов былай айтқан екен: « Қазақтар шешен келеді,
олар мақалдап сөйлейді, жәй сөзінің өзі өлең боп құйылып жатады.»
Ал, Платон Мехайлович Мелиоранский болса: « Қазақтар- шешен әрі
әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Қазақтардың халық әдебиеті аса бай әрі жан-
жақты» -деп, қазақ поэзиясын өте жоғары бағалаған екен.

Ұқсас жұмыстар
Бабалары еккен шынарды балалары саялап..
Аталар мұрасы – халық қазынасы жайлы ақпарат
Ана туралы балада
Еңбекқорлық пен еріншектік. 4 сынып
Ана өмір шуағы жайлы ақпарат
Өзін-өзі тануға-омж,3 сынып, 1 модуль
Тіл және жазу мәдениеті. 1- сынып
Тапсырмаларды орындандар
Аталар мұрасы-халық қазынасы
Үзілмесін бабалардың батасы
Пәндер