Файл қосу

Лексикалық мағына




1 ГЛОССАРИЙ

Агглютинация – қосымшалардың бірінен соң бірінің жалғануы
Адвербиалдану – сөздің үстеу тобына өтуі немесе үстеу қызметінде жұмсалуы
Адъективация – сөздің сын есімдер тобына  өтуі  немесе  сын  есімнің  орнына
жұмсалуы
Ассимляция – дауыссыз дыбыстардың өзара үндесуі мен бір-біріне ықпалы
Вокализм – тілдегі дауысты дыбыстар жүйесі.
Деривация – бастапқы тіл бірліктерінен басқа туынды  тіл  бірліктерін  жасау
процесі
Дыбыс – тілдік бірлік, тілдің мағыналы бөлшек-бірліктері.
Грамматика – тілдің грамматикалық құрылысы туралы ілім
Лексикология – тілдің лексикасы және оның тарихи  даму  заңдылықтары  туралы
ілім
Лексика – тілдегі барлық сөздердің жиынтығы
Лингвистика – тіл туралы ғылым
Морфология – тілдегі сөздің формаларын, өзгеруін, түрленуін зерттейтін  ілім

Морфема – сөз формасының ең қысқа мағыналы бөлшегі
Пунктуация – тілдегі тыныс белгілерін зерттейтін сала
Семиотика – таңбалар жүйесі
Семантика – мағына деген ұғымды білдіреді
Сема – морфеманың семантикалық жағының ең қысқа бөлігі
Семасиология – сөз мағынасын зерттейтін тіл білімінің саласы
Сингармонизм – сөз ішіндегі дауыстылардың бір-бірімен үндесуі
Синтаксис – сөз тіркестері, сөйлем құрылысы мен жүйесін зерттейтін сала
Фонема – тілдегі дыбыстық қатарды құрайтын бірлік.
Фонетика – тілдің дыбыстық қырын зерттейтін тіл білімінің бір саласы.
Фонетикалық заңдар – тілдің дыбыстық материясының дамуы мен  қызметі  туралы
заңдар.
Фонология (грек, дыбыс және ілім) тілдің  дыбыстық  қатарының  құрылысы  мен
қызметінде болатын заңдыдылықтарды зерттейтін тіл тіл білімінің бір саласы
Фразеология – тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін ілім
Этимология – жеке сөздердің шығу тегін, даму жайын зерттейтін ілім






                            ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚТАР
                                   1-сабақ
                     Тақырып:  Фонетика туралы түсінік.
 Сабақтың мазмұны:
1. Фонетика, орфография, орфоэпия.
2. Фонетиканың зерттеу нысаны туралы түсінік.
3. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі.
Сабақ мақсаты:
      Фонетика –  тілдің  дыбыстық  жағын  қарастыратын  тіл  білімінің  бір
саласы  екенін,  ол  тіл  білімінің  орфография  және  орфоэпия  салаларымен
байланысты, біірақ бөлек сала екенін  түсіндіру.  Фонетика  тілдің  дыбыстық
жүйесін сөйлеу әрекетінің элементі ретінде қарастыратынын таныту. Дыбыс  пен
фонема  туралы  алғашқы  түсінік  беру.  Қазақ  тілінің   дыбыстық   жүйесін
жұптастыру принципі арқылы таныту.  Алфавит,  әріп,  дыбыс  (тіл  дыбыстары)
туралы ұғымдарды тереңдету.

                              Теориялық бөлім:
            Фонетика – тілдің дыбыстық жағын қарастыратын тіл білімінің  бір
саласы.

     Орфография – а) біркелкі жазудың тархи  тұрғыдан  қалыптасқан  жүйесі,
басқаша айтсақ, дұрыс жазу туралы  қалыптасқан  ережелер  жүйесі;  б)  дұрыс
жазу ережелерінің жүйесін зерттейтін, сол жүйені жасайтын тіл білімінің  бір
саласы.

            Орфоэпия – а) белгілі бір  тілде  біркелкі  сөйлеуді  қамтамасыз
ететін сөйлеу нормаларының жиынтығы; б)  сөйлеу  нормаларын  зерттейтін  тіл
білімінің саласы

            Фонетика – тіл дыбыстарының жүйесін және сол жүйемен  байланысты
заңдылықтарды қарастырады. Фонетиканың  негізгі  бірліктеріне  дыбыс,  буын,
екпін және интонация жатады.
      Фонетика тіл  дыбыстарын  сөйлеу  әрекетінің  (адамның  физиологиялық-
психологиялық әрекетінің) элементтері ретінде  қарастырады.  Атап  айтқанда,
фонетика саласында  тіл дыбыстары  артикуляциялық  жағынан  (тіл  дыбыстарын
жасауға қандай дыбыстау мүшелері   қамтылады),  акустикалық  сипаты  жағынан
(дыбыстың  күші,   созылыңқылық   дәрежесі,   тембрі,   тоны,   т.б.)   және
перцептивтік  тұрғыдан   (сол   тілде   сөйлеушілердің   дыбысты   қабылдауы
тұрғысынан) қарастырылады. Тіл дыбыстарының  төртінші  қыры  –  таза  тілдік
қызметі – тіл  білімінің  фонология  саласында  қарастырылады.  Фонология  –
тілдің   дыбыстық   құрылысының    құрылымдық,    қызметтік    заңдылықтарын
қарастыратын тіл білімінің саласы. Фонологияның негізгі  бірлігі  –  фонема.
Фонема –  тілдегі  мағыналы  бөлшек  болып  табылатын  морфеманы  тану  және
ажырату үшін қызмет ететін, бірақ өзі мағынасыз бірлік.
      Тіл мен сөйлеу – бір-бірімен байланысты, бірақ  әр  басқа  құбылыстар.
Тіл – қоғамдық-әлеуметтік құбылыс. Ол адам санасының  дамуымен  бірге  пайда
болған, адамзат тарихымен бірге  дамып,  үнемі  жетіліп  отырған.  Сөйлеу  –
адамға  тән  физиологиялық-психологиялық  құбылыс.   Тіл   –   белгілі   бір
кеңістікте, белгілі бір уақытта  белгілі  бір  әлеуметтік  топ  пайдаланатын
таңбалар жүйесі. (таңбалар жүйесі туралы ғылым – семиотика деп аталады,  тіл
– сол семиотиканың ереше бір класы, түрі). Мұндай  қасиет  сөйлеу  әрекетіне
тән емес.  Тіл дегенде, тек адамзат тілі (дыбыстық тіл)  ұғынылады.  Адамнан
басқа жәндіктер мен хайуандар да дыбыс шығара алады, бірақ ол  тек  дыбыстау
ғана, сөйлеу емес. Сөйлеу үшін тіл керек. Адамнан басқа  тіршілік  иелерінде
сана, санамен байланысты тіл жоқ.  Ендеше,  тіл,  оның  бірліктері  (фонема,
морфема, сөз, сөйлем) – сөйлеу үшін қажетті материалдар.
      Дыбыс пен фонеманы ажырату үшін мысал келтірейік:  Қасық  деген  сөзде
бес фонема  бар,  сөйлеу  кезінде  ол  бесеуі  бес  дыбыс  ретінде  айтылып,
естіледі. Ал қасығы  дегенде  сөзге  дауысты  фонемадан  (дыбыстан)  тұратын
морфеманың қосылуымен байланысты дыбыстардың сөйлеу кезіндегі үндесу  заңына
байланысты соңғы қ дыбысы ғ дыбысына айналды. Бірін бірі алмастырған қ  –  ғ
жұбы екі басқа дыбыстар,  бірақ  бір  фонема  ғана,  дәлірек  айтқанда,  бір
фонеманың екі түрлі реңкі (аллафоны) ғана. Оған дәлел  –  қасық  –  қасығ(ы)
жұбындағы қ мен ғ бірін  бірі  алмастырғанмен,  басқа  морфема  жасаған  жоқ
(сөздің мағынасына өзгеріс әкелген жоқ). Сол сияқты барған –  келген   деген
сөздердегі қосымшадағы қ – ғ, а – е, (жуан) н – жіңішке (н) жұптары  да  бір
фонеманың әр басқа реңктері ғана.
      Сонымен, сөйлеу кезінде жасалатын  дыбыстардың  арғы  жағында,  тілде,
қандай  да  бір  фонема   жатады.   Фонетикада   дыбыстың   жасалу   жолдары
(артикуляциялық  ерекшеліктері)   мен   әртүрлі   қасиеттері   (акустикалық-
перцептивтік) сөз болады.

                             Практикалық бөлім:
   Сұрақтар мен тапсырмалар:
   І. Қазақ тілінің дыбыс жүйесін  дұрыс  игеру  үшін  төмендегі  сұрақтарға
жауап тауып жаз:
   1. Алфавит деген не?

   2. Қазақ алфавитіндегі әріптер саны қанша?

   3. Қазақ алфавитін жазып шық.

   4. Әріп деген не? Әріп тіл білімінің қай саласының негізгі бірлігі?

   5. Дыбыс дегеніміз не? Дыбыс тіл білімінің қай саласының негізгі бірлігі?

   6. Қазақ тіліндегі дыбыстар саны қанша? Оны  дәлелде.  Қандай  дыбыстарды
      тіл дыбыстары дейміз?

   7. Қандай дыбыстарды дауысты дыбыстар  дейміз?  Қазақ  тіліндегі  дауысты
      дыбыстардың саны қанша?

   8. Қандай дыбыстарды дауыссыз дыбыстар дейміз? Қазақ  тіліндегі  дауыссыз
      дыбыстардың саны қанша?

   9. Дыбыс – физикалық құбылыс. Мұны қалай түсіндіресің?

  10.  Дауысты дыбыстардың жүйесі туралы не білесің?

  11.  Дауыссыз дыбыстар жүйесі туралы не білесің?

  12.  Дауысты және  дауыссыз  дыбыстарды  жүйелеудегі  жұптастыру  принципі
      туралы не білесің?

   ІІ. Сөйлемдегі сөздердің дыбыстарына жұптастыру принципі  бойынша  талдау
   жаса:
   Қасен үзілген әңгімесін қайта жалғастырды.
Талдау үлгісі:
Қ – 1. Дауыссыз дыбыс; 2. Қатаң (ұяң жұбы – ғ); 3. Жасалу орны –  тіл  арты,
көмекей; 4. Жасалу қалпы – шұғыл.
А – 1. Дауысты; 2. Жуан (жіңішкесі – е); 3. Ашық (қысаңы  –  ы);  4.  Езулік
(еріндік жұбы – о).
С - ... ....
Е - ... ....
Н - ... ..





















                                   2-сабақ
                  Тақырып: Қазақ тіліндегі үндестік заңдары
Сабақтың мазмұны:
1. Буын, оның түрлері. Буынның тасымалға қатысы.
2. Үндестік заңы. Буын үндестігі, оның түрлері.  Буын  үндестігінің  дауысты
дыбыстар жүйесімен байланысы. Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар.
3. Дыбыс үндестігі,  оның  түрлері.  Дыбыс  үндестігінің  дауыссыз  дыбыстар
жүйесімен байланысы. Дыбыс үндестігіне бағынбайтын қосымшалар.
4. Екпін, оның түрлері. Дауыс ырғағы (интонация)

Сабақ мақсаты:
       Буын,  оның  түрлері,  буын  үндестігі  мен  дыбыс  үндестігі,  екпін
тақырыптары   бойынша   мектеп   бағдарламасында   қамтылған   материалдарды
қайталап, жүйелеу.

Теориялық бөлім:
   1. Буын – сөздің дауысты дыбыстар арқылы  жіктелетін  мағынасыз  бөлшегі.
      Сөзде  қанша дауысты дыбыс болса, оны сонша  буынға  жіктеуге  болады.
      Сөзді дұрыс буындаудың маңызы зор. Сөз дұрыс буындалған жағдайда  ғана
      оны тасымалдай аламыз.  Буындау  –  сөйлеудің,  орфоэпияның  элементі,
      тасымал  –  лрфографияның  элементі.  Сөзді   буынға   бөлуде   сөйлеу
      дағдыларына, орфоэпиялық  нормаларға  бағынамыз.  Тасымал  жасау  үшін
      офографиялық заңдарға бағынамыз.

    Қазақ тіліндегі буындар  дыбыстық  құрамына  қарай  бір  дыбыстан,  екі
дыбыстан, үш дыбыстан  және  төрт  дыбыстан  тұрады.  Бес  немесе  одан  көп
дыбыстан тұратын буын болмайды. Қазақ тіліндегі буындар үш түрге бөлінеді:

    1) Ашық буын – а) жеке дауысты  дыбыстан  тұратын  немесе  ә)  дауыссыз
       дыбыс пен дауысты дыбыстың тіркесінен тұратын буындар. Мысалы, ә-ке,
       а-та, а-па, т.б.

    2) Тұйық буын – а) дауысты-дауыссыз дыбыстар тіркесінен және ә) дауысты-
       дауыссыз-дауыссыз дыбыстар тіркесінен тұратын буындар.  Мысалы,  от,
       ет, арт, ерт, т.б.

    3) Бітеу буын – а) дауыссыз-дауысты-дауыссыз дыбыстар  тіркесінен  және
       ә) дауыссыз-дауысты-дауыссыз-дауыссыз  дыбыстар  тіркесінен  тұратын
       буындар. Мысалы,  тақ-тай, бұлт, қыр-ман, гүрс, т.б..

    Қазақ тілінде жеке дауыстыдан тұратын (ашық буынның бірінші түрі)  және
дауыстыдан басталатын  (тұйық  буындар)  буын  түрлері  сөздің  тек  бірінші
буынында ғана  кездеседі,  екінші  және  одан  кейінгі  буындарда  болмайды.
Біріншіден кейінгі  буындар  дауыссыздан  ғана  басталады.  Сондай-ақ  қазақ
сөзінің буынының бас жағында (орыс  тіліндегі  класс,  брак,  т.б.с.с.)  екі
дауыссыз дыбыс қатар келмейді.

   2. Тілдегі фонетикалық  бірліктердің  (дыбыстар  мен  буындардың)  сөйлеу
      барысында біркелкі үйлесімге  келіп  айтылуын  үндестік  заңы  дейміз.
      Қазақ тілінде үндестік заңының екі түрі кездеседі: буын үндестігі және
      дыбыс үндестігі.

    Буын үндестігі (сингармонизм) – сөздегі  буындардың  біркелкі  айтылуы.
Буын  үндестігін  сөздегі  дауысты  дыбыстардың  үндестігі  деп  те  қарауға
болады. Өйткені буын – сөздегі тек дауыстылардың қатысуы  арқылы  жіктелетін
бөлшек. Қазақ тілінде буын үндестігінің екі түрі  бар:  тіл  үндестігі  және
ерін үндестігі.  Тіл үндестігі – сөздегі  дауысты  дыбыстардың,  сол  арқылы
буындардың не біркелкі жуан, не біркелкі жіңішке болып үйлесімге келуі.  Бұл
құбылыстың тіл үндестігі болатын  себебі  –  дауыстылар  жуан-жіңішке  болып
тілдің қалпына қарай бөлінеді.  Ерін үндестігі  –  сөздің  алғашқы  буынында
келген еріндік дауыстының өзінен кейінгілерге  (езулік  дауыстыларға)  ықпал
етіп, сөйлеу кезінде оларды еріндікке  айналдыру  құбылысы.   Мысалы,  үйдің
шатыры орфоэпиялық норма бойынша үйдүң шатыры түрінде  айтылады.  Үй  сөзіне
қосылған қосымшаның дауыстысы  осы  сөздің  құрамындағы  дауыстының  жіңішке
болуына қарай онымен жіңішке болып  үйлескен  (бұл  –  тіл  үндестігі)  және
сөздің құрамындағы дауысты  еріндік  болғандықтан,  қосымшадағы  дауысты  да
еріндік дауысты түрінде айтылған  «бұл  –ерін  үндестігі).  Қазақ  тіліндегі
ерін үндестігі әлсіз дамыған. Сондықтан олар  екінші-үшінші  буындардан  әрі
аспайды. Қазақ тілінің қосымшаларында еріндік дауыстылар болмайды.

    Қазақ тіліндегі буын үндестігі (оның ішінде тіл  үндестігі)   үш  түрлі
жағдайда сақталмауы мүмкін:

    1) Жазба тіл арқылы енген кірме  сөздерде.  Мысалы,  декан,  факультет,
       беймаза, кіріптар, қасиет, кітап, т.б.

    2)  Түбірінде  әрқилы  (жуан-жіңішке)  дауыстылар  кездесетін  біріккен
       сөздерде:  шекара, Ботакөз, Айгүл, т.б.

    3) Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар қосылғанда: баланікі, отпен,
       арбакеш. әзілқой, жемқор, емхана,т.б..

   3. Дыбыс үндестігі – сөйлеу  барысында  сөз  бен  сөздің  жігіндегі  (сөз
      арасындағы), түбір мен қосымшаның  жігіндегі  (сөз  ішіндегі)  іргелес
      келген екі дыбыстың бір-біріне   әсер  етіп,  өзіне  ұқсату  құбылысы.
      Дыбыс үндестігі заңы бойынша түбір мен  қосымшаның  жігінде  және  бір
      деммен  айтылатын  екі  сөздің  жігінде  табиғаты  әр  басқа  дыбыстар
      (мысалығ дауысты мен қатаң дауыссыз) қатар орналаса алмайды.  Орналаса
      қалса,  бірі  екіншісін  өзгертіп,  өзіне  ұқсатады  (табиғаты   алшақ
      дыбыстың орнына  біршама жақын дыбысты қабылдайды).  Мысалы, ақ  ешкі,
      балалар, барған, жұлдызша, т.б..

    Дыбыс үндестігінің үш  түрі  бар:  ілгерінді  ықпал  –  іргелес  келген
алдыңғы  дыбыстың  соңғыға  әсер  етуі.  Мысалы,  келген,   қойлар,   әркім,
әлдеқалай,т.б. Кейінді ықпал – іргелес келген соңғы дыбыстың  алдыңғыа  әсер
етуі. Мысалы, он бес, айтып бер, жазығы, добым, теуіп, т.б. Тоғыспалы  ықпал
– іргелес екі дыбыста ілгерінді және кейінді ықпалдарыдң  қатар  орын  алуы.
Мысалы, Есжан, түнгі, Асан қайғы, т.б.

    Ілгерінді ықпал заңы бойынша сөздің соңғы дыбысы  өз  табиғатына  қарай
жалғанатын  қосымшалар  да  дауыссыз  дыбыстан  басталатын  болса,   үндіден
басталатын нұсқаны, ұяңнан басталатын нұсқаны,  немесе  қатаңнан  басталатын
нұсқаны  таңдап  алады.  Кейбір  қосымшаларда  үндіден,  ұяңнан   басталатын
нұсқалар  болмаса,   мұндай   қосымшалар   дыбыс   үндестігіне   бағынбайтын
қосымшалар деп танылады. Мысалы, сәнқой, баласы, келсін, т.б.

   4. Қазақ тіл білімінде екпіннің екі түрі көрсетіліп жүр: сөз екпіні  және
      ой екпіні. Екпін дегеніміз сөйлеу барысында сөздің бір буынының немесе
      сөйлемнің бір сөзінің өзгелермен салыстырғанда көтеріңкі айтылуы.  Сөз
      екпіні сөздегі бір буынға түседі. Қазақ тіліндегі екпін жылжымалы  деп
      есептеледі. Тілімізде екпін түспейтін  қосымшалар  да  кезедеседі.  Ой
      екпіні сөйлемдегі бір сөзге түседі. Ол сөз  сөйлемде  үнемі  баяндауыш
      мүшенің алдынан орналасады.


                             Практикалық бөлім.
   І        Семинар сұрақтары мен тапсырмалары:
1. Буын дегеніміз не?  Оның неше түрі бар? Әрқайсысына мысал келтір.
Буынның тасымалға қандай қатысы бар?
2. Қандай үндестік түрін буын үндестігі дейміз? Буын үндестігінің неше  түрі
болады? Буын  үндестігі  сақталмайтын  орындарды  ата.  Мысал  келтір.  Буын
үндестігінің  сақталмау  себебін  түсіндір.  Буын  үндестігіне   бағынбайтын
қосымшаларға мысалдар келтір.
3.  Қандай  үндестік  түрін  дыбыс  үндестігі  дейміз?  Дыбыс   үндестігінің
түрлерін  атап,  мысалдар  келтір.  Дыбыс  үндестігінің  дауыссыз   дыбыстар
жүйесімен қандай байланысы бар?. Дыбыс үндестігіне бағынбайтын  қосымшаларға
мысал келтір.


                           ІІ Жаттығу тапсырмалары
1-жаттығу. Сөздерді буындап  жаз.  Әр  буынның  үстіне  қандай  буын  түріне
жататынын көрсет.
   1) Дауысты дыбыстар  тілдің  қатысына  қарай  жуан  және  жіңішке  болып
      жіктеледі. Жақтың қатысына қарай ашық және қысаң болып бөлінеді.
   2) Тауық, қайық, жайын, қойын, ойын, сауық, ойық, жауын.
   3) Аю, ою, қою, бояу, сояу, таяу, таяқ.
   4) Сиыр, тиын,  жуық, уық, суық, қиын, иық.
   5) Жұмыртқа, құмырсқа, сіріңке, сыпыртқы.
   6) Қазақстан, Өзбекстан, Дағыстан, Түркіменстан.

2-жаттығу. 1)  Сөйлемдегі  сөздерден  буын  үндестігі  орын  алған  тұстарды
көрсет. Буын үндестігі сақталмаған  жерлерді  тауып,  себебін  түсіндір.  2)
Сөйлемдегі сөздер арасынан, түбір мен  қосымшаның  жігінен  дыбыс  үндестігі
орын алған жерлерді тауып, дыбыс үндестігінің қай түріне  жататынын  көрсет.
Дыбыс үндестігі сақталмаған жерлерді тауып, оның себебін түсіндір.
            Абай Дәркембай шалдың да  келісін  қатер  көріп  еді...  Түнеугі
Қорықта Оспан айтқан жат хабардан соң, Абай Базаралыны дұрыстап көрген  жоқ-
ты. Тек Ералыда, Ояз үйінде, ашу-жалын арасында  бір  ғана  сәт  көзі  шалып
қалғаны бар... Абай Дәркембайдың құшағынан шығысымен, өзге екеуді енді  ғана
таныды... Үйге шам келумен бірге Бамағамбет те кірді...Үркімбайды ала  алмай
көрген қарсылықты тегіс айтып Манастар келгелі, Құнанбай ауылынан  жан-жаққа
қарай үсті-үстіне шапқыншылар ұшыртып кетіп жатыр... Абайдың  еркіне  салса,
асықпай жол жорғамен жүрер еді.

















                                3-4 сабақтар
       Тақырып: Сөйлеу мәдениеті. Сөз сазы, яғни дұрыс айту (дыбыстау)
                 заңдылықтары. Тілдік норма жайында түсінік.
 Сабақтың мазмұны:
1. Сөзді дұрыс айту заңдылықтары
2. Тілдік норма жайында түсінік.

Сабақ мақсаты:
      Студенттерді сөйлеу кезінде сөздерді дұрыс  айтуға  үйрету.  Сөздерді
дұрыс  айту  дегеніміз  тілдің  табиғи  дыбыс  заңдылықтарын  сақтау   болып
табылатындығын түсіндіру.
    Тілдік  норма  орфографиялық  нормалар  мен   орфоэпиялық   нормалардан
тұратыны, тілдік нормаларды игеру  дегеніміз,  алдымен,  орфографиялық  және
орфоэпиялық нормаларды игеру  болып  табылатыны.  Мәтінмен  жұмыс  жэүргізу.
Мәтін орфоэпиялық нормаларға  сәйкес  оқылады.  Қажет  жағдайда  фонетикалық
транскрипция қолданылады.

                              Практикалық бөлім
Сұрақтар мен тапсырмалар:
      І. Мәтінмен жұмыс. «Абай жолы» романынан үзінділер оқыту.  Үзінділерді
оқыту барысында сөздердің дұрыс айтылуын  қадағалау,  мәтіннен  айтылуы  мен
жазылуында айырмашылық бар сөздерді табу.












































                                5-6 сабақтар
Тақырып: Лексика. Сөз және мағына. Сөздің көп мағыналылығы және омоним.
Синоним. Антоним. Тұрақты тіркестер. Мақал мен  мәтелдер, афоризмдер.
Сабақтың мазмұны:
1. Сөз және оның мағыналары. Лексикалық мағына. Сөздің тура және ауыспалы
лексикалық мағынасы. Сөз мағынасын ауыстырып қоолдану тәсілдері: метафора,
метонимия, синекдоха.
2. Сөздің көп  мағыналылығы  (полисемия)  және  омоним.  Омоним  сөздер  мен
көпмағыналы сөздердің белгілері, айырмашылықтары.
3. Синоним. Синонимдік  қатар.  Олардың  қолданылу  ерекшеліктері:  бірыңғай
мүше түрінде, қос сөз құрамында қолданылуы.
4. Антоним сөздер.
5. Тұрақты тіркестер. Олардың түрлері. Идиома мен фраза.
6.  Мақал-мәтелдер,  афоризмдер.  Олардың  бір-бірінен  айырмашылықтары  мен
ұқсастықтары.

Сабақ мақсаты:
             Сөздің  лексикалық  мағынасы  туралы   түсінік   беру.   Сөздің
лексикалық мағынасын ауыстыру тәсілдерін  түсіндіру.    Мектеп  қабырғасында
лексикология саласынан  өткен  материалдарды  қайталап,  жинақтап,  жүйелеу.
Мәтінмен және сөздіктермен жұмыс істеу.

                             Практикалық бөлім.
   І        Семинар сұрақтары мен тапсырмалары:
1. Сөз және оның мағыналары. Лексикалық мағына. Сөздің тура және ауыспалы
лексикалық мағынасы. Сөз мағынасын ауыстырып қоолдану тәсілдері: метафора,
метонимия, синекдоха. Мысалдар келтіріп, түсінік бер.
2. Сөздің көп  мағыналылығы  (полисемия)  және  омоним.  Омоним  сөздер  мен
көпмағыналы сөздердің  белгілері,  айырмашылықтары.  Түсінік  бер,  мысалдар
келтір.
3. Синоним. Синонимдік  қатар.  Олардың  қолданылу  ерекшеліктері:  бірыңғай
мүше түрінде, қос сөз құрамында қолданылуы. Мысал келтір.
4. Антоним сөздер. Мысал келтір.
5. Тұрақты тіркестер. Олардың түрлері. Идиома мен фраза. Мысалдар келтір.
6.  Мақал-мәтелдер,  афоризмдер.  Олардың  бір-бірінен  айырмашылықтары  мен
ұқсастықтары. Түсінік бер. Мысалдар келтір.











                                7-8 сабақтар
Тақырып: Лексика. Кірме сөздер. Неологизмдер мен көнерген сөздер. Табу.
Эвфемизм, дисфемизм. Диалект. Терминдер. Кәсіби сөздер. Жаргондар мен
варваризмдер
Сабақтың мазмұны:
   1. Кірме сөздер.
   2. Неологизмдер.
   3. Көнерген сөздер: тарихи сөздер (историзмдер) мен архаизмдер.
   4. Табу. Эвфемизм, дисфемизм.
   5. Диалект сөздер.
   6. Термин сөздер.
   7. Кәсіби сөздер.
   8. Жаргон сөздер мен варваризмдер.

Сабақ мақсаты:
            Мектеп қабырғасында лексикология саласынан  өткен  материалдарды
қайталап, жинақтап, жүйелеу. Мәтінмен және сөздіктермен жұмыс істеу.

                             Практикалық бөлім.
   І        Семинар сұрақтары мен тапсырмалары:
   1. Кірме сөздер. Монғол тілінен, араб тілінен, парсы тілінен, орыс
      тілінен, орыс тілі арқылы еуропа тілдерінен енген сөздерге мысалдар
      келтір.
   2. Неологизмдер. Мысалдар келтір.
   3. Көнерген сөздер: тарихи сөздер (историзмдер) мен архаизмдер.  Мысалдар
      келтір
   4. Табу. Эвфемизм, дисфемизм. Мысалдар келтір.
   5. Диалект сөздер. Мысалдар келтір.
   6. Термин сөздер. Мысалдар келтір.
   7. Кәсіби сөздер. Мысалдар келтір.
   8. Жаргон сөздер. Мысалдар келтір.









                                   9-сабақ
                      Тақырып: Морфология. Сөз құрамы.
Сабақ мазмұны:
   1. Морфологияның зерттеу объектісі
   2. Морфема туралы түсінік. Түбір және  қосымша  морфемалар.  Жалғау  және
      жұрнақ.
   3. Жалғау және оның түрлері.

   4. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші жұрнақтар.

Сабақтың мақсаты:
      Морфологияның зерттеу объектісі туралы түсінік  беру.  Морфема  туралы
түсінік беру. Түбір морфема және қосымша морфема, жалғау және жұрнақ  туралы
мектеп қабырғасында алынған білімді қайталап, жүйелеу.

                               Теориялық бөлім
      Морфология – сөздің құрамы мен құрылысын, сөз тұлғаларын, сөз  таптары
мен  олардың  түрлену  жүйесін  қарастыратын  тіл  білімінің   бір   саласы,
грамматиканың бір бөлімі.
      Сөз сөйлемге енгенде әр түрлі құрамда қолданыла береді. Мысалы,  Менің
анам – дәрігер деген сөйлемдегі бірінші сөз  екі  мағыналы  бөлшекке:  ме(н)
есімдігі  мен  –нің  ілік  септігінің  жалғауына;  екінші  сөз  үш  мағыналы
бөлшекке:  ана  зат  есімі,  -м  тәуелдік  жалғау  және  0  атау  септігінің
жалғауына; үшінші сөз   де үш мағыналы бөлшекке: дәрі  зат  есім,  -гер  зат
есімнен  зат  есім  тудырушы  жұрнақ  және  0  үшінші  жақ  жіктік  жалғауға
бөлшектенеді.
      Сөздің құрамындағы қандай  да  бір  дербес  мағынасы  бар,  одан   әрі
мағыналы бөліктерге бөлуге келмейтін тілдік бірліктер  морфема  деп  атайды.
Морфемалардың жүйесі  мен  қызметтерін  қарастыратын  тіл  білімінің  саласы
морфемика деп аталады. Морфология мен морфемика  –  бір-бірімен  байланысты,
бірақ зерттеу объектілері, қарастыратын мәселелері әр басқа салалар.
      Морфемалар өзге морфемаларды қадылдау қабілетіне қарай екіге  бөлеміз:
түбір және қосымша морфемалар. Түбір  морфема  –  сөздің  ең  түпкі  бөлігі.
Түбір морфема қосымша морфемаларды қабылдауға қабілетті. Қосымша  морфема  –
түбір  морфемасыз  өмір  сүре  алмайтын,  тек  түбір  морфемаларға   қосылып
қолданылатын морфемалар.
      Түбір морфемалар қандай мағынаға ие екендігіне қарай  екіге  бөлінеді:
негізгі түбір морфема, көмекші түбір  морфема.  Негізгі  түбір  морфемаларға
әрі лексикалық, әрі грамматикалық  мағынасы  бар  түбір  морфемалар  жатады.
Көмекші түбір морфемаға лексикалық мағынасы жоқ, тек грамматикалық  мағынасы
бар түбір морфемалар жатады. Бұл қатардағы көмекші түбір морфемалар  көмекші
сөздер деп те аталып жүр. Тіліміздегі кейбір негізгі түбір морфемалар  кейде
уақытша көмекшілік  қызметке  ауысуы  да  мүмкін.  Мысалы,  Кітапты  сөмкеге
салды.   Ойындағысын айта салды.
        Қосымша   морфеманың   бәрі   тек   грамматикалық   мағыналары   бар
болғандықтан,  көмекші  морфемалар  қатарына  жатады.  Қосымша  морфемаларды
қызметтеріне қарай жалғау және жұрнақ деп бөлу қалыптасқан.
      Жалғау – өзі жалғанған сөзге өзіндегі грамматикалық мағынаны  үстейтін
(жамайтын), яғни, сөзді түрлендіретін, сонымен  қатар  осы  мағынасы  арқылы
өзі жалғанған сөзді сөйлемдегі басқа сөзбен байланыстыратын қосымша.
       Жұрнақ  –  өзі  жалғанған  сөзге  өзіндегі   грамматикалық   мағынаны
үстейтін,   сол  мағынасы  арқылы  кейде  жаңа  сөз  жасайтын,  кейде  сөзді
түрлендіретін қосымша.
      Қазақ тілінде жалғаудың төрт түрі бар  деп  саналады:  көптік  жалғау,
тәуелдік жалғау, септік жалғау және жіктік жалғау. Бұлардың алғашқы үшеуі  –
зат есімді  түрлендірушілер.  Өйткені  олар  зат  есімдерге  және  заттанған
сөздерге ғана жалғанады. Жіктік жалғау –  баяндауыш  қызметіндегі  сөздердің
(қай сөз табына жататыны маңызды емес) қосымшасы.
      Көптік жалғау – өзі  жалғанған  сөзге  заттың  санының  көп  екендігін
білдіретін мағына жамайтын қосымша.
      Тәуелдік жалғау – өзі жалғанған сөзге зат үш жақтың  біріне  оңаша  не
ортақ тәуелді, қатысты екенін білдіретін мағына жамайтын қосымша.
      Септік жалғаулары – бір заттың басқа бір  затқа,   қимылға,  жай-күйге
әр алуан қатыстылығын білдіретін қосымшалар жүйесі.
      Атау септік – зат қимылдың, жай-күйдің иесі екенін білдіретін  септік.
Атау септігін тұлғаланған  сөз  сөйлемде  атау  септігінің  мағынасы  арқылы
қимылдың,  жай-күйдің  иесін  білдіріп,  бастауыш  қызметін  атқарады   және
баяндауыш қызметіндегі сөзбен байланысады.
      Ілік септік – зат басқа заттың иесі  екенін  білдіретін  септік.  Ілік
септігін тұлғаланған сөз сөйлемде ілік септігінің мағынасы арқылы зат  басқа
заттың иесі екенін  білдіріп,  анықтауыш  қызметін  атқарады  және  тәуелдік
жалғаулы зат есіммен байланысады.
      Барыс септігі – зат қимылдың, жай-күйдің адресат-объектісі,  немесе  –
зат қимылдың, жай-күйдің адресат-мекені, – зат қимылдың, жай-күйдің  мақсаты
екенін білдіретін септік. Барыс септігіндегі сөз  осы  мағыналардың  қайсысы
сөзге үстелгеніне  қарай  кейде  толықтауыш,  кейде  пысықтауыш  қызметтерін
атқарады.
      Табыс септік – зат қимылдың тура объектісі екенін  білдіретін  септік.
Табыс септігіндегі сөз тура толықтауыш қызметін атқарады.
      Жатыс септік  – зат қимылдың, жай-күйдің адрес-объектісі,  немесе  зат
қимылдың, жай-күйдің адрес-мекені екенін білдіретін  септік.  Жатыс  септігі
де осы мағыналардаң  қайсысы  сөзге  үстелгеніне  қарай  не  толықтауыш,  не
пысықтауыш қызметін атқарады.
      Шығыс септік – зат  қимылдың,  жай-күйдің  адресант-объектісі  екенін,
немесе  зат қимылдың, жай-күйдің адресант-мекені екенін  білдіретін  септік.
Соған орай жатыс септігіндегі сөз  де  кейде  толықтауыш,  кейде  пысықтауыш
қызметінде тұрады.
      Көмектес септік  – зат қимылдың,  жай-күйдің  құрал-объектісі  екенін,
немесе –  зат  қимылдың,  жай-күйдің  жасалу  тәсілі  екенін,  кейде  –  зат
қимылдың, жай-күйдің қосалқы  субъектісі  екенін  білдіретін  септік.  Соған
орай  көмектес  септігіндегі  сөз  де  кейде  толықтауыш,  кейде  пысықтауыш
болады.
       Септік  жалғауларының  мағыналары  заттық  мағыналар  және   көлемдік
мағыналар болып жіктеледі.  Сонымен қатар септік  жалғауларының  мағыналарын
сөйлем мүшелеріне телуге болады. Кестеге қара:

|Септіктер  |Заттық мағына    |             |Көлемдік мағына   |             |
|А          |Кім? Не?         |Бастауыш     |                  |             |
|І          |Кімнің? Ненің?   |Анықтауыш    |                  |             |
|Б          |Кімге? Неге?     |             |Қайда? Не үшін?   |             |
|           |                 |Толықтауыш   |                  |Пысықтауыш   |
|Т          |Кімді? Нені?     |             |                  |             |
|Ж          |Кімде? Неде?     |             |Қайда?            |             |
|Ш          |Кімнен? Неден?   |             |Қайдан?           |             |
|К          |Кіммен? Немен?   |             |Қалай?            |             |

      Жіктік жалғау  –  баяндауыш  қызметіндегі  сөзге  жақтық  және  сандық
(жекеше, көпше) мағына жамайтын қосымша.


      Жұрнақтар қызметіне қарай екіге бөлінеді: сөз тудырушы жұрнақтар,  сөз
түрлендіруші жұрнақтар.
      Сөз тудырушы жұрнақтар – негізгі түбір сөздің,  немесе  туынды  сөздің
лексикалық мағынасын өзгертіп, одан басқа  лексикалық  мағынадағы  жаңа  сөз
жасайтын қосымшалар.
      Сөз түрлендіруші жұрнақтар – сөздің лексикалық мағынасын өзгертпейтін,
 тек өз бойындағы грамматикалық мағынаны үстейтін қосымшалар.


                              Практикалық бөлім
      І семинар сұрақтары:
   1. Морфология нені қарастырады?
   2. Морфема деп нені атайды?
   3.  Морфемалардың  жүйесі  мен  қызметтерін  қарастыратын  тіл  білімінің
      саласы қалай аталады?
   4. Түбір морфема дегеніміз қандай морфема?
   5. Қандай морфемалар қосымша морфема деп аталады?
   6.  Негізгі түбір морфемаларға қандай морфемалар жатады?
   7. Қандай морфемалар көмекші түбір морфема қатарына жатады?
   8. Қосымша морфемалар неліктен көмекші морфема қатарына жатады?
   9. Жалғау дегеніміз не?
  10.  Жұрнақ дегеніміз не?
  11.  Зат есімге тән жалғауларды жалғану тәртібімен ата.
  12.  Жіктік жалғау дегеніміз қагндай жалғау?
  13.  Қандай жалғауды көптік жалғау дейміз?
  14.  Қандай жалғауды тәуелдік жалғау дейміз?
  15.  Қандай жалғауларды септік  жалғаулары дейміз?
  16.  Қандай септікті атау септік дейміз?
  17.  Қандай септікті ілік септік дейміз?
  18.  Қандай септікті барыс септік дейміз?
  19.  Қандай септікті табыс септік дейміз?
  20.  Қандай септікті жатыс септік дейміз?
  21.  Қандай септікті шығыс септік дейміз?
  22.  Қандай септікті көмектес септік дейміз септік дейміз?
  23.  Септік жалғауларының мағыналары қалай бөлінеді?
  24.  Қандай жұрнақтар сөз тудырушы жұрнақтар деп аталады?
  25.  Қандай жұрнақтар сөз түрлендіруші жұрнақтар деп аталады?


       ІІ. Жаттығу тапсырмалары.
3-жаттығу. Сөйлемдегі сөздерді құрамына қарай (морфемдік) талдау жаса.
   1) Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт  барын  салды.  2)
      Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. 3) Бұны  қаладан  алып
      қайтқалы барған ағайыны  Байтасты  да  таң  атар-атпастан  өзі  оятып
      тұрғызып еді.
      4) Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған.
5) Кей-кейде өзіне таныс Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ  сияқты  қоныс-
құдықтардың тұс-тұсына келгенде  бала  оқшау  шығып,  астындағы  жарау  құла
бестісін ағызып-ағызып та алады.
      6) ... Жолдың бұл тұстары ылғи белес-белес болатын. 7) Осы  қазіргідей
боп жұрт Шыңғысқа,  жайлауға  қарай  көшкенде  елсіз  боп  қалатын  жер.  8)
Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. Тақ иек  артпадан,  өкпе  тұстан
жүргіншіге  жауды  қоян-қолтық,  құшақтастыра  түсетін  ұры   сай,   жасырын
жыралары да бар.
      9) ... Байтастың мінгені Құнанбайдың қара жал бурыл аты, бәмелі  бәйге
аттың бірі еді. 10) ... Қуғыншы ойлағандай-ақ шоқпарды жөндеп суыртпады.




                                  10-сабақ
                   Тақырып:  Сөз тұлғасы. Сөздің құрылысы.
 Сабақтың мазмұны:
   1. Сөз тұлғасы туралы түсінік.
   2. Негізгі түбір сөз.
   3. Туынды сөз.
   4. Біріккен сөз.
   5. Қос сөз.
   6. Тіркесті сөздер, олардың түрлері.
   7. Дара және күрделі сөздер.
Сабақ мақсаты:
      Сөздің тұлғалық, құрылымдық  ерекшеліктері  туралы  білімді  жүйелеу.
Морфологиялық кешенді-сатылай талдаудың үлгісімен таныстыру.

                              Теориялық бөлім:
      Сөз тұлғасы деген термин грамматикалық оқулықтарда екі түрлі  жағдайда
қолданылып жүр. Біріншіден, бұл термин  лексикалық мағынасы  арқылы  белгілі
бір сөз табының қатарына жататын лексика-грамматикалық  бірліктердің  сыртқы
тұрпатына   байланысты   пайдаланылса,   екіншіден,   аналитикалық    немесе
синтетикалық тәсіл арқылы түрленген сөз нұсқаларына қатысты да қолданылады.
      Әдетте, белгілі  бір  сөз  табына  жататын  сөздердің  тұлғасы  туралы
оқулықтарда «сөз тұлғасына қарай беске бөлінеді,   олар:  1)  негізгі  түбір
сөз немесе жай ғана түбір сөз;  2)  туынды  түбір  сөз  немесе  туынды  сөз;
3) біріккен  (түбір)  сөз;     4)  қос  сөз;     5)  қысқарған  сөз»   деген
анықтамалар  беріліп  жүр.  Бұл  жіктеу  сөздің  (бір   ұғымды   білдіретін,
лексикалық мағынасы бар грамматикалық  бірліктің)  морфемдік  құрамына  және
сөздердің  жасалу тәсілі мен жолдарына, сонымен қатар сол  сөздердің  жазылу
ерекшеліктеріне, яғни, сыртқы  тұрпат-келбетіне  негізделгендігі  байқалады.
Бірақ жеке лексикалық мағынаға ие болып тұрса да,  тіркесті  күрделі  сөздер
мен фразеологиялық тіркестер көрсетілген  бес  қатардың  ешқайсысына  кірмей
қалады.
      Сондықтан сөзді  тұлғасына  қарай  бөлгенде:  1)  негізгі  түбір  сөз;
2) туынды сөз;      3) біріккен (түбір) сөз;        4)  қос  сөз  және    5)
тіркесті сөз деп беске бөлуді ұсынамыз. Мұндағы тіркесті сөз ұғымы  он  бес,
көк ала, барып қайт сияқты  екі  немесе  одан  да  көп  түбірдің  тіркесінен
жасалған  күрделі,  сөзді  құраушы  сыңарлары  бір-бірінен  бөлек  жазылатын
құрылымдарды да,   фразеологиялық  тіркестерді  де,  қысқарған  сөздерді  де
қамтиды.
      Сөз сөйлемге лексикалық мағынасы арқылы қандай да бір  ұғымды  білдіру
үшін қатысады. Жалаң немесе  күрделі  ұғымдардың  атауы  болатын  лексикалық
бірліктер морфемдік құрамы, жасалу тәсілі мен  жолдары,  қалыптасқан  жазылу
сипаты жағынан әрқилы. Бірі жалаң түбір арқылы  бір  ұғымды  білдірсе,  енді
бірі түбір мен сөз тудырушы қосымшадан тұрып, жаңа ұғым атауы  болады.  Енді
бір ұғымдар кемінде екі түбірдің қатысуы арқылы  беріледі.  Олардың  жазылуы
да біркелкі емес: біреулері біріктіріліп жазылса, келесілерін  дефис  арқылы
жазу заңдастырылған,  сондай-ақ кейбір  бірнеше  сөздің  тізбегінен  тұратын
атаулар  ықшамдалып (қысқартылып) та жазылады,  енді  бір  сөздер  бір  ғана
лексикалық мағынаны білдіргеніне қарамастан бөлек те жазылады.
      Сонымен, сөз тұлғасы деген терминді морфемдік құрамы  әрқилы,   жасалу
жолы, жазылуы әр басқа,  белгілі  бір  сөз  табының  қатарына  жататын  жеке
лексикалық мағынасы бар тілдік бірліктерді  бір-бірінен  ажырату  мақсатында
ғана қолдануды ұсынамыз. Ал аналитикалық (келе алмады,  ермек  үшін,  т.б.),
немесе  синтетикалық  (қолы,  үріккен,  т.б.)   тәсілдер  арқылы   түрленген
сөздерге  қатысты  сөздің    (аналитикалық,   синтетикалық   тәсіл   арқылы)
түрленген тұлғасы  деген термин лайық сияқты.
      Сонымен қатар сөз тұлғаларының қатарын  тіркесті сөздер (бұл қатар  өз
ішінен   негізгі түбірлердің (сөздердің)   тіркесінен  (көк  ала)   тұратын,
негізгі түбір мен туынды түбірлердің (сөздердің)  тіркесінен  (ақ  көйлекті)
тұратын, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесінен  (жәрдем  қыл,  бұрқ  ет)
тұратын және  фразеологиялық  тіркестер  деген  топтарға  жіктеледі.)  деген
ұғыммен толықтырамыз.
      Негізгі түбір сөздерге жалаң түбірден ғана тұратын, дербес  лексикалық
мағынасы бар, белгілі бір сөз табының қатарынан орын алатын  сөздер  жатады.
Мысалы, бас, қол, кел, отыр, сат, қара, сары, әрең, лезде, т.б.
      Ескерту: Тарихи тұрғыдан өз  ішінен  түбір  мен  қосымша  морфемаларға
жіктелетін, қазіргі кезде түбір морфемасы сөз ретінде  қолданылмайтын  кү-н,
кү-й, кү-л, оя-н, оя-т,  ал-қа,  ал-ға,  т.б.  сөздерді  де,       сондай-ақ
түбір морфемасы қазіргі  тілімізде  жеке  сөз  ретінде  қолданылатын,  бірақ
қосымшасы консервация құбылысына ұшыраған зорға (зор-ығ-а),  бірге  (бір-іг-
е),  бекерге,  артқа,  шалқасынан,  т.б.  с.с.  сөздерді  де  негізгі  түбір
сөздердің қатарына жатқызу  керек.  Өйткені  соңғы  мысалдардағы  қосымшалар
(көсемше  жұрнағы  мен  септік  жалғаулары)  бұрын  өзі   жалғанған   сөздің
синтаксистік  қызметін  белгілеуге  қатысқанымен,  қазір   бұл   қызметтерін
тоқтатқан (яғни, түрлендіруші тұлға  болып,  ешқандай  грамматикалық  мағына
білдіріп тұрған жоқ),  тек синтаксистік қызметі арқылы жаңа  семантикаға  ие
болып қалыптасқан туынды сөздің құрамында сақталып қалған.
    Туынды сөздерге  құрамы  жағынан  түбір  және  сөз  тудырушы  жұрнақтан
тұратын,  түбірі  білдіретін  лексикалық  мағынадан  басқа  жаңа  лексикалық
мағынаға ие болған, белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер  жатады.
Мысалы, етік-ші, көр-ме, таза-лық, өн-ім-ді, т.б.
    Біріккен сөздерге құрамында  кемінде  екі  немесе  одан  да  көп  түбір
морфема кездесетін,  жазу  тәжірибесінде  бірге  жазылатын,  қанша  түбірден
тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды  атайтын),
белгілі бір сөз табының қатарына  жататын  сөздер  жатады.  Мысалы:  Алакөл,
Айнұр, кәсіподақ, шекара, адалбақан, т.б. Сондай-ақ өйткені  (олай  еткені),
бүгін, биыл, бүрсігүні, т.б. кіріккен сөздер деп танылатын қатардағы  барлық
сөздерді жазылу дәстүрін негіз етіп, біріккен  сөздердің  бір  түрі  ретінде
қарастырамыз.
    Пединститут, медколледж және кеңшар, ауатком сияқты бір сыңарын  немесе
барлық сыңарларын да бірінші  буыннан  қысқартып,  біріктіріп  жазып  жүрген
сөздерді де жазылу ерекшелігін  негіз  етіп,  біріккен  сөздердің  қатарында
тану орынды болар еді.
    Қос сөздерге құрамында кемінде екі немесе одан  да  көп  түбір  морфема
кездесетін,  жазу  тәжірибесінде   бір-бірінен   дефис   арқылы   ажыратылып
жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық  мағынаны  білдіретін
(бір ғана ұғымды атайтын), белгілі бір сөз табының қатарына  жататын  сөздер
жатады. Мысалы: ыдыс-аяқ, көрші-қолаң, ата-ана, т.б.
    Тіркесті сөзге құрамында кемінде екі немесе одан да көп  түбір  морфема
кездесетін, жазу тәжірибесінде бөлек жазылатын, қанша түбірден тұрса да  бір
ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды  атайтын),  сол  арқылы
белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады.  Тілімізде  тіркесті
күрделі сөздердің бірнеше үлгісі кездеседі, бірақ  бәріне  ортақ  бір  белгі
бар: ол белгі – қанша түбірден тұрса да, мұндай сөздер бір  ғана  лексикалық
мағынаға ие.
       Тіркесті  сөздердің  жасалу  жолдары  әр  қилы.   Тілімізде   олардың
төмендегідей типтері кездеседі:
     1) Құрама тіркесті сөздер. Екі немесе барлық сыңары  бір  сөз  табынан
        болған, әр сыңардың  лексикалық  мағынасы  туынды  жаңа  лексикалық
        мағынаның қалыптасуына қатысатын  сөздер.  Мысалы,  зат  есімдер  –
        Семей қаласы, Абай көшесі, бас инженер, аға оқытушы; сын есімдер  –
        көк ала, жирен қасқа, ақ сұр; сан есімдер – он екі, бір  мың  сегіз
        жүз тоқсан бес; етістіктер – барып қайт, алып кел, т.б..
     2) Құранды  тіркесті  сөздер.    Сыңарлары  әр  басқа  сөз  таптарынан
        болған, туынды  жаңа  лексикалық  мағынаның  қалыптасуына  тек  бір
        сыңарының лексикалық  мағынасы  негіз  болатын  және  әр  сыңарының
        лексикалық мағыналарының да қатысы бар сөздер. Мысалы, қызмет  қыл,
        еңбек ет, сарт ет, адам бол, т.б. Бұл мысалдарда туынды  лексикалық
        мағынаның қалыптасуына бірінші сыңардың лексикалық  мағынасы  негіз
        болған. Ал Абай атындағы Алматы ұлттық университеті сияқты  күрделі
        атаулар құрамында әр түрлі сөз таптары кездеседі.
     3) Қысқартып жазылатын тіркесті сөздер. АҚШ,ТМД,  ЖШС,  т.б.  с.с.  әр
        сыңарының бірінші  әрпі  ғана  жазылатын,  шартты  түрде  қысқарған
        сөздер деп танылып жүрген  нұсқалардың,  біріншіден,  сөз  екендігі
        күмәнды, екіншіден, бұлардың әрқайсысының бірнеше  сөзден  құралған
        күрделі атау екені, яғни, құранды  немесе  құрама  тіркесті  сөзден
        қалыптасқаны белгілі: Америка құрама штаттары, Тәуелсіз мемлекеттер
        достастығы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік.
     4)  Фразеологиялық  тіркестер  немесе  тұрақты  тіркестер.  Қазақ  тіл
        білімінде тұрақты сөз тіркестері деген терминмен беріліп жүрген, өз
        ішінен фразеологиялық тізбек, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық
        оралым т.б. болып жіктелетін  қой  аузынан  сөз  алмау,  сарымайдай
        сақтау, үріп ауызға салғандай, тауы шағылу, беті қайту, т.б. тілдік
        бірліктердің қанша  сөзден құралса да бейнелі бір ұғымды  атайтыны,
        яғни, бір ғана лексикалық мағынаға ие екені белгілі.  Ендеше  бұлар
        да – бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе,  қанша  сыңардан  тұрса
        да, бір сөз ғана. Бұлар  да  сол  бір  лексикалық  мағынасы  арқылы
        белгілі бір сөз табының қатарынан орын алып,  сол  сөз  табына  тән
        түрлену жүйесімен әрқилы түрлене  береді.  Мысалы,  тауы  шағыл-ды,
        тауы шағыл-ған, тауы шағыл-ма-й-ды,  тауы  шағыл-а  жазда-ды,  тауы
        шағыл-ып жүр, т.б. Сондықтан бұл қатардағы барлық тілдік нұсқаларды
        түрленуші ретінде тіркесті сөздер қатарына  жатқызамыз.  Тіпті  бұл
        қатардағы сөздерді тұрақты сөз  тіркестері  дегеннен  гөрі  тұрақты
        тіркесті сөздер деп атау орынды сияқты.
   Сөз құрылысына қарай дара сөз және күрделі сөз болып екіге бөлінеді. Дара
сөзге бір түбірден тұратын негізгі түбір сөдер  мен  туынды  сөздер  жатады,
күрделі сөзге екі не одан да  көп  түбірден  тұратын  біріккен  сөздер,  қос
сөздер, тіркесті сөздер жатады.


                             Практикалық бөлім:
   І  Сұрақтар мен тапсырмалар:
   1. Сөз тұлғасы деген термин қандай мазмұндарда жұмсалады?
   2. Негізгі түбір сөз дегеніміз қандай сөз? Мысал келтір.
   3. Туынды сөз дегеніміз қандай сөз? Мысал келтір.
   4.  Біріккен  сөз  дегеніміз  қандай  сөз?  Мысал  келтір.  Кіріккен  сөз
      дегеніміз қандай сөз? Мысал келтір.
   5. Қос сөз  дегеніміз  қандай  сөз?  Мысал  келтір.  Қос  сөздің  түрлері
      қосарлама қос сөз және қайталама қос сөздерге мысал келтір.
   6. Қандай сөздерді  тіркесті  сөздер  дейміз?  Тіркесті  сөздерге  қандай
      құрылымдар жатады? Мысалдар келтір.
   7. Дара сөздерге қандай сөздер жатады?
   8. Күрделі сөздерге қандай сөздер жатады?


      ІІ Жаттығу жұмыстары
4-жаттығу.  Сөйлемдегі  сөздерге  кешенді  сатылай  талдау  үлгісі   бойынша
морфологиялық талдау жаса.


    1) Тағы бірталай отырып қалып еді. 2) Бір кезде бұлардың  сырт  жағынан
       дүрсілдетіп келіп қалған бірнеше аттының дабыры естілді.
    3) Қодар да, Қамқа да бұрылған жоқ. 4)  Аттылар  мінбелеп  келіп  түсіп
       жатты. 5) Бұлар бес кісі екен. 6)  Бастығы  Майбасардың  қара  сақал
       атшабары  - Қамысбай.






















                               11-12 сабақтар
                      Тақырып:  Зат  есім. Көмекші есім
 Сабақтың мазмұны:
   1. Сөз таптарына жіктеу принциптері.
   2. Сөздерді лексикалық мағынасы бойынша жіктеу.
   3. Зат есім. Зат есімнің лексика-семантикалық топтары.
   4. Зат есімнің морфологиялық ерекшеліктері.
   5. Зат есімнің синтаксистік ерекшеліктері.
   6. Көмекші есімдер.

Сабақ мақсаты:
      Сөз таптарын жіктеу  принциптерімен  таныстыру.  Сөздерді  лексикалық
мағына  бойынша  топтастырудың  үлгісмен  таныстыру.  Зат  есімнің  лексика-
семантикалық, морфологиялық, грамматикалық ерекшеліктерін түсіндіру.

                              Теориялық бөлім:


      Сөз таптары –  тілде  бар  сөздердің  ортақ  грамматикалық  қасиеттері
бойынша топтастырылатын, әр  басқа  грамматикалық  қасиеттері  бойынша  бір-
бірінен  ажыратылып,  жіктелген  топтары.   Сөздерді  әр  басқа   қасиеттері
бойынша бір-бірінен ажырату, ортақ қасиеттері бойынша бір жерге топтау  үшін
үш түрлі принцип қолданылады. Олар  –  семантикалық  принцип,  морфологиялық
прицип, синтаксистік  принцип.
      Семантикалық  прицип  –  сөздерді  грамматикалық  мағыналары   бойынша
топтастыру принципі.
      Кез келген толық мағыналы (атауыш) сөздердің лексикалық мағынасы,  сол
лексикалық  мағынамен  ұштасқан,   сол   лексикалық   мағынадан   туындайтын
жалпыланған   грамматикалық   мағынасы   да   болады.   Мұндай   жалпыланған
грамматикалық мағына бір сөз табына жататын сөздердің  бәріне  ортақ  қасиет
болып табылады. Сөздің бойындағы жалпыланған грамматикалық мағына – сол  сөз
табындағы  сөздердің  бәрінің  басын  біріктіретін  мағына  болып  табылады.
Мұндай жалпыланған грамматикалық мағынаны  жалпы  грамматикалық  мағына  деп
те, кейбір әдебиеттерде категориялық грамматикалық  мағына  деп  те  атайды.
Бір жалпы грамматикалық мағыналы сөздердің  бәрі  ортақ  бір  сұраққа  жауап
беріп тұрады. Яғни, әр сөз табының өз жалпы  грамматикалық  мағынасы,  соған
орай дербес сұрақтары  бар. Мысалы,  кім  және  не  деген  сұрақтарға  жауап
беретін сөздердің бәрі – зат есімдер,  қандай  және  қай  сұрақтарына  жауап
беретіндер – сын есімдер, қанша, неше сұрағына жауап  беретіндердің  бәрі  –
сан есімдер, қайт, не істе сұрақтарына жауап  беретіндер  –  етістіктер  деп
аталатын сөз таптарына жатады.
      Атауыш сөздер (номинатив сөздер немесе толық лексикалық  мағынасы  бар
сөздер) қатарына жатса да, бұл қасиетке ие емес сөз  таптары  –  есімдіктер,
үстеулер және еліктеу сөздер. Бұларды  ортақ  бір  сұрақ  арқылы  бір  жерге
жинақтау мүмкін емес.
      Есімдіктер есім сөздердің  (зат  есім,  сын  есім,  сан  есім)  орнына
жұмсалатын орынбасар  сөздер  болғандықтан,  қай  сөз  табын  алмастырғанына
қарай сол сөз табының сұрағына жауап бере береді.  Есімдіктердің  басын  бір
жерге  жинақтайтын  ортақ  қасиет  –  дейктикалық   қабілеті.   Есімдіктерді
дейктикалық сөздер деп те атаймыз.  Бұл  есімдіктерді  сөйлемнен  тыс,  жеке
алғанда лексикалық мағыналарының бос тұруымен, сөйлемде  қай  сөздің  орнына
жұмсалса,  сол  сөздің  лексикалық  мағынасына  ие  бола  кету   қабілетімен
байланысты  ұғым.  Үстеулер  мен   еліктеу   сөздердің   басын   бір   жерге
топтастыратын  белгі  де  –  олардың  ортақ  сұраққа   жауап   беруі   емес,
морфологиялық (өзіндік түрлену жүйесі жоқ, мүлдем  түрленбейтін)  ерекшелігі
мен синтаксистік  қасиеттері  (етістікпен  тіркесіп,  пысықтауыш  қызметінде
жұмсалуы).
      Морфологиялық  прицип   –   сөздерді   түрлену   қабілеттері   бойынша
топтастыру.
      Қазақ тілінде өзіндік түрлену жүйесі бар үш сөз табы ғана бар: олар  –
зат есім, сын есім, етістік. Морфологиялық принцип бойынша бір  сөз  табының
қатарына жататын сөздердің  барлығы  сол  сөз  табының  түрлену  жүйесіндегі
тұлғаларды  қабылдауы  міндетті.  Бұл   талапты   зат   есім   мен   етістік
орындағанмен,  сын  есім  толық  орындамайды.  Атап  айтқанда,  зат  есімнің
өзіндік түрлену жүйесі сол – зат есімдер көптеледі, тәуелденеді,  септеледі.
Қазақ  тіліндегі  кез  келген  зат   есім   осы   қосымшаларды   қабылдайды,
қабылдамаса, зат есім емес  деп  танылады.  Сол  сияқты  етістіктің  түрлену
жүйесі – етіс, болымсыз етістік, шақ, рай,  модаль,  сипат  категорияларының
тұлғалары.  Кез  келген  етістік  аталған  тұлғалармен   (біреуімен   немесе
бірнешеуімен) түрлене  алады.  Бұл  тұлғаларды  қабылдамаса,  етістік  екені
күмәнды. Ал сын есімдердің өзіндік  түрлену  жүйесі  –  шырай  категорясының
тұлғалары. Бірақ кез келген сын есім шырай  тұлғаларымен  түрлене  бермейді.
Шырай тұлғаларын қабылдайтындар – сапалық сын  есімдер  ғана,  қатыстық  сын
есімдер шырай тұлғаларымен түрленбейді.
      Басқа   сөз   таптарының   өзіндік   түрлену   жүйелері   жоқ.   Бірақ
субстантивтенген (заттанған) кез келген сөз (сын есім,  сан  есім,  есімдік,
етістіктің есімше  және  қимыл  есімі  мен  қимыл  иесі  түрлері,  сондай-ақ
үстеулер) зат есімше түрлене алады. Сондай-ақ  адъективтенген  (сын  есімнің
орнына жұмсалған) жекелеген зат есімдер шырай тұлғаларын қабылдай алады.
      Мүлдем түрленбейтін сөздерге үстеу мен еліктеу сөздер ғана жатады.
      Синтаксистік принцип –  сөздерді  синтаксистік  ерекшеліктері  бойынша
топтастыру.
      Бұл тұрғыдан  сөз  таптарының  басқа  сөздермен  тіркесу  қабілеттері,
сөйлем мүшесі болу қызметтері, сөз тіркесінің басыңқы және бағыныңқы  сыңары
болу  қасиеттері  ескеріледі.   Атап  айтқанда,  сын  есім  мен  сан   есім,
негізінен зат есімнің бағыныңқысы болуға,  сол  арқылы  анықтауыш  қызметіне
тұруға қабілетті, үстеу етістікпен тіркесіп, пысықтауыш болуға қабілетті.
      Бұл принциптер, негізінен, атауыш сөздерді бір-бірінен  ажырату  үшін,
бір жерге топтастыру үшін қолданылады.
      Қазақ тілінде тоғыз сөз табы бар  деп  жүрміз.  Соңғы  кездері  модаль
сөздерді оныншы сөз табы ретінде тану кең орын алып келеді. Сонда шылау  мен
одағайды,  модаль сөздерді қай белгілеріне қарап бөлек сөз  таптары  ретінде
танимыз. Өйткені жоғарыдағы үш принцип жеті сөз табына ғана қатысты  екенін,
атауыш сөздерді топтастыру үшін қолданылатынын айттық.
      Тілде  бар  сөздердің  бәрін  жинап,   бірінші   кезекте,   лексикалық
мағыналарына қарай, атап айтқанда,  лексикалық  мағыналарының  бар-жоқтығына
қарай,  жіктеп,  топтастыруға  болады.  Бұл  тұрғыдан  сөздер   үш   қатарға
топтасады: атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағайлар.
      Атауыш сөздер – толық лексикалық мағынасы бар  сөздер.  Атауыш  сөздер
тілдегі сөздердің басым бөлігін құрап, сөйлемде қандай да  бір  ұғымды  атау
үшін  жұмсалады.  Семантикалық,  морфологиялық,  синтаксистік  ерекшеліктері
бойынша өз ішінен жеті сөз табына бөлінеді:  зат есім, сын есім,  сан  есім,
есімдік, етістік, үстеу, еліктеу сөз.
      Көмекші сөздер – түбір морфемасы бола тұра мүлдем лексикалық  мағынасы
жоқ, сөйлемде объективті  өмірдегі  ешбір  затты,  құбылысты,  ешбір  ұғымды
атамайтын, кейде жеке өздері, кейде басқа морфемалармен бірлесіп, қандай  да
бір  грамматикалық  мағынаны  білдіретін,  яғни,  сөз   түрлендіруші   тұлға
қызметін  атқаратын  сөздер.   Тілімізде  көмекші  сөздердің  үш  түрі  бары
айтылып жүр. Олар – шылау, көмекші есім, көмекші етістік. Бұлардың  қатарына
ертеректердегі оқулықтарда күшейткіш үстеу деп көрсетіліп  келген,  асырмалы
шырайдың көрсеткіші болып табылатын өте, аса, тым, ең, т.б.   с.с.   көмекші
сөздерді қосуға болады. Сонымен қатар оныншы  сөз  табы  ретінде  көрсетіліп
жүрген,  субъективті  модаль  мағынасын  білдіру  үшін   күрделі   баяндауыш
құрамында кездесетін  (мысалы,  баруы  мүмкін,  айтуы  тиіс,  айтқаның  жөн)
модаль сөздер де сөзге грамматикалық  мағына  үстейтін  морфологиялық  тұлға
құрамында келетіндіктер көмекші  сөздер  қатарына  жатады.  Сөйтіп,  көмекші
сөздердің қатары беске дейін толығады.
      Одағайлар  –  лексикалық  мағынасы  жоқ  болғандықтан  атауыш   сөздер
қатарына   да   жатпайтын,   белгілі   бір   сөзге   грамматикалық    мағына
үстемейтіндіктен көмекші  сөздер  қатарына  да  жатпайтын  сөздердің  ерекше
тобы. Одағайлар сөйлемнің синтаксистік желісінен тысқары (сөйлемді  құрайтын
сөздердің  ешқайсысымен  синтаксистік   байланысқа  түспей)    тұратындықтан
үнемі  оқшау  сөздер  қатарынан   табылады.   Одағайлар   сөйлемде   негізгі
синтаксистік  желіден  тыс  тұрса   да,   сөйлеуші   тарапынан   қолданылып,
сөйлеушінің көңіл-күйінен, сөйлеушінің тыңдаушымен арақатынасындағы  әралуан
жағдайлардан хабар беру қызметін атқарады.
      Зат есім – заттың атын білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі  зат
есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі  әр  алуан  заттар  мен  заттық
ұғымдарды атайды.
      Зат  есімнің  лексика-семантикалық  қыры.   Зат   есімдер   лексикалық
мағынасына қарай жалпы есім - жалқы есім,  деректі  есім  –  дерексіз  есім,
адамзат есімдері – ғаламзат есімдері болып жіктеледі.
      Зат есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Зат есім –  зат  есімнің  рең
мәнді жұрнақтарымен және көптік, тәуелдік, септік  жалғауларымен  (септеулік
шылаулармен  және  көмекші  есімдермен)  түрленетін  сөз  табы.   Зат   есім
баяндауыш  қызметінде  келгенде  жіктік   жалғауымен   де   түрленеді.   Зат
есімдердің  басты  морфологиялық  белгісі  –  көптелу,  тәуелдену,   септелу
қабілеті. Зат есімдердің  аталған  қосымшалардың  бәрін  қабылдаған  кездегі
түрлену  реті төмендегідей:  алдымен  көптеледі,  содан  кейін  тәуелденеді,
бұдан әрі септеледі.
      Зат есімнің қатарына жататын сөздердің басым көпшілігі  өз  лексикалық
мағынасы арқылы жеке,  дара  затты  атайды.  Тек  жекелеген  зат  есімдерде,
санауға келмейтін зат атауларында (ұн,  топырақ,  шаш,  жұлдыз,  т.б.),  жұп
заттардың атауларында (аяқ, қол, құлақ, көз, қолғап, етік,  т.б.),  көптеген
дерексіз  ұғым атауларында (достық, азшылық,  көпшілік,  байлық,  сыйластық,
т.б.),  әлеуметтік  кәсіп атауларында  (егіншілік,  ақындық,  саудагершілік,
т.б.), ғылыми сала атуларында (физика, химия, тарих,  диалектология,   т.б.)
жекелік мағына бар деуге келмейді. Мұндай сөздердің  сөйлемде  стилистикалық
қажеттілік болмаса, көптік  жалғаусыз  жұмсалады.  Бұл  қатардағы  сөздердің
үнемі көптік жалғаусыз қолданылуы көптік  мағына  сол  сөздердің  лексикалық
мағынасында деуге  себеп  болған.  Сол  сияқты  бұл  қатар  күлкі,  күйініш,
сүйініш, реніш, қайғы сияқты эмоциялы қпроцесс  атауларымен  толыға  түседі.
Жалқы есімдер де себепсіз көптелмейтіні  белгілі,  бірақ  оларда  да  көптік
мағына бар деуге негіз  жоқ.  Бұл  қатардағы  сөздерден  басқа  зат  есімдер
арқылы аталатын заттардың көп екендігі не  синтаксистік  тәсіл  арқылы  (екі
студент), не морфологиялық тәсіл арқылы (студенттер) беріледі.  Зат  есімнің
жекелік және көптік мағыналары зат есімнің сан-мөлшер  (жекелік-көптік)  деп
аталатын грамматикалық категориясын қалыптастырады. Сөйтіп,   көптік  жалғау
зат есімнің сан-мөлшер категориясының мағыналарының  бірін  білдіргендіктен,
осы грамматикалық категорияның тұлғасы,  көрсеткіші  болады.  Ескеретін  бір
жай  –  көптік  жалғау  сөзге  қосылғанда  әрқашан  көптік  мағына   білдіре
бермейді, басқа да грамматикалық мағыналарда тұруы мүмкін.
      Тәуелдік  жалғау   өз   мағыналары   арқылы   зат   есімнің   тәуелдеу
категориясын қалыптастырады.
      Септік  жалғаулары  –  зат  есімнің  септеу   категориясының   негізгі
көрсеткіштері.
      Зат есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Зат есім атау септігінде келіп
бастауыш қызметін атқарады. Ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады.  Басқа
септіктер,  септулік  шылаулар  зат  есімді  не  толықтауыш,  не  пысықтауыш
қызметіне қояды. Зат есімнен баяндауыш жасайтын арнайы  морфологиялық  тұлға
жоқ, зат есім лексикалық  мағынасы  арқылы  бастауышқа  тән  жай-күйді  атап
баяндауыш бола береді. Зат есімене  жасалған  баяндауыш  құрамындағы  жіктік
жалғау  баяндауышты  тиянақты  тұлғаға  айналдыру   және   оны   бастауышпен
байланыстыру қызметтерін атқарады. Түрленбеген зат есім сын  есімнің  орнына
жұмсалып    (адъективтеніп)    анықтауыш,    үстеудің    орнына     жұмсалып
(адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді.
      Көмекші есімдер – зат есімнің (заттанған  сөздің)  жетегінде  келетін,
лексикалық  мағынасы  жоқ  (немесе   солғындаған),   өзі   тіркескен   сөзге
грамматикалық  (мекендік)  мағына  жамап  түрлендіретін,  өзі   зат   есімше
түрленетін  (көптелетін,  тәуелденетін,  септелетін),  өзі   тіркескен   зат
есіммен тек тәуелдік  жалғауы  арқылы  байланысып  тұратын  көмекші  сөздер.
Көмекші есімдердің морфологиялық ерекшелігі – зат есімше түрлену қабілеті  –
оларды бөлек  сөз  табы  ретінде  емес,  атауыш  сөздердің,  зат  есімдердің
аясында  қарастыруға негіз болған. Көмекші есімдер шығу төркіні жағынан  зат
есімдерге келіп тіреледі. Толық мағыналы зат есімдерден  олардың  басқа  зат
есімдердің жетегінде келіп оған  грамматикалық  мағына  үстеу  үшін  жұмсалу
барысында лексикалық мағыналарынан айырылып, көмекші есімдер қалыптасқан.
      Қазақ тіліндегі көмекші есімдер өте жиі қолданылғанмен,  олардың  саны
аса көп емес. Қазіргі қазақ тіліндегі көмекші есімдер ретінде мына  сөздерді
көрсетуге болады: алд, арт, аст, үст, жан, жақ, қас, маң,  маңай,  тұс,  іш,
сырт, тыс, ара, қарсы, бой, шет, орта, соң.



                             Практикалық бөлім:
   І  Сұрақтар мен тапсырмалар:
   1. Сөз таптарына жіктеудің қандай принциптері бар?
   2. Сөз табына жіктеудің семантикалық приципі дегеніміз қандай принцип?
   3. Сөз табына жіктеудің морфологиялық приципі дегеніміз қандай принцип?
   4. Сөз табына жіктеудің синтаксистік приципі дегеніміз қандай принцип?
   5. Атауыш сөздер дегеніміз қандай сөздер?
   6. Көмекші сөздер дегеніміз қандай сөздер? Қай қатардағы  сөздер  көмекші
      сөздерге жатады?
   7. Қандай сөздерді одағайлар дейміз?
   8. Зат есім лексикалық мағынасына қарай қандай топтарға жіктеледі?
   9. Зат есімге қандай морфологиялық ерекшеліктері тән?
  10.  Зат есімнің синтаксистік  қызметтері  қалай  жүзеге  асады.  Мысалдар
      келтір
  11.  Қандай сөздерді көмекші  есімдер  дейміз?  Көмекші  есімдерге  қандай
      морфологиялық ерекшелік тән?


      ІІ Жаттығу жұмыстары
5-жаттығу.  Сөйлемдегі  зат  есімдерге  кешенді  сатылай  талдау   үлгісімен
морфологиялық талдау жаса.


     1) Жұмабайдың басын көтеріп, тымағын түзеуге де  мұршасы  келмеді.  2)
        Абай есіктен кіре, үйде отырған  үлкендерге  ашық  дауыспен,  айқын
        етіп сәлем берді. 3) Құнанбайдың мына баласын осында шақыртып  алып
        отырғанын және жаңағыдай етіп бұларға танытқалы  отырғанын  өзгеден
        Қаратай бұрын аңғарған. 4)  Қырын  отырған  әкесінің  үлкен,  кесек
        пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. 5) Тегінде  ертекші,  өлеңші,
        не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай  тесіле  қарап  қалу
        Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді.











                               13-14 сабақтар
              Тақырып:  Сын есім. Сын есімнің мағыналық топтары
 Сабақтың мазмұны:
   8. Сын есімнің лексика-семантикалық ерекшеліктері.
   9. Сын есімнің морфологиялық ерекшеліктері
  10. Сын есімнің синтаксистік ерекшеліктері.

Сабақ мақсаты:
        Сын  есімнің  лексика-семантикалық,  морфологиялық,   грамматикалық
ерекшеліктерін таныту.

                              Теориялық бөлім:


      Сын есім – заттың сындық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ,
тілдегі сын есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар  мен  заттық
ұғымдардың әр алуан белгілерін:  сапасын,  өлшем-көлемін,  салмағын,  түсін,
қасиеттерін, т.б. атайды.
      Сын есімнің лексика-семантикалық ерекшелігі.  Сын  есімдер  лексикалық
мағынасына қарай сапалық сын және қатыстық сын есім  болып  екіге  бөлінеді.
Сапалық сын есімдер – заттың сындық белгілерін  лексикалық  мағынасы  арқылы
тікелей атайтын сын есімдер. Мысалы, көк, үлкен, әдемі, т.б..  Қатыстық  сын
есімдер – заттың сындық белгілерін  басқа ұғымды  қатыстыру  арқылы  атайтын
сын есімдер. Мысалы, күзгі, таулы, желсіз, сөзшең, т.б.
      Қатыстық сын есімдер сапалық сын  есім  қатарына  өтіп  кетуі  мүмкін.
Мысалы, Үйге мылтық-наган асынған қарулы адамдар кіріп келді. Есен  –  кесек
денелі, қарулы жігіт.  Бірінші  мысалдағы  қарулы  сөзі  қатыстық  сын  есім
қатарына, екінші мысалдағы қарулы сөзі сапалық сын есім қатарына жатады.
      Сапалық сын есім мен қатыстық  сын  есімдерді  бір-бірінен  ажыратудың
жолдары:


      |Реті|Сапалық сын есімдер              |Қатыстық сын есімдер              |
|1   |Шырай тұлғаларымен еркін         |Шырай тұлғаларымен түрленбейді:   |
|    |түрленеді: әдемірек, аса күшті,  |сәбилі, қысқы, күздік.            |
|    |ап-айқын                         |                                  |
|2   |Тілде синонимдері болады: әдемі –|Синоним қатарлары болмайды.       |
|    |сұлу – көрікті, т.б., күшті –    |                                  |
|    |мықты – берік, т.б., айқын – дәл |                                  |
|    |– нақты, т.б..                   |                                  |
|3   |Антоним сыңарлары болады: әдемі –|Антоним сыңарлары болмайды.       |
|    |көріксізғ күшті – әлсіз, айқын – |                                  |
|    |күңгірт.                         |                                  |
|4   |Ауыспалы мағынада жұмсала алады: |Тура мағынада ғана қолданылады.   |
|    |әдемі көйлек – әдемі сөз.        |                                  |
|5   |Жаңа туынды сөз жасауға негіз    |Туынды сөздер жасалмайды.         |
|    |болады: әдемілік, күштілік,      |                                  |
|    |айқындау.                        |                                  |
|6   |Анықтауыш қабылдай алмайды       |Зат есімнен жасалса, анықтауыш,   |
|    |                                 |етістіктен жасалса, пысықтауыш    |
|    |                                 |қабылдай алады:  екі бөлмелі үй,  |
|    |                                 |суда жүзгіш                       |


      Сын есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сын  есім  (оның  ішінде  тек
сапалық сын есімдер) – шырай тұлғаларымен түрленетін сөз табы.  Сын  есімнің
шырайы  тұлғалары  –  сын   есімнің   шырай   категориясының   грамматикалық
мағыналарын қалыптастырады. Шырай дегеніміз –  заттың   сындық  белгілерінің
әр түрлі реңктерін білдіретін мағыналар жиынтығы.   Қазақ  тілінде  шырайдың
екі түрі бар: салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай.
      Салыстырмалы шырай  –  заттың  сындық  белгілерін  доминант  (негізгі)
белгімен салыстырып, сындық белгіні сол салыстырылған белгіден  я  артық,  я
кем  етіп  білдіретін  шырай.  Салыстырмалы  шырай   синтетикалық   тәсілмен
жасалады. Мысалы, кішірек, жалпақтау,   ақшыл,  қызғылт,  сарғыш,  көгілдір,
қоңырқай, сұрша, бозаң, т.б..
      Күшейтпелі шырай – заттың сындық белгілерін асыра, күшейте  білдіретін
шырай. Күшейтпелі шырай екі түрлі  тәсілмен  жасалады:  редупликация  тәсілі
(қап-қара, сап-сары, аппақ), аналитикалық тәсіл (ең ыстық, аса салқын).
      Сын есім зат  есімге  тән  қосымшаларды  да  қабылдай  алады.  Мысалы,
Жақсының аты өлмейді. Бұл құбылыстың  өзіндік  себептері  бар.  Бұл   –  сын
есімнің заттануымен  байланысты  жүзеге  асатын  құбылыс.  Сын  есім  –  зат
есімдермен  тікелей  байланысты  сөз  табы  болғандықтан,   субстантивтенуге
(заттануға) бейім сөз табы.   Сын  есімнің  субстантивтенуінің  негізгі  бір
себебі – сөйлем құрамындағы  сын  есім  арқылы  анықталатын  зат  есімдердің
эллипсистенуі. Мысалы,  Жақсының жақсылығын айт деген  мысалдағы  жақсы  сын
есімінің  субстантивтенуі   Жақсы  адамның   жақсылығын   айт   нұсқасындағы
сөйлемнен сын есім  (жақсы)  арқылы  анықталып  тұрған  зат  есімнің   (адам
сөзінің) сөйлемнен түсіп қалып, оның заттық мағынасы анықтауыш  қызметіндегі
сын есімге өтуімен байланысты. Сөйтіп, түсіп қалған зат есімнің есебінен  өз
бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған  сын  есім  енді  зат  есімнің
қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болады.
      Сын есімнің синтаксистік  ерекшеліктері.  Сын  есімдер  заттың  сындық
белгілерін атайтын сөздер болғандықтан,  сын  есімнің  негізгі  синтаксистік
қызметі – анықтауыш болу.   Өйткені  олар  заттың  сынын  атағандықтан,  зат
есіммен ешбір  қосымша,  көмекші  сөздің  көмегінсіз,  орын  тәртібі  арқылы
байланыса береді.  Сындық  белгілердің  әр  түрлі  реңкін  білдіретін  шырай
тұлғаларының сөз бен сөзді (сын есім мен  зат  есімді)   байланыстыруға  да,
сөйлем мүшесін жасауға да еш қатысы жоқ.
      Сын есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат  есімше
қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш,  ілік  септігі
арқылы  анықтауыш   бола   алады.   Басқа   септіктер,   септулік   шылаулар
субстантивтенген сын есімді не толықтауыш, не  пысықтауыш  қызметіне  қояды.
Сын есім де зат есім сияқты  лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән  жай-
күйді атап баяндауыш бола береді. Сын есім –адвербиалдануға бейім сөз  табы.
Сын есімдер  лексикалық  мағынадағы  өзгерістер  арқылы  (ауыспалы  мағынада
жұмсалу арқылы) заттың сындық белгісі емес, етістік арқылы  аталатын  қимыл,
әрекеттердің     белгілерін    білдіріп,    үстеудің     орнына     жұмсалып
(адвербиалданып) пысықтауыш та  бола  береді.  Мысалы,  Жылы-жылы  сөйлесең,
жылан іннен шығады. Бетті бастым, қатты састым.

                             Практикалық бөлім:
   І  Сұрақтар мен тапсырмалар:
  12. Сын есімнің деген қандай сөз табы?
  13. Қандай сын есімдерді сапалық сын есімдер дейміз? Мысалдар келтір.
  14.  Қандай сын есімдерді қатыстық сын есімдер дейміз? Мысалдар келтір.
  15. Сапалық  сын  есім  мен  қатыстық  сын  есімдерді  бір-бірінен  қандай
      белгілері арқылы ажыратуға болады?
  16.  Сын есімге қандай морфологиялық ерекшеліктер тән?
  17. Шырай дегеніміз не? Шырайдың қандай түрлері болады?
  18. Сын есімге тән синтаксистік ерекшеліктерді ата.


      ІІ Жаттығу жұмыстары
6-жаттығу.  Сөйлемдегі  сөздерге  кешенді  сатылай  талдау  үлгісі   бойынша
морфологиялық талдау жаса.
    1) Терең ой, терең ғылым іздемейді... 2) Жақсы ат пен тату  жолдас  бір
       ғанибет... 3) Мүсірәлі  момындау,  ауқаты  шағындау  адам  еді..  4)
       Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп. 5) Жанын қарманып адал
       еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның  ісі.  6)  Әбілқайырды  азулы
       тілектестері хан етіп, ақ киізге көтерді. 7) Бүгінгі  көш  Қайыңдыға
       қонғалы келе жатқан.  8)  Осы  сегіз  үй  ішіндегі  ең  бүтіні  және
       үлкендеуі – ортада тұрған жалпақтау бес қанат үй. 9) Талдан таяқ жас
       бала таянбайды, Бала бүркіт түлкіден аянбайды.  10)  Өңшең  жалбағай
       тымақтылар тұс-тұстан қалың қолға қосылып  кетті.  11)  Бір  мезгіде
       қасына Көпей келді.  12) Арыстанның екі көзі ауыл маңында.





























                               15-16 сабақтар
       Тақырып:  Сан есім. Сан есімнің семантика-морфологиялық топтары
 Сабақтың мазмұны:
   1. Сан есімнің семантика-морфологиялық түрлері.
   2. Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері
   3. Сан есімнің синтаксистік ерекшеліктері.

Сабақ мақсаты:
       Сан есімнің  семантика-морфологиялық,  морфологиялық,  грамматикалық
ерекшеліктерін таныту.

                              Теориялық бөлім:


    Сан есім – заттың сандық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша  айтсақ,
тілдегі сан есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар  мен  заттық
ұғымдардың санын, сандық шамасын, ретін атайды.
    Сан есімнің семантикалық ерекшеліктері.   Қазақ   тілінде  таза  сандық
ұғымды атайтын  небәрі  22  сөз  ғана  бар.  Оның  оны  –  бірлік  сандардың
атаулары, тоғызы – ондық  сандардың атаулары,  бұлардан басқа нөл, жүз  және
мың сөздері бар. Ал миллион, миллиард,   т.б.  сан  атаулары  кірме  сөздер.
Тіліміздегі басқа сандық атаулар осы сөздердің әр түрлі комбинацияларда  бір
бірімен тіркесіп келуі  арқылы  жасала  береді.   Әр  сан  есім  бірін  бірі
қайталамайтын  жеке лексикалық мағынаға  ие,  сондықтан  олардың  синонимдік
қатары, антонимдік жұбы болмайды.  Күрделі сан есім құрамындағы әр сан  есім
жеке алғанда  дербес  лексикалық  мағынаға  ие  болғанмен,  олардың  тіркесі
үшінші лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, жиырма бес, жиырма, бес.
    Сан есімдер туынды сөздердің  жасалуына  негіз  болғанмен,   басқа  сөз
таптарынан сан есім жасалмайды.  Мысалы,  бірлік, ондық, жүздік, т.б.
    Тілімізде сан есімдерге лексикалық мағыналары жуық сөздер де кездеседі.
Оларға,  біріншіден,  өлшем  бірліктерінің  атаулары:   қадақ,  пұт,   келі,
батпан, бір уыс, елі, адым, тұтам, сүйем, қарыс, кез,  аршын,  құлаш,  т.б;,
екіншіден, белгілі бір сан есімдерге синоним  мағынасы  бар  сөздер:  жарты,
жарым,  жек,  дара,  жалғыз,  жалқы,  егіз,  қос,  жұп,  ширек;   лексикалық
мағынасы уақытпен байланысты сөздер: ай, жыл, ғасыр, апта, сүт пісірім,  бие
сауым, т.б.  жатады.  Бірақ  бұлардың  бәрі  –  сан  есім  емес,  басқа  сөз
таптарына жататын сөздер.
       Сан  есімнің  мағыналық  топтары  синтетикалық   және   аналитикалық
жолдармен  жасалады.  Алайда  есептік  сан  есімдерден   қосымшалар   арқылы
қалыптасқан, немесе олардың  қосарлануы,  тіркесуі  арқылы  қалыптасқан  сөз
тұлғалары жаңа туынды сөз бе, әлде сан есімнің түрленген тұлғалары ма  деген
мәселеде бір қайшылықтары бар.  Болжалдық  сан  есімдер  мен  бөлшектік  сан
есімдер қатарына жататын сөздер есептік күрделі сан  есімдер  сияқты  үшінші
бір лексикалық мағынаны білдіретініне күмән  тумайды.  Ал  реттік,  жинақтық
және топтау сан есімдері жаңа ұғымның атауын тудырды деу қиын.
    Сонымен, қалай болғанда да, сан есімдерді алты мағыналық топқа бөлеміз:

    1. Есептік сан есімдер: бес, елу, елу бес, бес жүз елу бес, т.б.;
    2. Реттік  сан есімдер: бесінші, елу бесінші, т.б.;
    3. Жинақтық сан есімдер: біреу, екеу, бесеу, т.б.;
    4. Топтау сан есімдері: бестен, бес-бестен, ;
    5. Болжалдық сан есімдер: бес-алты, он шақты, мыңдаған, елудей,  бірер,
       мыңдап, сегіздер шамасы;
    6. Бөлшектік сан есімдер: бір жарым, төрттен бір, бес бүтін  оннан  үш,
       т.б..


    Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сан есім – зат  есім  мен  сын
есім сияқты өзіндік түрлену жүйесі жоқ сөз табы.  Алайда  сан  есім  де  сын
есім сияқты зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы,  Үй  саны
елу-алпысқа жетеді. Бұл  – сан есімнің заттануымен байланысты.  Сан есім  де
– зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан,  субстантивтенуге
(заттануға) бейім сөз табы.  Оның  да  субстантивтенуінің  екі  себебі  бар.
Бірі –  сөйлем  құрамындағы  сан  есім  арқылы  анықталатын  зат  есімдердің
эллипсистенуі. Мысалы,  Бесті үшке көбейт. Екіншісімен қатал сөйлесу  керек.
 Мұнда да түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына  заттық  грамматикалық
мағына жинақтаған сан есімдер енді зат есімнің қосымшаларын  еркін  қабылдау
қабілетіне де ие болған. Екіншіден,  жинақтық  сан  есімдер  –  таза  заттық
мағынаға ие сөздер.  Өйткені жинақтық мағыналы -ау, -еу жұрнағы  сан  есімге
заттық мағына үстейді. Атап  айтқанда,  жинақтық  сан  есім  қандай  да  бір
заттардың жиынтығын атайды. Алтау ала  болса,  аспандағыны  алдырар,  түртеу
түгел болса, төбенегіні түсірер.
      Сан есімнің синтаксистік  ерекшеліктері.  Сан  есімдер  заттың  сандық
белгілерін атайтын сөздер болғандықтан, оның негізгі синтаксистік қызметі  –
анықтауыш болу.  Өйткені олар заттың санын атағандықтан, зат  есіммен  ешбір
қосымша, көмекші сөздің көмегінсіз, орын тәртібі  арқылы  байланыса  береді.
Сан тесімнің мағыналық түрлерін жасайтын  тұлғалардың  сөз  бен  сөзді  (сан
есім мен зат есімді)  байланыстыруға  да,   сөйлем  мүшесін  жасауға  да  еш
қатысы жоқ.
      Сан есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат  есімше
қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш,  ілік  септігі
арқылы  анықтауыш   бола   алады.   Басқа   септіктер,   септулік   шылаулар
субстантивтенген сан есімді не толықтауыш, не  пысықтауыш  қызметіне  қояды.
Сан есім де зат есім сияқты  лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән  жай-
күйді атап баяндауыш бола береді. Сан есім де – адвербиалданатын  сөз  табы.
Сан есімдер заттың сандық  белгісі  емес,  етістік  арқылы  аталатын  қимыл,
әрекеттердің     белгілерін    білдіріп,    үстеудің     орнына     жұмсалып
(адвербиалданып) пысықтауыш та  бола  береді.  Мысалы,   Бір  келгенде,  бес
келді.

                             Практикалық бөлім:
   І  Сұрақтар мен тапсырмалар:
   1. Сан есімнің деген қандай сөз табы?
   2. Сан есімнің қандай мағыналық ерекшеліктері бар?
   3.   Сан  есімнің  мағыналық  түрлерін  ата.  Жасалу  жолдарын  сипаттап,
      мысалдар келтір
   4. Сан есімге қандай морфологиялық ерекшеліктер тән?
   5. Сан есімге тән синтаксистік ерекшеліктерді ата.


      ІІ Жаттығу жұмыстары
7-жаттығу. Сөйлемдегі сан есімдер мен етістіктерге  кешенді  сатылай  талдау
үлгісі бойынша морфологиялық талдау жаса.
    1) Төрт мыңдай жылқы сату керек. 2) Бір  жолы  алдыңғы  шептегі  жермен
       танысып,  көршілес  дивизияның  бір  батальонының  бақылау  пунктіне
       кірдім. 3) Құйма құлақ, зерек жігіт білімін бірталай кеңейтіп алған.
       4) Бесінші тілек тілеңіз... 5) Бұл жерден үш жұрт өтіпті, төртіншісі
       – біз. 6) Екі айдай ауылға барған жоқпын. 7) Соңғы  бір  жарым  айда
       екеуі күн сайын кездесіп тұрды. 8) Бұзаубақтың бар малы жалғыз қоңыр
       сиыры. 9) Мен біріншімін, сен –  екінші,  ол  –үшінші.  10)  Жұмысқа
       араласып адам бола бастағаны 2-3 жылдан бері ғана.
























                               17-18 сабақтар
           Тақырып:  Есімдік. Есімдіктің мағыналық ерекшеліктері.
 Сабақтың мазмұны:
           1. Есімдік туралы түсінік.
           2. Есімдіктің мағыналық ерекшеліктері
           3. Есімдіктің морфологиялық ерекшеліктері
           4. Есімдіктің синтаксистік ерекшеліктері.

Сабақ мақсаты:
       Есімдіктің семантикалық, морфологиялық, грамматикалық ерекшеліктерін
таныту.

                              Теориялық бөлім:


    Есімдік  –  сөйлемде  есім  сөздерді  алмастыратын  орынбасар   сөздер.
Есімдіктердің  сөйлемнен  тыс,  жеке   алғанда   ешқандай   дербес   тұрақты
лексикалық мағынасы жоқ.  Алайда сөйлемде ол өзі қай сөзді  алмастырса,  сол
сөздің лексикалық мағынасына  ие  бола  кетеді.  Мысалы,  мен  есімдігі  кез
келген бірінші  жақтағы  сөйлеушіні  білдіреді,  немесе  кейбір  белгісіздің
есімдігін кез келген зат есімнің орнына қолдануға болады.  Есімдік  сөйлемде
қай сөз табының орнына жұмсалса, сол сөз табының сұрағына жауап береді.
    Есімдіктің семантикалық ерекшеліктері.
    Есімдіктер толық лексикалық мағыналы сөздер  қатарына  жатады.  Өйткені
олар сөйлемде басқа бір сөздің орнына жұмсалып, өзі  жұмсалған  сөз  атайтын
заттарды, заттың белгілерін білдіреді.
    Қазақ тілінде есімдіктерді лексика-семантикалық қырынан жеті топқа бөлу
кең орын алған:
             1. Жіктеу есімдіктері: мен, сен, сіз, ол, біз.
             2. Сілтеу есімдіктері: анау, мынау, сонау, әне, міне, бұл, сол,
                осы, ол, , т.б.;
    7. Өздік есімдігі: өз.;
    8. Сұрау  есімдіктері:  кім,  не,  қай,  қайсы,  қандай,  қанша,  неше,
       нешінші, қайда, қалай, т.б.;
    9. Белгісіздік есімдіктері: бір, біреу, кей,  кейбір,  әр,  әркім,әлде,
       әлдекім, әлдеқашан, әрқашан,т.б. ;
   10.  Болымсыздық есімдіктері: еш,  түк,  дым,  ешкім,  ештеңе,  ешнәрсеғ
       ешқашан, ешбір, дәнеңе, т.б.;
   11.  Жалпылау есімдіктері:  бар, бәрі, барша,  барлық,  барлығы,  бүкіл,
       бүтін, күллі, тәмам.
    Есімдіктер  есім  сөздерді  алмастыру  мағынасы  бойынша   үш   логика-
семантикалық  топқа,  лексика-грамматикалық  мағыналары  қарай   екі   топқа
бөлінеді.
    Есімдіктердің логика-семантикалық топтары:
    1) Дейктикалық есімдіктер;
    2) Анафоралық есімдіктер
    3) Кванторлық есімдіктер
    Дейктикалық есімдіктер - сөйлесу  әрекетіне,  немесе  сөйлеу  жағдайына
қатысушыларды меңзеу мағынасына ие есімдіктер.  Бұл  қатардағы  есімдіктерге
сөйлеу әрекетіне  қатысушыларға  меңзейтін  есімдіктер:  (сөйлеуге  қатысушы
бірінші жақ – сөйлеушіні атайтын мен және біз; сөйлеуге қатысушы екінші  жақ
– тыңдаушыны атайтын сен, сіз есімдіктері) және сөйлеушінің  меңзеуі  (кейде
ойша) бағытталған объектілерге сілтейтін сілтеу есімдіктері (осы, сол,  әне,
міне, т.б.) жатады. Дейктикалық есімдіктер айқындылыққа мәнге ие.
    Анафоралық есімдіктер – бір мәтіннің ішіндегі алдыңғы бөлікте  аталған,
немесе  кейін  аталатын  ұғымдарға  сілтейтін  есімдіктер.   Сондықтан   бұл
есімдіктердің қатарына, негізінен, сілтеу есімдіктері (ол,  сол,  осы,  бұл,
сондай, сонша, мұнша, соғұрлым, ондай,  мұндай,  т.б.)  мен  өздік  есімдігі
жатады. Мысалы, Әйелдер қолдарын көлегейлеп қарап тұр. Олардың  қайда  қарап
тұрғанын аңғардың ба? Сен өзіңнің кінәңді білесің бе? Анафоралық  есімдіктер
қызметін бңр, белгісіздік есімдігі де атқара алады: Әсет  пен  Әсем  –  бір-
біріне жылы шырай танытпады.
    Кванторлық  есімдіктерге  белгісіздік,  сұрау,  жалпылау,   болымсыздық
есімдіктері жатады. Белгісіздік есімдіктері сөйлеушіге  таныс  емес,  немесе
сөйлеушіге таныс, тыңдаушыға таныс емес, сондай-ақ  екеіне  де  таныс  емес,
белгіісіз   объектілерге  меңзейді.     Жалпылау   есімдіктері   жинақталған
бірнеше объектіге меңзейді. Сұрау есімдіктері қандай да бір  объектінің  бар
екеніне, бірақ сөйлеуші  оны  айқын  білмейтініне,  тыңдаушының  айқындауына
меңзейді.  Болымсыздық   есімдігі   объектілердің   болымсыз,   жалғандығына
меңзейді.
    Есімдіктер лексика-грамматикалық  мағыналарына  қарай  заттық  мағыналы
есімдіктер,  белгі  (атрибутивтік)   мағыналы  есімдіктер  болып  жіктеледі.
Заттық мағыналы есімдіктерге кім, не сұрақтары мен  содан  өрбіген  сұрақтар
қойылады. Өйткені бұл есімдіктер  сөйлесу әрекетіне қатысушылар  мен  сөйлеу
жағдайына қатысы бар  объектілерге  (заттар  мен  заттық  ұғымдарға)  меңзеп
тұрады. Бұл қатарды жіктеу, өздік, белгісіздік есімдіктері мен  сұрау  (кім,
не сөздері), болымсыздық (ешкім, ештеңе, ешбіреу сөздері),  жалпылау  (бәрі,
барлығы  сөздері)  есімдіктері  құрайды.   Ал  белгі  мағыналы  есімдіктерге
заттар мен қимыл-әрекеттердің белгілеріне меңзейтін есімдіктер жатады.
    Есімдіктің морфологиялық ерекшеліктері.  Есімдік  те  –өзіндік  түрлену
жүйесі жоқ сөз табы. Алайда заттық мағыналы  есімдіктер  сияқты  зат  есімге
тән қосымшаларды да қабылдай алады.   Сондай-ақ  белгі  мағыналы  есімдіктер
заттанып, зат есімдердің қосымшаларымен түрлене береді. Мысалы, Ол  оқи  да,
жаза да білмеуші еді.  Мұны  көріп  тұрған  Берікбол  мен  Малтабар  сарттың
дүкенінен шықты.
    Есімдіктің ерекше морфологиялық ерекшелігін сөз  етушілер  жіктеу  және
сілтеу есімдіктерінің септелуін ерекше құбылыс ретінде көрсетіп жүр.
    А.с.: мен, бұл
    І.с.: ме-нің, мұ-ның
    Б.с.: ма-ған, бұ-ған
    Т.с.: ме-ні, мұ-ны
    Ж.с.: ме-нде (мен-де), мұ-нда
    Ш.с.: ме-нен, бұ-дан
    К.с.: ме-німен (мен-і-мен), бұ-нымен (бұ-ны-мен)


      Есімдіктің  синтаксистік  ерекшеліктері.  Есімдіктердің   синтаксистік
қызметтері оның лексика-грамматикалық мағынасына  байланысты  болып  келеді.
Заттық  мағыналы  есімдіктер  зат  есімге  тән  қызметтерді  атқарады.  Атап
айтқанда,  бұлардың  сөйлем  мүшесі  болуы  тікелей   септік   жалғауларының
қайсысын қабылдағаныныа байланысты болып келеді. Белгі  мағыналы  есімдіктер
сын есім мен сан есімдердің орнын басса - анықтауыш, е,тістіке  тән  белгіні
меңзесе   –   пысықтауыш   бола   береді.    Белгі    мағыналы    есімдіктер
субстантивтенген жағдайда, зат есім сияқты сөйлем мүшесі болады.

                             Практикалық бөлім:
   І  Сұрақтар мен тапсырмалар:
        1. Есімдік қандай сөз табы?
        2. Есімдіктің қандай мағыналық ерекшеліктері бар?
        3. Есімдіктің мағыналық түрлерін ата. Мысалдар келтір
        4. Есімдікке қандай морфологиялық ерекшеліктер тән?
        5. Есімдікке тән синтаксистік ерекшеліктерді ата.


      ІІ Жаттығу жұмыстары
8-жаттығу. Сөйлемдегі есімдіктер мен зат есімдерге  кешенді  сатылай  талдау
үлгісі бойынша морфологиялық талдау жаса.
    2) Кім көрінгені би болып, малымызды талап ала берді. 2) Тұратын үйлері
       қандай! 3) Қай жерде тазалық аз болса,  сол  жерде  ауру  құрты  көп
       болмақ. 4) Шырағым-ау ана содырдың атын мініп нелерің  бар  еді?  5)
       Түркістанға ертең жүретінімді естігенімде, барамын  деп  келіскеніме
       өзім өкіндім. 6) Қазақтың бар мұңы сиезде тұрған.  7)  Біреу  желіп,
       біреу шоқытып келеді. 8) Әр ауылдың, әр үйдің бір қазан бұзары,  бір
       биі болады ғой. 9) Қартқожаның  ойына  әлденелер  келді.  10)  Бірақ
       ойымда ешқашан арамдық болып көрген емес.





                               19-20 сабақтар
Тақырып:  Етістік. Етістіктің аналитикалық формалары. Етістіктің лексико-
грамматикалық категориялары.
                              Сабақтың мазмұны:
           1. Етістік  туралы түсінік;
           2. Етістіктің мағыналық ерекшеліктері;
           3. Етістік түбірінің грамматикалық ерекшеліктері;
   4. Көмекші етістіктер;
   5. Етістіктің аналитикалық формалары;
   6. Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары;
   7. Етістіктің синтаксистік ерекшеліктері.

Сабақ мақсаты:
       Етістіктің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік  ерекшеліктерін
таныту.

                              Теориялық бөлім:


    Етістік – сөйлемде заттың қимыл-қозғалысын, әрекеттерін,  өзгерістерін,
динамикалық және статистикалық қалып-күйін атайтын сөздер.
    Етістіктің семантикалық ерекшеліктері.
    Қазақ тіліндегі етістіктерді лексикалық  мағыналарындағы  ортақ  мағына
арқылы М. Оразов 12 лексика-семанткалық топқа  бөледі:
             1. Амал-әрекет  етістіктері.  Бұл  қатардағы  етістіктерде  іс-
                әрекеттің объектіге бағытталғанын  білдіретін  ортақ  мағына
                бар. Сондықтан амал-әрекет етістіктері лексика-грамматикалық
                мағынасы арқылы  сабақты  етістік  қатарына  жатады.   Амал-
                әрекет етістіктері өз  ішінен  бірнеше  лексика-семантикалық
                топтарға жіктеле алады:
    1. Қоректену етістіктері:  ішу,  жеу,  ұрттау,  қарпу,  қарбыту,  жұту,
       сораптау, жалау, сору, сораптау, т.б.;
    2. Жасау, құру етістіктері: құру, жасау, жарату, сөгу, өру, тоқу, тігу,
       т.б.;
    3. Қыру, жою етістіктері: бұзу, күлін көкке ұшыру,  жырту,  шабу,  сою,
       бауыздау, балталау,т.б.;
    4. Өзгерту етістіктері:  бояу,  өрнектеу,  қырлау,  тазалау,  бұйралау,
       өңдеу,т.б.;
    5. Объектіні қозғалту етістіктері:  алу,  беру,  итеру,  қозғау,  шашу,
       көтеру, лақтыру, түсіру, құлату,  т.б.;
    6. Объектіні толық  қамтымайтын  етістіктер:  керту,  найзалау,  шымшу,
       қамшылау, сипау, түрту, сұғу, т.б.;
    7. Объектінің қалпын өзгертетін етістіктер:  төңкеру,  аудару,  бүктеу,
       жазу, т.б.;
    8. Даралау, бөлшектеу етістіктері: ажырату, жіліктеу,  бөлу,  боршалау,
       т.б.;


             2. Қозғалу етістіктері. Бұл қатардағы етістіктерде  субъектінің
                бір орыннан екінші орынға ауысатынын білдіретін ортақ мағына
                болады. Қозғалу етістіктері де өз  ішінен  бірнеше  лексика-
                семантикалық топтарға бөлінеді:
    1. Бағыт-бағдарсыз, жалпы қозғалыс  етістіктері:  жүзу,  малту,  қалқу,
       қалқу, ағу; жүру, шабу, еңбектеу, сырғу, жорту, желу;  ұшу,  самғау,
       қалықтау, құлау, құлдилау, т.б.;
    2. Объектіге жақындау етістіктері: келу,  жақындау,  жанасу,  маңайлау,
       қапталдау;
    3. Объектіден алыстау етістіктері: кету, ұзау, алыстау, жөнелу, қашу ;
    4. Қимылдың  жоғарыдан  төменге  бағытталғанын  білдіретін  етістіктер:
       түсу, құлдилау, төмендеу, құлау, төгу, т.б.;
    5. Қимылдың  төменнен  жоғарыға  бағытталғанын  білдіретін  етістіктер:
       шығу, өрмелеу, өрлеу, т.б.;
    6. Кедергілі етістіктер: кіру, шығу, өсу, асу, аттау, секіру, т.б.;
    7. Қарқынды етістіктер: шабу, желу, жүгіру, зырлау, т.б.;
    8. Амал етістіктері: жорғалау, ентелеу, елпеңдеу, талтаңдау, байпаңдау,
       арбаңдау, т.б.;
    9. Сұйықтық етістіктері: ағу, тамшылау, сорғалау, атқылау,  құю,  төгу,
       саулау, т.б.;


             3. Сөйлеу етістіктері.  Сөйлеу етістіктері осы қатарға  жататын
                сөздердің  бәрінде  болатын   дыбыстау,   хабар   жеткізумен
                байланысты мағыналары арқылы бір үлкен  лексика-семантикалық
                топ құрайды. Бұл қатардағы етістіктер де өз  ішінен  бірнеше
                кіші лексика-семантикалық топтарға жіктеліп кетеді:
      1. Хабарлау етістіктері: айту, сөйлеу, деу, хабарлау, жеткізу,  дерек
         беру, аузынан шығып кету, тілге келу,  сөзге  араласу,  әңгімелеу,
         баяндау, т.б.;
      2. Сөйлесу етістіктері: сөйлесу, әңгімелесу, әзілдесу, айтысу, т.б.;
      3. Сұрау-жауап мәнді сөйлеу етістіктер: сұрау, тергеу,  жауап  беору,
         іздеу, т.б.;
      4. Көңіл-күйлі сөйлеу етістіктері: мысқылдау, келекелеу, келемеж ету,
         мазақтау, қарғау, балағаттау, мадақтау, жамандау, т.б.;
      5.  Жеке  қарым-қатынаспен  байланысты  сөйлеу  етістіктері:  жалыну,
         жалбарыну, сұрану, тілеу, мінәжат  ету,  бұйыру,  өкім  ету,  әмір
         қылу, кеңес беру, насихат жасау, т.б.;
      6. Бейнелік мәнді сөйлеу етістіктері:  міңгірлеу,  оттау,  былшылдау,
         бөсу, шәікілдеу, сыпсыңдау, т.б..


             4. Қалып-сапа (қалып-күй) етістіктері. Бұл қатардағы етістіктер
                қимыл-қозғалыс,  амал-әрекетті  атамайды,  заттың   қалпына,
                күйіне қатысты белгілерді, атап айтқанда, бір күйден  екінші
                күйге,  бір  қалыптан,  екінші  қалыпқа  ауысуын,   өзгеруін
                атайды. Өз ішінен үш топқа жіктеуге болады:
   1. Сапалық қалып етістіктері:  көгеру,  азаю,  көбею,  ағару,  қалыңдау,
      ұзару, сөну, жану, шіру, т.б.;
   2. Жанды заттардың қалып-күйін білдіретін етістіктер: азу, толу, семіру,
      жантаю, ұйықтау, ояну, ауру, өлу, ісу, жүдеу, шаршау, арықтау, т.б.;
   3. Статикалық қалып етістіктері: отыру, тұру, жүру, жату.


             5. Сезіну етістіктері. Бұл етістіктерде сезім  мүшелері  арқылы
                түйсіну мағынасы бар. Өз ішінен төмендегі топтарға бөлінеді:
    1. Көру етістіктері: қарау, тесілу,  көру,  телміру,  көз  қырын  салу,
       сығалау, көзін алмау, қараңдау, ағараңдау, көздеу, т.б.;
    2.   Есту етістіктері: тыңдау, есту, құлақ салу,  құлақ  түру,  құлаққа
       жету, т.б.;
    3.   Иіс етістіктері: сасу, мүңку, аңқу, иістену, мұрынды жару, т.б.;
    4.   Терімен сезіну етістіктері: тоңу, жаурау, қышу, ұю, т.б..


             6.  Ойлау  етістіктері.  Адамның  ойлану  әрекетін   білдіретін
                етістіктердің басқа ЛСТ-ғы етістіктерге қарағанда  саны  аз:
                ойлау, еске түсіру, ойдан  шығару,  түсіну,  аңдау,  аңғару,
                ескеру, есііне алу, есіне  салу,  басы  қату,  басы  айналу,
                т.б..


             7. Көңіл-күй  етістіктері.  Бұл  қатардағы  етістіктер  адамның
                психологиялық  және  эмоциялық  қалпымен  байланысты  қимыл-
                әрекеттерді білдіреді. Өз ішінен екіге бөлінеді:
    1. Психологиялық көңіл-күй етістіктері: ұялу, қысылу, тартыну,  бетінен
       оты шығу, абыржу, сескену, қорқу, т.б.;
    2. Эмоциялық көңіл-күй етістіктері: ұнату, жақтыру, еркелеу,  ардақтау,
       әлпештеу, ғашық  болу,  қаплану,  ашулану,  ренжу,  жылау,  долдану,
       мейірі түсу, мұңаю, т.б


             8.   Дыбыс-сес,  бейнелеу  етістіктері.  Бұл  қатарға   еліктеу
                сөздерден қалыптасқан етістіктер жатады. Өз  ішінен  бірнеше
                топқа бөлінеді:
           1. Дыбыстық еліктеу етістіктері: арпылдау,  күркілдеу,  маңырау,
              боздау,  өкіру,   сыңсу,   гүрілдеу,   сарқырау,   тарсылдау,
              сыңғырлау, гүрс ету, сарт ету,  т.б.;
           2. Бейнелеуіш етістіктер: жарқылдау,  ербию, далбаңдау, теңселу,
              көлбеңдеу, кілт ету, жалп ету,т.б..


             9.   Өсіп-өну   етістіктері.   Бұл   қатардағы   ЛСТ-қа    тірі
                организмдердің   өсіп   жетілуімен,   дамуымен    байланысты
                қимылдарды атайтын сөздер жатады: балалу, боталау, күшіктеу,
                туу, құлындау, жұмыртқалау, босану, бала  көтеру,  өсу,  бүр
                ашу, гүлдеу, түйіндеу,  пісу,  жетілу,  ер  жету,  балиғатқа
                толу, қартаю, т.б.


            10.  Табиғи  құбылыстарға   байланысты   қимылдарды   білдіретін
                етістіктер: бұлттану,  борандату,  бұрқасындату,  нөсерлету,
                желдету, қас қараю, т.б.
            11. Субъектив мәнді етістіктер: азсыну,  менсінбеу,  білгішсіну,
                масаттану, т.б.
            12.  Қарым-қатынас  етістіктері.  Бұл  қатардағы  ЛСТ-ты   түрлі
                заттардың (әсіресе адамдардың)  сан  алуан  қарым-қатынасына
                байланысты қимылдарды білдіретін етістіктер құрайды.
         1. Теңестіру етістіктері:  теңеу,  салыстыру,  шендесу,  дәл  келу,
            т.б.;
         2.   Иелену мәнді етістіктер: иелену, ие болу, меншіктеу, тәуелдеу,
            иемдену, еншілесу, ұрлау, жымқыру, алу, беру, т.б.;
         3. Сәлемдесу, қоштасу етістіктері: қол беру, амандасу, қоштасу, қол
            алысу, бас изеу, танысу, т.б.;
         4. Құрметтеу етістіктері: құрметтеу, алақанға асалу, ізет  көрсету,
            арқаға қағу, сыйлау, өбектеу, бәйек болу, мәймөңкелеу, т.б.;
         5. Өктемдік жүргізу мәнді етістіктер: әмір жүргізу, билік ету,  бір
            шыбықпен айдау, бас ию,  ырқына  көну,  құлақ  асу,  тізе  бүгу,
            ауанына көшу, т.б.;
         6. Көмектесу мәнді етістіктер: қол ұшын беру, жәрдем қылу,  болысу,
            сөзін сөйлеу, аузына ақ тамызу, қамқор болу, т.б.;
         7. Жауласу және достасу мәнді етістіктер: тайталасу, керісу,  қызыл
            шеке болу, алқымынан  алу,  кесе  көлденең  тұру,  дұшпан  болу,
            елдесу, ауыз жаласу, татуласу, т.б..

    Етістіктің лексика-семантикалық ерекшеліктері олардың  басқа  сөздермен
лексика-семантикалық байланыс орнатуына әсер етеді.


    Етістік  түбірінің  грамматикалық  ерекшеліктері.  Етістік  –   қимылды
білдіретін грамматикалық мағынаға ие. Етістіктің бұл  мағынасы  –  оны  жеке
сөз табы ретінде  тануға  негіз  болатын  мағына.  Алайда  етістік  сөйлемде
ешқашан таза  етістік  мағынасымен  қатыспайды,  үнемі  басқа  грамматикалық
мағыналармен  қоюланып  қолданылады.  Ал   бұл   грамматикалық   мағыналарды
етістіктің негізіне  (лексикалық  мағына  беретін  бөлігіне)  қосылатын  сөз
түрлегндіруші   түрлі  морфологиялық  тұлғалар  ғана  үстей  алады.   Ендеше
етістік  –  сөйлемде  түрленбей  қолданылмайтын  сөз  табы.  Бұл  –  етістік
түбірінің бірінші ерекшелігі. Яғни, басқа сөз таптары сөйлемге түрленіп  те,
түрленбей де қатыса беретін болса, етістік түрленбеген  жағдайда,  сөйлемнен
орын ала алмайды.
    Етістік – өзін түрлендіруші  тұлғаларға  ең  бай  сөз  табы.  Етістікті
түрлендіруші тұлғалар қанша көп болса да,  етістікке белгілі  бір  тәртіппен
қосылады.  Етістікті  түрлендіретін  тұлғаларды   түбірге   қосылу   ретіне,
тәртібіне қарай төрт қатарға жіктеп алуға болады:
      Бірінші қатарды етістік түбірге  алдымен  жалғанатын  етіс  жұрнақтары
құрайды. Етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана алады.
       Екінші қатарда етістікке кейде тікелей түбірге (негізге), кейде  етіс
жұрнақтарынан  кейінгі  кезекте  қосылатын  (-ңқыра,    -іңкіре   күшейтпелі
етістік жұрнағы  деп танылатын қосымшаны және  қимылдың  өту  кезеңдері  мен
амалдарын білдіретін аналитикалық форманттарды  есепке  алмағанда)  болымсыз
етістік жұрнағы тұрады.
      И  Маманов  етіс  және  болымсыз  етістік   қосымшаларымен   түрленген
етістіктерді  модификациялық етістіктер деп атаған.
             Үшінші  қатарды  кейде  етістікке  тікелей   қосылатын,   кейде
етістікке етіс немесе болымсыз етістік жұрнағының бірінен  кейін   қосылатын
есімше, көсемше, тұйық етістік (қимыл есімі),  шақ,  рай,  модаль  тұлғалары
құрайды.  Етістік  сөйлемде  қолданылғанда  осы  қатардағы  тұлғалардың  тек
біреуін ғана қабылдайды және бұл қатардағы  тұлғалардың   бірінсіз  сөйлемде
қолданылмайды. Бұл қатардағы  тұлғалар  етістіктің  функционалдық  тұлғалары
деп аталады.
            Төртінші қатарда  етістік  тиянақты  баяндауыш  мүше  қызметінде
жұмсалғанда,  үшінші қатардағы тұлғалардың бірінен  кейін  қосылатын  жіктік
жалғау тұрады. Сондықтан етістік түбірінің екінші  грамматикалық  ерекшелігі
шығады:  етістік  түбірі  тікелей  жіктелмейді,   тек   шақ,   рай,   модаль
тұлғаларының бірін қабылдап барып жіктеледі.  Дегенмен жіктік жалғау  бұйрық
рай мағынасын бергенде  етістіктің   негізіне  тікелей  қосылады,  сондай-ақ
статикалық қалып етістіктері де өз бойында  ашық рай  (осы  шақ)  мағыналары
бар болғандықтан, жіктік жалғауын тікелей қабылдай алады.
    Көмекші  етістіктер.  Көмекші  етістіктер  –  атауыш  сөздің  жетегінде
келетін, лексикалық мағынасы жоқ  (немесе  лексикалық  мағынасынан  сөйлемде
уақытша айырылған), өзі  тіркескен  сөзге  әралуан  грамматикалық  мағыналар
жамап түрлендіретін, өзі етістік сияқты түрленетін (етіс, болымсыз  етістік,
шақ,  рай,  модаль   тұлғаларын   қабылдайтын)   көмекші   сөздер.   Көмекші
етістіктердің   атауыш   етістіктер   сияқты   түрлену    қабілеті    оларды
морфологиялық  принцип  бойынша  етістіктердің  аясында  қарастыруға   негіз
болған.    Көмекші  етістіктер  де  шығу  төркіні  жағынан  толық   мағыналы
етістіктерден  қалыптасқан.  Олардың   көмекші   етістікке   айналуына   өзі
тіркескен  сөзге  грамматикалық  мағына  жамау  үшін  жұмсалуы,   лексикалық
мағынасынан айырылуы себеп болған.
      Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер қатарына  отыздан аса  сөз  жатады.
Бұлардың саны соншалықты аз болғанмен, тілдегі атқаратын  қызметтері  орасан
зор және білдіретін мағыналары аса бай.
      Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер тілде  жұмсалу  ерекшелігіне  қарай
тұрақты көмекші етістіктер  және  уақытша  көмекші  етістіктер  болып  екіге
бөлінеді.
      Тұрақты  көмекші  етістіктерге  бүгінде  тек  көмекшілік  қызмет  қана
атқаратын,  лексикалық  мағынасынан  толық  айырылған   етістіктер   жатады.
Тіліміздегі бұл қатардағы етістіктердің саны шектеулі, олар:  е-,  ет,  қыл,
жазда көмекші етістіктері. Осы қатарға шартты түрде бол етістігін де  қосуға
болады. Бол етістігін, негізінен, уақытша  көмекші  етістік  деп  те  тануға
болады.  Өйткені  бұл  сөз  кей  жағдайларда   тездету   және   біту,   бару
етістіктерімен синонимдес лексикалық мағынаны білдіре  алады  (мысалы,  Бол!
Бас аяғыңды!  Бүгінше  болдым.  Ол  аймақта  болғанмын.).Сонымен  қатар  бол
етістігі ет, қыл етістіктері сияқты көмекшілік қасиетке де  ие.  Бұл  үшеуі,
негізінен, есім сөздерден құранды етістік жасайды: ыза болу, ие болу,  еңбек
ету, қанағат  қылу,  т.б.  Бол  етістігі,  сонымен  қатар,  қимылдың  соңғы,
аяқталу кезеңін білдіретін  аналитикалық  формант  құрамында  да  кездеседі.
Мысалы, Үйді салып болған. Бұл қасиет ет және қыл  етістіктеріне  тән  емес.
Ет етістігі еліктеу сөздерден де құранды етістік жасайтын қызметке ие:  бұрқ
ету, сарт ету, т.б..
      Сонымен, ет, қыл, бол етістіктері – сөзжасамдық қабілетке  ие  көмекші
етістіктер.    Бұл   қасиет   –   оларды   басқа    көмекші    етістіктерден
ерекшелендіретін басты белгі.
      Е-  көмекші  етістігі  (тарихи   тұрғыдан   ер   көмекші   етістігенен
қалыптасқан) – тілімізде емес, екен, еді тұлғаларында жұмсалады.
      Уақытша  көмекші  етістіктерге  тілімізде  бірде   дербес   лексикалық
мағынасымен жұмсалып, толық мағыналы сөз ретінде қолданылатын,  бірде  басқа
толық мағыналы етістіктің  жетегінде  келіп,  лексикалық  мағына  білдірмей,
жетекші етістікке қандай да бір грамматикалық мағына  үстейтін  аналитикалық
форманттың құрамында келетін  етістіктер  жатады.  Мысалы,  Кітабын  сөмкеге
салды деген сөйлемде етістік затты бір орыннан  қозғап,  екінші  бір  ыдысқа
ауыстырғанын білдіретін лексикалық мағынада, яғни  толық  мағында  жұмсалса,
Ойындағысын айта салды деген сөйлемде енді  сол  етістік  бірінші  мысалдағы
лексикалық мағынаны да,  одан  туындайтын  басқа  лексикалық  мағынананы  да
білдірмеген, сөйлемдегі негізгі қимыл айту етістігінің  лексикалық  мағынасы
арқылы  беріліп,  сал  етістігі  –а  көсемше  жұрнағымен  бір  морфологиялық
түрлендіруші тұлғаға айналып, айту қимылының  іс  иесі  (субъект)  тарапынан
немқұрайды жүзеге асқанын білдіретін  грамматикалық  мағына  жамаған,  яғни,
көмекшілік қызметте келген.
      Қазақ тіліндегі уақытша көмекші етістіктерге:  ал,  бақ,  бар,  баста,
бер, бол, біл, біт, жат(ыр), жөнел, жүр, жібер, кел, көр,  қал,  қой,  отыр,
тұр, өт, сал, таста, түс, шық сөздері жатады.  Бұлар есімше, көсемше  немесе
етістіктің басқа  қосымшаларымен  бірлесіп,  құранды  күрделі  морфологиялық
түрлендіруші   тұлғаға   (аналитикалық   формантқа)    айналып,    етічтікке
қосылғанда, етістіктің аналитикалық тұлғаларын (формаларын)  қалыптастырады.
Қосымша   мен   көмекшіетістіктен   тұратын    аналитикалық    форманттардың
грамматикалық мағыналары етістіктің әр түрлі грамматикалық  категорияларының
пардигмасына енеді.
      Қазақ тіліндегі ерекше қасиетке ие, әрі көмекші етістік,  әрі  негізгі
етістік бола  алатын  сөздердің  бірі  –  де  етістігі.  Де  етістігі  толық
мағыналы сөз ретінде сөйлеу етістіктерінің қатарына  жатады.  .  Мысалы,  Не
дедің?,  сәлем  де,  солай  де,  т.б.  Сонымен  қатар  ойлау  етістіктерінің
мағынасын да бере  алады.  Мысалы,  «Не  де  болса  барайын.  Қалғанын  бара
көрерміз», - дедім ішімнен.  Бұл құбылыс де етістігімен  байланыстағы  ойлау
етістігінің сөйлемнен  ықшамдалуы,  бірақ  оның  лексикалық  мағынасының  де
етістігіне  көшуімен  байланысты:  деп  ойладым   ішімнен   конструкциясынан
ойладым сөзі түсіп қалып, автор сөзі дедім ішімнен нұсқасында қолданылған.
      Де етістігінің басты қасиеті – төл сөз бен  автор  сөзін  байланыстыру
қызметі. Бұл қызметтегі де етістігі екі түрлі жұмсала алады. Біріншіден,  ол
сөйлемде  толық  мағыналы  сөз  ретінде  көрінеді,  екіншіден,  көмекші  сөз
түрінде қолданылады. Де  етістігі  қандай  семантикада  жұмсалса  да,  мейлі
толық мағыналы сөз, мейлі көмекші сөз ретінде көрінсе де басты қызметінен  –
төл сөз бен автор сөзін  байланыстыру  қабілетінен  айрылмайды.  Мысалы,   –
Рақмет, осы  атағаның  да  болады,  –  деді  Аман.  Бұл  мысалда  де  сөйлеу
етістігінің  семантикасында  толық  мағыналы  сөз  ретінде  жұмсалып,  автор
сөзіндегі сөйлемнің  баяндауышы  қызметінде  келген.  Әрі  төл  сөзді  автор
сөзімен  ұштастырып,  байланыстыру  қызметін  де  атқарған.  Автор   сөзінің
құрамында толық мағыналы  сөйлеу,  ойлау  етістіктерінің  бірі  қатысса,  де
толық мағыналы сөз болмай қалады, тек төл сөзі автор сөзімен  өзі  бағыныңқы
болған етістікке, не  зат  есімге  ұштастыру  арқылы  байланыстыру  қызметін
атқарады: «Болыс осы ауылға келеді екен», – деген хабар тез  тарады.   –  Ой
оңбаған! Жоғалт көзіңді! – деп бар дауысымен айғай салды.
    Де етістігін басқа етістіктерден ерекшелендіретін тағы  бір  қасиеті  –
жіктік жалғаулы етістіктермен тіркесе алу қасиеті. Тілімізде  барайық  деді,
келемін депті, қайтамыз дескен, т.б. с.с. тіркестер жиі қолданылады.  Мұндай
қабілет де етістігенен басқа бір-бір  етістікке  тән  емес.  Де  етістігінің
жіктік жалғаулы сөзге тіркесу мүмкіндігі тікелей төл  сөз  бен  автор  сөзін
байланыстыру қызметінен дамып қалыптасқан.  Өйткені  төл  сөздегі  сөйлемнің
баяндауышы етістіктен болғанда жіктік  жалғауын  қабылдап,  сөйлемді  аяқтап
тұратыны белгілі.  Төл  сөз  жеке  сөйлемдік  қасиетінен  айырылғанда,  атап
айтқанда, жеке сөйлемдік сазынан айырылғанда,  автор  сөзімен  бір  сөйлемге
айналып тұтасып кетеді: Ертең барамыз дедім ғой!
    Де етістігі таза көмекшілік қызметте, аналитикалық формант құрамында да
кездеседі. Мысалы, Қалаға кетейін деп жүр. Қорқайын дедім. Бұл  аналитикалық
формант  қимылдың  жасалуға  жақындағанын,   субъектінің   қимылды   жасауға
бейімделгенін білдіреді
    Деп етістігі өзі тіркескен  сөзге,  сөйлемге  мақсат  мағынасын  үстеп,
септеулік шылау қызметінде де  көрінеді.  Мысалы,  Мен  мұнда  бір  сен  деп
келдім. Жау  сезіп  қалмасын  деп,  барлаушылар  жер  бауырлап  қана  жылжып
келеді.


    Етістіктің аналитикалық формалары. Ертеректегі әдебиеттерде көріп қалды
үлгісіндегі сөз тұлғаларына да және барып келді үлгісіндегі сөз  тұлғаларына
да күрделі етістік термині қоллданылып келді.  Алайда  бұлардың  табиғаттары
бірдей емес, бірі –  аналитикалық  тәсілмен  түрленген  сөздің  тұлғасы  да,
екіншісі – аналитикалық  тәсілмен  жасалған  күрделі  сөз.  Бірінші  мысалда
дербес лексикалық мағына көр етістігінде ғана  бар,  қал  етістігі  ешқандай
лексикалық мағынаны білдірмейді, ол  алдындағы  көсемшемен  бірігіп,  дербес
мағыналы етістікке қимылдың кенеттен  болғандығын  білдіретін  грамматикалық
мағына жамаған. Ендеше –п қал екі морфемадан құралған бір  сөз  түрлендіруші
аналитикалық тұлға. Ал мұндай жолмен түрленген сөздер  аналитикалық  формалы
сөз болып табылады.  Екінші мысалдағы лексикалық  мағына  барып  кел  бөлігі
арқылы берілген, мұнде жеке-жеке алғанда дербес   мағыналы  бару  және  келу
етістіктері тіркесу арқылы солардың лексикалық мағыналарынан тұратын  үшінші
бір  күрделі  лексикалық   мағына   қалыптасқан.    Ендеше   барып   кел   –
аналитикалық тәсіл арқылы жасалған тіркесті  күрделі  сөз.  Табиғаттары  екі
басқа сөз тұлғаларын  бір  терминмен  атауға  болмайды,  олардың  екеуін  де
күрделі сөзге жатқызу дұрыс емес. Сондықтан аналитикалық тәсілмен  түрленген
сөздерді сөздің аналитикалық формасы (немесе аналитикалық формалы  сөз)  деп
атаймыз, ал аналитикалық тәсілмен жасалған сөздерді  күрделі  сөз  деп  атай
береміз.
    Аналитикалық сөз формалары тек  көмекші сөздің қатысуымен  қалыптасады.
Көмекші сөз  болмаған  жерде,  аналитикалық  формант  та,  аналитикалық  сөз
формалары да болмайды. Бірақ көмекші сөздің бәрі аналиткалық  сөз  формларын
қалыптастыра бермейді, кейде аналитикалық  тәсілмен  жасалған  туынды  сөзді
қалыптастыруы мүмкін. Мысалы, жарқ етті, еңбек қыл деген мысалдарда  еліктеу
сөз бен зат есімге көмекші етістіктер тіркескен. Бұлар аналитикалық  формалы
сөзге  жатпайды,  аналитикалық  тәсілмен  жасалған  тіркесті  күрделі  сөзге
жатады. Аналитикалық формалы сөздің төрт белгісі болады:
   1) Сөздің аналитикалық формасы  белгілі  бір  грамматикалық  категорияның
      парадигмалық жүйесіне енуі керек;
    2) Әрбір аналитикалық формалы сөздің дербес  лексикалық  мағынасы,  сол
       лексикалық   мағынадан   туындайтын   сөз   табы   ретіндегі   жалпы
       грамматикалық мағынасы және көмекші сөз (немесе қосымша мен  көмекші
       сөз) арқылы берілетін категориялық грамматикалық мағынасы болады;
    3) Аналитикалық формалы сөз көмекші сөздер және аналитикалық форманттар
       арқылы жасалады;
    4) Сөздің аналитикалық формасы белгілі бір сөз табына жататын сөздердің
       басым көпшілігінен жасала береді.
    Қазақ  тіліндегі  аналитикалық  формалы  сөздерді  үш   түрлі   құрамда
кездестіруге болады:
   1) Дербес сөз+қосымша+көмекші сөз (қара+п қал-ды, үй+ге қарай);
   2) Дербес сөз+көмекші сөз (жүр еді);
   3) Көмекші сөз+дербес сөз (өте жақсы).
    Аналитикалық тәсілмен түрленген  етістіктерді  етістіктің  аналитикалық
формалары деп те,  аналитикалық  формалы  етістіктер  деп  те,  тіпті  кейде
аналитикалық  етістікер  деп  те  атай  береміз.   Етістіктің   аналитикалық
формалары  етістіктің  аналитикалық  форманттары  арқылы  ғана  қалыптасады.
Аналитикалық формант дегеніміз – қосымша мен көмекші сөзден тұратын  белгілі
бір  сөз  табының  қандай  да  бір   грамматикалық   категориясына   жататын
грамматикалық  мағынаға  ие  күрделі   морфологиялық   түрлендіруші   тұлға.
Етістіктің аналитикалық форманттары құрамына қарай кемінде  екі  морфемадан,
немесе одан да көп морфемалардан  құралуы  мүмкін.  Мысалы,  Алақаныма  қыса
қойдым. Мен шықшыттан періп кеп жібердім.


    Етістіктің  лексика-грамматикалық  және  грамматикалық   категориялары.
Етістік  –  сөз таптарының ішіндегі грамматикалық  категорияға  ең  бай  сөз
табы.   Етістіктің   грамматикалық    категориялары    лексика-грамматикалық
категориялар  және  таза  грамматикалық  категориялар  деп  екіге  бөлінеді.
Етістіктің лексика-грамматикалық категорияларына салттылық-сабақтылық,  етіс
және болымды-болымсыздық категориялары жатады. Ал сипат,  шақ,  рай,  модаль
категориялары етістіктің таза грамматикалық   категориялары болып  табылады.

    Салттылық-сабақтылық, етіс  және  болымды-болымсыздық  категорияларының
лексика-грамматикалық категория деп танылуына  осы  категорияларды  құрайтын
грамматикалық мағыналардың тікелей лексикалық  мағынамен  байланысып  жатуы,
немесе осы категориялардың тұлғаларын  етістікке  қосқанда  оның  лексикалық
мағынасына  аз-кем  өзгеріс  енуі  себеп  болған.  Ал  таза   граммаатикалық
категориялардың мағыналары – лексикалық мағынаға  тікелей  байланысты  емес,
сөз табы ретіндегі грамматикалық мағынаның үстіне жамалатын мағыналар.
    Етістіктің есімше, көсемше және қимыл есімі мен  қимыл  иесі  тұлғалары
жеке-жеке грамаатикалық категорияларды құрамайды,  бұлар  етістіктің  ерекше
түрлері  деп  танылады.  Рас,  есімше   мен   көсемше   шақ   категориясының
грамматикалық мағыналарын білдіреді, сол  категорияның  формалық  көрсеткіші
деп танылады, бірақжеке өздері  грамматикалық категория бола алмайды.
    Етістіктің   лексика-грамматикалық   категорияларының,   оның    ішінде
салттылық-сабақтылық және етіс  категорияларының  грамматикалық  мағыналарын
дұрыс ажырату үшін етістіктің зат  есімдермен  қарым-қатынастарына,  дәлірек
айтқанда, етістік атайтын шындық өмірдегі қимылдың зат есім  атайтын  шындық
өмірдегі заттармен қарым-қатынастарына үңіліп, сипатын ашып алайық.  Етістік
қатарына жататын тілдегі сөздер өмірдегі әралуан қимыл-қозғалыстарды,  амал-
әрекеттерді,  қалып-күйлерді  атайды.  Ал  бұл  аталған   белгілер   (қимыл-
қозғалыстар, амал-әрекеттер, қалып-күйлер)  затқа  ғана  тән.  Зат  болмаған
жерде, аталған белгілер де болуы мүмкін емес. Ендеше зат  пен  қимыл,  қимыл
мен зат бір бірімен тығыз диалектикалық байланыста болады. Өмірдегі зат  пен
қимылдың, немесе қимыл  мен  заттың  байланыстарын  үш  түрлі  қарым-қатынас
ыңғайында тануға (көруге) болады.
    Біріншіден, зат қимылдың иесі болады, немесе, керісінше  айтсақ,  қимыл
заттың не динамикалық-процестік,  не  статистикалық-қалыптың  белгісі  болып
табылады.  Зат  пен  қимылдың  мұндай  қатынасын  субъектілік  қатынас   деп
танимыз. Мысалы, Бала оқыды деген сөйлемде бірінші  сөз  (зат  есім)  арқылы
зат аталған, екінші сөз  (етістік)  арқылы  қимыл-әрекет  аталған.  Зат  пен
қимылдың  қарым-қатынасына  үңілсек,  зат  қимыл-әрекетті   атқарушы,   яғни
қимылдың субъектісі болып тұр. Ал қимыл  заттың  предикаттық  белгісі  болып
тұр. Сондықтан  қимылды  атқарушы  затты  логикалық  субъекті  деп  атаймыз.
Жоғарыдағы логикалық субъектіні атаған зат есім әрі  грамматикалық  бастауыш
қызметінде  тұр.  Бұлардың  орындарын   ауыстырып   қолданып,   синтаксистік
қатынастарын өзгерткенмен, олардың  арасындағы  логика-семантикалық  қатынас
өзгермейді:  Оқитын  бала  ...  Мұнда  етістік  предикат-белгіден  анықтауыш
белгіге  айналғанмен,  зат  есім  бастауыш  (сөйлемдегі   баяндауыш   арқылы
берілетін  іс-әрекет,  жай-күйдің   иесін   білдіретін   тұрлаулы   мүшеден)
анықталушы сөзге  ауысқан,  бірақ  зат  пен  қимылдың  араларындағы  логика-
семантикалық қатынас өзгерген жоқ,  бала  –  өзіне  анықтауыш  болып  тұрған
етістіктегі қимылдың иесі, етістік – сол зат жасаған қимыл.
    Екіншіден, зат қимылдың объектісі болады. Объекті – субъектінің  қимылы
тікелей немесе  жанама  қамтитын,  қамтыған  зат.  Мысалы,  Нұржан  дәптерді
Әсемге берді деген сөйлемдегі қимыл (беру) мен  заттардың  (Нұржан,  дәптер,
Әсем) қарым-қатынастарына үңілсек, Нұржан  деген  зат  қимылды  жасаушы  зат
(қимылдың субъектісі) болады да, қалған  екі  зат  (дәптер  мен  Әсем)  беру
қимылы қамтиған  заттар  боалды.  Атап  айтқанда,  дәптер  –  қимылдың  тура
объектісі, Әсем – жанама  объектісі.  Басқаша  айтсақ,  беру  қимылы  жасалу
барысында дәптер деген затты қозғалысқа  түсірді  (дәптер  Нұржаннан  Әсемге
өтті), сондай-ақ Әсем деген  затқа  бағытталды.  Зат  пен  қимыл  арасындағы
осындай қарым-қатынастарды объектілік қатынас дейміз.  Қимылдың  объектілері
өз ішінен тура объекті (қимыл тікелей қамтитын заттар) және  жанама  объекті
(қимыл жанама қамтитын заттар) болып екіге бөлінеді.  Жанама  объектілер  өз
ішінен  адресат-объект,  адрес-объект,  адресант-объект  және   құрал-объект
болып жіктеле алады.
    Үшіншіден, зат пен қимыл өзара көлемдік қатынастарда  байланысады.  Зат
пен қимылдың көлемдік қатынасы, негізінен, кеңістік ішінде,  атап  айтқанда,
зат қимылдың кеңістіктегі орны,  мекені,  бағыты  ретінде  көрінеді.  Қандай
қимыл  болмасын  уақыт  пен  кеңістіктен  тысқары  жасалмайды.  Яғни,  қимыл
жасалар болса, белгілі бір уақыт ішінде, шектеулі мерзім  аралығында  өтеді,
сондай-ақ белгілі бір көлемдегі  кеңістікті  қамтып,  жүзеге  асады.  Заттар
қимылдың  сол  кеңістіктегі  орны:  адресат-мекені  (бағыт-бағдары),   нақты
мекені, адресант-мекені  болып  табылады.  Мысалы,  Омар  Алматыдан  Семейге
келді деген сөйлемдегі Алматы – келу қимылының  кеңістіктегі  басталу  орны,
адресант  мекені,  Семей  –  сол  қимылдың  бағыты,  кеңістіктегі   аяқталар
нүктесі, яғни, адресат-мекені. Зат пен қимыл арасындағы  қатынасты  мекендік
қатынас деп атуға болады.
    Зат пен қимыл арасындағы субъектілік қатынас, бір  жағынан,  етістіктің
етіс   категориясының   мағыналарына,    екіншіден,    сөйлемнің    тұрлаулы
мүшелерінің, бастауыш пен баяндауыштың мағыналық қарым-қатынастарына  арқау,
негіз  болады,  объектілік  қатынас,  бір  жағынан,  етістіктің   салттылық-
сабақтылық  категориясының  мағыналарына,  екіншіден,  сөйлемнің  толықтауыш
мүшелерінің  мағыналарына   арқау,  негіз  болады.  Ал  зат   пен   қимылдың
арасындағы мекендік қатынастар тек сөйлем мүшелерінің,  оның  ішінде,  мекен
пысықтауыштардың, мағыналарын құрайды.


    Салттылық-сабақтылық  категориясы.   Салттылық-сабақтылық   категориясы
етістіктің  салттылық  және  сабақтылық  мағыналарынан  тұрады.   Етістіктің
салттылық-сабақтылық мағыналары – етістікке  арнайы  грамматикалық  тұлғалар
қосылмай-ақ, етістік негізі арқылы берілетін, дәлірек  айтқанда,  етістіктің
лексикалық мағынасынан шығатын  мағыналар.  Кез  келеген  етістіктің  түбірі
немесе негізі не салт мағыналы, не сабақты мағыналы болып келеді. Салттылық-
сабақтылық мағыналар  грамматикалық  мағына  қатарына  жатады.  Мысалы,  оқы
етістігі арқылы аталтын қимыл –  тура  объектіні  (тікелей  қамтитын  затты,
кітап, газет, жазу, т.б.) қамтып жасалатын қимыл.  Қимылдың  осы  ерекшелігі
оның алдымен лексикалық мағынасын қалыптастыратын  негізгі  бір  компонентке
(семаға), одан әрі сабақтылық мағынасына  (грамматикалық  мағынасына)  негіз
болады. Семантикасында осындай қасиет бар  етістіктерді  сабақты  етістіктер
дейміз. Ал кел етістігінде мұндай қасиет  жоқ.  Кел  қимылы  тура  объектіні
қамтымай-ақ жасалатын қимыл,  тіпті  бұл  қимылдың  жасалуына  тура  объекті
мүлдем  қажет  емес.  Сондықтан  кел  етістігінің  лексикалық   мағыналдарын
құрайтын мағыналық компоненттердің  ішінде  «тура  объектіні  қамту»  семасы
жоқ. Кел етістігінің лексикалық мағынасындағы осы ерекшелік  оның  салттылық
мағынасына негіз болады. Сонымен,  лексикалық  мағынасында  «тура  объектіні
қамту» семасы бар, грамматикалық  мағынасы  арқылы  тура  объектіні  атайтын
сөзді қажет ететін  етістіктерді  сабақты  етістік,  лексикалық  мағынасында
«тура объектіні  қамту»  семасы  жоқ,  грамматикалық  мағынасы  арқылы  тура
объектіні атайтын сөзді қажет етпейтін  етістіктерді  салт  етістік  дейміз.
Салт етістіктердің тура объектіні қажет  етпеу  және  сабақты  етістіктердің
тура  объектіні  қажет  ету   мағыналары   етістіктің   салттылық-сабақтылық
категориясының мағыналарын құрайды.
    Етістіктердің салттылық-сабақтылық қасиеттерін  айқындау  үшін  олардың
семантикасына көңіл бөлуден гөрі тіркесімділік қабілеттеріне назар аудару  –
 кеңінен қолданылып жүрген тәсіл. Сондықтан оқулықтар мен  мәселеге  қатысты
әдебиеттерде «табыс септігіндегі  сөзді  (кейбірінде  –  тура  толықтауышты)
қажет ететін етістікті сабақты етістік дейміз»,  «табыс  септігіндегі  сөзді
(кейбірінде – тура  толықтауышты)  қажет  етпейтін  етістікті  салт  етістік
дейміз», «табыс септігіндегі  сөзбен  байланыса  алатын  етістік  –  сабақты
етістік, табыс септігіндегі сөзбен байланыспайтын етістік  –  салт  етістік»
үлгісіндегі анықтамалар беріліп  жүр.  Ендеше  сабақты  етістіктердің  табыс
септігіндегі сөзбен тіркесу қабілеті, салт етістіктердің  олармен  тіркеспеу
қасиеті  –  етістіктердің  салттылық-сабақтылық   мағыналарынан   туындайтын
синтаксистік құбылыс.
    Сонымен, сабақты етістіктер арқылы аталатын қимылдардың тура  объектіні
қамтып  жасалу  қасиеті   сол  сөздердің  лексикалық   мағыналарында   «тура
объектіні қамту»  мағыналық  компонентінің  (семасының)  орын  алуына  негіз
болады. Бұл мағыналық компонент  өз  кезегінде  етістіктердің  грамматикалық
сабақтылық мағынасына негіз болады. Ал сабақтылық  мағына,  келесі  кезекте,
осы  қатардағы   етістіктердің   табыс   септігіндегі   тура   толықтауышпен
синтаксистік байланыс  орнатуына  себеп  болады.  Сөйтіп,  тілдің  әр  түрлі
деңгейіндегі  (лексикалық   мағына,   категориялық   грамматикалық   мағына,
синтакситік байланыс) сабақты  етістіктерге  қатысты  ұғымдар  бірінен  бірі
туындайтын, біріне бірі байланысп  жатқан  құбылыстар  болып  табылады.  Бұл
құбылыстардың бәрі зат пен қимылдың арасындағы объектілік қатынастан  бастау
алып жатады.
    Зат пен қимыл арасындағы объектілік қатынастың мазмұны етістіктің  етіс
категриясының тұлғалары арқылы, дәлірек айтқанда, етістікке  етіс  тұлғалары
жамаған грамматикалық мағыналар арқылы өзгеруі мүмкін. Атап  айтқанда,  етіс
қосымшалары  арқылы  салт  етістік  сабақтыға,   сабақты   етістіктер   салт
етістікке айналып кетеді.
    Етіс  категориясы.  Етіс  –  қимыл  мен  субъект  арасындағы  әр  алуан
қатынастарды  білдіретін  мағыналардан  тұрады  және  ол  мағыналар   арнайы
грамматикалық формалар (етіс жұрнақтары) арқылы қалыптасады.  Етістің  қимыл
мен субъекті арасындағы қатынастарды  білдірумен  қатар,  қимыл  мен  объект
арасындағы қатынастарды өзгерту қасиеті бар.
    Қазақ тілінде етістің төрт түрі бар:
   1) Өздік етіс. Қосымшасы: -н,- ын, -ін. Мысалы: жуын, киін, таран, т.б.;
   2) Өзгелік етіс. Қосымшалары: а) –ғыз, -гіз, -қыз, -кіз. Мысалы,  жүргіз,
      айтқыз, жеткіз, т.б.;
                 ә) –дыр, -дір, -тыр, -тір. Мысалы, келтір, толтыр, күлдір,
       т.б.;
                 б)  -ыр, -ір, -ар. Мысалы, өшір, шығар, татыр, т.б.;
                 в) –т. Мысалы, оқыт, тойлат, кекет, т.б..
       3)   Ырықсыз етіс.  Қосымшалары:  а)  –н,-  ын,-ін.  Мысалы,  білін,
       тазалан, т.б.;
                 ә)  -л, -ыл, -іл. Мысалы, қозғал, жинал, т.б..
       4)  Ортақ етіс. Қосымшасы: -с, -ыс, -іс. Мысалы, жинас, салыс, т.б..


      Өздік етіс. Өздік етіс –  субъектінің  қимылы  сол  субъектінің  өзін
қамтығанын білдіретін  етістің  түрі.   Мысалы,  Бала  пәлтесін  киді  деген
сөйлемдегі қимылды  атаған  сөз  –  ки  етістігі,  кию  қимылының  логикалық
субъектісі – бала, сөйлемде бұл затты атаған сөз  бастауыш  қызметінде  тұр,
аталған қимыл қамтыған объект-зат – пәлте, бұл сөзді атаған  зат  есім  тура
толықтауыш қызметінде тұр. Енді сөйлемдегі  етістікке  өздік  етіс  жұрнағын
қосып, сөйлемді  қайта  құрастырайық:  Бала  киінді.   Енді  киіну  етістігі
арқылы аталған қимылдың субъектісі мен  объектісін  анықтап  көрейік:  киіну
қимылын жасаған – бала, яғни логикалық субъекті өзгерген жоқ, ал  осы  киіну
қимылының объектісіне келсек, яғни, қимыл қамтыған зат – баланың  өзі  болып
тұр. Басқаша айтсақ, кию қиымылының логикалық субъектісі –  бала,  объектісі
– пәлте болса, киіну қимылының субъектісі де, объектісі  де  –  бала.    Бұл
мағына етістікке өздік етіс жұрнағын қосу  арқылы алынды. Ендеше өздік  етіс
дегеніміз – қимылдың субъектісі де объектісі де бір  зат  екенін  білдіретін
етіс болып шығады.
    Өздік етісті анықтауда етістіктің негізі білдіретін қимылдың  логикалық
субъектісі  мен  объектісін  анықтап  алып,  оны  етіс  жұрнағы   жалғанғанн
кейінгі  етістік  атаған  қимылдың  субъектісі  мен  объектісімен  салыстыру
әдісін қолданамыз. Мысалы, таран, боян,  т.б.  Таран  етістігінің  негізі  –
тара: бұл қимылдың логикалық субъектісі – кез келген зат (адам) бола  алады,
ал объектісі – шаш, немесе тарауға келетін басқа  заттар;  тара  етістігінен
алынған таран сөзі атайтын қимылдың логикалық субъектісі  де  -  кез  келген
зат (адам) бола алады, бірақ тарану қимылы енді шаш, немесе тарауға  келетін
басқа заттарды  емес,  субъектінің  өзін  қамтығанын  көреміз,  яғни  тарану
әрекетінің субъектісі мен объектісі – бір зат. Сол сияқты  бояну  әрекетінің
субъектісі – қыз десек, объектісі – сол қыздың көзі, шашы, беті, т.б.  болуы
мүмкін. Ал бояну әрекетінің субъектісі мен объектісі – қыздың  өзі,  өйткені
бояну әрекетін қыз өзіне жасады.
    Етістіктің өздік етіс тұлғасы тек сабақты етістіктерден ғана  жасалады.
Дегенмен сабақты етістіктердің бәрі бірдей өздік етіспен  түрлене  бермейді.
Тек тура объектісін атайтын зат субъектінің бөлшегі немесе  меншігі  болатын
етістіктерден ғана өздік етіс формасы  қалыптасады. Мысалы,  бояу  қмиылының
тура объектісі болатын бет, көз, шаш, т.б.  қимылды жасаушы адамның бөлшегі-
 дене мүшелері, кию қимылының тура объектісі – киімнің түрлері  –субъектінің
меншік заттары.  Салт етістіктер өздік етіс жұрнағын қабылдамайды.
    Белін буынды, шашын таранды сияқты етістіктің негізі  атайтын  қимылдың
тура  объектілерін  өздік  етіс  тұлғаларымен  тіркестіріп  қолдана   беруге
болады, бірақ бұл –  қазақ  тілінің  сөйлеу  нормасына  сай  емес,  стильдік
мақсаттағы нормадан ауытқу болып табылады.
    Өздік етіске беріліп жүрген анықтамалардың  бірі  –  «қимылды  субъекті
өзіне жасағанын, немесе өзі үшін жасағанын  білдіретін  етістің  түрі  өздік
етіс деп аталады». Мұндағы «субъекті қимылды өзі үшін  жасағанын  білдіретін
етіске»  сұран,  қаран,  ойлан,  тебін,  көрін,  т.б.  с.с.  қатардағы  етіс
тұлғасындағы сөздер жатқызылып жүр. Бұл етіс тұлғаларындағы  етістік  арқылы
аталған  қимылдарда  субъектілер  әрі  объекті  ретінде  көрінбейді.   Яғни,
субъектінің қимылы  өзін  қамтымайды.  Есесіне  қимылды  субъекті  өзі  үшін
жасағанын  байқаймыз.  Өзі  үшін  сұранады,  өзі  үшін  қаранады,  өзі  үшін
ойланады, т.б.
    Өздік етіс жұрнақтары кейде етістік тудырушы құранды  жұрнақ  құрамында
кезедседі: намыстан, ауыздан, т.б.. Сондай-ақ бүгінгі таңда түбірін  анықтау
қиындаған сөздердің құрамында да ұшырасады; оян, үйрен, т.б..


    Өзгелік етіс.  Өзгелік  етіс  –  қимылды  субъектінің  өзі  емес,  өзге
субъекті (агенс) жасайтынын білдіретін етістің түрі.   Етістің  бұл  түрінде
логикалық субъект қимылды өзі атқармайды,  қимылдың  жүзеге  асуына  түрткі,
себепші болып, сөйлемде  бастауыш  қызметінде  көрінеді.  Ал  қимылды  басқа
субъекті, яғни, агенс, жүзеге асырады. Оның сөйлемге қатысуы міндетті  емес,
қатсыса қалса, барыс септігі арқылы  жанама  толықтауыш  қызметінде  келеді.
Мысалы, Әкем хат жазғызды. Жазу қимылының иесі – әкем, жазғызу қимылының  да
негізгі субъектісі – әкем, бірақ қимылды өзі жасаған жоқ, хатты басқа  біреу
жазды.  Әкем  хатты  әпкеме   жазғызды   деп   сөйлемге   істі   орындаушыны
қатыстырсақ, ол барыс септігі арқылы жанама толықтауыш қызметінде  көрінеді.
Яғни, хатты жазған – әпкем, оған түрткі болған – әкем. Сөйтіп, өзгелік  етіс
тұлғаларында логикалық субъекті саны  кемінде  екеуден  кем  болмайды.  Оның
бірі – негізгі логикалық субъект – істі  өзі  орындамайды,  қимылдың  жүзеге
асуына түрткі болады, сөйлемде бастауыш қызметінде келеді; екіншісі  –  істі
тікелей орындаушы, агенс, сөйлемге барыс септігі  арқылы  жанама  толықтауыш
қызметінде  қатысады.
    Өзгелік  етіс  тек  сабақты  етістіктерден   ғана   жасалады.   Сабақты
етістіктерге өзгелік етіс  жұрнағын  қосқанда  ғана  істі  тікелей  атқарушы
қосалқы субъект, агенс, пайда болады. Мысалы,  Мен  ініме  сабағын  оқыттым.
Қимылдың  атқарылуына  түрткі  болған  субъект  –  мен,  сөйлемде   бастауыш
қызметінде  келген,  тікелей  орындаушы  агенс  –  інім,   сөйлемде   жанама
толықтауыш қызметінде тұр. Ал етістіктің негізіндегі  тура  объекті  етістік
өзгелік етіске айналғанда  өзгеріссіз  тура  толықтауыш  қызметінде  қалады:
сабағымды оқыдым  –  сабағын  оқыттым.  Басқаша  айтсақ,  сабақты  етістікке
өзгелік етіс жұрнағын қосқанда, ол сабақтылық мағынасын сақтап қала  береді.

    Салт етістіктерге өзгелік етіс жұрнағын қосқаннан бірден  өзгелік  етіс
пайда болмайды. Өзгелік етіс жұрнағын салт етістікке  қосқанда  төмендегідей
семантикалық өзгерістер орын алады:
    1) Салт етістік сабақтыға айналады:  кел  –келтір,  шық  –  шығар,  піс
       –пісір, т.б.. Бұл құбылыс келесі өзгерістерге себеп болады.
    2) Салт  етістіктің  субъектісі  сабақты  етістіктің  тура  объектісіне
       айналады: ет пісті  –  етті  пісірді.   Салт  етістіктің  субъектісі
       болған сөйлемдегі бастауыш  ол өзгелік етіс жұрнағы  арқылы  сабақты
       етістікке айналғанда тура толықтауыш болып келген;
    3) Сабақты етістіктің өз субъектісі пайда болады. Әйелдер етті пісірді.
       Мұндағы логикалық субъекті істі тікелей атқарушы да.
    Сөйтіп, өзгелік етіс жұрнақтары салт етістікке бір қайтара  қосылғанда,
оны тек сабақты етістікке ған айналдырады, өзгеліс етіске тән  грамматикалық
мағынаны  білдіре  алмайды.  Өйткені  Әйелдер  етті  пісірді  дегенде   істі
атқарушы  субъекті  саны  –  біреу-ақ,  Мен  ініме  сабағын  оқыттым   деген
мысалдағы  сияқты  екінші  субъект  көрінбейді.  Ал  осы   салт   етістіктен
сабақтыға айналған етістікке тағы бір өзгелік етіс жұрнағын қоссақ, ол  енді
өзгелік етістің мағынасын білдіріп, логикалық субъект саны өседі.  Әйелдерге
ет пісіртті. Енді мұнда әйелдер  істі  тікелей  орындаушы  агенске  айналып,
толықтауыш қызметінде келген  де,  пісірту  қимылына  басқа  субъект  түрткі
болған.
    Сөйтіп, өзгелік етіс жұрнақтарының бір ерекшелігі – бір сөзге бірнешеуі
бірінің үстіне бірі қосыла алады. Әкем хат  жаздыртқызды.   Бұл  кезде  енді
істі орындауға қатысатын субъектілер  саны  да  өсе  береді.  Әкем  –  істің
жүзеге асуына түрткі болған  негізгі  субъект,  ол  әпкеме  тапсырма  берді,
әпкем үшінші біреуден осы істің  орындалуын  сұрады,  үшінші  адам  төртінші
тұлғаға  орындатты. Яғни хатты жазу әрекетін тікелей орындаған тек  төртінші
қатысушы болып шығады.
    Ырықсыз етіс.  Ырықсыз етіс – қимылды атқарушы субъект көрінбей,  қимыл
субъектінің ырқынан тыс орындалғанын білдіретін етістің  түрі.  Етістің  бұл
түрінде қимылдың логикалық субъектісі сөйлемнен көрінбейді  (егер  логикалық
субъектіні  сөйлемге  қатыстыру   қажет   болса,   ол   тарапынан,   жағынан
сөздерінің  жәрдемімен  сөйлемге  ене   алады).   Мысалы,   Астық   жиналды.
Етістіктің негізі – жина. Бұл қимылдың логикалық субъектісі – астық  жинаушы
адамдар, шаруалар, астық  –  жинау  әрекетінің  тура  объектісі.  Ал  жиналу
қимылында жинаудың тура объектісі  болған  астық  бастауыш  қызметіне  өткен
(қимылдың иесіне айналған), субъект  (астық  жинаушы  шаруалар)  көрінбейді,
сөйлемге қатыстырылмаған. Оны сөйлемге Астық шаруалар  тарыпынан  тез  арада
жиналды деп енгізуге де  болады.  Астық  жиналды  десек,  астық  субъектінің
қатысынсыз, өз-өзінен жинала қалғандай мағына береді.
    Ырықсыз етіс тек сабақты етістіктерден ғана жасалады және ырықсыз  етіс
жұрнағы сабақты етістікті салт етістікке айналдырып отырады.
    Ырықсыз етіс жұрнағының ішінде дыбыстық құрамы  жағынан  өздік  етістің
жұрнағын  қайталайтын  қосымша  бар  екені  белгілі:  -ын,  -ін,   -н.   Бұл
қосымшаның өздік етістің қосымшасы ма, әлде  ырықсыз  етістің  қосымшасы  ма
екендігін қалай ажыратамыз?
    Біріншіден,   аталған   қосымшаны   қабылдаған    етістік    формасының
семантикасына терең үңілу қажат. Атап айтқанда, етістіктің  негізі  мен  осы
жұрнақты  қабылдаған   тұлғаның   субъектілері   мен   объектілерін   тауып,
салыстырып бір шешімге келу керек. Яғни, өздік етісте субъект мен объекті  –
бір зат, ал ырықсыз  етісте  –  оның  негізінің  объектісі  субъект  түрінде
көрінеді. Екіншіден,  лексика-грамматикалық  мағыналары  оларды  бір-бірінен
ажыратуға мүмкіндік береді: Өздік етіс жұрнағын қабылдаған етістік те,  оның
негізі  де  сабақтылық  мағыналарын  сақтайды,  ал  ырықсыз  етіс   жұрнағын
қабылдаған тұлға салттылық  мағынаға  ие,  оның  негізі  –  сабақты  етістік
болады. Мысалы, Бала тазаланды – үй тазаланды. Бірінші мысалда бала  тазалау
қимылын өзін (үстін, киімін, денесін) қамтып жүзеге асырды  және  етістіктің
негізі де (бала киімін тазалады), өздік етіс  тұлғасы  да  (киімін,  денесін
тазаланды)  сабақтылық   мағыналарын   сақтады.   Екінші   мысалда   тазалау
әрекетінің  субъектісі  тазалану  қимылында  көрінбейді,  тазалау  қимылының
объетісі тазалану қимылында  грамматикалық  субъект  түрінде  көрінген  және
сабақты етістік (үйді тазалау) салт етістікке (үй тазаланды) өткен.
    Ортақ  етіс.  Ортақ  етіс  –   қимылды   бірнеше   субъект   ортақтасып
орындайтынын білдіретін етіс түрі.  Етістің бұл түрінің  бірнеше  субъектісі
бар өздік етістен семантикалық айырмашылығы мынада:  өздік  етісте  қимылдың
орындалуына  бір  субъект  түрткі  болып,  келесі   субъекті   (агенс)   оны
орындайды, ал ортақ етісте  қимылды  бірнеше  субъект  бірге,  тең  дәрежеде
жүзеге асырады. Мысалы, Олар хат жазысып тұрады.
    Ортақ   етіс  жұрнағы  –  салттылық-сабақтылық  категориясына  бейтарап
қосымша. Ортақ етіспен тұлғаланған етістіктер салттан сабақтыға,  сабақтыдан
салтқа өзгермейді, негіз етістіктегі салттылық,  не  сабақтылық  мағыналарын
сақтап қалады. Мысалы, жинасты, сөйлесті, барысты, тұрысты, т.б..
    Ортақ етіс жұрнағының келесі бір ерекшелігі – қимылдың атауын білдіруге
бейімдігі. Соның негізінде тілімізде  айтыс, соғыс, жүріс,  т.б.  с.с.   зат
есімдер қалыптасқан.


    Болымды-болымсыздық   категориясы.   Болымды-болымсыздық    категориясы
етістіктің  болымды  және  болымсыз  мағыналарынан  тұрады.  Қазақ   тілінде
болымды  мағынаның  көрсеткіші  болатын  грамматикалық  тұлға  жоқ,  болымды
мағына семантикалық  тәсіл  арқылы  беріледі,  яғни  кез  келген  етістіктің
негізі болымды мағынаны да  білдіреді.  Ал  болымсыздық  мағына   етістіктің
негізін түрлендіру арқылы алынады.
    Болымсыздық мағына екі түрлі жолмен беріледі::
    1) Етістіктің негізіне: түбір немесе туынды тұлғалы етістікке,  күрделі
       етістіктерге  (не  оның  етіс  тұлғаларына,  сондай-ақ  аналитикалық
       формаларына)  –ма/-ме,  -ба/-бе,  -па/-пе  жұрнақтарын  қосу  арқылы
       беріледі. Мысалы, келмеді, сартылдамады, қызмет қылмады, жүргізбеді,
       бармай қойды, бара қоймады, т.б.;
    2) Етістіктің есімше тұлғалы түрлеріне жоқ  және  емес  (емен)  көмекші
       сөздерінің бірі тіркесу арқылы беріледі. Мысалы, айтқан жоқ,  айтқан
       емес, беретін емес, келер емес, тұрмақ емес, т.б..
    Аналитикалық тәсілімен берілген болымсыз  мағынаны  болымды-болымсыздық
категориясының  аясына  жатқызу-жатқызбау  мәселесінде   қазақ  ғалымдарының
пікірлері бірізді емес. Бұл тәсілмен алынған  болымсыздық  мағынаны  аталған
грамматикалық  категорияға  жатқызбау  керек  дейтін  ғалымдар   болымсыздық
мағына беруші тұлғаның (жоқ және  емес  сөздерінің)  ашық  рай  тұлғаларынан
кейін  келуін  негіз  етеді.  Болымды-болымсыздық  –   лексика-грамматикалық
категория болғандықтан,  болымсыздық  мағынаны  білдіруші  тұлға  лексикалық
мағынаға  әсер  ету  үшін  функциялы  тұлғалардан  (оның  ішінде  ашық   рай
тұлғасынан)  бұрын тұруы тиіс деп есептейді.
    Сонымен қатар, аналитикалық формалы етістіктер құрамында бірде негізігі
етістікке, бірде көмекші етістікке, тіпті кейде екеуіне де  қосылып  келетін
болымсыздық жұрнағының негізгі, я көмекші етістіктің  қайсысына  қосылғанына
орай  қимылдың   болымсыздығын   білдірумен   қатар   аналитикалық   формант
мағынасына да әсер  ететінін  байқаймыз.  Ол  үшін  «тоқтату»  мағынасындағы
ұстау етістігін бір формантпен әр түрлі  комбинацияда  түрлендіріп  көрейік.
Мысалы, ұстай қалды – ұстамай қалды  –  ұстай  қалмады  –  ұстамай  қалмады.
Бөгет суды ұстай қалды. Бірінші мысалда –й  қал  форманты  болымды  қимылдың
ойламаған жерден, жеңіл, жылдам жүзеге асқанын  білдіретін  мағына  үстеген.
Бөгет  суды  ұстамай  қалды,  бұл  мысалда  аналитикалық  формант  етістікке
болымсыз қимылдың кенеттен болғанын білдіретін  мағына  үстеген,  бұл  жерде
«жеңіл, жылдам жүзеге асу» мағынасы көрінбейді. Бөгет  суды  ұстай  қалмады.
Енді болымды қимыл жеңіл, жылдам жүзеге аспағаны  білдірілген.  Бұл  мысалда
енді  «кенеттен  болу»  мағынасы  жоқ.  Дәлірек   айтсақ,   істің   нәтижесі
ойлағандай болмады.  Ал соңғы Бөгет  суды   ұстамай  қалмады  дегенде  қимыл
кенеттен емес, ойлағандай және жеңіл,  әрі  жылдам  емес,  біраз  қиындықпен
жүзеге асқанын байқаймыз.
    Осы  сияқты  құбылыстарды   болымсыздық   мағына   беруші   тұлғалардың
субъективті модальмен түрленген етістіктерді  түрлендіруінен  де  байқаймыз.
Мысалы, барғаның жөн – бармағаның жөн – барғаның жөн емес –  бармағаның  жөн
емес.  Ендеше  болымды-болымсыздық  категориясы  етістіктің   негізін   ғана
қамтымайды, оның аналитикалық формаларын да қамтиды.  Атап  айтқанда,  негіз
атайтын қимылдың болымды-болымсыздығымен қатар, қимылдың өту амалдарының  да
болымды-болымсыздығын,   сөйлеуші   пікірінің    де    болымды-болымсыздығын
білдіретін мағыналардан тұрады.
    Сонымен, болымсыздық тұлғалары етістікке (мейлі  оның  негізіне,  мейлі
көмекші сөзіне) бір  қайтара  қосылғанда,  оған  болымсыздық  мағына  жамап,
қимылдың жүзеге  асуын  жоққа  шығарып  отырады,  ал  екі  қайтара  қосылса,
қимылдың  жоққа  шығарылуы  қайта  жоққа  шығарылып,  аналитикалық   етістік
болымды мағына береді.
    Етістіктің синтаксистік ерекшеліктері.  Етістік  –  сөйлемде  сөйлемнің
барлық мүшесі бола  алатын  сөз  табы.  Етістіктің  сөйлемдегі  синтаксистік
қызметтері  оның  функционалды  тұлғаларымен  тікелей  байланысты.   Етістік
сөйлемде міндетті түрде түрленетін сөз  табы  екені  белгілі,  соның  ішінде
лексика-грамматикалық   категориялардың   тұлғаларымен   әрқашан    түрленуі
міндетті  емес,  ал   функциялық   тұлғаларсыз   қолданылмайды.   Функциялық
тұлғалар деп отырғанымыз – етістіктің  қимыл  есімі,  есімше,  көсемше  және
қимыл  иесі  деп  аталатын   ерекше   тұлғалары   мен   таза   грамматикалық
категориялардың қатарындағы шақ, рай, модаль тұлғалары. Атап  айтқанда,  осы
тұлғалардың  бірі  етістікке  қосылу  арқылы  оның  сөйлемдегі  синтаксистік
қызметін  белгілейді.  Дәлірек  айтқанда,  етістікке  үстеген  грамматикалық
мағынасы арқылы сол етістіктің белгілі бір қызметке  тұруына  жағдай  жасап,
мүмкіндік тудырады.
    Қимыл есімі. Етістіктің қимыл есімінің   қосымшаларына   -у,  -с  (-ыс,
-іс),   және  -мақ  (-мек,  -бақ/-бек,  -пақ/-пек)  жұрнақтары  жатады.  Осы
жұрнақты қабылдаған етістіктер қимыл есімі тұлғалы етістіктер  деп  аталады.
Өйткені етістіктің негізі (түбірі) қимылды, іс-әрекетті атаса,  қимыл  есімі
тұлғалы етістіктер қимылды емес, қимылдың  атын  білдіреді.  Мысалы,  сат  –
сату, сындыр –сындыру, ойла – ойлау, еңбек қыл  –еңбек  қылу,  т.б..  Барыс-
келіс қалай болып тұр? Алыс-беріс молайсын!  деген  сөйлемдердегі  қосарлана
жұмсалған етістіктердің әр сыңары да қимылды емес,  қимылдың  атын  білдіріп
тұр. Сондықтан бұлар да  қимыл  есімі  тұлғасындағы  етістікке  жатады.  Сол
сияқты Алмақтың да салмағы бар. Ханның  жақсы  болмағы  –  қарашаның  елдігі
деген сөйлемдердегі етістіктер де қимылдың атауын ғана білдіріп тұр.
    Қимыл есімі тұлғалы етістіктер заттық  мағынаға  ие.   Мысалы,  Сабаққа
кіруге рұқсат сұрадың ба? сияқты сөйлемдердегі қимыл  есіміне  неге  (немесе
не істеуге) деп зат есімнің  сұрағын  қоя  береміз.  Мұндағы  заттық  мағына
барыс септігінің қосылуы арқылы пайда болған құбылыс емес, керісінше  септік
жалғауы қимыл есімінде заттық  мағына  бар  болғандықтан  қосылып  тұр.  Рас
қимыл есімі тұлғасындағы заттық мағына мен  деректі  зат  есімдердің  заттық
мағыналары тең құбылыс емес, дегенмен қимыл атауы болатын  сөздердің  заттық
мағынасы  есеп,  ой  сияқты  процеспен  байланысты  ұғым  атауын  білдіретін
дерексіз зат есімдердің заттық мағынасына жуық. Қимыл есімі заттық  мағынаға
ие болғандықтан, зат есім сияқты етістіктің шақ,  рай,  модаль  мағыналарына
бейтарап жағдайда тұрады. Сондықтан олар ертеректегі  оқулықтар  мен  ғылыми
әдебиеттерде тұйық етістік аталып келді.
    Қимыл есімі қосымшалары – етістікке заттық мағына жамайтын  тұлға.  Осы
қосымшаларды тұлғаланған етістіктер заттық мағынаға  ие  болғандықтан,  енді
зат есімнің қосымшаларын еркін  қабылдап,  сол  зат  есімнің  қосымшаларының
мағыналары негізінде зат есімге тән синтаксистік  қызметтерге  тұра  береді.
Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы  анықтауыш,
басқа  септік  жалғаулары  мен  септеулік  шылаулар  арқылы  толықтауыш,  не
пысықтауыш қызметін атқарады.  Мысалдар,  Ол  кітап  оқуды  көп  ұнатпайтын.
Жүрістері  тым  асығыс  көрінеді.  Ондай  болмақ  қайда  деп,  Айтпа   ғылым
сүйсеңіз.
    Қимыл есімі  кейде  адъективтеніп  (зат  есімнің  анықтауыш  қызметінде
келгенде сындық мағынаға ие болғаны сияқты), анықтауыш қызметіне де  тұрады.
Мысалы,   Мектепті мерекеге қарсы безендіру жұмысы аяқталып келеді.
    Етістіктің қимыл иесі тұлғасы. Етістіктің түрленген тұлғаларының ішінде
таза заттық мағынаға ие  түрі  –  осы  қимыл  иесі.  Етістіктің  қимыл  иесі
тұлғасы            -ушы/-  уші  жұрнақтары  арқылы  жасалып,  қимылды  емес,
қимылды жасаушыны, қимылдың иесін (агенсті)  атап  тұрады.   Мысалы,  бар  –
барушы, бер –беруші, кел – келуші, т.б.. Мұнда да  етістікке  заттық  мағына
қимыл иесі жұрнақтары арқылы жамалып,  заттық  мағынаға  ие  болған  етістік
одан әрі  зат  есімнің  қосымшаларын  қабылдайды  да,  зат  есімше  қызметке
тұрады. Мысалы, Берушіге бесеу көп,   алушыға алтау аз.
    Етістіктің қимыл иесі тұлғасы  да  қимыл  есімі  сияқты  адъективтенуге
қабілетті. Мысалы, Күтуші жігіт бөлменің есігін ашуға беттеді.
    Есімше.  Есімше – әрі есім сөздерге тән белгілері  бар,  әрі  етістікке
тән  белгілері  бар  етістіктің  ерекше   түрі.   Есімшені   есім   сөздерге
жақындататын,   есім  сөздермен  ортақ  белгілері  деп  үш   түрлі   қасиеті
көрсетіліп жүр:
    1)   Есімше  сын  есім  сияқты  анықтауыш  қызметін  атқарады.  Мысалы,
       көгерген шөп, барған жол, т.б.;
    2) Зат есімнің көптік, тәуелдік, септік  жалғауларымен  түрлене  алады.
       Мысалы, Білгенге маржан, Білмеске арзан.;
    3) Есімшеге жіктік жалғаудың есім сөздерге қосылатын нұсқасы жалғанады.
       Мысалы, келгенмін, келгенсің, келгенсіз, келген.
      Есімше есім сөздердің  ішінде  сын  есімге  өте  жақын.  Өйткені  оның
бойында грамматикалық сындық мағына бар.   Мысалы,  баратын  кісі,  қызарған
орамал, т.б. с.с. анықтауыш қызметіндегі  есімше  тұлғалы  етістіктерге  қай
кісі (қайтетін адам деп сұрақ қойылмайды)   қандай  орамал  (қайткен  орамал
емес) деп сұрақ қоя береміз. Бұл сұрақтар – сөйлем  мүшесінде  анықтауыштың,
сөз  табында  сын  есімнің  сұрақтары.  Сондықтан  анықтауыш  болып   тұрған
есімшенің бойында сындық мағына бар деп тұжырым жасай аламыз. Ал бұл  сындық
мағына етістікке есімше жұрнақтары арқылы  жамалып  тұр.  Ендеше,  есімше  –
етістікке сындық мағына жамап, оны анықтауыш қызметіне қоятын тұлға.
      Ал есімшенің  зат есімше түрленуі сын есімнің алдымен  субстантивтеніп
барып, зат есімнің қосымшаларын қабылдауына  сәйкес  құбылыс.  Жақсы  (адам)
ісімен жақсы. Көрмес (адам) түйені де көрмес.
      Есімшенің сындық мағынасы мен сапалық  және  қатыстық  сын  есімдердің
сындық мағыналарынан айырмашылықтары  да  да,  сәйкестіктері  де  бар.  Егер
сапалық сын есімдер заттың тұрақты, статикалық белгісін атаса, қатыстық  сын
есімдер сол затқа қатысы бар басқа затты (заттық  ұғымды),   немесе  қимылды
сол заттың белгісі етіп көрсететіні белгілі. Мысалы, ақ көйлек  дегенде  сын
есім заттың түсіне қатысты статикалық белгісін тікелей атап  тұр,  ал  түнгі
жаңбыр дегенде түн  деген  уақыт  жаңбырға  қатысты  болып,  оның  белгісіне
айналған.   Есімшенің  сындық  мағынасы   қатыстық  сын  есімдердің   сындық
мағынасына өте жақын. Есімше  заттың  өз  қимылын  сол  заттың  өз  белгісі,
динамикалық қыры ретінде  атайды.  Мысалы,  келген  бала  дегенде  логикалық
тұрғыдан келу әрекеті баланың өзі жасаған қимыл, бірақ мысалда қимыл  (келу)
зат (баланың) жасаған предикат белгі (бала келген  нұсқасындағыдай)  ретінде
көрінбеген,  баланы басқа балалардан  ажырату  үшін  қажетті  атрибут  белгі
болып тұр, яғни сөйлеуші үшін  де  тыңдаушы  үшін  (немесе  оқушы  үшін)  де
баланы басқалардан ажырату,  ерекшелеу  үшін  оның  статикалық  белгілерінен
гөрі бір кездері жасаған қимылын  белгі  қылып  алу  қолайлы,   дұрыс  шешім
болып тұр.  Сөйтіп  қимыл  заттың  белгісі  болса,  тілде,  сөйлемде  оларды
атайтын  сөздерді,   етістік   пен   зат   есімді,   қажетті   грамматикалық
(анықтауыштық) қатынасқа түсіру –  есімше  жұрнақтарының  мойнына  жүктелген
қызмет болып қалыптасқан.
      Есімшенің етістікке тән белгілеріне мыналар жатады:
 1) Қимыл-қозғалысты атап,  салттылық-  сабақтылық  мағыналарымен  көрінуі.
    Соның негізінде септік жалғауындағы сөздерді меңгеру қабілетін сақтауы.
 2) Шақтық мағыналарын әрқашан  сақтап,  заттың  предикат  белгісін  атаған
    етістікті баяндауыш қызметіне қойуы.
    Есімше қай қызметте жұмсалса да (анықтауыш, баяндауыш,  субстантивтеніп
бастауыш немесе  толықтауыш  қызметінде  келсе  де)  етістікке  тән  негізгі
белгілерін  жоғалтпайды:  анықтауыш  қызметінде   келгенде   сындық   мағына
жамалғанмен, қимылды  атау  қабілетінен  айырылмайды,  керісінше  сол  қимыл
заттың бір белгісі екендігін білдіреді;  салттылық,  сабақтылық  мағыналарын
сақтап, тиісті септік жалғауындағы сөздерді меңгере береді,  басқа  сөздерді
де (мысалы үстеуді) етістікке тән қасиетімен қабылдай  алады,  Мысалы,  Кеше
поездан түскен қонақтар...
    Есімше қай қызметте жұмсалса да шақтық мағынасынан айырылмайды.  Есімше
етістікке сындық мағына жамап,  оны  анықтауыш  қызметіне  қойған  кезде  де
өзінің шақтық мағыналарын сақтап тұра береді. Мысалы,  соққан  жел,  соғатын
жел,  келер сәт, айтылмақ сөз, т.б.. Бірақ  есімшенің  шақтық  мағыналарының
анықтауыштың  жасалуында  үлкен  рөлі  жоқ.  Шақтық   мағыналар   етістіктің
баяндауыш қызметіне тұруында басты рөлге шығады.
    Сонымен есімше тұлғаларының етістікті сөйлем мүшесі  қызметіне  қоюдағы
қабілеттерін жинақтар болсақ:
    1)  Есімше  –  етістікке  сындық  мағына  жамау  арқылы  оны  анықтауыш
       қызметіне қоятын ерекше тұлға;
    2) Есімше – етістікке  шақтық  мағыналар  жамау  арқылы  оны  баягдауыш
       қызметіне қоятын ерекше тұлға.

             Көсемше.   Көсемше  –  әрі  үстеуге  тән  белгілері  бар,   әрі
етістікке тән белгілері бар етістіктің ерекше түрі. Етістіктің  үстеуге  тән
белгісі – сөйлемде пысықтауыш қызметін атқаруы.  Етістіке  тән  белгілері  –
қимылды  атап,  салттылық-сабақтылық  қабілетін  жоғалтпай,  басқа  сөздерді
меңгеруі және шақтық мағыналары арқылы етістікті баяндауыш қызметіне қойуы.
       Көсемше  –  етістікке  амал,  себеп,  мақсат,  мезгіл,   шарт/мезгіл
мағыналарын жамап, сол  мағыналары  арқылы  етістікті  пысықтауыш  қызметіне
қоятын етістіктің еркеше тұлғасы. Етістікке амал мағынасын жамап,  оны  амал
пысықтауышы қызметіне қоятын көсемшелер:  -п  (ып/-іп),  (-ма)стан.  Мысалы,
жымиып  күледі,  қорықпастан  жүгіре  жөнелді.  Етістікке  себеп   мағынасын
жамайтын  көсемше:  -п.  Мысалы,  тоңып  секіре  бастады.  Мақсат  мағынасын
үстеуші көсемше:  -ғалы/-гелі,  -қалы/-келі.  Мысалы,  татуласқалы  келіпті,
жауласқалы барды.  Мезгіл  мағынасын  жамап,  етістікті  мезгіл  пысықтауышы
қызметіне  қоятындар:  -ғанша/-генше,             -қанша/-кенше,   -ысымен/-
ісіме. Мысалы, көзінен жас шыққанша  күлді,  үйге  келісімен  іске  кірісті.
Етістікке  шарт/мезгіл   мағынасын   жамайтын   көсемше:             (-ма)й,
-(ма)йынша/-(ме)йінше.  Мысалы, айтпай(ынша) бермейді. Көсемше  адвербиалдық
мағыналар жамап етістікті пысықтауыш қызметіне  қойған  кезде,  одан  шақтық
мағыналар аңғарылмайды.
    Көсемше етістікке шақтық мағыналар үстегенде, оны  баяндауыш  қызметіне
қояды. Мысалы, Күн тез суытқандықтан, шөп те ерте солады.
    Көсемше тұлғалары сабақтас құрмаластың бағыныңқы сөйлемінің  баяндауышы
құрамында  келгенде  шақтық  мағыналарын  да,  адвербиалдық  мағыналарын  да
сақтап тұрады, мұндағы шақтық мағына  баяндауыштың  жасалуына  негіз  болса,
адвербиалдық мағыналар жай  сөйлемдердің  мағыналық  қарым-қатынасына  негіз
болады. Мысалы, Көктем келіп, қар ери бастады.



                           Практикалық тапсырмалар


   І  Сұрақтар мен тапсырмалар:
           1. Сөздердің қандай тобы етістіктер қатарына жатады?
           2. М.Оразов  қазақ  тіліндегі  етістерді  лексикалық  мағыналары
              бойынша   қандай   топтарға   бөлген?    Ғалым   етістіктерді
              топтастыруда қандай  әдіс   қолданған?   Етістіктің  лексика-
              семантикалық топтарының ерекшеліктерін жаттап ал.
           3.  Етістік  түбіріне  (лексика-грамматикалық  негізіне)  қандай
              гракмматикалық ерекшеліктер тән?
           4. Етістіктің  қандай  түрін  көмекші  етістік  дейміз?  Көмекші
              етістіктер өз ішінен қандай топтарға бөлінеді?
           5.  Етістіктің  аналитикалық  формалары,  аналитикалық   формант
              ұғымдарына түсінік бер.
           6.   Етістіктің   салттылық-сабақтылық,   етіс   және   болымды-
              болымсыздық  категориялары   неліктен   лексика-грамматикалық
              категориялар    қатарына     жатады?     Салттылық-сабақтылық
              категориясы  дегеніміз  қандай  мағыналардан   тұрады?   Етіс
              тұлғалары және етіс категориясы дегеніміз не?  Қандай  етісті
              өздік етіс дейміз? Қандай етісті өзгелік етіс дейміз?  Қандай
              етісті ырықсыз етіс етіс дейміз?  Қандай  етісті  ортақ  етіс
              дейміз?
           7.   Етістіктің   сөйлем   мүшесі   болуы   қандай   тұлғалардың
              мағыналарына қатысты?.




      ІІ Жаттығу жұмыстары
9-жаттығу. Сөйлемдегі зат есімдер мен  етістіктерге  сатылай  талдау  үлгісі
бойынша морфологиялық талдау жаса.
    Кешкі шайға енді  отыра  бергенде,  есік  алдынан  асығыс  келе  жатқан
адамның жүрісі естілді.  Сәуле  кеңсені  тазалауға  барады.  Асан  келісімен
сабаққа отырды. Ауыл жігіттері  сәлем  беріп,  алдынан  шығып,  атын  ұстап,
түсіріп  алды,  құрдай  жорғалап,  есік  ашып  енгізіп,  күтіп  жатыр.   Құс
қанатымен ұшып, құйрығымен қонады. Ел көшкенде, екеуі жұртта қалып  қойыпты.
Асан айқай салып жылай бастады. Мен келін болып түскенде, сен әлі  жас  бала
едің. Ол келгеннен бері, күн ашылмай қойды. Майысса да  сындайтын  болат  па
десем... Қысым көрсеңдер, осында келіңдер.
























































                               21-22 сабақтар
     Тақырып:  Үстеу. Үстеудің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік
            ерекшеліктері. Еліктеуіш сөздер. Шылау. Одағай сөздер
Сабақтың мазмұны:
       1. Үстеу туралы түсінік. Үстеудің семантикалық, морфологиялық,
          синтаксистік ерекшеліктері;
       2. Еліктеу сөздер. Еліктеу сөздердің семантикалық, морфологиялық,
          синтаксистік ерекшеліктері;
       3. Шылау. Шылаудың түрлері;
       4. Одағай. Одағайдың түрлері;

Сабақ мақсаты:
        Үстеу  мен   еліктеуіш   сөздердің   семантикалық,   морфологиялық,
синтаксистік ерекшеліктерін таныту. Шылаудың түрлерін  ажырату  принциптерін
түсіндіру. Одағайдың түрлері таныту.

                              Теориялық бөлім:
      Үстеу. Үстеу – қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі  белгілерін:  мезгілін,
мекенін, себебін, мақсатын, амал-тәсілін және мөлшерін білдіретін сөз  табы.

      Үстеудің семантикалық ерекшеліктері. Үстеу мағынасына қарай алты топқа
бөлінеді:
     1. Мезгіл үстеулері: бүгін, биыл, қазір, ала  жаздай,  ертең,  күндіз,
        қыстыгүні, қыстай,  кеш,  әлі,  ерте;  лезде,  бағанадан,  баяғыда;
        кешқұрым, күні-бүгін, апа-сапақта, т.б.;
     2. Мекен үстеулері: жоғары, төмен,  ілгері,  ішкері,  тысқары,  кейін,
        әрмен, алға, артқа, артта, әрі-бері, жол-жөнекей, т.б.;
     3.  Себеп  үстеулері:  бекерге,  босқа,  текке,  шарасыздан,  амалсыз,
        лажсыз, т.б.;
     4. Мақсат үстеулері: әдейі, әдейілеп, жорта, қасақана;
     5.  Амал  (сын-бейне  немесе  қимыл-сын)  үстеулері:  адамша,  ескіше,
        жазбаша,  көйлекшең,  жартылай,  шикілей,  өлердей,  бірге,  босқа,
        қапыда, оқыста, лезде,  өздігінен,  шалқасынан,  жайымен,  шынымен,
        ретімен, біржола, жайбарақат, ауызекі, оқыс,  дереу,  ақырын,  тез,
        шала-пұла, зым-зия, қолма-қол, астыртын, жасырын, т.б.;
     6. Мөлшер үстеулері: сонша,  соншалық,  сондайлық,  анағұрлым,  бірен-
        саран, бірталай, біраз, бірқыдыру, бірен-саран, азды-көпті;
    Қазақ тіліндегі күшейткіш үстеулері деп танылып жүрген  ең,  тым,  өте,
орасан,   аса   сөздері   –   сапалық   сын   есімнің   күшейтпелі   шырайын
қалыптастыратын көмекші сөздер.  Күшейткіш үстеу ретінде  аталатын  керемет,
зор, нағыз, ерен, кілең,  өңкей,  дәл  сөздері  –  шырай  мағынасын  беретін
күшейткіш мәнді сөздердің орнына жұмсалған зат есімдер мен сын  есімдер.  Ал
әбден, мүлде сөздері – амал үстеулері.
    Сондай-ақ соңғы  жылдары  үстеулің  сегізінші  мағыналық  түрі  ретінде
топтау үстеулері деп беріліп жүрген, ертеректердегі әдебиеттерде топтау  сан
есімдерінің қатарында болған бір-бірлеп, топтап,  көптеп,  қос-қостап,  бес-
ондап,  топ-тобымен,  т.б.  сөздерді  амал  үстеулерінің  қатарына   жатқызу
орынды.
    Үстеудің морфологиялық ерекшеліктері.  Үстеу өзіне тән  түрлену  жүйесі
жоқ  және  мүлдем  түрленбейтін  сөз  табы   саналады.   Алайда   жоғарырақ,
төменірек,  ілгерірек,  кейіндеу,  ішкерілеу,  тысқарырақ,  әрірек,  берірек
сияқты сын есімнің  салыстырмалы  шырай  тұлғаларын  қабылдаған,   сондай-ақ
ертеңі,  бірталайға  дейін  сияқты  зат  есімнің  түрлендіруші  тұлғаларымен
келген үстеулерді сөйлемдерден жиі кездестіреміз.
    Шырай тұлғаларын қабылдайтын үстеулердің саны шектеулі. Үстеу сөздердің
бәрін немесе оның белгілі бір  көлемді  бөлігін  қамтымағандықтан,  шыраймен
түрлену бүкіл сөз табының грамматикалық ерекшелігі деуге  келмейді.  Ал  зат
еімнің  формаларын  қабылдау  –  үстеудің  сын   есім,   сан   есім   сияқты
субстантивтенуімен байланысты құбылыс.  Мысалы,  Еріншектің  ертеңі  бітпес.
Еріншек (адам)ның «ертең» (дейтін сөз)і бітпес.
    Үстеудің  синтаксистік   ерекшеліктері.    Үстеу   лексика-семантикалық
ерекшелігіне  сәйкес  сөйлемде  қымылдың  әр  алуан   белгілерін   білдіріп,
пысықтауыш қызметін атқарады. Тұра қаштым жалма-жан.
    Үстеу  бастауыштың  жай-күйін  (мезгілін,  мекенін,   мөлшерін)   атап,
баяндауыш та бола алады. Аттанатын  күніміз  –  ертең.  Жиналғандардың  саны
бірталай. Тиянақты баяндауыш қызметін атқарғанда, жіктеліп жұмсалады.
    Мөлшер үстеулері заттың сан-мөлшерін  атап  анықтауыш  та  бола  алады.
Бірен-саран адам көрінеді. Біраз уақыт өтті.
    Субстантивтеніп, зат есімнің септік жалғаулары, септеулік  шылауларымен
келгенде, солардың грамматикалық мағыналарының көмегімен зат есім  атқаратын
синтаксистік қызметтерде келе береді. Біразы –  уылжыған  жас,  бірқатары  -
сақалдары күректей мұжықтар. Талайды көріп жүрміз ғой... Ертеңінде-ақ  жолға
шықты
    Еліктеу сөздер.  Табиғатта (заттардың қақтығысу, соқтығысуынан және жан-
жануарлар шығарған) болатын әр алуан дыбыстарды есту,   сондай-ақ  заттардың
қимылдарының қилы-қилы көріністерін көру арқылы белгілі бір түсінік  ретінде
қабылдаудан  пайда  болған,  сол  түсініктердің  атауы  ретінде  қалыптасқан
сөздерді  еліктеу сөздер дейміз.
    Еліктеу сөздер мағынасына қарай дыбыстық еліктеуіштер  және  бейнелеуіш
сөздер болып екіге бөлінеді.
    Дыбыстық  еліктеуіштерге   табиғатта   әралуан   заттардың   қақтығысу,
соқтығысуынан пайда болған және жан-жануарлар жасаған дыбыстарға  байланысты
сөздер жатады. Мысалы, Қозы екі қомағай  ауыздың  кергісінде  қанжоса  болып
дар-дар айырылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды.
    Бейнелеуіш  сөздерге   түрлі   қимыл-әрекеттердің   бейнесін   сипаттау
мақсатындағы  сөздер,   көзбен  көру  арқылы  пайда   болған   түсініктердің
атаулары жатады. Мысалы, Нұрқожа талтаң-талтаң басып келеді. От  жалт  етті.
Кілт тоқтады
    Морфологиялық ерекшелігі.   Еліктеу сөздер – түрленбейтін сөз табы.
    Синтаксистік   ерекшеліктері.    Етістістіктермен    тіркесіп    келіп,
пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Абай кілт бұрылып, жалт  қарады.  Атшы
жігіт мырс-мырс күледі.  Зат есімдермен тіркесіп, анықтауыш болады.  Мысалы,
Күңгірт сөйлеген шаң-шұң  дауыс  шықты.  Қымқиғаш  қиқу,  сарт-сұрт  төбелес
болдыда қалды.  Субстантивтеніп,  зат  есімнің  қосымшаларын  қабылдап,  зат
есімше қызметтер атқарады. Мысалы, Осы сөзден  соң  Жігітек  екіұдайылықтан,
былқ-сылқтан арылып, сөзді бір арнаға түйген-ді.
    Шылау.  Шылау – лексикалық мағынасы жоқ, өзі қосылған  сөзді,  сөйлемді
түрлендіретін  (грамматикалық  мағына  жамайтын),  бірақ  өзі   түрленбейтін
көмекші  сөздер.  Көмекші  сөздердің  түрленбеуі  –  оларды  басқа   көмекші
сөздерден ( көмекші есім мен көмекші етістіктен) ерекшелендіретін, жеке  сөз
табы деп тануға негіз болатын басты белгісі.
    Шылау сөздер үшке бөлінеді: 1) жалғаулық шылау, 2) септеулік шылау,  3)
демеулік шылау.
    Шылау сөздерді бір бірінен  ажыратуда  синтаксистік  қабілеттері  басты
белгі болады.
    Жалғаулық шылау – сөзді, сөйлемді түрлендірумен қатар,  сөз  бен  сөзді
(сөйлемнің  бірыңғай  мүшелерін),  сөйлем  мен  сөйлемді  (салалас  құрмалас
сөйлемнің  жай  сөйлемдерін)  салаластыра  байланыстыратын  шылау.   Мысалы,
Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Қадірдің киімі жұқа,  әрі
денмаулығы да мықты емес.
    Жалғаулық шылаулар мағынасына қарай  топқа бөлінеді:
   1. Ыңғайлас мәнді жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да  (де,  та,  те),
      әрі.
   2. Қарсылық мәнді жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен,  әйтпесе,  сонда
      да, әйткенмен, т.б.
   3. Себеп-салдар мәнді жалғаулықтар. Бұлар  өз  ішінен  мәнділер  (себебі,
      өйткені, неге десең) және салдар мәнділер (сол себепті, сондықтан, сол
      үшін) болып екіге бөлінеді.
   4. Кезектес мәнді жалғаулықтар: бірде, біресе, кейде.
   5. Талғау мәнді жалғаулықтар: әлде, не, немесе, болмаса,  не  болмаса,  я
      болмаса, я, яки.
   Септеулік  шылау  –  сөзді  түрлендірумен  қатар,  сөз  бен  сөзді  (сөз
тіркесінің  компоненттерін),  сөйлем  мен  сөйлемді  (сабақтас   құрмаластың
компоненттерін) сабақтастыра байланыстыратын  шылаудың  түрі.  Мысалы,   Біз
бұл сияқты бұйрық жарияланатынын білген жоқпыз. Жүлде алар жұма  сайын  туды
күнім. Назыкеш ұзай берген соңғы бір көшке қарай шауып кетті.
   Септеулік шылауларды топтастыруда  олардың  қандай  септік  тұлғасындағы
сөзге жетектеліп келетіні  басшылыққа  алынып,  атау  септігіндегі  сөздерге
жетектелетіндер: үшін, сайын,  сияқты  (секілді,  тәрізді),  туралы  (жайлы,
жөнінде,  хақында,  турасында,  жайлы),  арқылы,  бойы  (бойымен,  бойынша),
шамалы (қаралы,  шақты),  соң;  барыс  септігіндегі  сөзге  жетектелетіндер:
дейін  (шейін),  қарай,  таман,   жақын   (тарта,   таяу),    салым;   шығыс
скптігіндегі  сөзге  жетектелетіндер:  бері,  кейін,  соң,   бұрын,   бетер;
көмектес септігіндегі сөздерге жетектелетіндер: бірге, қатар болып  жіктеліп
жүр.
   Бұл жерде септік жалғаулары туралы  ертеректегі  әдебиеттерде  айтылатын
пікірлерге, анықтамалардан, тұжырымдардан  үш түрлі ақауды байқаймыз.
   Біріншіден, септеулік шылаулар – белгілі бір септік жалғауларында тұрған
сөздерге тіркесіп (жетектеліп) келетін көмекші  сөздер  емес,  яғни,  септік
жалғауымен түрленген сөзді одан әрі түрлендіруші емес. Септік  жалғаулары  –
кейде өзі, кейде белгілі бір септік жалғауымен қосылып, сөзге  біртұтас  бір
грамматикалық мағына үстеп түрлендіруші.
    Екіншіден, үшін, сайын, сияқты, туралы, арқылы, бойы септеуліктері атау
септігінде тұрған сөзге тіркеспейді,  бұлар  тіркескен  сөздердің  құрамында
ешқашан атау септігі болмайды.  Атау  септігі  –  зат  баяндауышта  айтылған
қимылдың,  жай-күйдің  иесі  екенін  білдіретін   септік.   Сондықтан   атау
септігіндегі сөздер  бастауыштық  мағынаға  ие  болып  тұрады.  Ал  жоғарыда
аталған септеуліктердің алдында тұратын сөздер мұндай мағынаға ие емес,  тек
атауыштық (номинптивтік) мәнге, қызметке ие. Бұл қасиет – кез  келген  толық
мағыналы сөзге тән қасиет.  Сөздің  атауыштық  мағынасы  мен  қызметін  атау
септігіндегі сөздің мағынасы мен қызметімен шатастыруға болмайды.  Сондықтан
аталған септеуліктер – атау септігіндегі сөздерді түрлендірмейді,  атауыштық
мәнге ие, басқа  тұлғалармен  түрленбеген  сөздерге  (яғни  түбір  күйіндегі
сөздерге) әралуан гүрамматикалық мағына  жамайтын  шылаулар.  Кейде  есімше,
қимыл есімі тұлғалы етістіктердің құрамында  келетін  кездері  бар.  Мысалы,
келген сайын, келетін сияқты, бару үшін, барған бойы.
    Үшіншіден, септеулік  шылаулар  –  зат  есімнің  септеу  категориясының
мағыналарын  беретін  аналитикалық  тұлғалар.  Бұл  –  оқулықтарда  айтылмай
жүрген тұжырым.
    Септеулік шылаулардың сөзге жамайтын грамматикалық мағыналары сан алуан
және  ол  мағыналар,  негізінен,  сөздің  басқа  бір  сөзбен   белгілі   бір
синтаксистік  қатынаста  байланысуы  үшін  қажет.  Бұл  тұрғыдан   септеулік
шылаулардың  мағыналары  септік  жалғауларының  мағыналарына  сәйкес   болып
келеді:  кейбір  септеулік  шылаулардың  мағыналары   септік   жалғауларының
мағыналарына  синонимдес  болып   келеді,   кейбірі   септік   жалғауларының
мағыналарымен ұштасып жатады. Ендеше септеулік  шылаулар  ойды  дәл  құрауға
қажетті  грамматикалық  мағыналарды  білдіріп,   сөйлемде   сөздерді   түрлі
қатынастарға түсіріп, септік жалғаулары сияқты қызмет атқарады.
    Үшін септеулігі өзі тіркескен  сөзге  зат  қимылдың  мақсаты  екендігін
білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Балалары айран-шалап үшін  әлді  ағайынға
жалшылыққа кетіпті. Аталған шылау  қимыл  есімі  тұлғасындағы  етістікке  де
мақсаттық мағына жамап, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді  де  байланыстыра
береді. Мысалы, ... Ұлыққа  жауап  беру  үшін  ...  үшеуін  сайлады.   Жауап
басқаларға түсінікті болу үшін, сұрақтың жүйелі болғаны жөн.
    Сайын септеулігі мезгіл атауы болатын  зат  есімдерге  және  лексикалық
мағынасында мезгіл мағынасы бар сөз  тіркестеріне  ғана  тіркеседі  де,  өзі
тіркескен сөзге  аталған  мезгіл  қимылдың   қайталануының  тұрақты  мерзімі
екенін білдіретін мағына жамайды.  Мысалы, Жыл сайын барады.  Үш  күн  сайын
әкеледі. Сайын септеулігі бұрынғы өткен шақ  тұлғасындағы  есімшеге  де  бір
қимыл екінші  қимылдың   қайталануының  тұрақты  мерзімі  екенін  білдіретін
мағына  жамайды.  Мысалы,  Маржан  мен  көрген  сайын  күліп  жүреді.  Жаман
мақтаған сайын есіре түседі. Дәл осы мағына бағыныңқысының  баяндауышы  –ған
сайын  тұлғасымен   берілген   мезгіл   бағыныңқылы   сабақтас   құрмаластың
компоненттері арасында да сақталады. Мысалы, Әсет қала жаққа  кеткен  сайын,
анасының мазасы болмайды. Күлшат күлген сайын, ол  да  күледі.   Кейде  –ған
сайын  тұлғасындағы  етістік  қимыл  екінші  қимылға  (тұрақты  қайталанатын
мерзімі емес)   түрткі  болғанын  білдіретін  логикалық  тұрғыдан  қатынаста
тұрады: Оқыған сайын баурап барады.   Оқу  әрекеті  баурауға  түркі  болған.
Алайда,  грамматикалық  тұрғыдан  сөздердің   арасында   мезгілдік   қатынас
орнайды.  Бұл  –   сайын   септеулігінің   өзі   тіркескен   сөзге   жамаған
грамматикалық  мағынасы  арқылы  қалыптасқан  мағына.  Дәл  осындай  құбылыс
төмендегі мысалдардан да байқалады:   Білген сайын  біле  түсті.  Күн  өткен
сайын аралары алшақтап бара жатқанын сезеді.
    Сияқты  (секілді,  тәрізді,  сынды)  септеуліктері  зат   есімге   және
заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне тіркескенде, өзі жалғанған  сөзге  зат
басқа затқа ұқсас,  тең  екенін  білдіретін  грамматикалық  мағына  жамайды.
Заттардың  қай  қыры  ұқсас  екендігі  байланысқан  сөздермен  кейде   бірге
қолданылатын, кейде жасырын келетін, бірақ тіркестен  байқалып  тұратын  сын
есімдер  (адъективтенген  сөздер)  арқылы  белгілі  болады.  Мысалы,   Көсеу
секілді (имек) таяқ таяқ ілінді қолына. Сапсыз пышақ сияқты  (қырлы)  таспен
ұрғылай бастады.  Күләш,  Роза  сынды  әнші  қыздар  –  қазақтың  мақтанышы.
Басыңқы сыңары сын есімнен және етістіктен  болған,  бағыныңқысы  басыңқымен
жоғарыдағы септеулік шылау арқылы байланысқан  сөз  тіркестерінде  септеулік
шылау  зат есімге (заттанған сөздер мен  сөз  тіркестеріне)   зат  қимылдың,
немесе жай-күйдің (сындық белгінің) ұқсас, тең объектісі  екенін  білдіретін
грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, тау секілді үлкен, тас  сияқты  қатты,
қоңыз сияқты тырбаңдау, ит секілді ырылдау, т.б.
    Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері  есімше  етістіктер  мен
етістікті   сөз   тіркестеріне   тіркесіп   келгенде,   сын   есімдер    мен
адъективтенген сөздерге (сөз тіркестеріне) тіркесіп келгенде, сөз бен  сөзді
байланыстыру   қызметінен   айырылып,   субъективті    модаль    мағынасына,
сөйлеушінің көзқарасына қатысты жорамалдау, бағалау мағыналарына ие  болады.
Жағдайы жақсы сияқты, Мұрат іссапардан келген сияқты, т.б.
    Туралы (жайлы, жөнінде, турасында,  жайында,  хақында)  септеулігі  зат
есімге,  заттанған  сөздер  мен  сөз  тіркестеріне  зат  қимылдың   тақырып-
объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына  жамайды.  Мысалы,  Ол  сап
алдында сынаудың  қорытындысы  жайлы  қысқаша  талдау  жасады.   ...  Артель
туралы бірсыпыра нәрсені біліп алдым.
    Арқылы септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат
қимылдың құрал-объектісі екенін  білдіретін  грамматикалық  мағына  жамайды.
Мысалы, көпір арқылы өту, телефон арқылы сөйлесу, т.б..
    Шамалы  (қаралы,  шақты)  септеулігі  сан  есімдерге   тіркесіп,   оған
болжалдық мағына жамайды. Бұл мағынаның  сөз  бен  сөзді  байланыстыруға  еш
қатысы  жоқ.  Сондықтан  септеу   категориясының   парадигмасына   жатпайды,
сондықтан бұл қатардағы сөздерді демеулік шылауға жатқызу орынды.
    Дейін  (шейін),  қарай,  таман,  жақын  (жуық,  таяу,   тарта,   салым)
септеуліктері қазір септеулік шылау қатарына өткен сөздер болғанмен,  ертеде
барыс септігіндегі  сөзді  меңгерген  толық  мағыналы  есім  немесе  етістік
болғаны даусыз. Қазір бұлар барыс  септігіндегі  сөзге  тіркесіп  келгенмен,
барыс септігіндегі сөздің үстіне жаңа бір  грамматикалық  мағына  жамамайды,
зат  есімге  барыс  септігімен  бірігіп,  тұтас  бір  грамматикалық   мағына
жамайды. Басқаша айтсақ,  барыс  септігі  мен  аталған  септеуліктер  –  бір
грамматикалық тұлға, оған дәлел – септік жалғауы мен септеулік  шылау  сөзге
әрқайсысы жеке-жеке грамматикалық мағына  жамамайды, екеуі қосылып бір  ғана
грамматикалық мағына жамайды. Бұл – белгілі бір септік жалғауындағы  (барыс,
шығыс, көмектес септігіндегі) сөздерге тіркескен барлық  септеуліктерге  тән
құбылыс. Барлығында септік жалғаулары  бір  басқа,  септеулік  шылаулар  бір
басқа грамматикалық мағына білдіріп тұрмайды, екеуі бір мағынаға ие  болады.
Оны осы тұлғалармен байланысқан сөз тіркестеріндегі  сөздердің  синтаксистік
қарым-қатынасынан айқын байқаймыз. Және ол  мағыналар  септік  жалғауларының
мағынасымен ұштасып жатады:   кейде  септік  жалғауының  мағынасымен  мәндес
болып келеді, кейде септік жалғауының мағынасынан бастау  алып,  бірақ  оған
өзгеше  рең  беріп  тұрады,  бір  сөзбен  айтқанда,  септеу   категориясының
парадигмасынан орын  алатын  мағына  болып  табылады.  Осы  себептен  септік
жалғауы  мен  септеулік  шылауды  етістіктің  (қосымша  мен  көмекші  сөзден
құралған) аналитикалық форманттары сияқты  сөзді  түрлендіруші  күрделі  бір
тұлға ретінде қарастырамыз.
      -Ге дейін  форманты өзі жалғанған зат есімге, заттанған сөздерге,  сөз
тіркестеріне  зат  қимылдың  бағытының   жасалу   шегі   екенін   білдіретін
грамматикалық мағына жамайды.  Мысалы, Үйіне дейін екі өкпесін қолына  алып,
жүгіріп келді. Осы формат мезгіл мәнді  зат  есімдер  мен  сөз  тіркестеріне
қосылғанда, зат есім атаған мезгіл қимылдың уақыттық шегі екенін  білдіретін
грамматикалық мағынаға ие болады:  Астықты  жаңбыр  басталғанға  (басталатын
кезге) дейін жинап алу керек. Келер жұмаға дейін  жауабын  күт.   Кейде  бұл
формант  сөзге  демеулік  шылауға  тән  күшейте  шектеу  мағынасын  жамайды:
Рақымбайға шейін ... есеңгіреп қалған сияқты.
    -Ге қарай форманты өзі  жалғанған  сөзге  зат  қимылдың  жалпы  бағдары
екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Көш  жайлауға  қарай
бет түзеді.
    -Ге таман, -ге жақын, -ге  таяу,  -ге  жуық,  -ге  салым    форманттары
қосылғанда сөзге (зат есімге) жалпы бағдар мағынасымен  қатар  ара  қашықтық
мағынасы қосылады. Мысалы, Ұзақ ... өз ауылына  таман  келгенде....   Қалаға
жақын тұрамыз.  Осы  форманттар  зат  есімдерді  байланыстырғанда,  тек  ара
қашықтық мағынасын ғана жамайды: Мектепке жақын үйлер, құдыққа таман  жерде,
т.б.  Бұл  форманттар  мезгіл  мәнді  зат  есімдер  мен   зат   есімді   сөз
тіркестеріне қосылса, оларға кеңістіктегі арақашықтықты емес, мезгілдік  ара
қашықтық мағынасын жамайды: Күзге таяу келе.  Жиналыс бітерге (бітер  кезге)
таман қабарласамын.
    Бұл форманттар сан  есімдерге  қосылғанда,  болжалдық  мағына  жамайды.
Мысалы, Екі мыңға тарта жылқысы бар. Аталған форманттардың бұл мағынасы  сөз
бен сөздің байланысуына арқау  болатын  септеу  категориясының  парадигмалық
қатарына енбейді, демеулік шылауға тән мағыналар болып табылады.
    Сонымен септеулік шылау – кейде жеке өздері,  кейде  септік  жалғауымен
бірге  өзі  қосылған  сөзге  септеу  категориясына   тән   қандай   да   бір
грамматикалық мағына  жамайтын,  сол  мағына  арқылы  сөздерді  синтаксистік
қатынасқа түсіріп сабақтастыра байланыстыратын шылаудың түрі.
    Демеулік  шылау  –  өзі  тіркескен  сөзге,  сөйлемге  қандай   да   бір
грамматикалық мағына үстегенмен, сол мағынасы арқылы сөз бен  сөзді,  сөйлем
мен сөйлемді  байланыстыруға қатыспайтын шылау.
    Демеуліктердің мағыналыұ түрлері:
   1. Сұраулық мәнді демеуліктер: ма/ме, ба/бе, па/пе, ше;
   2. Күшейткіш мәнді демеуліктер: -ақ, -ау, -ай, да (де, та/те), әсіресе;
   3. Шектеу (тежеу) мәнді демеуліктер: ғана (қана), тек, -ақ;
   4. Болжал мәнді демеуліктер: -мыс (-міс), -ау;
    5. Болымсыз, қарсы салыстыру мәнді демеуліктер: түгіл, тұрсын,  тұрмақ,
       құрлы;
   6. Нақтылау мәнді демеуліктер: қой/ғой, -ды/ді, -ты/-ті;
   7. Қомсыну мәнді демеулік: екеш.


      Одағайлар  –  лексикалық  мағынасы  жоқ  болғандықтан  атауыш   сөздер
қатарына   да   жатпайтын,   белгілі   бір   сөзге   грамматикалық    мағына
үстемейтіндіктен көмекші  сөздер  қатарына  да  жатпайтын  сөздердің  ерекше
тобы. Одағайлар сөйлемнің синтаксистік желісінен тысқары (сөйлемді  құрайтын
сөздердің  ешқайсысымен  синтаксистік   байланысқа  түспей)    тұратындықтан
үнемі  оқшау  сөздер  қатарынан   табылады.   Одағайлар   сөйлемде   негізгі
синтаксистік  желіден  тыс  тұрса   да,   сөйлеуші   тарапынан   қолданылып,
сөйлеушінің көңіл-күйінен, сөйлеушінің тыңдаушымен арақатынасындағы  әралуан
жағдайлардан хабар беру қызметін атқарады.
      Одағайлар қолданылу мақсатына қарай үш топқа бөлінеді:
     1. Көңіл-күй одағайлары;
     2. Императивтік ишара одағайлары;
     3. Тұрмыс-салт одағайлары.
    Көңіл-күй одағайларына сөйлемдегі ойды, оқиғаны хабарлау барысында  сол
ой, оқиғаға қатысты сөйлеушінің көңіл-күйінен,  эмоциялық  жағдайынан  хабар
беретін сөздер жатады. Көңіл-күй одағайларынан сөйлеушінің сөйлемдегі  ойға,
іс-оқиғаға  қатысты  жағымды  немесе  жағымсыз  көзқарастары  белгілі  болып
тұрады.  Сондықтан  көңіл-күй  одағайлары  жағымды-көңіл  күйді   білдіретін
одағайлар және жағымсыз көңіл-күйді білдіретін  одағайлар  болып  жіктеледі.
Дегенмен одағайлардың  жағымды  немесе  жағымсыз  эмоцияны  білдіретіні  тек
контекстен ғана анықталады, өйткені бір сөз кейде жағымды  эмоцияны  білдіру
үшін жұмсалса, енді бірде сол сөз жағымсыз эмоцияны білдіру үшін  де  қызмет
ете береді.  Мысалы,   Паһ-паһ!  Нағыз  сурет  дерсің!  Был  мысалда  одағай
сөйлеушінің сүйсіне таңдану жағдағдайынан хабар берсе,  ендігі  мысалда  осы
сөз  сөйлешінің  налу,  ренжу  халінен  хабар  береді:  Паһ-паһ!  Не   деген
опасыздық!
    Көңіл күй одағайлары мағынасына қарай қуану,  шаттану  (Алақай!  Ура!),
сүйсіну, таңдану (Ой пәлі! Һа! Паһ-паһ!  Япырмай!  ОҺо!,  Үй!  т.б.),  өкіну
(Қап! Әттең! Әттеген-ай!), ренжу, налу (Түу!  Тәйір-ай!  ...  түге!,  т.б.),
наразы болу, кею (Апырмай ә!),   қорқу,  сескену  (Ойбай!  Аһ!),  жақтырмау,
менсінбеу (пішту!) сияқты топтарға бөлінеді.
    Императив ишара одағайларына   сөйлеуші  тарапынан   адам  немесе  жан-
жануарларға бағыттап айтылған шақыру, жекіру, тыйым салу,  бұыру  мақсатында
қолданылатын сөздер жатады. Өз ішінен жекіру одағайлары (Тәйт!  Тек/тәк-тәк!
Жә!), бұйыру-тыйым салу одағайлары (Әуп! Кәне! Әлди-әлди! Тәй-тәй!  Сап-сап!
Мә! Соп! Шүу! Айт! Айтақ! Дыр-р!), шақыру одағайлары (Әукім-әукім!  Моһ-моһ!
Шөре-шөре!) болып үшке бөлінеді.
    Императив   ишара   одағайларын   айтылу   объектісіне   қарай   адамға
қолданылатын ишара одағайлары және хайуандарға  қатысты  қолданылатын  ишара
одағайлары деп  жіктеуге болады.
    Тұрмыс-салт   одағайларына   халықтың    салт-дәстүр,    сенім-нанымына
байланысты,   адамдардың  белгілі  бір  қарым-қатынас  жағдайлары  барысында
айтылатын  сөздер  жатады.  Тұрмыс-салт   одағайларын  өз  ішінен  төмендегі
тақырыптық топтарға бөлуге болады:
    1. Сәлемдесу-қоштасу одағайлары: Ассалаумағалейкүм! Әликсалам! Қош!
    2. Қоштау одағайлары: Хош! Хайыр! Жарайды! Е-е!
    3. Ілтипат білдіру одағайы: Рақмет! Оқасы жоқ!
    4. Мойынсұну одағайы: Құп! Ләббай! Дат! Жарайды!
    5. Діни одағайлар: Аумин! Жәрәкімалла! Тәуба! Піссіміллә!
    6. Қоқан-лоқы одағайы: Бәлем!
    Адамдардың сөйлесу қарым-қатынас кезінде бір дыбысты А! Ә! М-м!  сияқты
сөздерді бірде сұрау мақсатында, бірде жауап  беру  мақсатында,  енді  бірде
назар аударту мақсатында, тіпті кейде кекету, әжуалау, мысқылдау,  менсінбеу
мақсаттарында да қолданып жүрміз. Сол сияқты бір буынды Әй!  Ей!  одағайлары
қарым-қатынас кезінде  назар  аударту  мақсатында  қолданумен  қатар,  кейде
жекіру-тыйым салу мақсатында да жұмсалады.


                              Практикалық бөлім
    І   Сұрақтар мен тапсырмалар.
    1. Қандай сөз табын үстеу дейміз?
    2. Үстеудің мағыналық түрлерін атап, мысалдар келтір.
    3. Үстеу қандай сөйлем мүшесі бола алады.
    4. Қандай сөз табын еліктеу сөз дейміз?
    5. Еліктеу сөздердің мағыналық түрлері атап, мысалдар келтір.
    6. Қандай сөз табын шылау дейміз?
    7. Шылаудың нешеге бөлінеді? Шылаудың түрлері бір-бірінен қалай
ажыратылады?
    8. Одағай дегеніміз қандай сөз табы? Одағайдың қандай түрлері бар?


    ІІ Жаттығу жұмысы
    10-жаттығу.  Сөйлемдегі сөздерге кешенді сатылай талдау үлгісі  бойынша
морфологиялық талдау жаса.
    Кешікпей тағы да мылтық даусы гүрс-гүрс шықты. Аттылар  бұрылып  келіп,
дөңгелене  отырған  жиынға  жапыр-жұпыр  сәлем  берісіп   амандасып   қалды.
Қараңғыдан қылаң етіп бір аттылы адам шыға  келді.  Сені  ойда  орыс,  қырда
қазақ түгел біледі. Бұл жиында Ызғұтты, Жақып сияқты үлкендер  және  баладан
Құдайберді, Абай бар. Жатақтың бала-шағалары мен  кәрі-құртаңдары  әдемі  ат
мінген жігітке әрі  таңданып,  әрі  жатсырап  қарайды.  Өзі  де,  баласы  да
үндемейді. Жаза да алады, сөйлей де алады. Ешкім үндемейді, өйткені  бұндағы
кісілердің бәрі де  қарт  әйелдің  даусын  білетін.  Өзге  кепенің  адамдары
тарағаннан кейін, бұл кепенің адамдары Тақметті ортаға ала асқа отырды.


























                               23-24 сабақтар
      Тақырып: Синтаксис туралы түсінік. Сөз тіркесі туралы түсінік.
Сабақтың мазмұны:
       1. Синтаксис, оның зерттеу объектілері туралы түсінік;
       2. Синтаксистік байланыс;
       3. Синтаксистік байланыстың тәсілдері;
       4. Синтаксистік байланыстың түрлері;
       5. Синтаксистік қатынас;
       6. Сөз тіркесі, оның түрлері.

Сабақ мақсаты:
             Синтаксис,  оның  зерттеу  объектілері  туралы  түсінік   беру,
синтаксистік   байланыс    және   синтаксистік   қатынас   туралы    түсінік
қалыптастыру.  Синтаксистік  байланыстың  тәсілдері   мен   түрлері   туралы
білімдерін жүйелеу. Сөз тіркесі, оның түрлері туралы түсінікті кеңейту.

                               Теориялық бөлім
            Синтаксис, оның зерттеу объектілері  туралы  түсінік.  Синтаксис
термині қазіргі тіл білімінде  екі  түрлі  мақсатта  жұмсалады:  біріншіден,
синтаксис –  коммуникативтік  мақсатта  жұмсалған  тілдің  тұлға-бірліктері,
екіншіден, синтаксис –  коммуникативтік  мақсатта  жұмсалған  тілдің  тұлға-
бірліктерін зерттейтін тіл білімінің бір саласы, грамматиканың бір бөлімі.
            Тілдің коммуникативтік мақсатта жұмсалатын  тұлға-бірліктері  өз
алдына  бір  жүйені  құрайды,  ол  жүйені  тілдің  синтаксистік  жүйесі  деп
атаймыз.
            Синтаксис грек тілінен аударғанда, байланыс,  құрастыру  дегенді
білдіреді. Синтаксистің негізгі бірлігі – сөйлем.  Сөйлемге  сөйлем  –  ойды
білдіре алатын тілдің бірлігі деп анықтама  береміз.  Ендеше  тіл  білімінің
синтаксис саласы  сөйлемдегі  сөздердің,  жеке-жеке  сөйлемдердің  байланысу
заңдылықтары мен сөйлемнің құралу  жүйесін  қарастырады.  Сөйлемдегі  сөздер
тілдік заңдар (синтаксистік заңдар) бойынша   бір-бірімен  байланыса  келіп,
сөйлемді құрайды.
            Сөйлем ойды білдірсе, ой құрамына қарай жалаң  ой  және  күрделі
ой болып болып ажыратылады.  Соған  орай  сөйлемдер  де  жалаң  ойды  немесе
күрделі ойды білдіруіне қарай  жай  сөйлем  және  құрмалас  сөйлемдер  болып
бөлінеді.  Құрмалас  сөйлем   жалаң   ойды   білдіретін   жай   сөйлемдердің
синтакситік  амал-тәсілдер  арқылы  байланысуынан  қалыптасады.  Бұл   амал-
тәсілдердің өз жүйесі бар.
            Сөйлеуші белгілі бір жағдайды,  оқиғаны  баяндаған  кезде  ойдың
желісі жүйелі болу үшін сол жағдайға, оқиғаға қатысты бір ұғымды қазық  етіп
алып, жағдай, оқиғаның элементтерін (компоненттерін),  бөліктерін  жеке-жеке
ой  ретінде  таратады.  Ол  бөліктердің  саны  жағдай,   оқиғаның   көлеміне
байланысты әр түрлі бола береді.   Сөйтіп  бір  ұғымды  тірек,  қазық  еткен
көлемді ой желісі құралады. Бір ой желісі өз ішінен бірнеше  желіге  бөлініп
кетуі мүмкін немесе  бірнеше  ой  желісі  бір-бірімен  байланыса  келе  одан
көлемді желіге айналуы мүмкін. Соған орай  мәтінді  құрайтын,  ой  желісінің
бөліктерін атайтын  сөйлемдер де бір-бірімен байланысып жатады.  Бір  немесе
бірнеше ой желісінен тұратын ой бірлігін таныту үшін жазуда мәтін, жаңа  жол
(абзац) деген терминдер пайдаланылып жүр.
            Сөйтіп  синтаксис  ғылымы  синтаксистік  жүйенің  қай  мәселесін
қарастыратынына қарай үшке бөлінеді:
       1. Сөз тіркесі синтаксисі;
       2.  Сөйлем  синтаксисі.  Сөйлем  синтаксисі  өз  ішінен  жай  сөйлем
          синтаксисі және құрмалас сөйлем синтаксисі болып бөлінеді;
       3. Мәтін синтаксисі.
    Сөз тіркесі  синтаксисінің  негізгі  бірлігі  –  сөз  тіркесі.  Зерттеу
объектісі – сөз тіркесі құрамындағы сөздердің байланысу заңдылықтары,  амал-
тәсілдері, түрлері, байланысқан сөздердің мағыналық  қарым-қатынастары;  сөз
тіркесінің ерекшеліктері, түрлері.
    Жай сөйлем синтаксисінің негізгі бірлігі  –  жай  сөйлем.  Қарастыратын
мәселелері  –  жай  сөйлемнің  жасалу  жолдары,  жай  сөйлемді   құрастырушы
бөліктердің  (сөйлем  мүшелерінің)  қызметтері  мен  жасалу   жолдары,   жай
сөйлемнің мағыналық-өқұрылымдық түрлері.
    Құрмалас  сөйлем  синтаксисінің  негізгі  бірлігі  –  құрмалас  сөйлем.
Қарастыратын мәселелері – құрмалас сөйлемді құрайтын жай  сөйлемдердің  бір-
бірімен  байланысу  амал-тәсілдері,  мағыналық  қарым-қатынастары;  құрмалас
сөйлемнің мағыналық-құрылымдық түрлері.
    Мәтін синтаксисінің  негізгі бірлігі –  күрделі  синтаксистік  тұтастық
(синтаксистік шалым). Зерттеу  объектісі  –  күрделі  синтаксистік  тұтастық
құрамындағы сөйлемдердің бір-бірімен мағыналық, тұлғалық байланыстары.
   Синтаксистік байланыс туралы түсінік. «Сөйлем – ойды  білдіреді,  сөзден
құралады» деген тұжырыммен өткен сабақтан таныспыз.   Сөйлемнің  құрамындағы
сөздер бір-бірімен өзара синтаксистік заңдар  бойынша  байланыспаса,  сөйлем
де қалыптаспайды, ой да берілмейді. Ендеше  сөйлем  құрамына  енетін  сөздер
бір-бірімен синтаксистік байланыста болады.
   Синтаксистік байланыс  дегеніміз  –  синтаксистік  компоненттердің  бір-
бірімен мағыналық және тұлғалық жақтарынан сәйкесіп, үйлесімге келуі.
   Синтаксистік байланысқа түсетін сыңарларды синтаксистік компоненттер деп
атаймыз. Байланыс әр түрлі деңгейдегі тілдік  бірліктер  арасында  орын  ала
береді. Егер  сөйлем  құрамындағы  сөздер  (сөздердің  түрленген  тұлғалары)
байланысып, компонент болса, құрмалас  сөйлемдерде  компонент  болатындар  –
оның құрамына енген жай сөйлемдер.
   Синтаксистік байланыс байланыстың сөздердің арасында орнау  сипаты  және
компоненттерінің мағыналық, тұлғалық қарым-қатынасына   қарай  салалас  және
сабақтас байланыстар болып екіге бөлінеді.
   Мағыналық жақтан өзара тең дәрежелі,  тұлғалық  жақтан  бірі  екіншісіне
тәуелді  болмайтын  компоненттер  арасындағы   байланыстың   түрін   салалас
байланыс дейміз.
   Мағыналық жақтан бірі екіншісін сипаттай (анықтай,  пысықтай,  толықтай,
баяндай, айқындай, т.б.) келген, тұлғалық  жақтан  бірі  екіншісіне  тәуелді
компоненттер арасындағы байланысты сабақтас байланыс дейміз.
   Сабақтас байланыс басыңқы және бағыныңқы компоненттерден тұрады.
   Басыңқы компонент – қалыптасатын синтаксистік бірлікке  (құрылымға:  сөз
тіркесі, сөйлем,  сабақтас  құрмалас  сөйлем,  т.б.)  ұйтқы,  тірек  болатын
компонент.
   Бағыныңқы –  басыңқы  компонентті  мағыналық  жақтан  сипаттай  келетін,
тұлғалық жақтан басыңқыға тәуелді болатын компонент.
   Синтаксистік байланыстың тәсілдері.  Сөйлем құрамындағы  сөздердің  бір-
бірімен синтаксистік байланыс орнатуына  себеп,  дәнекер  болатын  амалдарды
байланыстың тәсілдері деп жүрміз. Қазақ тілінде байланыстың төрт тәсілі  бар
екендігі белгілі Олар: 1.  Қосымша  немесе  жалғаулар  арқылы  байланыс;  2.
Шылаулар арқылы байланыс; 3. Орын  тәртібі  арқылы  байланыс;  4.  Интонация
арқылы байланыс.
   Сөйлемдегі сөздердің байланыс тәсілдерін синтетикалық тәсіл  (қосымшалар
арқылы  орнаған  байланыстар)  және  аналитикалық   тәсіл   (орын   тәртібі,
интонация, шылаулар арқылы болған байланыстар)  деп  бөлу  де  бар.  Сонымен
қатар  үйге  дейін  жүгірді  үлгісіндегі  тіркестерді  септік   жалғау   мен
септеулік   шылау   болғандықтан,   синтетика-аналитикалық   тәсіл   ретінде
көрсетушілер де кездеседі.
   Синтаксистік  байланыстың  түрлері.  Сөйлемдегі  сөздердің  синтаксистік
байланыс   орнату   тәсілдері   негізінде   байланыс   түрлері   (формалары)
анықталады. Қазақ тілінде байланыстың бес түрі  бар  екені  көрсетіліп  жүр:
қиысу, матасу, меңгеру,  қабысу,  жанасу.  Бұлардың  үшеуі:  қиысу,  матасу,
меңгеру –  қосымша,  оның  ішінде  жалғаулар  арқылы  қалыптасатын  байланыс
түрлері, қабысу мен жанасу  –  орын  тәртібі  тәсілі  арқылы  жүзеге  асатын
байланыс.  Сонда  шылау  арқылы,  оның   ішінде   септеулік   шылау   арқылы
байланыстарды,  сондай-ақ  (егер  бөлек  байланыс  тәсілі  ретінде   танитын
болсақ) интонация арқылы байланыстарды байланыстың қай түріне жатқызу  керек
деген сұрақтар туындайды.
    (Бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі  арқылы
байланысатын,  (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент  біріншімен  жіктік
жалғауы арқылы байланысатын екі жақты байланыс түрін –  қиысу  деп  атаймыз.

      Сөйлемдегі сөздердің бірінің  ілік  септігінде,  екіншісінің  тәуелдік
жалғауында келіп анықтауыштық қатынастағы байланысы – матасу деп аталады.
      Меңгеру дегеніміз – байланыстың  бір  жақты   септік  жалғаулары  және
септеулік шылаулар арқылы жүзеге асқан түрі.
      Сөйлемдегі сөздердің іргелес орын тәртібі арқылы  байланысы  –  қабысу
деп танылып жүр.
      Жанасу байланысы байланыстың жеке бір түрі ме, әлде  М.  Балақаев  өзі
көрсеткендей «жанасу – алшақ қабысу», яғни, қабысудың ерекше бір түрі ме?
   Қабысудан  айырмашылығы  ретінде  жанасуда  байланысқа  түсетін   сөздер
сөйлемде бірде іргелес, бірде алшақ орналаса алатыны ғана көрсетіледі.
   Синтаксистік қатынас туралы  түсінік.  Сөздердің  арасында  синтаксистік
байланыс орын алған жерде синтаксистік қатынас та орын  алады.  Синтаксистік
қатынас дегеніміз  –  синтаксистік  байланыстың  мазмұны.  Байланыс  орнаған
жерде компоненттер арасында  мағыналық  қарым-қатынас  та  орнайды.  Мысалы,
тоғайға бару тіркесінде байланыс зат  есім  мен  етістіктің  арасында  барыс
септігі  арқылы  орнаған.  Байланыс  меңгерудің  қатарына  жатады.   Бұл   –
байланыстың тұлғалық жағына қатысты ерекшеліктер. Енді осы  байланыс  арқылы
пайда  болған  сөздердің  қарым-қатынасына  келсек,  бағыныңқы   басыңқыдағы
қимылдың  нақты  бағытын  білдірген.  Бұл  –  байланыстың  мағыналық   жағы.
Синтаксистік қатынас деп отырғанымыз да  осы – байланыстың  мағыналық  жағы.

    Сөйлемдегі  сабақтаса  байланысқан   сөздер   арасындағы   синтаксистік
қатынастар предикаттық қатынас және предикаттық емес қатынастар болып  екіге
бөлінеді.  Предикаттық  емес  қатынастарға    анықтауыштық,   толықтауыштық,
пысықтауыштық және айқындауыштық қатынастар жатады.
    Сөз тіркесі (синтаксистік сөз тіркесі) туралы  түсінік.  Қазақ  тілінде
сөз  тіркесіне  беріліп  жүрген  анықтамалар,  негізінен,  оның  негізгі  үш
белгісін қамтиды: «Синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін  кемінде  толық
мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан  синтаксистік  тобын  сөз  тіркесі
дейміз». (Балақаев. М. Қазіргі қазақ тілі, 1992, 35-б.).
    Анықтамадан көрінетіні, тілдік бірлік, синтаксистік құрылым сөз тіркесі
деп танылуы үшін:
     1) кемінде толық мағыналы екі сөз керек;
     2) олар бір-бірімен бірі басыңқы, екіншісі бағыныңқы сипатта  сабақтаса
        байланысуы тиіс;
     3) сөздердің арасында белгілі бір синтаксистік  қатынас  (анықтауыштық,
        толықтауыштық немесе пысықтауыштық қатынастың бірі) орнауы міндетті.
    Сөз тіркесіне тән осы белгілер оны сөз  тіркесіне  ұқсас  басқа  тілдік
белгілерден ажыратуға негіз болады.
    Сөз тіркесі басыңқы сөздің қай сөз табынан екендігіне қарай есімді  сөз
тіркестері және етістікті  сөз  тіркестері  болып  екіге  бөлінеді.  Басыңқы
сыңары есім сөздерден болған  сөз  тіркестері  есімді  тіркестер,  басыңқысы
етістіктен болған сөз тіркестері етістікті тіркестер деп аталады.
    Сөз тіркестерін бұдан әрі құрамындағы сөздердің байланысу түріне  қарай
матаса байланысқан есімді сөз тіркестері, меңгеріле байланысқан  есімді  сөз
тіркестері,  қабыса  байланысқан  есімді  сөз  тіркестері   және   меңгеріле
байланысқан етістікті  сөз  тіркестері,  қабыса  байланысқан  етістікті  сөз
тіркесеті; сондай-ақ қатынастың  мазмұнына  қарай  анықтауыштық  қатынастағы
сөз тіркестері,  толықтауыштық  қатынастағы  сөз  тіркестері,  пысықтауыштық
қатынастағы сөз тіркестері деген топтарға жіктеуге болады.














                              Практикалық бөлім
    І   Сұрақтар мен тапсырмалар.
    1. Синтаксис қандай мәселелерді қарастырады?
    2. Сөз тіркесі синтаксисінің  негізгі  бірлігі  не?  Қандай  мәселелрді
    қарастырады?
    3.  Сөйлем  синтаксисінің  негізгі  бірлігі  не?   Қандай   мәселелерді
    қарастырады?
    4.  Мәтін  синтаксисінің  негізгі  бірлігі   не?   Қандай   мәселелерді
    қарастырады?
    5.  Синтаксистік  байланыс  дегеніміз  не?  Қандай  байланысты  салалас
    байланыс дейміз? Қандай байланысты сабақтас байланыс дейміз?
    6. Қандай байланысты қосымша арқылы байланыс дейміз? Байланыстың қандай
    түрін шылау  арқылы  байланыс  дейміз?  Байланыстың  қандай  түрі  орын
    тәртібі арқылы  байланыс  болады?  Интонацияның  синтаксистік  байланыс
    орнатуға қатысы қандай?
    7. Қиысу дегеніміз қандай байланыс түрі? Матасу  дегеніміз  байланыстың
    қандай  түрі?  Меңгеру  дегеніміз  байланыстың  қандай   түрі?   Қабысу
    байланысы байланыстың қай түрі? Жанасу байланысы туралы не айтасың?
    8. Синтаксистік қатынас дегеніміз не;
    9. Сөз тіркесіне тән негізгі  белгілерді ата.
    10 Сөз тіркесі қандай белгілері арқылы жіктеледі.


    ІІ Жаттығу жұмысы
    10-жаттығу.  Сөйлемдегі сөздерге кешенді сатылай талдау үлгісі  бойынша
морфологиялық талдау жаса.
    Кешікпей тағы да мылтық даусы гүрс-гүрс шықты. Аттылар  бұрылып  келіп,
дөңгелене  отырған  жиынға  жапыр-жұпыр  сәлем  берісіп   амандасып   қалды.
Қараңғыдан қылаң етіп бір аттылы адам шыға  келді.  Сені  ойда  орыс,  қырда
қазақ түгел біледі. Бұл жиында Ызғұтты, Жақып сияқты үлкендер  және  баладан
Құдайберді, Абай бар. Жатақтың бала-шағалары мен  кәрі-құртаңдары  әдемі  ат
мінген жігітке әрі  таңданып,  әрі  жатсырап  қарайды.  Өзі  де,  баласы  да
үндемейді. Жаза да алады, сөйлей де алады. Ешкім үндемейді, өйткені  бұндағы
кісілердің бәрі де  қарт  әйелдің  даусын  білетін.  Өзге  кепенің  адамдары
тарағаннан кейін, бұл кепенің адамдары Тақметті ортаға ала асқа отырды.




















                               25-26 сабақтар
      Тақырып:  Сөйлем  мүшелері.  Сөйлемнің  тұрлаулы  мүшелері.  Сөйлемнің
      тұрлаусыз мүшелері.
Сабақтың мазмұны:
  1. Сөйлем мүшесі туралы түсінік;
  2. Сөйлем мүшелерінің тұрлаулы және тұрлаусыз мүше болып бөлінуі;
  3. Бастауыш, оның жасалу жолы;
  4. Баяндауыш, оның жасалу жолдары;
  5. Толықтауыш, оның жасалу жолдары;
  6. Пысықтауыш, оның жасалу жолдары;
  7. Анықтауыш, оның жасалу жолдары;
  8. Сөйлем мүшелерінің құрылысына қарай түрлері: дара мүше, күрделі мүше,
     үйірлі мүше;
  9. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері, бірыңғай мүшелерге қатысты жалпылауыш
     сөз;
 10. Сөйлемнің айқындауыш мүшелері.

    Сабақ мақсаты: Сөйлем мүшесі туралы түсінік беру, сөйлем мүшелерінің не
себепті тұрлаулы және тұрлаусыз мүше  болып  бөлінетінін  түсіндіру.  Сөйлем
мүшелерінің анықтамалары мен жасалу жолдарынан түсінікті  тиянақтау.  Сөйлем
мүшелерінің құрылысына қарай дара мүше, күрделі мүше, үйірлі мүше  болатынын
үйрету. Бірыңғай мүше, айқындауыш мүшелер туралы түсініктерді кеңейту. ;

                               Теориялық бөлім


                              Практикалық бөлім
Пәндер