Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жолдары

Ембергенова Айнұр Болатқызы
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы № 201 орта мектеп-лицей

Оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жолдары

Мақсаты:
-Оқушылардың құқықтық тәрбиесін, азаматтық бейнесін,
жауапкершілігін күшейту.
-Құқық бұзудың алдын алу.
-Заң нормаларын білуге, сақтау мен құрметтеуге баулу.
-Құқықтық білім беруде тәрбие саласы мамандарының
жұмыстарын үйлестіру.
Міндеті:
- Кәмелетке толмағандарға құқықтық тәрбие беру;
- Құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру;
- Құқықтық білімді қолдану арқылы түрлі өмірлік жағдайларда іс-әрекеттің
заңды тәсілдерін жобалау қабілеттерін қалыптастыру

Білім беру жүйесін жетілдіру жағдайында тәрбие ісі оқу
орындары қызметіндегі басты бағыттардың бірі болып келеді. Өскелең ұрпақ
өкілдерін құқықтық, демократиялық мемлекетіміздің жасампаз азаматы ретінде
тәрбиелеу-Қазақстан Республикасында үздіксіз білім беру жүйесінің негізгі
міндеті болып табылады. Бұл жылдам өзгеріп жатқан қазіргі уақытта азаматтық
қоғам алдында тұрған маңызды мәселелердің ең өзектісі.
Мектеп оқушысы тек белгілі бір дәрежедегі ілім-білім иесі
ғана емес, сонымен бірге, азаматтық тұрғыдан алғанда үлгілі тұлға да болуға
тиісті. Осыған байланысты мектептердің алдында тұрған ең бір көкейкесті
және әлеуметтік маңызды міндеттерінің бірі бүгінгі күні, сөз жоқ,
оқушылардың құқықтық мәдениетін, профилактикалық процестер тиімділігін
арттыру, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту жолдарын
іздестіру болып табылады. Құқық бұзушылықтың алдын алу оны тудыратын
себептер мен жағдайларға кешенді түрде ықпал жасағанда ғана нәтижелі
болатынын ескере отырып, мектептің әлеуметтік-профилактикалық қызметі
қылмыстың әр түрлі жағдаяттарын тудыратын факторларды анықтауға және оларды
ретке келтіруге бағытталуы тиіс.
Тәрбие жұмысы-бүкіл педагогикалық ұжымның қызметі.
Жекелеген мұғалімдердің күшімен тәрбие жұмысын жетілдіру ісінде елеулі
табыстарға жету мүмкін емес. Бірыңғай басшылықпен, бірыңғай жоспармен
біріккен педагогикалық ұжымның мүшесі ретінде әр қызметкердің іс-әрекетінің
жүйесі ғана бұл күрделі істе табыс әкеле алады. Бұндай жүйені жетілдіру
мектеп жұмысында бірінші кезектегі міндеттердің бірі болып табылады.
Тұлғаның құқық саласындағы дамуы (құқықты тану, өзін тұлға ретінде сезіну,
құқықты сыйлау және т.б) құқықтық тәрбиенің мақсатын құрайды.
Оқушыларды құқықтық тәрбиелеу негізі құқық нормаларын
тану болып табылады. Барлық тәрбиелеу шаралары сияқты, құқықтық тәрбиелеу
үрдісі де екі бағытта (сабақ барысында, сабақтан тыс) жүзеге асатыны
белгілі.
Тәрбиенің әдістері дегеніміз- тәрбиенің мақсатына жету
жолдары, тәсілдері, құралдары және амалдары болып табылады. Тәрбие әдістері
арқылы тәрбие үрдісінің әрбір элементінің шешілуге тиісті педагогикалық
мәселелері жан-жақты қарастырыла отырып, оны шешудің тиімді амал-тәсілдері
таңдап алынады. Тәрбие әдіс-тәсілдерін терең және шебер меңгерген, тәрбие
теориясы мен педагогикалық үлгілі іс-тәжірибелерді ұтымды ұштастыра алатын,
оқушының әлеуметтік-психологиялық ахуалынан толық мәліметі бар педагог қана
тәрбие мұратына жете алады.
Тәрбие әдіс-тәсілдерінің ықпалын неғұрлым күшейтуге қол
жеткізу үшін жасөспірімнің ақыл-парасаты, ой-санасы, ар-ожданы, психикалық
тұрақтылық көрінісі, мінез-құлық сапа деңгейі, отбасылық, туысқандық,
қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынас ерекшеліктері, ұлттық әдет-ғұрыптар мен
салт-дәстүрлерді тиімді пайдалану мүмкіндіктерін алдын ала терең зерттеп,
мәлімет жинаудың маңызы зор.
Қазіргі жас ұрпаққа құқықтық білім беру мен тәрбиелеудің
кәсіби-сауатты модельдерінің құрылуы әр баланың қызығушылығын, икемділігі
мен қабілетін ескере отырып, жоғары сынып оқушыларын өз тілектерімен
болашақта белгілі бір мамандықты меңгеруіне жағдай туғызып оқыту, кәсіби
бейімдеу алдындағы құқықтық дайындығын жүйелі ұйымдастыру мәселесінің
өзектілігін арттыруда.
Педагогикалық қызметтің құқықтық тәрбиеден кеткен
қателігі болашақта, ересек кезеңде тұлғаның құқықтық мәдениетінен көрініс
алады. Осы орайда А.С.Макаренконың: «анағұрлым қиын тиетін қайта тәрбиелеу
жұмысына оралмау үшін, әуелден дұрыс тәрбие беруге тырысу керек» деген
пікірін ұмытпаған жөн. Адамның құқықтық санасы мен мәдениетін дамыту
құқықтық тәрбиенің негізгі мақсаты болып табылады.
Педагог мамандардың қоғамның әлеуметтік тапсырысын
орындай отырып, мектептегі оқу-тәрбие ісінің барлық кезеңдерінде және
мектептен тыс жүргізілетін іс-шаралар арқылы құқықтық тәрбие беруді жүзеге
асыруы тәрбие ісінің маңыздылығын арттыра түседі. Құқықтық тәрбиелік, алдын-
алушылық қызметтерін мақсатты түрде және тиімді пайдалана білуі, оқушыларды
азаматтық міндеттерін саналы орындай білуге дайындауы мұғалімнің кәсіби
біліктілігінің деңгейіне байланысты болады.
Құқықтық тәрбие беру арқылы жастарды өз құқықтарын
пайдаланып, азаматтық міндеттерін орындай отырып, қоғамда өмір сүруге,
заңдар мен ережелерді тәжірибеде белсенді қолдана білуге үйретуге болады.
Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруда педагогтарға
қойылатын талаптар қандай ?
- Заңдарды білу, әрине, мұғалімнің құқықтық білімі мен оның атқаратын
қызметіне байланысты және ол екеуі сайма-сай келгені жөн. «Құқық негіздері»
пәнін жүргізетін мұғалім осы әлеуметтік құбылыстардың негізгі
анықтамаларын, ұғымдарын білуі қажет. Ал заңдар туралы мәлімет беретін
басқа пәндердің мұғалімдері(тарих, әдебиет, география,т.б) өз ілімдеріне
қатысы бар заңдардан хабардар болмаса, оқушыларға құқықтық тәрбие беруі
күмәнді жағдай туғызады.
- Ең алдымен мұғалімнің оқушыларға заңдарды түсіндіре алатын қабілеті болуы
керек. Мәселе оқушыларға қандай заңдар бар екенін айтуда ғана емес, сол
заңдардың не үшін қажет екенін, олардың қоғамда атқаратын рөлін,
заңдылықты, құқықтық тәртіпті орнатып, барлық халықтың, әрбір жеке адамның
заңды мүдделерін қорғап, іске асыратын құдіретті құрал екенін оқушыларға
түсіндіре алуында.
- Құқықтық тәрбие берудің тағы бір ерекшелігі- оқушылардың әлеуметтік-
құқықтық белсенділігін қалыптастыру. Осы мақсатқа жету үшін оқытушылар
заңдарды өздері сақтаумен қатар, сол заңдардың жүзеге асуына атсалысатын
азаматтарға айналуы қажет. Білім, сенімділік және әрекеттер мызғымастай
берік, біртұтас болуы міндет.
- Мұғалім әрбір оқушының құқықтық санасының шынайы дәрежесін біліп, оған
әсер ететін басқа жағдайлардан хабардар болғаны жөн. Әсіресе, көңіл
аударатын жәйт – оқушылардың тұрмыс жағдайы, мектептен тыс уақытта
араласатын ортасы.
- Адамгершілік тұрғысынан қарағанда мұғалім терең білімді, мінсіз таза
болуы-оған қойылатын заң талабы. Мұғалім мектепте де, үйде де, түзде де
жастарға өз әрекетімен, өмірімен, жүріс-тұрысымен нағыз үлгі болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы қылмыстық жауапкершілік
жасын жалпы қылмыстар үшін 16 жастан, ал саналы түрде істелген ауыр
қылмыстар үшін 14 жастан белгілеген. Ал кәмелетке толмағандар арасындағы
құқықбұзушылық қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Жас балалардың
құқық бұзушылығына- бос уақыттың көптігі, пайдалы іспен айналыспау, ата-ана
және мектеп тарапынан бақылаудың өз дәрежесінде болмауы, құқықтық білімнің
аздығы, сан-салалы жақсы істермен қызықтырып, өзіне тартатын пайдалы
қосымша іс-шаралардың, қоғамдық ұйымдардың дұрыс жолға қойылмауы басты
себептер болып табылады. Жалпы айтқанда, кәмелетке толмағандарға құқықтық
тәрбие берудің міндеті олардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін
көтеру болып табылады.
Құқықтық мәдениеттің негізгі белгілері: заң нормаларын білу; заң
талаптарын орындау; қоғамдық тәртіпті бұзбау; заң күшіне сену,т.б. құқықтық
мәдениеті дамыған тұлға – құқықтық мемлекеттің үлгілі азаматы. Тұлғаның
құқықтық мәдениетімен қоса құқықтық санасын қалыптастырып, дамыту –
құқықтық тәрбиенің негізгі мақсаттарының бірі. Адамның құқықтық санасы
қалыптаспай, оның құқықтық мәдениеті жетілмейді. Сол себепті құқықтық
сананы қалыптастыру мәселесіне көп көңіл бөлген дұрыс.
Құқықтық сана – Қазақстан Республикасы азаматтарының жүзеге асырылып
жүрген заңдарға, оларды қолдануға, азаматтардың құқықтары мен
бостандықтарына және қалауына, құқыққа, құқықтық құбылыстарға деген
сезімдерінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі.
Тұлға құқықтық білім алмай заңды әрекет пен заңсыз әрекетті ажырата
алмайды; сондай-ақ заң мен құқықтың күшін сезінбейді; өздерінің құқықтары
мен бостандықтарын біліп, қорғай алмайды; өз міндеттерін орындамайды. Осы
орайда тұлғаның алған құқықтық білімі арқылы құқықты ұғыну үрдісінің жүзеге
асатындығына көзіміз жетеді. Әрине, кез-келген адамның санасындағы құқық
ұғымы құқық нормаларының ортаға оң немесе теріс әсер етуші норма сипатында,
яғни жалпылама түсінік ретінде орын алатындығы анық. Сол себепті бұл
жағдайда құқықтық білім беру – оқушының құқықтық санасын қалыптастыру
мақсатында орындалатын құқықтық тәрбиенің негізгі ықпал етуші әдісі. Нақты
айтсақ, құқықтық білім беру арқылы жасөспірім құқықты ұғынады және оның
санасы қалыптасып, дамиды.
Құқықтық ұғынумен қоса, тұлғаны заңды құрметтеуге, қорғауға, орындауға
дағдыландыру мен заңның әділдігіне сендіру - құқықтық сананың негізгі
белгілері. Аталынған белгілер оқушыларды құқықтық тәрбиелеу негізінде
мектеп табалдырығынан бастап жүзеге асатыны белгілі. Себебі бала тәрбиесі
біздің өміріміздің ең маңызды саласы. Дұрыс берілген тәрбие - бұл бақытты
болашақ, ал нашар тәрбие – бүкіл ел алдындағы кінәміз болып табылады.
Есейген адамға қарағанда санасы мен мінез-құлқы жаңадан қалыптаса бастаған
жасөспірім – тәрбиенің қолайлы объектісі болып табылады. Сонымен тұлғаның
құқықтық санасы мектептегі құқықтық білім беру мен тәрбиелеу жүйесі арқылы
қалыптасатындығына көзіміз жетеді.
Жалпы Қазақстан Республикасы үздіксіз білім берудің тәрбие
тұжырымдамасында жалпы білім беретін мектептердің І-ХІ сынып оқушыларына
арналған сыныптар бойынша құқықтық тәрбие жұмыстарының бағыттарына сәйкес
атқарылатын жұмыстың мазмұны берілген. Олар:
-қазақстандық патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеу;
-құқықтық және саяси мәдениетке тәрбиелеу;
-әскери-патриоттық тәрбие;
-кәсіби бағдарға тәрбиелеу.
Мақсаты: қоғамдық қатынастарға араласуға дайындығын және өз құқықтарын
қорғауын қамтамасыз ету қабілеттерін қалыптастыру.
Міндеттері:
-өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруға дайындығын, құқықтық
нормаларды жұзеге асыру барысында жауапты шешім қабылдау қабілетін
қалыптастыру;
-заң терминологиясы мен заңдық пайымдауларды дұрыс қолдану
қабілеттерін қалыптастыру;
- құқықтық білімді қолдану арқылы түрлі өмірлік жағдайларда іс-
әрекетін заңды тәсілдерін жобалау қабілеттерін қалыптастыру;
-өмір құбылыстарына, өзінің және басқа адамдардың іс-әрекетіне заңды
баға беру қабілетін қалыптастыру;
-арнайы заң білімін қажет етпейтін кейбір ресми қағаздарды (арыз,
сенімхат, еңбек келісім шарты,т.б) дұрыс толтыра білу қабілеттерін
қалыптастыру;
-түрлі жағдайларды сараптау және жауапты шешім қабылдау қабілеттерін
қалыптастыру;
-іскерлік қарым-қатынас жүйесі мен дағдыларын қалыптастыру.
Осы бағыттағы жұмыстың түрлері мен бағыттарын жетілдірген жағдайда,
оқушының құқықты білуге деген қызығушылығы оянары сөзсіз. Айта кететін бір
нәрсе, адамның құқықтық сауатының жоғары болуы оның құқықтық мәдениетіне
қатысты болатынын ұмытпағанымыз жөн. Ал құқықтық мәдениет дегеніміз-
қоғамның қазіргі даму кезеңінде құқықтық жетістіктерін айқындайтын
азаматтардың құқықтық білімінің мазмұны, сипаты, деңгейі мен дағдысы.
Құқықтық мәдениеттің көрсеткіштері:
-Танымдық сферада: құқықтық сауаттылық, құқықтық білім негізін игеру, ҚР
Ата Заңын білу, құқықтық реттеудің механизмдерін, даулы мәселелерді шешудің
заңды тәсілдерін білу.
-Мінез-құлық сферасында: субъективтік міндеттер мен өз құқығын сауатты
пайдалана алу, мектепте адам құқығын қорғауға бағытталған адамгершілік-
құқықтық іс-әрекеті, даулы мәселелерден шығудың дұрыс жолын таба білу.
-Мотивациялық сферада: құқықтық жүйені сыйлау, өз азаматтық құқығы мен
міндеттерін орындауына дайындық және ұмтылу, заңды жауапты шешім қабылдай
алу мүмкіндігі.

Жоғарыда айтылған әдістер мен тәсілдерді пайдаланудың қорытындысы
мынадай болуы керек: әлеметтік,оның ішінде құқықтық ақпаратты, осы заманғы
байланыс, ақпарат құралдарын пайдалану, қайнар көздерімен жұмыс істеу
тәжірибесін жинақтау; құқықтық ақпаратты сыни тұрғыдан түсіну; осы негізде
қоғамдық құбылыстар мен оқиғаларға өз қорытындыларын және баға беру
тұжырымдарын қалыптастыру; қарапайым құқықтық жағдайларды анықтайтын
танымдық шараларды өткізу, алған білімдерін нақты жағдайлардағы заңға
сәйкес мінез-құлық тәсілдері мен іс-әрекет ережелерін анықтауға пайдалану;
қазіргі қоғамның демократиялық құндылықтарына негізделген өмірлік
мақсаттарын қалыптастыру; өз бостандықтары, құқықтары мен міндеттерінің
шегіндегі өзіндік мінез-құлық қабілеттерін құру.
Құқықтық оқыту мен тәрбие беруге қажетті жағдайлар:

-Педагогикалық қызметкерлердің құзырлылығы;
-Нормативті-құқықтық қамтамасыз ету;
-Психологтың болуы;
-Әлеуметтік педагогтың болуы;
-Мектеп инспекторының болуы;
-Әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету;
-«Ерекше назардағы» оқушыларды анықтау;

Ұқсас жұмыстар
Сынып сағаты
Жылдық тәрбие жоспары 9 сынып
Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениет тәрбиесі
Адамгершілік тәрбие
Тәрбие бағыттары
Құқықтық сауаттылық – заман талабы жайлы
Адам құқығы
Сынып жетекшінің тәрбие жұмыс жоспары
Топ старостасы
Оқушылардың мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін тәрбиелеу
Пәндер